Власть зерттеуші, Fading.TSE платформасының авторы Теміртас Ысқақовпен кездесіп, елорданың дамуы туралы әңгімелесіп қайтты. Сарапшы қазақстандық қалалардың өзіндік ерекшелігін сақтаудың маңызы, елдегі барлық қаланың Астанаға ұқсап бара жатқаны мен отарсыздандыру дискурсы аясында сәулет мұраларын сақтап қалудың маңызы туралы айтып берді.
Үш жыл бұрынғы сұхбатта бізге Астанада ескі қала идеясы танымал емес екенін айтқан едің. Қазір бірнәрсе өзгерді ме?
Меніңше, өзгерді. Қандай да бір сезімдер жайлы айтар болсақ, ескі қала тақырыбының маңызы арта түсті. Әлемдегі жағдайға байланысты қоғамның прогрессив өкілдері отарсыздану жайлы көбірек айта бастады және мұра мәселесі өзекті бола түсті. Қандай мұра бар, оның жақсысы мен жаманы қайсы, нені сақтап қалу керек деген мәселе қазір өзекті. Осының арқасында Қазақстандағы тарихи-мәдени мұра жұмысының маңызы артты. Біз де бұл сұрақты кейінге қалдыра бермей, талқылау керек екенін түсініп отырмыз. Алайда ескілікке үнемі сұраныс болуы кез келген қоғамға тән. Қоғам есейген сайын, оның әлеуметтік, мәдени капиталы өсе береді және Қазақстанда тарихи естелікке сұраныс өте жоғары. Тарихи жадыны тарихи, мәдени және сәулет ескерткіштері береді, оның акторы да солар. Сондықтан онымен жұмыс істемеуге, сақтамауға және тағы бір ой елегінен өткізбеуге құқығымыз жоқ.
Тарихи жадының өзекті болуының себебі неде деп ойлайсың?
Қазақстан – жас мемлекет, отыз жылдан бері “Ұлт ретінде кімбіз?” деген сұраққа жауап іздеумен келеміз. Тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихқа үңілсек, халықтың көп бөлігі тарихи жады құқығынан айырылған бір кезең болғанын білеміз. Тарих қайта жазылып, тарихи ескерткіштер қиратылған. Кейінгі отыз жылда біз теория тұрғысынан сол тарихи жады құқығына ие болғандаймыз, алайда ол құқық іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқаны, ол мұрамен қалай жұмыс істеп жатқанымыз бөлек мәселе. Бірақ, меніңше, бұл дәл сол отыз жыл ішінде ұлт ретінде кім екенімізге жауап таба алмағанымыздың нәтижесі сияқты. «Қайда қарай бет алдық?» деген сұраққа жауап табуға тырысумен қатар, «Қай жақтан шықтық?» деген сұраққа да жауап бере алуымыз керек. Қазір қай тарихи кезеңде өмір сүріп жатқанымызды айта алуымыз керек. Меніңше, мұны бәрі сезеді. Бәрі өзінің отбасы тарихын, өзінің және елге ортақ өткен өмір туралы білуге іштей құштар, өйткені оларды бір-бірінен бөліп-жара алмайсыз. Демек, біз қандай да бір мұражай немесе үй маңындағы саябақты жеке естеліктерімізге байланысты сақтап қалғымыз келетінін айтуымыз мүмкін. Бірақ бұл сонымен қатар қала мен ел тарихының бір бөлшегі. Мұның бәрі бір бүтін дүние.
Астана қаласы туралы нарратив қалай өзгерді? Қазір оны оң жақ және сол жақ жағалау деп бөлудің астарында не бар? Бұл қарапайым географиядан басқа нәрсе ме? Мұның қандай мәні бар?
2019 жылдан бері үш жылдан аса уақыт өтті және нарратив қатты өзгерді. Себебі қалада (стахановшыл қарқынмен) жаппай құрылыс жүріп жатыр. Бірақ бұрын құрылыс, урбанизацияның басым бөлігі тек сол жағалауда болса, қазір девелоперлер де, әкімшілік те ескі қалаға көңіл бөле бастады.
