7767
5 марта 2021
Urban Forum Kazakhstan, фото Жанар Каримованікі

«Кедергісіз орта қалыптастыруға тиіс мамандардың деңгейі өте төмен екенін көрдік»

Қазақстанда қозғалысы қиын адамдардың мүддесі неге ескерілмейді?

«Кедергісіз орта қалыптастыруға тиіс мамандардың деңгейі өте төмен екенін көрдік»

Urban Forum Kazakhstan “Қолжетімді Қазақстан” үкіметтік емес ұйымымен бірлесе отырыпӘмбебап дизайн апталығын өткізуде. Александра Шаронова мен Захира Бегалиева бастаған сарапшылар Әділ Нұрмақовқа Қазақстанда әлі де мүгедектігі бар немесе мүгедек емес балалар мен қарттар, уақытша жарақат алғандар мен басқа да адамдар қалада өзін сенімді әрі қауіпсіз сезіне алатындай жағдайды неліктен қамтамасыз ете алмай отырғанымызтуралы айтты.

Ә.Н.: Әңгімені немен шұғылданатындарыңыздан бастасақ…

А.Ш.: 2016 жылы үш жылдық «Қолжетімді Павлодар» жобасын бастадық. Әуелі облыс аумағында, кейін бүкіл Қазақстанда біртіндеп кеңейте отырып, кейіннен логикалық тұрғыда коалицияға бірігіп, «Қолжетімді Қазақстан» жобасына көштік. Жұмысымызға нысандардың қолжетімділік картасы, сарапшыларды оқыту, құрылыс нормативтері жөніндегі тренингтер, нысандардың және көрсетілетін қызметтің қолжетімді болуына мониторинг жасау бойынша онлайн курс кіреді. Біз құрылысқа қатысты күрделі ақпаратты қолжетімді етуге тырысамыз.

Одан бөлек, объектілерді бейімдеу жөніндегі ұсыныстар дайындаймыз және өңірлердегі әріптестерімізге ұсыным дайындауға көмектесеміз. Бізге әлеуметтік инфрақұрылым бағытындағы бизнес нысандардың меншік иелері мен мемлекеттік органдар қоғамдық ғимараттардың қолайлы болуын қамтамасыз ету бойынша кеңес алу үшін жиі жүгінеді. Қайта жөндеу немесе құрылыс жұмысы кезеңінде араласып, біз берген ұсынымдардың арқасында жобаның қолжетімділік нормасы ескеріліп, қайта жасалған жағдайлар болды. Павлодарда екі жобалау бюросымен жұмыс істеймін. Бастапқыда олар да «Бұл мүмкін емес!» дейтін, бірақ кейіннен кеңесімізге құлақ түріп, өзгеріс енгізіп, жобаларды қолжетімді етіп жасай бастады.

Өздері істеуге тиіс жұмысты біз атқара алатынымызды түсінгеннен кейін болар, Павлодардағы мемлекеттік органдар бізге оң қабақ танытты. Олар қажет кезде әкімшілік ресурсты қолданса жетіп жатыр.

З.Б.: Мүгедектігі бар адамдардың құқығы мен мүддесін қорғаумен айналысып келе жатқаныма 18 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде біз олардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған 15-тен аса жобаны іске асырдық. 2016 жылы біздің топ «Шалғай елді мекендердегі мүгедектігі бар жандардың мемлекеттік қызмет көрсету түрлеріне қол жеткізуі» жобасын іске асыра бастады. Алматыда, астанада ақпарат көп, кез келген адам қажетті ақпаратты тауып, тренингтен өтіп, кеңес ала алады, ал шалғай өңірлер «шетте» қалып қояды. Бірақ, сол кезде тек мүгедектігі бар адамдар үшін ғана емес, жалпы халық үшін де мемлекеттік қызмет түрлеріне қол жеткізу оңай емес екеніне куә болдық. Сауалнама жүргіздік, ұсынымдар дайындадық, оларды тестілеуден өткіздік. Ең бастысы, біздің көптеген ұсынысымыз кейіннен іске асты.

