65105
16 апреля 2021
Ирина Плугина және Инесса Цой-Шлапак, фото Данияр Мүсіровтікі, иллюстрация Мария Аманжолованікі

Жүктілік кезінде екпе салдыру: бала үшін сынақ па, әлде қажеттілік пе?

Қазақстанда және шетелде тұрып жатқан әйелдердің оқиғасы

Жүктілік кезінде екпе салдыру: бала үшін сынақ па, әлде қажеттілік пе?

«Екпе» жобасының авторлары – кішкентай сәбилер мен жасөспірімдердің аналары. Жобаның ерекшелігі де осында. Материалдарымызда өзіміз кезіккен немесе біле жүру маңызды деп тапқан тақырыптарды қозғаймыз. Алдыңғы бөлімдерде Қазақстандағы қызылша індеті мен қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе туралы айттық. Ендігі ең даулы тақырыптың бірі – жүкті әйелдерге екпе салу. Неге даулы? Өйткені бұл көп адам үшін әлі күнге дейін жұмбақ тақырып және әдетте адамға тәжірибе жасап жатқандай көрінеді. Бұл материалда осы тұжырым шындыққа жанаса ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздедік және жүктілік кезінде тағы неден сақтану керек екенін анықтап көрдік.

Ирина Плугина, терапевт-ревматолог: «Көп мемлекетте жүкті әйелдерге көкжөтелге қарсы екпе ұлттық күнтізбеге кіреді»

Екі жүктілігімді де алдын ала жоспарладым. Бірақ алты жылдай бұрын бірінші рет жүкті болғанда, шынымды айтсам, жүктілікке дейін де, жүктілік кезінде де екпе салдыру керек екенін ойланбаппын. Өзім дәрігер болсам да, кейбір екпені жүктілікті жоспарлау кезінде салдырып, кейін жүктілік кезінде тағы салатынын білмедім. Тек қызылша мен B гепатитіне қарсы екпе салдырған соң, оларға қарсы антидене бар екенін білетінмін. Бұл аурулар сәби үшін өте қауіпті. Бірақ ол кезде басқа да жұқпалы аурулардың асқынуға әкеліп соқтыруы мүмкін екенін ойланбадым.

Қызым дүниеге келген соң иммунопрофилактика туралы көп оқи бастадым. Тіпті, емханада қызыма медициналық қарсы көрсетілім негізсіз қойғанын айтып, емхана меңгерушісімен бұйрықты бірге талқылап, балама екпе салуға болатынын дәлелдегенім есімде. Екінші балама жүкті екенімді білгенде сәбидің дүниеге келуіне медициналық тұрғыдан жақсырақ дайындалуға мүмкіндік туғанына және, әрине, тағы да балалы болатыныма қуандым. Өкінішке қарай, жүкті әйелдерге аурудың алдын алу үшін екпе салынатынын білгеніммен, белгілі бір себептермен, екпе салдыра алмадым. Білгенімнің көбі тек теория жүзінде қалып қойды.

Фото Архимедес клиникасының сайтынан алынды

Әдетте үлкендерге арналған екпе туралы біліміміз тұмауға қарсы екпемен шектеледі. Бала кезде жасаған екпенің бәрі бірдей адамды өмірінің соңына дейін инфекциядан қорғай алмайтынын және белгілі бір уақыт өткенде оларды қайтадан салу керек екенін көбіміз біле бермейміз. Ал жүктілікті жоспарлағанда және жүктілік кезінде екпені қайта салу керек екенін білетіндер тіптен санаулы шығар. Бірақ Американың акушерлер мен гинекологтар қауымы немесе АҚШ-тың жұқпалы ауруларды бақылау мен алдын алу орталығы сияқты кәсіби қауымдастықтардың нұсқаулығына сүйенсек, болашақ ана жүктілігін сақтап, қандай да бір асқынудың алдын алу үшін және болашақ сәбидің денсаулығын қорғау үшін кейбір инфекцияларға қарсы екпе салдыруы керек. Мұны ДДСҰ-ның осы тақырыпқа қатысты нұсқауларынан да табуға болады. Өйткені анасының иммунитеті, яғни белсенді антиденелер плацента арқылы нәрестеге де беріліп, баланы өзіне тиесілі екпені алғанға дейін алғашқы айларда түрлі инфекциядан қорғайды.