2019 жылы құрылыс шағын аумақтарда жүрсе, қазір жұмыс қарқыны қыза түскенін байқауға болады. Қазір тұтас қала бойынша құрылыс жүріп жатыр. Бұл тарихи құрылыс нысандарымен қалай жұмыс істейміз, оны бүлдіріп алмаудың амалы қандай, оны қалай жақсартамыз деген сұрақтың маңызын арттыра түседі.
Қазір құрылыстың кішігірім аумақтарда жүріп жатқанын бәрі айтады, бұл әсіресе Астанаға қатысты. Дегенмен, белгілі бір жаппай құрылыс жүргізу деген шашыраңқы түсінік. Кварталдар ықшам орналасып, халық тығыз қоныстануында тұрған ештеңе жоқ. Бұл тұста «ойластырылмаған құрылыс» немесе «тиісті әлеуметтік нысандарды және инфрақұрылымға жүктемені есепке алмай басталған құрылыс» деген терминді қолданған дұрысырақ болар еді. Қаладағы белгілі бір жерді таңдап алып, оған сәулет-құрылыс жағынан мүлдем келмейтін шешімді таңдап аламыз. Бұл Астананың барлық аймағында бар және күн өткен сайын мәселе өршіп барады.
Үй саламыз, ал сол аудандардың болашақта қалай дамитыны туралы ештеңе айта алмаймыз. Бірақ қала әкімдігі оның бәрі есептелген, былтыр қарашада көрсетілген Астананың бас жоспарында осы нәрселердің бәрі ескерілген дегенге сендіргісі келеді. Шын мәнінде қоғам өкілдерімен талқы жасалмаған, тіпті, көлік, инфрақұрылым, урбанистика мамандары да жұмылдырылмаған. Аймақтардың болашағы, қала дамуы туралы талқылаулар үнемі алыпсатарлық негізде өтеді. Қолымызда бастапқы деректер болмағандықтан, егжей-тегжейлі талқылай да алмаймыз. Мысалы, ЛРТ мәселесін алар болсақ, былтыр президент бұл істе «жемқорлық иісі бар» деп, мегажобаның басты мәселесін атаған еді. Ол отандық сәулетшілер мен урбанистерді осы мәселені шешу жолын ұсынуға шақырды. Біздегі атқарушы органдар әлеуметтік желілерде ЛРТ мәселесін шешу жолдарына қатысты ұсыныстарды қабылдау басталғанын жариялап жіберді. Бұл, әрине, күлкілі жағдай. Әкімдік ұсыныстарымызды тыңдап, соған қарай шешім қабылданады дейді. Бірақ шешім әлдеқашан қабылданып қойғанын бәріміз білеміз.
Өтініш, ұсыныс қабылдау негізіндегі байланыс арнасы – ештеңеге жарамсыз дүние. Бұған қоса бізде ЛРТ жобасы алғаш қалай қабылданғаны туралы ашық дерек те жоқ. Техникалық-экономикалық негіздеме қайда? Осындай бастапқы дерекке сүйеніп, құзырлы мамандар егжейлі-тегжейлі ұсыныстар айта алады. Бірақ біз әкімдіктен ешқандай дерек ала алмадық. Төрт күн бойы төрт аудан жиналып, талқыға салған бас жоспар мәселесі де осыған ұқсайды. Бұл жалпы жұртшылыққа арналған құжат болғанымен, талқылау хаттамасы жүргізілмеген. Талқы нәтижелері жарияланған жоқ, шағым мен ұсыныс жәшігі болды, бірақ сол шағым мен ұсыныстар қайда кеткенін білмейміз. Ешқандай ашық әрі нақты байланыс механизмі жоқ, себебі Қазақстанда және Астанада қоғамдық тыңдалымдар хаттамасы, нақты бір үлгі жоқ. Бізде мұндайды тек есептік шара, шоу ретінде өткізгенді дұрыс көреді.