Захира Бегалиева

Александрамен бірге инфрақұрылымның қолжетімді болуы бағытында жұмыс істей бастадық, содан кейін «Қолжетімді Қазақстан» тобы құрылды. Онда мен мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесе отырып жұмыс істеймін. Стратегиялық тұрғыда бізде бір ғана әлеуметтік миссия бар екенін, айналамызды жақсартқымыз келетінін түсінетін қарым-қатынас құруға тырысамыз. Бір-бірімізге қарсы тұрғанша, бәріміз бірге қолға алып, бірлесе жасасақ болмай ма? Біздің жобамыз жайлы қала қалыптастыру жолында бәрімізді біріктіруі тиіс.

А.Ш.: Айтпақшы, практикалық және оқыту жұмысынан бөлек, нормативтік құжаттарға сараптамалық бағалау жасаймыз.

Қолданыстағы құрылыс қағидалары жинағынан 30-ға жуық қате таптық, оларды тіркеп, министрлікке жолдадық. Әзірге жауап жоқ.

Тағы бір бағытымыз – қолжетімді баспана. Әкімдікпен бірлесе отырып, қолайлы баспанаға қол жеткізген жағдайлар болды, біз есік ойықтарын кеңейтуді, көтергіштер мен пандустар қоюды ұсындық. Адам үйінен еш кедергісіз шығып, қалаған жеріне баруы қаншалықты маңызды екенін түсінесіз бе? Осыған қол жеткізгенде ғана қаладағы басқа нысандарда кедергі болмауының мәні болады.

Ә.Н.: Қолайлы орта қалыптастыру мәселесімен айналыса бастауыңызға не түрткі болды?

З.Б.: Бастапқыда мүгедектігі бар адамдардың проблемасын шешу мен үшін жәй ғана қосымша шаруа болатын. Өзімнің де мұндай жандарға қатысым болғандықтан, көмек көрсеткенім үшін ақша алмауым керектей сезіндім. Ол кезде коммерциялық құрылымда жұмыс істейтінмін, табысым жеткілікті болды, ал қоғамдық жұмыспен тек бос уақытымда шұғылдандым. Біраз уақыттан кейін бірде анаған, бірде мынаған алаңдап, қайырымдылық саласында да, негізгі жұмысымда да шаруаны аяғына дейін апара алмай қалып жүргенімді түсіне бастадым. Осы кезде мұның үлкен шаруа екенін, жұмысыңды сапалы істеп, басқа адамдардың өмірін жеңіл, көңілді әрі қызықты етуге көмектессең, ол үшін ақша алудың ұят емес екенін түсіндім.

А.Ш.: Он жылдай уақыт бұрын біздің ұйым мүгедектігі бар жастарға арналған «Ашық өнер – Доступное искусство» жобасын жасады. Жоба барысында қатысушылармен достасып кеттік. Олардан мүгедектігі бар жандардың қоғамдық кеңістікте нендей қиындықтарды бастап өткізетінін білдік. Аяғымды сындырып алып, өзім де қиын жағдаймен бетпе-бет келдім. Толық жазылуым үшін бес жыл қажет болды, осы уақыт аралығында шектеулі қозғалыстың қандай болатынын өз басымнан өткердім. «Қолжетімді Павлодар», одан кейінгі «Қолжетімді Қазақстан» жобалары осылай пайда болды.

Александра Шаронова

Біздің еліміз бізде бәрі қолжетімді деп есеп бергенді жақсы көреді, ал іс жүзінде біз тіптен үйімізден шыға алмаймыз. Шыға қалсақ, инфрақұрылым мен қоғамдық нысандардың барлығы дерлік әлі күнге дейін бейімделмегенін көреміз. Бұл салада шешілмеген мәселе шаш-етектен, оның ең бірінші себебі проблеманы түсінбеуден туып отыр. Халықтың дені өз басына түспесе, мұндай мәселе бар екенін білмейді де. Көбінесе өзі немесе туыстары жарақат алғанда ғана қолжетімді орта туралы ойлай бастайды.

