6411
30 сентября 2022

Мәңгілікке қаңтарда қалу

Қаңтарда қаза тапқандардың туыстары тоғыз айдан бері әділ тергеуді талап етіп жүр

Мәңгілікке қаңтарда қалу

Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, Юна Коростелева, Ольга Логинова. Фото авторлардікі

Қаңтар оқиғасынан кейін жарты жыл өткенде, тамыздың ортасында бас прокуратура қаза тапқандар тізімін жариялады. Ол тізімде ведомство өткізетін баспасөз жиындарындағы сияқты жеткілікті мәлімет болмады. Қайтыс болғандар тізімінде тек тегі мен атының бас әрпі ғана көрсетілген, басқа дерек жоқ. Тізімнің жариялануы қаңтардан бері қойылып келе жатқан көптеген сұраққа жауап бере алмады. Екі жүзден астам қазақстандық қалай қаза тапты? Оның көбі оқиға кезінде көшеде кездейсоқ болғандар. Неліктен басым көпшілігінің өліміне кінәлі күдіктілер табылмады?

Власть қаза болғандардың жақындары, адвокаттар, құқық қорғаушылармен әділдік үшін күресі және әлі күнге дейін созылып келе жатқан тергеу амалдары жайлы сөйлесті.

«Осындай жағдайда қайтыс болады деп ойлаған жоқпыз»

Абдығаппар Оразғали Қытайда, Шыңжаңның Іле-Қазақ автономиялы облысының Құлжа ауданында дүниеге келген. Оразғали кәсіпқой жүгірумен айналысып, Бейжіңдегі беделді клубта жаттыққан, жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген.

2021 жылдың тамыз айында Оразғали Алматыдағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шақыруымен Қазақстанға көшіп келді. Арада бірер ай өткен соң ол Қазақстан азаматтығын алады. Осылайша жарыстарда Қазақстанның туын көкке көтеру деген арманын іске асырмақшы болады. Алайда 2022 жылы Оразғали 19 жасында Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмды.

«11 қаңтар күні денесін мәйітханадан алып, Алматы облысындағы Сарқан қаласына жерледік. Әзірше тергеу жүріп жатыр дейді, одан ешқандай жауап жоқ. Оққа сараптама жасалды – қандай қарудан, қай жерден, кім атқаны қазір белгісіз. Бұл жақтағы туыстарынан Алматыда мен ғана, қалғаны Алматы облысында тұрады, жәбірленуші тарапынан мен қатысып жатырмын, – дейді Оразғалидың немере ағасы Серікбай Айтан. Ол інісінің өліміне кінәлілер табылуы үшін күресіп жүр. – Бұл бала қазақ елінің атын қорғаймын деп елі мен жері үшін келген. Қысқа уақытта Қазақстанмен танысып та үлгерген жоқ. Негізі Қытайда да еңбегі өте зор. Бұл жерге келгенде осындай жағдайда қайтыс болады деп ойлаған жоқпыз».

Отбасының адвокаты Қошқар Молдабековтің айтуынша, Оразғали 5 қаңтар күні алаңда болған. Қайтыс болғаннан кейін оның үстінен Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда адвокаттың атап өтуінше, Абдығаппар Оразғали мемлекеттік нысандарға жасалған шабуылдар мен бүліктерге қатыспаған. Оның өлім фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру – В.) бойынша қозғалған іс жеті ай бойы өзгеріссіз тоқтап тұр.

Абығаппар Оразғалидің ағасы Серікбай Айтан

«Қылмыстық іс қалалық полиция департаментінде, тергеу бөлімінде қайта қаралып жатыр. Іс бойынша көптеген сараптама тағайындалған. Бізді қызықтыратын мәселе – Абдығаппар Оразғали не себептен, қандай жағдайда қайтыс болғаны. Оған атылған оқ қайдан келді? Қандай қарудан атылды? Кім атты? Қайтыс болар алдында оған медициналық көмек көрсетілді ме, әлде көрсетілмеді ме? Оны медицина мекемелеріне кім апарды? Полиция департаментіне, қалалық прокуратураға көп өтініш хат, шағым жаздық. Сұралған сұрақтарымызға тиісті жауап болмағаннан кейін ауданаралық сотқа да жаздық. Бәрі қазіргі уақытта қараусыз қалып жатыр. Олардың беретін жауабы – тергеу жүріп жатыр, әзірге бәрі құпия, тергеу амалдары біткеннен кейін жауаптарыңызды береміз. Күрделі мәселе осы болып тұр. Оқиға болғаннан кейін сот-медициналық сараптама жасалған, қорытындылары бар. Оның оқ тигеннен қайтыс болғанын дәлелдейтін дәлелдемелер бар. Жеті ай өтті. Айыптылар табылып, бұл істің мән-жайы толық зерттеліп, дәлелденуін талап етіп жатырмыз. Қазіргі таңда нәтиже жоқ», – деп түсіндірді адвокат.

Тізімнен іздеу

Қаңтар оқиғасынан кейін сегіз ай өткен соң, 16 тамызда Қазақстанның Бас прокуратурасы оқ тиіп, не жарақат алып қаза тапқан 238 адамның тізімін жариялады. Құжатта адамдардың тегі мен есімінің бас әрпі ғана көрсетілген, алайда олардың жасы, қайда және қандай жағдайда қаза тапқаны туралы дерек жоқ. Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мұны «алғашқы» тізім деп атады, бірақ жаңа деректермен қашан толығатынын нақтыламады. Сондай-ақ, Қилымжанов 176 адамның өліміне қатысты тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.

Бас прокуратура қаза тапқандардың тізімін жариялағанға дейін Qantar 2022 еріктілер тобы мен «Азаттық радиосы» журналистері жинаған екі тізім ашық қолданыста болды. Олардың бірі 235, екіншісі 188 адам жайлы деректер жинап, тексере алған.

Власть журналистері үш тізімді салыстыра отырып, белсенділер мен журналистер жинаған тізімде прокуратура тізімінде бар 22 адамның аты-жөні жоқ екенін көрді. Ашық дереккөздерден бұл адамдар туралы мәлімет табу мүмкін емес, себебі билік тізімінде адамның тегінен басқа дерек жоқ.

Сонымен қатар, қаза тапқан кем дегенде 23 адамның есімі бас прокуратураның ресми тізіміне енбеген. Власть оның ішінде 5 адамның өлімін растай алды:

7 қаңтарда Алматыда 22 жастағы Израиль азаматы Леван Кожиашвили қаза тапты. Ол наразылық акциясына қатыспаған, оған көлік жүргізіп келе жатқанда оқ тиген.

5 қаңтарда 12 жасар Сұлтан Қамшыбек анасы, ағасы және нағашысымен дүкенге бара жатқан жерінде желкесіне оқ тиіп, қаза болды. Ол атыс дыбысын естіп, біреу отшашу атып жатыр деп ойлап, не болып жатқанын видеоға түсірген.

6 қаңтар Алматыда 59 жастағы Николай Лебедов үйінен шығып, жоғалып кетеді. Оның денесі 18 қаңтар күні ғана табылды.

8 қаңтарда Абай ауданы Қасқабұлақ ауылының тұрғыны, 25 жастағы Ақжол Қилыбаев Семейдегі митингіге қатысқаны үшін полицияға жауап алуға шақыртылған. Бір күннен кейін, 9 қаңтарда анасы Нұргүл ұлын үйінің жанындағы гаражда асылып тұрған жерінен тауып алған.

10 қаңтарда Жамбыл облысында келісімшартпен қызмет ететін қатардағы жауынгер Шавкат Армидинов пен оның әріптесі жол апатынан қаза тапты. Олар ҰҚК ғимаратында наразылық білдірушілер мен шабуылдаушыларды іздеу бойынша жауынгерлік тапсырманы орындаған.

Власть сауалына Бас прокуратура «қаңтар оқиғасы кезінде 232 адам қаза тапты, оның ішінде 213-і бейбіт тұрғын, 19-ы құқық қорғау органдарының қызметкерлері» деп жауап берді. Ведомство қаза тапқандардың жалпы санына азаптаудан қайтыс болған 6 адамды қоспаған көрінеді. Сондай-ақ, ресми жауапта қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған әр азаматтың өлім фактісі бойынша зерттеу жүргізілетіні айтылды. Ресми тізімге енбей қалған адамдардың қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз.

Адам өлімінен кейін қозғалған қылмыстық істерде біршама қиындықтар туындаған. Кей жағдайда Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша қозғалып, кейін ол Қылмыстық кодекстің 451-бабына (Билікті асыра пайдалану) өзгертілген. Сонымен қатар, қаза тапқандар Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпталушы атануы да мүмкін – олар 255-бап (Терроризм актісі) және 272-бап (Жаппай тәртіпсіздік). Адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған күннің өзінде ол тез арада қысқаруы мүмкін, ал қаза тапқандардың туысы мен адвокаттарына ұзақ уақыт бойы әділ тергеуді талап етуге тура келеді.