Талдыкөлді көму мәселесі қала тұрғындары мен белсенділерге қалай әсер етті?
2020 жылғы тамыздан бастап эксперт ретінде өзім және біздің платформа SOS.Taldykol қозғалысы бойынша әкімдікпен жұмысты реттеу үшін, жағдай туралы шынайы хабар таратып, тәуелсіз сарапшылармен, заңгерлермен бірге қоғамдық мониторинг жүргізу үшін ақпараттық қолдау көрсеттік. Әкім жұмыс тобын іске қосуға уәде берген кездесуде болдым, бірақ ол топ сол күйі жұмыс істеген жоқ. 2020–2022 жылдар қаланың осындай маңызды сұрақтары бойынша, су ресурстары мен қала тұрғындарының қауіпсіздігі бойынша байланыс арнасы жұмыс істемейтінін анық көрсетті. Президент атына жазылған петиция да, президент әкімшілігінің кеңсесіне жазылған өтініш те, оған қоса саяси бағам өзгергені, министрлердің ауысқаны, әкімдердің ауыс-түйісі де пайда бермеді. Қаланың көп тұрғыны мен белсенділер кез келген реформаға күмәнмен қарайды, алайда мүлдем үмітсіз де емес. Менің ойымша, өзгерістер болғанын қалайтын белсенді қазақстандықтар осы отыз жыл ішінде кез келген жағдайда жұмыс істей беруге бекініп үлгерген сияқты. Олар бірдеңе өздігінен өзгеріп, жақсарып кетеді деп күтіп отырмайды.
Бұдан соң дәрменсіздік үйреншікті дағдыға айналып кетпей ме?
Үйреншікті дәрменсіздік дегенге келмес, меніңше, бұл әлі де болса өзгеріс жасауға қауқарлы топтың жеткіліксіз болуынан сияқты. Қала құрылысы мәселесіне келер болсақ, қала құрылысына қатысты, инфрақұрылым жүктемесі тұрғын үй кешенінің салынуына ілесе алмай жатқаны сияқты мәселелерді Астананың әрбір тұрғыны сезетініне сенімдімін. Қалай дегенмен, адамдар кептелісте тұрғанда, түтіннен тыныс ала алмай қиналғанда, баласын балабақша немесе мектепке орналастыра алмай әбігерге түскенде осы мәселемен бетпе-бет келеді. Адамдар мұның бәрін білгенімен, бәрі бір-бірімен байланысты екенін, мәселенің түбі қала құрылысы мен сәулет жобаларына байланысты екенін түсіне бермейді. Жағдайды өзгерту үшін барлық шешім қабылдау жүйесін өзгертіп, оны ашық етіп, тәуекелді мейлінше азайту керек. Бұл қауіптің бәрін жобаламас бұрын зерттеу жасап, ашық жұмыс істеп, іске арнайы мамандарды жұмылдыра отырып азайта аламыз. Жұмыс істеп жатқан адамның кейпін танытпай, шынымен осы бағытта жұмысқа кірісу үшін бізге саяси, тіпті адами еркіндік жетіспейді.
Қазір аймақтарда қалалардың құрылысы елордаға ұқсап бара жатқаны байқалады. Барлық қала Астана болып кетпей ме? Қаланың бірегейлігі жойылуы мүмкін бе? Осындай тенденция байқала ма?
Солай деуге де болады. Бірақ бұл туралы айтқанда жауапкершілікті елордаға жүктеп, осының бәріне тек Астана кінәлі сияқты етіп қоямыз. Ал шын мәнінде Астана – шенеуніктер мен девелоперлер бірігіп, қала аумағын игере бастаған осы үрдістің, осы жүйенің алғашқы құрбаны. Бұл жүйеден ең алдымен өз қаласына қатысты құқықтарынан айырылған астаналықтар зардап шекті. 2000 жылдары, 2010 жылдары қаланың бірегей бет-бейнесі жойылды. Көпшілік, соның ішінде Алматы тұрғындары елорда туралы жансыз қала салынып жатыр деген пікірде болды. Астана – утопия қаланың жобасы, қазір бұл механизм бүкіл Қазақстан бойынша қолданылып жатыр. Құмырсқаның илеуіндей, жансыз тұрғын үй кешендері енді аймақтарда ғана емес, тарихи қала орталығында да салынып жатыр, оның ішінде Алматы да бар.
