7947
22 октября 2021
Ирина Гумыркина, Жанара Кәрімова, Vласть

Құлдырау кезеңін өткеру

Серебрянск қаласының қайта жандануы екі талай, тіпті қала мәртебесінен айырылуы мүмкін

Құлдырау кезеңін өткеру

Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск қаласы – Қазақстандағы 27 моноқаланың бірі. Отыз жылда тұрғындардың біразы қаладан көшіп кеткен. Жақын арада Серебрянск қала мәртебесінен де айырылуы мүмкін. Еліміздегі басқа да шағын қалалардағы сияқты мұнда да жұмыс аз, жаңа үйлер мен инфрақұрылым да жоқ. Бұрын зымыран-зенит полкінің командирі болған, қазір қала әкімі болып қызмет ететін Нұрлан Махамбетов Серебрянск қала мәртебесін сақтап қалатынына, жастардың қаладан кетуі тоқтайтынына сенеді.

Vласть Серебрянск қаласына бұған дейін де келген, биыл өзгеріс байқала ма деген ниетпен тағы да келді. Бұл – кейінгі он жылдағы үшінші сапар.

Серебрянскіге автобус қатынамайды, қалаға таксимен жетуге тура келеді. Өскеменнен мінген көлігіміз автобекет деген аты бар, шөп басқан бір жерге алып келді. Қазіргі автовокзал ғимаратында тіршілік белгісі байқалмайды: бірді-екілі ағаш орындық пен екі таксист көзге түсті. Автобус деген атымен жоқ. Осы жерде Еленамен (аты өзгертілді – V) кездестік. Елена бұрын тігін цехында жұмыс істеген, олар Бұқтырмадағы цемент зауытына арнайы киім тіккен екен. Биыл тендер ала алмай, тапсырыс жоқ болған соң цех қызметкерлерін таратып жіберіпті. Күйеуі де жұмыссыз. Қала тұрғындарының көбінің жұмысы жоқ.

Серебрянскінің негізі 1952 жылы қаланған. О баста Бұқтырма су электр станциясы салынуына орай құрылысшылар тұратын қалашық ретінде пайда болған. Бір жылдан кейін Серебрянскіге қала атауы берілген. Ал 1962 жылы жұмысшылар кенті тікелей ауданға қарайтын қала мәртебесіне ие болды. Қазіргі көрінісі қаладан гөрі кентке көбірек ұқсайды. Бірен-саран азық-түлік дүкені мен кафелер, өткен ғасырдың 60-жылдарынан қалған екі қабатты ескі үйлер, тозығы жеткен жолдар. Көшеде көлік те, адам да аз.

Биліктің уәдесіне тойған, құлдыраудан шаршаған тұрғындар қаладағы мәселелер туралы ашық айтқысы келмейді.

«Кетейін десе, ақшасы жоқ»

– Жұмыс жоқ. (Халық – V) неге көшпейді дейсіз, кетуге ақшасы жоқ. Пәтерін сата алмайды, сатса да арзанға береді, ол ақшамен Ресейге жете алмайсың, – дейді аялдамада отырған әйел. Сәл үнсіз отырды да, сөзін қайта жалғады. – Мамандар жоқ. Теледидар немесе кір жуатын мәшинең істемей қалса, біттім дей бер. Ал қалада баяғы кәсіптік-техникалық училище әлі жұмыс істеп тұр.

Жылжымайтын мүлік сатуға арналған «Крыша.кз» сайтындағы хабарландыруларды шолып шықтық, қаладағы пәтерлердің бағасы 2 миллион теңгеден 6,5 миллион теңгеге дейін. Ал үй бағасы 1 миллионнан 9,5 миллионға дейін екен.

Жергілікті тұрғындар қалада айлық аз екенін айтады. Жұмыс табыла қалғанның өзінде жалақысы 40–80 мың теңге арасында ғана. Өскеменге барып жұмыс істеу тиімсіз, өйткені баспана жалдауға тура келеді.

Жастар қаланың болашағына сенбегендіктен, көбі мектеп бітіре сала басқа жаққа кетуге тырысады. 17 жасар Кристина Муралева да Серебрянскіде туып-өскен, бірақ мектеп бітіре салысымен кеткісі келеді.