Алматыдағы Республика алаңы, 4 қаңтардан 5-не қараған түні

«Оқыс оқтың» құрбаны

30 маусым күні Атырау облысы Тасқала ауылындағы Алмаз Берекеновтің үйіне ішкі істер органының бірнеше қызметкері келген. Төртеуі үйге кіріп, қалғаны босағаның сыртында қалады. Бұл құқық қорғау органдарында істеген Берекеновтер отбасының әріптестері еді. Туыстарының сөзінше, олардың арасында Атыраудағы қаңтар оқиғасы кезінде Алмаз Берекеновке оқ атқан қызметкер де болған.

Келгендерді Берекенов отбасы мен оның жақын туыстары күтіп алды. Күштік құрылым қызметкерлері марқұмның туыстарынан кешірім сұрады. Берекеновтер отбасының «Неге оған от аттыңдар?» деген сұрағына, өзін-өзі қорғау мақсатында болғанын айтқан. Күштік құрылым қызметкерлері наразылық білдірушілер арасында құқық қорғау органының қызметкерлеріне шабуыл жасап, тіпті кейбірін жарақаттаған арандатушы топ болғанын түсіндірген. Олардың сөзінше, Берекенов «оқыс оқтың» құрбаны болды.

Туыстары Алмазға оқ атқан адамды кешіру не кешірмеуге қатысты ойланатынын айтып, келгендерге дәстүр бойынша жеті шелпек ұсынып, шығарып салған.

Алмаз Берекенов 2022 жылдың қаңтарында 35 жаста еді. Ол спортпен белсенді айналысқан, ән айтуға да бейім болған. Қазір оның құрметіне ауылда спорт турнирлері өткізіліп тұрады. Ол бейнекамера, компьютер жөндеумен айналысып, жаңа технологияны зерттеген. 5 қаңтар күні Берекенов Атыраудағы митингіге шыққандар арасында болды. Туыстары құқық қорғау органдары көрсеткен бейнежазбада оның Қазақстанның желбіреген туын ұстап, бұрышта тұрғанын ғана көрген.

Алмаз Берекенов

«Менің бауырым тамаша азамат болды. Біз құқық қорғау органының тәлім-тәрбиесін көрген отбасымыз. Тасқала елді мекеніне, бәрімізге ауыр тиді. Мен елді мекеніміздің тұрғындарына ризамын, барлық ауыртпалықты көтерді. Бүкіл достары көмектесті. Халқымның арқасында осы жүкті көтердік. Бауырым – өте салмақты, оқыған және көреген азамат еді. Жалақы алғанда әлеуметтік жағдайы нашар адамдарға көмектесіп, үнемі қамқорлық жасап отыратын», – деп есіне алды әпкесі Жаннат Берекенова.

Берекенова ұзақ уақыттан бері мемлекеттен немере бауырының өліміне кінәлілерді табуды талап етіп келді. Ол облыстық ішкі істер департаментіне хат жазып, ол жаққа жиі барып тұрғанын айтты. Жаннат Берекенова 21 маусым күні бауырының өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс екі ай бұрын, 29 сәуірде қысқарғаны туралы хабарлама алады.

«Келесі күні таңертең жұмысқа келгеннен бастап, ішкі істер департаментіне хабарластым. Не үшін іс жабылды? Неге мұны кеш жеткізді? Қаулы, құжат қайда? 7 ай бойы күндіз-түні осы сұрақ мені мазалайды. Департамент басшысымен кездесуді талап етіп, таңғы 9-да онымен кездестік. Ол кісі кешірім сұраудан басқа ештеңе демеді. Содан кейін іс қысқаруына қатысты 29 маусымда арнайы прокуратура шақыртты. Олар көңіл айтып, сол күні інімнің заңсыз митингіге шыққаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қайтыс болған адам үстінен қандай іс қозғайын деп отыр? Кімнен сұрау алмақ? Олар қызмет бабында осындай құқығы бар екенін, іс қозғалғаннан кейін ол бәрібір жабылуы керек екенін айтты. Ту ұстап тұрған, қолында қаруы жоқ адамға, қарапайым халыққа қалай оқ атылады? Қазақстанда заң шеңберінде тіпті итті атуға болмайды – айыппұл салынады, шара қолданады. Ал бір үйді асырап отырған ер азаматқа оқ атқандарға жаза жоқ. Осы уақытқа дейін мардымды жауап алмадым», – дейді Берекенова.

Алмаз Берекеновтың тәтесі Жаннат Берекенов, Фото "Азаттық радиосы"

Жаннат Берекенова бауырының өліміне кінәлілер жазаланбайынша, күресін тоқтатқысы келмеді. Үйіне кешірім сұрап келгеніне де қарамайын деді. Бұл жағдайдан кейін ол туысқандарымен және ауыл имамымен ақылдасуды жөн көрді. 2020 жылы астанада тергеу изоляторында қаза тапқан белсенді Дулат Ағаділді мысалға алып, ақылдаса келе, олар шындықтың түбіне, әділдікке жете алмайтынын түсінеді. Ресми нұсқа бойынша, Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болған, бірақ оның серіктестері оны азаптаудан болды деп есептейді.

«Сол күні біраз ойланып, шынымен де шындыққа қол жеткізбейтінімді түсіндім. Сонда барып тоқтадым. Себебі, бұл іс біткенше денсаулығымның бітетін түрі бар. Бірақ бір Алла бар ғой. Қызыл қан жазықсыз жер бетінде қалды. Осы елді мекеннің, бауырларының, менің көз жасым ешқайда кетпейді. “Жазықсыз көз жас пен жазықсыз қан – жеті ұрпағына дейін тесіп шығады” деп үлкендер айтады. Бір Аллаға тапсырып отырмын. Желтоқсан оқиғасы секілді алаңда анықталмаған ақиқат шығады деген үміттемін», – деп қорытындылады Берекенова.

«Сүйегін бір айдан кейін ғана берді»

Русланбек Жұбаназаров 30 жаста еді. Ол вахта әдісімен Теңіз және Кеңқияқ мұнай кеніштерінде, сондай-ақ, құрылыс саласында уақытша жұмыс істеген.

6 қаңтар күні түнде туған ауылы Мөңке биден Ақтөбеге жұмысқа кетеді. Жұбаназаров жаңа жылда барып үлгермеген ұлына сыйлық алмақшы болады. Ол әйелімен ажырасып кеткен. Жақындары Русланбек қарындасы Жайнагүл Жұбаназароваға барып, заттарын қалдырып, достарымен бірге қала орталығына кетіп бара жатқанда соңғы рет көрген.

Бұл уақытта Ақтөбеде митинг өтіп жатқан. Келесі күні таңертең туыстары Русланбек Жұбаназаровты таба алмаған. Кейін оның таңғы төртте оққа ұшқаны анықталды.

«Атыс басталған кезде бірдеңе дүрс еткен. Әкімшілік жақта достары қалып қойыпты. Олар әкімшілікке қарай жүгірген. “Дина” гипермаркетіне қарама-қарсы дүкеннің алдында оған оқ тиген. Ағамның құлағаны, екі жігіт сүйреп жүргені – барлығы камераға түскен. Барлық жерден іздеп, таба алмадық. Кейін бізге мәйітханадан табылды деп айтты, бірақ денесін көрсетпей, бір айға дейін “ол террорист” деп сүйегін бермей қойды. Мен ішкі істер департаментіндегі тергеуші орынбасарымен жолықтым, ол ағам қайтыс болған кезде қасында қару болған деп айтты», – дейді Жұбаназарова.

Русланбек Жұбаназаров

Бұдан кейін Жұбаназаровтар әулеті ауылда жиналып, садақа таратқан. Үш күн өткенде Жайнагүл Жұбаназарова қайтадан шағым хат жазып, жауап беруін талап еткен.

«Неге сүйегін бермейсіңдер? Қандай дәлел бар? Оның қолында бір шыбыны болған жоқ, қайдағы террорист? Сүйегін беруін талап етіп арыз жаздым. Арада он күн өтті. Ағамның қаза тапқан жерін көруге бардым. Бейнежазбаға қол жеткізе алдым. Жазбада оның қолында ешқандай қару жоқ екені көрініп тұр. Сөйтіп журналистерге хабарластым. Қайтадан арыз жаза бергеннен кейін бір ай ішінде ағамның сүйегін берді», – дейді марқұмның қарындасы.

Мәйітті тапсырғанда, оларға оқ денесін тесіп өткенін айтқан: «Қаламыз кішкентай ғой, таныс мәйітхана қызметкерлері арқылы сұрастырдым. Олар азаматтық киімде бір азамат келіп, оқты алып кеткенін айтты. Тіпті оның денесін ашқан мәйітхана қызметкері бұлай жұмысқа араласатын болса, істемейтінін айтып, жұмыстан қайтып кеткен. Олар оның орнына басқа адамды алып келген. Мәйітхана бастығына ешқандай оқ болған жоқ екенін жаздырып, қол қойдырып алған», – дейді ол.

Русланбек Жұбаназаровтың жаназасы, фото "Азаттық радиосы"

Бірақ марқұмның қарындасы полиция бөлімі мен прокуратураға арыздануын жалғастырып, терроризмге қатысты қылмыстық іс бойынша ағасының ақталуын талап етті. Алайда олар «сіз оған ешкім емессіз» деп оны жәбірленушінің өкілі ретінде тіркеуден бас тартқан.

