9590
19 июля 2022
Власть, суреттер кейіпкердің жеке архивінен

«Қайда жүрсем де, қазақ болып қаламын»

Нюрнбергте алған марапаты, Шыңжаңдағы жағдайға қарсы күресі мен екінші кітабы жайлы Сайрагүл Сауытбаймен сұхбат

«Қайда жүрсем де, қазақ болып қаламын»

Шыңжаңдағы «қайта тәрбилеу лагері» туралы ақпаратты әлемге алғаш жеткізген жанның бірі, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай биыл 15 мамыр күні адам құқығы жөніндегі Нюрнберг халықаралық марапатына ие болды. Бұл сыйлық өмірін қауіпке тіге отырып, адам құқығы үшін күрескен азаматтарға екі жылда бір рет беріледі. Власть Сайрагүл Сауытбаймен оның қазіргі күресі, Швециядағы өмірі, Қазақстанға оралу мүмкіндігі жайлы сөйлесті.

Шыңжаң лагерінде қытай тілінен сабақ берген этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы Қазақстанға қашып келеді. Кейін оған қарсы «шекараны заңсыз кесіп өту бойынша» іс қозғалды. Сот барысында Сауытбай өз өмірін сақтап қалу үшін заң бұзуға мәжбүр болғанын айтты. Тамыз айында сот оны шартты түрде алты айға соттап, Қытайға депортация жасамау туралы шешім шығарды.

Қазан айында Қазақстан Сайрагүл Сауытбайға саяси баспана беруден бас тартты. Оның өтінішін қараған комиссия Сауытбайдың Қытайда қудаланғанын айтқаны «дәлелденбеген» деп есептеді. 2019 жылғы 3 маусымда Сауытбай отбасымен бірге Швецияға ұшып, саяси баспана алғаны белгілі болды.

Бұл Сайрагүл Сауытбайдың алғашқы халықаралық сыйлығы емес. 2020 жылы наурызда АҚШ мемлекеттік департаментінің «Батыл әйелдер» халықаралық сыйлығын алды. Бұл сыйлық жыл сайын бейбітшілік, әділдік, адам құқығы, гендерлік теңдік және әйел құқығы мен мүмкіндігі үшін күресіп, өмірін қауіпке тіккен әйелдерге беріледі.

Сайрагүл, Нюрнбергтен алған марапатыңыз құтты болсын! Марапаттау салтанаты қалай өтті?

Мен Қытайдың Шығыс Түркістанда жасаған «геноцидінің» (2021 жылы АҚШ әкімшілігі, кейін Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін «геноцид» деп таныды – В) тірі куәгері болдым. Ешқандай кінәм болмаса да, сол «геноцидтің» құрбаны болып, қудалауға ұшырадым. «Концлагерде» қамалған адамдарға қытай тілінде сабақ беруге мәжбүр болдым. Болып жатқан жағдайды көзімен көрген тірі куәгер ретінде бар мүмкіндікті пайдаланып, геноцидке ұшырап жатқан халықтың дауысын әлемге естіртуге, оларға әлемнен көмек сұрап, геноцидті тоқтату жөнінде қолымнан келгенді істедім. Бұл аралықта сол жасап жатқан жұмысыма көптеген кедергі болды. Қытайдың қолы ұзын екенін бүкіл әлем біледі, оның құрығы барлық жерге жетеді. Қытайдың шетелде де «жұмсақ күштері» бар, Қытай партиясына жұмыс істейтіндер өте көп. Қытай үкіметінің төте қысымына да, қорқытуына да, бопсалауына да ұшырап отырдым. Бірақ ешқашан мойынсұнған жоқпын. Менің жеткізіп жатқаным – ақиқат. Көзіммен көрген ақиқатты әлемге айту – әр адам істеуге тиіс іс, кез келген жанның азаматтық борышы, адамдық парызы деп есептеймін. Сол себепті қолымнан келгенді жасадым. Осыған байланысты адам құқығын бағалау комиссиясы қорытынды шығарып, 2021 жылы 28 ақпан күні осы марапатты алатынымды хабарлады. Бұл марапатты табыстау рәсімі коронавирустың таралуы мен шектеулерге байланысты 2022 жылға кешіктірілді. Биыл 15 мамыр арнаулы шақырту бойынша Нюрнберг қаласына отбасымызбен бардық. Марапаттау сәтінен бөлек түрлі шаралар, сұхбат, маңызды кездесулер болды.

Ол қандай кездесулер? Сіз үшін бұл сыйлықтың маңызы қандай?

