3954
4 августа 2023
Ақбота Узбекбай, Власть. Сурет BUZACHINEFT.KZ

Метанның ауаға тарауы, денсаулық сақтау саласындағы шикілік

Апта жаңалықтарына шолу

Метанның ауаға тарауы, денсаулық сақтау саласындағы шикілік

Франциялық Kayrros SAS геоаналитика компаниясы Маңғыстау облысындағы Қаратұрын газ кен орнында метанның мөлшерден тыс тарауын анықтаған. Компания таратқан мәліметке сүйенсек, 9 маусым - 23 шілде аралығында спутниктер метанның кемінде 9 рет көп мөлшерде тарауын тіркеген. Bloomberg агенттігі ақпарат рас екені дәлелденсе, климатқа айтарлықтай зиян келуі мүмкін екенін алға тартады.

Геоаналитика компаниясының дерегіне қарағанда, бұл – биылдыққа әлем бойынша метанның бір қайнаркөзге қатысты ең үлкен тарауы, жылдамдығы сағатына 35-тен 107 метрикалық тоннаға дейін. Мұны SRON нидерландтық ғарышты зерттеу институтының ғалымдары растап, әлем бойынша биыл тіркелген 1200 метан шығарындының 10 пайызы ғана сағатына 100 тоннадан асқанын айтады.

“Бозащы мұнай” ЖШС бас директоры Сәуле Асанованың сөзінше, кәсіпорынға қарайтын Қаратұрын газ кен орнында 9 маусымнан бері ұңғыма өртеніп жатыр. Апатты жою бойынша барлық шұғыл жұмысты 2023 жылдың қазан айында аяқтауды жоспарлап отырғанын айтады.

Бірер күн бұрын Астанаға Ауғанстанның индустрия және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған делегация келді. Қазақ-ауған форумында кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін, ұн және өсімдік майын жеткізу бойынша 191 миллион долларға жуық соманы құрайтын келісімшартқа қол қойды.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған баласының өліміне кінәліні жазалауды талап еткен шымкенттік ата-ана қамауға алынды. Марқұм Нұрбол Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірайымов 10 тәулікке, марқұм Бағлан Шәріпбайдың анасы Айкен Қалықұлова 5 тәулікке қамалды. Оларға «бейбіт шеру өткізу тәртібін бұзды» деп айып тағылды. Екеуі тамыздың 1-і күні Шымкентте қаңтар кезінде баласынан айырылған ата-аналар тобымен бірге қала әкімдігі алдына жиналып, жазықсыз адамдарға оқ атқан әскерилерді, сондай-ақ бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендерді жауапқа тартуды талап еткен еді. Жиналғандар сол жерден үш күн бойы кетпейтінін, ештеңе шешілмесе, Астанаға жол тартатынын айтқан. Кейін олардың бәрі жеке-жеке ұсталып, үйіне жеткізілген. Ал Мұрат Әбдірайымов пен Айкен Қалықұлова еш түсіндірмесіз әкімшілік қамауға алынған адамдарды қабылдайтын бөлімге апарылған.

Қаңтар соттары жалғасып жатыр. Уақытша тергеу изоляторында азаптаудан қаза болған семейлік Елдос Қалиевтің ісі бойынша полиция қызметкері Айдын Азанбаев алты жылға сотталды. Сот сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 9 миллион теңге төлеуге міндеттеді. 26 жастағы Семей тұрғыны Елдос Қалиевты 10 қаңтар күні досының баласының туған күнінен келе жатқанда ұстап алған. Айдос Қалиев інісінің ұсталғаны жайлы 11 қаңтарда білген. Ішкі істер басқармасында оған “тінту кезінде қолшоқпар мен граната табылды” деген. Оған қоса қарсылық танытқан кезінде қаза болғанын хабарлаған. Бірақ ағасы мен досының айтуынша, денесінің бәрі көгерген, мұрны мен қабырғасы сынған, ал аяқ-қолының саусағы тесілген екен.

1 тамыз күні Алматыдағы Ақкент ықшамауданындағы үйден өрт шығып, бір адам қаза болды, 43 адам зардап шекті. Қазір өрт фактісі бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және адам өлімі деген екі қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел топ құрылып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қазірге белгілісі – сол мезетте түтіннен қорғау жүйесінің істен шыққаны. Алматы әкімдігі тұрғындардың үйлеріне тамыздың 20-сына дейін орала алатынын, құрылысты салушы Ayt Housing Complex ЖШС-мен келіссөз өткізгенін хабарлады. Оның нәтижесі бойынша, құрылысшы компания үй подъезін, есік, терезе ауыстыру және балконды қалпына келтіру шығынын көтеруге міндеттелді. Ал қалған әрлеу жұмыстары тұрғындардың өзіне жүктеледі.

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы жұмысын тоқтатады. Оның күшін жою туралы қаулы Ашық НҚА сайтында жарияланды. Онда ұлттық жобаның күшін жою «мемлекет бюджетінен қосымша шығын талап етпейді, мұның теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдары жоқ және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді» делінген. Бұл жобаның жұмыстары басқа құжаттарға ауыстырылады. Үкімет мұнымен тамыз айында айналысатынын жазған.

Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрлігіне Алматы қаласының орталық ауруханасында емделушілер адамның иммундық тапшылық вирусын (ВИЧ) жұқтырғаннан кейін барлық медицина мекемесінде тексеру жүргізуді тапсырды. Бірінші кезекте 549 медицина мекемесі тексеріледі. Сондай-ақ Алматы қаласының орталық ауруханасында үш азаматтың АИТВ инфекциясын жұқтыруы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұдан кейін аурухананың бас дәрігері мен бірнеше қызметкер жұмыстан шеттетілді. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова арнайы құрылған комиссияның вирустың қандай шара кезінде жұққанын анықтай алмағанын айтқан.

Белгісіздік вирусының әлегі мұнымен бітпейді. Дәрігерлер Қарағандыдағы балалардың жаппай улану себебін анықтай алмай жатыр. Арнайы әлеуметтік мекеменің оннан аса тәрбиеленушісі ауруханаға жатқызылған. Бір бала дүниеден озды, алты бала жансақтау бөлімінде жатыр. Төтенше жағдайдан кейін мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды. Бас прокуратура қылмыстық кодекстің 304-бабы (Ауыр зардаптарға әкеп соққан санитария ережелері немесе гигиена нормаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.