18878
23 апреля 2021
Оксана Акулова, иллюстрациялар Мария Аманжолованікі

«Екпеге қарсы қозғалысты біреу басқарады-ау деген ой келеді»

Ұлттық екпе күнтізбесі, жаңа екпелер және таңдау құқығы туралы

«Екпеге қарсы қозғалысты біреу басқарады-ау деген ой келеді»

«Екпе» жобасының аясында журналист Оксана Акулова Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетовамен сұхбаттасты. Әңгіме ұлттық екпе күнтізбесіне жаңа екпелердің неге енгізілмейтіні және қазақстандықтардың өзіне қауіпсіз деп тапқан екпені неліктен таңдай алмайтыны туралы болды.

Ұлттық екпе күнтізбесі қалай жасалады?

– Айжан Серікбайқызы, сұхбатымызды Ұлттық екпе күнтізбесі туралы сұрақтан бастасақ. Оның қазіргі нұсқасы қалай қалыптасты? Ондағы екпелер тізімі ДДСҰ нұсқауларына негізделген бе, әлде эпидемиологиялық жағдайға ма?

– Ұлттық екпе күнтізбесі ДДСҰ нұсқауларына негізделіп жасалады. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін бұрыннан егіліп келе жатқан көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит сияқты ауруларға қарсы екпелер бар. Осы ауруларды басып, індеттің қайталануына жол бермес үшін бұл екпелерді қазірге дейін егеді. Эпидемиологиялық көрсеткішке байланысты жасалатын екпелер де бар. Бұл да бүкіл әлемде қолданылатын тәжірибе. Егер қандай да бір ауру қатты тарай бастаса және оған қарсы екпе болса, онда қажет болған жағдайда ДДСҰ нұсқауы бойынша қосымша иммундау жүргізіледі. Мысалы, Қазақстанда 2015 жылы қызылша індеті, 2010 жылы полиомиелит індеті болғанда екпені халықтың неғұрлым ауруға бейім бөлігіне салдық. Мамандар жағдайдың өрбуіне қарай, ұлттық, жергілікті иммундау күндерін өткізу керек пе, әлде індет анықталған аймақтың немесе сол жердің тұрғындарына ғана екпе салу керек пе деген мәселені қарастырады. Оған қоса екпе кестесіне әсер ететін үшінші фактор бар, ол – белгілі бір аймаққа ғана тән эндемиялық аурулар.

Мысалы, Қазақстанның екпе күнтізбесінде обаға қарсы екпе бар. Ол міндетті екпелердің тізіміне кірмейді, сондықтан оны бүкіл ел бойынша емес, тек бұл инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары аймақтар мен адамдарға ғана егеміз. Мысалы, ауру қоздырғыштары бар зертханаларда немесе ауру жұқтырған кеміргіштер мекендейтін алқаптарда жұмыс істейтіндерге егіледі. Егер сол аймақта ауру тараса, тұрғындардың барлығына, оның ішінде балаларға да екпе салуы мүмкін. Бұл кене энцефалитіне де қатысты. Екпені бұлай қолдану әдісі бүкіл әлемде бар. Жалпы алғанда, күнтізбе міндетті екпелерден, эндемиялық аймақтарда салатын немесе індет кезінде эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты егілетін екпелерден құралады. Оған қоса, күнтізбемізде клиникалық көрсеткіштерге байланысты жасалатын екпелер бар. Мысалы, жануар тістеп алғанда құтырудың алдын алу үшін антирабиялық дәрілер егеді. Қазақстандық екпе күнтізбесінің қазіргі заманға сай екенін және онда ДДСҰ ұсынатынын екпелер бар екенін айтқым келеді.

– Екпе күнтізбесі жақын арада өзгеруі мүмкін бе?

