1793
5 декабря 2023
Дмитрий Мазоренко, фото centrspas.kz

Ксения Гринчук, тау-кен құтқарушыларының кәсіподағы: «АрселорМиттал шахталарындағы апат салдарының 60%-ын алдын алуға болар еді»

Жекешелендіру Қарағанды облысындағы тау-кен құтқарушыларының жағдайын қалай нашарлатты

Ксения Гринчук, тау-кен құтқарушыларының кәсіподағы: «АрселорМиттал шахталарындағы апат салдарының 60%-ын алдын алуға болар еді»

Костенко атындағы шахтадағы 46 кеншінің өмірін қиған Қазақстан тарихындағы ең ірі апаттан кейін, құтқару жұмыстарына қатысқан тау-кен құтқарушылары өздері көптен бері ұшырасып келген проблемалар – табыстың аздығы, жұмыс берушінің жалақыны тұрақты бермеуі, ескірген техника мен қызметтегі басқа да қиындықтар туралы ашық айта бастады. Кейінірек олар мәселені жария еткені үшін қысымға ұшырағанын мәлімдеді.

Власть Қарағанды облысындағы «ПГСКО» тау-кен құтқарушылары кәсіподағының заңгері Ксения Гринчукпен әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметін жекешелендірген соң құтқарушыларға деген көзқарас қалай өзгергені, жұмыс берушінің немқұрайдылығы мен мемлекеттің жағдайға араласқысы келмеуі туралы сөйлесті.

Сіздің ұйым жекешелендіруге дейін ТЖМ құрылымына енді. Ұйымыңыз қай кезде жекеменшікке айналған еді? Меншіктің бір түрінен екіншісіне көшу сіздерге қалай әсер етті?

Біздің қызмет 1930 жылдардан бері жұмыс істейді, ал Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі (КӘАҚҚ РОШ ЖШС) атауын 2015 жылы алды. Қызметкерлеріміздің барлығы дерлік мамандығы бойынша жұмыс істейді. Көптеген маманымыздың әкесі де, атасы да осы ұйымда еңбек еткен. Біздің қызмет мемлекет балансында болған кезде құтқарушылар заңда қарастырылған жеңілдіктердің барлығына ие еді. Оларға тіпті пәтер де берілді.

Ол 8 жыл бұрын ҚР Инвестициялар және даму министрлігіндегі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің құрылымында болған. Кейінірек оны Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына өткізді. Ал 2018 жылы нарықтық құнынан екі есе төмен бағаға жекешелендірілді. Объектінің бастапқы бағасы 10,3 млрд теңге болғанымен, ол 5,1 млрд теңгеге сатылды.

2021 жылы құтқарушылардың орташа жалақысы 140 мың теңгені құраған. «АрселорМиттал Теміртау» және [Қарағанды облысындағы - В.] тағы 20 кішігірім компаниямен аса қауіпті нысандарды күтіп ұстауға жасасқан келісім-шарт негізінде бөлінген қаражат жұмысшыларға дейін жетпей жатыр.

Мысалы, төтенше жағдай болса, Арселор қосымша қаражат бөледі.Тамыз айында «Казахстанская» шахтасында апат тіркелді. Арселор қаржыны бөлгенімен, күні бүгінге дейін ол жұмысшыларға жеткен жоқ. Қаражат қайда? Белгісіз. Ал ондағы сома аз емес – әр құтқарушыға апатты жоюға 1,3 миллион теңге бөлуі керек. Бірақ бұл қаражат жоқ. Арселор өз міндеттемелерін уақытылы әрі таза орындаған, өз тарапынан ешқандай кешіктіру немесе басқа да проблемалар болмаған.

Арселор және басқа да компаниялар жабдықтауға, яғни құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат бөледі. Соған қарамастан олар әлі күнге жаңартылмады. Көптеген құралдың жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Мемлекет қарамағында болсақ, тым болмаса бақылау жасалатын еді. Бірақ бұл жеке ұйым, сондықтан жағдайдың жақсарарына үміт жоқ.

Біз кімге жүгінбедік?! Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі болып тұрғанда онымен кездесуге бардық. Ол үнемі «бұл жеке ұйым болғандықтан мен ештеңе істей алмаймын» деумен болды. Мемлекет жеке кәсіпке араласпайды. Ал бұл салғырттық теріс пайдалануға әкеледі.

