Қазақстан батысында өндірілген мұнайдың әр баррелінен түскен пайданың бір бөлігі мұнай компанияларына, бір бөлігі салық немесе Ұлттық қорға аудару арқылы үкіметке кетеді. Табыстың аз ғана үлесі жергілікті билікке қалады. Сондықтан өз өңірінде соңғы онжылдықтарда жер қойнауын белсенді игеруден келген пайданы көргісі келетін жергілікті тұрғындар, оның орнына инфрақұрылымды дамытудың және еңбек жағдайын жақсартудың артта қалғанына куә болып отыр.
Мұнай бизнесіне ұзақ та терең салдарға әкелетін жемқорлық пен парақорлық қана тән емес. «Власть» қолына тиген құжаттар трансұлттық корпорациялар (ТҰК) Қазақстанда жергілікті жұмысшыларды еңбекақыны тым төмендетіп беретін мердігерлер арқылы қабылдап, оларды жүйелі түрде алалап келгенін көрсетіп отыр. Жергілікті жұмысшылардың еңбекақысы шетелдік әріптестеріне қарағанда еселеп артта қалған.
Read this article in English.
Читайте этот материал на русском.
Делдалдар кезегі
Ғалымбек Мусин — Asia Operating Corporation (AOC) — Атыраудағы Asia Operating Corporation (AOC) компаниясының бұрынғы директоры. 2019 жылға дейін оның фирмасы мұнай объектілеріне қызмет көрсету үшін жұмыс күшін берумен айналысқан.
Елдің мұнайлы астанасы деп аталатын Атырауда екі ірі өндіруші компанияның штаб-пәтерлері орналасқан: Теңіз және Қашаған кен орындарынан мұнай өндіретін «Теңізшевройл» (ТШО) және Солтүстік Каспий операциялық консорциумы (NCOC).
АОC ТШО қызметкерлерін делдал арқылы тауып берген: Senimdi Kurylys — 2000 жылы америкалық Bechtel және түріктің ENKA компаниялары құрған бірескен кәсіпорын. Senimdi Kurylys мыңдаған жұмысшыны басқарады және ТШО (сондай-ақ NCOC) тендерлеріне тікелей қатысады. 2023 жылы ол Қазақстанның ең ірі салық төлеушілері тізімінде 31-орында тұрды.
ТШО Senimdi Kurylys-пен құрылысшылар рекрутиңі бойынша келісімшарттар жасады — бұл мұнай саласында ең көп таралған және аз маманданған санаттардың бірі. Senimdi Kurylys-тың Атырауда шағын офисі және Теңіз вахта кентінде контейнерден үй-жайы бар.
Мусин Senimdi Kurylys «арзан» субмердігер келісімшарттары арқылы оның компаниясын банкротқа ұшыратты деп талай мәлімдеді.
«Мен Senimdi Kurylys-қа менің шығындарым [бір қызметкерге] олар ұсынған бір адамға төленетін ақыдан жоғары деп түсіндірдім. Сондықтан олардан келесі жылдары мөлшерлемені көтеруді сұрадым. Олар алдымен сол цифрларға келісуім керек екенін, сосын барып көтеретінін айтты. Бірақ оларға үш жыл жұмыс істегеннен кейін маған мөлшерлемені көтеруден бас тартты», — деді Мусин «Властке».
Оның айтуынша, ТШО-ның Senimdi Kurylys-пен жасаған көп миллиондық келісімшарттары іс жүзінде АОC секілді мұнайсервис компанияларына болмашы ғана кіріс әкеледі. Senimdi Kurylys тендерлерінде еңбек ақысының төменгі сағаттық мөлшері ғана көрсетіледі, бұл кадр агенттіктерін өз қызметкерлеріне ақы мөлшерін төмендетуге мәжбүр қылады.
Мусин көп жыл бойы шағымданып келдім, бірақ президент әкімшілігіне хат жібергеннен кейін, 2023 жылдың ортасында сең қозғалды дейді.
«Президент әкімшілігі менің хатыма жауап берді. Нәтижесінде прокурор тергеу бастады», — деді Мусин.
2024 жылы қаңтарда Бас прокуратура Senimdi Kurylys еңбек заңнамасын ішінара бұзды деп мойындады. Компания еңбекақы бойынша берешектің жиналуына жол берген, еңбек демалысын бермеген, қауіпсіздік техникасы ережесін бұзған және «шетелдік және жергілікті қызметкерлердің еңбегін төлеуде диспропорция» жасаған.
Атырау прокуратурасы «Властке» тергеу нәтижесінде компанияға айыппұл салынғанын растады, бірақ айыппұл көлемін хабарлаған жоқ.