– Жұмыс аз, жастарға арналған көңіл көтеретін орталықтар мүлде жоқ. Қазір 11-сыныпта оқып жатырмын, мектепті бітірген соң бірден кетемін. Мұнда мен істегім келетін жұмыс жоқ. Бастауыш сыныптың оқушыларына бапкер болғым келеді. Кейін осында келіп, волейболдан бапкер бола аламын, бірақ…

Кристина Муралева

Серебрянскіде үш мектеп, екі балабақша, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі және колледж жұмыс істейді. Бірақ жалақының аздығынан және кәсіби өсу мүмкін болмағандықтан, жастардың мұнда келгісі жоқ.

2021 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сәйкес, қалада 8 131 адам тұрады. Оның 732-сі 18–29 жас аралығындағы жастар. 1999 жылы қала халқы 56 269 болса, 2009 жылы мұнда 50 500 адам тұрған.

Қала әкімі Нұрлан Махамбетов халықтың көшуін «Кеңес Одағы құлаған кезде-ақ басталған қалыпты құбылыс» деп санайды.

– Жастар ғана емес, жалпы кез келген адам жайлы жер іздейді ғой. Қаңтардан бері әр мекемеге, оқу орындарына барып қайттым. Мысалы, біздегі колледж электрик, токарь, дәнекерлеуші, кондитер, аспаз сынды мамандарды дайындайды. Маған солардың бәрі қайда баратыны қызық. ГЭС-ке (Бұқтырма СЭС – V) барар. Бірақ олар бәрін бірдей алуға қауқарлы мекеме емес. Бұқтырма цемент зауытына баратындар бар, бірақ онда біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін көбірек ақша табуға болатын жер іздей бастайды. Сөйтіп көбі Өскеменге, Семейге, кейбірі Ресейге кетеді.

Серебрянск әкімінің орынбасары Ксения Короткова да көшкісі келген, бірақ пандемияның кесірінен көшуге қажет құжаттарын уақытында тапсыра алмапты. Кейін оны әкім аппаратына жұмысқа шақырып, сонымен қалып қойыпты.

– Мен осы жерде тудым, 13 жыл мектепте жұмыс істедім. Алдымен психолог болдым, сосын оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет еттім. Кейін денсаулығыма байланысты жұмыстан шықтым. Сөйтіп жүргенде әкім аппаратына жұмысқа шақырды. Мені 27 мамырда (әкімнің орынбасары қызметіне – V) бекітті. Нұрлан Мұхтарұлы да (қала әкімі Махамбетов – V), мен де басқа саладан келдік. Бірақ қолымыздан келеді деп ойлаймын, – дейді Короткова.

Нұрлан Махамбетов Серебрянск қаласының әкімі қызметіне 2020 жылдың желтоқсанында тағайындалды. Бұған дейін ол жергілікті әскери бөлімде 6 жыл зымыран-зенит полкінің командирі болған. Сондықтан қаланың проблемасынан хабардар.

– Осы қалада 6 жыл тұрғандықтан, шешімін таппаған мәселенің бәрін білемін. Сол үшін де (әкім болуға – V) келістім. Аз уақыт ішінде бәрін өзгертуіміз керек, идеяларымыз бен жоспарларымызды жүзеге асыру керек, – дейді әкім. – Халықты көтеру қиын. Олар бәрін ауыр қабылдайды. Маған ең бастысы қолдау керек. Сөзбен айта бергеннен ештеңе шықпайды, нәтиже керек. Нәтиже болса, жағдай да өзгереді. Мен әкім ретінде халықты жылумен, сумен және жарықпен қамтамасыз етуім керек. Сосын жұмыс тауып беру керек.

