2948
18 августа 2023
Ақбота Узбекбай, коллажды істеген Данияр Мүсіров, Власть

Қаңтар құрбандарының мемлекеттен өтемақы талап ету жолындағы күресі

Ал мемлекет өтемақы төлемеуге мейлінше жанын салып жатыр

Қаңтар құрбандарының мемлекеттен өтемақы талап ету жолындағы күресі

Маусым айының басында Құқық қорғау альянсы қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін полиция тарапынан азаптауға ұшыраған азаматтарға моральдық және материалдық өтемақы төлеу, бұған қоса мемлекеттің ресми кешірім сұрауын талап ету үшін 54 шағым түсіргенін хабарлаған еді. Власть зардап шеккендердің бірнешеуімен әділдік жолындағы күресі және мемлекеттің қалай қарап отырғаны туралы сөйлесті.

«Кешірімді сұрап алғандай болдым»

2022 жылдың 6 қаңтарында 38 жастағы Ренат Жұбақов Өскеменнің орталық алаңында болған. Үш күннен кейін оны құқық қорғау органының қызметкерлері үйінен күшпен алып кеткен. 11 қаңтарға дейін тергеу изоляторында болған Ренат сол жерде азаптауға ұшырағанын айтады. Ал былтырғы желтоқсан айында оның «жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны» дәлелденбей, ісі жабылғаны белгілі болды.

Азаптау жөнінде арыз жазғанымен, дәлел жоқ деп қарастырмапты. «Бұл – дұрыс емес. Мемлекет ешқашан кінәсін мойындамайды, әйтсе де, ақырына дейін күрескім келеді», – дейді Ренат Жұбақов.

Арнайы прокуратураның шешімінде оның жарты жыл ішінде өтемақы талап етуге хақы бары жазылған. Жұбақов құжаттар мен сараптама нәтижесін жинағаннан кейін мемлекеттен моральдық өтемақы ретінде 30 миллион теңге сұрауды шешкен.

«Сәуір айының соңына дейін өз қаламдағы өзге қаңтаршылармен байланыста болдым. Көпшілігінің өзі сұрағаннан әлдеқайда аз алатыны белгілі болды. Көбі 300–500 мың теңге алып жатты», – дейді Жұбақов.

Ренат Жұбақов, "Азаттық радиосының" суреті

Астана соты оның талабын ішінара қанағаттандырды. Сот қаржы министрлігін Жұбақовқа 5 миллион төлеуге міндеттеді. Ер адамның сөзінше, бұл кезде сотқа журналистер мен құқық қорғаушылардың қатысқаны көмектескен.

«Әу баста адвокатым есептеп берген 30 миллионды сұрадық. Моральдық залалды дәлелдеу қиын ғой, нені бастан кешкеніңді сенен басқа ешкім білмейді. Бес миллион деген бақыр тиын ғой. Бұл ақшаның өзін әлі алмадық. Әзірге сот шешіміне шағым түсірмей тұра тұрамыз», – деді ол.

Дәл осы уақытта қаржы министрлігі сот шешімінен шағым түсіріп, мұнысын «моральдық өтемақыны Жұбақовқа залал келтірген құқық қорғау органдары төлеуі керек» деп түсіндірді. Сот бұл арызды қанағаттандырмады, қаржы министрлігі жауапкершіліктен босатылған жоқ. Әйтсе де, прокурор өтемақы мөлшерін 5 миллионнан 3 миллионға қысқартуды сұрады, ал 2 тамыз күні сот өтемақы мөлшерін 2 миллион деп бекітті. Жұбақов сот шешіміне келіспейді.

Сот басталмас бұрын ол өзінің кінәсіз екенін құжатпен растауды талап етіп, бас прокуратураға өтініш жазған. Оған бас прокуратурадан хабарласып, кешірім сұраған. «Бірақ менің ата-анамнан, туыстарым мен таныстарымнан ешкім кешірім сұраған жоқ. Мен осыны талап еткенмін. “Өтінемін, менен кешірім сұраңызшы” деп, кешірімді сұрап алғандай болдым. Бұл олардың шынайы кешірімі деп ойламаймын».

«Өтемақы мөлшерін қалай есептейтінін түсінбеймін»

5 қаңтар күні Өскеменнің құқық қорғау органдары қаланың бас алаңында жарылғыш зат қолданып, соның салдарынан 25 жастағы Ерқанат Жеңісұлының көзіне зақым келген. Келесі күні көзіне ота жасалып, 8 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікке ілініп, изоляторға жабылған. Жеңісұлы изоляторда азап көргенін айтады.