«Денені жалға беру»
Мусин бұқаралық ақпарат құралдарына Senimdi Kurylys жергілікті қызметкерлерді ТШО-дан алған соманың аз бөлігін ғана төлегенін көрсететін бірқатар құжаттарды берді. 2019 жылғы АОC мен Senimdi Kurylys арасындағы келісімшартта сағаттық төлем ең көп деп саналған — дәнекерлеуші үшін сағатына $9 және электрші үшін сағатына $7,7 мен ең аз деп саналған — тазалаушы мен басқа да қызметкерлер үшін сағатына $6,1 аралығында болды.
2016-2018 жылдарға арналған келісімде Senimdi Kurylys арқылы қабылданған қызметкерлерге ТШО бөлген ең төменгі ақы сағатына $16 болды. Осылайша, Senimdi Kurylys АОС-дің әр қызметкерінен 44-62% көлемде пайда көрді, дейді Мусин.
Мердігердің субмердігер қызметінен үстеме пайда көруі қалыпты тірлік болса да, Senimdi Kurylys компаниясы иеленген маржа тым көп болды дейді AOC компаниясының бұрынғы директоры.
«Бұл процесс “денені жалға беру” деп аталады», — деді «Властке» Атыраудағы батыстық кадр агенттігінің аноним болып қалуды құп санаған бір қызметкері. Ол өзінің атын атамауды сұрады.
«ТШО-ның талаптары жоғары болғандықтан, оның тендерін бірнеше ірі кадр агенттігі ғана ұтып алуға қабілетті. Бірақ бұл агенттіктер ірі келісімшартқа қол жеткізгеннен кейін басқа компаниялармен немесе ұсақ кадр агенттіктерімен субмердігерлік келісім жасауы мүмкін», — деді дереккөзіміз.
«Власттің» сауалына берген жауапта ТШО сатып алу жүйеміз әділ деп мәлімдеді.
«ТШО-ның тендер өткізу жүйесі ашық [...] ТШО тендерлері барлық қатысушыға да тең жағдай мен мүмкіндік беретін, бекітілген ішкі ережелерге және компания процедураларына сәйкес жүргізіледі».
«Қазсервис» — Қазақстанның мұнайгаз сервис компанияларының бизнес-ассоциациясының бас директоры Айдос Қолдасов бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ТШО сатып алу жүйесі ірі мердігерлерге бағытталған, бұл түптеп келгенде еңбек ақысын төлеуде алшақтыққа әкеледі.
«Біз “Теңізшевройл” компаниясының сатып алу жүйесіне разы емеспіз. Оның ашық екенін көріп тұрғанымыз жоқ. Бас мердігер ретінде үнемі шетелдік компаниялар алынады. Осы орынды жергілікті кәсіпорындар неге ала алмайды? Біздің ойымызша, ТШО белгілі бір компанияларға бұйыратын 2-3 лотпен шектелудің орнына келісімшарттарды бөлшектеуге көшуі тиіс. Үнемі субмердігер режимінде істей бермеу үшін ең болмағанда бір лотты осылай істеп көру керек», — деді Қолдасов «Властке» берген сұхбатында.
«Еңбек ақысын төлеуде диспропорция проблемасы бар. Сервис компаниялары осы мәселемен ТШО-ға жүгінген болатын», — деп қорытты сөзін Қолдасов.
Senimdi Kurylys «Власттің» пікір сұраған сауалына жауап берген жоқ.
Калгари университетінің антропология профессоры Сәулеш Есенова тендер алған мердігерлер өз қызметкерлерінің еңбек құнын төмендетуге әрдайым тырысатын болады дейді.
«ТШО талаптары орындалғаннан кейін келісімшарт ұсынысы [қызметкерлерге ақы төлеу] төмендетіліп жасалады, бұған пара да кіреді деген болжам бар. Демек олар жұмысшылардың еңбекақысын үнемдейді, оларды алдайды деген сөз», — деді Есенова «Властке» берген сұхбатында.
Senimdi Kurylys субмердігер ретінде жиі тартқан компанияларда жұмыс істеген бұрынғы супервайзер «Властке» бүкіл жұмыс процесін мердігерлер бақылауда ұстайды деді.
«Кімді жұмысқа алатынын түріктер (Senimdi Kurylys — .В) шешеді. Олар бізді үнемі дайын ұстап отырады, бірақ кейде жұмысқа шақырмай да қалады. Жұмыс орындарын бөлу көбінесе “шатырың” кім екеніне байланысты. Жұмысшылар келісімшартты қай компания ұтып алғанына байланысты өзгеріп отырады. Кейде Senimdi Kurylys компанияны немесе қызметкерлерді қара тізімге енгізеді, сонымен бәрі бітеді», — деді «Властке» аты-жөні жария болғанын қаламаған адам.
