5053
7 декабря 2022
Паоло Сорбелло, суретті Алмас Қайсар түсірген

Көңілге қонбайтын шарт

Қазақстандықтар жалқау емес, тәуір жұмысқа зәру

Көңілге қонбайтын шарт

Қасым-Жомарт Тоқаев екінші мерзімге сайланудан бірнеше күн бұрын Алматы жастарымен кездесті. Мұнай-газ саласындағы «шетел компаниясы 1000-ға жуық жұмыс орны мен жақсы еңбекақы ұсынғанын» айта келіп, жұмыс істеуге аз ғана адам ғана өтінім жібергеніне қапалы екенін айтты.

Тап бір дежавю демеске лаж жоқ. Бұған дейін дәл осы сөзді басқа тілдерде оқығанмын. Шын мәнінде, бұл – бар айыпты халыққа, жұмысшыларға жабудың көрінісі.

Саясаткерлер мен негізгі медиа үнемі «алма піс, аузыма түс» дейтін, «қара жұмыс істегісі келмейтін» «жалқау жұмыссыздарға» саусағын кезейді де жатады.

Күн сайын әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер бос жұмыс орны болса да, жұмысшы жоқ екеніне налып, сұхбат береді. Бәріне ортақ әлеуметтік қамсыздандыру қарастырылған елдерде халық жұмыс істегеннен гөрі үкіметтің көмегін күтіп отырады деп айтылады.

Интернеттен «Қазақстандықтар жұмыс істегісі келмейді» деп іздеп көріңізші. Бұл – неолиберал жүйенің қалыптастырған көзқарасы.

Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін қайталағандай. Бұрынғы президент 2018 жылы жұмыссыздарға қаратып, «әр отбасында бір ұсқынсыз, жалқау әрі пайдасыз адам болады» деп айтқан.

Шынтуайтына келгенде, Қазақстанда ғана емес, әлемнің кез келген елінде халық жұмыс сұрап, жұмыс беруші ұсынған кез келген талапқа келісуден қажыған. Ұсынылған еңбекақы жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақымен салыстыруға келетін болса, еңбекке қойылатын мұндай талаптар орынсыз.

Қазақстан Конституциясының 24-бабында азаматтың еңбек ету құқығы бекітілген. Әйтсе де, еңбек заңнамасы мен салық кодексі жұмыс берушілерге әлдеқайда жақсы жағдай жасайды. Үкімет жылдар бойы тәуелсіз кәсіподақтардың қызметін тоқтатып, бизнеске салық жеңілдігін беріп, шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек және экологиялық тексеруді қысқартып келеді.

Бұл тұрғыдан қарасақ, жұмыссыздар «жалқау» болса, әлдеқайда жақсы еңбек шартын талап етіп жүргендер «жау» саналады.

Мемлекеттің жеке компаниялар жағына шығуы күштілерді әлсіздерге қарсы қояды.

Ал әлсіздер өзіне қатысты жағдайға бей-жай қарамайды. 2011 жылы Жаңаөзен жұмысшылары қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін сегіз ай бойы ереуілдетті. Жаңаөзеннің жұмыссыз халқы кейінгі жылдары да тәуір жұмыс үшін тынымсыз бас көтеріп келеді. Oxus Society дерегі бойынша, жұмысшылар кейінгі бес жыл ішінде 400-ден аса наразылық ұйымдастырған.

Еңбекке жарамды адамдар өзіне ұнамаған келісімшартқа қол қоюдан бас тартуға құқылы. Ең жақсы еңбек жағдайын талап етуге құқылы. Жұмыс беруші жұмысшы таба алмай жатса, гәп халықтың жалқау екенінде емес, өзі ұсынған еңбек шартында болуы әбден мүмкін.