Мысалы, кейінгі екі-үш жылда «алтын квадраттан» тыс аймаққа бара жүріп, қала құрылысы деңгейіндегі жансыздық бойынша Алматының алға түсіп кеткеніне қатты қайран қалдым. Тұрғын үйлер еңсеңді басып тұрады. Бұған Астананы кінәлі ету оңай, бірақ, меніңше, негізі жауапкершілік жалпы қоғамның мойнында болуы керек. Осы жылдар ішінде тұтас бір ұрпақ өсіп жетілді және қаланың көп тұрғынының бір арманы бар. Бәрі Астанадан пәтер алғысы келеді. Адамдар жайлы тұрғын үй кешенінде тұруды армандайды, бірақ ондай кешендердің қалаға, тұрғындарға, қала тұрғындарының денсаулығына қалай әсер ететінін түсінбейді. Астаналықтар түскен тұзаққа аймақтарда тұратын адамдар да түсіп қалуы мүмкін.
Астанамен шектелмей, Екібастұз бойынша да осыған ұқсас жоба жүргізесің. Бұған қоса «Атырау архитектурасы» кітабын жарыққа шығаруға белсене атсалыстың. Қала тарихы мен сәулеті туралы айту неге сонша маңызды? Неліктен дәл осы қалаларды таңдадың?
2021 жылдан бері басқа қаладағы процестер де өте ұқсас екенін байқап, Астанадан өзге қалаларды зерттей бастадық. Қалалар өзара ұқсас болмаса да, олардың кеңес кезінен қалған урбанизация мәселесі бірдей. Кеңес жылдары көптеген өнеркәсіптік қала субқала, шағынаудан құрылысы, кеңестік орталық типінде дамыды. Біз кейінгі отыз жыл бойы сол қалаларда өмір сүріп келеміз, алайда заманауи құрылыс та белсенді қарқын алды, мысалы, Екібастұзда қазір жаңа үйлер көп. Атырауда да дәл солай. Аймақ экономикалық жағынан бай және мұнда «елордалық құрылыс» жүріп жатыр. Қаланың ең көне бөлігі – Атыраудың тарихи кварталы түгелімен жойылады. Бұл тек бір қаланың емес, Қазақстанның трагедиясы. Себебі Атырау – үздіксіз тарихы бар ең көне қаланың бірі, қалаға биыл шамамен 400 жыл толып отыр. Мысалы, Астанаға 200 жыл десек, Атыраудың тарихы екі есе бай. Біз 2021 жылдан бері тек Атырау мен Екібастұз емес, түрлі қалаға барып қайттық. Қарағандыға, Петропавлға барып, Щучинскіден мақала әзірлеп, жергілікті белсенділермен бірігіп, мәлімдемелер жарияладық. Осылайша, аздап болса да, мәселеге назар аударта алдық. Бірегейлік мәселесі барлық қалада бірдей – құрылыс заңсыз немесе контекст пен көпшілік пікірін ескермей жүріп жатыр. Қазір мұны айту өте маңызды, бірақ мәселеге назар аударғанын қаласақ, алдымен қандай да бір оқу-ағарту жұмысын жүргізуіміз керек. Мысалы, Екібастұз тұрғындарына қала жайлы айтып беру үшін Инстаграмда парақша ашылды. Екібастұз қаласының салынғанына небәрі 70 жыл, жас қала болса да, қала жайлы айтар ақпарат жетерлік! Қала тұрғындарынан «Екібастұздық болу дегеніміз не?» деп сұрасақ, олар түрліше жауап беруі мүмкін. Бірақ адамды екібастұздық ететін адал патриоттық деген де осы. Біз адамдар қаласын қиындық туа қалса, кетіп қалатын бір мәжбүрлі мекен ретінде қабылдамай, керісінше, қай жерде тұратыны мен өз үйлері туралы білімі болсын деген мақсатта осы жобаны қолға алдық.