Осы біліммен қаруланып, екінші жүктілікке дайындала бастадым. Ең үлкен қорқынышым желшешек болды. Бұған дейін ауырмағам, ал жүкті кезде желшешекпен ауыратын болса, бұл ананың да, ұрықтың да денсаулығына қауіп төндіріп, қатерлі асқынуға себеп болуы мүмкін. Оған қоса ересектер ауруды балаларға қарағанда ауыр өткереді. Сондықтан бұған дейін ауырмаған әйелдер жүктілікті жоспарламай тұрып, 2-3 ай бұрын екпе салдырғаны дұрыс. Бірақ, бірден айтайын, екінші жүктілігіме дейін екпе табуға қанша тырыссам да, түк нәтиже шықпады. Ондай екпе Қазақстанда жоқ.

Егер тірі екпе (желшешектен немесе ҚПҚ-дан) салып қойғаннан кейін жүкті екеніңізді білсеңіз, бұл жүктілікті тоқтату керек деген сөз емес. Тірі екпеден зиян (бұл жерде аурудың өзіне емес, екпеге ғана қатысты – V анық. ) тек теориялық тұрғыда болуы мүмкін, бірақ практикада қауіпті салдарға ұласқан жағымсыз жайттар болған емес. Десе де, мұны жүктілікті бақылап отырған гинекологқа міндетті түрде ескертіп қою керек.

Жүктілік кезіндегі екпеге келетін болсақ, халықаралық медициналық ұйымдар бұл туралы толықтай түсінікті нұсқаулар береді: тұмау маусымында жүкті болатын немесе сол уақытта бала күтіп отырған әйелдер тұмауға қарсы жыл сайын егетін екпе салдыруы керек. Сонымен қатар бала көтергенге дейін 5 жыл ішінде қайта егуден өтпеген барлық жүкті әйел сіреспе мен дифтериялық анотоксинге қарсы екпе мен көкжөтелге қарсы жасушасыз екпе салдыруы керек. Екпені жүктілік кезінде, 27-аптадан 36-аптаға дейінгі аралықта салуға болады.

АКДС-ті ересек жаста әр 5-10 жыл сайын қайта егу ұсынылады.

Көкжөтелге қарсы екпе табамын деген үмітім де үзілді. Бұған дейін айтқанымдай, дамыған елдердің көбінде көкжөтелге қарсы жүкті әйелдерге екпе егу ұлттық кестеге енгізілген. Бірақ Қазақстанда бұған қатысты анық клиникалық нұсқаулар жоқ. Халықты иммундау бойынша қолданыстағы бұйрықтарда да жүкті әйелдерге көкжөтелге қарсы екпе салу туралы айтылмайды. Халықаралық нұсқаулар жай кеңес күйінде қалып, оларға отандық медицинаның еш мән бермейтіні де содан шығар. Жүктілік кезінде көкжөтелге қарсы екпе салдырғың келетінін айтсаң, көп маман көзін бақырайтып, райыңнан қайтаруға тырысады. Ал мұның маңызын түсінетін аз ғана маман күрсінеді де қояды: қажет екпені (құрамында дифтериялы антиген азайтылған көкжөтел-дифтерия-сіреспеге қарсы біріктірілген жасушасыз екпе) табу өте қиын. Мен де таба алмадым. Қаладағы егумен айналысатын клиникалардың бәріне хабарласып шықтым, тіпті қажет екпені іздеуге әріптестерім де қосылды. Еш нәтиже болмады. Сол кезде де дымсыз қалдым.

Қазақстанда АДС-ті ғана (көкжөтел компонентісіз, дифтерия мен сіреспеге ғана қарсы – V анық.) қайта егуге болады

Десе де, мойындау керек, тұмауға қарсы екпе салдыруда еш қиындық болған жоқ. Гинекологым екпе салдыру керек екенін айтқанда, қуана-қуана ақылын алдым. Бірақ әріптестерімнің таңданып қарағанын байқадым. «Егіліп қайтесің?», «Жүктісің ғой, қорықпайсың ба?» дейді. Қорықпаймын, әрине. Бұндай қорқыныш сапалы ақпараттың жоқтығынан пайда болды деп ойлаймын. Жүкті әйелдерді егуге қатысты заманауи ұстанымдар туралы оқып-білгендіктен, еш қиналған жоқпын. Екпені де жақсы қабылдадым.

Бірден айтып қояйын, балам еш қиындықсыз, уақытында, аман-есен дүниеге келді. Перзентханада екпелерімізді алдық, алдағы уақытта кесте бойынша жалғастыра береміз, бірақ енді бұл басқа мақаланың әңгімесі.

