4195
4 июля 2023
Фильмнен үзінді

Деректі кинодағы отарсыздану үрдісі: Аида Әділбектің “Алақан” фильмі

Деректі фильм режиссер-продюсерлері “Алақан” фильмі туралы

Деректі кинодағы отарсыздану үрдісі: Аида Әділбектің “Алақан” фильмі

Көпшіліктің санасында сілкініс жасайтын қазақстандық деректі фильмдер туралы мақалалар сериясын жалғастырамыз. Деректі фильмнің режиссер-продюсерлері Кристина Михайлова, Дана Сәбитова және Альмира Исмаилова қазақстандық деректі фильмдерді мәдени, әлеуметтік және индустриялық тұрғыдан сарапқа салады. Бұл жолы режиссер Аида Әділбектің "Алақан" қысқаметражды фильмі мен оның отарсыздану және жанрлық трансгрессияға көзқарасын қарастыра отырып, Аидамен отбасылық деректі фильм туралы әңгіме өрбітеміз.

Кристина Михайлова: Аида Әділбек 20 жылдан бері Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның кино саласындағы маңызды платформалардың бірі goEast кинофестиваліне биыл Қазақстанның атынан қатысты. Аида DAVRA Орталық Азия мәдениет қайраткерлері ұжымының қысқаметражды фильмдер бағдарламасына жетекшілік етті. Биыл кинофестиваль (пост)кеңестік экранның отарсыздануы тақырыбында симпозиум өткізіп, онда Аида Post-, Neo-, and De-colonial Central Asia" (Пост-, Нео-, Деколониал Орталық Азия) панелінде сөз сөйледі. Дәл осы тұста "Алақан" фильмі туралы сөз қозғауымыз орынды, өйткені қазіргі саяси жағдайда Қазақстанды Орталық Азия үшін аса маңызды отарсыздану тұрғысынан таныстырған да – Аида Әділбек.

Кинофестивальдер жылдар бойы Орталық Азия фильмдерін алу үшін тікелей ұлттық киностудияларға (Қазақфильм, Өзбекфильм, Тәжікфильм, Түркіменфильм және Қырғызфильм) жүгінетін, ал биыл Орталық Азия елдерінің тәуелсіз киногерлері қатысқанын айрықшалап айта кету керек. Еліміздегі қоғамдық күн тәртібі экранда көрініс таппай жүргелі көп болғанын ескерсек, бұл Қазақстан үшін ұлттық киностудияға қатысты бетбұрыс кезеңі.

Дана Сәбитова: "Қазақфильм" әлі күнге дейін мемлекет қаржысын бөлуде ірі ойыншы болып қалып отыр. Мысал үшін айтсақ, 2022 жылы Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы (ҰКМҚО) қаржыландырған жобалардың шамамен 20 пайызы "Қазақфильм" киностудиясына тиесілі болған. 2022 жылдың соңында "Кинематография туралы" заңға түзетулер енгізілді, енді мемлекет жыл сайын ұлттық кино өндірісін қолдауға жұмсайтын қаржының кемінде 35 пайызын "Қазақфильм" алады.

Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының аудиторлық есебіне қарағанда, фильмдерді мемлекеттік қолдау көлемі 2019 жылы – 1,8 миллиард теңге, 2020 жылы – 3,76 миллиард теңге, 2021 жылы 5,93 миллиард теңге болды. 2021 жылы 8,37 миллиард теңге бөлініп, оның 3,8 миллиард теңгесі игерілмей қалды, бұл 2023 жылғы соманың азаюына ықпал етті. 2023 жылы мемлекет киноны қаржыландыруға 6,02 миллиард теңге бөлді.

Киноиндустрия саласындағы мамыр айынан бері жалғасып келе жатқан жанжал, "Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының" (ҰКМҚО) қызметін кезектен тыс тексеру, көп жағдайда осы орталыққа тән мерзімді сақтамау мәселесін ескерсек, бұл сома 2023 жылы игеріле ме, фильмдер түсіріле ме деген – басы ашық сұрақ. Ол фильмдер, сонымен бірге режиссерлер мен продюсерлер отарсыздануды ту еткен ірі халықаралық кинофестивальдерде Аида Әділбек сияқты Қазақстанның атын шығара ала ма?

