Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіріп кеткен түннен кейін жарты жыл өткенде, осы бейсенбіде іс бойынша Талдықорғанда алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот ашық форматта, прокуратураның уәдесіне сәйкес, тікелей эфирде өтетін болды.
«Власть» тағы бір шулы сот процесі қалай басталғанын баяндайды.
Алдын ала тыңдау
Қылмыс Алматы облысындағы Талғар ауданында өткеніне қарамастан, сот тыңдауын өткізетін орын ретінде Талдықорғандағы Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты таңдалған. Жоғарғы сот мұны тоғыз айыпталушының көршілес орналасқан Жетісу облысының орталығындағы тергеу изоляторында отырғанымен түсіндірді. Алайда осыған ұқсас себеп тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімді соттағанда кедергі болмап еді — оны Талдықорғаннан Қонаевқа (арақашықтық шамамен 190 км) әр отырысқа дерлік алып келіп жүрді.
Сағат 12-ге белгіленген сот кешігіп басталды, сотқа журналистер мен бақылаушылар молынан келді. Журналистерді сот залына кіргізбей, бөлек зал ұсынды. Бірақ алыстан келген тілшілердің бәрі бірдей ол залға сыймай қалды.
Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов журналистерге тергеу нәтижесіне разы емес екенін айтты. «Оған себеп көп», — деп қысқа қайырды да, одан кейін журналистермен сөйлесуге құлықты болмады.
Қарындасы Перизат Нұрымова айыпталушылардың тек екеуіне «Адам өлтіру» бойынша айып тағылғанын, қалғанына «Бұзақылық» бабымен іс қозғалғанын айтты. Мұнымен қаза болған баланың туыстары түбегейлі келіспейді.
Біраздан кейін журналистер алдына сот процесінің басталуына Талдықорғанға арнайы келген Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақас-Хайруллина шықты. БАҚ өкілдерінің сотқа қатысу-қатыспауы судья қатысушылардың бұған қатысты пікірін білгеннен кейін шешілетінін айтты.
Сол кезде күтпеген жерден айыпталушылар орындығында 9 адам отырғаны анықталды, ал тергеу кезінде 11 күдікті туралы айтылған еді. Олардың бірі — кәмелетке толмаған. Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша, олардың екеуі тергеу кезеңінде-ақ күдіктілер тізімінен шығарылған.
«Бастапқыда 13 күдікті болған, оның екеуінің іске мүлдем қатысы болмағаннан кейін, олар күдіктілер қатарынан шығарылған. Сосын тағы екі қыз куә ретінде ғана сұралған. Олардың бұл істегі рөлі белсенді емес», — деді адвокат.
Бір жарым сағаттан кейін сот істі ашық түрде қарау және Жоғарғы соттың YouTube арнасында тікелей эфирде көрсету туралы қаулы шығарды. Осыдан кейін камерасы бар журналистер залға кіргізіліп, қалғанына трансляция ұйымдастырылды.
Айыптау нұсқасы
Сот тыңдауы басталардан бұрын судья журналистерге айыпталушыларды фото-видеоға түсіруге және жариялауға болмайтынын ескертті. Содан кейін барып мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев айыптау актісін оқи бастады.
Прокурордың сөзінше, 2024 жылы 3 қазанда түнгі 23:22 шамасында Дархан Әскентай масаң күйде Талғар қаласындағы Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа тиесілі «Қамажай» дүкеніне кірген. Ол үш бөтелке сыра пен төрт дана темекі алып, одан кейін танысы Әскербекке дүкен сөресінде жазылып тұрған Kaspi нөмірге 1000 теңге аударуды өтінген. Қалған 1000 теңгені қолма-қол төлеген.
Он минуттан кейін дүкенге Шерзат Полат келіп, телефонын қуаттауға қойған. Артынша Әскентай дүкенге қайта кіріп, телефонын қуаттауға қоюды сұраған. Нұрымов келіскен, Әскентай сыртқа шыққан. Біраздан кейін ол телефонын алып, қайта сыртқа шығып, сырасын ішуді жалғастырған.