Инстаграм парақшада қалағанымыздай жиі пост жариялай алмасақ та, бұл біз үшін кішігірім тәжірибе. Әлеуметтік желілер өңірлерде Алматы мен Астанадағыдай жұмыс істемейді. Себебі қалаларда әлеуметтік желілер – қоғаммен байланысып, мәдени және ағартушылық идеясын жеткізудің, аудитория жинаудың ең жылдам тәсілі. Бұл – керемет тәуелсіз платформа. Ал өңірлерде әлеуметтік желілер бұлай жұмыс істемейді. Онда урбанистика мен қаланы көгалдандыру туралы сыни ойлай алатын тұрғындар аз. Бар болған күннің өзінде, олар әлдеқайда белсенді, әкімдікке барып, ПИК-пен жұмыс істейді. Көп жағдайда өңірлерде тікелей әкімдікке барып, жұмыс істеу мүмкіндігі жоғары болады, бірақ бір жағынан ол жақтағы белсенділер жалғыз, олар ақпараттық вакуум ішінде қалып қойып жатады. Ол жақта әлеуметтік желі БАҚ-ты алмастырмайды, көбіне тауар сату мен көңіл көтеру құралы ретіде қолданылады. Біз қала тұрғындарына жағдайға бей-жай қарамайтын адамдар бар екенін, онлайн платформа арқылы да бірігуге болатынын көрсеткіміз келді. Әзірге бұл бір нәтижесін берген жоқ, бірақ үлкен аудитория пайда болды. Қарқынды жұмыс істесек, бір нәрсеге қол жеткізуге болады.
Ал Атырауға қатысты басқа амал қолдандық. Urban Forum Kazakhstan ұжымындағы әріптестеріміз осы тарихи және құнды архитектуралық құрылысты каталогтау жобасына қатысу туралы ұсыныс айтты. Олар оның жоғалып кетуі мүмкін екенін болжап, қала тұрғындарына қолжетімді құжат деректері мен мұрағат жасау керек екенін түсінді. Басылымнан бөлек, кітаптағы барлық ақпараттың қысқартылған нұсқасы енгізілген мобильді қосымша іске қосылды. Қолданушыларға сәулет ескерткіштерімен танысуға мүмкіндік беретін үш маршрутты әзірледік. Зерттеу кезінде кейбір ғимараттар қирағалы тұрған, ал каталогымызда болған кейбір ғимараттар қазір жоқ. Осы жұмыс арқасында жергілікті белсенділер мен өлкетанушылармен таныстық. Жұмысымызға күмәнмен қарағандар да болды. «Астанадан не үшін келесіңдер? Сендерге не керек?» деп, тек есеп үшін жұмыс істеп жүр деп ойлағандар да болды. Шын мәнінде біз екі тілде қызмет көрсететін өнім әзірлеп шығардық. Қазақ тілін әлдеқайда көп қолданатын өңір ретінде Атырау үшін осы білім қолжетімді болды. Atyrauqo жобасының авторы Әлия Жолдасовамен сөйлессек, ол, әрине, таңғаларлық болса да, көп адам өз қаласы жайлы қарапайым нәрселерді біле бермейтінін, ал соның бәрін білген тұста қалаға деген қарым-қатынасы өзгеретінін айтады. Олардың білім көкжиегі кеңейеді, сондықтан тарихи ескерткіштер мен қалалық орта туралы білім өңірлерде аса қажет. Өңірлерді сақтап қалу керек, өйткені біз барлық қаланы бірдей «ұжымдық Астанаға» айналдыра алмаймыз. Тіпті ішкі туристер ретінде Қазақстанның басқа қалаларына барып, өңірлік сәулет ескерткіштерімен, мәдени орталықтарымен, архитектурасы арқылы қаламен танысқымыз келеді.