Ә.Н.: «Қолжетімді Қазақстан» жобасының негізгі ақпарат ресурсы – өзіңіздің интерактивтік картаңыз туралы айтып беріңіз.

А.Ш.: Қолжетімділік картасы – қозғалысы шектеулі пайдаланушыларды қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге қандай объектілердің дайын екенінің анықтамалығы ғана емес. Карта – адамдарды тартудың, жобаға қатысушылар тобын кеңейтудің де бір құралы. Қолжетімді орта тек мүгедектігі бар жандар үшін ғана емес, қозғалысы шектеулі барлық азамат үшін маңызды. Мәселен, Павлодарда тиісті нысандарды картаға қосуға атсалысқан еріктілер кішкентай баласы бар, яғни балалар арбасымен жүретін ата-аналар болды. Карта бір жағынан қорғау құралы сияқты, оған мемлекеттік органдар назар аударады.

З.Б.: Мен өңірлерге сапармен көп барамын. Көп қалада мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізіп, картаны түйткілді тұстарда пайдаланып, мүгедектігі бар адамдарға арналған нысандарды бейімдеу жөніндегі мониторингке енгізуге келісеміз.

Ә.Н.: Сіз үшін «қожетімділік» немесе қолайлылық деген не?

А.Ш.: Қарапайым сөзбен айтсақ, қолайлылық деген – адамның қандай да бір объектіге қауіпсіз, өз бетінше және қиналмай кіріп, қалаған қызметін пайдалану немесе тауар сатып алу мүмкіндігі. Кез келген адам ешкімге сүйенбей, өз бетінше жүргісі келеді. Әлбетте, көмек күтетіндер де бар. Бірақ көп жағдайда адам ешкімге тәуелді болмай, барғысы келген жерге кедергісіз барып-қайтуды дұрыс көреді.

З.Б.: Қолжетімділік – өзімді ешнәрседен шектемеу. Мейрамханаға барғым келсе – бару, шаштаразға баруым керек пе – бару, ақпарат қажет болса, қажетті порталға кіріп, ол жерден өзіме қажеттінің бәрін тауып алу. Қолжетімділік деген – кедергілерді еңсеру үшін түрлі сынақтан өтуге тура келетін квест емес, барынша жайлы өмір. Күні кеше Қызылордада қатты шаршадым, өйткені онда жүргіншілер жолының бәріне өрнектас төсеп тастаған. Дөңмен жүргендей болдым, 5 минутта жетіп баратын жерге 10 минут жүруіме тура келді, оған қоса арбамды итеріп жүрді.

Тағы бір қарапайым мысал: мен аштыққа шыдаймын, шөлге де шыдауға болады, киноға бармасам да ештеңе болмайды, бірақ дәретханаға бармай тұра алмаймын. Мен өзіме қолайлы дәретхананы қайдан тапсам екен деп ойламауға тиіспін. Немесе, мәселен, арықтарды алайық. Мүгедек емес адам бұл жерден ешқандай проблема көрмейді, еш қиналмастан аттап өтіп кетеді. Ал мен аттап өтіп кете алмаймын.

Кеше бесінші қабатта өтетін кездесуге баруым керек болды, лифт жоқ екен. «Біз шығып, көмектесеміз, қолтығыңнан демеп ішке кіргіземіз, шығарамыз» дейді. Бұл қолайсыз, өйткені мен олай жүргім келмейді. «Мені қолтығымнан демеп шығарудың қажеті жоқ!» – дедім. Егер мені көтеріп жүрсе, қанша жерден мықты маман болсам да, өзімді кем сезінемін.

Ә.Н.: Қолайлылық тұрғысынан алғанда Қазақстанда күнде көріп жүргенімізден басқа тағы қандай проблема бар? Айналамыздағы ортаның жайсыздығы, бізді бір нүктеден екінші нүктеге жеткізуге қауқарсыз қауіпті пандустар мен тактиль плитка – себеп емес, басқа факторлардың салдары ғой. Қолжетімділік жөніндегі талаптар неліктен нақты қолдау таппайды?

