5012
30 января 2023
Назерке Құрманғазинова, Ақбота Узбекбай, Власть

Семей. Қаңтардағы наразылық, изоляторда қайтыс болғандар мен тергеуден кейін өзіне қол салу

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін Семейде не болғаны жөнінде

Семей. Қаңтардағы наразылық, изоляторда қайтыс болғандар мен тергеуден кейін өзіне қол салу

2022 жылы 5, 6 қаңтар күндері Семейде де Жаңаөзенде басталған газ бағасын төмендетуді талап еткен шеру жалғасын тапты. Наразылық акциясының соңы күш құрылымдарымен қақтығысқа және жаппай қамауға ұласты. Қамалғандардың көбі азаптауға ұшырағанын айтады. Олардың екеуі изоляторда белгісіз жағдайда қайтыс болған. Шығыс Қазақстан облысында ереуілге шыққандарды қуған кезде қайтыс болғандар туралы хабар болмаған. Бірақ жарақат алғандар саны 126 екені айтылған.

Қаңтар оқиғасынан бері бір жыл өтті. Власть Семейге жол тартып, оқиға куәгерлерімен, белсенділермен және жапа шеккендердің туыстарымен болған жайт туралы, әділдікке жеткен-жетпегені жөнінде сөйлесті.

Басы

5 қаңтар күні таңертең Семей полициясы жергілікті белсенділер Дәулет Мұқажанов пен Нұржан Сембаевты үйінен шыққан бойда ұстап алған. Басқа белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері сол кездегі қала әкімі Бақытжан Баяхметовпен кездесіп, әлеуметтік мәселелерді талқылау үшін сағат 15:00-ге Абай атындағы кітапханаға шақырылады.

Кездесуге бір сағат қалғанда жүздеген адам «Спартак» стадионы алдында Жаңаөзенде қарсылық білдірушілерді қолдау үшін жиналған.

«Әкіммен кездесу үшін кітапханаға жақындай бергенде әскерилер мен полиция орталық алаңды қоршауға алғанын көрдік. Өзімізді жайсыз сезінген соң, айналып өттік. Сол кезде жігіттердің біріне қоңырау шалып, халық «Спартак» стадионында жиналып жатқанын айтты. – Бұл – азаматтық белсенді әрі «Елімай» қозғалысының құқық қорғаушысы Әлия Исенованың әңгімесі. – Біз де стадионға баруға бел будық, онда шамамен үш жүздей адам болды, нақтысын айта алмаймын. Халық жинала бастады, полиция көрінбеді».

Біраздан кейін жиналғандар әкімдік орналасқан орталық алаңға бет алды. Оларға көшеде өтіп бара жатқан адамдар қосылды. Куәгерлердің айтуынша, шерушілер алаңға жеткенде адам саны екі-үш мыңға дейін өскен. Наразылар әкімнің шығуын сұрап, газ бағасын арзандату, облысты қалпына келтіру, Семейді облыс орталығы ету, зейнет жасын азайту сияқты талаптар қойған. Өмір сүрудің қиындап кеткеніне, Семей полигонындағы жарылыстан зардап шеккендерге берілетін соманың аздығына да наразылық білдірген.

Кейін қала әкімі Баяхметов шығып, шерушілердің талабын талқылау үшін бірнеше адамнан тұратын бастамашыл топ құруды ұсынып, содан соң алаңнан кетіп қалған. «Әкіміміз заң бұзып жатқанымызды айтып қорқытты. Алайда жұрт ол жерге жылдап шешілмеген мәселелерін шешу үшін келді. Ол нақты жауап беруге тиіс еді. Бір аптадан кейін осы мәселелерді шешетін жиналыс болатынын айтса, тіпті жазбаша жіберіңдер десе де болар еді. Бірақ Баяхметов әкім ретінде ешкім емес, ол шешім қабылдай алмайды, жай ғана жоғары жақтан түскен бұйрықты орындайды», – дейді наразылық білдірушілердің бірі Фарид Ишмухаметов.

Кешке қарай алаңда полициямен қақтығыс басталды. Алаңдағылардың бір тобы әкімдік ғимаратына басып кірген, мекеменің есік-терезесі сынған. Бірақ, белсенділер ғимарат ішінде ештеңе қирамағанын, қатысушыларды бейбіт әрекет етуге, арандатушылардың сөзіне ермеуге шақырғанын айтады. Сыртта бірнеше көлік төңкерілген. Тәртіпсіздік басталған соң полиция жарық-дыбыс гранаталары мен көзден жас ағызатын газ қолдана бастаған. Қарсылық білдірушілер түнгі 12-ге дейін тарап кеткен.

