7899
9 марта 2021
Алина Жартиева, Назерке Құрманғазинова. Фото авторы: Данияр Мүсіров

«Бұл билік үшін емес, өмір үшін күрес»

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні ұйымдастырылған бейбіт шеру қалай өтті?

«Бұл билік үшін емес, өмір үшін күрес»

Наурыздың 8-і Алматыда «Феминита», SVET, «ФемАгора», «ФемСреда», «КазФем» қоғамдық ұйымдары белсенділермен бірге бейбіт шеруге шықты. Феминист белсенділер ұйымдастырған акцияға 350-ден аса адам қатысқан. Бұл – алғаш рет әкімдіктің келісуімен өткен әйелдердің бейбіт шеруі.

Сағат 11:00-ден бастап шеруге қатысушылар талаптарын айту үшін Алматы қаласындағы Махатма Ганди атындағы саябаққа жинала бастады. Олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмағандары да, зейнет жасындағы кісілер де бар. Бейбіт шеруге шыққандармен қатар полиция қызметкерлері де жүр.

Ганди ескерткішінің алдына жиналғандар абыр-сабыр күйде: бірі шеруге келгендерді бақылап жүрсе, екіншісі плакаттарын шығарып, талаптарын айта бастады. Саябақ алаңына әйелдер құқығын қорғауға келген азаматтар саны көбейе түсті. Ұйымдастырушылар шеруге жиналғандардан арақашық сақтауын өтініп, арнайы бетперде таратуға кірісті. Шеруге шыққандарды аралап жүрген бірнеше жас қыз-жігітті байқадық: қолдарында антисептик пен арнайы төсбелгі бар. Ескерткіштің алдына жиналған ұйымдастырушылар «Феминизм Қазақстанды құтқарады!», «Әр әйел маңызды», «Ұрма!» сияқты плакаттарды таратып, шеруде «заң бұзбау керегін» ескертіп отырды.

Шеруді ұйымдастырушылардың бірі, «Феминита» феминистік бастама тобының мүшесі Гүлзада Сержанның айтуынша, 2017 жылдан бері жақтастарымен бірге Алматыда бейбіт шеру өткізуге тырысып жүр. Бірақ тек биыл ғана әкімдік рұқсат берген. «Ең бірінші жылы шеруді санкциясыз өткіздік. 2018 жылы өтініш жазсақ та, шеру өткізуге мүмкіндік бермеді. 2020 жылы да әкімдіктен рұқсат алуға тырыстық. Бірақ бұдан ештеңе шықпады. Ол кезде шеруден кейін екі қызға айыппұл салынды. Биыл қайта өтініш жазып, егер рұқсат бермесе, өзіміз шыға береміз деп ойладық», – дейді Гүлзада Сержан Vласть журналисіне.

Наурыздың 6-cы шеруді ұйымдастыруға рұқсат алған Жәмила Қасымхан мен Эйри Веретрагнді әкімдік шақырып алып, 3,5 сағатқа созылған кездесу өткізген. Бұған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 8 наурыз күні өтетін шеруге шақырғаны себеп болды. Бұл туралы белсенділер Facebook парақшасында хабарлады.

Әкімдікпен туындаған мәселенің тағы бір себебін Гүлзада Сержан да атап өтті. «Әкімдікке әртүрлі арыз-шағымдар түсіпті. Бір топ адам “Гейлер мен лесбиянкалардың парадын өткізуге кім рұқсат берді?” деп шу шығарған екен», – дейді ол. Оның сөзінше, өтінім заңда көрсетілген талаптарға сай болды. Әкімдік рұқсат бергеннен кейін артқа шегіне алмаған. «Шеру емес, тек митинг болса, қалай болады деп сұрады. Біз көнбедік. Кейін құқық қорғаушылар көмектесіп, шеру де өтетін болды», – деп түсіндірді Гүлзада Сержан.

Шеруде «Саяси тұтқындарды босату керек» деген ұранмен шыққан азаматтық белсенділер де болды. Оның бірі – жақында түрмеден шыққан Санавар Закирова. Ол «Nur Otan партиясы мүшесінің қызының денсаулығына орта дәрежеде қасақана залал келтірді» деп айыпталған еді. Закированың айтуынша, шеруге Қазақстанда әділдік жоқ екенін, әйелдердің құқығы қорғалмайтынын шетел азаматтарына көрсетуге келген. «Жақында қамауда отырып шықтым, сол жерде маған үш рет шабуыл жасалды. Сол үшін саяси тұтқындалған әйелдерді қорғауға келдім», – дейді ол.

Өзін «ешқандай топтың мүшесі емеспін» деп таныстарған азаматтық белсенді Кенженің айтуынша, әйелдің құқығы үшін ғана емес, жердің сатылмауы мен саяси тұтқындарға да бостандық талап етуге келген. «Қазақстандағы әділетсіздіктерге көнбегендектен, осы шеруге келдім», – дейді азаматтық белсенді.

Сағат 13:00-де ұйымдастырушылар шеру басталғанын хабарлап, Шевченко көшесінің бойымен Ғылым ордасы ғимараты алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішіне қарай бет алды. Svet қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі Мөлдір Албан қатысушыларға қоқыс тастауға, жеке меншікті бүлдіруге, өшпенділік тілін қолдануға, араңдатушылармен және полицейлермен қақтығысуға болмайтынын ескертіп өтті. «Қазақстанда әйелдер өздерін әлі де қауіпсіз сезінбейді. Мысалы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты айтатын болсақ, қылмыс жасап, жазаланбағандар бар. Оларға тек ескерту беріледі. 8 наурыз мерекесін көбі дұрыс түсіне бермейді. Оның түпкі мағынасы да бар. Бұл – әйелдердің өз құқығы мен мүмкіндіктері үшін күрескен күні», – дейді Мөлдір Албан.