З.Б.: «Захира, мұны сізге зиян келтіру үшін істеп жатыр деп ойлайсыз ба?» – Жақында Қостанайда маған осындай сұрақ қойды. Әлбетте, жаман ойлары жоқ шығар, сонымен бірге білім де жоқ дер едім. Мұндай сәулет жобасы қалай пайда болды, ол сараптамадан қалай өтті, қолжетімді орта жөніндегі нормалардың сақталмағаны үшін кім жауап береді?

Қоғамдық сананы өзгерту қажет. Сәулетшілер ғана емес, жалпы кез келген қоғам мүшесі емін-еркін жүріп-тұруы қиын адамдар бар екенін, олардың тұрмысын жеңілдетуге болатынын білуі керек. Тағы да қайталап айтамын, әңгіме мүгедектігі бар адамдар туралы емес. Бұл кез келген адамның басына түсуі мүмкін жағдай, ал қартайған сайын әр адамның қозғалысы шектеледі.

А.Ш.: Біз кедергісіз орта қалыптастыруға тиіс мамандардың кәсіби деңгейі өте төмен екенін көрдік. Олар өздері түсінбейтін іспен шұғылданып отыр және олардың мұны қалай істеп жатқаны, қалай түсінетіні ешкімді қызықтырмайды. Біздің жоғары оқу орындарында бұл саланы оқытатын пән де жоқ.

Бәрі қолжетімділік талаптарын есепке алмай, жобалау-сметалық құжаттарды әзірлейтін адамдардан басталады. Әлбетте, жобалаушы бекітілген сметаны алып, өзіне берген нәрсені жобалайды, ал құрылысшы жоба бойынша салады. Авторлық қадағалауды әдетте тапсырыс берушіге толық тәуелді құрылымдар жасайды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау (МСҚБ) инспекциясы тек жобалау-сметалық құжаттаманы ғана бақылай алады, ал іс жүзінде ештеңені өзгерте алмайды. Мемлекеттік те, ведомстводан тыс сараптама да мұның барлығын өткізіп жібереді. Ақырында қолайсыз нысан болып шығады да, , оны бейімдеуге кейіннен қосымша ақша бөлуге тура келеді. Сонымен, алғашқы себеп – біліктіліктің төмендігі, ашығын айтқанда, бұл саладағы мамандардың біліктілігі жоқтығы. Қазақстанда мұндай кәсіп мүлдем жоқ. Мемлекеттік органдардың, мәселен, құрылыс бөлімдерінің, сәулет бөлімдерінің басшылары әлі күнге дейін МСН-2003дейтін мемлекетаралық құрылыс нормативтерін пайдаланып жүргені күлкілі. Ал бізде 2015 жылдан бастап мүлдем басқа нормалар қолданылады!

Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үшін ғимараттарды іске қосуға келгенде жақсы көрсеткіш маңызды. Олар дұрыс салынбаған немесе қабылданбаған ғимарат үшін «сөз естиді». Мәселен, мен жаңа объектінің басына барып, бәрін өлшеймін, нысан қолайлылық жөніндегі нормативтік құжаттамаға сәйкес келмейді деген қорытынды жасаймын, фотосуреттерді қоса тіркеймін. Әлеуметтік қорғау бөлімі іске қосу актісіне қол қоюы керек. Қол қоймайды деп ойлайсыз ба? Қол қойып береді! Егер қол қоймаса, облыс әкімі қоңырау шалып: «Сен неге менің көрсеткіштерімді бұзасың? Жылдам қолыңды қой!» – дейді.