Қалада жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отырған жалғыз ірі кәсіпорын – респиратор жасайтын бейорганикалық өндіріс зауыты еді. Бірақ кәсіпорын қызметкерлерге ондаған миллион, зейнетақы қоры мен әлеуметтік сақтандыру қорына тағы бірнеше миллион теңге берешек болып, қарызға батады. Мекеменің қаржылық қиындығы 2011 жылдары басталған. Сол кезде БТА банктегі несиесі бойынша миллиардтаған қарызға батып, зауыт жұмысы тоқтатылған еді. Кейін оны «Проблемалық несие қорына», содан соң жеке компанияға өткізеді. Бірақ зауытты іске қосу бағытындағы әрекеттің бәрі нәтижесіз болды. Қазірге дейін мекемеде бірнеше инвестор ауысты. Былтыр пандемия кезінде кезекті инвестор зауытты сатып алып, бетперде мен респиратор өндірісін жолға қоймақ болған, бірақ соңында ойынан бас тартты.

Биыл ақпанда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Алтай ауданы әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде зауыт облыстың коммуналдық меншігіне берілетінін айтқан болатын. «Бұрынғы Әкімшілік-тұрмыстық кешен – Серебрянскідегі бейорганикалық өндіріс зауытын коммуналдық меншікке өткіземіз және оны іске қосу үшін жұмыс істейміз», – деген. Дәл сол ақпанда ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов «зауытты көшіру мемлекеттік комиссия шешім шығарған сәттен бастап үш ай ішінде аяқталады» деген еді. Бірақ Серебрянскінің әкімі әлі күтіп отырғанын айтады.

– Қазір мәселе шешіліп жатыр. Коммуналдық меншікке беру туралы үкіметтің шешімі бар. Қазір тек «Проблемалық несие қоры» біздің меншігімізге бергенін күтіп отырмыз, – дейді әкім.

Әкімнің сөзіне қарағанда, бұрынғыдай ауқымда болмаса да, зауытты қайта жүргізгісі келетін инвесторлар табылған: «Зауыт аумағы өте үлкен. Кеңес Одағы кезінде онда үш мың адамға дейін жұмыс істеген. Қазір [инвесторлар – V] зауыт жұмысын қайта жолға қоятын болса, ондағы құрал-жабдықты ауыстыру керек. Мүмкін ол кездегідей үлкен цехтар керек емес шығар».

46 жұмыс орны

Қала басшылары бұл жолы инвесторлар айнып қалмай, зауытты қалпына келтіреді деп үміттенеді. Кәсіпорын бар күшімен жұмыс істемесе де, жергілікті халыққа жұмыс орны пайда болар еді. Махамбетовтың сөзіне қарағанда, инвесторлармен келіссөз облыс деңгейінде жүріп жатыр, сондықтан қала басшыларының бағы жанбаған зауыт мәселесі шешілгенін күтуден басқа амалы жоқ. Әзірге әкімдік басқа жұмыс орындарын ашуға тырысып жатыр.

Қазір қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 1 мамырда басталған құрылыс басында 10 адамға жұмыс табылды, кешен пайдалануға берілген соң тағы да 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге болады. ДСК бұрынғы алаңның орнына тұрғызылып жатыр. Жаңа кешенде бокс залы, жаттығу залдары, футбол алаңы, 250 орындық екі трибуна мен жарыс жолы болады. Кешен бір мезетте 40 адамға қызмет көрсете алады. 2022 жылдың 1 қаңтарында пайдалануға берілетін кешен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің иелігінде болады. Әкім бұл мекеме «жастарды ұстап қалуға көмектеседі» деп сенеді.

– Оған қоса мұз айдынын салсақ деген ойымыз бар, – дейді әкім. – «Қазмырыштан» қаржы сұрағымыз келіп отыр. Бұл – 3-4 жылдан бері ойда жүрген идея. Егер инфрақұрылым болса, ДСК салсақ, төбесі жабық жақсы мұз айдынын тұрғызсақ, ақырындап өсе береміз. Кейін бассейн салу жоспарда бар. Сол кезде қала өмірі жақсара түседі, жастар да қалатын шығар.