"Алақан" тәуелсіз фильмінің бюджеті камера жалдауға және үш литр сүт сатып алуға ғана жетті. Сүт бағасын теңгемен жазбай, әдейі литрмен қалдырдім. Аида камера мен дыбыс жазудан бастап, режиссура мен монтажға дейін бәрін өзі жасады. Аиданың түсірілім тобын жолатпай, өзі фильмнің өзегіне айналуы деректі фильмге тән жеке атмосфераны береді, оған қоса, көрерменді де хикаяға қарай тартады. Режиссер авторлық деректі фильмнің шекарасынан шығып, әжесінің күнделікті тіршілігін мұқият бақылай келе, мұны қасиетті рәсім ретінде көрсетеді әрі оны кино тіліндегі түрлі формамен жеткізеді. Бұл, сөзсіз, эксперимент түріндегі док-арт.

Аида – көп салалы суретші және куратор. Оның көркем тәжірибесі мәдени кодтар мен тұрмыстың ақылға сыймайтын қарапайымдығы арқылы зерттелетін әйелдік идеясы төңірегінде қалыптасады. Ол перформанс, видео және шындықты деректеу саласында жұмыс істейді.

Альмира Исмаилова: Зерттеп жатқан төрт фильмнің маңдайын ұстап көрер болсақ, ең ыстығы "Алақан" фильмінікі болар еді. Аиданың әжесінің қолында ұлы ананың күллі ұрпағының өмір жолы өрнектелгендей. Әженің құрт жайып отырған алақанының ежелгі тылсым дүниемен тегі бір. Әулеттегі әйелдердің үлкені немересіне құрт жасаудан бастап, шелпек жаюға дейін үйретеді. Аида әжесі мен отбасындағы басқа да әйелдердің қолына ерекше назар аудара отырып, көрерменді осы тәжірибемен таныстырады: Аиданың сүйрік саусағы кесені шайқап жатса, анасының қолы бақша суарып жатқанын көреміз.

"Алақанға" Карл Юнгтің ұжымдық бейсаналық ілім аясында жасаған архетиптер теориясын қолдана отырып, әженің орталық бейнесінде бірнеше архетиптің біріктірілгенін көреміз. Әжесі құрт жасап жатқанда, жаратушының архетипін көрсетеді. Қамқорлық архетипіне еніп, туыстары үшін алаңдайды.

Кітап оқығанда, әр нәрсеге елеңдеп, таңғалатын бала архетипіне енеді. Қысқаметражды фильмде кейіпкердің осындай көлемді, көп өлшемді дамуын байқаймыз, мұндайды тіпті толықметражды фильмдерден көре бермейміз. Аида мұны жетік әрі ерекше формада жеткізеді. Ішкі драматургиядан бөлек, автор мекен ететін ортасы арқылы драмалық құрылым құрған. Кейіпкерлер тұрмыстың үш деңгейінде көрсетілген: әппақ құрт жасап отырған әжей аспанды мекендейді; қара шлангі-жыланды қолға үйретуші анасы жер астындағы қараңғы әлем тұрғыны; үшеуі ортаңғы әлемде қызылкүреңшелпек қойылған дастархан басында жиналады.

Аида Әділбек: Фильмді монтаждауды бастағанша, оның деректі болатынын да білмедім. Менің ойымда экспериментал видео, яғни құрт жасау процесін көрсету ғана болған. Бірақ барлық материалды толығымен қарап шыққан соң, кенеттен түсірілімнің барлық кедір-бұдырын, көзбен көргенімді қалдырғым келетінін түсіндім. Маған мінсіз кадрлардан гөрі шынайы дірілі бар кадрлар ұнады. Киногер маман болып істейтін бірнеше досым мұның аздап "дұрыс емес" екенін айтты. Маған, керісінше, бұл көріністер әлдеқайда ұнады, өйткені онда өмір бар. Фондағы бүкіл дыбыс, түрлі әуеннің болуы да үлкен рөл ойнайды. Олар да мені қатты толғандырды, бәрін сол күйінде қалдырғым келеді деп түйдім.

2019 жылы Лондонда Голдсмит университетінде оқыдым. Алматыға демалысқа келдім. Ұзақ уақыт жырақта жүріп (үйде бір жыл болған жоқпын), қайта оралғанда, бәрін басқаша қабылдайсың. Ата-анамның қартая бастағанын түсіндім. Артынан әжем келді, ол да қартайыпты. Үнемі жанында жүрген кезде байқалмайтын. Біраз уақыт жырақта жүргендіктен, олардың қартайғанын бірден аңғардым. Олар мәңгі өмір сүрмейді. Менің санамда экзистенциал сұрақтар пайда бола бастады. Құртқа қатысты ойым да өзгерді, өйткені әжем маған үнемі құрт әкелетін. Біздің отбасында құртты қатты жақсы көретін мен ғана, сондықтан әжем арнайы маған әкелетін.

