28 жастағы экономист Равқат Мұхтаров Алматы қаласының мәслихат сайлауына жетінші округтен түсіп жатыр. Бұл – Ақсай-1-5, Мамыр-4, Достық, Баянауыл, Жетісу-1 және Алтын Бесік ықшамаудандары. Равқаттың өзі жақын маңдағы №10 ықшамауданда тұрады, осында туып-өскен. Бастапқыда сайлауға №9 округтен түспек болды, бірақ тәуелсіз кандидат Александр Щекутеевпен кездесіп әңгімелескен соң, бір-біріне бақталас болмас үшін көрші округке баруды ұйғарған.
«230 теңгені декларацияладым»
Бір жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев реформа жариялап, өзін-өзі ұсынған кандидаттар мәжіліс пен мәслихатқа баруына қайта рұқсат еткен сәтте, Равқат сайлауға түсуді ойлаған. Ал сайлау уақытын хабарлағанда, оған қатыспаққа бекінді.
Рас, Равқат 350 000 теңге қатысу жарнасын төлеу керек екенін кейінірек білген: «Бұл мен үшін жаңалық болды, қазір табысым соншалықты көп емес. Тіпті өтініш беру туралы ойымды өзгерткен едім, бірақ достарыммен сөйлескенімде, олар ақша жинауға болатынын айтты. Өзім үшін ғана емес, бұған қатысып көру бүкіл командаға қызық болып жатыр. Штабта «Oyan, Qazaqstan!» өкілдері көп: Бейбарыс Толымбеков, Камила Зайнутдинова, Бота Шәріпжанова, Айгүл Нұрболатова, көптеген досым бар. Бұлардың барлығы – жастар».
Мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелу оңай болып шықты: Равқат өтініш жазған соң Конституция талаптарына сай екенін, яғни соттылығы және Қазақстан азаматтығы бар-жоғын тексерді. Содан кейін дүние-мүлкі туралы декларацияны ұсыну қажет болды: «Активтерім жоқ, сондықтан бұл жеңіл өтті, әмиянымда жатқан 230 теңгені декларацияладым. Ал банкке достарым жинаған 350 мың теңге жарнаны төледім. Шынымды айтсам, биыл оптимистік көзқараста болдым, себебі бәрімізді тіркеген еді. Қателеспесем, алғашқы жағымды хабар Лұқпан Ахмедияровтан (журналист, Орал қаласындағы белсенді – Власть) келді. Лұқпанның өзін тіркеген болса, оның белсенділік өлшемімен салыстырғанда, мен ешкім емеспін деп ойладым. Бірақ қазір тіркелу бір бөлек, одан әрі сайлауға бару мүлдем бөлек екенін түсініп жатырмын».
Көптеген үміткерді тіркеуден өткен соң алып тастай бастады: декларациядан сәйкессіздік тапты, мысалы, 7-округтен өзін-өзі ұсынған Ильяс Юсупжановты жазған кітаптарын көрсетпегені үшін шеттетті.
Өткен жылдың жазында Равқат ұйғыр диаспорасының митингін ұйымдастырғысы келген. Әкімдікке хабарлама жіберген соң бірнеше ұйғыр қайраткері хабарласып, өтінішін кері қайтарып алуды ұсынған, кейбірі тіпті Қазақстан халқы Ассамблеясымен «бірге болуды» ұсыныпты. Мұхтаров мәслихат сайлауына түскенде «әкімдіктегі сыйлы адамнан» бір ғана қоңырау түскенін айтады, бірақ ол да «ескі сарынға сай» ештеңе айтпаған: «Бұл жолы олар менімен сөйлеспеуге бекінді. Олар мені қауіп көреді деп ойламаймын. Қомақты әлеуметтік капиталым да жоқ. Ауданда менің атымды ешкім білмейді, бәлкім, сол себепті мені алып тастамаған шығар».
Мұхтаров басынан-ақ мәжіліске емес, мәслихатқа баруды көздеген, оның себебін былай түсіндіреді:
«Қазір түсінгенім, мәслихат сайлауы маңыздырақ сияқты. Өйткені осы сайлау арқылы біз сайлаудың нәтижесіне тікелей ықпал ете аламыз. Бізде мәслихатта 42 адам болады, оның жартысы – партиялық тізімнен, ал жартысы – округтерден. Осы 50%-ды таңдай алсақ, қаланың қалай дамитынына әсер ете аламыз деп ойлаймын. Күнделікті өмірімізге қатысты барлық нәрсені мәслихат аясында жасауға болады. Мәслихат әкімдерді сайласа, онда ол маңызды рөл атқарады. Мен үшін мәжіліс сайлауы екінші кезекте, себебі миллиондаған тұрғыны бар Алматыдан тек үш депутат сайланады, бәсеке өте жоғары және әлі де 70% «Аманатта» қалып отыр.
