18233
12 марта 2021
Материалды Әсел Мұсабекова дайындады

Атопиялық дерматит, жұмыртқа ақуызына аллергия және ҚПҚ-ға қарсы екпе. Қайтпек керек?

Халықаралық тәжірибе және қазақстандық отбасының оқиғасы

Атопиялық дерматит, жұмыртқа ақуызына аллергия және ҚПҚ-ға қарсы екпе. Қайтпек керек?

Алдыңғы материалда Қазақстанда қолданылатын қызылша, паротит және қызамыққа (ҚПҚ) қарсы үндістандық екпе туралы айттық. Оның құрамын талқылап, ата-аналарды мазалайтын басқа да сұрақтарға жауап бердік. Ал бұл бөлімде баланың ҚПҚ екпесінің құрамындағы жұмыртқаның ақуызына аллергиясы болса не істеу керек деген сұрақты қарастырамыз. Бізге қазақстандық жас отбасы ауыр аллергиялық реакциясы бар баласына қалай екпе салдырғанын айтып берді.

Тауық жұмыртқасының ақуызына аллергиясы бар балаларға ҚПҚ-ға қарсы екпе салуға бола ма?

Аллергиясы бар балалардың ата-анасы, әдетте, егу мәселесіне аса сақтықпен қарайды. Бірақ аллергияның өзі егілуге қарсы көрсетілім емес. Екпе құрамында тауық фибробластарының ақуызы болғанымен, қазіргі деректерге сүйенсек, кәдімгі тауық жұмыртқасына аллергияның болуы екпеден бас тартуға себеп бола алмайды. Өйткені екпеде қалған ақуыздардың азық-түліктен ерекшелігі бар және олардың мөлшері аз екені соншалық, иммундық жүйеміз оны байқамайды да. Көптеген клиникалық зерттеу де жұмыртқаға аллергиясы бар балалардың ҚПҚ-ға қарсы екпені жақсы қабылдайтынын көрсетті. Тек анафилаксия сияқты ауыр аллергия кезінде екпені ауруханада бақылауда жатып алу керек болады. Десе де ауыр аллергиясы бар балалардың өзінде анафилактикалық реакцияның болу ықтималдығы өте аз. Орта есеппен егілген миллион баланың 1,3-інде аллергия болуы мүмкін және аллергиялық ауруларға қарамастан, бұл көрсеткіш өсіп жатқан жоқ. Ал ҚПҚ жағдайында анафилактикалық реакция миллион баланың бесеуінде болады. Сонымен қатар, көптеген зерттеу (Cochrane деректері бойынша – V анықтамасы) екпенің атопиялық дерматиттің, тыныс демікпесінің және аллергияның дамуына әсер етпейтінін дәлелдеді. Тіпті кейбір екпелерді, мысалы, пневмакокк немесе көкжөтелге қарсы екпені тыныс демікпесі асқынуының алдын алу үшін жасайды. Қазіргі деректер бойынша, екпеге дейін және одан кейін антигистамин препараттар тағайындалмайды және реакцияның болуына мүлдем әсер етпейді. Екпе бойынша бізді тек жедел түрдегі аллергиялық реакциялар алаңдатады. Екпеден 1-2 апта өткен соң шығатын бөртпе – екпеге аллергия емес.

Екпе қабыну процесінің спецификалық емес асқынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан аллергия асқынғанда болсын, жұқпалы ауру жедел өткенде болсын аллергиялық белгілер байқалса, екпені кейінге қалдыра тұру керек (мысалы – аллергиялық риниттің маусымдық өршуі кезінде).

Динара Құсайын: «Клиникалар мойнына жауапкершілік алғысы келмейді»

Динара Құсайынның үш баласы бар. Үлкен қызы Зере жетіде, ұлы Байден төрт жарымда, ал кенже қызы Латифе бірге толды. Кіші қызы ҚПҚ мен басқа да тиісті екпелерді уақытымен салдырды, ешқандай аллергиялық реакция болған жоқ. Үлкен қызында аздап атопиялық дерматит болған. Бірақ бір жастан асқанда ауруы басылып, ол да барлық екпені кесте бойынша алды. Ал ұлының жағдайы мүлдем басқаша болды.