– Біздегі күнтізбе бұрыннан қалыптасқан және эпидемиологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстанда қандай да бір жаңа инфекциялар пайда болып, соларға қарсы екпені балаларға еге бастауымыз әдетте күнтізбеге әсер етпейді. Ондағы өзгерістер көбіне Қазақстанда қолданылатын екпелердің түрімен байланысты. Мысалы, 2013 жылы құрамында жасушасыз көкжөтел компоненті бар АКДС екпесіне көштік. Бұл екпенің реактогендігі әлдеқайда төмен, яғни қызу көтерілу, ине салған жердің ауырсынып, ісінуі сияқты түрлі асқынулар сирек болатын болады. Полиомиелитке қарсы оралды екпені инакитив екпеге ауыстырдық. 2002 жылдан бері Қазақстан осы аурудан еркін ел ретінде сертификатталған. Қазір осы статусымызды сақтап тұру үшін бәрін істеп жатырмыз. Полиовирустың кейбір елдерде (Пәкістан, Ауғанстан) әлі күнге дейін тарап жатқанын ескеріп, балаларға оған қарсы екпе егуді жалғастырып жатырмыз. Бұл ауруға ешнәрсе кедергі емес және біздің елге де кездейсоқ әкелінуі мүмкін. Мұндай жайтқа дайын болу үшін полиомиелитке қарсы екпенің бір тірі дозасын сақтап отырмыз. Пневмококкқа қарсы екпенің айтарлықтай жоғары құнына және әлемде оны өндіретін команиялардың аз екеніне қарамастан, Қазақстан бірінші болып посткеңестік аймақта пневмококкқа қарсы екпені енгізді. Бұл пневмококк инфекциясын өткеру кезіндегі ауыртпашылықты жеңілдетіп, ауыратын адамдар саны мен бес жасқа дейінгі балалардың өлімін айтарлықтай азайтуға көмектесті. Мұның бәрін айтып отырған себебім, халық біздің елдегі эпидемиологиялық жағдайға назар аударып, ДДСҰ нұсқаулықтары мен әлемдік тенденцияларды бақылап отыратынымызды түсінсе деймін.

– Жақын арада екпе күнтізбесінде қандай да бір жаңа екпелер пайда болуы мүмкін бе?

– Жаңа екпені енгізбес бұрын талдау жүргізіп, эпидемиологиялық негізін зерттейміз. Мысалы, 2018 жылы менингит індеті болды. Сол кезде менингококк инфекциясына қарсы екпені енгіземіз бе, жоқ па деп ұзақ ойландық. Көп талқы болды, әртүрлі ой айтылды, бірақ соңында екпені салудың қажеті жоқ деген тұжырымға келдік. Неге екенін түсіндірейін. Менингококк инфекциясын қоздыратын ондаған серотип бар, бірақ өкінішке қарай, бұл серотиптердің барлығын қамтитын әмбебап екпе жоқ. Бұл екпе салдық, қорғаныс қалыптасты дейтін жағдай емес. Менингококктың жекелеген серотиптеріне, яғни А, В немесе А+С сияқты бірнеше түріне қарсы біріккен және моно екпелер бар. Көп қолданылатын кейбір біріккен екпелер 3 жыл ғана қорғайды және оларды қайта егу керек. Сондықтан мұны, мысалы, қажылыққа бара жатқан адамдарға салу ұсынылады. Қазақстанда болған індетті зерттей келе, сол уақытта бүкіл ел бойынша инфекцияның әртүрлі серотиптері тарағанын анықтадық. Яғни, азаматтарымызды менингиттен қорғағымыз келсе, оларға менигококк инфекциясына қарсы бірнеше екпенің түрін бірден салуымыз керек еді. Сонымен, иммунитеттің аз уақытқа жарауы, қайта егу жұмыстарын жүргізу ықтималдығының жоғары болуы сияқты факторлардың бәрін ексере отырып, бұл екпені Қазақстанда енгізбейміз деген шешімге келдік. Оған қоса, ауырған адамдардың көп жылдық көрсеткіші де (ауру тараған кезді есепке алмағанда) жаппай егуді қажет ететіндей көп емес еді.

