3294
20 сентября 2023
Назерке Құрманғазинова, суреттер Данияр Мүсіровтікі

Алматыда жүгіру ыңғайлы ма?

Әуесқой жүгірушілер қала инфрақұрылымы, жабық манеж жетіспеуі және көшедегі жарық мәселесі туралы

Алматыда жүгіру ыңғайлы ма?

Бірер аптадан кейін Алматыда дәстүрлі «Алматы марафон» өтеді. Биыл бұл шара осымен он екінші рет ұйымдастырылмақ және жыл сайын қалада жүгірушілер саны артып келе жатқаны байқалады. Дегенмен, қаладағы спорт инфрақұрылымы дәл сол қарқынмен дами алмай тұр, себебі қалада спорт алаңдары, саябақтар, жаяу жүргіншілерге арналған сапалы жол жетіспейтіні үнемі сезіледі.

Власть журналистері марафон қарсаңында әуесқой жүгірушілерден қалада жүгіру қаншалықты ыңғайлы екенін, олар күнделікті қандай кедергілерге тап болып жүргенін сұрады.

«Алматы жүгіруге бейімделмеген»

Таңғы сағат сегіз. Орталық стадионның жанындағы қосалқы стадионда біраз адам таңғы жаттығуын аяқтап жатыр. Мұнда кіру ақысы – 700 теңге. Жаттығып жатқандардың сөзіне қарағанда, қазір негізгі стадионға кіру мүмкін емес, оған тек жарыс кезінде ғана кіргізеді.

Жұмыс күні екеніне қарамастан, қосалқы стадионда адам көп. Ойнап тұрған серпінді музыка бейне бір спорттық шара атмосферасын сездіреді.

30 жастағы Әсел Сәкенова жүгірумен үш жарым жылдан бері айналысады. Бұл уақытта ол Алматымен қатар, басқа қалаларда да оншақты жартылай марафонға қатысып үлгерген. Оның сөзінше, Алматыда тек осы стадион мен «Динамо» спорт кешені ғана жүгіруге ашық.

«Үш жарым жылда Алматы жүгіруге онша бейімделмегенін түсіндім. Біріншіден, жүгіретін жол өте аз. Қалада тротуармен жүгіруге тура келеді, ал онда жаяу жүргінші көп, оған самокатпен жүретіндер қосылды… Сондай-ақ, жарық та онша емес, әсіресе кешкі уақытта көшеде жүгіргенде қатты байқалады. Жақында Алматы орталығында жүгірдім, шамамен Абай-Қонаев жақта өте қараңғы болды», – дейді Әсел.

Алғашқыда Әсел үйінің айналасында жүгіріпті. Жанында мектептің стадионы болған екен.

«Бұл ауданда тұрғаныма жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде әлі жөндеу көрген жоқ. Қарапайым резеңке төсеме салса болатын еді. Мектеп стадионы болса да, көгал да жоқ. Бізді қойшы, әуесқоймыз, бірақ өсіп келе жатқан ұрпаққа жағдай жасалуы керек қой», – деп есептейді ол.

Әсел Сәкенова

Осы сәтте Alay pro жүгіру мектебінің негізін салушылардың бірі Айтуар Қошмәмбетов жаттығуын аяқтап жатты. Ол бес жылдан астам уақыт жүгірумен айналысады, жүгіру мектебінің жұмыс істей бастағанына да осынша жыл. Оның айтуынша, бес жыл бұрын бір-екі жүгіру клубы болса, қазір олардың саны 15–20-ға жеткен.

Қошмәмбетовтің айтуынша, олар екі жыл бұрын «Алматы марафон» ұйымымен бірлесіп Strava қосымшасы арқылы қаладағы ең танымал жүгіру маршруттарын анықтаған, олар: Тұңғыш президенті саябағы, Ганди атындағы саябақ, Атакент саябағы, Алматы Арена, Баум тоғайы, Ботаника бағы және Республика алаңы.

«Соның бәрін анықтап, әкімшілікке көп ақша салмай, сол жерлердің айналасына арнайы резеңке жол төсеу жөнінде ұсыныс айттық. Бұрынғы спорт басқармасының басшылары бізбен келіскен еді, бірақ жүзеге аспады», – деп есіне алды Айтуар.

Оның есебі бойынша, Алматының өзінде 40–50 мыңға жуық адам күн сайын болмаса да, аптасына бірнеше рет жүгіреді және скандинав тәсілімен жүреді.

«Жүгіруді дамыту үшін бізге инфрақұрылым керек. Миллиардтаған қаржыға стадион салу емес, жай ғана қазір бар саябақтар мен мектеп жанындағы стадиондарды жөндеп, жүгіруге айналған жол салу жеткілікті», – дейді Қошмәмбетов.