Сонымен қатар балық өсіретін кәсіпорыннан Серебрянск тұрғындарына тағы 16 жұмыс орны пайда болмақ. Оны Ертіске балықты қайтару мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Эко Фиш» ЖШС жасап жатыр. Мұнда бекіре, албырт тұқымдас балықтар мен форель өсіріп, оны облыс нарығына, кейін жалпы Қазақстанға шығару жоспарда бар. Кейінірек ТМД аумағына да шығаруымыз мүмкін. Жоба былтыр басталды, қазір жұмыстың 70 пайызы аяқталған: кәсіпорын ғимараты жөнделді, шабақ өсіретін инкубациялық цехтар салынды, сорғыш орнатылды. Биыл жыл соңына дейін жоба толық жүзеге асады деп отырмыз. Аналық бекіре Қырғызстаннан әкелінбек.

– Алғашқы кезде 100 тоннаға дейін өндіруді жоспарлап отырмыз. Кейін, әрине, көбейтеміз. Қазір уылдырық әкеліп, бастапқыда содан 100 тонна балық алсақ деп отырмыз. Былтыр [жобаны жүзеге асырып – V] үлгермедік. Күзде Бішкектен пелядь әкелгіміз келген, бірақ пандемияға байланысты тоқтап қалды, – дейді цех меңгерушісі Ербол Дүзбембетов.

Цех басшысы биылғы шабақтардың бассейніне арнап екінші ғимаратты да қалпына келтіріп, Ертісте салынды қою жоспарда бар екенін айтты.

Серебрянск әкімінің айтуынша, қалада бұған дейін мұндай жоба болмаған. Егер кәсіпорын іске қосылса, ол облысты балықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екі мекемеде ашылғалы отырған 46 жұмыс орнын жергілікті билік жақсылыққа балайды.

30 жылда бір де бір жаңа үй салынбаған

Серебрянскіде бос тұрған ғимарат көп. Кеңес өкіметі кезінде қаладағы тігін фабрикасының жатақханасы болған ғимарат қаңырап бос тұр. Зауыттың әкімшілік ғимараты да 25 жылдан бері қараусыз. 90-жылдары әскери қызметкерлерге арнап салына бастаған үй құрылысы аяқсыз қалған. Қала әкімі: «30 жылдан бері бір де бір құрылыс аяқталған жоқ. Жаңа үйлер мен нысандар да салынбады», – дейді. Қалада баспана мен әлеуметтік нысандарға қажеттілік болғандықтан, қазір бұл ғимараттар жаңа басшылықтың бас ауыртар мәселесі болып тұр.

Былтыр фабриканың жатақханасын сатып алған. Жергілікті билік оны үй алу үшін кезекте тұрған балалар үйінің түлектеріне арнап 36 пәтерлік үйге айналдырмақ. Қорғаныс министрлігінің бұрынғы ғимаратының құрылысын аяқтауға комиссия рұқсат бермепті. Махамбетов оны бұзып, орнына жергілікті аурухананың дәрігерлеріне арнап жаңа үй саламыз деп жоспарлап отыр. Одан бөлек қалада медицина қызметкерлеріне арналған аумағы 90 шаршы метр бір бөлмелі 5 үйдің құрылысы басталған. Оларға бұған қоса он сотықтан жер береді. Үйлер орталық жылу жүйесіне қосылады, барлық коммуникация жүргізіледі. Үйлер 31 тамызда пайдалануға берілмек.

– Бізде дәрігерлер келіп жұмыс істегенмен, кейін баспанасы жоқ болғандықтан кетіп қалады. Сондықтан оларға қызметтік үй тұрғызып жатырмыз. Неге екенін білмеймін, мұнда тұрғын үй жинақ банкі несие бермейді. [Банктер – V] мұнда жұмыс істемейді. Оның да себебін білмедім. Бізде банкомат та жоқ, – дейді қала басшысы.

Бір кездері зауыт меншігінде болған ғимаратта Мәдениет үйі, музыка мектебі, инклюзив орталық, кітапхана, ХҚКО, пошта, спорт зал мен басқа да мекемелер орналастырмақ. Бірақ мұның бәріне ақша керек, ал қаржыны облыс бюджетінен күтуге тура келеді. Десе де, әкімдік бұл жоба облысқа ұсынылып қойғанын айтады.

Ақша жетіспеуі – Серебрянскідегі басты мәселенің бірі. Бұрын аудан орталығы болғанда қаржыландыруға қатысты көп қиындық болмайтын. Енді ондай мәртебесі жоқ, бөлінетін ақша жол жасауға да жетпейді. Былтыр қалада бар-жоғы үш көше жөнделген, биыл тағы үшеуіне жол салмақ.