Неліктен ұйымды жекешелендіру туралы шешім қабылданғанды? Бұд жөнінде қандай да бір түсінігіңіз бар ма?

Бастапқыда жеке меншік иелері бұл қызметке ақша салады деген ой болған. Бірақ бұлай болмай шықты, сондықтан жекеменшікке беруге не түрткі болғанын түсінбеймін. Ұйымның жағдайы құлдырап жатса, онда түсініктірек болар еді. Бірақ ол өзін-өзі қамтамасыз етіп отырды. Біз ашық дереккөздерді қарап, ұйымның кімге сатылғанын анықтадық. 2021 жылдан бастап оны президент әкімшілігінің бұрынғы кеңесшісі Ахмед Местоев басқарып келеді (сонымен бірге сайтта басшы ретінде Диас Мағзұм көрсетілген – .В).

Біз де сенаторлар сияқты жыл сайын жекешелендіру мәселесін көтереміз, ал үкімет оның қисынға сай жүргізілгені және ешқандай келеңсіз салдары болмағаны туралы үн қатып келеді. Бірақ мемлекет мұндай маңызды қызметті неге жекеменшікке қалдырғанын өзіміз де түсінбейміз.

Жекешелендіруден кейін кәсіпорыныңыздың жұмысы қалай өзгерді?

Арселор мен басқа 20 шағын компания КӘАҚҚ-пен әдетте үш жылға келісім жасап, оларға миллиардтаған сома төлейді екен. Жекешелендіруден кейін бір ғана Арселор біздің қызметіміздің алғашқы үш жылында шамамен 6,4 млрд теңге аударды. Келісімшартта көрсетілгеннен бөлек, олар жазатайым оқиғалардан соң қосымша сомалар да береді.

«КӘАҚҚ РОШ» өз кезегінде шахталарда, кеніштер мен басқа да объектілерде адамдарды құтқару іс-шараларын жүзеге асырады. Тағы бір негізгі қызметі – профилактика жүргізіп, шахталардағы апаттың алдын алу.

Бірақ құтқарушылар тапсырыс берушіге тәуелді. Олар тапсырыс берушіден ақша алады. Мысалы, құтқарушылар ауа үлгісін алады, сосын олар ескерту жазуы керек. Ұйым мемлекет меншігінде болған тұста мамандар ескерту жазып, заң бұзушылықтарды жою үшін шахтаның жұмысы тоқтайтын. Енді бұл ескертулер Арселорға тіпті жетпейді де. Өйткені «КӘАҚҚ РОШ» басшылығы әр ескерту үшін сөгіс беріп, тапсырыс берушінің жүйкесін тоздырсақ, бізбен келісімшартты бұзып, жұмыссыз және ақшасыз қалатынымызды айтады.

Құтқарушылар саны жекешелендіруден кейін айтарлықтай қысқарды, дегенмен басшылық оның ұлғаюы туралы айтады. Басқа филиалдарда көбейген шығар, бірақ Қарағанды облысында адам жетіспейді. Қайтыс болған бір адамға бірнеше құтқарушыны бөлу керек, бірақ олай болмай отыр.

Оның үстіне, әр апат сайын құтқарушылардың тіпті дұрыс демалуға мүмкіндігі болмайды. Стандарт бойынша, 8 сағат демалуға тиіс, бірақ оларға бар болғаны 4-6 сағат беріледі. Бұл кадр тапшылығына байланысты. Оларда әдетте тіпті бір апатқа адам жетіспейді. Бір шахтада апат бола қалса, оны жоюға 10 бөлімше түгел барады. Яғни, адам саны бір шахтаға да жетпейді. Сол сәтте екінші шахтада да бірдеңе бола қалса, оған баратын адам қалмайды.

Осындай шарттар аясында апаттың алдын алу және профилактика шараларын жүргізу мүмкін бе?

Бұл шынында да өте маңызды мәселе. Шахталарда жақын арада болған апаттардың барлығын еске түсірейік: біздің қызметте жоғарыдағы проблемалар болмаса, апат салдарының 60-70%-ын болдырмас едік. Шахталар қараусыз қалған, ал дұрыс алдын-алу шаралары жасалса, бұлай болмас еді. Әсіресе, «Казахстанская» шахтасындағы апатқа конвейер лентасының өртенуі себеп.