Әжем өмірден өтсе, құрт жасайтын да адам қалмайды екен ғой деген ой келді. Мен де, анам да, оның сіңлілері де, ешқайсымыз құрт жасай алмаймыз. Сөйтіп, әжем келген сайын оны видеоға түсіре бастадым. Үйде әжемнің артынан қалмай, оның құртты қалай жасайтынын iPhone-ға түсіріп жүрдім. Онымнан ештеңе шықпады. Кадрлар аса ұнамаған соң, барлығын өшіріп тастадым. Бірақ маған ерекше ұнаған бір стоп-кадр болды. Қараңғы фонда әппақ қол мен әппақ құрт ерекше әдемі көрінді. Бұл кадр көп уақыт бойы ойымнан кетпей қойды.

DAVRA ұжымымен бірге Documenta көрмесіне дайындалу барысында әлгі ойға қайта оралдым. DAVRA бастамашысы Саодат Исмаиловамен алдағы жоспарларымыз туралы сөйлестік. Мен әлгі тақырыпқа қайта оралып, әжемнің құртты қалай жасайтынын түсіргім келетінін айттым. Ол келісе кетті. Досымнан камера алып, әжеме: "Сен келгенде құрт жасайық", – дедім. Әжем жаңадан сауылған үш литр сүт сатып алып, оны ашытып қоюды тапсырды. Қажеттінің бәрін сатып алып, түсіре бастадық. Тек түсірілім кезінде ғана бұл туындының әйелдердің үш буыны туралы фильм екенін аңғардым.

Кристина Михайлова: Аиданы жанға жылы жобасымен "Қазақфильм" қабырғасында елестету мүлдем мүмкін емес, өйткені ауқымды киностудия Аиданы суретші ретінде қабылдап, қатарға қоса қоюы екіталай. Аиданың жобасын мемлекет қаржысын алудан үміті бар фильмдердің питчингінде елестету де әзір мүмкін емес. Мұны өзгерту қажет екені анық, өйткені Аида біздің қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере отырып, күнделікті өмірімізді асқан дәлдікпен көрсетеді. Бірақ мемлекеттің ақшасына режиссерлер мен продюсерлерге өз әжесі туралы фильм түсіруге жол бере қоймас. Деректі фильм түсірудің қыр-сырын үйренуге келген студенттерге біздегі оқытушылардың айтатын алғашқы сөзі: "Өзің білетін нәрсе туралы түсір! Мәселен, әжең туралы түсірсең болады". Бір жағынан, бұл әже туралы, Қазақстандағы әжелер туралы кез келген фильмді құнсыздандырады. Ондай фильмдердің салмағы жоқ, студенттерге арналған, маңызды емес деп тұрғандай болады. Алайда "Алақан" фильмін көрсеткенде екінің бірі жылап отырғанын ескерсек, неге біз жеке және отбасылық дүние қоғам ретіндегі субъективтілігімізді қалыптастыратын маңызды аспекті екенін мойындай алмаймыз?

Мен деректі фильм режиссері және продюсері болып істеймін. Бұл екі қызметтің кейде бір-біріне қарама-қайшы келетін тұсы болады. Суретші болған соң, іштей қайшылыққа толы диалогты жүргізу көп көмектеседі. Алайда продюсер ретінде деректі фильмнің даму көкжиегі, соның ішінде нарықтық жағдай туралы ойымды білдіргім келеді. Қазақстанның деректі фильм продюсерлері мен шешім қабылдаушылар тақырыптық жоспарға келгенде баяғыда ескірген конструкцияға жүгінеді. ҰКМҚО мен мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын авторлар ұстануға тиіс тақырыптардың тізімін шығарады. Қазақстанда деректі фильмдерді қолдайтын бірен-саран қор белгілі бір тақырып төңірегінде ғана open call өткізеді. Бұл слоттар – өткеннің мұрасы. Әбден ескірген. Деректі фильм түсіретін адам оған өзінің ішкі ойын, арпалысқан сезімін, өмірінің белгілі бір кезеңіндегі ой-толғамын сыйдыруға міндетті. Сондықтан "деректі фильм түсіруші" және "деректі фильм түсіруші суретші" ұғымдарын бөліп қарастырамын. "Деректі фильм түсіруші" үмітті ақтап, дайын қалыптан шықпауға тырысады. "Деректі фильм түсіруші суретші" қазақстандық қоғам туралы отарсыздану бағытындағы дүние жасауда қызықты және шамасы жететін тақырыпты өзі ұсынады.