Есенованың айтуынша, бұл процестерді Атыраудағы жұмысшылар проблемасынан хабардар адамдар біледі.
«Мен Атырауда зерттеу жүргізген кезден бері ештеңе өзгермеген секілді. Senimdi Kurylys компаниясы қаланың мұнай секторына тамырын тереңге жайып жіберді, жұмысшылар ереуілінің эпицентрінде жүруші еді. Оның қызметі ешқашан тергелмеген, жазаланбаған. 2005 жылғы ереуілден кейін үкімет объектіде офис ашып, еңбек жағдайына адамдар шағым бере алатын кәсіподақсымақ құрды. Алайда таңдайтын жол бұл емес еді. Тәуелсіз кәсіподақ болмағандықтан осылай болды, өйткені Chevron ТШО-дағы кәсіподақты құртып, “қалта” ұйымға айналдырып жіберді», — деді Есенова «Властке».
«Басқа мердігерлердің, субмердігерлердің және суб-субмердігерлердің қызметкерлері кәсіподаққа мүлдем бірікпеген. Ешқандай ашықтық жоқ. Жұмысшылар дауды шешудің заңды тәсілін таба алмайды».
Ерекше қарым-қатынас
Нақты бір міндеттерді орындау үшін кадр агенттігі арқылы жұмысқа алынған қызметкерлердің сағаттық төлемі теория жүзінде қатардағы жалданбалы қызметкерлермен салыстырғанда ортадан жоғары болуы керек, себебі олардың білімі мен тәжірибесі шектеулі уақытқа ғана қажет болады. Сондықтан да олардың жұмыс орны аз қорғалған.
Есенова нақты жұмыстар мен тапсырмаларды орындауға келісімшарт жасау келісімшартты бұзу рәсімін жеңілдететінін растады. «Солай бола тұра Chevron сияқты компаниялар жауапкершілік алмайды, себебі мердігерлер мен субмердігерлер тәуелсіз субъектілерге жатады».
Мусин берген құжаттарда жергілікті қызметкерлерді алалау процесі қалай құрылғаны толық көрсетілген.
ТШО жасаған кестеде компания жұмысшыларды төрт «географиялық» санатқа жіктейтіні көрініп тұр: 1) Батыс Еуропа/Солтүстік Америка; 2) Шығыс Еуропа; 3) Шығыс Азия/Түркия/Үндістан; 4) Қазақстан. «Шығыс Еуропа» бағанында еңбекақы диапазоны «қолданылмауы» бір нәрседен хабар береді: ТШО-ның ең көп үлесін иемденіп отырған америкалық Chevron осындай логиканы басқа да заңды құзыреттерге қолданатын болып тұр.
Қазақстанда он жылдан астам уақыт тұрған шетелдік кадр агенттігінің менеджері «Властке» аноним ретінде ТШО бұндай практиканы көп жыл бұрын енгізгенін айтты. Алдымен қызметкерлерді «экспаттардың» түрлі санаттарына бөлген, сосын барып әрқайсысына тұратын еліне қарай бөлек еңбекақы деңгейін бекіткен.
«Алдымен ТШО “экспат-А” және “экспат-Б” санаттарын ойлап тапты, бұл екінші санаттың еңбекақысының төмендеуіне әкелді. Сол кезде бірнеше адам компаниядан кеткен еді. Кейін, тоғыз жылға жуық уақыт бұрын, ТШО тағы бір сиқырлы формула ойлап тауып, еңбекақыны қызметкер тұратын елдегі өмір құнымен өлшеуді шығарды. Excel электронды кестесіне жүзден астам ел мұқият тізіліп жазылды», — дейді сұхбаттасушы «Властке».
«Батыс Еуропа/Солтүстік Америка» елдерінің қызметкерлері — менеджерлерден бастап кіші инженерлерге дейін дәл сондай лауазымдағы жергілікті қазақстандықтардан шамамен 5,5 есе артық табыс табады. «Шығыс Азия/Түркия/Үндістан» қызметкерлерімен салыстырғанда жергілікті қызметкерлердің табысы шамамен 2,2 есе кем.
«Белгілі бір кезеңдерде бұндай алшақтық тіпті көп еді. Қазақстанның адамдары күніне $150 тапса, сол жұмысты атқаратын батыс экспаттары $1000 табатын. Қазақстандықтар шетелдіктердің шын мәнінде қанша табыс табатынын білетін болса шу шығарар ма еді», — деді бұрынғы менеджер.