Семейдегі наразылық, фото "Азаттық радиосы"/Хадиша Ақаева

Ертесі күні жүзден аса адам қайтадан алаңда жиналған. Қала әкімінің орынбасары Айдын Садырбаев шығып, тарауды талап еткен. Содан кейін екі өрт сөндіру көлігі келген. Наразылық білдірушілер жүргізушілерді аязда су шашушы құрал қолданбауға көндірген.

Белсенділердің сөзінше, 6-сы күні күш құрылымдары алаңда оқ атқан. Наразылық білдіргендер қорғану үшін әкімдікке қарай қашқан. Оқ жарақатын алғандар да осында пайда болған. Олардың артынан мекемеге әскерилер мен арнайы жасақ жүгіріп келген. Содан соң шерушілер ұсталған.

Құқық қорғаушы ұйымдар альянсының өкілі Ерлан Қалиев ақпанда келіп түскен арыздарға сүйене отырып, Семейде қамалғандар саны 60-тан асқанын хабарлады.

«Оқ омыртқаға тиіп, екі аяғым жүрмей қалды»

5 қаңтар күні Дәулет Мұқажановты полиция бөлімшесінде бірнеше сағат ұстап, түнде үйіне жіберген. Ол 6 қаңтар күні наразылық шарасына қатысқан. Күш құрылымдары оқ ата бастағанда Мұқажанов әкімдікке қарай жүгірген. Кіре бергенде алдында келе жатқан қыз құлағанын көріп, оған көмектескісі келгенде арқасына оқ тиген.

«Қарасам, адам жатыр. Дәулет екенін таныдым, ес-түссіз жатыр екен. Бірнеше адам боп оны әкімдіктің асханасына апардық, басқа апаратын жер болмады. Артымыздан әскерилер жүгіріп келіп, бәрін ұрып-тебе бастады», – деп еске алды Мұқажановтың жақтасы Нұржан Сембаев.

«Есімді жиғанда әкімдік ішінде екенмін, мені белсенділер көтеріп бара жатты. Сол кезде бізді әскерилер ме, полицейлер ме, тепкілеп, ұрып жатты. [Белсенді] Бибігүл Қабден мені соққыдан арашалап, денесімен қорғап, “Ұрмаңдар, Дәулет жаралы, оған оқ тиді!” – деп айғайлады. Нұржан жедел жәрдем шақыруды сұрады, мен бәрін естідім, бірақ аяқ-қолымды қимылдата алмадым. Мені тағы бір рет тепті, сол кезде есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, ауруханада екенмін», – деп баяндайды Мұқажанов.

Ол ауыр отаға түсіп, екі аяғы жүрмей, ақыры арбаға таңылып қалды. «Дәрігерлер маған оқты алатын болса, аяғым жүрмейтінін, алмаса қан бұзылатынын айтты. Отаға келістім, екі күн реанимацияда жаттым». Кейін Мұқажанов аяғына да бір оқ тигенін біледі. Ондағы оқты сол күйі алмаған.

Үшінші күні Мұқажановты жалпы палатаға ауыстырған, сол кезде жақындарынан телефон әкеп беруін өтінген. Ол болған жайтты айту үшін әлеуметтік желідегі тікелей эфирге шыққан. Эфир біткен соң бетперде киген үш еркек келіп, телефонын беруді талап еткен. Мұқажанов телефоны жоқ екенін айтып бас тартқанда, оны ұра бастаған.

«Олар мені тепкілей бастады. Тергеу изоляторына алып кетпек болып еді, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі қансырап жатқанымды, егер изоляторға алып кетсе, өліп қалатынымды әрі оған өздері жауапты болатынын айтты. Содан кейін мені ауруханада қалдырды», – дейді белсенді.

11 күннен кейін оны ауруханадан шығарған. Арбада отырған күйінде орталық полиция бөлімшесіне алып барып, тергеген. Ол жақта Мұқажановтан наразылық білдіргендердің бірі Руфат Хамидуллинның полиция көлігін өртегенін көрген-көрмегенін сұраған. Хамидуллинге қарсы куәлік етсе, оны үйіне жібереміз деген. (26 желтоқсан күні Руфат Хамидуллин сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ерекше режимдегі колонияда өтеуге тиіс. Оны қаңтар оқиғасы кезінде екі полиция көлігін өртеді деп айыптады. Қорғаушы тарап үкіммен келіспеді. – В.)