Қала құрылымы тақырыбының жалғасы ретінде Айтуар жүгіруге қатысатын оқушылары қалада жарық жоқтығына жиі шағымданатынын айтты. Мысалы, Атакент саябағында кешкі мезгілде жарық қосылмайды, басқа көшелерде де жарық болмауы жиі кездеседі. Бұл өтініштерді жүгіру мектебі әкімдікке жолдаған, бірақ мұның бәрі жүйелі жұмысты қажет етеді.

«Халық жүгіремін, спортпен айналысамын десе, арнайы жағдай жасап беру керек қой. Мысалы, ешкім қорықпай, емін-еркін жүруі үшін полиция қойып қойса. Егер ондай мүмкіндік болмаса, қараңғыда жүгіру де қауіпті.

Қала әкімдігі жүгіру мектептерін, триатлон мектептерін жинаса, біз әрдайым нақты ұсыныс айтуға, санап, көрсетіп беруге дайынбыз», – деді әуесқой спортшы.

Айтуар Қошмәмбетовтің пікірінше, спорт басқармасы көбіне тек кәсіпқой спортшыларға көңіл бөледі, ал спортпен кәсіби шұғылданатындар көп емес.

«Біз неге жүгіру мектебін аштық? Біздің ойымызша, егер осындай спорт түрлері балалар, жасөспірімдер арасында кең таралса, олардың арасынан кәсіби спортшылар шыға береді. Ал егер тек таланттарға ғана көңіл бөлсек, нәтижесі де төмен болады. Спорт мәдениетін бізде де қалыптастыру керек. Менің ойымша, соған көңіл бөлу керек. Жекелей спортшыларға демеуші болғанша, жалпы жағдай жасап берсең, халықтың бәрі қосылады. Мысалы, мына бір стадионның өзінде қаншама адам жүгіріп жүр? Осындай стадиондар көп болса ше? Әр мектептің қасында стадион бар, соның айналасын жақсылап жасап берсе болды», – деп қорытындылады Қошмәмбетов.

«Қаланы жақсы көре бастайсың»

Кешке таман бұл стадионда жүгірушілердің қарасы көбірек. Әйнел Әмірхан жүгіруді 2016 жылдың соңында Shatnayateam клубымен бастаған. Қазір ол жаттықтырушыдан онлайн нұсқау мен тапсырма алып, өз бетімен жаттығады.

«Фрилансер болғандықтан, ыңғайлы уақытта жүгіре беремін. Түрлі жағдай болғанда жүгіру күйзелісті басуға көмектеседі. Бізге әдетте азанмен, көліктер шықпай тұрып, ауа ластанбай тұрғанда, адам аяғы аз кезде, не кешке бәрі басылған уақытта жүгіріңдер деп айтады. Сондықтан көбіне алматылықтар осындай уақытта жүгіретін шығар», – дейді Әйнел. Өзі ауаның ластануын әрдайым қадағалап отырмайтынын, бірақ көше бойымен жүгіретін болса, таңертең жүгіруге тырысатынын айтты.

Бірақ ол көбіне стадионда жүгіруді құп көреді, себебі мұнда әжетхана да, киім ауыстыратын орын да, жарық та бар. Қазір Әйнел өзінің алғашқы толық марафонына дайындалып жатыр және оған дайындық кезінде ұзақ қашықтыққа жүгіру керек, ал бұған стадион қолайлы жер емес.

«Кемінде 20–25 км жүгіру керек болғанда, қалада ыңғайлы локация іздейсің, әдетте бұл – президент саябағы, Есентай өзенінің жағалауы, Тереңқұр. Ұзақ жүгіргеннен кейін көп адам әжетхана іздейді, бізде әжетхана деген үлкен мәселе. Мемлекеттік тапсырыспен қаланың әр бөлігінде дәретханалар салынған, бірақ кірмек болсаңыз, үнемі жабық тұрады. Мен Есентай өзенінің бойымен жүгіремін, үнемі дәретханада су жоқ, қағаз жоқ деп жауып қояды. Шынымен ыңғайсыз. Ол әжетханаларды соғуға мемлекеттік тапсырыс бөлек болған, ал оларға қызмет көрсетуге бөлек тапсырыс болған деп естідім. Тіпті, осындай жақсы ниеттен туындаған идеялардың өзі бюрократиялық кедергі салдарынан зиянын тигізеді», – дейді Әйнел Әмірхан. Сондай-ақ, ол қалада су ішуге арналған субұрқақтар орнатылса жақсы болар еді дейді.