Қаңтар оқиғасынан кейін ол 54 күн бойы қамауда болған. 2022 жылдың соңында дәлел болмағандықтан, айыбы алынған. Ол көзінен айырылып, үшінші топ мүгедегі атанды.

Жеңісұлы бостандыққа шығып, азаптау бойынша арыз жазған, әйтсе де, қылмыс құрамы болмағандықтан, іс тоқтатылған. «[Алаңда] кім атты және [изоляторда] кім азаптады деп сұрады. Маска таққан әскерилер көп болды ғой онда. Бұйрық берген адам жауап берсін. Мейлі ол әкім, генерал не Тоқаев болсын», − дейді ол.

Ерқанат Жеңісұлы, "Азаттық радиосының" суреті

Жеңісұлы соттан 40 миллионнан астам өтемақы сұрайды: 20 миллионы моральдық зиянға; 20 миллионы зақымдалған көзіне; 750 мың теңгесі қорғаушының қызметіне. Сот оған 10 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім шығарды. Әйтсе де, жауап беруші қаржы министрлігі шағымданып, «талапкерге залалды құқық қорғау органдары келтірген, сот шешімі солардың есебінен өндірілуге тиіс» екенін алға тартқан.

«Қаржы министрлігінің өтемақы мөлшеріне түк қарсылығы болмады. Министрлік тек өтемақыны құқыққа қайшы әрекет жасаған органның өз қаражаты есебінен төлеуді талап еткен», – дейді Жеңісұлы.

Апелляциядан кейін сот өтемақы мөлшерін 3 миллион теңгеге дейін қысқартты.

Жеңісұлы сот шешімін әділетсіз деп санайды: «Мен көргенді көрмейінше, ешкім менің жағдайымды түсінбейді. Олар менің денсаулығымды қайтара алмайды ғой. Өтемақы мөлшерін қалай есептейтінін түсінбеймін».

Ерқанаттан ешкім кешірім сұрамаған. Алайда оны бұдан гөрі өтемақы мәселесі көбірек алаңдатады: «Егер шынымен заң бұзып, біреуді өлтіріп қойсам, [сот шешімін] бұлай созбас еді. <...> Әуелі сол ақшаны алып алайын, кейін Жоғарғы сотқа арыз жазамын».

«40–50 миллион төлесе де, көрген азабымызды жуып-шая алмайды»

Өскеменнің тағы бір тұрғыны, 26 жастағы Тілеужан Сайлауұлы 5 қаңтар күні алаңға шығып, 7 қаңтар күні ұсталды. Кейін екі ай бойы изоляторда болған, оған «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» деген айып тағылған.

Сайлауұлы мемлекеттен өтемақы ретінде 20 миллион теңге сұраған, сот оның талабын ішінара қанағаттандырып, 1 миллион теңге өтемақы беру туралы шешім шығарады. Одан бөлек, оған изоляторда болып, екі ай жұмыссыз қалған кезі үшін 301 мың теңге, қорғаушыға төлеген 830 мың теңгесі төленуі қажет.

Тілеужан сот шешімімен келіспейді. Ол қаңтар оқиғасы кезінде келтірілген зақымнан кейін сол көзі нашар көретінін, ал Түркиядағы халықаралық клиниканың ота үшін кемі 6 миллион теңге сұрағанын айтады.

Тілеужан Сайлауұлы, "Азаттық радиосының" суреті

«Барлық дәлел, анализді тіркедік, алайда ешкім оны қарап жатқан жоқ. Уақытты созып жатыр. Әйтеуір бізге өтемақы төлемеудің амалы. Шынымды айтсам, олар бізге ол ақшаны бермеуі де мүмкін. Тіпті 6-7 миллион теңгенің өзі менің көзім көріп кететініне кепіл емес. Ал сол кезде аяғы ауыр болған әйелімнің жағдайы ше? Мен үшін алаңдаған ата-анам ше? 40–50 миллион теңге төлесе де, көрген азабымызды жуып-шая алмайды», – дейді ол.

Сайлауұлы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді, мұғалім статусына да зардап келгенін айтады. Ол мемлекеттің халықтың алдында кешірім сұрауын қалайды.

