2426
15 сентября 2023
фото kazpravda.kz

Қияли «Жаңа экономикалық саясат»

Президент жолдауындағы экономика парадигмасы өзгереді деген уәде бос сөз болып шықты

Қияли «Жаңа экономикалық саясат»

Қуат Әкежанов, экономист, PhD, арнайы Власть үшін

Президенттің жолдауын мұқият оқығаннан кейін «ұжымдық неолиберал ой» сарапшылар ортасындағы үстемдігін жалғастырып келе жатқаны түсінікті болды. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген атау жолдауда «әділдік, инклюзивтік, үнемшілдік» сияқты айқындаушы принциптермен күшейтілген. Алайда, президент жолдауының авторлары бұл түсініктерді құнсыздандырып тастағандай әсер қалдырады.

Елге жаңа экономикалық саясат 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінен-ақ қажет еді. Қанды Қаңтардан кейін оның қажеттілігі арта түсті. Бірақ біздің экономика данышпандары ескі неолиберал шараларды жаңа экономикалық саясат мүсінімен қаптай салғаннан басқа жаңа ештеңе ойлап таппады.

Бұрынғы экономикалық үлгінің арқасында бізде қаржы капитализмінің теріс көріністері өркен жайды, ал еліміз ресурсқа тәуелді болуының кесірінен әлемдік экономикада шеткері орында қалып қойды. Сонымен қатар байлар мен кедейлер арасында табыс жөнінен үлкен айырмашылық пайда болып, саясатқа олигархтар режимі мен бизнесмендердің неоколониялық табы кіріп алды.

Бизнес елдің саяси кеңістігін либералдандыруды статус-квоны сақтап қалғанда ғана қолдайды. Қазақстанның технократтар табы мен бюрократиясы оларға қызмет етіп жүр. Сондықтан технократтар жаңаша экономикалық ойлауға ынтызар емес. Оның орнына бәрін сол күйінде сақтап қалуға тырысады.

Жолдауда «жаңа экономикалық үлгі», «жаңа экономикалық саясат», «экономикалық дамудың жаңа парадигмасы» деген ұғымдар бейберекет өріп жүр. Бірақ бұл құжатта жаңа әлеуметтік-экономикалық саясатты бұрынғыдан түбегейлі ажырататын жаңа ештеңе жоқ.

Жаңа парадигма немесе оны өзгерту жаңа тұжырымдамалардың, жаңа теориялардың, ойлау әдістері мен стандарттарының белгілі бір жинағын білдіреді, соған сәйкес жаңа саясат құрылады. Біздің жағдайда жаңа парадигманы енгізу дегенді дамымаудың неолиберал үлгісінің орнын басу деп түсінген дұрыс.

Тағы бір айта кетер нәрсе, дағдарысты және оның түпкі себептерін ұғынуды біздің саяси тап пен сарапшылар қауымдастығы дұрыс қабылдамайды. Негізінде біз социалистік үлгіден кеткен кезде, сонау 1990 жылдары қаланған сол бір дамымау үлгісінің кесірінен болған дағдарыстың әлі де беті қайтқан жоқ.

Жанар Каримованың суреті

Бұл режим бізге Берлин қабырғасы құлап, КСРО тарағаннан кейін капиталистік елдердің көбі сұранысты реттеуді, жұмыспен толық қамтуды және қаржы жүйесін қатаң реттеуді қалайтын кейнсиан үлгісінен бас тартқанда таңылды. Бұл шаралар тарихтағы көптеген дағдарысқа, әсіресе 1930 жылдардағы Ұлы тоқырауға жауап ретінде қабылданып еді. Бірақ 2008 жылғы соңғы дағдарысты біз қорғаныш құралынсыз қабылдадық, сондықтан ол әлі де жалғасып жатыр. Алайда біздің сарапшылар мен технократтар экономиканы ғылым ретінде терең түсінбегендіктен бұны көрмейді.

Ахуалды реттеуге кіріспес бұрын проблеманы мойындау керек. Мысалы, посткеңестік кеңістіктің әлеуметтік-экономикалық теңсіздік дәрежесі жоғары елдер қатарына кіруі – жаппай жекешелендірудің, жалпы қоғам игілігін теңдей етіп бөлмеу саясатының салдары, әсіресе табиғат ресурстары мол Қазақстан сияқты ел үшін мәселе күрделене түседі.

Жолдауда айтылған басты мәселенің бірі – «мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту». Елге қайтарылған активті «нарыққа шығару керектігі» айтылды. 2024 жылы Қазақстанды «халықтық ІРО» түріндегі жекешелендірудің тағы бір кезеңі күтіп тұр. Компания акциясын «халық үшін» бастапқы орналастырғанда плутократтардың емес, халықтың әл-ауқатын арттырғанын көрген емеспін.

Елде әділдік пен инклюзивтікке «жаңа» экономикалық бағдар арқылы жете алмаймыз. Макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің экономикалық кеңесшілері біздің неолибералдарды оқытқандай – монетаризм әдістерімен іске аспақ.

Қаржыны либералдандыру, толық айырбасталатын валютаға және айырбас курсының құбылмалы режиміне өту – дамыған елдер үшін макроэкономикалық тұрақтылыққа жетудің мейілінше жаңа тәсілі. Бұрын индустрияландыру және жалпыға бірдей игілікті көздейтін мемлекет құру оларда қаржы секторын қатаң реттеу, валютаны бақылау және ұлттық валюта курсын ұстап тұру арқылы жүргізілді. 1970 жылдардағы инфляция дағдарысынан кейін ғана бұл тәсіл өзгерді.