Мұндай жағдайда да олар тығырықтан шығатын жол тауып алған. Олар құрылысшылардан жарты жылдың ішінде бейімдеу жұмысы жүргізіліп, ғимараттың қолжетімді болатыны туралы кепілдеме хат талап етеді. Егер ол басынан дұрыс жобаланбаса, құрылысшылар қалай қолжетімді етпек?! Әлбетте, ешкім ешқандай сапалы өзгерістер енгізбейді, өзгертсе де тек болмашы нәрсе ғана.

Мұның соңы құқық қолдану ісінің ақсауына алып келеді. Заңнама бойынша, нысанның иесі мұндай нәрсе үшін жазалануы мүмкін, бірақ бізде мұндай жағдай өте сирек болады.

Қолайсыз жоба жасағандар да, оған дұрыс сараптама жасамағандар да жауап бермейді.

Барлық тарап өзінің жауапкершілігін сезінуі керек және тәртіп бұзған болса, жазасын алуы керек. Американы алайықшы. Онда бюджеттің ақшасына қолжетімсіз объектіні жобалау және салу мүлдем мүмкін емес. Барлық маман ондай заң бар екенін, оны орындау қажет екенін біледі. Өйтпеген жағдайда, жұмысыңа зияны тиеді, айыппұл салып, түрмеге жабуы да мүмкін.

Осыған байланысты қазір бізде тағы бір проблема бар. Ол – шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий. Бұрын біз шағым жазсақ, жергілікті биліктегілер барып, объектіні тексеретін, кемшіліктерді жоюға ұйғарым беретін. Қазір бүкіл Қазақстанда біздің арыз-шағымымыз қабылданбайды. Турасын айтқанда, мүгедектігі бар адамдарды елемеу есебінен кәсіпкерлерге қолдау білдіреді. Бұлай болмауға тиіс! Мораторий басқа заңдарға әсер етпеуі керек және олардың қолданысын жоймауға тиіс. Егер заң бар болса, оны орындау қажет. Барлығы мемлекет саясатына келіп тіреледі.

Ә.Н.: Біздің қалаларымызда тұрғын үй қорының негізгі бөлігі және қоғамдық ғимараттар кеңестік кезеңде салынған, сол себепті бейімдеу мәселесі өте өзекті. Экономиканың бұл моделінде бизнес болмағандықтан, оған сай орын да болмады. Капитализмге көшу ғимараттардың бірінші қабатын, бірінші қабаттағы пәтерлерді қайта жасақтауға сұранысты арттырды. Мұндайда кіреберіс есік көбінесе жердің деңгейінде бола бермейді. Бұларды не істеу керек?

А.Ш.: Заңның кері күші жоқ. Егер нысан ертеректе іске қосылған болса, біз ештеңе жасай алмаймыз.

Біріншіден, көп жағдайда олар ғимарат алдындағы жерге иелік ете алмайды, сол үшін көтергіш қоюға құқы жоқ. Біз мұны түсінеміз және оларға мүгедектігі бар клиенттер, қарт адамдар немесе қозғалысы шектеулі өзге де қиын жағдайдағы адамдарға ыңғай танытудың басқа түрлері туралы кеңес береміз. Бұл дәрі-дәрмек, азық-түлік немесе басқа да тауарларды жақын жерде тұратындардың үйіне жеткізіп беру болуы мүмкін. Бұл да өзіндік икемделу, қолайлы жағдай жасау болып саналады.

Біз тіптен олардың үстінен шағым да жазбаймыз. Шағымданған күнде кәсіпкердің жұмысына кедергі келеді, бизнесінен айырылады, адамдарды жұмыстан босатады, ал тұрғындар жақын жердегі дәріхана немесе дүкеннен айырылады. Бірақ біз қолайлы ортаның аса қымбат емес элементтерін, айталық, бірінші және соңғы басқышқа кереғар сызық жасауды, дұрыс ұстағыш қоюды ұсынамыз.