«Істі қысқартқанда, менен ресми түрде кешірім сұрауы керек еді. Бірақ құр сөзден ештеңе өзгермейді. Прокуратура халық алдына шығып, бәріміздің отбасымыздан кешірім сұрауы керек. Біз қылмыскер емеспіз, болған да емеспіз, әділетсіз сотталып, кейін ақталған біздің суретіміз бен аты-жөнімізді шығарып, прокуратура ғимараты алдына іліп қойсын. Қаңтар оқиғасы кезінде сөйтті емес пе? Мені және қаншама адамды террорист деп жазықты етті», – дейді ол.

«Адам өмірі қашаннан бері 6 миллион теңге?»

Русланбек Жұбаназаров 30 жаста еді. Ол вахталық әдіспен уақытша жұмыс істейтін: Кеңқияқ және Теңіз мұнай-газ кен орындарында, сондай-ақ құрылыс саласында әр жерде қызмет еткен.

2022 жылдың 6 қаңтарында өзі туған Мөңке би ауылынан Ақтөбеге баласына сыйлық алу үшін жұмыс істеуге барады. Бұл уақытта Ақтөбеде митинг өтіп жатқан. Кейін Русланбек Жұбаназаровтың оққа ұшқаны белгілі болды. Оны «террорист» деп отбасына мүрдесін бермеді. Отбасы мәйітті бір айдан кейін ғана жерлей алды. Жұбаназаровтың қазасына жеті ай толғанда құқық қорғау органдарының қызметін асыра пайдалануы бойынша іс тоқтатылғаны белгілі болды. Власть бұл туралы «Мәңгілікке қаңтарда қалу» мақаласында жазған болатын.

2023 жылы маусым айының басында, Русланбек Жұбаназаровтың қазасынан бір жарым жыл өткеннен кейін прокуратура оның ата-анасын жәбірленуші деп таныды. Биылғы ақпан айында оның қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы да жәбірленуші деп танылған.

Русланбек Жұбаназаров

Қарындасы анасының шотына Қазақстан халқына қорынан 6 миллион теңге түскенін айтады. «Бұл не ақша дегенімде, Русланбектің террорист болмай шыққанына деді. Алайда әлі күнге дейін ағамның террорист емес екенін көрсететін құжатты ала алмай жүрмін. Қашаннан бері адам өмірі 6 миллион теңге тұратын болған, түсіне алар емеспін. Әлде Қазақстанда солай ма?» – дейді ол.

Бүркітқызы ағасын кім өлтіргенін анықтауды, мемлекеттің жұртшылық алдында кешірім сұрап, ағасын ақтауын талап етеді.

«Әкемнің аяғы ауырады, анам жылап-жылап таусылды. Ағамды кім өлтірді? Кім ескертусіз оқ атуға бұйрық берді? Ағамды террорист еткен кім? 60 миллион берсе де, бұл істі аяғына жеткіземін», – дейді ол.

Бүркітқызы Жоғарғы сотқа шағымданғысы келеді. Ол ағасының ісі жабық қаралғанына қапалы. «Егер сот отырыстарына рұқсат алсам, құпия ақпаратты жарияламау жөніндегі құжатқа қол қоюым керек болатын. Ағамның қазасы туралы бүкіл Қазақстан біледі, неге істі жабық қарап жатсыңдар дедім», – дейді ол.

«Жай ғана төлеу»

Қаңтар оқиғасы кезінде азапқа ұшыраған Семей қаласының тұрғыны Нұржан Сембаев мемлекеттен моральдық зиян үшін 20 миллион теңге өтемақы талап еткен. Нәтижесінде, сот 2 миллион теңге тағайындаған.

«Бес адамның ісін бір сотқа біріктірді. Материалдық залал бойынша арыз жазбадым, өйткені санайтыным жоқ. Ол жерде түбіртектер керек, ал менде ондай жоқ. Ал моральдық зиян ретінде қамауда болған күндерім мен азаптауды есептедік. Сотқа бірнеше есе аз сұрап жатқанымызды айттық. Ең кемі бес миллион беретін шығар деп күттік».

Ол сот шешіміне шағым түсіруге шешті, алайда соманы көбейтетініне сене бермейді.

