4076
27 января 2023
Вячеслав Абрамов, суретті Алмас Қайсар түсірген.

Әділ сайлау өтуі мүмкін бе?

Оған сену-сенбеу әркімнің қабылдауына байланысты

Әділ сайлау өтуі мүмкін бе?

Қазақстанда наурыз айында мәжіліс және мәслихат сайлауы өтеді. Әдеттегідей, бұл жолы да мерзімінен бұрын және билікті өзгерту деген ұранмен өтпекші. Бұл сайлау науқаны бұрынғыдан несімен ерекше? Бұл маңызды сұрақ, оның жауабы да аса құпия емес.

Алдағы сайлаудың алдыңғысынан басты өзгешелігі – бір мандатты округтер бойынша сайлауға қатыса алатын кандидаттардың саяси алаңға оралуы. Бұл нәрсе кейінгі 15 жылда біртіндеп жойылып, ақыр соңында сайлау түбегейлі бәсекесіз өтіп келген болатын.

Аралас жүйені қайтару жақсы қадам болып көрінгенімен, шын мәнінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Болашақта мәжілісте 98 депутат болады: оның 69-ы партия тізімімен өтсе, 29-ы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Кейінгі төрт жылда (Тоқаевтың президенттігі тұсында) бірде-бір оппозициялық партия ресми тіркеуден өте алған жоқ. Бұл – мәжілістегі 69 орынға билікшіл күштер ғана таласады деген сөз.

Парламенттің төменгі палатасындағы 29 орынға бүкіл саяси күштер таласады. Әйтсе де, мұнда да бір шикілік бар: үміткерлерді белгілі бір себеппен (мәселен, декларациядағы 10 теңге айырмасы үшін) тіркеуден бас тартуы немесе күтпеген сәтте сайлаудан шеттетуі мүмкін. Ал сотта тәуелсіз үміткерлер өзінің заңнан аттамағанын дәлелдей алмауы мүмкін.

“Қалай сайлайтыны емес, қалай санайтыны маңызды” деген сөз бар. Елдің түкпір-түкпіріндегі сайлау комиссиялары ресми түрде ғана тәуелсіз, олардың құрамында оппозициялық партиялардың өкілі жоқ. Дауыс беру барысын бақылауды шектеу барған сайын күшейіп келеді, ал Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық комиссиялар сайлау учаскелеріндегі дауыс беру дерегін жарияламайды. Тәуелсіз кандидаттар мұның барлығын бақылай алмайды.

Әйтсе де, Қазақстан қоғамы осы жолы сайлау науқанын қарқынды өткізе алады. Тәуелсіз кандидаттар барлық сүзгіден өтсе, шынайы науқан өткізіп, сайлаушылармен кездесіп, расымен де қоғам үшін маңызды мәселелерді көтере алады.

Оппозициялық партиялардың көпшілігі мәжіліс пен мәслихаттағы орын үшін күресуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл – өте орынды қадам. Заңнама мен сайлаудың әртүрлі кезеңінде кездесетін шектеулердің кесірінен олардың жеңіске жету ықтималдығы аса жоғары емес. Бірақ олар қатысу арқылы сайлаушылармен ашық тілдесе алады. Мұның өзі біраз нәрсені өзгертеді.

Келесі мәжіліс құрамы қандай болатынын елестету оп-оңай: орынның басым көпшілігі билікке жақын партияларға беріледі. Ал олар партиялық тізім мен бір мандатты округтер арқылы мандатын алады. Мәжіліс пен мәслихаттан тәуелсіз депутаттарды көру ықтималдығы бар. Ал оның ықтимал мөлшері сіздің сену-сенбеуіңізге байланысты.