«Ұлымда атопиялық дерматиттің алғашқы белгілері бір айдан кейін біліне бастады. Үш айлығында бірінші рет ауруханаға жаттық, екіжақты пневмония деп диагноз қойды. Ұлым бір жасына дейін бірнеше рет ауырды. Атопиялық дерматит ай сайын күшейе берді. Басынан аяғына дейін жазылмайтын қабыршақтар қаптап, киімі жарасына жабысып қала беретін. Үнемі ауыстырып отырдым. Ілеспе ауру ретінде ұлыма «жедел түрдегі аллергия» және «тыныс демікпесі» деген диагноз қойды. Аллергологтың шешімімен бізге жарты жылға медициналық қарсы көрсетілім берді. Бірақ ұлымның жағдайы жақсармағасын, оны алты ай сайын созып, 3 жасына дейін қарсы көрсетіліммен келдік. Қажетті анализдердің бәрін тұрақты тапсырып жүрдік. Оның ішінде Е иммуноглобулин де болатын. Соның мөлшері тоқтамай өсе берді, қазір де азайған жоқ: шамамен төрт мыңға жуық.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасы бойынша, ұзақ уақытқа медициналық қарсы көрсетілімді бейінді дәрігерлер ғана (мысалы, аллерголог немесе невропатолог) ұсына алады. Ал тіркелу орны бойынша тағайындалған педиатр белгілі бір маманның ұсынысы бойынша осы балада медициналық қарсы көрсетілім бар деген карточкада ғана қорытынды жасайды. Ал педиатрдың өзі баланың жалпы жағдайына көңілі толмаса (суық тиді немесе т.б себептер), егуді ең көп дегенде 4 аптаға кейінге шегере алады.

Ұлымның глютенге, беталактоглобуллинмен бірге казеинге, жұмыртқаға (ақуызына да, сарысына да), цитрус жемістер мен жаңғақтың барлық түріне, жидек пен жемістің көп түріне, көкөністерден – қызанақ пен баклажанға, болгар бұрышына және сояға аллергиясы бар екені анықталды. Біздің ұлттық тағамдарымыздың барлығының дерлік құрамында ашытылған сүт пен ұн өнімдері бар, ал қазіргі дайын өнімдердің көбіне соя қосады. Мұның бәрін ескере отырып, баланы дұрыс тамақтандыру өте қиын. Бәрін өзім дайындадым, қонаққа барсақ өз тамағымызбен баратын болдық. Оған қоса, ұлымның зең мен тозаңға, үй жануарларының жүні мен қайызғағына аллергиясы бар. Балам туғаннан бері, аллергендердің осындай түрінен кейін, қатаң диетада өмір сүреді. Оны емізіп жүргенде, өзім де бір жыл бойы осындай диетада болдым.

Қазір ұлым төрт жарым жаста, балабақшаға барады. Оған бөлек ыдыста бөлек тамақ дайындайды, бөлек салып береді. Балабақшаға енді барып жүргенінде ұлымның тек еттен тұратын котлеті мен басқа балаларға арналған нан қосылған котлетті бір еттартқышта тартып қойғаны бар. Ал оның глютенге аллергиясы қатты. Еттартқышты дұрыс тазаламаған болуы керек, Байденнің котлетіне нан қиқымы түсіп кетті. Бұл Квинке ісінуіне соқтырған жедел аллергиялық реакция тудырды. Алғашқы көмек көрсету үшін жедел жәрдем шақырдық, асқазанын шайып, уколдар салдық. Осы жайттан кейін балабақша бөлек еттартқыш алды. Тамақты да бөлек дайындау үшін басқа ас үй құралдарын алды. Балабақшаға дейін дамыту орталығына барғанбыз, ол жақта да осындай бір жағдай болған: балама су алып келейін деп бөлмеден шығып кеткем, қайтып келсем бір «мейірімді ана» оған печенье беріп жатыр екен. Ұшып барып, баламның қолындағы печеньені жұлып алдым. Ол жылап жатыр, ал мен не істерімді білмеймін. Басқалар сол печеньенің баламды өлтіруі мүмкін екенін түсінбейді. Бізде «мейірбандар» көп қой, баланы тәтті беріп қуантқысы келіп тұрады. Өздері ата-анадан сұрамайды, ал ұрыссаң – ренжиді.

Сол кезде ұлым Республикалық диагностикалық орталықта қаралып жүрген. Біздегідей аллергияның жедел түрі Қазақстанда сирек кездесетіндіктен, аллергологымыз барлық екпені кемінде үш жасқа дейін шегере тұруды ұсынды. Бірақ күйеуім екеуміз, медициналық қарсы көрсетілімді қалай да айналып өтіп, екпе салудың жолын іздей бастадық. Өз басым егуді толығымен жақтаймын және оны өлімге дейін апаратын жұқпалы аурулардан қорғайтын, қазіргі таңдағы ең жақсы әдіс деп санаймын. Ал баламның денсаулығы қандай қиын жағдайда тұрғанын көріп, екпе салдыруға екі есе ынталы болдым. Қарапайым демікпенің өзі қауіпті фактор болып тұрғанда, Құдай сақтасын, балам қызылша сияқты қауіпті жұқпалы аурулардың бірімен ауырып қалса, не болады? Сондықтан оған екпе салудың жолын табуға тырыстым. ҚПҚ сияқты тірі екпелерді де салғым келді.