Нұржан Сембаев, суретті Ақбота Узбекбай түсірген

«Судья бұл мәселе жабық және ешқандай кешірім болмайды деп шешті. Сот барысында ішкі істер министрлігі мен прокуратура кешірімді кім сұрау керек дегенде бір-біріне сілтеді. Адвокатымыз атымызды көрсетіп тұрып, прокуратура осы адамдардан кешірім сұрауы керек деп өтініш жазды. “Қалиев мырза (адвокат – В.), біз осы кісілерден кешірім сұраймыз” деп біздің тізіміміз көрсетілген құрғақ кешірім ғана келді. Ол әрқайсымыздан жеке кешірім сұрауды талап етті, бірақ оған өзің сұрай сал деген хат келді. Олардың түсінігінше, бізден Қалиев кешірім сұрауы керек екен», – дейді Сембаев.

«Бізді әлі күнге дейін адам құрлы көрмейді. Мемлекет кешірім сұрауы керек. Бәріне өтемақы төлесін. Соңына дейін күресеміз», – деп қорытындылады Сембаев.

Өтемақы бойынша ісі Сембаевпен қатар жүрген Фарид Ишмухамедовке сот 4 миллион теңге тағайындады. Алайда ол да сот шешіміне келіспей, апелляцияға берген. «Біздің көрген азаптың қасында төрт миллион теңге ештеңе де емес. Кінәсіз болып, түрмеде отырсам, бұл үшін өтемақы төлеуі керек. Өйткені адамды еш себепсіз түрмеде ұстау – дұрыс емес».

Фарид Ишмухамедов, суретті Ақбота Узбекбай түсірген

Оның сөзінше, моральдық зиянның қандай да бір өлшемі болмағандықтан, “өтемақы мөлшері судья ішкі түйсігіне қарап береді”. Ишмухамедов моральдық зиян үшін әуел баста 20 миллион теңге сұраған.

«Бізді әртүрлі уақыт ұстады ғой, біреуді екі ай, ал мені сегіз ай. Екі ай отырғандарға екі миллион береді, ал сегіз ай отырған маған төрт миллион. Бұл логикаға салсақ, маған сегіз миллион беруі керек емес пе?» – дейді 57 жастағы Фарид Ишмухамбетов.

«Қазір заң бойынша бұл билікпен күресу – құр әуре. Уақытты зая кетіру. Жаңа билік келсін, сонда азаптау бойынша істі қайта көтерем. Құжаттардың бәрін сақтап қоямын. Бұл жүйеге сенбеймін. Прокурорлар мен судьялардың шындықтың бетін ашатын ойы жоқ».

Власть Семейдегі қаңтар оқиғасы туралы “Семей. Қаңтардағы наразылық, изоляторда қайтыс болғандар мен тергеуден кейін өзіне қол салу” материалында жазған.

«Қанша берсе де, көзім көріп кетпейді»

37 жастағы алматылық Ермек Әбдірешов 2022 жылдың 5 қаңтарында Республика алаңында жарақат алып, көзінен айырылды. 8 қаңтар күні денсаулығына қарамастан, оны ауруханадан алып кетіп, Ла-155/18 тергеу изоляторына жеткізген. Ол онда ауыр азапқа ұшыраған. Оған «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылған. Әбдірешов 9 ай бойы тергеуде болған, кейін іс жабылды.

Маусым айының басында Алматы прокуратурасы одан қаңтар оқиғасы кезінде «келтірілген залал» үшін кешірім сұраған. «Сізге (Ермек Әбдірешов – В.) қатысты қылмыстық қудалау қылмыс құрамының болмауына байланысты 2022 жылдың 8 қыркүйегінде тоқтатылды. Моральдық және материалдық өтемақы сұратуға толық хақыңыз бар. Қылмыстық процесті жүргізетін органның атынан сізге келтірілген зиян үшін ресми түрде кешірім сұраймын», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Жақында Астанада өтемақы бойынша соты басталды, прокурор Әбдірешовке моральдық зиян ретінде 2 миллион теңге және адвокаттың қызметіне 200 мың теңге төлеуді сұрады. Жауапкер қаржы министрлігінің өкілі тағы да «өтемақыны Әбдірешовтің денсаулығына зиян келтірген мекемеден сұрау керегін» айтты.

Ермек Әбдірешов, суретті Алмас Қайсар түсірген

Әбдірешов мемлекеттен жалпы 25 миллион теңге талап етеді, оның ішіне заңсыз ұсталуы және тоғыз ай бойы қамауда болғаны, сондай-ақ денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалған 9 миллион теңге бар.

