5461
28 декабря 2022
Светлана Ромашкина, суретті Паоло Сорбелло түсірген

Қаңтар мемориалының үні

Тез қабылданған шешім көп сұрақ тудырады

Қаңтар мемориалының үні

Желтоқсанның 23-і күні Алматыдағы Республика алаңында «Тағзым» мемориалы ашылды. Қаңтарды еске салатын қандай да нәрсе пайда болуы қажет еді. Алайда, ол күткендегідей болмады. Әркімнің талғамы әртүрлі, мәселе мемориалдың өзінде емес. Бұл жоба еш жерде талқыланған жоқ, мемориал қаза болғандардың туыстары мен оқиғаның басы-қасында болған, зардап шеккен азаматтардың қатысуынсыз, жым-жырт ашылды. Бәлкім, бұның өзі бірдеңе білдіретін болар.

Архитектура саясатты да қамтиды. Шашыраңқы ғимараттар мен жаяу жүргіншілерге арналған жөнді жол жоқ болғандықтан, Республика алаңы жалпы күрделі жер. Әкімдік адамдардан алшақ және жоғары орналасқан. Биліктің бұл алшақтығын бәріміз сеземіз. Ол санамызға 40 жыл бұрын Қазақ КСР-і кезінде осы алаңды соғып жатқанда сіңген. Сол кездің өзінде түрлі сәулет институттары кәсіби қоғамдастық талқысынан өткен жобаларды жүзеге асырса, қазір мұның ізі де жоқ.

Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориал Қазақстандағы сәулет жобасын алғаш рет қоғамдық талқыға салуға керемет үлгі бола алар еді. Алайда оған жету үшін сөйлесуге, араласуға, ашық болуға дайын болу керек.

Бір жыл бұрын әкімдік ғимараты көк түтінге оранды. Сол кезде архитекторлар оны жөндеуге асықпауға шақырды: ғимараттың өзі ескерткіш болар еді. Алайда оны жөндейді, ғимарат жап-жаңа кейпіне енеді.

«Тағзым» мемориалының тендері үн-түнсіз өтуі, оның бізге белгісіз 20 нұсқасы, ауа райының қолайсыздығына қарамай, қыстыгүні салу, жұрттың қарасын көрсетпеу біраз жайттан хабар береді. Мәселен, бір жылдыққа дейін барлығын тезірек аяқтауға тырысу. Алайда мұндай жобаны талқылау ғана емес, уақыт та керек. Бұл отшашудан қорқып, баяғыша өмір сүруді жалғастыру емес. Өлі (иә, олар да сотталып жатыр) мен тірінің соты бітсін, адамдар не болғанын, кім және не себепті өлгенін білсін, жараның беті жазылсын, оқиғаны қайта қарауға дайындық болсын.

Ал әзір мемориалға қатысты біраз сұрақ бар: Қалай таңдалды? Бағалайтын қазылар алқасы болды ма? Әлде бір адам таңдады ма? Неге қаза болғандардың есімі жазылмаған? Тақтайшаға жазылған цитаталардың Қаңтарға қандай қатысы бар? Оны неге қолайсыз ауа райында тұрғызып, енді аяқтап жатыр? Оқиғадан бейхабар адам мемориалдың қаңтар оқиғасына арналғанын қайдан біледі?

«Мемориалға қалай кірсеңіз де, бұл жерден тезірек кетуге асығасыз. Дұрыс жолмен жүріп өткіңіз келеді. Архитектура арқылы соны көрсете алдық», – дейді мемориал авторларының бірі Алексей Ивженко мемориал идеясы туралы.

Ал біз алапат кездердің естелігінен қашпай, әр жеріне тоқтап, еске түсіріп, ойлануға болатын, үрей мен жараның орнын емдейтін ескерткіш күттік.