Ақпан айында Равқат Мұхтаров сайлау науқанына қаражат жинайтынын хабарлады, содан бері 60-70 адам қолдау көрсеткен. Жиналған ақшаны баспахана қызметіне жұмсады. Оның есептеуінше, үгіт жүргізуге 600-700 мың теңге көлемінде қаржы керек. Бұл – жарнаны қоспағандағы сома.
Равқат қала ішінде велосипедпен және қоғамдық көлікпен жүреді, сондықтан болар, бағдарламасының бірінші бөлігі қолжетімді қоғамдық көлікке, екіншісі – таза ауаға, үшіншісі – баршаға ыңғайлы ортаға, одан кейін мәслихат ашықтығы мен әкімдік мердігерлерін бақылауға және жергілікті бюджеттің орындалуына бағытталған.
«Жеңілістің ащы дәмі бізді алға жетелеуі керек»
Равқат үш сайлауда бақылаушы болғандықтан, жүйе қалай жұмыс істейтінін өте жақсы біледі. Сол себепті ол әр учаскеге бір бақылаушы – жалпы 28 бақылаушы жинауға талпынып жатыр.
«Дауыстарды санау – ең маңызды сәт, мұны түсінеміз. Мен түрлі сайлауда үш рет бақылаушы болып, оның біреуінде ғана хаттамаға қол жеткізгенмін. Комиссия төрағалары маған сыпайы әрі мейірімді болды, сайлау нәтижесіне әсер етпейтін ұсақ-түйекті айтпағанда, басқа ешқандай заң бұзу болған жоқ. Бірақ есік жабыла салысымен, қақтығысқа арандатып, ұрыс шығара жөнелетін төраға орынбасарлары дайын тұрады. Оған көмектесетін бақылаушылар да бар. Мені екі рет учаскеден шығарып жіберіп, хаттаманы ала алмадым. Бұрмалау болатынын түсінгенмін. Мен үшін және менің серіктестерім үшін ең басты мақсат – сайлау идеясын насихаттау. Барлығымыз сайлауға қатысып, ұтылып көруіміз керек, сол жеңілістің ащы дәмі бізді алға жетелеуі керек. Жастардың сайлауға барғанын қалаймын, бірақ олар сайлауды аса елемейді. Өзім сайлауды бақыладым, оған кім баратынын көрдім, адамдар оған көбірек барса деймін, сонда тәуелсіз кандидаттарға, яғни бізге мүмкіндік туар еді».
Равқат Мұхтаров Ресейдегі ақылмен дауыс беру тәжірибесін зерттеп, Дарья Беседина (Мәскеу қалалық Думасының депутаты) туралы оқыған, бірақ мұның бәрі қазіргі сайлауға ыңғайлы емес екенін түсінеді: дайындалуға уақыт өте аз. Біз онымен алғаш әңгімелескенімізде сайлауға 2,5 апта қалған еді және Равқат ештеңе дайын емес екенін мойындаған болатын. Буклет пен плакаттар әлі басылмаған, сайлаушылармен кездесу өтпеген, ал өзі велосипедпен қаланың бір шетінен екінші шетіне: бірде банкке, бірде мектепке, бірде мемлекеттік мүлік комитетіне шапқылап жүр. Толық құрылған жұмыс штабы жоқ, қонақүйдің конференция залын жалға алу идеясы болған, бірақ заң бойынша мұны жасауға болмайтын сияқты.