«Жақын арада жүкті әйелдерге көкжөтелге қарсы (АКДС екпесімен) екпе салу жоспарда бар ма?» Бұл сұрағымызға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі былай жауап берді:

Құрамында көкжөтел компоненті бар АКДС екпесін жүкті әйелдерге егу мәселесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше рет көтерген. Bordetella pertussis инфекциясы (B. Pertussis) шақыратын көкжөтел ұзаққа созылатын жөтелге алып келеді. Ал бұл ең бірінші нәрестеге зиян тигізеді. Сондықтан егу кестесі бойынша екпені қайта салу керек.

Қазір Қазақстандағы балаларға бірінші рет иммундау сериясын жүргізгеннен кейін қалыптасатын қорғаныстың қанша уақытқа созылатыны туралы деректер жоқ. Бұл көкжөтелге қарсы тұтасжасушалы және жасушасыз екпеге қатысты. Осы орайда биыл министрлік «Қазақстандағы дені сау балалар мен жасөспірімдер арасындағы көкжөтел Бордетелласының антиденелерін серологиялық эпидқадағалау» деген зерттеу бастады. Ол 2021 жылдың соңына қарай аяқталады деп күтілуде. Бұл зерттеу B.Pertussis-тің қаншалықты таралғаны, 18 жасқа дейінгі балаларда антиденелердің бар-жоғы туралы дәлелденген ғылыми деректер алуға және егілген адамдардың қорғаныс ұзақтығын бағалауға мүмкіндік береді.

Зерттеу нәтижесі бойынша егілген адамдардың иммунитетін сақтау және жүкті әйелдерге көкжөтелге қарсы екпе салу мәселесі Қазақстан Республикасының халқын иммундау бойынша Кеңес беру комиссияның қарауынан өтеді: ғылыми негізделген нұсқаулар алу үшін егу мәселелері бойынша министрліктің кеңес беру органына жіберіледі. Нұсқау алынғаннан кейін ҚР денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдерге көкжөтелге қарсы екпе егу жұмыстарын енгізу мәселесін қарастыра алады.

Ботагөз Гудвин, «Чай, кофе, поболтаем» подкасты авторларының бірі: «Ұлыбританияда медицинаға сенетіндер Қазақстандағыдан көбірек»

Салыстыру үшін, жүкті әйелдерге екпе салу туралы шетелде тұратындардан да сұхбат алдық. Ботагөз бірнеше жылдан бері Англияда тұрады және екі жүктілігі де сонда өткен:

«Біздің отбасылық дәрігеріміз өте жақсы. Ол бірінші жүктілік кезінде-ақ тұмау мен көкжөтелге қарсы екпе салдыру керек екенін ескертті. Айтқанын істедім. Бұл екпелерді Англияда мен танитын жүкті әйелдернің бәрі салдырды.

Фото жеке архивтен

Көкжөтелге қарсы екпені жүктіліктің екінші триместрінде салады. Бұл болашақ ана ауру тасушы болып шығып, індетті баласына да жұқтырмауы үшін маңызды. Ал бала дүниеге келгеннен кейін, аурулардан қорғаныс болуы үшін оған бір жасқа дейін екпе салады.

Тұмауға қарсы екпеге Англияда ерекше көңіл бөледі. Тұмау маусымы басталмай тұрып, тамыздан бастап-ақ жарнама науқаны жүреді. Метрода, көшеде, барлық жерде тұмауға қарсы екпе салдыруға шақырған жарнаманы көресіз. Егу қыркүйектің соңында басталады. Жүкті әйелдер мен қарт кісілер қатер тобында болғандықтан, оларға екпе салу тегін. Бірінші баламды желтоқсан айында босандым, ал екпені 8-9-айларда салғыздым. Ал қызым қазанда дүниеге келді, екпені 40 апта толғанда ауруханада салып берді. «Кеш боп қалды-ау, босанатын уақытым келді, бірдеңе болып қалар» деген ой мүлде болған жоқ. Мүлдем ешқандай мәселе болған жоқ, жүкті болғаннан кейін екпе салдыру керек болды.

Қазақстанда, соның ішінде менің құрбыларымның арасында да адекват, бірақ медицинаға сенбейтіндер баршылық. Сондықтан да олардың екпеге қатысты сұрағы көп. Англияда медицинаға сенбесе, бұл көп жағдайда адамның жеке көзқарасымен байланысты. Ал жалпы алғанда, Ұлыбританияда медицинаға сенім Қазақстанға қарағанда жоғарырақ. Мұндай сенім менде де бар: егілетін кезде ешқандай сұрақ қойғам жоқ, егу мәселесін терең қазбалап зерттемедім де. Дәрігерім жасау керек деді, жасадым. Оның үстіне жүктілік кезінде толық тексеруден өтіп, дәрі беретіндей жағдайлар да болған жоқ. Бәрі жеңіл, оңай өтті, тексеріс те аз болды. Скрининг уақытылы өтеді және әйелдер консультациясында тіркеуге тұрғанда көкжөтелге қарсы екпе алатыныңды білесің. Екінші жүктілік те осылай өтті. Тіпті екіншісінде қатер тобына кірмейтін болғандықтан, аса қатты қараған да жоқ».