Власть 2022 жылы құны 178 миллион теңге болатын 20 қоғамдық дәретхана туралы материал жариялады. Ол кезде 20 нысанды жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған еді. Біз тағы да әкімдікке сауал жолдадық және олардың жауабында биылғы көктемде әжетханалар аудан әкімдіктеріне беріліп, жұмыс істеп жатқаны жазылған.

Әйнелдің пікірінше, жүгірушілер қала өмірінің жақсаруына әсер етіп жатыр. Олар әртүрлі мәселені анықтап, ол туралы әлеуметтік желіде жазады, әкімдікпен байланысып отырады.

«Ұзақ уақыт бойы, қалаға тек тұтынушы көзқарасымен қарадық. Ақша тапқың келеді, үлкен қалада өз орныңды тапқың келеді. Ал жүгіре бастағанда қаланы жақсы көре бастайсың, қаланың әр бұрышын біле бастайсың, экология мәселесін бір адамдай сезінесің».

«Қашан жабық манеж болады?»

38 жастағы әуесқой жүгіруші Әлібек Жұбанышев та жүгіру қалаға басқаша қарауға көмектеседі дейді. «Таңертең ерте тұрып, Сұңқар трамплинінде күннің шығуын тамашалауға болады, ал кешке жүгіру кезінде кептеліс пен қоқыс басқан аудандарды көресіз, – дейді Жұбанышев. – Марафон кезінде жолды жапқанда қала да зардап шегеді. «Алматы марафоны» мұны ұйымдастырғанда қала тұрғындарына барынша аз әсер ету арқылы жасауға тырысады». Бұл ретте ол қала тұрғындарының жүгірушілерге түсіністікпен қарай бастағанын айтады.

Ұзақ қашықтықты еңсеруге арналған қаладағы танымал бағыттың бірі – «Алматы Арена» маңындағы тас жол. Демалыс күндері желаяқтар көлік жүретін жолдың шетімен жүгіреді, себебі оның жолы түзу, әрі бір шетінен екінші жағына ауысу қажет емес. «Ол жақта бәрі бір-біріне түсіністікпен қарай бастаған сияқты – автобустар жүгірушілерге кедергі жасамайды, көлік жүргізушілері де ешкімді қыспай, түсіністік білдіреді. Сондай-ақ, ол жерде көп адамның жүгіруі жергілікті тұрғындарға да әсер етіп жатыр. Бұрын 3–7 адам ғана жүгірсе, қазір көбейіп келеді, егде жастағылар да бар. Ата-апалар таяқтарын ұстап, жүруге шығады, спортпен шұғылданады».

Әлібек Жұбанышев

Әлібек үшін жүгірумен байланысты негізгі мәселе қыста туындайды, себебі уақытында қарды күремейтін жерлер бар, жеңіл атлетикаға арналған жабық манеж жоқ, сонымен қатар, қаладағы ауа ластана түскен.

«Көп адам жүгіретін локацияның бірі – Тереңқұр. Қыста кейде ол жердің жолын тазалайды, кейде үлгермей жатады. Адамдар жерді таптап тастағанда, әйтеуір жүгіруге болады. Орналасқан жері де қаладан сәл оқшау. Мен ер адам болған соң кей мәселелерді ойламауым мүмкін. Ал әйел адамдар таңертең ерте не кешке жұмыстан кейін жүгіруге шығу үшін жеке қауіпсіздігін де ойлауына тура келеді. Тереңқұр – өте ұзын жол, бір жерінде жарық болса, енді бір жері тас қараңғы, мұның өзі қауіпті, қорқынышты. Кей жерде мұз, шалшық болуы мүмкін. Айта берсең осындай көбі ойлана бермейтін мәселе көп», – дейді Жұбанышев.

Әлібек жеті жыл бұрын достарымен бірге Nike Run Club тегін жүгіру клубында дайындала бастаған. Содан бері төрт марафонға және қалалық жүгіру сайыстарына қатысқан, оның ішінде басқа елдердегі жарыстар да бар. Алматыдағы Nike Run Club қатысушылары аптасына үш рет бірге жүгіреді және сенбі күнгі таңертеңгі жаттығудан кейін бірге таңғы асқа барады. Сондай таңғы астың бірінде біз бірнеше жүгірушімен сөйлестік.

«Саябақтардағы әжетханалар таңертең 10-нан бастап қана істей бастайды, ал біз 6-дан жүгіреміз. Инфрақұрылым да осыған сай дамыса дейміз», – дейді Карина.

Тағы бір әуесқой спортшы Дәурен тек Алматының орталығында ғана емес, қаланың әр бөлігінде жергілікті кішігірім жүгіретін орындар керек дейді. «Менің ойымша, осыған баса назар аударып, осы бағытта жақсы дамуымыз керек».