Равқат пен оның командасы мина қойылған алаңдағы саперлер сияқты: анық-қанық ойын ережесі жоқ, ал кез келген қателік сайлау жарысынан шығуға әкелуі мүмкін. Мысалы, олар басқа кандидаттардың үлгісін ұстана отырып, әлеуметтік желіде жарнама жүргізгісі келген, бірақ ОСК-де бұл әрекеттің сайлаудан шеттетуге апаратынын айтқан. Бұл үнемі оның жадында. Сайлаудан алып тастаса не болады деп сұрадым: «Біріншіден, уәде етілген бүкіл реформаның, тіпті кейбір болар-болмас босаңсулар – көзбояушылық екеніне мен және менің достарым тағы бір мәрте өз тәжірибемізбен көз жеткіземіз. Мұның бәрі көзбояушылық деген пікір үнемі ойымда. Бірақ шекара сызығы қайда екенін, қай жерге дейін бара алатынымызды байқап көргіміз келеді. Сайлау қойылым болып шықса, оның кесірі бәрімізге тиеді. Екіншіден, бұл, әрине, команда ретінде де, жеке тұлға ретінде де тәжірибе болмақ. Біз соңғы бірнеше жылда өзін-өзі ұсынған алғашқы кандидатпыз әрі тәжірибе жоқтығын түсінеміз: үгіт жұмысын қалай жүргізу керек, қанша шығын кетеді, плакатты қайда басып шығару керек, сайлаудан алып тастамайтынына қалай көз жеткізуге болады, адамдармен қалай сөйлесуге болады, тіпті мектеп директорынан мәжіліс залын сұрауға дейін – тәжірибе, мұны сақтап аламыз деп ойлаймын. Бізде пиармен айналысатын команда бар, әрине, олар үшін де бұл жеке тәжірибе. Менің ойымша, біздің ерік-жігеріміз, жұмсаған күшіміз – импульс, инерция тудыруы қажет. Бізді өткізбей қойса немесе ұтылып қалсақ, бұл бізге тым ащы болуы керек. Мұндай жағдайда бізді алдап соққанын түсініп, бұл инерция кейін әлдекімге бағытталуы қажет. Өзім мұны консерватив сипатта көріп тұрмын. Мысалы, менің округімнен Алтынай Көбеева сайланса, оған хат жазып: біздің таза ауамыз қайда, тротуарларымыз қайда? – деп сұрамақпын. Осы сайлауға адамдарды жеткілікті түрде тартып, мәслихаттың маңызын түсінсек, онда депутаттарға әйтеуір ықпал ете аламыз. Ал жауап бермесе, одан бетер сұрай түсеміз деп ойлаймын».
Сайлаушылармен кездесу. «Біз қазір уәде беру сатысындамыз»
Мұхтаров қазір өзінің инстаграм парақшасына көп ақпарат жариялап жүр, бірақ онда көрілім аз екенін түсінеді: «Әуезов ауданында жалпы 295 мың адам тұрады, менің округімде шамамен 90 мың адам бар. Бәлкім, соның ішінде 60 мыңы сайлау учаскелеріне келіп қалар, біз оларға үнімізді жеткізуіміз керек. Маған Лондоннан немесе Астанадан лайк басса, ол еш көмектеспейді. Сондықтан адамдарға барып, әңгімелесу керек».
Равқат кездесу алдында Алматы әкімі Досаевтың қала тұрғындарымен кездесуінің бейнежазбасын қарап шықты. Оның сөйлеу мәнерін қабылдау үшін емес, адамдарға не қызық екенін түсіну үшін қараған. Оның байқауынша, алматылықтар қарым-қатынасқа өте ашық, эмоциясын жасырмайды, әкім екен деп қорықпайды. «Адамдар қарым-қатынас жасауға дайын деп үміттенемін. Ал сайлаушыларды кездесуге шақыра аламын ба, олар бұл сайлаудың құндылығын көре ме, біз оларға жете аламыз ба деген екінші мәселе».
3 наурыз, кешкі уақыт, Абай-Момышұлы көшелерінің қиылысындағы №155 мектеп. 80-ге жуық адамға арналған шағын акт залында Равқат Мұхтаров жаңа басылған буклеттерді бүктеп жатыр. Буклеттегі мәтін мәслихаттың не екенін және депутаттардың онда не істеп жатқанын баяндаудан басталған. Равқаттың толқып тұрғаны байқалады: кенет ешкім келмей қалса ше? Бірте-бірте мектеп мұғалімдері артқы қатарға жайғасып, сосын достары, серіктестері, туыстары, ата-аналар келе бастады. Равқаттың отбасы оны қолдайды, дегенмен болып жатқан нәрселерді жастардың максимализмі деп есептейді. Оның анасы біздің өте сүлесоқ екенімізді, сайлауға ешкім бармайтынын айтады. «Бірақ бастысы, сайлауға қатысуға рұқсат бергені», – дейді ол.