«Руфатты көрмесем, қалай куәлік ете аламын? Осылай айтып едім, басыма пакет кигізіп, тұншықтыра бастады. Мұрнымнан қан аға бастады, содан кейін талып қалдым. Тергеушілер басқа белсенділер жайлы сұрай бастады. Райгүл Садырбаева мен Айгүл Исенова туралы сұрады. Мұхтар Әбіләзовтан ақша алғанымызды айтты, 10 мың доллар шамасында деді. Мен ешкімнен ақша алған жоқпын, ондай ештеңе естімедім», – дейді Мұқажанов.

Белсенді өзін пакетпен тұншықтырған адамды тауып, жазалауды талап етіп, Бас прокуратураға арыз жазған. Сол арызда өзіне оқ атқан адамды табуды да талап еткен. Бұл кезге дейін олардың ешқайсын таппаған.

Мұқажанов оқ тигеннен кейін бірінші топтағы мүгедек болып, бұрынғы жұмысынан айырылды. Ол геолог болып жұмыс істейтін. Мұқажановтың үш қызы мен әйелі бар. Ол қазір оның ем-домын төлеп, қарызын жауып беруін талап етіп жүр.

«Жақында нейрохирургқа бардым. Оқпен бірге ағзама күртешемнің фрагменттері де еніп кетіпті. Оқты шығарған кезде сонда қалып қойыпты. Бірақ қалдықтары терең кіріп кеткен, оларды алдырсам, жүйке жүйеме зақым келуі мүмкін. Сол үшін ота жасамайтын болды. Оқ та аяғымда қалды. Қазір тек мемлекет менің емімнің ақшасын төлесін деген талап қойып отырмын, олар бас тартып отыр», – дейді Мұқажанов.

«Екі апта бойы аурухана төсегінде кісенделіп жаттым»

6 қаңтар күні белсенді Әлия Исеноваға да оқ тиді. Әлия атыстан қашып, әкімдікке қарай жүгірген кезде оқ сол қолын тесіп өткен.

«Шамамен он метрдей жүгіріп өттім, ауырғанын сездім бе, сезбедім бе, есімде жоқ. Бірақ былғары қолғаптың ішінде қолымның салбырап қалғанын көрдім. Оқ тиіпті. Қолымды ұстап алып, енді кесіп тастайды деп ойладым. Бір қолмен қалай жүремін? Сосын күртешемдегі тесікті көрдім, ол жүрек тұсымда болды. Екі қолымды кеудеме қысып жүгірдім. Бірден ес жиып алдым, байбалам салмадым, себебі қолым болмаса, оқ жүрегіме тиер еді. Әрі қарай жүгірдім», – деп Әлия сол күнді еске алды.

Оның айтуынша, наразылық білдірушілердің бірі қолын бұлғап, мұнда жарақаттанған әйел бар деп айғайлаған. Соның арқасында Исенова әскерилердің шебінен өте алған. Жарасын таңа бастағанда біреу: «Ол белсенді, ұстаңдар оны», – деп айғайлайды.

«Телефонымды тартып алып, автозакқа итеріп кіргізді. Қолына таяқ ұстаған арнайы жасақ өкілдері тұрды. Аямай ұра ма деп ойлап едім. Мені автобусқа лақтырғанда көзіңді жерден алма, басыңды көтермей жат деп бұйырды. Қолым жаралы, көзімді жұмып жаттым. Сол кезде қамалғандарды лақтырып, оларды соққылап жатты. Суықтан ба, әлде қан жоғалтқаннан ба, есімнен танып бара жатқанымды сездім. Бір кезде сырттан: “Жарақаттанған Исенова осында ма?” – деген дауыс шықты. Мені сыртқа шығарып, жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Біздікілердің бәрін алып кететінін түсіндім. Бірақ олардың жағдайы не болатынын елестете де алмадым», – дейді ол.

Оған ота жасалған. Исенованың айтуынша, Райгүл Садырбаева оның оқ тесіп өткен, қан-қан күртешесін ауруханадан алып кетіп, Әлияның оқиғасын құқық қорғаушы ұйымдарға айтып берген. Бірақ 13 қаңтар күні Садырбаеваның үйінде тінту болып, күртешені алып кеткен. Ал өзін “жаппай тәртіпсіздікке” қатысты деген күдікпен қамауға алған. Исенованың палатасына күзет қойған.