Құтқарушылар Костенко атындағы шахтаға келгенде, қажет өртсөндіргіштердің небәрі екеуі бар екенін байқапты. Өрт сөндіру түтіктерінің құбыршектері біраз уақыттан бері оралмаған. Су жоқ. Адамдарды құтқаруға жағдай жасалмағанын айғақтайтын сәттер көп болды.

Ал егер құтқарушы ескерту жазса, оны қыспаққа алып, ұрса бастайды. Сосын жұмыс беруші оның артынан өз адамдарынан біреуді жіберіп, бәрін қайта тексеріп шығады. Олар бәрін тексеріп, Арселорға бәрі жақсы екенін айтады. Бірақ шынайы ескертулер Арселорға жетпейді.

Сіз басшылықпен сөйлесіп көрдіңіз бе?

Ұйым басшылығы бізбен мүлдем сөйлеспейді. Екі жылдан бері күресіп, кәсіподақ құрдық. Жұмыс беруші кәсіподақ төрағасын еңбекшілердің құқығын қалпына келтірмек болғаны үшін жұмыстан шығарды. Кәсіподақ төрағасының арқасында жалақы 250 мың теңгеге дейін көтерілді. Бірақ бұл мұндай жұмыс үшін тиын-тебен ғана. «Азаматтық қорғау туралы» заңда құтқарушыларға берілетін жалақы мөлшері олар қызмет көрсететін кәсіпорын жұмысшыларының жалақысынан төмен болмауға тиіс деп анық жазылған. Яғни, олар да шахтерлер сияқты еңбекақы алуы керек, өйткені олар да дәл солай өз өмірін қатерге тігеді.

Бірақ «КӘАҚҚ РОШ» басшылығы бізге еш жауап бермеді. Тек енді ғана, біздің жағдайымыз жұртшылық назарына іліккен соң, олар бізге таңғы ас беріп жатыр: иә, әрине, бәлкім жаңа келісім жасармыз. Құқық қорғау органдары ақшаның қайда кететінін анықтауы керек.

Жақсы, құтқарушыларға ақша төлеуде қиындықтар бар шығар делік, бірақ, бөлек ақша бөлінгеніне қарамастан, олар жабдықтаумен де айналыспайды ғой. Ал Арселорды мемлекет меншігіне беру әрі қарай не боларын болжап болмайтын жағдайды одан сайын күрделендіреді.

Жақында өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының орынбасарымен кездестік. Бұл бөлім біздің «КӘАҚҚ РОШ» ғимаратының бүкіл бір қабатын жалға алады. 2023 жылы олар жалпы ауданы 489 шаршы метр үй-жайды жалға алғаны үшін 3 миллион теңге, ал коммуналдық қызметтерге 1,9 млн. теңге төлеген. Яғни, бөлім біздің ЖШС-мен коммерциялық байланыста. 2022 жылы басқарма «КӘАҚҚ РОШ» үстінен тексеру жүргізген, олардың мәліметтері бойынша, бұзушылықтар анықталмапты. Құрал-жабдықтар да тамаша жағдайда.

Бірақ жабдық 1970 жылдардан бері еш жаңартылмаса, тек үнемі жөнделіп келген болса, жағдай қалай жақсы болуы мүмкін? Ал соңғы жылдары жөндеу жұмыстары да тоқтап қалды. Респираторлардың қызмет ету мерзімі 10 жыл, оның мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Бірақ олар құтқарушылардың бірі өліп қалғанша күтіп жүре тұрмақ.

Олар жұмыс берушінің әрекетінен неге заң бұзушылықты көрмей отырғаны туралы енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жазбақпыз. Мұның қалай аяқталатынын білмейміз.

Ұйым мемлекет меншігінде болған кездерде аз да болса тәртіп, бақылау болды. Тексерулерге тыйым салынбаған еді. Бұл жөнінде еңбек инспекциясына талай рет хабарластық, олар бізге жақтасып жатыр. Бірақ заңбұзушылық пен теріс пайдалануға бүкіл айғақты облыстық прокуратураға жібергенімізде, бұл жеке бизнес екенін айтады. Оның тексерулері жөнсіз. Сөйтіп ол бассыздық жасай береді. Дегенмен бұл дүкен сияқты қарапайым нысан емес, ол — күрделі өндіріс орны.