«Бәріңе сәлем! Осында келгендеріңізге қуаныштымын. Өз еркіңізбен келдіңіз деп үміттенемін. Кімде-кім бұл жерге еріксіз келсе, белгі беруге болады», – дейді Равқат. Артқы қатардан ешкім қозғалмайды.
Равқат 11 минут өзі туралы айтты: Назарбаев Университетінің экономика факультетінде білім алған, одан кейін Канадада Альберта университетінде грантта оқыған, қоршаған ортаның экономикасын зерттеген, судың ластануы бойынша диссертация қорғаған. Қазір Қазақ ұлттық университетіндегі ауаның ластануын зерттейтін биосфера экологиясы лабораториясында жұмыс істейді. Ол Алматы мен Астанадағы лас ауадан болатын өлім-жітім көрсеткішін, одан келетін экономикалық залалды, лас ауа мен өлі туудың арақатынасын есептеуге тырысады.
Бағдарламасындағы бес тармақ туралы айтты. Ешбір партияға мүше емес екенін бірнеше мәрте еске салды: «Мен бір өзіммін. Өз идеалдарымды басшылыққа алып, қазір осы жерге келіп отырмын. Мен адамдарға есеп беремін деп уәде етемін. Нақтырақ айтқанда, біз бәріміз қазір уәде беру сатысындамыз, бірақ мен есеп беретініме сенемін. Адамдармен арамызда үнемі кері байланыс болғанын қалаймын. Соңғы айда осы ауданда көп жол жүрдім, ауданның проблемаларын түсінемін, арықтарды тазарту, тазалау жұмыстары қалыпты жүргізілмейді, қоғамдық көлік мәселесі бар».
Залға жиналған қауымның бірінші сұрағы – мәслихат неге жұмыс істемейді, жалпы өз кандидатын танитындар бар ма? Әйелдердің бірі Виноградов көшесіндегі септик туралы сұрақ қойды. Ал тағы біреу басқа кандидаттарға қызығушылық танытады, өзін-өзі ұсынған басқа да үміткерлер бар ма деп сұрайды. Равқат үміткерлердің бағдарламасын ғана емес, өмірбаянын да зерттеуге кеңес берді. «Достық» ықшамауданындағы проблемалар да айтылды – жолдар тегіс емес, шаң мен кір көп.
Равқат кеше ауданды аралап, осы кездесуге шақыру қағазын таратқанын, бір үйдің жанынан кездестірген жігітке сайлау туралы айтып бергенін жеткізді. Жігіт оған бәрі ұнайтынын айтыпты: «Біздің мәслихат жақсы, жарық шамдарымыз үнемі жанып тұрады». Сосын Равқат жігіттің Сәдуақасов көшесінде келе жатқанын, жолдың екі жағы лай, шаң-тозаң екенін көрді, жаяу жүргіншілер жолы жоқ және ешқашан болмағанын да түсінді, дегенмен адамдар мұны мәселе деп қарастырмайды.
Сайлаудағы бұрмалау мәселесі де қозғалды. Равқат тәуелсіз үміткерлер – Әсия Төлесова, Жанар Жандосова, Ілияс Юсупжановты алып тастағаны туралы айтты. «Плакатты қате жапсырсақ, бізді де алып тастай алады». Қазір қандай партиялар бар екені де айтылды.
Қорытынды сөзде ол аудандағы және қаладағы өмірді жақсартатынын, адамдар таза ауамен дем алуға тиіс екенін айтты. Ол мәслихатқа партия үшін емес, халық үшін бармақ.
Равқат сайлаушылармен өткен алғашқы кездесуден соң бұл жақсы тәжірибе болғанын айтты, дегенмен команда 100% дайын болмаған: бір күн бұрын ол чаттар арқылы шақыру таратқан, үйді-үйге барып қайтқан. Қызығушылық танытқан бірнеше адам ғана, соның ішінде осы округте тұратын туыстары ғана келді. Келесі жексенбі ол №132 мектепте сайлаушылармен кездеспек, оған дайындалуға біраз уақыты бар. Әзірге көшелерді аралап, жүргіншілерге үгіт жүргізуі керек.
«Әкем үнемі сайлауға барып, шұжық алып қайтатын»
7 наурыздың кешінде, қолына гүл ұстаған әйелдер саны рекордтық көрсеткішке жеткенде, Равқаттың командасы: өзі және штабындағы үш қыз – Асыл Еспанова, Айжан Смағұлова, Бота Шәріпжанова Момышұлы көшесінде жүріп, үндеу парақтарын таратты.