Қалалардың бірдей боп салынуының себебі неде? Құрылыспен тек бір компания айналысып жатқанынан емес пе?
Иә, оның үстіне әлдеқайда үнемді әрі жұмыс істейтін тетіктер де әзірленді. Бұған қоса мамандары және шешім қабылдайтын адамдарды ротациялау. Әкімдерді тағайындап, олар командасымен қызметтерді ауыстыра жүріп өңірлерді аралайды ғой. Бүгін сен Астана әкімісің, ертең индустрия және инновациялық даму министрісің немесе бүгін Оралдың әкімісің, ал ертең Астананы басқаруға келесің, сәйкесінше, осы тетіктің бәрі, үлгілер шенеуніктің өзімен бірге қозғалып отырады. Біз азамат ретінде өз қаламызда тұра береміз, ал шешім қабылдайтын адамдарды президент тағайындап, олар бізге келген соң үйреншікті үлгі бойынша, сол баяғы мердігер мен құрылысшылармен жұмыс істейді.
Қаладағы бірегейлікті (кімдікті) сақтау ісімен кім айналысуы керек? Әкімдіктер ме, урбанистер ме, қала тұрғындары ма, әлде сәулетшілер ме? Тәжірибеңе сүйеніп, бұл іске кім көбірек мүдделі екенін айта аласың ба?
Әр әкімдік пен мәдениет басқармасының жанында ескерткіштерді қорғау бойынша мемлекеттік инспекциялар мен тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау бойынша мемлекеттік орталықтар бар. Бізде мұра туралы заңға қатысты мәселе бар, өйткені бұл сонау кеңес заманынан қалған калька және онда мұра деген не екені жайлы нақты ештеңе жазылмаған. Бізде тарихи-мәдени мұраға жататын нысандар бар: қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, археология ескерткіштері, монументал өнер ескерткіштері, бірақ ол ескерткіштердің құндылығы туралы түсінік жоқ. Не нәрсе ескерткіш бола алады, не бола алмайды? Қандай да бір нысандарды ескерткішке жатқызу және оларды сақтау бойынша нақты механизм жоқ. Комиссиялар, инспекциялар мен орталықтар негізі ескерткіштерді анықтап, тарихи-мәдени мұра тізімін жаңарту үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, үлкен қоғамдық жұмыс жасауы керек. Бірақ іс жүзінде мұндай ұйымдар көбіне әкімдік жанындағы мемлекеттік басқарманың қатаң жүйесі бойынша жұмыс істейді.
Олардың қол-аяғы байлаулы, тіпті мамандар мен жетекшілер бірдеңені құтқарып қалғысы келсе де, көп себеппен мұны істей алмауы мүмкін. Не олар мұны бюрократиялық есеп сынды өзге жұмысы болғандықтан істегісі келмейді. Қандай да бір нысанды мұра деп танудың жалғыз ресми жолы – тарихи-мәдени мұра нысандарының мемлекеттік тізімі. Бірақ бұл тізім мен мәртебе де ештеңе бермейді, өйткені Қазақстан бойынша түрлі мысалға қарап-ақ ғимараттар мен ескерткіштер республикалық маңызға ие тарихи-мәдени мұра тізімінде болса да бұзылып жатқанын көре аламыз, яғни бұл механизм де жарамсыз. Мұны өзгерту – кешенді сұрақ әрі үлкен жұмыс.
Бірегейлік туралы айтқанда, тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер жайлы әңгіме ашылды. Ал қала бірегейлігі туралы тағы не айтуға болады?