«Бізге өте аз беретіні мәлім. Жоғалтқан көзіме ең кемі тағы бір ота қажет. Оның қанша болатыны белгісіз. Отаның өте күрделі екенін айтты, протез қойғысы келеді. Бұған дейін төрт ота өтті. Бізге қанша беретінін бір Алла біледі. Адвокат барлығына 1-2 миллион беріп жатқанын айтады. Бізге де солай етсе, судьяның шешіміне шағым түсіреміз», – дейді ол.

Әбдірешовтің сөзінше, өтемақы оның бұрынғы денсаулығын қайтара алмайды. «Олардың кешірімінен ештеңе өзгермеді. Алаңға не үшін шыққанымды білемін ғой, халқыммен бірге болғым келді. Мемлекет қанша жерден кешірім сұрап, қанша өтемақы берсе де, менің көргенімді жуып-шая алмайды. Ешқандай ақша, ешқандай зат менің денсаулығымды қайтармайды. Бізді әлі күнге дейін адам құрлы көрмейді. Осы бір жарым жыл бойы дұрыс көңіл бөлмей келеді. Сотым Астанада өтіп жатыр, ыңғайлы болуы үшін Алматыда қараса болар еді. Келешекте жүйе өзгеріп, біздің мәртебеміз де өзгеретініне сенемін», – деп қорытындылады ол.

«Жастардың сағы сынбауы үшін»

Былтыр 3 қаңтар күні Мұратбек Есенғазы «Алаш» партиясының өзге белсенділерімен бірге ақын әрі диссидент Арон Атабектің қырқына жиналады. Жаңаөзендегі наразылық туралы естіп, алаңға бет бұрады. Жолда оларды полиция тоқтатып, кеттлингке алады, кейін учаскеге алып кеткен. Олар екі күннен кейін ғана 5 қаңтар күні босап шығады. Бостандыққа шыққан белсенділер алаңға қарай жүреді. Есенғазы келесі күні қалада атыс басталғасын, үйіне қайтады.

Оны 12 қаңтар күні үйінен алып кетеді. Оған «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және қатысты» деген айып тағылып, екі айға қамалады. Оның сөзінше, ол азапталған.

2023 жылдың 17 мамырында ол бас прокуратурадан «оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық бар екені дәлелденбегендіктен, оған қатысты іс қысқартылды» деген хабарлама алған. Сол хабарламада Алматы қалалық прокуратурасының арнайы прокурорлар бөлімінің бастығы одан кешірім сұраған.

Мұратбек Есенғазы, "Азаттық радиосының" суреті

Есенғазы мемлекеттен ақша керек емес дейді. «Маған олардың азапталған адамдардан кешірім сұрауы өте маңызды. Мұны бір кешіріммен жаба салғанын қаламаймын, мемлекет жұртқа өтемақы төлеуі қажет. Бір теңге болсын, бір миллион болсын, бұл жерде маңыздысы – мемлекеттің азаптаудың дұрыс емесін, ал азаптау арқылы түсініктеме алудың қылмыс екенін мойындауы маңызды».

Ол қаңтар құрбандарының көбіне 1-2 миллион теңге мөлшерінде өтемақы беріп жатқанына наразы. «Бұл адамдардың бәрін жеке-жеке қарау керек қой. Тәуелсіз тергеу өткізіп, бәріне өтемақы төлеу қажет. Асыраушысыз қалған отбасыларды мемлекет қамқорлығына алуы керек. Жазықсыз адамдарды азаптағандарды қамау керек».

Есенғазы өзінің бұл нәрсенің өзіне таныс екенін, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде де азапталғанын айтады. Ол бұл туралы айтқанда, жастарды уайымдайтынын жеткізеді:

«Азаптаулар талай жастың сағын сындырды. Изоляторда серуенге шыққанда бәріміз “Менің Қазақстаным”, “Көк тудың желбірегені” секілді патриоттық әндер айтуға тырысатынбыз. Жастардың сағы сынбауы үшін, жақсы өмір іздеп, шетел асып кетпесі үшін бұл проблеманың бәрін кешенді түрде шешу керек. Барлық жағдайды жасасын: бәріне материалдық және моральдық өтемақы төлесін. Оған қоса, Тоқаевтың өзі халық алдына шығып кешірім сұрауы маңызды», – дейді Есенғазы.