«Мен туған қарындасымын! Бүкіл тергеу ісіне қатысқым келеді. Маған ешқандай құжат көрсетпей жатыр. Жеті айдан бері мені өкілі ретінде қабылдауды талап еттім. Ағам террорист екеніне ешқандай дәлел жоқ. Адамды жала жауып, жай өлтіріп тастады», – деп ашынды ол.

Жұбаназаров қайтыс болғаннан кейін жеті ай өткенде «құқық қорғау қызметкерлерінің қызметтік өкілетін асыра пайдалануы» бойынша қозғалған іс тоқтатылғаны туралы хабарлама келді.

«Бұл жерде біз ешқандай қылмыстық іс көріп тұрған жоқпыз дейді. Қалай? Адам өліп қалды, қалай қылмыстық іс көрмейсіңдер?! Ұрсып, айғайлап, жылап та алдым. Дым өзгермеді. Ағам аспанда ұшып жүрді ме? Қалай ағама оқ тиіп, ол өліп қалады? Кім атты, кім өлтірді? Жазасын берсін», – деді Жұбаназарова.

«Оны бір банданың жетекшісі деп, террористер қатарына қосқан»

16 жастағы Валентина мен 17 жастағы Андрей Опушиев 2021 жылғы желтоқсан айының басында Таразда шаңырақ көтерді. Бұл кезде Валентинаның тұңғышына аяғы ауыр болған. 6 қаңтар күні Андрей шұжық цехына жұмысқа шығып кетіп, содан кейін үйіне оралмаған. Туыстары оны келесі күні кешке мәйітханадан бірақ тапты.

«Оның аяғы, үш қабырғасы сынған, жақ сүйегі жұлынған, тістері жоқ, денесінде жарақаттан сау жер жоқ, – дейді Валентина. – Киімдерінде оқ тесіп өткен іздер қалған. Жүрек тұсына оқ тиген. Заттарын бізге бермеді, тек суретке түсіруге рұқсат берді».

Оның айтуынша, одан кейін бірнеше айда тергеуші ара-тұра хабарласып, туыстары Опушиевтің өліміне қатысты қозғалған істі жабуға келісуді сұраған, есесіне оған қатысты қозғалған «терроризм» бойынша қылмыстық іс те қысқаратынын айтқан.

Валентина және Андрей Опушиев

«Оны бір банданың жетекшісі деп, террористер қатарына қосқан. Бізге бірнеше бейнежазба көрсетті: бірінде күйеуім атыс басталғанда жүгіріп бара жатқан сәті, ол жай ғана келе жатты, бірақ аяғы сынған. Көп адамның арасында менің күйеуім жүрген тағы бір видеоны көрсетті. Енді бір видеода қаза тапқан күйеуімді қалалық ауруханаға алып келген кезі. “Оның қолында тапанша болған, ол бірдеңені қиратқан, өртеген” дейді, ондай ештеңе болмады», – дейді Валентина.

Сондай-ақ, тергеушілер жас жігіт трамадол қабылдап, мас күйде болғанын айтқан. «Оның мәйіті ашылып, сараптама жасалған. Мәйітханаға барғанымызда, бізге анықтама берді, онда бұл туралы жазылмаған», – дейді марқұмның жұбайы.

Андрейдің әкесі Шакир Ахуновтың айтуынша, тергеушілер куәгерлер берген айғаққа сүйеніп отыр. «Куәлік еткендердің бірі ұлымызды танитын. Мен оған барып, неге мұндай куәлік бергенін сұрағанымда, мәжбүрлегенін айтты. Олар не деп айт деді, соны айтқан», – дейді әкесі. Оның бұл әрекетіне тергеушілер ашуланып, көзбе-кез беттестіруді ұйымдастыруға уәде берген, бірақ ол әлі болмады.

Туыстары Андрейдің қайтыс болу фактісі бойынша тергеу жүріп жатқан-жатпағанын білмейді.

«Оны кім өлтірді? Таптыңдар ма? – деп сұрадым тергеушілерден, – дейді әкесі Ахунов. – Олар “мұнымен біз айналыспаймыз” деп жауап берді. Қаншама адам өлді, оған кім жауап береді сонда? Бізді қаншама рет шақырғанымен, бұл туралы мүлдем ауыз ашпады».

Ахунов баласын мергендер өлтірді деп болжайды: «Себебі оның жүрегіне оқ тиген. Жанында жүрген досының басынан оқ тиген. Олар сол күні жерленген. Бұл кездейсоқ оқ емес». Сонымен қатар, марқұмның әкесі анықтамада мәйітхана қызметкерлері басында «пышақ жарақатынан» деп көрсетпекші болғанын атап өтті.

«Біз өлім туралы анықтаманы алуға барғанымызда азаматтық киімдегі екі адамды көрдік, олар кім екенін білмеймін. Анықтаманы өткізіп жатқан әйел оларға қарап, «қайта өзгертейін бе?» деді. Мен нені өзгерткелі жатқанын сұрадым. Ол ұлымда “пышақ жарақаты болған, ал өлім көп қан жоғалтуынан туындаған” деп көрсететінін айтты. Мен шу көтеріп, қандай негізде олай жасамақшы екенін сұрадым. Жүгіріп жүріп, соңында оқ жарақатынан деп көрсетуін талап еттім», – дейді ашулы әкесі.

Опушиевке тиген оқ туралы ақпарат туыстарына әлі күнге дейін белгісіз, ал олардың өзіне түрлі қысым көрсетіліп жатыр.

Андрейдің анасына сараптамаға кеткен 2 млн теңгедей қаржыны төлеуге міндетті болатынын айтып, тағы да істі жабуды ұсынған.

Полицияға барған Андрейдің жары Валентинаны оқиғаға қатысты деп тергемекші болған. «(Қаңтар оқиғасы кезінде – В.) топтасқан адамдар ішінде бір қыз жүргенін және ол мен екенімді айтты, – дейді Валентина. – Ол уақытта мен үйде болғанмын. Олар мені тергейтінін айтты. Мен әлі кәмелет жасына толмағанымды, заңгер бергеннен кейін ғана тергей берсе болатынын жеткіздім. Осылайша олар мені тергемеді, еш дәлелдері жоқ».

Шакир Ахунов сотта, қажет болса, барлық инстанцияда ұлының лаңкестікке қатысы жоқтығын дәлелдеуге дайын екенін, бірақ іс әлі сотқа жеткізілмегенін атап өтті.

Жауап іздеу

Қаза тапқандардың тергеуден әділдік таппаған туыстары басқа зардап шеккендермен бірігіп, қаңтар айынан бері бірнеше наразылық акциясына шықты.

11 шілде күні жақындарынан айырылған жиырма шақты адам істің әділ тергелуін, жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деп айыпталған марқұмдардың ақталуын және олардың қазасы үшін өтемақы төленуін талап етіп, президент әкімшілігі ғимаратының сыртында түнеп, наразылық білдірді.

Жиналғандар астанаға Ақтөбе, Өскемен, Тараз және Шымкент қалаларынан келген. Оларды полиция ұстап алып кеткенге дейін Ақорда маңында үш күн түнеді. Наразылар арасында қолына төрт айлық баласын ұстаған әйел болды. Оның күйеуі Қайрат Ниязбаев 5 қаңтар күні Алматыдағы Республика алаңында қаза тапқан. Әйелдің сөзінше, күйеуі не болып жатқанын көремін деп шыққанда мойнына оқ тиген.

«Бізге [президент Қасым-Жомарт] Тоқаев шығып, не себепті атуға бұйрық бергенін түсіндіруін талап етемін! Біз жалғыз асыраушымыздан айырылдық, артында үш баласы қалды – екеуі екі және бес жаста, ал үшіншісі әкесін көріп үлгермеген төрт айлық сәби. Күйеуімнің өліміне кінәлілер табылуын, бізге өтемақы төленуін талап етемін. Мен алатын 66 мың теңгеге балаларды өсіру мүмкін емес», – деді Әйгерім Ниязбаева Власть басылымына берген жауабында.

33 жастағы Шапағат Қадырованың жағдайы да осыған ұқсас, ол да үш баламен қаңтар оқиғасы кезінде асыраушысынан айырылып қалған. Оның жолдасы Әкімжан Бектұрғанов 5 қаңтар күні екі әріптесімен бірге алаңда не болып жатқанын көріп қайту үшін барған. Олар алаңға жақындағанда атыс басталып, адамдар жан-жаққа қаша бастаған. Біраз уақыт өткенде достары оқ тиіп, қаза тапқан Әкімжанның денесін тапқан.

«Оның өлімін Қылмыстық кодекстің 451-бабы бойынша зерттеп жатыр, яғни әскерилер тарапынан қызметін асыра пайдалану. Күдіктілер әзірге жоқ. Кейбірімізге тергеушілер кінәлілер табылмайтынын, себебі мемлекет өз адамдарын сатпайтынын бетімізге айтты. Мен күйеуіме қатысты қозғалған істі тоқтатуын, одан кейін ешқандай іс қозғалмауын, тек оны жәбірленуші ретінде тануын талап етемін. Қазір әр балама 22 мыңнан аламын. Асыраушысынан айырылу бойынша төленетін төлемақыны кем дегенде 50 мың теңгеге көтерсін, сонда біз 150 мың теңгедей алатын едік. Әйтпесе, 60 мың ештеңеге жетпейді. Сондай-ақ, бізге үй беріп, материалдық өтемақы төлесін», – деп талап етті Қадырова.