Түрлі дереккөздердің айтуынша, мұнай саласындағы шетелдік ірі корпорациялардың арасында жергілікті еңбекақы халықаралық стандарттағыдай жоғары болмауы керек деген жазылмаған ереже кең таралған екен. Себебі елдегі басқа саладағы төмендеу орташа еңбекақысымен үлкен алшақтық тудыратын еді.
Мусиннің құжаттарында көрсетілген мөлшерлемелер айырмасы туралы сұраққа ТШО мердігер компаниялардағы ақының көлемін бақыламаймыз деп жауап берді.
«Мердігер компаниялар тәуелсіз жұмыс беруші ретінде өз персоналының еңбек ақысын төлеу жүйесін өзі белгілейді және өз персоналына мен Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтауға өзі жауапты», — деп мәлімдеді ТШО «Властке».
Атырау прокуратурасы осындай теңсіздік туралы сұраққа бұндай практика заңды деп жауап берді.
«ТШО мен Senimdi Kurylys арасындағы келісімшарт субмердігерлермен құқықтық қатынастарды реттеуді, соның ішінде олардың қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге қатысты қатынастарды реттеуді қарастырмайды», — деп мәлімдеді прокуратура.
ТШО да бұндай практика заңды деп отыр.
«ТШО Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында әрекет ететін, заңға бағынатын компания. Жұмыстар орындау мен қызметтер көрсету үшін ТШО мердігерлермен тиісті келісімшарттар жасайды, соның ішінде Senimdi Kurylys та бар», — деп хабарлады ТШО өкілі «Власттің» сауалына берген жауапта.
2006 жылы сол кездегі энергетика министрі Бақытқожа Ізмұхамбетов парламентте бұрынғы ереже мердігер ұйымдарды келісімшартта қызметкерлердің еңбекақысын көрсетуді міндеттеді деген еді.
«Бұл норма еңбекақысы келісімшартта қатаң бекітілген жалданбалы персоналды кемсітуге ұрындыруы мүмкін», — деді сол кезде Ізмұхамбетов.
Атырауда 2014 жылы болған кездесуде Statoil (қазір Equinor) норвег компаниясының кәсіподақ өкілі Гаир Нильсен Қазақстандағы еңбекақының есептелуі қисынға келмейді, өйткені қызметкердің тәжірибесіне немесе біліктілігіне емес, оның еліне ғана сүйенеді деген еді.
«Норвегияда бұндай болуы мүмкін емес, себебі саладағы еңбекақыны мемлекет кәсіподақтың қатысуымен реттейді», — деді сонда Нильсен.
Жаһандық Солтүстіктен келген «экспаттар» болсын, Жаһандық Оңтүстіктен келген «еңбек мигранттары» болсын — жергілікті қызметкерлерге басқа елден келген әріптестеріне қарағанда ақыны бірнеше есе аз төлеу — Қазақстанның бұрыннан бар проблемасы.
Ғылыми әдебиетте «экспаттар» және «еңбек етуші мигранттар» деп жіктеу отаршылдықтың мұрасы деп саналатыны жиі айтылып жүр. Компаниялар көп жағдайда, соның ішінде ТШО-ның еңбек ақысын төлеу шкаласында еңбекақыны машыққа немесе тәжірибеге қарап емес, шыққан еліне қарап қояды дейді Власть дереккөздері.
Жергілікті тұрғындар әлі де есесін жіберіп отыр. ICIJ халықаралық консорциумының Caspian Cabals жобасы аясында жақында «Власть» назарына іліккен 2018 жылғы электронды хатта ТШО басшылары кейбір мердігерлеріне аудит жүргізгенін хабарлайды. Олар өздері тартқан екі компания «ең төменгі еңбекақы бойынша талапты» бұзғанын анықтайды, сосын «талаптарды тез арада орындау және барлық өткен берешекті өтеу туралы хабарлама» дайындайды.
Кең таралған проблема
Бірде атыраулық жұмысшы осындай кемсітушілікке наразылығын білдіреді, содан кейін онымен келісімшарт үзілген.
«Мен Қашағанда істеген кезімде біздің адамдардың табысы шетелдіктерге қарағанда 10 есе аз болды. Жұмысшыларға айлық туралы сөз қозғауға рұқсат етілген жоқ. Мен осы мәселені көтергенде жұмыстан қуылдым», — деді «Властке» аты-жөнінің аталғанын қаламаған азамат.
Есенова бизнеске қолайлы жағдай жасауды көздейтін үкімет тәсілі еңбек құқығын нашарлатты деп санайды.