Инесса Цой-Шлапак, журналист: «Жүктілік кезінде анализ нәтижесін, УДЗ қорытындысын, дәрігердің сөзін қайта тексеру керек»

Жүктілік кезінде жұқпалы аурулар мен анализге байланысты екі қызық жайт болды (негізі одан да көп). Біріншісінде микрофлораны тексеру үшін жасалған анализдерім пиелонефриттің дамуына әсер ететін бактериялардың жоғары титрін анықтады. Сол кезде алдын алу шарасы ретінде Цефтриаксон (әрекет ету спектрі кең антибиотик – V анық.) жазып берген терапевт дәрігермен әбден тіресуге тура келді. Өзім жалпы антибиотиктерге сақтықпен қараймын. Ал ол кезде жүктіліктің 15-16-аптасы еді, ұрық енді қалыптасып жатқандықтан, дәрінің іштегі нәрестенің дамуына қалай әсер ететіні белгісіз еді.

Екінші оқиға бұдан да «қызығырақ». Әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы антиденелердің бар-жоғын анықтайтын әдеттегі анализдердің барысында менен бруцеллез анықталды және қызамық болуы мүмкін деген күдік болды. Қызамықтың жүкті әйелдер үшін қаншалықты қауіпті екені көбіне белгілі. Бірақ, ең қызығы, мен сияқты пастерленген сүттің өзін қайнатып ішетін нағыз қала тұрғынында бруцеллез қайдан болуы мүмкін?

Әйтеуір тәуір дәрігерге кезігіп, жолым болды. Босанғанға дейінгі емханада жағдайымды тәжірибелі иммунолог қарап жүрген. Ол болуы мүмкін асқынуды айтып қорқытпай, алдымен анализді қайта тапсыруды ұсынды. Қағазға клиниканың мекенжайын жазып жатып: «Егер ол жақтың нәтижесі де вирус барын растаса, қайтып келіңіз, не істейтінімізді ойланып көреміз. Олардың анализдеріне басқаларына қарағанда көбірек сенемін», – деді. Анализ нәтижелерін қайта тексеруге жіберген жері Хамза Жұматов атындағы ғылыми гигиена мен эпидемиология орталығы екен.

Ғылыми орталық "Рахат" фабрикасының жанында, Мақатаев көшесінде орналасқан екен. Орталықтың ауласында жылтырап Ленин тұр, Кеңес одағының иісі сезілетіндей. Ал анализдердің бағасы коммерциялық зертханалардың бағасынан арзан екен. Медбике қан алу кезінде көп жерден көре бермейтін кәсібилік танытты. Абырой болғанда, анализдерім бруцеллез мен қызамық бар екенін растаған жоқ.

Жүкті әйелдер бруцеллез бар-жоғын тексергенде, қателесіп оң нәтиже анықталуы мүмкін екен. Бұл бруцеллезге ғана емес, көптеген басқа да жұқпалы ауруларға қатысты. Тіпті сифилис те оң нәтижесі көрсетуі мүмкін.

Хамза Жұматов атындағы ғылыми гигиена және эпидемиология орталығында Борис Вольфович Каральниктің қатысуымен бруцеллаға қарсы антиденелерді Хеддльсон реакциясынан гөрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін тест жүйесі жасалды. Ауру анықталмағанын көрген соң, жүктілік кезінде бәрін қайта тексеру керек деген қорытынды жасадым. Анализ нәтижесін, УДЗ қорытындысын, дәрігерлердің тағайындауын, бәрін-бәрін тексеру керек екен.

Емізу және иммунитет

Ана мен бала иммунитетінің арасындағы байланыс бала дүниеге келген соң тоқтап қалмайды, керісінше, беки түседі. Плацента G класындағы (IgG) антиденелерді ғана өткізеді. Олар аурудан кейін «жақсы шыныққан сарбаз» сияқты қан құрамында айналып жүретін, «жад иммунитетіне» жауап беретін антиденелер. Ал A және M класындағы антиденелер плацентарлы бөгеттен өтпейді. Бұл ақуыздар тез арада қорғаудың бір түрі ретінде аурудың алғашқы күндерінде маңызды.