«Қаңтардың 7-сінен 8-іне қараған түні аяқ дүрсілінен ояндым. Палатаға арнайы жасақ пен полиция жүгіріп кірді. Бетіме жарық түсіріп, фамилиямды атады. Палатада үш адам едік. “Алаңда өлтірмеді, қазір өлтіреді” деген ой келді бірден. “Қолыңды бер” дегенге оң қолымды ұсынған едім, бірден қолыма кісен тағып, оны төсектің басына бекітті. Екі апта солай жаттым. Күндіз-түні. 10-ы күні мені экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкері тергеуге алды. Бұл да заңсыз, еш санкция мен қаулы жоқ. Жай ғана қорғау құқығы бар куәгерсің деді. Сұраған заттарына қол қойдым. Психологиялық қысым көрсетті. Маған прокурор керек екенін, қазіргі мәртебемді, өзіме қандай айып тағып жатқанын білуім керектігін айттым. Түк білмедім. Палатада жатқандардың бәріне маған телефон беруге тыйым салды», – дейді Исенова.

Екі аптадан кейін белсендіге адвокат беріп, қолындағы кісенін шешкен. Оған 272-баптың 2-тармағы – «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бойынша қорғау құқығы бар куәгер мәртебесі берілген. Дегенмен, Исенованың айтуынша, ешқандай тергеу әрекеті болмаған.

Әлия Исенова өзінің зардап шеккенін дәлелдеу үшін бірнеше мәрте арызданған, 3 қазан күні ғана оның ісін тіркеген.

«Алғашқы екі аптада медициналық сараптамадан өттім, онсыз да екі рет өткенмін. Әзірге мен ісім қалай жүріп жатқанынан хабарым жоқ. Ол жақта “билікті асыра пайдалану” бойынша 362-бап бар. Мен бұл баппен келіспеймін, өйткені мен жараландым, ал жаралау – адам өміріне қауіп төндіру. Меніңше, бұл іс 99-баппен өтуі керек», – дейді белсенді.

Азаптаудан өлу

Ұсталғаннан кейін көбі полиция бөлімшесінде азаптауды бастан кешкен, кейін тергеу изоляторларында оларды қолшақпар, электрошокпен ұрып, тепкілеген, суық жерде жатуға мәжбүрлеген. Бас прокуратураның мәліметі бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде азаптаудан қаза болған алты адамның үшеуі Шығыс Қазақстан облысынан (2022 жылы облысты екіге бөлген, енді Семей Абай облысына қарасты. – В.)

Әлі күнге дейін Семейдің полиция бөлімшелерінде белгісіз жағдайда қайтыс болған Елдос Қалиев пен Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты ақпарат жоқ. Ақпанда олардың қайтыс болуына қатысты жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқарма 362-баптың 4-тармағы бойынша (ауыр зардаптарға әкеп соққан билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiкті асыра пайдалану) сотқа дейінгі тергеу амалын бастағаны айтылған еді.

Желтоқсанда марқұм Елдос Қалиевтың ағасы Айдос Қалиев Власть редакциясына күдіктілер табылмағандықтан, інісінің қайтыс болуына қатысты іс тоқтағанын айтты. «Пікір берудің мәнін көріп тұрғаным жоқ», – деп қысқа қайырды ол.

26 жастағы Семей тұрғыны Елдос Қалиевты 10 қаңтар күні досының баласының туған күнінен келе жатқанда ұстап алған. Айдос Қалиев інісінің ұсталғаны жайлы 11 қаңтарда білген. Ішкі істер басқармасында оған “тінту кезінде қолшоқпар мен граната табылды” деген. Оған қоса қарсылық танытқан кезінде қаза болғанын хабарлаған. Бірақ ағасы мен досының айтуынша, денесінің бәрі көгерген, мұрны мен қабырғалары сынған, ал аяқ-қолының саусақтары тесілген екен.

Семейдің тағы бір тұрғыны, 36 жастағы Жандос Жотабаевты 6 қаңтар күні митингіге қатысқаны үшін ұстап алып, орталық полиция бөлімшесінде екі күн ұстаған. Содан кейін уақытша ұстау изоляторына ауыстырған. 17 қаңтар күні изолятор қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың өлімі туралы хабарлаған. Ағасы Ердос Жотабаевтың айтуынша, інісінің мәйітін сойғанда көкпеңбек болған. Оның 11 қабырғасы сынғаны, плеврит болғаны жазылған.

Ердос Жотабаев Власть редакциясына бауырының өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу бітуге таяғанын хабарлады. Қаңтарда іс бойынша сот басталады.

Азаматтық белсенді Кенжебек Сұлтанбеков осы іс бойынша куәгер. Ол Жотабаевпен бір камерада болған. Сұлтанбековты 6 қаңтар күні таңертең бас прокуратураға арыз жазуға бара жатқанда ұстаған.