Арайлым Сағатбаева астанаға Өскеменнен 9 шілде күні келген. Оның 25 жастағы ұлы 5 қаңтар күні митинг кезінде оққа ұшқан. Айтуынша, ол әділдік іздеп астанаға осымен бесінші рет келіп отыр, бірақ әрдайым құрғақ уәдемен қайтып жүр.

«Бас прокуратураға да, президент кеңсесіне де бардық. Біз әділ, шынайы зерттеу болғанын қалаймыз. Бірақ жеті ай өтті, әлі ешкімді таппады. Мұнда Тоқаев келіп, біздің сұрақтарға жауап беруін талап етеміз. Біз ешқайда кетпейміз», – дейді Сағатбаева.

Арайлым Сағатпаева, Өскемендегі митинг кезінде ұлына оқ тиіп, қаза тапқан

13 шілде күні жиналғандарға президент әкімшілігінің қызметкері шығып, кеңсеге бір-бірден кіруін ұсынды. Наразы топ бәрінің талабы бір болғандықтан бірге кіреміз деп жеке кіруден бас тартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етті. Бұдан кейін арнайы жасақ президент резиденциясына апаратын жолды бөгеп тастады, ал 14 шілде күні жиналғандарды полиция ұстап әкетті. Біраз уақыттан кейін оларға бір апта ішінде жауап беруге уәде етіп, босатты.

Бір ай өткенде, 10 тамызға қараған түні қаңтар кезінде оққа ұшқан немесе істі болған балаларын ақтауды талап еткен ата-аналар тобы Тараздан астанаға жаяу шықты. Олар бұл шеруді «Әділдік маршы» деп атады. Жергілікті билік оларды тоқтатуға тырысты.

Олардың арасында 22 жастағы ұлы қаңтарда қаза тапқан Нигора Закарьяева бар. Айтуына қарағанда, ұлы Ержан Байжановтың оққа ұшқанына үш ай өткенде, оған 272-баптың 2-тармағы (Жаппай тәртіпсіздікке қатысу – В) бойынша айып тағылған.

«Қайтыс болған адамды қалай соттамақшы? Прокурор мен тергуші бір-біріне сілтейді, аяқ астынан менің ұлыма не үшін іс қозғалғанын ешкім түсіндіре алмайды. Үш ай өткенде жоғарыдан сондай бұйрық келген шығар, бәлкім? Ұлымның кінәлі екеніне сенбеймін. Ол десант әскерінен өтті, әскери мансапты армандады. Оның үстіне қайтыс болатын күні ол алаңда әскерді өлтіріп жатыр дегенді естіп барды. Ұлым адамдарды тоқтатпақшы болды. Әрдайым әскерилерге қамқор еді, көшеден әскери борышын өтеп жүргендерді көргенде балмұздақ алып беріп, олар анасымен сөйлесіп алсын деп телефонын беретін. Бұл менің жалғыз ұлым, асыраушым болды. Енді мемлекет маған үй берсін, денсаулығымды қалыпқа келтіруіме көмектессін, қамқор болсын», – деді Закарьяева.

Нигора Закарьяева, Ержан Байжановтың анасы

Олармен бірге 18 жастағы ұлы қаңтарда оққа ұшқан Бақытжан Шыңғысбеков, 20 жасында қаза тапқан Тоқтар Ошақбайдың анасы Жәмила Рахымбекова және балалары қамауда отырған Гаухар, Света есімді әйелдер болды.

«Басқа адамның мәйіті болып шықты»

5 қаңтарда 20 жастағы Тоқтар Ошақбай отбасымен Тараз маңындағы Түрксіб ауылында соғым сойған көршілерінің үйіне барады. Дастархан басында тілектер айтылып, Тоқтарға үміт артып, оның үйленуін талқылаған. Жиналғандар қалада болып жатқан митингіден бейхабар болған. 6 қаңтар күні жас жігіт үш досымен бірге Тараздағы бір дәмханаға тамақтану үшін барады. Алайда орталық алаңның маңында болып жатқан атыста Тоқтарға оқ тиіп, көз жұмды.

«Немеремнің үлкені ғой деп көлік алып бергенмін. Ол көліктің кілтін анасына беріп, “есіктің алдында шемішке шағып отырамын, ешқайда шықпаймын” деген. Мен мұны біле сала, немереме хабарласып, “Тоқтар, айналайын, қалада сұмдық болып жатқанын естіп жатырсың ғой, далаға шықпа, балам. Жағдай қиын болып жатыр, ойлан, балам», – дедім. «Ой, ата ақымақ емеспін ғой, мынандай уақытта көшеге шықпаймын. Қорықпай-ақ қойыңыз», – деп күлді. Одан кейін бірге оқыған үш сыныптасы келіп, солардың бірінің үйіне қонаққа кеткен. Содан кейін өздері жұмыс істейтін кафеге хот-дог жеуге барады, бірақ ол жабылып қалған екен. Басқа жаққа барайын десе, митинг болып жатты, көлігін қойып, алаңнан батыс жақтағы Жамбыл деген қонақүйге қарай жол тартады. Сол қиылыстан оңға қарай 50 метр жүрген кезде атыс басталады, Тоқтарға оқ тиіп, қаза болады”, – дейді марқұмның атасы Тұратай Рахымбеков.

Тоқтардың достары оны көп адам арасынан таппай қалып, телефонына хабарласа бастайды, алайда тұтқаны бір әйел алып, достары ауыр жарақатпен Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілгенін айтқан. Түнгі бірде атасы мен анасы Тоқтардың қайтыс болғанын естиді.

Тоқтар Ошақбай

«Таңғы тоғыздан бастап баламыздың сүйегін алайық деп ойладық. Мәйітханаға кіріп, баламды танып, денесін алатын болдым. Кешкі сағат 7-ге дейін күтіп тұрдым. Комендант сағаты да жақындап қалды. Үйдегілер қайтуымды талап етті. Мәйітхана қызметкерлері “қазір жарты сағатта дайын болады, көке, күте тұрыңыз» деді. Сонымен алып үлгермей үйге қайтып кеттік. Ертеңінде таңғы сағат сегізде немеремнің сүйегін алып кету үшін мәйітханаға қайта бардым, – деп есіне алды Т.Рахымбеков. – Мәйітті анықтауға тағы кіріп, орайтын матасын бердім, орап алып шықты. Таксиге мініп, үйге алып келдік. Дәрігерлер сонша селқос бола ма? Марқұм немереміздің сүйегі деп үйге алып келсек, ол емес, басқа бір мәйіт болып шықты. Мәйітхана күзетшісі біздің ауылдың баласы болатын, соған хабарласып, Тоқтардың денесін ешкім алып кетпеуін қадағалауын сұрадық. Қайтадан мәйітханаға барып, баламызды алып қайттық. Әбден ауыр болды. Үш рет анықтап, үш рет мәйітхананы көріп шықтым».

Қайтыс болғаннан кейін Т.Ошақбайдың үстінен Қылмыстық кодекстің 255-бабы (Терроризм актісі) бойынша іс қозғалған, бірақ Алматы мен астанада қаза болғандардың туыстары бірнеше рет жиналғаннан кейін, Ошақбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс 272-баптың 2-бөлігіне (Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу) қайта сараланған.

«Іш жүзінде ол ешқандай наразылық митингісіне қатысқан жоқ. Бірақ үш жігіттің сөзін дәлел ретінде ұсынып отыр. Олар екі ай бойы тергеуде болған, сонда балама қарсы куә болуға мәжбүрлеген, олар Тоқтар полицейлерге тас лақтырғанын айтқан. Басқа дәлел жоқ. Оларды солай айтуға мәжбүрлеген. Өлген адам сөйлей алмайды – оны террорист етпекші болды. Барлық жерге арыздан арыз, шағым хат жаздық. Жамбыл облысының әкімімен, оның орынбасарымен, прокурормен кездестік. Барлығы таза, әділ өтеді дейді, бірақ тірліктері басқаша. Басында тергеушілер өздерін өте дөрекі ұстады. Адвокат жалдап, біраз шағымданғаннан кейін жұмсақ бола бастады. Осындай айтыс-тартыста өмір сүріп жатырмыз. Қазір әділеттілікті талап етіп, тек қызым жүгіріп жүр. Мен де бірге барып, көмектескім келеді, бірақ денсаулығым жарамайды», – дейді марқұмның атасы.

«Бәріміз тұманды қаңтарда өмір сүріп келеміз»

5 қаңтар күні Бақыткелді Байқадамовтың отбасы үйде отырған. Қаладағы наразылық салдарынан үйде жарық болмаған. Таңнан бері Байқадамов қалада болып жатқан жағдайға алаңдаумен болған. Анасының сұрағына: «Туып-өскен жерім ғой, анашым. Алматының тауын да, тасын да білемін», – деп жауап қатқан.