– Жергілікті бюджет жол салуға жетпейді. Сондықтан өтінім дайындап, қаржы бөлгенін күтеміз, – деп түсіндірді әкім. – Маған [халық – V] келіп, «уәде бердіңдер, ананы-мынаны жасаймыз дедіңдер» дейді. Ал шын мәнінде көп нәрсе біздің билігімізде емес. Мұның бәрі бізге ақша бөлінуіне байланысты. Бәрін жасағымыз-ақ келеді, тек ақша керек. Халық мұны түсінбейді. Әсіресе үлкен кісілер, олар әлі Кеңес Одағымен салыстырады, “кезінде былай болатын, кезінде көмектесетін, кезінде төрт маршрут бойынша автобустар жүретін” дейді. Ал қазір капитализм. Егер [кәсіпкерге – V] тиімсіз болса, ол мұны істемейді. Жергілікті билікте де қандай да бір кәсіпкерді міндеттейтін күш жоқ.

Кәсіпкерлер болса қалада бизнесті қолдау бағдарламалары жұмыс істемейтінін, несие немесе грант алу мүмкін емес екенін және құлдырап бара жатқан қалада жалпы бизнес жүргізу өте қиын екенін айтып шағымданады. Қала билігі банктердің жұмысына қатысты проблема бар екенін мойындайды. Оны қалай шешуге болатыны әзірге белгісіз. Бірақ гранттарға қатысты мәселеде көбі кәсіпкердің өзіне, грант алуға деген талпынысына байланысты деп есептейді.

– Иә, бұл мәселе қиындық тудырып тұрғаны рас, бірақ қандай да бір кәсіп бастағысы келетін кәсіпкерлерге арналған гранттарға келсек, бізде 5 млн теңгеге дейін гранттар береді. Ауданнан келеді, осында отырып жобаларды талқылаймыз. Бізде үш жоба болатын, былтыр екеуі өтпей қалды, грант ала алмады. Өйткені оған да дайындалу керек, қандай да бір маңызы болу керек. Келер жылы осында балаларға арналған ойын-сауық орталығын ашқымыз келген, кәсіпкерлер бар. Серебрянск дәл балалар ойын-сауық орталығы бойынша [конкурстан – V] өтер еді. Сондықтан бұл мәселе кәсіпкердің өзіне, талабына, табандылығына да байланысты, – дейді әкім.

Қала ма, ауыл ма?

Былтыр желтоқсанда «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңға қала мәртебесіне сай келмейтін 13 қаланы басқа елді мекен категориясына ауыстыруды реттейтін өзгеріс енгізілді. Мәртебесінен айырылуы мүмкін қаланың бірі – Серебрянск. Ондағы тұрғын саны заң бойынша көрсетілген 10 мың адамнан аз. Серебрянск әкімі Нұрлан Махамбетов бұған қарсы. Ол, керісінше, қаланы дамыту керек деп есептейді.

– Мен, мысалы, қарсымын. Өйткені бұл – қала. Біз алға жүруіміз керек. Қала атын сақтап қалғанын қалаймыз. Бірақ ол үшін зауыт қалпына келуі керек, жұмыс орындары болуы керек, мұнда ел-жұрт жұмыс істеуге, өмір сүруге келуі керек, – дейді ол.

Ұлттық экономика министрлігі бұл мәселеде халық пікірі ескерілетінін айтады. Ал депутат сауалына берген жауабында үкімет басшысы қала ауыл болып өзгергенде тұрғындар «барлық қолдауға ие болады» дейді. Атап айтқанда, жоғары оқу орнына түсу кезіндегі ауыл квотасы, көтерме жәрдемақы, «Дипломмен ауылға» жобасына қатысу, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру сынды мүмкіндіктерге ие болады деп отыр.

Қаланы ауылға ауыстыру мәселесі халық санағынан соң шешілетін болса керек. Бірақ қала билігі бұлай болмайды деп үміттенеді, өйткені Серебрянскіні қала мәртебесінен айыруға қатысты «түрлі критерий» бар дейді.