1990 жылдары түбегейлі трансформациядан өткен Қазақстан үшін экономикалық саясатқа монетаристік теорияны күштеп қолдану 30 жыл ішінде ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққанда 4,69 теңгеден 460,8 теңгеге дейін әлсіреуіне алып келді. Біздің теңге шамамен бес рет толық девальвацияға ұшырады, әр жағдай сайын біздің табысқа әсер етіп, орта есеппен 47 пайызға арзандап отырды. Бірақ экономикалық саясат әдістерінің өзгеретін түрі байқалмайды.

Жанар Каримованың суреті

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропа елдері мен Жапония өз валюталарын тіпті шектеп айырбастауды 1959 жыл мен 1964 жылға дейін мүлдем қолданған жоқ. Олар әлі бекімеген экономиканы капиталды сыртқа әкету қатеріне ұрындырғысы келмеді. Алайда, 1980 жылдары неолиберал көзқарас үстемдік ете бастағандықтан, олар толық айырбасталатын режимге өтті.

Бірақ ұлттық валютаның айырбасталуын шектеу Тайвань, Үндістан, Қытай секілді елдер үшін қаржы тұрақтылығын сақтауда және экономикалық жетістікке жетуде маңызды рөл атқарады.

Валюта шектеуіне қарамастан, бұл елдер шетелдік инвесторлар үшін тартымды болып қалды, әлеуметтік-экономикалық дамуда жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Оның үстіне олар Мексика (1995 жылы) және Азия (1997 жылы) қаржы дағдарысының салдарына ұрынған жоқ.

Азияның қаржы дағдарысы мен 1998 жылғы Ресей дефолтының фонында Қазақстан экономикасы ұлттық валюта енгізілгеннен кейін бес-ақ жыл өткен соң болған бірінші девальвацияның күйзелісіне ұрынды.

Елдің монетарлық саясатын өзгертпейінше, жаңа өнеркәсіп саясатымыз да, онымен бірге экономикаға құрылымдық өзгерістер енгізу әрекеті де алға баспайды. Жолдауда айтылған дамудың сапа жағынан басқа үлгісі тәуелсіздік кезеңінде жасалып келген бүкіл нәрсеге қарама-қайшы болуы керек.

Бізде, мысалы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) территориядан тыс статусқа ие. Былайша айтқанда, ол ел аумағындағы офшор. Офшор капиталды және қаржы спекуляциясын шығаруға қолданылады. АХҚО ешқандай да «жасыл» қаражат тартпайды. Экологияны басқа әдіспен құтқару керек. Бұған салық төлеуден инвесторларды босату көмектеспейтіні анық. Бұл әлгі «жаһандану» туралы аңызға ұқсас, ол да біздің ахуалды жақсартқан жоқ. Ол елімізге қажет қайта индустрияландыруды алмастыра алмайды.

Президенттің өзі банктердің былтырғы таза табысы 1,5 трлн теңге болғанын мойындады, яғни елде ақша бар. Бар мәселе оны индустрияландыру қажетіне (қоғам игілігі) немесе плутократтардың кезекті яхтасына (жеке біреудің игілігі) үлестіруге келіп тіреледі. Жолдау авторлары оны жазуға отырмас бұрын осындай саясат пен эпистемологиялық сұрақтарға жауап іздеп көруі керек еді.

фото primeminister.kz

Президент банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті деп айтты. Біздің технократтар мен «сарапшылардың» әлемге деген «аутистік» көзқарасы азаматтарды «қаржылық сауаты жоқ» деп қабылдаудан ғана тұрады. Алайда бұл қаржылық реттеуге араласпаудан және осындай бай ел үшін еңбекақының тым төмен болуынан екенін ешкім мойындамайды.

Сондықтан «үдемелі салық салу жұмысын жеделдетуге» шақыру тым әлсіз көрінеді. Миллиардерлер мен миллионерлер, сондай-ақ ірі кәсіпорындар мен банктер шалқып өмір сүргені үшін, миллиондап саналатын бонустары үшін салық төлей бастағанда ғана ел бюджеті біраз көбейеді.

Президент Тоқаев өндірісте мертігу және қазаға ұшырау көп болып кетті деді. Ірі өндіріс орындарының маңайында экологиялық ахуал нашарлап бара жатқанын да айтты. Алайда, бұндай мәселелер еңбек пен капитал арасындағы күштердің тепе-теңдігін қалпына келтіргенде ғана шешіледі. Мемлекет бұл жерде бейтарап төреші қызметін атқарып, кәсіподақ жұмысын кеңейтуге жағдай жасауы керек.

Бұған ешбір технологиялық және экологиялық аудит көмектеспейді. Отандық және халықаралық практика көрсеткендей, бұндай аудиттерге трансұлттық корпорациялар тапсырыс береді. Сондықтан олар Каспийде итбалық популяциясы көбейді деп, Өскемен мен Теміртаутың ауасы тазарды деп көрсете бермек.

Қысқасы, Қазақстанда жаңаша экономикалық ойлауға үлкен қарсылық бар. Сарапшылар мен саясаткерлер «ескі» Қазақстанның қиялынан шығып боламын дегенше біз қымбат уақытымызды шығындай бермекпіз бе?