Бір уақытта ата-анасы ұлының үйден қалай шығып кеткенін байқамай қалады. Күні бойы хабарласып, бүкіл отбасымен ұлын іздеумен болған. Сағат кешкі алтыда ұлының телефонына мейірбике жауап беріп, Байқадамовтың Қалқамандағы ауруханаға түскенін хабарлайды.

«Ауруханаға барып едік, мейірбике күте тұруымызды сұрады. Ұлым жан сақтау бөлімінде шығар деп үмітімді үзбей, Аллаға сендім. Наркоз алып, ота жасалғандықтан оянбай жатыр, әйтеуір тірі қалған екен деп ойладым. Сол күні ауруханаға көп адам түсіп жатқанын көрдік. Бізге қайта беріңіздер деді. Мен қалай қайтамын? Балам қайда жатқанын біліп, өз көзіммен көруім керек. Түнгі сағат екі жарымда камерамды қосып, бәрін түсіре бастадым, себебі бір нәрсе дұрыс емес болып жатқанын түсіндім. Сөйтіп жатқанда, бір кісі шығып, “балаңыз қайтыс болды” деп, жүргізуші куәлігін қолыма ұстатты. Сенбедім, есеңгіреп қалдым. Не істерімді білмедім”, – дейді марқұм Байқадамовтың анасы Гүлнұр Қарақасова.

Гүлнұр Қарақасова, Бақыткелді Байқадамовтың анасы

Одан кейін олар бірнеше мәйітханаға барып, ұлының денесін Алғабас ықшамауданындағы мәйітханадан тапқан, оқ басын тесіп өткен екен. Мәйітхана басшысы ақ мата алып келіп, ұлының сүйегін алып кетуді сұраған. Елде болып жатқан жағдайға байланысты барлық базар жабық болғандықтан, матаны мешіттен ғана таба алған.

«Қаңтар» құқықтық қолдау орталығы» қоғамдық қорының қолдауымен Байқадамовтың ісін алған жәбірленушілердің адвокаты Әлия Әкімжанова бұл істі тергеу басынан бері созылып келе жатқанын мәлімдеді. 19 қаңтарда қалалық ішкі істер басқармасында Байқадамовтың өлім фактісіне қатысты 99-баптың 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалған. 7 ақпанда қалалық прокуратура істі 451-баптың 2-бөлігінің 1-тармағына (Қару немесе арнайы құралдарды қолдана отырып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану) қайта саралаған. Осыдан кейін іс тергеп-тексеру үшін әскери прокуратураға жіберілген. Бірақ адвокат тек сәуір айында ғана Байқадамов өліміне әскери қызметкерлердің қатысы анықталмағанына байланысты іс Алматы қалалық прокуратурасына қайтарылғанын біледі.

«Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Ата-анасымен бір рет, бөлек бір рет ақпарат алу үшін прокуратура қабылдауына бардым. Жәбірленуші ретінде құқықығымыз шектеулі. Тек бізге қатысты іс материалымен таныстырады. Куәгерлер жауабы мен басқа да ақпаратты іс аяқталғанға дейін тергеу құпиясы деп таныстырмады. Қазіргі кедергі – бас прокуратура, қалалық прокуратура, бәрі істі созып, бір-біріне жібереді (…) Бұл өте қиын істердің бірі. Дәлелдеу жағы да қиын. Еш болжам айта алмаймын. Олар кінәлі адамдарды, дәлел таппаса, істі қысқарта ма деп қорқамын. Адам өлімі құзырлы органдарға, әскери азаматтарға байланысты ғой. Біздің мақсатымыз – баланы қасақана атқан кінәлі адам табылып, жазасын алуы. Сол бағытта жұмыс істейміз. Қылмыстық кодекстің 451-бабы бойынша мемлекеттік “Жәбірленушілерге өтемақы қоры” бұл жағдайда ақша төлемейді екен. Аз ақша да көмек болатын еді. “Қазақстан халқына” қорынан үміттенеміз, бірақ олар тергеу аяқталғаннан кейін қарастырады”, – деді Әкімжанова.

Байқадамовтың анасы қолы қалтырап, сөмкесінен ұлының жеке заттарын, марапат қағаздары мен фотосуреттерін алып шықты. Ол суреттен көзін алмай, ұлы туралы айта бастады.

«Балам 1999 жылы дүниеге келген. Осында туып-өсті. 9-сыныпқа дейін оқып, электрик мамандығына оқуға түсті. Өзі осы мамандықты ұнататын. Әрдайым мақтау қағазын алып, барлық жерде бірінші болып жүретін. Оқу бітіргеннен кейін борышымды өтеймін деп әскерге барып келді. Әскерден кейін біздің жанымызға келіп, өзіміздің шағын кәсібімізде жұмыс істеді. Жүргізуші болды, карантин кезінде жұмыс таба алмай, үйлерге есік қоюмен айналысты. Достарына көмектесетін, сенгіш, мейірімді, қолынан бәрі келетін бала болатын. Өзім көпбалалы анамын, бұл – тұңғышым, одан кейін тағы төрт балам бар. Өтірік айтпайтын, бәріне адал, бәрін уақытылы орындайтын еді. Одан қатты үміт күткенмін, бірақ құдай жазбапты”, – деп Қарақасова көзіне жас алды.

Біраздан кейін сөзін қайта жалғастырып: «22 жас деген не? Ештеңе көрмеді. Биліктің атыңдар деген сөзі үшін адамдарды атып тастады. Ол жазықсыз бала. Жай елім, жерім деп шықты. Баламның өлімі үшін кім жауап береді? Жалғыз менің балам емес, әлі күнге дейін бәріміз тұманды қаңтардамыз. Бұл жағдай шешілмейді. Жазықсыз қамалып жатқан балалар бар. Дәлелдесін, іздесін, бірақ ұрып-соғуды доғарса екен, адамдарды қинамаса екен. Асыраушысыз қалған адамдар бар. Бес баламен жалғыз қалған аналар бар. Бұл мемлекетте әділеттілік бар ма? Бәрі тұманды жағдайда қалып отыр. Жоғарыда бізді біреу естісе, бұл солардың бұйрығының нәтижесі. Шаш ал десе, бас алады», – деді.

Марқұмның әкесі Мұхаммед Көлбаев қабағы қатулы күйде үнсіз отыр. Тек соңына қарай бір ауыз сөз айтты.

«Қаңтар қырғыны – шын мәнінде биліктің кінәсі. Өздері бір-бірін ұстай алмады. Бұл жерде билікке таласқандар. Сол талас үшін қаншама халық жазықсыз қырылып қалды, жазықсыз қамалып жатыр. Президент Тоқаев халықтың алдына шығып, кешірім сұрауын, барлық ата-анаға жағдай жасап беруін талап етемін. Қаншама бала жетім қалды?! Әлі туылмай жатып, жетім қалған балалар бар. Көзімізбен көріп жүрміз. Қазақстан ұрпағын, 18–25 жастағы балаларды малша қырып салды. Үкіметтің кінәсі. Көбі жазықсыз жатыр. Мың адам түрмеде жатса, соның жүзі араңдатушы шығар. Соларды ұстасын. Еш кінәсі жоқтарды, жазықсыз қаза тапқан адамдарды ақтасын. Тек менің баламды емес, барлығын ақтасын. Өз арасында кім кінәлі екенін сосын анықтасын», – деді Көлбаев.

Мұхаммед Көлбаев, Бақыткелді Байқадамовтың әкесі

«Ерболға 18 оқ тиген, бірақ эксгумация кезінде тек біреуін тапты»

4 қаңтар күні 40 жастағы Ербол Шормановтың отбасы қой сойып, тойға дайындалып жатты. Ерболдың әкесі Әлімберді Шормановтың айтуынша, тойды 7 қаңтар күні өткізбекші болған, бірақ бір күн қалғанда Ербол қаза тапты.

Әкесінің сөзінше, алтыншы қаңтарда Ербол оның үйіне келмекші болған, бірақ соңында алаңға кеткен. «Қаланы өртеп жатыр, бұзақылар жүр. Үкімет қайда? Полиция қайда? Бұзақыларға тойтарыс беру үшін қалаға шығамыз деп ескертті», – деп есіне алды. Әлімбердінің күйеубаласы Ерболдың алаңда жүргенін естіп, басқа туыстарымен оны іздеуге кеткен.

Кейін Ерболдың туыстары алаңға шыққандардан кешкі алтыдан кейін күтпеген жерден нөмірсіз жүрген он шақты көлік пайда болғанын естіді. «Бұзақылар», – деп болжады Әлімберді Шорманов.

«Сағат 18:25-те күштік құрылымдар Фурманов көшесін бекітеді. Сәтбаев пен Фурманов көшелерінің қиылысында балам жездесіне келе жатқан, бірақ ол жетіп үлгермеді. 18:28-де алаңнан пытырлаған мылтықтың дауысы шыға бастайды. 15 минут өткенде балам келе жатқан жездесіне хабарласып, өзіне оқ тигенін айтып, мұнда келмеуін сұрайды. Сол уақытта бағанағы он шақты көлік алаңнан сыртқа шығып кетеді. Алаңнан қашқандары қашты, қалған бейбіт адамдар оқтың астында қалды», – дейді Шорманов.