14 мамыр күні Нюрнберг қаласының басшысы Маркус Көниг мырзаның және әр жерден арнайы келген саясаткерлер мен танымал тұлғалардың қатысуымен арнаулы кездесу өтіп, Германия тарихында санаулы ғана адамның аты кірген «алтын кітапқа» (бұл – Германияның қалаларына сапармен келген құрметті қонақтар қол қоятын кітап – В.) менің атым енгізілді. Сөйтіп, Германия тарихында «алтын кітапқа» аты енген тұңғыш қазақ атандым. Марапаттау салтанатынан кейін бізді қарсы алу үшін арнайы келген қала халқымен кездесу өткіздік. Неше мыңдаған қала халқы шығып, бізді ерекше ықыласпен күтіп алды.


Марапат алғаныма қуанып отырған жоқпын. Ол негізгі нәрсе емес. Нюрнберг – Германияның екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қылмысқа тіке қатысы бар адамдардың барлығына жаза қолданған тарихи, символдық мәні бар қаласы. Нюрнберг қаласының екінші ерекшелігі – Германия мемлекеті үшін саяси қарар қабылдай алатын маңызды орын. Бұл сыйлықтың маған берілуін ақиқатты қолдайтын демократиялық Еуропа елдерінің Қытайдың геноцидін толық мойындағаны деп есептеймін. Бұл елдердің осы геноцидті тоқтату үшін үлкен бір әрекетке өтетінінің бейнесі деп айта аламын. Бұл марапаттың маған лайық берілуінің басқаша бір тарихи символдық мәні бар. Бұл жерде менің сыйлық алғаным емес, осы бір тарихи мәні қатты қуантады. Сол кездегі кездесулерде Қытайдың жасап жатқан геноцидін әлемдік деңгейге көтердім.

Мен ағылшын, швед тілінде де сөйлей аламын, бірақ марапаттау сәтінде қазақ тілінде сөйледім, өйткені ең алдымен адам өз тілін құрметтеуі керек. Тілімізді өзіміз құрметтей алғанда ғана басқалар да құрметтейді. Ана тілінде сөйлеу, лекция оқу деген басқа әңгіме. Бұл маған ұлттық рух береді. Ұлттық киіммен жүрдім. Олар менің барлық талабыма келісті. Қазақ тілінде сөйледім, қазақ болғаным үшін бойымды бір мақтаныш сезімі кернеді. Сол кездесуде әр қаладан келген қазақ жастары болды. Біз марапаттау салтанатынан кейін кездестік. «Сіздің қазақша сөйлегеніңізді естігенде қатты толқып отырдық» деп жастардың рухы жалындап тұрды. Қазақ деген қасиетті қарашаңырақтың ертеңі керемет болатынына тағы бір мәрте көзім жетті. Мен қайда жүрсем де, қазақ болып қала беремін. Ұлтыммен мақтану керек деп есептеймін.

Салтанатты рәсімнен біраз уақыт бұрын ағылшын тілінде ән жаздым. Бұл ән Қытайда болып жатқан жағдайды толықтай бейнелейді. Музыкасын да жазып, дайын болғаннан кейін Нюрнбергте марапаттау сәтінен кейін ағылшын тілінде орындадым. Айтайын дегенім, қысқа ән арқылы да күресімді жалғастырғым келді. Қолымнан келгеннің бәрін жасағым келді. Өте қайғылы ән, естіп отырған адамдар жылап тұрып тыңдады. Иә, ол жақтағы жағдайды көзімен көрген адамдарға бұл жағдай өте аянышты. Ал басынан өткізген адам мен оны естіген адам үшін басқаша. Қолдан келгенді жасау арқылы күресті тоқтатпау керек деп есептеймін.

Ағылшын тілінде ән орындау сәті

Екінші кітабыңыз жарық көрді деп естідік. Ол кітапта не жайлы жазылған?

Екінші кітапты да Германияның жазушысы Александра Кавелиус ханыммен жаздық (Алғаш шығарған «Бас куәгер» кітабын да осы жазушымен бірге жазған – В.) Екінші кітап қазақшаға аударғанда «Қытай келісімі» деп аталады. 2021 жылы қараша айында Берлиндегі Еуропа баспаханасында тұңғыш рет неміс тілінде жарық көрді. Қазір түрік тіліне аударылып жатыр және басқа тілдерге де аудару қарастырылып жатыр.

Бұл «Бас куәгер» деп аталатын бірінші кітабыңыздың жалғасы ма? Ол кітаптан несімен ерекшеленеді?

