4522
15 декабря 2022
Вячеслав Абрамов, фото Wikimedia Commons (Mya2ru)

Өзге әлемде өмір сүру

Ресейдің цензура көкжиегін кеңейтуге ұмтылысы

Өзге әлемде өмір сүру

Власть желтоқсанның 8-інен бері көрші елдің цензураға жауап беретін Роскомнадзор мекемесінен 4 хат алды. Олар Украинаға қарсы Ресей ашқан соғыс туралы бірнеше жаңалықты өшіруді талап етті. Мұндай хат бізге дейін басқа да қазақстандық ақпарат құралдарына келген, әлі де келе береді.

“Роскомнадзор өзге елдің ісіне араласып жатқанына” назар салып, таңғалып жатқандар көп. Иә, бұл шындық. Әйтсе де, бұл кеше басталған нәрсе емес, Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен де бұрын басталған.

Ресей ведомстволары соғысқа дейін де өзге елдің орыс тілінде жазатын ақпарат құралдарынан ақпаратты өшіруді не өзгертуді талап етіп келген. Мәселен, қырғызстандық Kloop басылымының суицид туралы жаңалығына киліккен.

Роскомнадзор жылдар бойы түрлі желеу айтып, ресейлік болсын, шетелдік болсын медианың ақпаратын шектеп келеді: ИГИЛ тобы, есірткі тарату, суицид туралы ақпаратты өзгертуді талап еткені бар. Ресейде ақпарат құралдарының ісіне араласу қалыпты жағдайға айналған.

Соғыс басталғалы Ресей цензурасы жаңа деңгейге шықты: жақпай қалғанның бәрі медиа алаңынан қуылды. Пропаганда өршіп тұр: таңнан қара кешке дейін теледидар, газет пен интернет ресейліктерге соғыстың соғыс емес екенін, ал украиналықтардың адам емес екенін айтумен келеді. “Шетел агенттерінің” тізімі тұтас бір жинаққа айналды, бұған Ресейде көптеген интернет ресурс ашылмайтынын қосыңыз.

Орыс тілінде жазғанның бәрін уысында ұстағысы келетін Ресей шенеуніктерінің бұл ісіне таңғалудың қажеті жоқ. Бұған қарсы шығу керек.

Қазақстан медиасы Қазақстан халқына жұмыс істейді. Телеграм арнасында ойына келгенді жазатын Ресей шенеуніктері мен пропагандистердің сөзіне пысқырып та қарамауымыз керек. Өзіміздің аудиторияға және, ең бастысы, еліміз туралы жазуды тоқтатпауымыз қажет. Ал көрші ел соғысқұмар болса, ойдан шығарылған терминдерді қолданбай, соғысты соғыс деп атау қажет.

Иә, бұл жағдайда біз ресейлік оқырманымыздан айырыламыз (қазір бұл көрсеткіш 5–10 пайыз, енді бұрынғыдан да азаяды). Бірақ, маңыздысы бұл емес. Ең бастысы, оқырманымыз Қазақстан халқына еркін жаңалық таратып отырған ресейлік пропагандистердің уысында қалмаса екен дейміз. Олар соғысты соғыс деп атамайтыны өз алдына, күннен-күнге сайын алауыздықты өршітіп, соғысты ақтап алғысы келеді.