Әлімберді Шорманов, Ербол Шормановтың әкесі

Күйеубаласы мен балалары Ербол жараланғанын әкесіне айтпай, өздері іздеуді жалғастырған. Шорманов ертеңінде ұлының телефонына хабарласқан кезде ғана оның қаза тапқанын естиді.

«Телефонды полиция қызметкері деп таныстырған адам алды. Ол баламның қаза тапқанын хабарлады. 8 қаңтар күні жерледік. 15–20 күннен кейін Талғардан (полиция қызметкерлері – В.) келіп, мәйіт ашамыз (эксгумация – В.) деді. Соттың шешімі бар екенін айтты. Мәйітті ашты, оқтарын алып, сараптамаға жіберді. Біз қайтадан жерледік. Содан бері жеті ай өтті, бұл іске мән беріп жүрген ешкім жоқ»

Отбасының құқығын қорғап жүрген «Қаңтар» құқықтық қолдау орталығы» қоғамдық қорының заңгері Рая Мамырдың айтуынша, Ерболға 18 оқ тиген, бірақ эксгумация кезінде тек біреуі ғана табылған. Оның өлім фактісі бойынша іс 8 қаңтарда қозғалған, бірақ адвокат ол істі кім қарастырып жатқанын тек сәуірде білген.

«Қылмыстық іс 99-бап, яғни адам өлімі бойынша қозғалған. Кейін сол тергеуші өз тарапынан қаулы шығарып, істі 451-бапқа – “билікті асыра пайдалануға” ауыстырып, әскери бас прокуратураға жібереді, – дейді Мамыр. – Біз әскери прокуратураға шағым жаздық. Іс оларға қатысты болмағаннан кейін кері қайтарғанын айтты. Тек 20 сәуір күні ғана тергеуші кім екені анықталды».

Рая Мамыр, Ербол Шорманов отбасының адвокаты

Содан бері бұл істе тергеушілер үш рет ауысқан. «Басындағы тергеуші біресе ауырды, он күндей телефонын жоғалтып алғанын айтты, басшысына хабарласамыз, ол да алмайды. Осылай іс созылды. Соңғы тергеуші эксгумациядан алынған оқ ішкі істер министрлігіне гильзотекаға жіберілгенін айтты. Ол жерде оқты қарумен салыстырады», – дейді адвокат.

Гильзотекада қаңтар кезінде 15 мың қару қолданылғанын, ал адвокат хабарласқан кезде тек 4 мың қару арқылы сараптамадан өткенін мәлімдеген. «Одан сәйкестік таппаған. Бір сәйкестік табылады деп үміттенеміз», – дейді Мамыр. Ол зерттеу жұмыстары бұдан тезірек жүруіне болар еді деп ойлайды.

«Қайтыс болған кісінің артында төрт баласы қалды, үлкені – он жаста, кенжесі бір жасқа да толмаған. Әкесі зейнеткер. Әйелі жесір қалды. Бір баласы шамалы науқас, оған қаншама қаражат кетеді. Бәрі осы кісінің мойнында. Үкіметтің бір зейнетақысына төрт баланы асырауға келе ме? Отбасына материалдық көмек бола ма?» – деп сауал қойды адвокат.

«Менің жалғыз батыр қарындасым»

48 жастағы Нұрәлия Айтқұлова 6 қаңтар күні сағат 14:00 шамасында қызы тұратын Алматыдағы Республика алаңы бағытында үйінен шығып кеткен. Осыдан кейін туыстары Нұрәлиямен байланыса алмай қалып, 7 қаңтарда оның денесін орталық мәйітханадан бірақ табады. Айтқұлова екі оқ тиіп, Тәуелсіздік монументінің жанында қаза тапты.

Айтқұлованың туыстары 5 ақпан күні адам өлімі бойынша арыз жазғанымен, әлі күнге дейін күдіктілер жайлы мәлімет жоқ. Оның құқығын қорғаушы адвокат Амангелді Нұрхан куәгерлер мен қылмыскерлерді іздеу дұрыс жүріп жатқан жоқ деп есептейді.

«Бізге көп нәрсе жұмбақ. Мәйітхана берген қорытынды бойынша, ол оқ тиіп қайтыс болған. Ол жерде полиция қызметкерлері болды ма, әлде ұлттық ұлан ба, болмаса әскерилер болды ма, бізге әлі белгісіз. Қандай қарудан оқ атылды? Анықтауға болады ғой, өйткені жан-жақтан түсіріліп жатқан бейнежазбалар бар. Сол күні орталық алаңда тұрған әскерилердің тұрған жері, оларға берілген тапсырма – бәрі құжат жүзінде болатын нәрсе. Жоқ жерден келіп тұра салған жоқ қой. Ол кезде қалада коменданттық сағат еді. Қаруланған адамдар қай жерде тұратыны, қандай қару берілетіні – бәрі жоспарда бар. Меніңше, бұл жерде бәрін анықтауға болады. Бірақ бүгінгі күнге дейін жеті ай өтті, тергеуден еш нәтиже көріп жатқан жоқпыз», – дейді Нұрхан.

Амангелді Нұрхан, Нұрәлия Айтқұлова отбасының адвокаты

Қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 15-тармағы (Қылмыстық топ жасаған, сол сияқты төтенше жағдайда немесе жаппай тәртіпсіздік кезінде адам өлтіру) бойынша зерттеліп жатыр, жақында тергеу амалдары қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл ретте Айтқұлованың адвокаты мен туыстарына тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік берілмеген, ал іс бойынша тергеушілер төрт рет ауысқан.

«Көбіне жас тергеушілер тергеп жатыр, біліктілігі аздау, шендері төмендеу. Мұндай істе тергеушілер аса маңызды. (...) Айтқұловамен бірге жұмыс істеген әріптестерінің бәрі оны жақсы жағынан сипаттап отыр. Бұл кісінің телефонында сол жерде түсірілген бейнежазба бар – автокөлік, халық жүріп жатыр. Жаппай тәртіпсіздік болып жатса, олай ешкім жүрмейді ғой. Неге мұндай адамдар атылуы керек? – деп таңданды адвокат. – Ескертуге болар еді, болмаса жай ұстап әкетуге болады. Құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Артында баласы қалды. Өтемақы төленуі керек. Нақты қылмысты жасаған кінәлілерді тауып берсін. Ал кінәлілер табылмаса, онда мемлекет тарапынан өтемақы берілуі керек».

Айтқұлованы жақындары мұсылмандық әдет-ғұрып бойынша 8 қаңтарда жерледі. Жерлеу рәсімінен кейін тергеушілер эксгумация жасауды талап ете бастаған, келіспеген жағдайда қабірді түнде рұқсатсыз ашатынын айтқан. Марқұмның ағасы Нұрайбек Айтқұлов журналистерге жүгінгеннен кейін ғана оларды мазалауды қойған.

«Қазір бәрі “Тоқаев, Жаңа Қазақстан” деп айтып жатыр. Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз? Жаңаөзен бар, қаңтар, Сәрсенбаев пен Нұрқаділов өлімі бар – бәрінің шындығы ашылған жоқ. Бәрі құпия күйінде қалды. Мынаның бәрін реттеп, кінәлілер жазаланбайынша, ешқандай да жаңа Қазақстан болмайды. Не істеді? Менің жалғыз батыр қарындасым халық үшін барды. “Біздің еркіндігіміз үшін күресуге барамын” деп кетті. Қолында кішкентай сөмкесі мен телефоннан басқа ештеңе болған жоқ. Алдынан атқан, яғни ол қашпаған. Батыр қарындасым», – дейді Айтқұлов.

Ол қарындасының өлімінен кейін анасы, кейін ағасы қайтыс болғанын айтып, ауыр күрсінді. 2022 жылдың жеті айында бұл отбасы үш адамнан айырылды.

Нұрайбек Айтқұлов, Нұрәлия Айтқұлованың ағасы

«Оның рухы көрде емес, осында сияқты»

Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр азаптау оқиғаларымен, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін қиратумен қоғам назарын аудартқан Талдықорған қаласында сегіз айдан бері Сейітқұловтар отбасының жақындары мен адвокаты оқ атқан кінәлілер жазалануын талап етіп жүр.

«Қазақстандағы ең қайғылы жағдай бізде болды. Бүкіл отбасымен оққа ұшты. Жай ғана кішкентай көлікте келе жатқан. Әскерилер бір топ террорист келе жатыр деп атты ма сонда? Тоқтатуға болмас па еді? Тіпті болмаса, ұстап әкетіп, қамап қойса болатын еді. Не үшін атады? Неге медициналық көмек жасалмады? Мүмкін сол кезде бәрі өлмеген шығар, қиналып жатқан шығар. Барлық жерде оқ атар алдында “Тоқта!” деп ескерту бергенін жазып жатыр, көлікте келе жатқан адам оны қалай естиді?» – дейді қаза тапқан отбасының мүшесі Нұрболат Сейітқұловтың әпкесі Дариға Дәуіталиева.