Соңғы екі жылда екпе күнтізбесіне ротавирустық инфекцияға қарсы екпені енгізу керек екені жайлы көп айтылып жүр. ДДСҰ-ның бұған қатысты нұсқаулары бар. Біз барлық факторды салыстырып, мүмкіндігіміз бен аурудың салмағын бағалап көрдік. Оның үстіне екпе балаларға арналған екпе ретінде күнтізбеге енгізілсе, оны бәріне салу керек. Ал ротавирустық инфекцияға қарсы екпе үш рет егіледі. Мұны да ескеру керек. Қазір біз үшін қол жеткізген жетістіктерімізді бұзып алмай, сақтап қалу өте маңызды. Әрі қарай да екпемен халықтың көп бөлігін қамтып, оларды аурудан қорғауды жалғастыра беруіміз керек.

– Не айтқыңыз келгенін түсінбедім...

– Біздің екпе күнтізбемізде дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, туберкулез, гепатит сияқты ауыр өтетін, айтарлықтай күрделі инфекцияларға қарсы екпелер бар. Қазір мұның айналасында наразылық көбейіп жатыр, екпеге қарсы адамдардың саны артып жатыр. Сондықтан біз үшін осы ауруларға қарсы екпемен халықтың 95%-ын қамтуды сақтап қалу маңызды. Бұл ұжымдық иммунитет қалыптастыруға көмектеседі. Ал аурудың халық арасында тарауын сол ғана тоқтата алады және денсаулығына байланысты екпе салдыра алмайтындарды қорғауға мүмкіндік береді. Бұл топтағы адамдар үшін ауру жұқтыру қайғылы аяқталуы мүмкін ғой. Сондықтан ұзақ жылдар бойы егу арқылы жеткен жетістіктерімізді жойып алмауымыз керек.

– Сонда сіз неден қорқасыз? Күнтізбені шамадан тыс жүктеп жіберуден бе, әлде қазір екпе салдырып жатқандарды қорқытып алудан ба?

– Мәселе күнтізбеге жүк артуда емес, сол күнтізбені бұзып алмауымызда. Халықтың сенімі азайып, екпемен қамту деңгейі тым қиын жағдайға түсіп кетпеуі керек. Әзірге мұны, бағымызға орай, тиісті деңгейде қамтамасыз етіп отырмыз. Әлемдегі көп ел екпемен басқаруға болатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық әл-ауқатын жақсартқаны сонша, адамдар бұл аурулардың қаншалықты қауіпті екенін де ұмытып қалды. Бірақ қамту деңгейі тым төмендеп кетсе, аурулар қайтып оралуы мүмкін.

– Ротавирустық инфекцияға қарсы екпе күнтізбеге қалай кесірін тигізуі мүмкін? Меніңше, бұл коммуникацияға, яғни халыққа бейтарап ақпарат беріп, туындаған шиеленістерді шешіп отыруға қатысты мәселе сияқты.

– Толықтай келісемін. Күнтізбе құрастыру мен екпе туралы көзқарас қалыптастыруға қатысты кез келген сұрақта бірінші орынға коммуникация шығады. Бұл тұста кейбір азаматтарымыздың екпеге қарсы көңіл-күйі де әсер етеді. Халықтың көп бөлігі әлеуметтік желіні қолданатындықтан, бұл көзқарас кең етек жаюда. Мұны да ескеру керек. Жаңа екпелерді енгізуге қатысты: күнтізбемізге артық жүк артамыз, кішкентай балаларымызға тым көп антиген егеміз, ал олар баланың жалпы дамуына, иммунды статусына әсер етеді деген сынды пікірлер бар екен (бұл кең таралған мифті біз келесі материалдардың бірінде талқылаймыз – V анықтамасы). Осыны да назарға алмай кетуге болмайды. Оған қоса ротавирустық инфекцияға қарсы екпе – алдағы уақытта талқыланып, жұмыс жасалатын тақырып екенін айта кеткен жөн.