Бейімделуге кететін қаржы жүктемесіне қатысты айтар болсақ, біз бір реттік емес, кезең-кезеңмен қайта жаңғырту механизмін әзірлеуге, қайта жаңғыртуды 3-5 жылға «соза тұруға» көмектесеміз. Бұл меншік иелеріне шығынын есептеуге және жоспарлауға жәрдемдеседі. Олар біздің жай ғана келіп, мүмкін емес нәрсені талап етпейтінімізді түсінеді. Біз олардың құқығы мен мүмкіндігін ескеріп, меншік иелерінің құқығы мен мүгедектігі бар адамдардың құқығы арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізгіміз келеді.

Бизнес нысандары мен мемлекеттік мекемелерге қағидалар жинағы бойынша бейімдеуді таңумен шектелгіміз келмейді. Біз меншік иесіне қаржылық жағынан тым ауыр болмауын да ойлаймыз, сонымен бірге мүгедектігі бар адамдардың барлық санаты үшін барлық талап ескерілетіндей шешім табуға тырысамыз. Осы жерде бізге әмбебап дизайн көмекке келуі мүмкін!

Ә.Н. Қолжетімділік, қалай болғанда да, заңнамаға енгізілген, белгілі бір дәрежеде қалыптасқан ұғым. Оған сілтеме жасауға болады. Ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдардың құқығын табанды түрде қорғап келдіңіздер. Енді неліктен баршаға арналған ортаны жобалау, яғни әмбебап дизайн тақырыбына бет бұрдыңыздар?

З.Б.: Мүгедектігі бар жандарға қолайлы нәрсенің барлығы басқаларға қолайлы болады. Айталық, Алматыда БРТ жасады, енді автобустар аялдамаға жүргіншілер жолы деңгейінде тоқтайды. Бұл, негізінен, әмбебап дизайн элементі. Ол мүгедектігі бар адамның, қарттардың, арбадағы баласы бар ата-аналардың қоғамдық көлікке мінуін қолайлы етеді. Ауыр әрі тар есікпен салыстырғанда, есіктердің автоматты ашылуы әлдеқайда жайлырақ. Мысал жеткілікті. Сондықтан біз орта адамдардың барлық санатына қолайлы болсын дейміз. Бұл коммуникациялық тұрғыда да қоғамдық санада қалыптасқан «ерекше қажеттілігі бар адамдарды» басқаларға қарсы қоюды еңсеру үшін маңызды деп ойлаймын. Шын мәнінде әмбебап дизайн бәрімізге қажет.

А.Ш.: «Қолжетімді орта» ұғымы бейімдеуді білдіреді, ал әмбебап дизайн барлығына бірдей қолайлы шешімдерді бастапқыда ойластыруды талап етеді. Бір мысал келтірейін. Екі жыл бұрын Павлодарда тұрғын үй тақырыбын талқыладық. Бізге: «Кең есікті тек бірінші қабатта жасаймыз, өйткені мүгедектігі бар адамдар тек бірінші қабатта тұрады. Қалған қабаттарда кәдімгі есіктер болады», – деді. Мен оларға есіктің ені барлық жерде 80 емес, 90 сантиметр болуы керек екенін түсіндірдім. Кез келген отбасында бір адам уақытша жарақат алуы, тіптен мүгедек болып қалуы мүмкін. Сонда ол не істеуі керек?

Әмбебап дизайн барлық элемент, пайдаланушылардың өмірлік жағдайы мен мүддесі ескерілетінін білдіреді. Одан бөлек, орта баршаға қауіпсіз болуы тиіс және мұның барлығы сыртқы эстетикаға да зиян келтірмеуі керек. Мұның барлығы бастапқы кезеңде дизайнда ескерілуге тиіс. Қарттарға жеке бір жағдай жасаған болып, балаларға, қимыл-қозғалысы бұзылған адамдарға, көру немесе есту бойынша мүгедектігі бар адамдарға, менталды мүгедектігі бар адамдарға бөлек жағдай жасаудың маңызы жоқ, бәріне бірдей қолайлы шешімдер қажет.

Міндетті түрде тепе-теңдік сақталуы тиіс. Басқа санаттың мүддесі есебінен белгілі бір топқа ғана қолайлы жағдай жасауға болмайды.