Жалғасы деп айтуға да болады. Екі кітаптың мазмұны бір-бірімен байланысып жатқанымен, екінші кітап біраз өзгешелеу. Бірінші кітапта айтылмай қалған маңызды ақпараттармен толықтырылған. Қытай компартиясының шынайы бет-бейнесі және балаларға, әйелдерге жасалып жатқан зұлымдығы түрлі дәлелмен, егжей-тегжейлі баяндалған. Бұрын Қытай жөнінде ешқандай түсінігі болмаған адам кітапты оқығаннан кейін бірден болып жатқан оқиғаны түсінеді, бұрын қандай қылмыс жасағанын, болашақта не істейтінін біледі. Кітап атауы балама мағынада айтылған. Неміс тілінде жазылған, қазақ тілінде «келісімі» десе, естіген адамға Қытаймен келісім жасаған сияқты болып көрінеді. Негізі олардың арам ниетті жоспары, одан қалай сақтану керектігі толық баяндалған.

Швециядағы өміріңіз қалай? Жұмысқа орналаса алдыңыз ба?

Балаларым мектепте оқып жатыр. Мектептері өте жақсы. Үйреніп те қалды, біздің келгенімізге үш жылдан асты. Ортаға да, тілге де үйренісіп қалдық. Жолдасым мектепте жұмыс істеп, бір жағынан тіл үйреніп жүр. Мен де өзімнің бағытыма сәйкес келетін жерде жұмыс істеп жатқаныма біраз уақыт болды. Жұмысқа барамын, кешкі курстарға барамын және осы қолға алған күресімді жалғастырып жатырмын.

Сіздің ойыңызша, түрлі әрекеттен кейін Шыңжаңдағы жағдай өзгерді ме? Мысалы, жақында ол жақтан Қазақстанға ондаған отбасы көшіп келді. Бұл бізге Шыңжаңдағы жағдайдың жақсарғанын көрсете ала ма?

Толықтай жақсарып, геноцид аяқталып кетті деп айта алмаймын. Халықаралық қауымдастық түрлі санкция салды, көптеген мемлекет мұның геноцид екенін ресми мойындады. Жақында, 9 маусым күні Еуропа парламентінің өзі де мұның адамзатқа қарсы қылмыс екенін мәлімдеп, ұлтты жою қаупінің бар екені жөнінде бірыңғай қарар шығарды. Бірақ геноцид әлі де жалғасып жатыр. Өйткені, Қытай – ежелден жоспарлы, мақсатты түрде жұмыс істейтін мемлекет. Осыған қаншама милиардтаған ақшасын шашты. Бірақ салынып жатқан санкциялар, қарсы жасалып жатқан әрекеттің бәрі, әрине, әсер етіп жатыр. Мысалы, қаншама компаниясы жабылды, күн сайын экономикасы құлдырап бара жатыр, халықтың жағдайы төмендеп барады. Санкция салынғаннан кейін бірден әсер етпейді ғой, бірте-бірте жүзеге асады. Мысалы, экономикасы құлдыраса, үлкен тұрақсыздыққа әкеп соғады. Түрлі нәтиже болды, бірақ тоқтаған жоқ. Халықаралық сотты іске қосу керек. Мұның бәрі уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Кейін ресми күшін көрсетеді деп үміттенеміз. Сол үмітпен жұмысымызды жалғастырып жатырмыз.

Қазақстанға оралуыңыз үшін елде немесе оның Қытаймен қарым-қатынасында қандай өзгерістер болуы керек деп ойлайсыз? Әлде, мұндай жағдай болуы мүмкін емес пе?

Кез келген жауыздықтың тоқтайтын және сол жауыздықты жасаған адамдардың міндетті түрде жазасын алатын кезі болады. Бұл табиғи заңдылық. Тарихта сондай болған, міндетті түрде солай болады. Сондықтан мен ақиқаттың қашан да жеңетініне сенемін, бұл жауыздық бір күні тоқтайды. Қазақстан деген қасиетті шаңырақ – әлемдегі әрбір қазақтың баратын жері, Отаны. Бұл бәрімізге ортақ, бұл жер бәріміз үшін ыстық. Болашақта барлық қазақтың басы сол қарашаңырақта қосылатынына, сондай бір жақсы күндердің келетініне сенемін.

Қазақстан сондай күндерге жетуі үшін қандай қадамдар жасалуы керек деп санайсыз?