Екпелерді таңдау және сатып алу

– Қазақстанда үндістандық екпе көп: ҚПҚ, BCG(БЦЖ), В гепатиті, антирабиялық, дифтерия-сіріспе. Бұл немен байланысты? Басқа балама жоқ па? Әлде бұл екпелер арзан ба?

– Біріншіден, екпе өндірісі өте қиын әрі ұзақ процесс, сондықтан әлемде ірі өндірушілер мен өнім берушілер аса көп емес. Олардың қатарына сіз айтып отырған үндістандық Серум институтын да жатқызуға болады. Кейбіреулер үндістандық екпені басқаларға қарағанда нашарлау деп ойлайды. Бірақ Серум институты өз өнімін 170-тен астам елге жіберіп, миллиондаған адамның өмірін сақтап отыр. Кейбір деректерде әлемдегі балалардың 65%-ына осы өндіруші шығарған кемінде бір екпе салынатыны айтылады. Екіншіден, екпе халықаралық стандарттарға сай болуы керек деген қатаң талап бар. Одан бөлек, балаларға салынатын екпелерде ДДСҰ преквалификациясы болуы керек. Яғни екпенің өндірісін, қауіпсіздігін және тиімділігін Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы тексереді. Екпе өндірісінің әлемдік стандарттарға сай келетіні немесе келмейтіні туралы тұжырымды солар жасайды. Біз әдетте екпені басқа елдер қолдана бастағанын, әсіресе өндіруші-елдің өзі қолданғанын күтеміз, содан соң ғана сатып аламыз. Ал бағасына келсек, қазір екпе сатып алу бойынша сатып алу онлайн өтіп жатыр…

– Ал тендердің басты талаптарының бірі – бағасының ең арзан болуы ғой.

– Екпе ұсынатындар аса көп емес. Екпелердің бағасында да қатты айырмашылық жоқ, өйткені нарықта сол баяғы тұрақты қатысушылар, жаңасы жоқ десе де болады. Сатып алу бекітілген шектік баға шеңберінде жүреді. Тендер екі кезеңмен өтеді. Бірінші кезеңде екпе қауіпсіздік және сапа критерийлері бойынша таңдалады. Мұнда бағасына қарамайды. Бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша екпе таңдалған соң, бағасы бойынша байқау өтеді. Баға рөл ойнағанмен, шешуші фактор емес.

– Бізде өзің үшін қауіпсіз деп тапқан, салдырғың келетін екпені таңдау мүмкіндігі жоқ. Сатып алу СҚ-Фармация арқылы жүреді. Мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда екпе бірдей. Мысалы, көршілес Ресейде мұндай таңдау еркіндігі бар. Алдағы уақытта бізде де осындай мүмкіндік болуы үшін қандай да жұмыс жасау жоспарларыңызда бар ма?

– Иә, шынымен де сіз айтып отырған таңдау еркіндігі бізде қазір жоқ. Неге? Бірінші себеп, бұған дейін айтып өткенімдей, өндірушілердің аздығы, тиісінше таңдаудың да көп болмауы. Кейбір өндірушілер біздің нарыққа кіргісі келмейді. Бірақ бұдан айырмашылық көріп тұрған жоқпын, ұлттық екпе күнтізбеміздегі екпелер біршама беделді өндірушілердің өнімдері. Онда кездейсоқ пайда бола салған екпелер жоқ. 2013 жылға дейін айырмашылық болды: ол кезде тұтасжасушалы АКДС қолданатынбыз, ал бізге көкжөтел компоненті жоқ екпе қолдануды ұсынды. Сол кезде адамдарда таңдау болды: екпені мемлекеттік немесе жекеменшік клиникада салдыруға болатын еді. Ал қазір барлық жерде бірдей. Мемлекет әлемдік өндірушілердің жоғары сападағы екпелерін сатып алады.

– Ұлттық екпе күнтізбесінде екпелердің өндірушілері мен олардың аты көрсетілетіндей етіп өзгертудің де реті жоқ па?

– Егер олай істесек, бір өндірушіге артықшылық беріп қойғандай боламыз. Ал бұл сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөлігі. Әлемде ешбір ел бұлай жасамайды.