Маусым айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Мұндағы өзгерістердің бірі әкімшілік-аумақтық бөліктер санатын өзгерту тәртібі туралы. Атап айтқанда, қала мәртебесін талапқа сай болмаған жағдайда ауыстыру бес жыл ішінде, ал ауылдікі үш жыл ішінде жүргізіледі. Бұл уақыт аралығында жергілікті атқарушы және өкілдік орган елді мекенді алдағы мүмкіндігіне қарай экономикалық дамыту үшін жұмыс істеуі керек.

Қазір моноқалаларды дамыту бағдарламасының орнын 2020–2025 жылдары аймақтарды дамыту бағдарламасы алмастырды. Бұл бағдарлама міндеттерінің бірі – халқы 50 мыңнан көп, функционалдық қалалық аудандардың қатарына кірмейтін моноқалаларды және шекарадағы моно-, шағын қалаларды дамыту.

2020 жылы 9 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының Парламент мәжілісіндегі депутаты Арман Қожахметов шағын және моноқалалардың ерекшелігін ескере отырып, салалық даму бағдарламасын жасап шығуды ұсынды. Ол премьер-министрдің атына жолдаған сауалында «Қазақстандағы шағын және моноқалалардың біраз мәселесі (апаттық жағдайдағы және ескі үйлерді жою, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның нашарлығы, коммуналдық желілердің тозығы жетуі, еңбек нарығының дамуы, экономика диверсификациясы, көлік алшақтығы және көлік жолдарының нашарлығы, экологиялық әл-ауқат пен басқа да моноқалаларға тән мәселелер) әлі күнге дейін өзекті және үкіметтен жеке көңіл бөлуді талап етеді» дегенді айтқан.

Оның сөзінше, моноқалалардағы электр желілері мен сумен қамту желілері тозған, апаттық жағдайдағы және ескі үйлерді жою мен тұрғын үйлерді күрделі жөндеу мәселесі өте баяу шешіліп жатыр, ал жүргізілген экономикалық жобалардың ешқайсы ұзақ мерзімде экономикалық диверсификация мәселесін шеше алмай келеді.

«Жалпыға арналған мемлекеттік бағдарламалар мұндай елді мекендердің ерекшелігін ескере бермейді. Мысал ретінде, моноқалалардағы коммуналдық саланың жекешелендіруін алсақ болады. Моноқалалардағы төмен тарифтер мен шектеулі нарық инвесторларға экономикалық стимул бермейді. Қазір қалаларды абаттандыру және көгалдандырумен, көшелерді тазалаумен кездейсоқ тендер жеңімпаздары айналысады. Мұндай жұмыстардың сапасы төмен. Ұзақ мерзімді жоспарлауға қатысты да қиындықтар бар. Мұның бәрі шағын және моноқала тұрғындарының шағымдануына алып келеді», – дейді депутат.

Премьер-министр Асқар Мамин депутат сауалына берген жауабында 2012 жылдан 2019 жылға дейін шағын және моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымын жаңартуға 76 млрд теңге жұмсалғанын, 721 жоба жүзеге асқанын және 2019 жылдан бері шағын және моноқалаларды жыл сайын 10 млрд теңгеге қаржыландыру қарастырылғанын айтты. 2021 жылы республикалық бюджеттен 7 шағын және 8 моноқалада 19 жобаны іске асыру үшін 7,7 млрд теңге бөлінген (Ембі, Қандыағаш, Қапшағай, Құлсары, Риддер, Шу, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Арал, Қазалы, Лисаковск, Форт-Шевченко, Екібастұз).

«Елдің экономикалық жағдайы жақсаруына қарай алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту үшін бөлінетін қаржыны көбейту қарастырылады», – деп жазады Мамин.

Сондай-ақ, премьер қазіргі бірқатар мемлекеттік бағдарлама механизмі шағын және моноқалалардың дамуына септесетінін айтады. Ол мысал ретінде индустриялық-инновациялық даму мен кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасын айтады.