Осының бәрін Полат бақылап отырған. Ол сыртқа шығып, Әскентай әкесіне балағат сөз айтқаны үшін оның оң жақ көзі тұсына екі соққы жасаған. Бұл жағдайды дүкен ішінен бақылап тұрған Нұрымов бірден сыртқа шығып, баласы Полатқа ескерту жасаған. Әскентайдың жарақатын сүртіп, баласының әрекеті үшін одан кешірім сұрап, денсаулығына келтірген залалды өтеп беретінін айтқан. Алайда Әскентай кешірімге құлақ аспай, дүкен алдына танысы Тоқтаубаевты шақырған.
Тоқтаубаев танысы Ысқақовты алып, «Қамажай» дүкеніне келген. Нұрымов Әскентайдың адамдар шақырып жатқанын көріп, жағдайды шиеленістермеу үшін інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты шақырған.
Ары қарай Тоқтаубаев пен Әскентай Ғайыпбаевқа наразылығын айта бастаған. Ғайыпбаев інісі кәмелетке толмағанын айтып, балалықпен көп нәрсе түсінбегенін, сол үшін кешірім сұрайтынын айтып, Тоқтаубаев пен Әскентайды жанжал шығармай шешуге шақырған.
Тоқтаубаев пен Әскентай біраз уақыт бойы дүкеннен алған сыра үшін ақша төленді ме, жоқ па, соны анықтап тұрған. Біраздан кейін Нұрымов дүкеннің алдында тұрған Әскентай одан кешірім сұраса да, жанжал шығарғысы келіп, басқа адамдарды шақырып жатқанын көрген. Содан кейін Нұрымов кассада тұрған пышақты алып, сыртқа шығып, Әскентай жаққа қарай бағытталған. Алайда кәмелетке толмаған Полат әкесінің алдынан шығып, оны сабырға келтіріп, дүкенге қайта кіргізіп жіберген.
Осы уақытта Тоқтаубаев бауыры Азамат және таныстары Шынасыл, Сәкиев, Ильясов және Белқожаев Талғардағы «Эйфория» кафесінде отырғанын біліп, топтық төбелес орын алатынын біле тұра, Белқожаевқа хабарласып, өздеріне пышақпен сілтегенін айтып, «Қамажай» дүкеніне келуді сұраған.
Сол уақытта Полат өзінің достарын қолдау білдіру үшін дүкенге шақырған. Олар дүкенге 00:34-те келген. Осы уақытта сыра сатып алу үшін Қалиахмет, Әбдіқадыр және Мұрат үшеуі дүкенге келген. Үш минуттан соң 00:38-де дүкен алдына Тоқтаубаевтың достары және екі қыз келген.
Олар келген уақытта дүкен алдында Полат, оның ағасы Ғайыпбаев, достары Сейсенбай, Алдияр, Ахмет және Майтұрсынов тұрған. Екінші жақтан Тоқтаубаев, Әскентай және Ысқақ тұрған. Дүкен ішінде Калиахмет, Әбдіқадыр, Мұрат үшеуі болған. Нұрымов дүкенге кіріп шығып жүрген.
Әрі қарай алдын ала сөз байласқан Әскентай, Тоқтаубаев, Белқожаев, Сәкиев және Шынасыл пышақтармен қаруланып, дүкен алдында тұрған Полатқа, әкесі Нұрымовқа, Ғайыпбаевқа, кәмелетке толмаған досына қарсы төбелес бастаған.
«Жедел жәрдем шақырыңдар!»
Шынасыл бірінші болып кәмелетке толмаған Махмет Ахметті жақ тұсынан жұдырықпен ұрған. Осыдан кейін оны достары алып кеткен.