8 қаңтар күні Нұрболат Сейітқұлов әйелі Алтынай Етаева және 15 жастағы қызымен қонақтан шығып, үйіне қайтқан. Көлікпен азық-түлік дүкенінің жанынан өтіп бара жатқан кезде әскерилер көлікке бағыттап оқ ата бастаған. Алған оқ жарақатынан бір отбасының үш мүшесі де қаза тапты. 8 қаңтар күні Талдықорғанда коменданттық сағат 20:00-ден басталды (оған дейін сағат 23:00-ге дейін болатын – В.), бірақ туыстарының сөзінше, бұл туралы көбі хабардар болмады, себебі елде интернет жұмыс істемеді.

«Нұрболат неше жыл аккумулятор зауытында жұмыс істеді. Бос уақытында такси жүргізетін. Өз ісінің шебері, құрметті, сыйлы болатын. Қолынан келмейтін зат жоқ. Кез келген уақытта көмектесуге дайын тұратын. Сондай бауырымыздан айырылдық. Мына жерде такси жүргізетін (терезеден сауда орталығын көрсетті – В.). Қарасам болды, жылай беремін. Оның рухы көрде емес, осы жерде сияқты. Сағат төртте жұмыстан шығып, тамағын ішкеннен кейін түнгі сағат 12-ге дейін такси болып қызмет ететін. Әлі күнге дейін сол жерде тұрған сияқты көрінеді», – дейді марқұмның әпкесі көз жасын сүртіп.

Нұрболат Сейітқұлов, Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы қызы Нұрай, фото "Экспресс К"

Дәуіталиева тағы бір туысымен бірге қандай да бір нәтиже көру үмітімен үнемі тергеуге барып тұрады.

«Жаңа, әділетті Қазақстан” деп жатыр. Осындай жағдайда әділеттілік болмаса, қандай жағдайда әділеттік болады? Не деген сұмдық болып жатыр? Өлім бар. Атқан оқ, қару да бар, атқан адамдар да бар. Неге оны дәлелдей алмайды? Әділетті түрде жазасын алғанын қалаймыз. Үш адамды бірдей атып тастап, жазықсыз қала ма? Неге созбақтайды? Нені дәлелдей алмай жатыр? Қиратылған сауда орындарының иелеріне өтемақы төленді. Үтікпен күйдіргендер ұсталды деп жатыр. Біздің іс неге жүрмей жатыр? Қайтыс болған әскерилерге 5 миллион теңге береді. Бізге ештеңе жоқ, неге?» – дейді Дәуіталиева.

Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру 451-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы (Қару мен арнайы техниканы пайдалана отырып, өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша тіркелді. Адвокат Ринат Баймолда мұнымен келіспейді. Ол бірнеше рет сотқа дейінгі тергеп-тексеруді 99-бап (Қасақана бөтен адамды өлтіру, екі немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша қайта қарау туралы арыз жазған.

«Бірден айта кетейін, бұл ауыр емес бап, 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал “Адам өлімі” бойынша бап кем дегенде 9-10 жыл береді. Міне, осы жердің өзінде әділетсіздікті көріп отырмыз, егер ауыр бап болғанда, бүгінде күдіктілер табылып қойған болар еді. (...) Мен әскери бөлім аумағында атылған көлікті қарап шықтым. Видеоға түсірдім. 30-дан астам оқ тиген болуы мүмкін. Қалай болғанда әр денеден алынған оқ, кем дегенде біреуі [зерттеу үшін] жарамды. Менің мәліметім бойынша, қызы мен Сейітқұловтың денесінен алынған оқтардың қарумен сәйкестігі бар. Оларды бір адам атқан болуы мүмкін», – деп есептейді Баймолда.

Ринат Баймолда, Сейітқұлов отбасының адвокаты

Адвокаттың сөзінше, қазіргі уақытта сот-баллистикалық сараптаманы тағайындауға байланысты сотқа дейінгі тергеу мерзімін тоқтату туралы шешім қабылдады. Ол тергеу амалдарын толқын тәрізді деп есептейді – бірде бар, бірде жоқ. «Қылмыстық істі тергеудің бастапқы кезінде әрқашан сараптама, жауап алу, тексеру тағайындалады. Ол шыңына жеткенде қайтадан құлдырау басталады. Қазір іс прокуратурада. Бұл қылмыстық іс басында прокуратурада, одан кейін бас әскери прокуратурада, сосын ішкі істер министрлігінде қанша уақыт зерттелді?».

«Бұл өлімге мойынсұну мүмкін емес»

Алматы қалалық адвокаттар алқасының заңгері, «Қаңтар» құқықтық қолдау орталығы» қоғамдық қорының кеңесшісі Данияр Қанафин жәбірленушілердің ісі бойынша тергеу жұмыстары өте баяу жүріп жатқанын айтады.

Қор қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бейбіт тұрғындар мен қаза тапқандардың отбасына құқықтық көмек көрсетеді. Қормен қазір 25 адвокат серіктес, олар 55 іс бойынша жұмыс істеп жатыр, оның 20-сы қаңтар оқиғасы кезіндегі адам өліміне қатысты. Қанафиннің айтуынша, бұл істердің ешбірінде әлі күнге дейін күдікті анықталмаған.

«Қормен жұмыс істейтін заңгерлер шағымданатын басты мәселе – әуреге салу. Мысалы, жәбірленушілердің денесінен алынған және оқиға орнынан табылған оқтарды баллистикалық зерттеу өте баяу жүріп жатыр. Қор қарастырып жатқан істерде бүгінге дейін адам өліміне жеткізетіндей оқ атқан адамдар анықталмаған. Ал атқан адамдар анықталған жағдайдың өзінде олардың процессуалдық жағдайы белгілі емес.

Тиісті деңгейде көзбе-көз беттестіру, зерттеулер, басқа да тергеу амалдары жасалмады», – дейді Қанафин. Оның сөзінше, резонанс тудырған істер бойынша да нақты нәтиже жоқ.

«Талдықорғанда бір отбасының анасы, әкесі және он бес жасар қыз көлікте оққа ұшты. Қыздың басына оқ тиді, ата-анасы да қайтыс болды. Бұл адамдардың тәртіпсіздікке еш қатысы жоқ, өз шаруасымен кетіп бара жатқандар. Талдықорғанда болған тағы бір жағдай: ерлі-зайыпты төрт жасар жиен қызымен бірге оқ астында қалды, бақытына орай, бәрі аман қалды, бірақ жараланды. Баланың ішкі ағзалары ауыр жарақат алған, – деп мысалдар келтірді адвокат. – Алматыда көбіне кездейсоқ кетіп бара жатқан адамдар оққа ұшты, олардың кейбірі жұмысқа, кейбірі өз шаруасымен бара жатқан, ешбірінде заңға қайшы келетін ниеттері болмаған».

Сондай-ақ, Қанафин заңнама мұндай тергеулер қанша уақытқа созылатынын нақтыламайтынын атап өтті. «Өкінішке қарай, мұндай істерді тергеу мерзімі туралы мәселе заңда нақты реттелмеген. Егер өндіріс аясында ешкім қамауға алынбаса, онда мұндай істерді тергеу уақытын ұзартқан үстіне ұзарта беруге болады. Бұл істі соза беру осы оқиға құрбандары мен олардың жақындарын әлсіретіп, оларды әділеттілік пен шындықтан алыстатады».

Әр нәрсенің шегі болуы керек, қай кезде де ақылға қонымды пайым керек. Бейбіт және заңға бағынатын азаматтарға қарсы қару кезелмеуі керек!

«Егер осыған ұқсас бір жағдай болса, онда ол заңмен белгіленген тәртіппен шешілуі керек. Осы фактілердің барлығына объективті және түбегейлі баға берілуге тиіс. Ал бізде не болып жатыр? Тергеу оқты баллистикаға жіберіп, енді бүкілі оның нәтижесін алты айдан бері күтіп отыр. Нақты кім атқаны, тиісті бұйрықты кім бергені, нақты қандай болғаны және ол бұйрықты орындауда кінәсіз адамдарға не себепті осындай қатыгез және әділетсіз әрекеттер қолданылғаны әлі күнге белгісіз. Мұндай өлімге мойынсұну мүмкін емес және оған бей-жай қарауға да болмайды. Бұл оқиғаны жай ғана жылы жауып қоя салмау керек. Заңдылық салтанат құруға тиіс», – деді Данияр Қанафин.

«Қаза болғандардың көбі шынымен кездейсоқ құрбандар»

Қаңтар айында қаза тапқандар туралы мәліметтер жинаумен айналысып жүрген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, құқық қорғаушылар көріп отырған жалпы үрдіс – биліктің қаңтарда адам өлімі болған қалалардағы алаңда әскери күштердің болуын мойындағысы келмеуі.

«Біз тергеу аяқталғаннан кейін олар қандай қорытынды жасайтынын көреміз, бірақ бүгінде билік заңды қарулы күштердің қару қолдану фактісін мойындағысы келмейтінін көріп отырмыз, – дейді Төреғожина. – Бұл туралы ешбір үкімде, ешбір тергеу әрекетінде айтылмаған. Тіпті адвокаттардың өзі бірнеше істегі әскери бөлімнің нөмірін таба алды, [әскери қызметкерлері] барлық қалаларда болған, тіпті олар алаңдағы операцияны кімдер басқарғанына дейін біледі, бірақ соған қарамастан тергеу созылып жатыр және қаза тапқандардың туыстары мен адвокатына қысым көрсетілуде».