Ұлым үшке толғанда, басқа пікірлерді де есту үшін шетелге барамыз деп шештік. Іздене келе Германияның Мюнхен қаласында орналасқан балалар клиникасын таңдадық. Дәрігерді де жұмыс өтіліне, ғылыми дәрежесіне және ғылыми жұмыстарының тізіміне қарай іздедік. Тапқан дәрігеріміз аллергология-иммунология мамандығы бойынша балалар дәрігері ғана емес, демікпесі бар балалармен де жұмыс істейді екен. Нағыз бізге керек адам болып шықты. Толық тексеруден өту үшін дәл сол клиникаға, дәл сол дәрігерге бардық.

Қажет анализдің бәрін өтіп болған соң, дәрігер соңғы тексеріс кезінде АКДС салдыра алатынымызды айтты. Ол біздің жағдайымыздағы және одан да қиын халдегі көп науқастың екпе салдырғанын және бәрі жақсы болғанын айтты. Еуропа мен АҚШ-та аллергия мәселесі бізге қарағанда күрделірек, сондықтан бұл саладағы дәрігерлер біз сияқты науқастармен жиі кездеседі. Олардың тәжірибесін арттыратын себептердің бірі де осы. Дәрігеріміз Қазақстанда ғана жасалатын барлық екпенің тізімін жіберуді сұрады. Ол екпелердің тізімі мен өндірушілерін қарап шығып, екпенің шын мәнінде жақсы екеніне көзі жеткен соң, қорықпай АКДС салуға болады деген қорытындыға келді. Оған қоса полиомиелит пен пневмококқа қарсы полиекпе салдыруға рұқсат етті.

ҚПҚ-ға қарсы екпенің жайы белгісіз болып қала берді. Өйткені оның құрамындағы жұмыртқа ақуызына ұлымның аллергиясы бар. Германиядағы клиника бельгиялық Priorix екпесін қолданатын. Бізге де соны ұсынды. Ал біздің мемлекеттік ауруханада ҚПҚ-ға қарсы үндістандық екпені ғана екті. Бізге керек Priorix-ті жекеменшік клиникалардан сұрастыра бастадым. Кезекті клиникаға қоңырау шалғанымда, екпенің Қазақстанға әкелінбейтінін, сондықтан оны ары қарай іздемей-ақ қоюға болатынын айтты. Енді германиялық клиниканың өкілдерімен сөйлесіп, қажет екпені жеткізіп беруге келісіп көрдім. Бірақ олар да жеткізу кезінде суық тізбек сияқты талаптардың сақталатынына кепілдік бере алмайтынын айтып, бас тартты.

Неміс дәрігерлері үндістандық екпе туралы жаман ешнәрсе айтқан жоқ. Олар мұнымен бұған дейін жұмыс барысында кездесіп көрмеген соң, Priorix сияқты ұсына алмады. Ал бізде екпенің болмағанынан бөлек, тағы бір қиындық туған: қаупінен қорқып, бізге ҚПҚ-ға қарсы екпені мүлдем салғысы келмеді. Ауруханада бізге: «Аллергологтың шешімін алып келіңіз», – дейді, аллерголог болса: «Жоқ, мен сенімді емеспін», – дейді. Бірақ аллергологымыз өте жақсы әрі мықты дәрігер, елдегі үздіктердің бірі. Бұл жерде мынадай мәселе бар: Қазақстанда екпені аллерголог сияқты белгілі бір маманның бақылауымен салғызу мүмкіндігі жоқ. Шынында да, аллерголог ауруханада тиісті деңгейде тәжірибелі, білікті ұжым болатынына және науқасқа бірдеңе болып қалса, кәсіби көмек көрсетілетініне кепілдік бере алмайды.

Тағы да Мюнхенге бару керек деп шештік. Бұл жолы баламызға екпе салғызу үшін жолға шықтық. Германиядағы клиника ҚПҚ-ға қарсы екпе салу кезіндегі жауапкершілікті өзіне алуға дайын болды. Бұл бізге сенім берді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл жауапкершілікті ешкім мойнына алғысы келмеген.

Германиялық клиникадағы егу процесі былай өтті: бірінші күні ұлымның Е иммуноглобулин және жұмыртқа ақуызы мен сарысының аллергиялық тесті сияқты қажетті барлық анализін алды, қызуын тексерді, жалпы жағдайын қарап шықты. Екінші күні екпенің алдында денесіне қысымды, сатурацияны, жүрек соғысын өлшейтін түрлі датчиктер жалғап, укол салды. Екпеден кейін дәрігерлер біраз уақыт құрылғылар арқылы баламның жағдайын бақылап, бәрі жақсы екеніне көз жеткізген соң, қонақүйге қайтарды. Бірақ толықтай сенімді болу үшін 24 сағат қалада болуымызды сұрады. Бәрі жақсы өткен соң, ертеңіне үйімізге қайттық.