Өнеркәсіптік шектеулерді жеңу – деректі фильм түсіруші суретшінің емес, продюсердің міндеті. Продюсер қаржылық мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді, шебердің өзгеге ұқсамайтын өзіндік көзқарасын сол шектеулермен бірге тиісті құрылымдарға жеткізеді, сонымен қатар өндіріс пен тарату барысындағы жобаның бүкіл қажетін өтеуге жауап береді. Деколониал нарративтермен жұмыс істейтін деректі фильм түсірушілерді біз отарсыздану бағытындағы продюсерлік деп атаймыз.

Алайда Қазақстанда мұндай продюсерлік әлі жоқ. Қазақстанда деректі фильм продюсерлері не "Қазақфильмде" жұмыс істейді, не коммерциялық контент шығаратын жеке студиялар мен ательелерге иелік етеді. Open-talk кеңістігінде әріптестерім аңғал оптимистік үмітпен креатив индустрия туралы терең ой айтып жатады. Нағыз деректі фильмді қалай түсіру керектігі туралы қазақстандық деректі фильм түсірушілердің шеберлік сабақтарын оп-оңай тауып алуға болады. Бірақ іс жүзінде, саланы статистика тұрғысынан бағаласақ, тек коммерциялық тапсырыстар мен жоғарыдан берілген тақырып төңірегінде түсірілетін фильмдерді көреміз.

Мұның себебін әріден қарастырған жөн. Қазіргі кино мамандарының көпшілігі тікелей немесе жанама ресейлік/кеңестік білім беру жүйесінің шекпенінен шыққан. Халықаралық индустрия мен кино саласындағы білім жүйесімен байланысы бар мамандар көп емес. «Халықаралық индустрия» дегенде көбінесе теріс мағынасында қолданылатын «батыс» индустриясын емес, жалпы Азия, Америка және Еуропа нарығын айтамыз. Институционал түрде мұндайды мемлекет те, жеке қорлар да қолдамайды. Үзіп-жұлып оқыған-тоқыған дүниенің жергілікті киноиндустрияға толыққанды енуі мүмкін де емес, содан да ол көп ұзамай сырт қалады. Кинематография бойынша көптеген елмен бірлесе өнім жасау мүмкін емес, өйткені Қазақстан негізгі конвенцияларға, ешқандай меморандумға қол қоймаған. Білімнің жоқтығы мен балама қаржы көзінің шектеулі болуы Аида Әділбектің келесі фильмінде продюсер болмауына алып келеді. Қазіргі жағдайда оның киносын шектеулі аудитория ғана көреді немесе уықат өте келе конформистік дүниеге айналады.

Мен режиссер және суретші ретінде бұл мәселеге жеңіл қараймын. 1990 жылдардағы қиын-қыстау сәттерді көрген, 2000 жылдардағы дағдарыс алдындағы қаржылық жағдайдың қиындығы мен бүгінгі жергілікті киноиндустрияның қылмыстық заңдарынан нәр алып, қысым көрген әріптестерімде толғанып отыратын уақыт та, ынтымаққа ұмтылар күш те жоқ. Бұған әрқайсымыз жобаны қаржыландыру мәселесінде басыбайлы тәуелді екенімізді қосыңыз. Жоба болса, бюджет бар, жалақы бар, уақытша болса да ең төменгі әлеуметтік кепілдіктер бар. Ал жоба болмаса, фильмді жасауға қатысқан 30–50 адам үшін бәрінің күлі көкке ұшады.

Біз "Деректі фильм түсіруші әйелдер" болып Орталық Азия аймағындағы деректі кино режиссерлері мен продюсерлеріне арналған онлайн-сессиялар өткіземіз, онда қаржыландыру мүмкіндігін арттыру үшін ірі халықаралық институттар мен қорлардың өкілдерін аймақтық жобалармен таныстырамыз. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан кинематографистері мынадай сұрақтарды қояды: "Халықаралық қорларда цензура бар ма?", "Халықаралық қорлар қандай жанрларды қолдайды?", "Халықаралық қорларды қандай тақырыптар қызықтырады?”. Мұндай сұрақтар Орталық Азиядағы деректі фильм түсірушілер идеядан бастап монтажға дейінгі фильмнің барлық кезеңінде тақырыптық және жанрлық жағынан цензураға ұшырайтынын көрсетеді. Аида Әділбек сессиялардың біріне қатысып, халықаралық қорлар бірнеше жанрды біріктіретін гибрид фильмдерге өтінім қабылдай ма деп сұрады. Қабылдау өз алдына, мұндай фильмнің орташа бюджеті 200–300 млн теңге екенін білді. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда деректі фильмге бөлінетін бюджет 25–50 млн теңге аралығында.