«Ең үлкен минус – жабық манеж жоқ. Жылдамдыққа жұмыс істейтіндерге қыста жаттығатын жер жоқ, дала көктайғақ, лай-батпақ болып жатқанда жүгіру қиын», – дейді Филипп.

Әуесқой жүгірушілердің барлығы дерлік әңгімесін: «Алматыда жабық жеңіл атлетика манежі қашан болады?» – деген сұрақпен бастайды.

«Кей жарыстарды есептемегенде, спортшыларға ешқандай жағдай жасалмаған деп ойлаймын. Күнделікті жаттығудың өзін алып қарасақ, қалада 2 миллион адам тұрса да, қыста жүгіретін бір де бір манеж жоқ», – дейді Әнуар. Ол клубтағы пейсерлердің бірі – тренердің көмекшісі. Бұрын OpenAlmaty-ға жиі шағым тастап жүріпті, сөзіне қарағанда, кері байланыс та болып тұратын. «Өкінішке қарай, соңғы қалдырған өтініштерім жауапсыз қалды. Тіпті есік алдымда жарық жоқ деген шағымды Бостандық ауданының әкімдігіне жазғанмын, олар оны “Алматы жарыққа” жіберді, меніңше, бюрократия көбейген сияқты».

«Жай ғана көшемен жүгірген күннің өзінде, Әл-Фараби даңғылығы мен Жароков айрығын алсақ, Әл-Фараби арқылы оны кесіп өте алмайсың, ол үшін шамамен бір шақырым жоғары көтерілуің керек, одан кейін тағы төмен түсесің, түзу өте алмайсың. Спортшыларды айтпағанда, жай ғана жаяу жүргіншілерге ыңғайсыз», – деп түсіндірді Әнуар.

Әнуар

Әлібек Жұбанышевтың айтуынша, өткен қыста оларға Республикалық спорт колледжінің манежінде жүгіруге рұқсат берген. «Манеж сияқты игілік тек Астанада бар еді. Жалпы, Астанада бизнес пен билік тарапынан спортқа деген көзқарас басқаша. Ол жақта Ironman өтетінімен байланысты шығар, онымен қоса триатлон паркін ашты. Ал біз көбіне өзіміз ұйымдастырамыз», – дейді ол.

Тағы бір спортшы Руслан Тагаев бұл манежде олардан бөлек колледж студенттері жаттығатынын, сондықтан уақыт шектеулі екенін алға тартты.

«Қыста жылдамдыққа арналған жаттығулар жасауға манеж жетіспейді. Осы қыста тек бір манеж жұмыс істеді, оның өзінде студенттер келгенге дейін екі сағат беріледі. Бұл уақытта әрең дегенде үлгеріп жүрдік. Манеждер керек», – дейді ол. Қалған уақытта Русланға қалада жүгіру ыңғайлы, әсіресе Тереңқұр өзенінің бойында жүгірген ұнайды.

«Шынымен де, қыста жаттығатын жер мүлдем жоқ және бұл үлкен мәселе. Әуесқой жүгірушілер жыл сайын артып келеді. Қаладағы жүгіру сайыстарына орта есеппен 5 мың адамдай қатысады, олардың бәрі жаттығады ғой. Біз жыл он екі ай жаттығамыз, өмір сүру салтымызға айналды. Қыста бұлшықетімізді шынықтырамыз, суық күнде күш түсіретін жаттығу жасау оңай емес. Ауа температурасы минус 20-ны көрсеткен кезде жаттыққан кезіміз болды. Бұл шынымен ауыр», – дейді Әсел Сәкенова.

2022 жылғы сәуірде Алматы әкімі Ерболат Досаев «Алматы Аренада» жабық жеңіл атлетика манежі салынатынын және «Зерделі» мен «Нұркент» ықшамаудандарында екі спорт нысаны салынып жатқанын хабарлаған еді. Біздің сауалымызға Алматы қаласының спорт басқармасы Нұркент ықшамаудандағы жеңіл атлетика спорт кешені құрылысының жоба-смета құжаттарының аяқталуы 2024 жылдың соңына жоспарланғанын, ал пайдалануға беру тек 2026 жылы іске асатанын хабарлады.

Басқарма биылғы жылдың соңына дейін «Зерделі», «Жас қанат» және «Алатау» ықшамаудандарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылады деп уәде беріп отыр. «2025 жылдың соңына дейін 6 спорт кешені, 3 мұз айдыны, спорттық және көркем гимнастикаға арналған 2 манеж, екі 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейнін салу жоспарланған». Спорт басқармасы бұл шаралар халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді 75%-ға дейін арттырады деп күтіп отыр.

Жоғарыда жүгірушілердің айтқан шағымдарына қарамастан, басқарма Алматыда 12 стадион және 10 жабық манеж бар дейді.