«Басымыздан, барлық жерімізден аямай ұрды. Басқа камерада бір жігіттің жанұшыра айғайлағаны естілді. Оны қатты қинады. Ол жақтан нәжістің иісі шықты. Ұсталғандардың үстіне шығып, секіргендерін көзіммен көрдім. Сол кезде дәретіне ие бола алмаса керек, – дейді Сұлтанбеков. – Ертесі күні мені сол Жандос деген жігіт отырған басқа камераға ауыстырды. Бізге тағы екі жігітті ауыстырды. Оған көмек көрсетпесек, өлетінін бірден айттым. Күзетшіге айтқан едім, ол “Жотабаев өтірік істеп жатыр” деді. Жандостың қолын байлап тастады. Қолында қан жүрмей, не тамақ жей алмады, не стақан ұстай алмады. Бір кезде Жандос: “Аға, не істейміз?” – деп сұрады. Мен оған мұның бәрі заңсыз екенін, жақында еркіндікке шығатынымызды айттым. Мен дұға жасап, намаз оқыған едім. Жандостың кәлима айтқанын естідім Есікті қағып, Жандос өліп бара жатыр дедім. “Жата тұрсын, бастысы тынышталды” деді. Жүрегі тоқтап қалды».

58 жастағы Кенжебек Сұлтанбековтың өзі де азаптаудан жапа шеккен. Оны 146-бап, яғни “Азаптау” бойынша денсаулығына орта деңгейде зақым келген жәбірленуші деп таныған. Екі аяғында әлі де ісік бар, көгерген. Бұған қоса, Сұлтанбековке қарсы 269-баптың 3 тармағы (ғимаратқа, мекемелерге, байланыс құралдарына шабуылдау немесе жаулап алу) және 272-баптың 2 тармағы бойынша іс тергелуде.

«Полицияда белсенділердің тізімі бар, олар бізді “мемлекетке қауіпті адамдар” деп атайды. Біз шындықты айтып, әкімдерді сынаймыз, қаладағы түйткілді мәселелер туралы айтамыз. Бірақ билік оны естігісі келмейді. Биліктегі парақорлықтың салдары қаңтарға алып келді. Оған қоса ОДКБ әскерін шақырды. Мемлекет халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоюы керек, ал бізде өз пайдасын ойлайды. Олар осының бәрін өздері арандатты. Бұл ауру бәрібір бір күні бой көрсетер еді. Халықты осыған жеткізген өздері. Біз ештеңе сындырған жоқпыз. Арандатушылар болды, олар қара бетперде мен ақ қолғап киіп жүрді. Мұны СИЗО-да отырғандар айтты», – дейді Сұлтанбеков.

Кенжебек Сұлтанбеков

Белсенділер азаптау туралы айта бастағанда, полиция саудаласуға көшті: «Егер мынаны айтпасаң, біз сені жібереміз, баптарды алып тастаймыз» деген. Кейбірін қорқытқан. 6 қаңтардан бастап бірін қалдырмай дәлізде сабаған. Басшылығы көрді ғой, неге осының бәрін тоқтатуға тырыспады? Заң бойынша олар осылай тоқтауы керек еді ғой, бәрі бір-бірінің артын жауып отыр», – деп қосты Сұлтанбеков.

Сұлтанбековтің айтуынша, уақытша ұстау изоляторларында бәрінің аяқкиімін тартып алып, жалаңаяқ жүруге мәжбүрлеген. Ал ұсталғандарды Өскемендегі тергеу изоляторына жібергенде (қалада түзеу мекемелері болмаған соң, Семейде ұсталғандарды Өскемендегі СИЗО-ға апарған, ал тергеу үшін Семейге қайта әкелген – В.) маған өзімнің емес, басқа біреудің аяқкиімін берді: «Аяғымның өлшемі 42, ал маған 46 өлшемді аяқкиім берді. Сол аяқкиімнің иесіне не болмақ? Оның аяғы менікіне сыймайды ғой».

«Екеуі қайтыс болды дейді. Ал хабарсыз кеткендер ше? Кейбіреулердің үйіне баса-көктеп кіріп, ұрып-соққан, сақалдарын жұлған. Осыдан кейін полиция қалай ғана елдің көзіне тура қарайды екен? Оларды қалай ақтайсың? Ресми дерек бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қайтыс болған. Ал өзіне қол жұмсағандар ше? Оларды осындайға жеткізген кім? Масқара ғой. Бұған кім кінәлі?» – дейді Сұлтанбеков.

Тергеуден кейін асылып қалған

Қаңтар оқиғасынан кейін сегіз ай өткенде Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы қайтыс болғандардың тізімін жариялады. Онда 238 адамның фамилиясы бар, бірақ олардың толық аты, әкесінің аты, жасы, қайда, қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бас прокуратураның тізіміне енбей қалғандар да бар.