2023 жылы 15–17 наурыз аралығында Institute for War & Peace Reporting Алматыда өткізген “Орталық Азиядағы отарсыздану: қалыптасқан көзқарасты өзгертеміз” атты өңірлік конференция қорытындысы бойынша, азаматтық қоғамға, үкіметке, медиа мен халықаралық ұйымдарға арналған ұсыным жазба шығарылды. Деректі фильмдер мен отарсызданған продюсерлікке қатысты айтар болсақ, қазақстандықтардың бірегейлігін көзсету үшін кез келген түрдегі және жанрдағы деректі жобаларға қаржы бөлуге мемлекеттік деңгейде басымдық беру қажет деп ойлаймын. Шетін мәселелер мен тым жеке деректі оқиғалар, отбасылық деректі фильмдер, мұрағаттық деректі фильмдер жаңа ұжымдық жарақат жасамай-ақ, деколониал дискурсты ауқымды қоғамдық пікірталасқа сыпайы түрде енгізуге көмектеседі. Аида алғашқы жеке көрмесі туралы сұхбатында отарсыздану процесі ең әуелі өзіңе назар аудару, өзіңді толық тану және өзіңді жақыннан түсіру екенін айтты. Бұл ретте "Алақанның" толығымен дерлік ірі планмен түсірілгені назар аудартпай қоймайды.

Аида Әділбек: Маған ірі планмен түсіру өте ыңғайлы. Бұл сәл-пәл клаустрофобияға жақын. Біртүрлі және аздап күрделі, өйткені бәріне бірдей сәйкес келе бермейді. Бір қарағанда түсініксіз көрінгенімен, маған түсінікті әрі өте жақын формат. Менің ойымша, ірі планда бәрі шынайы көрінеді. Фильм әжемнің қолын жақыннан түсіруден басталды. Ал фильмді «Алақан» деп атадым.

Фильм атауының бірнеше мағынасы бар. Картинада басты рөлді қол атқарады. Қол бірдеңе істейді немесе басқа бір қолға бірдеңе жасауды үйретеді. Менің телефонымда қолы қимылдап, бірдеңе істеп жатқан жандардың видеосы көп. Бұл ең әдемі және ең шынайы сәттің бірі, өйткені адам баласы дәл сол мезетте сыртқы келбетіне, кім екеніне, қандай екеніне мән бермейді. Жай ғана қызу процесс үстінде. Солардың қатарында фильмде маған әр нәрсені үйрететін анам мен әжем де бар.

Сонымен бірге Алақан деген – ирелеңдеген екі-үш түсті өрнек. Мен мұны алақанымыздағы тамырларға ұқсатамын. Ал өрнек сары, жасыл немесе көк, қызғылт түсті. DAVRA аясындағы тәжірибе кезінде біз Ilon pari деген не екенін талдадық. Бұл пері немесе жыланның рухы. Жыланның терісін шешуі әйел адамның қызына өмір сыйлап, өзінің бойындағы ең маңызды қасиеттерін беруіне ұқсас. Бір әйелден екіншісіне өте маңызды нәрселерді жеткізу ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Шын мәнінде, бұл мыңдаған жыл бойы әртүрлі денеде өмір сүрген бір әйел сияқты. Бұл фильм де мен үшін өте маңызды болды. Сондықтан осы атауды таңдадым. «Алақан» деген – қол, мағынасы бар өрнек, қан, алақан және басқа да дүниелерді білдіретін үлгі.

Documenta кезіндегі фильмім су туралы Chilltan suv (өзбекше: «шілтен» суы) жобасының бір бөлігі болды. «Шілтен» – әртүрлі кейіптегі көмекші рух. Әйел адам су мен сүттің көмегімен кеңістікті, айналадағы жандарды, үйді және қолы тиген дүниенің бәрін қалай емдейтінін көрсеткім келді. Анамның бағбандықпен айналысатынын фильмге қосқаным да сондықтан. Өзім де сумен байланысы бар ұсақ-түйек шаруаны атқарамын. Мысалы, ыдыс жуамын.