Дайындықты қоса есептегенде барлық процедура 2000 еуроға шықты. Бұл – өте қымбат және біздің отбасылық бюджетіміз үшін – қомақты сома. Мұндай қымбат екпе салдыруға Қазақстандағы көп отбасының жағдайы жетпейтінін түсінемін. Десе де, дәл сол процедураны Қазақстанда да жасауға болар еді. Ол ақылы болғанның өзінде, Германияға барғаннан әлдеқайда арзанға шығады. Негізі, сұраныс болады деп ойлаймын. Бірақ біздің клиникаларымыз мойнына жауапкершілік алғысы келмейді, қорқады.

Халықаралық хаттама бойынша да, қазақстандық хаттама бойынша да, ҚПҚ-ға қарсы екпені екі рет салу керек. Соған былтыр баруымыз керек еді, пандемия болды. Жағдай жақсара бастаса, Германияға қайтып барып, ұлыма екінші екпе салдырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Жақында кенже қызымызға ҚПҚ-ға қарсы екпені өзіміз тіркеуде тұрған мемлекеттік ауруханада, еш қиындықсыз салдырдық. Аурухананың егу кезіндегі барлық талаптарды сақтағанын да айту керек: екпені ашпас бұрын қаптамасын көрсетті, өтінішім бойынша анафилактикалық шок кезінде қажетті барлық дәрілерді көрсетті, егіп болған соң аллергиялық реакция бола қалса деп, кабинеттің жанындағы балалар бұрышында 30 минут отыра тұруымды сұрады. ҚПҚ-ға қарсы екпенің реакциясы үшінші-төртінші аптада білінетінін, аздап бөртпе шығуы мүмкін екенін де ескертті. Ол кезде ештеңе істеудің қажеті жоқ, бұл – өздігінен кетіп қалатын жанама әсер деді. Мұның аллергия емес, ағзаның тірі екпеге реакциясы екенін, демек бұл екпенің әсер етіп жатқанының белгісі екенін айтты. Егу кезінде ата-аналарға бұл туралы айта бермейтін сияқты. Олар баласының қызуы көтерілгенін көреді де, екпе жағымсыз әсер етті, балам ауырып қалды деп ойлайды. Бірақ ол ауырған жоқ. Оның ағзасы ауруға жауап беріп жатыр, иммунитеті жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, ата-аналардың жағымсыз бірдеңе болып қалса, бар жүкті өзі көтеруге тырысатынын байқадым. Күтпеген реакциялар пайда болса не істеу керек, жалпы күтпеген реакция шын мәнінде қандай болады, оның себептерін тез арада қалай анықтауға болады, қандай шаралар қолдану керек, науқасқа қалай көмектесу керек деген мәселенің бәрі қамтылған, дұрыс алгоритм жоқ”.

ҚПҚ-ға қарсы екпенің жиі кездесетін жанама әсерлері бар. Бұл туралы екпе салғанда бәріне бірдей айтпайды да, көп ата-ананың үрейін туғызады. Екпеден кейінгі алғашқы 2-3 күнде егілген жер аздап ауырады, 7-12 күннен кейін дене қызуы ақырындап көтеріледі, 7-10-шы күні бөртпе шығып, 2 күннен кейін қайтады. Бұл ағзаның әлсіреген екпе вирустарына көрсететін қалыпты реакциясы.

Жанама әсер 10 және 100 жағдайға бір жиілікпен болуы мүмкін және мұның қандай да бір қауіпті салдары жоқ. Егер ата-ана ретінде ҚПҚ-ға қарсы екпе балаңыздың бойындағы ауыр асқынуға себеп болды деп күдіктенсеңіз, екпе салған медициналық мекемеге шағымданбас бұрын, жанама әсерлердің тізімімен танысып шығыңыз.

Материалды дайындау барысында төмендегі дереккөздер қолданылды:

1. Қазақстанда қолданылатын ҚПҚ екпесінің аннотациясы

2. 2020 жылы жарияланған, 23 миллионнан астам адам қатысқан 138 зерттеудің деректерін қамтитын Кохран кітапханасына жүйелі шолу

3. ДДСҰ-ның 2017 жылғы есебі

4. Қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы антиденелердің анализі және Ковид-19 ауруын өткеру деңгейі

5. Аллергияға қарсы екпе туралы зерттеу


Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.