Қаламен байланысты бірегейліктің бірнеше түрі бар. “Қаланың бірегейлігі” – қала тұрғындарының қаланы қабылдауы. Мысалы, “Астана деген не?” деген сұрақты алайық. Біреу үшін бұл жаңа ғимараттар қаласы болса, енді біреулер үшін – шенеуніктердің, жаңа әдемі ғимараттардың немесе салқын самал жел есетін қала болуы мүмкін. Бұл сипаттаманың бәрі – қаланың жай-күйі, ерекшеліктері мен өзге қалалармен ұқсастығы жөніндегі адамның көрінетін ойы. “Қалалық бірегейлік” – қала тұрғындарының өзі жайлы дәл сол өз қаласының тұрғыны ретіндегі ойы. Бұған қоса “Қаламен сәйкестік” деген ұғым бар. Бұл – қала адам биографиясының контексі сияқты қабылданатын психологиялық құрылым. Бұған қарамастан, материалдық және материалдық емес нысандар да бар. Олар қалаға байланысты барлық бірегейлікті қалыптастырады. Ғимараттар ортаны қалыптастырады, алайда орта да осы ғимараттарға әсер етеді. Мысалы, Астананың шалғай шетінде бір әдемі ескерткіш орнатылса, ол бүкіл ауданға әсер етеді. Сондықтан сапалы жасалған қоғамдық кеңістіктер ортаны және ауданның әлеуметтік контексін өзгерте алады ғой? Себебі олар осы ауданның бірегейлігіне әсер етеді. Ал бұл тұлғаның, қаладағы мәдени кеңістіктің қалыптасуына да әсер етеді. Тіпті, ең қиын әрі қолайсыз қала жағдайының өзін жағдайға бей-жай қарамайтын тұрғындардың арқасында өзгертуге болады. Демек, мәдени кеңістігімізді кеңейткен сайын, кездесіп, араласып, шаралар өткізіп, кез келген кеңістікті толтырып, оның өзгеруіне әсер етеміз. Мұндағы басты нәрсе – адамдар мен кеңістік идеялары кездесіп, оның жүзеге асуына көмектесу.
Отарсыздандыру туралы айтқаныңа қайта оралғым келіп отыр. Қазақстандағы қалалардың көбінде, оның ішінде біз атап өткен қалаларда да кеңестік сәулет мұралары өте көп екені құпия емес. Тек кеңестік емес, Ресей империясы кезінен қалғандары да бар. Бұл қазір қандай коннотация тудырып отыр? Тақырып аясында диссонанс бар ма?
Соғысқа дейін де отарсыздануға сұраныс болды және бұл – ғылыми және ғылымға жақын ортадағы дискурс. Кеңес және отарлау кезеңіндегі қала тарихын айтып отырған болсақ, зерттеуші ретінде маған қалалық мұраның проблемалық идеясы әу бастан түсінікті болды. Мен үшін соғыстан кейін бұл сұрақтар тіпті маңызды бола түсті, бірақ жалпыұлттық сана негізінде мұндай теріс пікір барын байқамадым. Себебі Fading.TSE-де біз 2019 жылдан бері ғимараттарға әр жақтан қарап көруге болатынын айтып жүрміз.
Мына ғимарат – шартты түрде төрт қабырға мен шатыр. Қолданушы әрі көрермен ретінде біз бұл ғимараттарды мағынамен толықтырамыз. Әрине, өткен ғасырдың ортасында сталиндік репрессиялар кезеңінде салынған ескерткішке қарап, көбі: “Нашар, бұл сталиндік қылмыстардың ескерткіші. Бұл кеңес халқына жасалған қылмыс пен интеллигенцияға қатысты репрессияның ескерткіші”, – деп айтуы мүмкін. Бірақ бұл, сонымен қатар, сол кездегі құрбандардың ескерткіші. Ескерткіштерді тарихтың сол беттерінен алыстау үшін сақтамаймыз дер болсақ, оларды бұзу арқылы алыстауға тырысар болсақ, тарихтың ең ауыр беттерін талқылау алаңын да осылайша жоқ етеміз. Осы тұста Қаңтар қырғынында қоғаммен талқыламай талан-таражға салынған Алматы әкімдігі ғимараты мен президент резиденциясын мысал етсек болады. Біз “Көзіме көрінбе, көңілден шет” деп, қарсылық ең аз жолды ұстанамыз. Бірақ бұл олай жұмыс істемейді. Біз мұны алып тастап, өшіріп, жарамызды жаза алмаймыз. Отарсыздандырудың бір мақсаты – тарихтың белгілі бір кезеңдері туралы, төл мәдениетіміз туралы, тарихтағы және үдерістердегі рөліміз туралы өз білімімізді қалыптастыру. Сондықтан бұл мұраға жай ғана сол тарихи кезеңде салынған нысан деген көзқарас болуы керек және оны ойланбастан қирата салуға болмайды.
