4054
19 января 2023
Светлана Ромашкина, сурет Entertainment Tonight YouTube арнасынан алынды.

«Арманым асқақ еді»

Кино ғана емес, актерлердің өмірі де жанға дауа болады

«Арманым асқақ еді»

Голливуд сәтті оқиғалар туралы фильм түсіргенді ұнатады. Мәселен, үй шаруасындағы әйелдің еден жуатын таяқ ойлап тауып, миллиондаған байлыққа кенелуі, бір жігіттің көлікжайда ән айтып, жұлдыз атануы… Бұдан бөлек фильм жұлдыздарының шынайы өмірінде де таңғажайып оқиғалар болып жатады.

Былтыр 54 жастағы Брендан Фрейзер кино саласына зор салтанатпен оралды. Ол 1990-2000 жылдардағы кино жұлдызы еді. Ең әйгілі фильмі – «Мумия» және оның жалғасы. Алайда фильмдердің касса жинай алмауы, актердің денсаулығының нашарлауы, салмақ қосу, ажырасу, қырындау (Фрейзер бұл туралы ашық айтқан актерлердің бірі) сияқты оқиғалар жиналып келіп, оның күйзеліске түсуіне, сөйтіп карьерасын тоқтатуына себеп болды. Жас кезі мен қазіргі сырт-келбетін салыстырып, желіде мазаққа айналдырғандар да көп болды. Кейін интернетте актерді қолдайтын флешмобтар да болғанын айта кеткен жөн.

2022 жылдың 4 қыркүйегінде Венеция кинофестивалінде басты рөлді Брендан Фрейзер сомдаған Даррен Аронофскийдің «Кит» драмасының тұсауы кесілді. Көрермендер бұл картинаны 6 минут қошеметпен қарсы алды. Ал интернетте актердің көз жасын тыя алмаған видеосы тарап кетті. Қазір ол Оскар сыйлығына ұсынылып жатыр. Актердің жоспары көп, соның ішінде Мартин Скорсезенің «Ай гүлін өлтіргендер» картинасы да бар.

Былтырғы ең ерекше фильмдердің бірі «Бәрі, барлық жерде және бірден» картинасында бас кейіпкердің күйеуінің рөлін Ке Хюи Куан сомдады. Оның карьерасы сонау 1984 жылы басталған. 13 жасар жеткіншек Спилбергтің «Индиана Джонс және тағдыр ғибадатханасы», кейін «Ақымақтар» фильміне түсті. 1985 жылы үздік жас актер ретінде «Сатурн» сыйлығына ұсынылды. Араға 37 жыл салып, «Бәрі, барлық жерде және бірден» фильміндегі үздік қосалқы актер жүлдесін ұтып алды. 51 жастағы актер жүлдесін алғаннан кейін залда отырған Стивен Спилбергке: «Ол маған мүмкіндік берді», – деп, алғысын айтты.

Ке Хюи Куан көп жыл бойы киноға түспей, трюктерге дайындалды. Енді ол Марвел ғаламшарына қосылады. Актер «Локи» сериалының екінші маусымында шығады.

Комедия жанрындағы актриса Дженнифер Кулидж 1999 жылы Стифлердің анасының рөлін сомдаған «Америка бәліші» фильмі шыққаннан кейін танымал болды. Ол кейін қысқа метрлі фильм мен сериалдарға түсіп, 2021 жылы айы оңынан туды: Алтын глобусқа жол ашқан «Ақ лотос» фильміне түсті. Ол бұған дейінгі сұхбаттарында он жылын кастингтерге арнап, бірде-бір рөл ала алмағанына налыған еді.

«Жас кезімде арманым асқақ, дәмем зор еді. Алайда өмірде бәрі басқаша болды. Монако ханшайымы болуды қаладым, бірақ басқа біреу болды. Майк Уайт, сен маған үміт бердің. Барлығын қайта бастауға мүмкіндік бердің», – деді Кулидж «Ақ лотос» режиссеріне сахна мінберінен. Қазір актрисаның жасы 61-де. Болашақтың қандай жарқын болып көрінетінін, ал шынайы өмірдің қандай қатал екенін актрисадан артық білетін адам жоқ болар. Санаулы адам ғана төбе басына шығып, жайлы жайғасады. Ал құлағандарға қайта тұру әлдеқайда қиын: жетістігіңіз прокаттағы соңғы фильмнің табысымен есептеледі. Касса сәтсіздіктері келешегінен үміт күттіретін қаншама карьераның түбіне жетті. Айығып, қайта оралғандар саусақпен санарлық.

Брендан Фрейзер, Ке Хюи Куан және Дженнифер Кулидждікі секілді оқиғалар жоқтың қасы. Бәлкім, сонысымен де құнды болар. Көрермен фильмдегі сәтті оқиғадан гөрі шынайы өмірдегі жетістікті көргенді әлдеқайда ұнатады. Ол жас болмасаңыз да, келбетіңіз бұрынғыдай болмаса да, депрессиядан шығуға, армандаған жұмысқа орналасуға, сахнада жүлде алуға болатынына үміт сыйлайды.

Голливуд пен оның жарқ етіп жоқ болған немесе әлі күнге дейін жанып тұрған жұлдыздары жырақ болғанымен, осындай оқиғалар оларды жақын әрі түсінікті етеді. Эпос кейіпкерлері еш мойымайды, үмітін үзбейді, ақыр соңында оларды марапат күтіп тұрады. Өмірде өзіңе деген сенімді жоғалтып, бәріне қолды бір сілтегің келген кезде, талай жылдық сәтсіздіктен кейін жетістікке жеткендердің оқиғасына бір көз жүгірту өте маңызды.