Ауруханалардағы «адам факторы»

– Енді екпе салу кезінде туып жатқан қиындықтар туралы, оның ішінде екпе егетін медбикелердің кәсіби білігі тиісті деңгейде болмауына қатысты түсіп жатқан шағымдар жайында сөйлессек. Бұған дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби білігі және осы бағыттағы жұмыс туралы айтып өткенсіз. Қандай жоспарларыңыз бар?

– Екпе егетін медбикелерге ерекше талаптар қойылады. Олар жыл сайын оқыту мен аттестациядан өтеді. Егер коронавирус пандемиясы сияқты кезде қандай да бір жаңа екпелер енгізсек, бұл бойынша да тиянақты жұмыс істеп, қайта аттестациядан өтеді. Яғни медбикелер оқытылған, қай екпені қалай қолдануды және күтпеген жағдайда не істеу керегін біледі. Ал шағымның көбі олардың жұмысымен емес, екпеге дейін болатын процеспен байланысты екенін көріп жүрмін. Бекітілген ереже бойынша, екпе алатын бала сау болуы керек. Бұл өте маңызды. Осы жерде ата-ананың белсенділігі үлкен рөл ойнайды. Баласының бүгінгі жағдайы қалай екенін анасы ғана біледі. Ол өзін әдеттегіден өзгеше ұстай ма? Солып қалған сияқты ма? Рас қой, егер аурудың ешқандай белгісі болмаса, ауру енді басталып келе жатса, мұны ешқандай дәрігер бірден байқай алмайды. Мүмкін анасы үшін бала әдеттегідей белсенді емес шығар, бірақ сыртынан қарап олай ойламайсың. Анасы осының бәрін учаскелік дәрігерге айтуы керек, көбірек белсенділік танытуы керек. Қажет болса, екпені кейін салу керек. Ал дәрігер өз тарапынан екпе мен болуы мүмкін асқынулар туралы міндетті түрде айтып беруі керек, барлық сұрағына жауап беріп, ақпараттанғаны туралы келісім алуы қажет. Яғни барлығын бастан-аяқ келісіп алуымыз керек. Ата-ана да әртүрлі болады ғой: біреуі білімді, біреуі білімсіз, біреуінің екпе туралы ойы дұрыс, енді бірінікі теріс. Ал бұған қазір көбі мән бермейді, тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Түсініспеушілік туып, шиелініс болатыны осыдан. Сол үшін коммуникацияны реттеп, ешбір сұрақты жауапсыз қалдырмауымыз керек.

Қысқартылған «АжКДС + Хиб + ИПЕ» сөзі «адсорбцияланған жасушасыз көкжөтел-дифтерия-сіреспеге қарсы екпе + b типіндегі Haemophilus influenzae-ге қарсы екпе + инактив полиомиелитке қарсы екпе» дегенді білдіреді

– Осы жерде ағаттық бар сияқты...

– Бұл салада шынымен де мәселе көп. Біріншіден, кадр тұрақсыздығы бар. Жалпы практика дәрігеріне көп жүк артылады. Жұмысы жалықтыра бастайды, оған қоса, жаңа айтқанымдай, ата-аналар да қажет деңгейде белсенділік танытпайды. Сырт көзге жұмыстың бәрі жасалып, ұйымдастыруға қатысты барлық мәселе шешіліп қойғандай көрінеді. Енді бәрі бір дәрігердің қолында деп ойлаймыз, бірақ… Учаскелік дәрігер баланы ұзақ уақыт бақылауына алатын отбасылық дәрігер сияқты болуы керек. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.

– Ол үшін не істеу керек? Емханадағы дәрігерлер жақсы жалақы алып, жұмысын құштарлықпен істей бастағанын, науқастарын жеке танып, әрқайсының бабын тауып жұмыс істегенін күтейік пе? Мұның бәрі жақсы, әрине, бірақ оған қанша уақыт керек?