Қазіргі жағдайда Қазақстан бір жағынан Қытай, бір жағынан Ресей сияқты екі үлкен империяның ортасында отыр. Ең маңыздысы, Қазақстан – егемендігін алған, дербес, демократиялық мемлекет. Бар қазақтың Отаны. Қандай болса да, әлемдік саясатта үлкен өзгерістер келе жатыр. Әрине, бұл жерде бәріміз пендеміз, барлығы Алланың қалауымен болады. Әлемде барлық диктатура, Қытай, Ресей сияқты қарапайым халықты езіп, қанайтын, шапқыншылық жасайтын, басқалардың жеріне көз алартатындардың бәрі тарихта жеңіліске ұшырады.

Ақиқат жеңеді. Сондықтан бұл жерде әрбір адам күрес жасай білуі керек. Күрес жасағанда ғана өзімізді құтқара аламыз.

Одан кейін әр адам саяси сауатты болуы керек, әлемдік саясаттан хабары болуы керек. Әр адамның керемет саясатшы болуының қажеті жоқ, міндетті емес. Көп адам саясатқа араласудың қажеті жоқ дейді, бірақ өміріміздің өзі – саясат. Өзіміз саясатпен айналыспасақ та, саясат бізбен айналысып жатыр. Қарапайым отбасын алып қарайтын болсақ, олар ешқандай саясатпен байланысымыз жоқ, ол тақырыпқа қызықпаймыз да деп айтады. Бірақ күнделікті тұрмысына саясат араласып жатқанын екінің бірі біле бермейді. Ең қарапайым мысал, балалардың оқуға баруы, мектеп формасы, сол жерде оқылып жатқан оқулықтар, білім алуы, осының барлығы – саясат. Қандай саясат? Оқыту саясаты, білім беру саясаты. Ол баланың оқуы, болашақта қандай жолды талдауы – бәрі саясат.

Адам осының бәрінен сауатты болуы керек. Сауатты болғаннан кейін осыны өзгерту үшін күреседі. Күресетін саяси сауатты адамдардың саны артқан сайын жеңіс бізді өзі іздеп табады. Тек қана күрес керек.

Жақында Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалау жайлы бірқатар зерттеудің авторы Адриан Зенц «Шыңжаң полициясының файлдары» атты құпия құжаттарды жариялап, саяси лагерьлердегі азаптаулар туралы бұрын-соңды белгісіз болған деректерді жария етті. Сіз ол құжатпен таныстыңыз ба? Таныссаңыз, қалай ойлайсыз, бұл құжаттар несімен ерекше және сіздің күресіңізге қалай көмектесе алады?

Бұл құпия құжаттардың жария етілуі біз үшін үлкен жеңіс деп қарауға болады. Мұның мәні өте зор. Себебі бұл құжаттар Қытай геноциді жөнінде біз сияқты куәгерлердің айтқан дәлел, сипатын дәлелдей түсті. Әлемде үлкен резонанс тудырды. Бұл туралы көптеген журналист жазды. Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайына байланысты халықаралық күн тәртібінен қалып қойған Қытай қылмысы қайтадан әлемдік тақырып болып көтерілді. Түрлі санкцияның салынуына, қарар шығуын күткен кейбір жұмыстардың аяқалысын тездетуге үлкен түрткі болды. Мен сияқты қаншама куәгер айтқан сипаттар дәлелденді. Бұл – Қытайдың ХХІ ғасырда қылмыс жасап жатқанының айқын дәлелі. Бұлтартпас факті. Қытай ешқандай әдіс-амалмен қылмысын жасырып-жаба алмайды. Енді тек үлкен әрекетке өту ғана қалды.

Кітап шығарар кезде Қытай тарапынан қысым күшейгенін айтып өттіңіз. Ол қандай қысым? Қазір де сізге қысым жасау тоқтамады ма?

Ол қысым қазіргі күнде болып жатыр десек болады. Түрлі қысым, түрліше қорқытып-үркіту. Олардың бар мақсаты – менің аузымды жауып, күресімді тоқтату. Мұның бәрі күнде қайталанып жатқаннан кейін қазір елемейтін де болдым. Тіпті кейде ол мені қуантады. Себебі, бұл менің жасап жатқан жұмысымның аз да болсын нәтижесі бар екенін білдіреді. Сол себепті Қытай орнында отыра алмай отыр, менің жұмысымды тоқтатуға тырысып жатыр. Мұны тоқтату үшін олар қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ал мен тоқтап қалмаймын. Қысым болған сайын журналистерге айтатынымды ескерттім. Сондықтан бұл мені қорқыту емес, керісінше, күресімді жалғастыруыма күш-қуат береді.