Педиатрлардан бастап иммунолог-ғалымдарға дейін бір адамдай уағыздайтын ана сүтінде антиденелердің барлық класы бар. Ана сүтіндегі А иммуноглобулиндері ішек шырышты қабығының жергілікті иммунитетін қалыптастыру үшін өте маңызды. Олар нәрестенің ағзасын иммундық жүйенің жаңа, әлі белгісіз, бірақ пайдалы бактерияларға шамадан тыс реакциясынан қорғайды. Оған қоса, бұл иммуноглобулиндер класы асқазан-ішек жолын патогенді микроорганизмдерден қорғайды. Кейбір мәліметтерге сәйкес, нәрестенің ағзасы қоршаған ортасын дәл осы ішек арқылы таниды, «қайсы жақын, қайсы жат» екенін ажырата бастайды және әлемдегі көптеген пайдалы бактериямен бірге өмір сүріп үйренеді.

Фото UNICEF Kazakhstan-нан алынды

Ал IgM-ге келсек, бұл ақуыздар ананың қатты ауырған кезінде өте маңызды. Олар ана сүтіне еніп, анасы ауырғанда баланы қорғайды және оған дайын иммунитет береді. Сол үшін кейбір жұқпалы аурулармен ауырғанда, әсіресе ЖРВИ кезінде, баланы қорғау үшін анаға емізуін жалғастыра беруді ұсынады.

Жаңа туған сәбиді қорғаудың тағы бір жолы – анасына екпе салу. Иә, емізіп жүрген кезде де екпе салдыруға болады, бірақ бәрін емес. Мысалы, сары безгек пен қара шешекке қарсы екпе салдыруға болмайды. Тірі екпелерді де аса қажет болғанда ғана, пайдасы қаупінке көп болса ғана (мысалы, індет кезінде) салу керек. Ал тұмау мен кене энцефалитіне қарсы және АКДС сияқты инактив екпелерді салуға болады. Екпеден кейін пайда болатын антиденелер (IgG) ана сүтіне өтпейді. Десе де, тұмауға қарсы екпе анасы ауырған кезде балада қосымша қорғаныс қалыптастыруға көмектесуі мүмкін. Яғни, жоспарлы және тірі емес екпелер – қауіпті емес, керісінше, ана мен бала үшін қосымша қорғаныс.

Не маңызды?

1. Халықаралық медицина қауымдастықтары жүкті әйелдерге тұмау мен көкжөтелге қарсы екпені (көкжөтелге қарсы моноекпе немесе АКДС) екінші триместрден бастап салуды ұсынады. Бұл иммундық алдын алу ана мен баланы жүктілік кезінде және одан кейін нәресте өзінің тиесілі екпелерін алғанша қорғауға көмектеседі. Қазақстанда жүкті әйелдерге екпе салу мәселесі 2022 жылдан кейін ғана қарастырылады.

2. Жүктілік кезінде қызылша, паротит, қызамық, желшешек және B гепатитіне қарсы (инактив екпе) тірі екпелер салдыруға болмайды. Мұны жүктілікке дейін істеу керек.

3. Қызамық – жүкті әйелдер үшін ең қауіпті аурулардың бірі. Инфекция түсік тастауға немесе баланың кемтар болып тууына алып келуі мүмкін.

4. Жүктілік кезінде жұқпалы ауруларға антиденелердің бар-жоғын тексеру үшін жасалатын анализдер жалған оң нәтиже көрсетуі мүмкін. Сондықтан қандай да бір ем түрін алуды ойланбас бұрын, анализдерді қайта тапсырып көріңіз.

5. Жүктілік кезіндегі тұмау өздігінен болатын түсікке, мерзімінен ерте босануға және ананың немесе баланың өліміне алып келуі мүмкін.

Материалды дайындау барысында мына дереккөздерді қолдандық

1. Centres of Disease control and Prevention

2. World Health Organisation/ДДСҰ. Жүктілік кезіндегі иммундау қауіпсіздігі. Дәлелдерді шолу.

3. American College of Obstetricians and Gynecologists.

4. Immunization during pregnancy.

5. "Халыққа профилактикалық егуді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2018 жылғы 13 маусымдағы №361 бұйрығы

6. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтауды дамыту мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының 2013 жылғы 19 қыркүйектегі N18 хаттамасымен бекітілген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Жүктіліктің физиологиялық менеджменті» клиникалық хаттамасы

7. ДДСҰ. Ақпараттық бюллетеньдер. Қызамық

8. Тұмау

9. Бруцеллез

10. Адамдардағы бруцеллез диагностикасында антиденелерді анықтау және антигенмен байланысатын лимфоциттерді сынау үшін әртүрлі реакциялардың тиімділігі. Каральник Б.В., Денисова Т.Г.

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін (USAID).