– Бұл кешенді мәселе. Барлығына бір ғана нәрсе себеп деп айта алмаймыз. Бірақ денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді. Біз қалағандай тез емес шығар, десе де алға жылжу бар. Емхана қызметкерлерінің жалақысын да өсіріп жатыр және тәртіп бойынша учаскелік дәрігерге жүктелген міндеттен артық жұмыс арта алмайды. Таяқ тастам жерден жаңа емханалар ашылып, жеке сектор да қатысып жатыр.

– Осындай жағдайда халықтың екпеге деген сенімін арттыру үшін не істеу керек? Мәжбүрлеу сияқты шаралар еш нәтиже бермейтінін, керісінше, наразылықты арттырып, адамдарды одан әрі шеттететінін түсініп отырған шығарсыз.

– Әрине, еш нәтиже бермейді. Меніңше, жаңа айтқан коммуникация бірінші кезекте: көбірек ақпарат, көбірек халықпен жұмыс керек. Бұл мемлекеттік деңгейде де, микродеңгейде де жасалуы керек: мұның барлығына жетуі маңызды. Бұл іске медицина қызметкерлері ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары да атсалысуы керек. Халық екпенің құрамы, қауіпсіздігі, оның қалай бақылаудан өтетіні, қандай жанама әсерлері болатыны және балаға екпе салдырмай, ол ауырып қалатын болса, қандай асқынулар болуы мүмкін екені туралы жан-жақты ақпарат алуы керек. «Екпе салып, одан кейінгі реакцияға төзгенше, аурумен ауырып шыға салғаным артық» деген де көзқарас бар екен. Немесе екпеден кейін балада ДЦП, яғни церебралды сал пайда болады дейді. Мұндай жағдайдың бәрін қарап, тексеріп отырмыз: екпенің ДЦП-ға немесе аутизмге еш қатысы жоқ. Олар дәл екпеден кейінгі уақытта білініп, бір-бірімен сәйкес келіп қалған. Бірақ адамдар олай ойлағысы келмейді, сендіру өте қиын. Түптеп келгенде, инфекциядан қорғану сау балаларға қарағанда ДЦП диагнозы қойылған балаларға көбірек керек. Олар ауыратын болса жағдайдың қайғылы аяқталу қаупі әлдеқайда жоғары. Осының бәріне қарап, екпеге қарсы қозғалыс (біздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі) бір жерден басқарылады-ау деген ой келеді. Олар қаталданып, кәсіби бола түскен. Бұл айтарлықтай елеулі күш. Қарсы топ ғылыми дәлелдерді, екпенің жетістіктерін назарға алмайды. Мысалы, соңғы жылдары полиомиелитті іс жүзінде жойғанымыз олар үшін мүлде жетістік емес.

– Мұны кім және не үшін жасауы мүмкін? Бұдан келетін бір пайда болуы керек қой?

– Бұл туралы біраз ойланып, жауап таба алмадым. Біреулер үшін адамдардың екпеден бас тартып, өзіне де, баласына да қауіп төндіруі қандай да бір пайда әкелетіні ешқандай ақылға сыймайды.

Өтемақы және жалған қарсы мәлімдемелер

– Айжан Серікбайқызы, алдағы уақытта екпеден кейін асқынулар анықталған жағдайда мемлекеттен өтемақы төлеуді енгізу денсаулық сақтау министрлігінің жоспарында бар ма? Мысалы, мұндай жүйе АҚШ-та бар.

– Қолданыстағы заңнамада мұндай шаралар қарастырылмаған. Бірақ асқынудың екпеден кейін болғаны дәлелденсе, өтемақы мәселесі азаматтық-құқықтық қарым-қатынас шеңберінде сот арқылы қаралады. Бұл салада жаңадан енген өзгеріс ретінде екпені әкелу, сақтау, тасымалдау ережелерін, оларды тексеру және тіркеу тәртібін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды айтуға болады. Ол «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі қабылданған кезде пайда болған және «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» ҚР Кодексіндегі баптардың бірімен реттеледі. Тәртіп бұзғаны үшін бір мың АЕК-ке дейін (бұл шамамен 2,9 млн теңге) айыппұл салынады.

