4848
9 февраля 2023
Светлана Ромашкина, суретті Markgran түсірген (Wikimedia Commons)

Қан шығару шарт па?

Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі емес медицинаны қадағалайтын кез жетті

Қан шығару шарт па?

Алдыңғы аптада еліміздің денсаулық сақтау тарихында дәрігерлер алғаш рет дәлелді медицина қағидаларына сүйеніп, «емдеудің» қауіпті әдісі – хиджамамен күресте бірікті. Медицина қоғамдастығы денсаулық сақтау министрлігінен «дәстүрлі емес» медицинаға тыйым салуды сұрады.

Оның алдында ғана Instagram желісінде Атырауда сәбиден қан алып жатқан видео тарап кетті. Бұл әдіс бұрыннан белгілі, бірақ дәлелді медицинаға сүйенетін дәрігерлер мұны құптамайды. Дәрігерлер денсаулық сақтау министрлігінен балаларға хиджама мен гирудотерапия (сүлікпен емдеу) жасауға тыйым салуды және «дәстүрлі емес» медицинамен айналысатын орталықтардың жұмысын қадағалауды талап етіп, петиция жариялады. Бұл петицияға 15 мыңға жуық адам қол қойып үлгерген. Әрине, бұл «Базз Лайтер» мультфильмін көрсетуге тыйым салу талабы сияқты танымал болмағанымен, маңыздылығы жағынан одан бір де кем емес еді.

Дәстүрлі емес медицина пандемия кезінде жаппай тарады, ол кезде COVID-ті емдемеген әдіс қалмады. Қытайдың сиқырлы дәрі-дәрмегі де, зімбір де, өз-өзіне жазып алған антибиотиктер мен дексаметазон да, басқасы да қолданылды. Менің ойымша, Instagram қолданушыларының көбінің емдеудің сиқырлы тәсілін ойлап тауып, өзін иммунолог, нутрициолог деп есептейтін танысы бар. Түрлі биологиялық қоспа мен көбі біле бермейтін, өздері ойлап тапқан сиқырлы дәрілерді қолданатын «жаңа медицина» клиникалары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп жатыр. Бұған қоса, паразиттермен емдеу сияқты таңғалдыратын «жаңалықтар» да бар.

Мұның салдарымен қарапайым дәрігерлердің күресуіне тура келеді, ал шын мәнінде мұның бәрі мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүк түсіреді.

Дәстүрлі емес медицинаға қарсы күреспес бұрын, оның неге соншалықты кең тарап кеткенін түсінуіміз керек. Бұл адамдардың надандығынан емес, дәстүрлі медицинаға қол жетпеуінен, оның көпшілікке түсінікті болмауынан туындап отыр. Ауруды анықтау үшін УДЗ және қан тапсырмай-ақ, дұға оқып бере салатын халық емшісіне бару немесе диета жазып беріп, iHerb сияқты қоспалар сататын емші-блогердің виртуал қабылдауына жазыла салу оңайырақ. Адамдар оңай жолды іздейді және олар мұны дәстүрлі емес медицинадан табады. Ал нәтижесі мен қауіпсіздігі алаңдатпайды. Бұған қоса, мемлекеттің бір бөлігі болып есептелетін медицинаға деген сенім де азайды.

Оның үстіне, дәстүрлі медицинамыз көп жағдайда бір-бірімен байланыспайтын нәрселерді қосақтап, COVID-пен ауырғандарға антибиотиктерге қоса, фуфломицин, гомеопатия, небулайзер және, тіпті, қыша қағазын да ұсынып жатты.

Бұдан да маңыздысы, біз жалпы жаратылысымызда тылсым күштерге ғана емес, арқаға төңкеретін банканың күшіне, көзге емдік мақсатта түкіруге, сүлікке, мумиеге, «өлтірмейтін суға» құштармыз.

Өміріңізді сақтап қалатын әдістің бәрі жақсы, бірақ пайдасынан кесірі көп тәсілдерді қалай анықтауға болады? Бұл, бәлкім, денсаулық сақтау министрлігі араласуы керек іс шығар? Мысалы, дәстүрлі емес әдістермен емдеуге болмайтын аурулардың тізімін жасауы керек. Шөп атаулының бәрі қауіпсіз емес екенін, халық емшісінің дұғасына бола химия терапиядан бас тартуға болмайтынын түсінуге тиіспіз. Қазір дәлелді медицинаға және вакциналауға деген сенімді қайтару маңызды. Бұл ұзақ, бірақ міндетті жол.