«Орталық үкімет алдымен жергілікті билік бизнеске қолдау көрсеткенін қалады, бірақ қалай екенін айтқан жоқ. Сондықтан жергілікті билік бұны еңбек мәселесіне көз жұма қарауға берілген рұқсат деп қабылдады», — дейді Есенова.
Кәсіподақтардың құқығы қысқарып, әлсірей түсті. Еңбек кодексі кәсіподақ туралы заңмен бірге 10 жыл бұрын, 2011 жылы Жаңаөзендегі жұмысшылар ереуілі қантөгіспен жаншылғаннан кейін көп кешікпей өзгерді. Бұл өзгерістер компаниялардың үстемдігін нығайтты: қызметкерлерді себебін түсіндірместан жұмыстан шығаруға жол берілді, ал ереуілге шығу құқығына қосымша күш арқылы шектеу қойылды.
Көп жағдайда, әсіресе трансұлттық компаниялар басқаратын жобаларда жұмысшыларға кәсіподаққа кіруге рұқсат етілмейді. Бұл Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) бекіткен принциптерді тура бұзу болып саналады, ал Қазақстан бұл принциптерді ұстануға міндеттелгені белгілі.
Халықаралық еңбек ұйымының №98 конвенциясында «еңбек етушілер кәсіподақтың кемсіту актілерінен тиісті түрде қорғалған болуы керек» делінген.
Еңбек қауіпсіздігі де проблема болып тұр. «Власттің» қолына тиген 2007 жылғы электронды хатта ТШО менеджерлері «биікте қауіпті жұмыс» атқарғаны үшін бір мердігермен ынтымақтастықты тоқтатқанын жазады, ал хатты «[басқа мердігерге] жіберілген осындай хаттағы» тұжырымдамаға сүйеніп дайындаған. Бұл ТШО минимал деп санайтын қауіпсіздік шараларын мердігерлер мен субмердігерлер жиі елемейтінін көрсетіп отыр.
Отын таусыла бастады
ТШО мәліметтері бойынша, соңғы сегіз жыл бойы атқарылып келген және шамамен $37 млрд болған ауқымды кеңейту жобасы 2025 жылдың бірінші жартысында аяқталуы тиіс. Бірақ «Келешекте кеңейту жобасы» (FGP) аяқталған соң құрылыс алаңдары мен жобалардың көбі жабылады, бұл жұмыс күшінің артылуына әкеледі.
«FGP аяқталған соң жұмыссыз қалған жергілікті тұрғындар саны көбейеді. Кейбірі шетелге жұмысқа кетеді, мысалы, олардың еңбек ақысының құны өзге экспаттардың көбінен кем болатын Парсы шығанағындағы елдерге кетеді», — дейді кадр агенттігінің бұрынғы менеджері.
«Штаттағы қызметкерлердің және мердігерлердің немесе субмердігерлердің еңбек жағдайында біраз айырмашылық бар», — дейді Теңізде жұмыс істеген бұрынғы супервайзер.
Субмердігерге келсек, «ақша қызметкерге жеткенге дейін желініп қойылады», — деді ол. «Субмердігерлерге тиетіні болмашы ғана. Мердігерлер ақшаны ортадан алып қалмаса, адамдарды жұмысқа тікелей қабылдаса жақсы болар еді. Бұның біздің қызметкерлерге көмегі тиер еді».
Бақылаушылар қазір үкімет жұмысшылар мен мердігерлердің қызметтерінен тез бас тартпасын деп ТШО-ға қысым жасап жатыр дейді, себебі бұл Атырау облысындағы еңбек саласын есеңгіретеді.
Бірақ «жұмыскерлерді көптеп» тарту стратегиясының кемшілігі де бар дейді Есенова.
«Мен Теңізге қатысты зерттеу жүргізгенімде ТШО қанша адам жұмыс істейтінен, қанша компания қатысып жатқанынан мүлдем бейхабар болды. Бұл жұмыс орнындағы қауіпсіздікке қатер төндірді. Ол жердің былығы көп болды», — дейді Есенова.
«Олар субмердігер идеясын “тиімді” деген желеумен “сатуға” тырысты. Шындығында бұл көп қызметкердің табысты тым аз табуына, жұмыспен қамтылуына және жұмыс орнындағы қауіпсіздікке кепілдіктің болмауына алып келді. ТШО бұған ешқандай жауапкершілік алмайды. Chevron — үйілген ақша мен ресурстың үстінде отырған кішігірім құдай секілді. Оған тиісуге болмайды».
Мақаланы дайындауға Алмас Қайсар қатысты.
Поддержите журналистику, которой доверяют.