Тізімде Абай облысындағы Қасқабұлақ ауылының тұрғыны, 25 жастағы Ақжол Қилыбаев жоқ. Анасы Нұргүл Қилыбаева Ақжолдың Семейдегі митингіге қатысқаны үшін 9 қаңтар күні полицияның тергеуінде болғанын, содан келгеннен кейін гаражда асылып тұрған күйінде тапқанын айтады. Анасы ұлының өзіне қол жұмсағанына сене алмайды.

«Ол митингіде қайтыс болған жоқ, митингіге қатысқаны үшін қайтыс болды. Ақжол суицидке қарсы болатын. Өзі өлген жоқ деп бәрі айтады, басы ісімеген, мойнында із жоқ. Наурызда үйленемін деп жүрген, бір ұлы бар еді. Ақжол күшті, бойшаң, намысшыл жігіт болды», – дейді марқұмның анасы.

Нұргүл Қилыбаева

5 қаңтар күні Ақжол Қилыбаев анасына бейбіт митингіге баратынын айтыпты. “Қайрат Рысқұлбеков 20 жасында халқы үшін шықты, ал мен үйде тығылып отырамын ба?” – депті. «Бармай-ақ қойшы. Үйің бар, көлігің бар, саған не керегі бар мұның? Жақтасатын әкең жоқ», – дедім. Ол өзі үшін емес, болашақ ұрпақ үшін шығатынын айтты».

Нұргүл Қилыбаева кешке ұлына қоңырау шалған. Ол кезде Ақжол жанында ауылдастары бар екенін, әкімнің сөзінен кейін үйге қайтатынын айтқан. Кешке үйіне келген. Қасқабұлақ ауылы Семейден 100 шақырым жерде орналасқан.

«6 қаңтар күні қысқа соғым соймақ болған. Мен қалада болдым. Туыстармен мереке тойлауға кеткен едім, қаладағы оқиғадан кейін ештеңе болмады. Такси тек 7 қаңтар күні табылды. Үйге кешке қарай жеттім. Қайда кетсем де, үй жылы, пешім жанып тұратын еді», – дейді Қилыбаева.

Келесі күні Ақжол анасына көрші Абай ауылындағы учаскелік полицей түсініктеме жазуға шақырғанын айтқан. Қасында митингіде бірге болған үш ауылдасы бар. Үйден шығып бара жатқанда анасына: «Уайымдама, біз ештеңе бүлдірген жоқпыз», – деген. Қилыбаева жас учаскелік полицейден баласына бас-көз болуды сұраған.

«Бірнеше рет қоңырау шалдым, телефоны сөндірулі болды. Сағат 23:00-де көршіміз Мерекеге хабарласып едім, ол үшеуі шыққанын, бірақ Ақжол әлі сонда екенін айтты. Түн ортасында да хабарластым, алған жоқ. Абайдағы бүкіл туыстарыма хабарласа бастадым. Учаскелік полицей бәрі дұрыс екенін, үйге алып келетінін айтты. Бірақ көз іле алмадым. Сағат 2:57-де Ақжол хабарласып, “Мама, мен шықтым. Уайымдамаңыз”, – деді, бірақ дауысы солғын шықты. Мен ол қоңырауын әлі күнге дейін телефон жадынан өшірмедім», – деп күрсінді Нұргүл Қилыбаева.

Ол таңғы төртке дейін ұлының келгенін күткен. Сағат 4:45-те немересін дәретханаға апарып кеп, ұйықтатқан.

«Немерем жанына жатуымды сұраған соң, 10-15 минуттай ұйықтап кетіппін. Біреу итергендей сезімнен атып тұрдым. Дәлізге қарасам, сырт киімі ілулі, ал аяқкиімі жерде жатыр екен. Келіпті ғой деп тынышталып, жатын бөлмесіне бардым. Ол жақта жоқ екен. Басқа бөлмелерде де жоқ. Телефон шалдым. Өшірулі. Бірден жамандық ойламайсың ғой, телефоны өшіп қалды ма, мал қарауға кетті ме деп ойладым. Қора мен дәретхананы қарадым. Ешқайда жоқ. Мерекеге қоңырау шалдым, ол естігеннен селк етіп, баламның үйге кіргенін көргенін айтты. Бірақ мен гаражды қарамаппын. Барсам есік жабық, бірақ ілмегі ашық екен. Ақжолды көрдім, сүйеніп тұрғандай болды. Жарықты бағыттап, шақырып едім, қарамады. Жақындап едім, көрдім. Жоқ, баламның өлуі мүмкін емес», – деп баяндады марқұмның анасы.