Төреғожинаның айтуынша, қаза тапқандардың туыстары қылмыстық іс материалдарынан оқтар жоғалып жатқанына шағымданып жатыр, оның көмегімен сот-медициналық сарапшылар қай қарудан оқ атылғанын анықтай алатын еді. Құқық қорғаушының атап өтуінше, кей жағдайларда туыстарына оқ жарақатынан қаза тапқаны жайлы анықтама беріп, марқұмды жерлеген, бірақ бір айдан кейін қайта келіп оқтарды шығарып алу үшін эксгумация жасалған. «Біздің түсінуімізше, оқтар қандай қарудан атылғанын табу үшін емес, адамның қалай қаза тапқанын анықтамау үшін оқты денеден шығарып алған», – дейді ол.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, фото "Азаттық радиосы"

Қаза тапқандардың туыстары қаңтар күндері жақындары Қазақстанда бейбіт революция болып жатыр деп ойлап, сол тарихи оқиғаның куәгері болғысы келді деп есептейді.

«Көбі өзгеріс болуын қолдап барды, көбі алаңға Қазақстан туымен барды. Қаза тапқандардың көбі шынымен кездейсоқ құрбандар. Олардың қолында қару болғанына бүгінгі күнге дейін бірде-бір дәлел жоқ. Мемлекет оқ атқандарды табуға мүдделі емес екенін көріп отырмыз», – дейді Төреғожина.

Әріптестерімен бірге Төреғожина 216 қаза тапқан адам мен 70-ке жуық іс-түссіз жоғалған жан жайлы ақпарат жинай алды. Бірақ қаңтарда қаза тапқандардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін деп болжайды.

«Біздің тізімдегілердің көбі, 5, 6 және 7 қаңтарда оқ тиіп қаза тапқандар. Жарақат алған екі-үш адам бір апта бойы тығылып жүрген, бірақ уақытында медициналық көмек көрсетілмеген соң үйінде қайтыс болды. Тағы басқа адамдар жайлы ақпарат әлі де табылуы әбден мүмкін, – дейді құқық қорғаушы. – Алаңда қаза тапқандар қалды. Жаралы болған көп адам оларды кінәлі етіп қояды деп ойлап, қауіпсіздік мақсатында ауруханаға жүгінбей, жаралы күйде тығылған да шығар».

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына арналған «Тәуелсіздік таңы» монументі, 4 қаңтардан 5-іне қараған түні

Төреғожинаның айтуынша, қаза тапқандардың жақындарының көбі әділеттікке жетеміз деген сенімін жоғалтқан. Бұл құқық қорғаушылардың құжаттауды жалғастыру себебінің бірі.

«Куәгерлер, қолымызда құжаттар, қылмыстық істі қорғаушы болып жүрген адвокаттар бар кезде біз бәрін құжаттауға тырысып жүрміз. Себебі оқиғаны қайта қалпына келтіру кезінде керек болады. Қайта қалпына келтіру, қайта ақтау болатынына жүз пайыз сенімдімін. Мүмкін ол бес жылдан кейін, не он жылдан кейін болар. Бәлкім, біз бүгін жинай алған барлық құжат ұрпақтары мен туыстарына не ақтап алуға, не туысының қайтыс болғаны үшін мемлекеттен кешірім сұратуға және лайықты өтемақы алуға көмектесетін шығар».

Бас прокуратура тамыз айында жариялаған қаза болғандар тізімін құқық қорғаушы кәсіби емес деп бағалап отыр.

«Онда заңгерлер жұмыс істеп жатса, олар тізім мұндай түрде жарияланбайтынын түсінуі керек еді, – дейді ол. – Бұл түрлі түсініспеушілікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып жатыр. Тегі ма, әлде басқа ма, түсініксіз. Бір әріп нені білдіреді, қай қаладан? Дәл осындай тегі мен атының бас әрпі бар адам басқа қалаларда да болуы мүмкін. Есімдерін сәйкестендіру мүмкін емес. Бұл құжатты заңды түрде қолдану өте қиын болады, әсіресе қаза тапқан туысының статусын анықтауға, әлеуметтік жәрдемақы алуға, пәтерді қайта рәсімдеуге, мұрагерлік мәселесін шешуге тура келетін адамдар үшін қиын болады».

Төреғожинаның сөзінше, оның тізімінде бар 25 адам жақында бас прокуратура жариялаған тізімде жоқ.

«Біз тізімдер тексеріліп, тізімдегі адамдарды сәйкестендіріп, оларды қаңтар құрбандарына жатқызу не жатқызбау туралы шешім қабылдауын сұрап, сауал жібергенбіз, – дейді құқық қорғаушы. – Бас прокуратураны толық тізімді шығаруға мәжбүрлеу үшін біз берілген тізімнен барлық қатені, түсініксіз атаулар мен сұрақтарды тауып, оны жариялауымыз керек. Дәл сол адам ба, әлде басқа ма – соны сұрап, сауал жолдау керек. Осындай қателердің көп екенін көрсету – тізімді тиісті деңгейде қайта жариялауға алып келеді, мүмкін оған қол жеткізетін шығармыз».

13 ақпанда Алматыда өткен азалы митингтегі Денис Стадничуктың арт-перформансы. Ақ қағаздың үстіндегі алмалар қаңтар оқиғасында қаза тапқандар санын білдіреді.

«Азаттық радиосының» журналисі, «Қанды қаңтар құрбандары» арнайы жобасының авторы Дархан Өмірбек қаңтар оқиғасының толық көрінісін қалпына келтіру үшін қаза болғандардың балама тізімін жариялау маңызды екенін айтады. Ол бас прокуратураның тізіміне ілінбеген, 9 қаңтарда полиция жауап алуында болған Ақжол Қилыбаевтың оқиғасын мысалға келтірді. Азаттық тілшілері Қилыбаевты қаңтар оқиғасының құрбаны деп есептеген, себебі ол Семейдегі митингіге қатысқаны үшін полиция жауап алуынан кейін өз-өзіне қол жұмсады.

«Оқиғадан алыстаған сайын оны айғақтау, құжаттау процесі әлсірей береді. Болған оқиғаның толық көрінісін көру мүмкін болмайды. “Қайтыс болған адамдардың бәрі қарақшы” деген пікір айтылды. 200-ден астам адамның қалай қайтыс болғанын, тағдырын білеміз деп айта алмаймыз, десек те, біз көбінің туысымен сөйлестік, жинаған ақпараттан байқап отырғанымыз, ешкім террористке ұқсамайды, әрқайсының бала-шағасы болды», – дейді журналист.

Сонымен қатар, журналист әр қаза болған адамның оқиғасын баяндау маңызды екенін атап өтті. «238 адамның хикаясы туралы айтпасақ, ол 238 адам туралы неше түрлі манипуляцияға жол беріледі. Оны билік те, өзге адамдар да жасауы мүмкін. Ол әрдайым өсек-аяң, миф деңгейінде қалып қояды. Оқиғаға дәл баға беріліп, ақиқатты жеткізуде үлкен кедергі жасайды», – деп есептейді. Журналист Желтоқсан оқиғасының тарихи ұқсастығына тоқталып өтті.

«1986 жылғы оқиға аңыз сияқты қалып қойды. Себебі құжаттау болған жоқ, куәгерлер айғақтаған жоқ, ақиқаты ашылған жоқ. Қауесет деңгейінде болғандықтан, оның анығын ешқашан айта алмаймыз, кінәлілер жауапқа тартылмады. Саясаттанушы, сарапшылар мен тарихшылардың айтуынша, егер мұндай оқиғаларда кінәлілер аталмаса, жазаланбаса, шындыққа қол жеткізілмесе, ол цикл бойымен қайталана береді», – деп есептейді Өмірбек.

Бақытжан Төреғожина да тергеу еш нәтижесіз аяқталатын болса, қаңтар оқиғасы одан да кең ауқымда қайталануы мүмкін деп қауіптенеді.

«Өкінішке қарай, шындықты айтпайтын болса, бұл оқиға тағы қайталанады, бірақ бұдан да қайғылы жағдайда, – деп ескертті ол. – Мен әрқашан мына мысалды келтіремін: 1986 жылы ресми дерек бойынша бір адам қаза тапты, 2011 жылы шамамен 16 адам, яғни 16 есеге көбірек, ал қазір ресми дерек бойынша ғана 238 адам қаза тапты – бұл дегеніміз 15 есеге көбірек. Ал тағы қайталанатын болса ше? Тағы қанша адам көз жұмады? Мемлекет осыдан бір қорытынды шығаруға тиіс. Әдетте жазасыз қалу келесі бір заңсыздықты тудырады, өкінішке қарай, келесі үлкен трагедияға алып келеді. Билік мұны түсінуі керек және олар түсінеді де, бірақ өкінішке қарай, олар азаматының амандығынан гөрі билікті сақтап қалуға мүдделі».