Белсенділер «Әйел құқықтары – адам құқықтары», «Қызға 40 үйден бостандық», «Тұрмыстағы әлімжеттікке қарсы заң керек» деп ұрандата бастады. Қатысушылардың арасында әйелдер, ерлер, ата-анасымен шыққан балалар, қарт кісілер, әртүрлі жыныстық ориентация өкілдері болды. Кейбірі үй жануарларын да ала шығыпты.

Әйел құқығын қорғау мақсатында шыққандардың бірі – Баубек Сағындық. Ол қызының болашағына аландағандықтан шеруге келген.

«Менің бір қызым бар. Сол үшін келдім. Өйткені қызымның болашағын теңдіксіз, қатігез, әділетсіз қоғамда елестете алмаймын. Бұл – менің алғашқы маршым, алғашқы митингім. Өте керемет сезімдемін. Мереке мерекеге сай өтіп жатыр. Алдағы уақытта да феминизм, әйелдер мен еркектердің теңдігі туралы және қоғамда болып жатқан озбырлық, зұлымдық туралы әрқашан айтып, көрсетіп отыруымыз керек. Егер біз айтпасақ, бұл проблема жалғаса береді», – дейді Баубек Сағындық Vласть журналисіне.

Шеру кезінде полиция қызметкерлері Шевченко көшесінің бойында көлік қозғалысын қадағалап, шерушілерге еркін қозғалуға жол ашып отырды. Сондай-ақ, көшенің екі жақ бетінде 10 метр арақашық сақтаған полицейлер қатар қозғалып отырды.

Бейбіт шеру қатысушыларына өтіп бара жатқан көлік жүргізушілері сигнал беріп, қолдау білдірсе, тұрғын үй терезелерінен қарап тұрған халық қол шапалақтап, фотоға түсіріп жатты.

Шеру басталғанына 30 минут өткенде күлгін көйлек, басына парик киген жігітті «араңдатушы» деп полицейлер ұстап әкетті. Ол журналистерге ештеңе істемегенін айтып үлгерді. Бұдан басқа бейбіт шеруге шыққандарды бұрынғыдай ұстап әкеткен жағдайлар болмады.

Сағат 13:40-та Шевченко мен Масанчи көшесінің қилысында ұйымдастырушылар алдын ала жоспарланған флешмоб болатынын хабарлады. Белсенділер бірнеше қатарға тұрып, «Әйел ерге күң емес, не істесе жақпайтын. Әйел елге құл емес, ұнамаса боқтайтын. Әйел саған гүл емес, табаныңда таптайтын» деп ұрандатып, бір орында адымдай бастады.

Флешмоб бес минутқа созылып, шеру Назарбаев даңғылына қарай қайта жалғасты. Арасында шерудің басында келе жатқандар кідіріп, артында қалып қойған қатысушыларды күтіп тұрды.

14:05-тен өте әйел құқығын қорғау мақсатында шыққан шерушілер бес шақырымды жүріп өтіп, Уәлиханов ескерткішіне жетті. Бұл кезде қатысушылар саны жүздеген адамға таяп қалған еді. Сағат 3-ке жоспарланған митинг уақытынан ерте басталып кетті.

«Әйелдердің, лесбиянкалардың, бисексуалдардың, трансгендерлердің, квир мен секс-жұмыскерлердің дауысы енді үнсіз қалмайды», − деп бастады «Феминита» бастамасының негізін қалаушы Жанар Секербаева.

«Бүгінгі шеру тарихи дәстүрге айналады. Бұдан былай бейбіт шеруге шыққан әйелдерге айыппұл салынбайды деген үміттенеміз», – деп жалғастырды Арина Осиновская.

Еске сала кетсек, былтыр 8 наурыздағы шеруден кейін Арина мен белсенді Фариза Оспанға айыппұл салынған болатын.

«Біздің шерудің тақырыбы: «Әртүрлі әйелдердің құқығы мен белсенділігі». Әйелдер белсенділігі билік үшін емес, өміріміз үшін күрес. Бұл – зорлаушының қолынан қаза тапқан әрбір әйел үшін күрес. Бұл – өзін-өзі қорғау үшін түрмеге отырған әрбір адам үшін күрес. Үнсіз қалмаған әрбір әйел үшін күрес. «Әртүрлі болсақ та теңбіз» деген әдемі ұран бар. Бұл біз туралы», – деді «КазФем» және FemAgora өкілі Арина Осиновская.

Оның сөзін «Феминита», SVET, «ФемАгора», «ФемСреда», «КазФем» феминист ұйымдардың өкілдері Гүлзада Сержан, Жәмила Қасымхан Мөлдір Албан, Арина Осиновская, Мира Оңғарова жалғастырды.

Митинг барысында «Әйелдер әні» орындалды. Өз құқығын қорғап келгендердің арасында студенттер де бар. «Әйелдерге көрсетіліп жатқан заңсыздық, зорлық-зомбылық тоқтатылуына өзімнің атымнан бір тамшы болса да үлес болсын деп шықтым. Әркім өзінен бастау керек дейді ғой. Бәрі шығып жатыр деп үйде отыра берсек, онда қазір адам аз болар еді», – деп жауап берді 1-курс студенті Сембі Аяжан.

Сағат 15:00 кезінде «Әртүрлі әйел құқығы мен белсенділігі» тақырыбында өткен бейбіт митинг аяқталды. Ұйымдастырушылар шерудің резолюциясын қайта оқып, әр әйелдің конституциялық құқығы үшін күрес жалғасатынын айтты.