«Қамажай» дүкеніне кіріп кеткен Нұрымов кәмелетке толмаған Махметті ұрғанын естіп, кассадан ас үйде қолданатын пышақ алып шыққан. Бұл уақытта Қалиахмет оның қолынан ұстап алған. Белқожаев Нұрымовтың әрекетін көріп, дүкен есігін аяғымен теуіп, оны дүкен ішіне кіргізіп жіберген.
Осы уақытта дүкен маңында тұрған біреу қолындағы 16 калибрлі мылтықпен екі рет оқ атқан. Бірінші оқ қарсы үйдің балконына, екіншісі тағы бір үйдің қабырғасына тиген.
Айыптау тарабы Полатқа пышақ сұққан Шынасыл және ол оны өлтіру мақсатында қасақана жасады деп санайды. Ол соққыны баланың жүрек тұсына жасаған. Бұл уақытта дүкен маңына жасөспірімнің анасы мен әжесі де келген, әйтсе де, оларды төбелеске қатысушылар жібермей тұрды. Полаттың ағасы мен әкесі де түрлі дене жарақатын алған.
Шерзат пышақталғаннан кейін жерге отырып, «Нұрқанат аға, маған бірдеңе сұғып алды» деп айғайлаған. Оның жаралы екенін көрген Ғайыпбаев «Скорая» деп айғайлай бастаған. Жасөспірімнің анасы оған бірінші болып жетіп, құшақтап отырған.
Кейін оларға Белқожаев жақындап, Полатты басынан тепкен, кейін жиналмалы бәкі пышағының сабымен басынан бірнеше мәрте ұрған. Ильясов болса, сол маңда жатқан 16 калибрлі мылтықты алып, онымен Полаттың басынан бір ұрған, бірақ соққы оның анасы Бишембиеваның қолына тиген. Кейін ол мылтықпен бірнеше рет Ғайыпбаевты ұрған.
Ғайыпбаевты соққыға жығып, Шынасыл мен Сәкиев жамбасына бірнеше рет пышақ сұққан, кейін ол есінен танып қалған.
Азамат Тоқтаубаев Ғайыпбаевтың жерге түсіп қалған телефонын ұрлап алып, қылмыс орнынан бәрі қашып кеткен.
Кейін Нұрымов ұлы мен інісін (былтыр 9 желтоқсан күні Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі қала сыртынан табылды, алдын ала ақпарат бойынша, ол суицид жасаған – В.) Талғардағы орталық ауруханаға апарды. Сол жерде Шерзат Полат жан тапсырды.
Барлық сотталушы бұзақылық бабы бойынша, оның ішінде Абзал Шынасыл мен Равиль Сәкиев кісі өлтірді және өлтіруге ұмтылды деп айыпталып отыр. Айыптаушы тараптың пікірінше, Полатты өлтірген – Шынасыл. Бұзақылықтан бөлек, Азамат Тоқтаубаев ұрлық жасады деп те айыпталып отыр. Оған қоса, кәмелетке толмаған Думан Ысқақовқа ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылып отыр.
Тыңдау немен бітті?
Айыптау актісінен кейін төрағалық етуші сот Ержан Жанұзақов сотталушылардан сотты алқа билердің қатысуымен өткізу туралы ойын сұрады, олар қарсы болды. Кейін жапа шеккен тараптан сот процесін Талдықорғанда емес, Қарасай ауданында өткізу туралы өтініш түсті. Бірақ судья Жанұзақов Алматы облысында сотталушыларға арналған тергеу изоляторы жоқ екенін айтып, бас тартты.
Жәбірленуші тарап бұл жер қатынауға ыңғайсыз екенін айтып, процессті Қарасай ауданына ауыстыру туралы тағы да өтініш тастайтынын айтты.
Бұл іс бойынша төрт адам жәбірленуші деп танылған, олардың мүддесін жеті адвокат қорғайды. Шерзат Полаттың өлімі бойынша басты сот процесі 17 cәуір күні күндіз 10:00-де басталады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.