«2012 жылдан бері моноқалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға 38 млрд теңге жұмсалды, оның 23,2 млрд теңгесі – 1,5 мың жобаны субсидиялауға, 7,2 млр теңгесі – 502 жоба бойынша кепілдік беруге, 5,9 млрд теңгесі – микронесие беруге және 1,7 млрд теңгесі гранттарға бөлінді», – деп статистика келтіреді үкімет басшысы.

Асқар Мамин моноқалалардың көбінде «тот басқан белдеу» белгісіне ұқсас мәселелері бар екенін айтады. Олар – өндірістік өнеркәсіптің қысқаруын бастан өткерген және соның салдарынан тұрғындарынан айырылған, жұмыссыздық пен қылмыс өскен, өндірістің тоқтауы мен адам капиталының азаюына тап болған индустриялық өңірлер. 2020 жылы қыркүйекте мемлекет басшысы ықтимал қауіптерге жол бермес үшін үкіметке моноқалалардың дамуына қала құрушы кәсіпорындармен бірге «жаңа тыныс» беріп, өндірістік және өңдеуші салаларды кешенді дамытуды тапсырған. Соның аясында үкімет «Қалалар – өсім орталығы» ұлттық жобасын іске асыру арқылы моноқалаларды мемлекет тарапынан қолдау бойынша қазіргі амалдарды қайта қарауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, шағын және моноқалалар үшін инженерлік инфрақұрылым обьектілерін салу мен қайта құруға бөлінетін қаржыны 2022–2025 жылдары 90 млрд теңгеге дейін өсіру ұйғарылған. Сондай-ақ, түсті металлургияда «жоғары нәтиже» көрсету үшін 50 мыңнан астам халқы бар ірі моноқалаларда дамыған аумақтар құру қарастырады және мемлекет моноқалаларда жергілікті кәсіпкерлікті дамыту бойынша қала құрушы кәсіпорындармен серіктестік бағдарламаларын жаңартуды жоспарлап отыр.

Үкімет басшысы моноқалалар экономикасын жаппай кәсіпкерлік арқылы қолдайтынын, онда тұрғын үйлер салынатынын, жаңа кен орындары ашылатынын және моноқалалардың ірі оқу орындарымен байланысын күшейтетінін мәлімдеді. Ал моноқалаларды салалық дамыту бағдарламасының қажеті шамалы деп есептейді.

«Болашақтан үміт көп»

Серебрянск билігі аймақтың бұрынғы 13 аудан орталығын дамыту бағдарламасына үміт артып отыр. Оны жүзеге асыруға жеке инвестициялар, республикалық және облыстық бюджетті қосқанда барлық қаржыландыру көзінен 64 млрд теңге қарастырылған. Бірақ қаржы алу үшін, «әр аудан мен елді мекен әкімі жағдайды толық түсініп, барлық жобаның пайдасын, өзектілігі мен маңызын бағамдап, кешенді жоспарын қорғап шығуы керек», – деді облыс басшысы Даниал Ахметов. «Жұмсалған қаржы өзін ақтауы қажет, сондықтан қаражат тек талқылаудан кейін ғана бөлінеді», – деп нақтылады ол. ШҚО әкімі Серебрянск қаласының дамуына 8 млрд теңге бөлінетінін де айтты, оның 2,9 млдр теңгесі биыл берілген.

– Құдай оңдап, осының бәрі жолға қойылса, қағаз жүзінде, жоспарда ғана қалмай, іс жүзінде жүзеге асса екен. Біз болашақтан үміт үзбейміз, – дейді Серебрянск әкімі.

Бірақ, қала тұрғындары биліктің әрекетіне күмәнмен қарайды, “бәрі кетіп жатыр, оны кім үшін, не үшін тұрғызбақ?” дейді. Бұған бола райынан қайтатын Махамбетов жоқ, оның айтуынша, құрылыс «осында тұратын, жұмыс істейтін, өмірі мен болашағын осы қалада өткізгісі келетін азаматтар үшін» жүргізіліп жатыр.

– Жұрттың сенімін ояту үшін нәтиже керек. Үнемі айтып жүрмін, тағы да қайталайын, ең бастысы – нәтиже. Халық бізге бірдеңе жасағанда ғана сенеді, – дейді әкім.