Ақжол Қилыбаев

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақжол Қилыбаевтың өлуін негізге алып, “Өзіне қол жұмсауға итермелеу” бойынша іс қозғаған. Бірақ жақында іс тоқтағаны туралы хат келген. Нұргүл Қилыбаева адвокатпен бірге Абай облысының прокуратурасына қайтадан арыз жазған. Әзірге жауап күтіп отыр. Қилыбаеваның сөзіне қарағанда, осы кезге дейін көмектесетіндерге, адвокат пен туыстарға қысым көрсетілген.

«Оны сағат 2:30-ға дейін тергеген, бірақ хаттамада тергеу 21:13 пен 21:42 аралығында болды делінген. Оны 5 сағат тергегенін мойындамады. Бірақ басында маған мына қағазды байқамай беріп қойды, – деп ол кісі Абай ауылы ІІБ подполковнигі анасының сұранысына Ақжолды сағат 02:30-ға дейін тергеді деп жауап берген қағазын көрсетті. – Басында бізге ол 8 қаңтар өлді деген анықтама берді, бірақ кейін жүгіріп жүріп, оны 9-ы деп өзгерттік. Видео өшірілген. Сұрақтарымызға жауап таба алмай отырмыз».

Ақжолдың телефонынан 2 сим карта мен бір жады картасы жоғалып кеткен. «Тергеу болған түні, Абайдан шыққанда ол маған сол телефон нөмірінен қоңырау шалды. Телефондағы сим картаны арнайы инемен шығару керек. Ұлым телефонынан симкасын алып тастамайтын шығар. Демек, үйге келген соң оған қоңырау шалған да, ол шыққан… Сосын оның қалтасында жүретін үй кілтін таппадық».

«Үйді салған өзі, әу бастан бәрін жоспарлаған өзі. Оның әр айға жоспары болатын, жоспарсыз жүрмейтін. Асына сыныптары келіп, бәрі туған ауылын дамытқысы келгенін еске алды. Ұлым бәріне көмектесетін. Осы үйді салғанда мешіт салуға да қатар көмектескен. Әрдайым сөзінде тұратын. Шындықты бетке айтатын, әкімді жетімдерге көмектеспегені үшін сынайтын. Үнемі менімен ақылдасатын», – деп еске алады Нұргүл Қилыбаева.

Істі жабу, процессуалдық келісім

Желтоқсанда қаңтар оқиғасына қатысты бірнеше айыпталушы істің тоқтағаны жөнінде ескерту алды. Солардың арасында азаптаудан өткен белсенді Тимур Иржанұлы бар. Оның анасы пошта арқылы Абай облысының прокуратурасынан хат алған. Онда ұлының “жаппай тәртіпсіздікке қатысу” бойынша ісі 5 қаңтар күні қылмыстық әрекет жасамағаны үшін тоқтатылғаны көрсетілген. «Не себеп болғанын білмеймін, бірақ бүгін ортақ чаттағы тағы біреу іс тоқтағанын айтты, – деді ол. Оған қоса азаптауға қатысты істі де жапқан. Бірақ Клейменова шешімге шағымданбақ. – Азаптады, изоляторда 6 ай ұстады. Астанаға үш рет бардық. Біресе прокуратураға, біресе СИЗО-ға бардық. Осылайша жылдың қалай өткенін байқамай да қалдық. Бұл хатты оқып, сеніп-сенбесімді білмей отырмын».

Тимур Иржанұлының оқиғасын Власть “Қаңтарды бастан кешу” материалында баяндады.

6 қаңтар күні ұсталып, тергеу изоляторында 8 ай отырған 57 жастағы Фарид Ишмухамбетов те осындай ескерту алған. Оның ойынша, прокуратурадан ресми хат алмайынша, қуануға әлі ерте.

«Мен ештеңені сындырған жоқпын. Өртемедім, төңкермедім. Керісінше, адамдарға басу айтуға тырыстым. Бәрібір халықтың ақшасына қалпына келтіреді ғой. Бір жылда Семей облыс болғаннан басқа ештеңе өзгерген жоқ. Көп нәрсені армандауға болады, ал расымен не істейтінін әлі көре жатармыз. Еліміз бай, халқымыз кедей. Үнемі ертеңгі күніңді уайымдап отырасың. Жағдай күн санап нашарлап барады, жұрт көшеге сол үшін шықты. Бұның бәріне халық емес, осыған жеткізген билік кінәлі. Түрлі талап болды. Оларды он жыл бойы айтып келе жатыр. Егер шеруге шығуға ресми рұқсат берсе, адамдар бұлай жиналмас еді. Егер мәселелер уақытында шешілсе, тәртіпсіздік болмас еді», – дейді Ишмухаметов.