«Мен депутаттыққа түсіп жатырмын. Осы округтегі жалғыз тәуелсіз кандидатпын деп ойлаймын. Міне, мынау менің бағдарламам, оқып, танысып шықсаңыз болады. Мына жерде көлік пен таза ауа туралы жазылған», – дейді Равқат. Толқып тұрғаны байқалады.
«Сайлауға бармаймын, мен 65 жастамын», – дейді бір әйел. Оған кез келген жаста дауыс беруге болатынын түсіндіріп жатыр. «Мен осы үйдің артында тұрамын, қайда барамын?» Равқат ұялы телефонын шығарып, картадан үйді іздейді, сосын оның учаскесін табады, сосын оған төрт бюллетень берілетінін түсіндіреді, біреуі қызғылт сары түсті болатынын, сол жерде аты-жөні болатынын да айтады. «Әкем үнемі сайлауға барып, сол жерден шұжық алып қайтатын», – деп еске алады зейнеткер сайлаушы.
Адамдар үгітшілерге әртүрлі қарайды: кейбіреуі тыңдап, үнпараққа үңіледі, бірақ көпшілігі қолын бір сілтейді.
Бота Шәріпжанова жүргіншілерге: «Сайлауға келіңіздер, бұл біздің кандидат Равқат, ол эколог», – дейді. Үгітшілер тобы екіге жарылып, көшенің екі жағына тарайды. Жүргіншілердің бірі Равқатпен бір-екі минут бойы сөйлесіп (бұрын-соңды болмаған тайминг!), қала проблемасын талқылайды.
Ол бізге қайтып келгенде, Асыл кенеттен сұрақ қойды: «Әйелдерді келе жатқан мейрамымен құттықтадың ба?» Үнсіздік. Равқат: «Бүгін жұмыста құттықтаған болсақ та, шынымды айтсам, есімнен шығып кетіпті».
Асыл Еспанова 24 жаста, ол Равқатты көптен біледі, өзі осы ауданда бес жылдан бері тұрады және жергілікті проблемалардан хабардар: жарықтың болмауы, қоғамдық көлік проблемалары, тозығы жеткен жолдар…
«Кеше ғана жаңбырдан соң жолды кесіп өткенбіз, тобығымнан төмен түгелдей су болды. Осындай нәрселер өте қорқынышты. Маған ұнайтыны, Равқатта адамдарға көмектесуге деген шынайы ұмтылыс бар».
Асыл бір күн бұрын үнпарақтармен ауданды аралап қайтқан, халықтың 90 пайызы сайлау туралы білмейтінін, көбі асығыс, сөйлескісі келмейтінін, сайлау қандай да бір өзгеріс әкелетініне сенбейтінін, яғни оған барудың мәнісі жоқ деп есептейтінін айтады. «Дегенмен бізді тыңдайтын адамдар да бар. Бұл не қылған сайлау, қай күні, қайда өтетінін нақтылап жатады. Біз негізгі сұрақтарға жауап беруге тырысамыз».
Үнпарақтарға көбіне әйелдер назар аударатыны байқалады: «Бәлкім, оларға жақындап бару ең алдымен менің өзіме ыңғайлы болғанынан шығар. Әрі жанымда әйелдер тұрғаны үшін, – дейді Равқат. – Адамдар түрліше қабылдайды, кейбіреу, бәлкім, сыпайылық танытып тыңдағысы келеді. «Сайлау» немесе «выборы» сөзі аузымнан шықса болды, маған қызық емес, асығыспын деп шығады. Меніңше, көпшілік сайлауға әлі де күмәнмен қарайды. Бұл сәл өкінішті, өйткені біз көп нәрсені өзгерткіміз келеді».
Алдағы жексенбі сайлаушылармен кезекті кездесу, көшедегі жүргіншілермен бірнеше күн үгіт-насихат жұмысы бар. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі таргет жарнаманы қосу керек – әйтеуір соңында бұған да рұқсат берді.
Власть басылымы саяси жарнамамен айналыспайды, бұл материал басылым жариялайтын түрлі сайлаудағы кандидаттардың басқа да портреттері сияқты, кандидат немесе оның штабы жарияланым үшін ақы төлемеген. Власть бұл материалды тек ақпараттық мақсатта жариялап отыр.
Поддержите журналистику, которой доверяют.