– Жалған медициналық қарсы мәлімдемелермен қалай күреспексіздер? Бұл тенденция егілмеген балаларды мектепке дейінгі мекемелерге қабылдауға шектеу енгізілгеннен кейін үлкен түйткілге алып келеді деп қорықпайсыз ба?

– Медициналық қарсы мәлімдеменің уақытша және бірыңғай түрі болатынын ескеруіміз керек. Бірыңғай берілетін қарсы мәлімдеменің шеңбері айтарлықтай тар. Уақытшанікі көп, бірақ оларды дәрігерлер жіті қадағалап, сол балалар үшін арнайы күнтізбе құрастырады. Яғни, олар кеш болса да, екпесін алады. Сондықтан жалған қарсы мәлімдемелер бірыңғай мәлімдемемен ғана байланысты болуы мүмкін. Бірақ бұл кезде өте күрделі аурулар туралы айтамыз және сондай бір жағдайдағы ана баласының медициналық құжаттарында осындай статус көрсетіліп, өмір бойы ізінен еріп жүргенін қалайтынына күмәнім бар. Десе де, жалған медициналық мәлімдемелер бар екенін жоққа шығармаймын, бірақ меніңше, олар жүйелене қоймаған, бірен-саран жағдай ғана. Ал мектепке дейінгі мекемелерге қабылдауға қатысты ережелер енгізілгеннен кейін мұндай жайттардың көбеюі мүмкін екені рас. Бірақ оларды кез келген уақытта тексеруге болады.

– Азаматтардың жекеменшік медициналық орталықтарда салдырғысы келетін қосымша екпенің ақысы МӘМС қаражатының есебінен төленуі мүмкін бе? Бұл жерде ұлттық екпе күнтізбесіне кірмейтін екпелер туралы сұрағым келіп тұр. Мысалы, менингикокк инфекциясына қарсы.

– Жоқ, мұндай механизмдер қарастырылмаған. Екпе күнтізбесіне кіретіннің бәрі тегін, күнтізбеден тыс заттың барлығы ақылы.

– Күнтізбеге сай жұмыс істеу статистикасы қандай? Бізде жоспар бойынша үш, бірақ іс жүзінде бір ғана екпе салынған балалар көп. Мұны қадағалап отыру дәрігерге де, ата-анаға да қиын. Осының бәрі екпенің қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне әсер етеді ғой.

– Егілгендердің тіркеу, күнтізбеге сай жұмыс істеу, медициналық қарсы мәлімдеме мәселелерін денсаулық сақтау жүйесінің цифрлануы шеше алады. Егуге қатысты барлық ақпарат электронды денсаулық паспортында көрініп тұрады. Ондағы арнайы модульде екпенің нөмірі мен сериясы, оның қашан және қайда жасалғаны, бәрі-бәрі жазылады. Бұл жүйені толық енгізгенде қазір талқылап отырған мәселелердің барлығы жүйе деңгейінде шешіледі деп ойлаймын.

– Ол қашан енгізілуі мүмкін? Мұны бірнеше жылдан бері уәде етіп келе жатыр ғой.

– Қазір бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Бұған коронавирус жағдайы да ықпал етіп тұр. Жүйе жақын арада іске қосылады деп үміттенемін. Былтыр жобаның пилоттық нұсқасын іске қосып көргенбіз, бәрі ойдағыдай өткен сияқты.

Редакциядан: Бұл Айжан Есмағамбетовамен болған сұхбаттың толық нұсқасы емес. Денсаулық сақтау министрлігінің 2013 жылы адам папилломасы вирусына қарсы екпеден неліктен бас тартқаны туралы және Қазақстанда тіркелген көптеген екпенің не себепті қолжетімді еместігі жөнінде келесі материалдардан оқи аласыз.

Материалдағы статистиканы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ұсынды.

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін (USAID).