6678
4 декабря 2020
Вячеслав Абрамов, фото Жанар Каримова мен Данияр Мүсіровтікі

«Сайлау» деген аты ғана

ЖСДП сайлауға бойкот жариялады

«Сайлау» деген аты ғана

Өзін оппозиция деп санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауалды съезін бірінші өткізуі керек еді, бірақ кейінге шегеріп, бәрінен кейін өткізді. Партия мүшелері сайлауға бойкот жариялаймыз деген шешім қабылдады, бірақ мұның себебін жарытып түсіндірген жоқ. Енді алдағы сайлауға билікке жақын бес ойыншы қатысып, қарсылығы бар электорат мәжілісте де, мәслихатта да әдеттегідей елеусіз қалмақ.

«Келесі сайлауға дайындық» және «деструктивті әрекеттер»

ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов қазіргі қызметіне шамамен бір жыл бұрын, партия съезіндегі жанжалдан кейін келді. Сол кездегі партия төрағасы Ермұрат Бапи қызметін жас саясаткер Жанболат Мамайға бергісі келген, бірақ ақыр соңында өзі де, Мамай да партиядан шығып, төраға қызметі әлі таныла қоймаған Рақымжановқа бұйырды.

Бойкот жариялаудың негізгі себебінің бірін Рақымжанов келесі сайлауға «жақсырақ дайындалу» ниетімен түсіндірді. Бұл себеп біршама күмән тудырады, себебі соңғы бір жылда партия қаңтарда болатын сайлауға дайындық ретінде түк те істеген жоқ. Ал бес жылдан кейін болатын келесі сайлауға «жақсылап дайындалу» дегені – бес жылды кұр босқа өткізуден басқа түк те емес.

Мұның қасында екінші себеп ойға қонымдырақ.

«Екінші себебі – арамызға деструктивті жолмен іріткі салғысы келетіндердің болуы. Егер сайлауға қатыссақ, олар партияны жабудан да сорақы әрекеттер жасауы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды, біз партияны сақтап қалуымыз керек», – деді Рақымжанов.

ЖСДП төрағасы ешкімнің аты-жөнін атамаса да, бәрі түсінікті. Құғындағы саясаткер, бизнесмен Мұхтар Әблязов алдағы сайлауда партияны қолдауға шақырған болатын. Ал ЖСДП өкілдері Қазақстанда экстремистік деп танылған ҚДТ мен «Көше партиясының» белсенділерін жақтастар қатарынан көргісі келмеді және сайлаудан кейін болуы мүмкін наразылыққа партияның қатысы болғанын қаламады.

ЖСДП тіркелгеннен бері қарайғы 14 жыл бойы парламент сайлауына қатысқанымен, ешқашан жеңген емес. Ал бұл жолы партияның жолы болар ма еді?

Наразы топтың дауысы үшін күрес

Алматыда өткен соңғы үш мәжіліс сайлауында ЖСДП 10 пайыздан 22 пайызға дейін дауыс жинап жүрді. Бұл дауыспен партияның қалалық мәслихатқа өтуі әбден мүмкін еді, ол жақтағы көтерілмей жатқан мәселелерді қозғап, мәслихат өмірін жандандыруға болар еді. Еліміздің батыс өңірінде, соның ішінде Атырау, Маңғыстау облыстарында оппозицияны қолдайтындар жеткілікті.

Президент сайлауында балама кандидат рөлін сомдаған Әміржан Қосановқа батыстан ғана емес, астанадан, Шымкенттен, оңтүстіктен, тіпті солтүстік өңірден кәдімгідей қолдау болды. ЖСДП да сондай дәрежеде қолдауға ие болса, жергілікті мәслихатқа ғана емес, мәжіліске өтуге де мүмкіндігі бар (ресми нәтиже бойынша Қосанов 16% дауыс жинады).

Билік те, оның айналасы да Қазақстанда жаңаруға сұраныс жоғары екенін мойындайды. Қазақстандықтарға өзгеріс керек. Ал 2020-дағы дағдарыс үміттің шоғын үрлеп отыр. Мұндай жағдайда оппозицияның әкімшілік кедергіге толы, дауыс беру бақыланатын сайлаудың өзінен де жеңіп шығуы әбден мүмкін еді.

Сонымен қатар келе жатқан сайлауға бірнеше ұйым бір орталықтан басқарылатын тәуелсіз бақылаушыларды дайындап жатыр. Олардың міндетіне барынша көп сайлау бөлімшесін қамту, барлық тәртіп бұзу оқиғасын тіркеу, қосымша дауыс санағын жүргізу кіреді. Мұның бәрі сайлаудың әділ өтуіне кепілдік бере алмаса да, оған біртабан жақындатар еді.

ЖСДП-ның ойыннан шығуы бақылау керек емес дегенді білдірмейді, бірақ сайлаудағы шиеленісті жоғалтуы мүмкін. Оппозиция бақылауда болса да, заң бұзушылық тіркелген жағдайда негізгі зардап шегуші тарап ретінде қатысатын еді. Ал алдағы сайлауға қатысатын ойыншылардың көбі дауыс ұрланса да, бас көтере қоюы неғайбыл.

Нәтижеге қатысты болжам

Сонымен, 10 қаңтарда болатын сайлауға биліктің «Нұр Отан» партиясы және билікке жақын төрт партия қатысады, олар: Парламенттегі «Ақ жол» мен Қазақстанның халық партиясы және «Ауыл», «Адал» партиялары.

Бесеудің төртеуі немесе бәрі мәжіліске өтуі мүмкін. Бұл аса қатты маңызды емес, өйткені олардың катарында шынайы оппозиция жоқ. Партиялардың бағдарламасында, мәлімдемесінде айырмашылық болуы мүмкін, бірақ ЖСДП ойыннан шыққанда наразы электорат күмәнді болса да жалғыз өкілінен айырылды.

Ашық тартыс та болмайды. Сайлау жоспарланған уақытына сай босаң, сылбыр өтеді. Сайлауалды үгіт-насихаттың көп бөлігі мейрам күндеріне келеді. Алдымен Тәуелсіздік күні, сосын Жаңа жыл. Партиялар да халықты белсенділігімен мазаламайды деген сөз, соған орай халықтың да сайлаумен шаруасы болмайды.

Бір жарым жыл бұрын, президент сайлауынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың қажеттігін айтқан болатын. Ал қазір жағдай қалай? Жаңа оппозициялық күштер партияларын тіркей алмай, сайлаудан тыс қалды. Бұрынғы оппозиция өкілдері басқа оппозициялық күштермен бірігуден қорқып, ойыннан шығып кетті.

Екінші президент тұсындағы бірінші парламент сайлауы оппозициясыз өтеді.