Біреу маған фильмдегі жаңбыр артық екенін айтты. Сумен байланыс тұжырымын әркімге айтып жүрмеймін ғой, оны бәріне бірдей білудің қажеті де жоқ. Оны білу мен үшін ғана маңызды. Мен үнемі жаңбырды ең соңына қалдырғым келеді екен, бәлкім оның ешқандай интеллектуал контексі жоқтығынан шығар.

Альмира Исмаилова: Менің ойымша, Аида фильмі арқылы көрерменге өлімнен қорқу мәселесін де ашып көрсеткісі келетіндей. Ол әжесінен құрт жасау тәсілін мейлінше тезірек үйренуге тырысады, операторлық жұмыс пен таңдалған ракурстар оның қалауын анық білдіреді. Бұған қоса, соңғы демі қалған әжейдің ғажайып тыныштығы сезіледі. Аиданың қорқынышы аса сезілмейді. Ол тіпті бәріне мойынсұнған сияқты. Бұл – Аиданың әжесімен арасындағы қашықтықты қысқартқан қорқыныш. Бұл қалай болды деп ойландым. Фильмнің драмасы америкалық оқулықтардағы үш актілі құрылым туралы ұстанымға бағынбайды, антагонист пен басты кейіпкердің кім екенін дәл анықтау қиын, бірақ Аида мен әже бір-біріне қарсы тұрғандай. Басты кейіпкер өзіне қарсы тұрған адаммен ұқсастығын сезінгенде, оқиға жаңа өлшемге ие болады. «Алақан» фильміндегі ғаламның ішінде Аида мен әжесі өлімнен қорқуды бірге тоқтатады. Ал бұл емдік әсер Аидаға шынайы өмірде жақын адамынан айырылуды оңай еңсеруге көмектесті.

Режиссер әже бейнесін әрекет көмегімен ашып, астарлы оймен шебер жұмыс істейді. Құрт жасау кезінде әжейдің: «Әдемілейін деген соң, өстіп шығады ғой… теріс қарай», – деген сөзін естиміз. Ол тура түсірілім кезінде құрты дұрыс шықпай жатқанына қобалжиды. Аиданың әжесі қолындағы сүзбенің бір түйірін қалдырмай жинап алады. Ол сан түрлі сынақты бастан кешкен заманның өкілі ретінде тамаққа аса құрметпен қарайды. Сүтті қазақ қасиетті ас қатарына жатқызады: оны аяқ астына төгуге, қорлауға болмайды. Сондықтан болар, ақ түс жақсы және таза нәрсені білдіреді. Егер адамды мақтағысы келсе, үнемі ақ сөзін қосып отырады: ақжарқын, ақкөңіл деген секілді. Жиренше мен ақылшы Қарашаш туралы әңгімені бірге оқитын эпизод арқылы біз әжейдің қандай адами қасиеттерді жоғары бағалайтынын түсінеміз. Кейіпкер туралы айтудың бұл әдісі көрерменнің өз бетінше ой түюіне мүмкіндік береді және автор мен көрерменнің қарым-қатынасын абьюзив емес, ыңғайлы етеді.

Аида Әділбек: Менің көркемдік және кураторлық шығармашылығымның басты қағидасы – мен мұны тек өзім үшін жасаймын. Бірақ көрмені басқалар үшін жасау маңызды, сондықтан көрменің мейлінше жанға жайлы болғанын қалаймын. Жеке көрмем кезінде «Алақанды» көрсеткен зал өте қолайлы, жайлы, кілем төселген, көрпешелері бар орын болды. Ал Documenta кезінде, яғни жеке көрмем өткен күні перформанс қоюым керек еді. Концепт мынадай үш бөлімнен тұрды: саунд-инсталляция, "Алақан" фильмі және перформанс. Әрқайсы әр залда. Келушілер үш залдан да өтеді. Үш жүмыс күніне бірнеше рет қиылысуы қажет. Залда фильм белгілі бір уақыт аралығында қосылды, күніне үш рет аудиоинсталяция ойнады. Перформанс Chilltan suv деп аталды. Залда судан пайда болған тіршілік иесі – шілтен бейнелері болды. Сол перформанс кезінде кенеттен бұл бейнелердің де түп тамыры құрт сияқты сүт екенін түсіндім. Бәлкім, барлық өзен мен көл Ұмайдан бастау алып, оның омырау сүтімен толған шығар.