Қоғамдық консенсус болып, ел азаматтарының көбі “Бізге бұның керегі жоқ сияқты және біз оны бұзып, орнына басқа нәрсе салғымыз келеді” десе, әрине, неге салмасқа? Бірақ біз ол күнге жету үшін қоғамдық талқылау мен қатысудың нақты механизмдері болуы керек. Алматылықтар мен қазақстандықтардың бәрі ғимараттарды бұзып немесе қазір ескерткіш тұрған жерге жаңа ескерткіш орнатуға келіссе, керемет болар еді. Бірақ әдетте ешкімнен сұрамастан бір ескерткішті бұзып, тағы ешкімнен сұрамай-ақ жаңасын орнатып жатады. Бұл – іске жарамсыз зұлым тәжірибе. Бұл біздің моральдық, этикалық мәселелерімізді шешпейді, тарихи жарамызды жазып бермейді.
Мысалы, Германиядағы фашистік қылмыс ескерткіші – Освенцим концлагерін айталық. Бұл ескерткіш қылмыс болашақта қайталанбауы үшін сақталған және қазір ғылыми талқылаулар мен әлеуметтік, мәдени және саяси пікірталастар кеңістігі ретінде қолданылады. Қазақстанға қатысты мысал ретінде АЛЖИР мемориалды кешенін айта аламыз. Өкінішке қарай, лагерьдің шынайы қалдықтары көп сақталмаған. Жерлеу қорымдарын қоспағанда, кешеннің өзі қайта салынды. Осы тарихи оқиғаларды есте сақтап қалу үшін бәрін қайта құруға тура келді. Себебі, мұның бәрі кеңес заманында сол жүйенің қылмыс іздерін жасыру үшін жойылды. Қандай мұраны сақтайтынымызды түсіну өте маңызды. Бірақ оны түсіну үшін ашық, әділ әрі түсінікті тілде сөйлесе білуіміз керек. Мемлекеттік қауіпсіздік пен ұлттық құрылыс идеясы үшін ең сау ұлт – өз тарихына, өткені мен бүгініне ескерткіштерді қиратпастан тік қарай алатын ұлт.
Бұған қоса Fading.TSE платформамызда Walking.TSE деп аталатын бастамамыз бар, онда тұрақты түрде қала бойынша экскурсиялар өткізіп тұрамыз. Бұл тек ғимараттарды көрсетіп, олардың тарихы, сәулет пен детальдар жайлы әңгімелеу үшін емес, қалалық туризмді дамыту және жалпы бейресми жағдайда тарихи оқиғалар мен қала өмірін талқылай алатын қауымдастық құру мақсатында қолға алынған бастама. Өзім экскурсия жүргізуші болған кезде осындай нысандардың болғаны өте маңызды. Себебі мен Ақмола мен Ақмола облысы халқының репрессиясы мен депортациясы жайлы зерттеулер туралы айтып беремін. Мұның бәрі әлеуметтік және тарихи жауапкершілікті түсіне алу үшін, сол құрбандар үшін әрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміз бар екенін түсіну үшін маңызды.
Поддержите журналистику, которой доверяют.