Ол азаптаудан жапа шеккен адам ретінде арызданған: «Антикорға бардым, бірақ қарға қарғаның көзін шұқымайды. Бұл – көзбояушылық, істер жабылып жатыр. Мен баскиім мен күлапара киіп жүрдім, дауысынан болмаса, оларды тани алмаймын. Бүкіл видеокамера өшірулі болды», – деп баяндайды Ишмухаметов.

Фарид Ишмухаметов

Оның айтуынша, ұстағаннан кейін бәрін жерге қарап жатуға мәжбүрлеген. Қарауға, қимылдауға болмайды, өйтсең таяқ жейсің. Сол үшін ұрғандарды тану қиын: «Бізді ұстап, орталық полиция бөлімшесіне алып барды, ол жақта бірден қолшоқпармен қарсы алды. Үшінші қабатқа апарды. Баспалдақпен көтеріліп бара жатып, басыңды көтермейсің, қолың арқаңда. Баспалдақ қан-қан. Қит етсең, қолшоқпармен ұрады. Біреу мені шокермен ұрды».

Ишмухамбетовтің жақтасы, әкімдікте ұсталған Нұржан Сембаев та осыны айтты. Ол 5 қаңтар күні алаңда болмаған. 6 қаңтар күні алаңда не болғанын білу үшін қызықтап барған да, қудалауға тап болған. Полиция оны үйінен алып кеткен.

«Әкімдікте ұстап алып, қолымызды байлады. Бізді әскерилер ұстады. Арқамыздан ұрды. Одан кейін арнайы жасақ келіп, онсыз да байлаулы адамдарды айуанша ұра бастады. Әскерилердің өзі оларды сабырға шақырып, байлаулы тұрғандарды ұрмауға шақырды. Мен бұның бәрін тек естідім, көрген жоқпын. Себебі басыңды көтерсең, не етікпен, не қолшоқпармен ұрады. Бұл бірнеше күнге жалғасты. Ұрғанға етім үйреніп кетті, сезбейтін болдым. Олар әйелдерді де ұрды», – деп Сембаев болған жайтты баяндап берді.

Оған да 269-баптың 3-тармағы бойынша «ғимаратқа, мекемелерге, байланыс құралдарына шабуылдау немесе жаулап алу» және 272-баптың 2-тармағымен «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бойынша іс қозғаған. Кейін 269-бапты алып тастап, екіншісін қалдырған. Бірақ іс бір орында тұр. Ешқайда кетпеу жайлы тілхатпен отыр. «Сот болған жоқ, тым-тырыс. Бәрін жасырғысы келетіндей. Маған процессуалдық келісім де бермеді. Келісетін зат та жоқ», – деді белсенді.

Процессуалдық келісім жасағандар көп, бірақ одан кейін басқа айыпталушылардың ісі жабылғанын естіген соң өкініп те қалған.

26 жастағы Берікхан Мұқановтың ұлы Ернар Берікханұлы 22 қыркүйек күні процессуалдық келісімге қол қойған. Оған 269-баптың 3-тармағы мен 272-баптың 2-тармағы бойынша айып таққан. Шартты түрде төрт жыл беріп, артынша амнистиямен қысқартқан. Қазір жарты жылы қалған.

«Қазір өкінемін. Егер процессуалдық келісімге бармасақ, не істер еді? Біз зейнеткерміз, оған бірдеңе болады деп қорықтық. Келісімге отырмаған 7-8 жігіт болған, жақында солардың ісін жапты. Ұлымыз ешқандай қылмыс жасамаған. Егер соңына дейін мойындамасақ, оның да ісін жабар еді. Ол әлі бойдақ, түрмеге отырғызады деп қорықтық. Мойнында екі бап болар еді. Келісуге мәжбүр болдық», – дейді Мұқанов.

«Желтоқсаншыларды да нашақор, алқаш деп айыптады. Ақыры бәрін ақтап, халық қаһарманы деп атады. Олар Қазақстан тәуелсіздігін талап етті. Біздің балаларымыз да солай шықты. Бүкіл талаптары орынды. Былай қарасақ, президент соның бәрін қазір орындап жатыр. Сол жастардың арқасында көптеген мемлекет сатқыны анықталды. Олар шықпаса, мемлекет сатқындар жайлы қалай білер еді?» – дейді Ернардың анасы Алтын Мұқанова.

Материалды аудару барысында кеткен қате үшін оқырманнан және Тимур Иржанұлынан кешірім сұраймыз.

Мәтінге түзету енгізілді: Тимур Иржанұлы азаптауға ұшыраған.