Кезектен тыс сайлау өткен сайын Қазақстандағы азаматтық қоғам «дежа вю» күйін кешеді. Бұрын да дәл осылай болғандай сезімде болады: ұқсас партиялар, таныс адамдар, дәл сондай нәтиже мен заң бұзу, айналып келгенде көңілің қалады. Осы жолғы сайлау саяси алаңға өзін-өзі ұсынушы үміткерлердің шығуымен ерекшеленуі керек еді, сол себепті ол қайталанбайтындай көрінген. Алайда ақыр соңында тағы да үмітіміз ақталмады.
Сайлау өткелі де бір аптадан асты. Дәл қазір тәуелсіз үміткерлер мен олардың штаб мүшелері не күйде екенін ойлау қиын. 60 күнге созылған үгіт-насихат барысында олар тек сайлау деп күнін өткізді, тұрғындармен ашық диалог құру үшін шалғай өңірлерге барды, арасында сайлауға қатысу үшін несие алғандар да бар. Кездесулердің көбінде халыққа қазақстандық парламент жүйесі қандай екенін және бұл сайлау несімен ерекше екенін түсіндіруге тура келді. Олар қазіргі билік пен сайлауға деген күмәнін ысырып қойып, өзін саяси рөлде сынап көрмек болды, осылайша сайлау циклінің соңғы кезеңіне мүмкіндік беруге тырысты.
«30 жыл ішінде билік сайлауға қатыспауды үйретті, бірақ биыл біз бұл мүмкіндікті қалт жібермеуіміз керек», – деді өзін-өзі ұсынған Лұқпан Ахмедьяров сайлаушылармен кездесуінде. «Мен халыққа көбірек көмектесе алатыныма сенемін және келесі сайлауда республикалық деңгейге шыға аламын», – деп үміттенді Өскемен мәслихатына түспекші болған Александра Осипова.
«Аманат» партиялық тізім бойынша мәжілістен көп орын алатыны түсінікті еді, ал бір мандатты округ бойынша бұрын билікті сынаған бірде-бір тәуелсіз кандидат өтпей қалды. Есесіне мәжіліске өзін-өзі ұсынған 29 үміткердің 23-і билеуші партияның мүшесі болып шықты, ал қалған алтауын тәуелсіз деп атау қиын.
Жеңілген тәуелсіз үміткерлер сайлау нәтижесін мойындаған жоқ, олар дауыс беру мен дауыс санау кезінде түрлі заң бұзу болғанын мәлімдеді.
«Мен сайлауға үмітпен түсіп едім, бірақ қателесіппін. Дегенмен, біз ары қарай да өз құқығымыз үшін күресеміз», – деді Алматы мәслихатына өзін-өзі ұсынушы Равқат Мұхтаров сайлаудан кейін. Мәжіліске түскен Мұхтар Тайжан да өткен сайлау «Жаңа Қазақстан» құруға деген үмітті сөндіргенін айтты.
Сайлау нәтижесіне қарамастан, осы жолы түрлі оппозициялық топ жетекшілері көп уақыттан бері алғаш рет ынтымақтаса білді. Олар бір кандидат үшін күреспесе де, бір-біріне қолдау білдірді.
Мемлекет тәуелсіз кандидаттардың әділ сайлауда бақ сынауына мүмкіндік беру арқылы институционалдық өзгерістер жобасына халықтың сенімін қайтаруына болар еді, алайда оның орнына билік өзі қолдамаған үміткерлердің жеңу мүмкіндігі болмағанын көрсетті. Нәтижесінде, жаңа өзгерістерді уәде еткен сайлау “баяғы жартас” күйінде қала берді.
Поддержите журналистику, которой доверяют.