4428
4 августа 2023
Светлана Ромашкина, суретті Жанара Каримова түсірген

Белгісіздік вирусы

Денсаулық сақтау жүйесінен бастап экологияға дейінгі бүкіл саланы шарпыды

Белгісіздік вирусы

Маусымда Алматыдағы Орталық қалалық ауруханада тексеру басталды. Оған ауруханада жатқан үш науқастан қан құйылғаннан кейін адамның иммундық тапшылық вирусы (ВИЧ) анықталуы себеп болды. 1 тамыз денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова арнайы құрылған комиссия вирустың нақты қандай шара кезінде жұққанын анықтай алмағанын мәлімдеді. Пациенттердің вирусты жұқтыруы «жан сақтау бөлімінде инвазивті шаралар кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмағаннан болуы мүмкін» екені айтылды.

Осы оқиғадан кейін аурухананың бас дәрігері және тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шеттетілді, олар: реанимация бөлімінің меңгерушісі мен аға мейірбикесі, стационар бөлімінің бас мейірбикесі, эпидемиология бөлімінің меңгерушісі.

Тексеру комиссиясының анықтауынша, ықтимал инфекция таратушы ауруханаға басқа шағыммен түскен, бастапқы тест ВИЧ анықтамаған, кейін күдікті нәтиже көрсеткен. Науқасқа инфекция қайдан жұққанын анықтау үшін тағы да сынама тапсыруы керек еді, бірақ ол негізгі ауруынан қайтыс болды. ВИЧ анықталған үш науқас қайтыс болған науқаспен реанимация бөлімінде бірге жатқан. Зерттеу ВИЧ вирусы бәрінде бірдей екенін анықтады.

Мұндай даулы оқиға соңғы рет 2006 жылы Шымкентте болды – ол кезде ауруханада қан құю кезінде дәрігерлердің салғырттығынан жүзден астам бала ВИЧ жұқтырған еді. Одан кейін Алматы мен Астанада «С гепатитін» жұқтыру оқиғасы болды. Бірақ сот жеңіліспен аяқталды, ал себебі сол күйі белгісіз болып қала берді.

Осыған ұқсас жаңалықтар ара-тұра шығып тұрады: мысалы, үш жыл бұрын ата-аналар балаларынан С гепатиті табылғанын айтып, тағы да Алматыдағы педиатрия ғылыми орталығын айыптады.

Сегіз жыл бұрын «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменова Власть порталына берген сұхбатында «кез келген тексеру мәселенің алдын алу мақсатында жасалуы керегін» айтты: «Мұндай жағдайлар алдағы уақытта қайталанбау үшін дәрігерлердің қатесін, аурухана ішіндегі инфекцияның өршуін анықтау және оның себебін нақтылау керек. Өкінішке қарай, тексерістерді жазалау мақсатында жүргізгенде, тексерілетін тарап себебін жасыруға тырысады. Осылайша мұның қайталануына жол ашады, өйткені мәселені сыртқа шығармауға тырысады».

Түменованың ойынша, осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта С гепатиті мен ВИЧ инфекциясы жаппай өршуі мүмкін.

Ал жалпы елдегі белгісіздік вирусы медицинамен шектелмей, әлдеқайда кең тарады: осылай аяқсыз қалған, не тергеу нәтижесі қоғамға жарияланбаған оқиғаларды санамалай беруге болады. Олардың қатарында 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасы, былтыр болған Қаңтар оқиғасы да бар. Ал қазір Қарағандыдағы балалардың жаппай улану себебін анықтай алмай жатыр. Бүгінгі күнге дейін Абай облысындағы өрттің себебі белгісіз және бұл тізімді ұзағынан жалғастыра беруге болады.