Жұмыс беруші жазасыз қалған сайын өзін еркін сезініп, қалағанын жасайды. Олар жұмысшыларды адам құрлы көрмейді. Келіссөз үстеліне аттап баспайды. Неге жұртшылық қазір шығып, осы мәселелердің бәрін әшкерелеп жатыр? Егер жұмыс беруші дер кезінде келіссөз үстеліне отырып, қандай да бір іс-қимыл жоспарын бірге жасасақ, әйтеуір бірлесе отырып, жағдайды түзеуге әрекет етсек, бізде ешқандай шағым болмас еді.

Ал бізді тіпті басшылықтың кеңсесіне емін-еркін кіргізбейді. Бірде біздің кәсіподақ қызметкерін басшылыққа кіріп, тыныс алу аппараттары мен құрал-жабдықтарға қатысты сұрақтар нақтыланғанша шығудан бас тартқаны үшін жазалады. Директор Сатылғановтың кеңседен кету туралы бұйрығын орындамады деп, оған қатаң сөгіс жариялады. Бірақ не үшін?

Оның үстіне, жұмыс беруші өз кәсіподағын құрып, мұны біздің кәсіподақты тіркеумен қатар жүргізді. Олар жұмысшыларға қысым көрсетіп, жұмыстан шығарамыз деп, өз кәсіподағына кіргізді. Бізде құтқарушылардың күштеп кіргізген кәсіподақтан кеткісі келетіні туралы видео бар, өйткені ол кәсіподақтың төрағасы ештеңе істемейді, кәсіподақтың басшысы мамандығы бойынша аудармашы. Бұл саланың қыр-сырын түсінбейтін аудармашы құтқарушылар одағының төрағасы бола ма?

Еңбек инспекциясынан бөлек, басқа да мемлекеттік органдарға хабарластыңыз ба?

Біз прокуратураға хабарластық. Сол жерде бізді еңбек инспекциясы бөліміне жіберді. Amanat партиясына хабарластық, олар да бізді инспекцияға жіберді. Ал инспекцияға барсақ, олар тексереді, шешім шығарады, бірақ прокуратура оны бұзады. Біздің Қарағанды филиалының директоры Диханбек Сатылғанов бізге: «қазір мен Бас прокуратураға хабарласамын, бұл мәселені шешеміз», – дейді. Бірақ олар мұны өз қажетіне сай шешеді, ал біздің аяғымыз тұсаулы.

Жақында ғана облыстық прокурор орынбасарының қабылдауында болдық. Ол мәселені жете түсініп, реттеуге тырысатынын айтты. Бірақ сол күйі одан жауап жоқ.

Біз әлі ереуіл өткізбедік, өйткені бәрін адамдыққа сай жасағымыз келді, заң аясында ғана жұмыс істедік. Құқық қорғау органдарына арыз жазбақпыз, олар қылмыстық іс қозғасын, ақшаның қайда кеткенін тексерсін. Бүгінде отбасылар да өз наразылығын ашық білдіруге дайын, жұртшылыққа күнкөріс үшін бірдеңе керек.

Қоғам белсенділері облыс әкімдігіне 1 желтоқсанда митинг өткізу туралы өтініш те жазған. Алматыда да қоғам белсенділері өтініш берді.

Сіздің кәсіподақтың мүшелеріне қазір қандай да бір қысым бар ма? Жалпы алғанда, олар сіздің жұмысыңызға кедергі жасала ма?

Біз одақты 2021 жылы құрдық. Содан бері жұмысымызға үнемі кедергі жасап келеді.

Мәселен, біз үш жыл сайын құтқарушыларды аттестациядан өткіземіз. Бұл өте маңызды сәт. Өйткені «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, «КӘАҚҚ РОШ» құрамы құтқарушы мәртебесі бар әрі мерзімдік бастапқы аттестациядан өткен адамдардан тұруы керек. Яғни, құтқарушы мәртебесін алмай, адамның шахтаға түсуге құқығы жоқ. Аттестациядан өтуі керек.

Бірақ біздің ұйымда бұл рәсім түрінде ғана жасалады. Ереже бойынша, комиссияның 5 мүшесі болуы керек, ал іс жүзінде сол жерде 1-2 адам ғана болады. Жаттығуларды орындауға жағдай жасалмаған. Біздің кәсіподақтың төрағасы аттестациядан өтіп, оң қорытынды алған еді, бірақ біз жалақыны көтеруді талап ете бастағандықтан, «жөнге салуға» жаңа директор жіберді. Ол соңғы аттестацияның қорытындысын қабылдамады, себебі комиссия толық емес әрі кәсіподақ төрағасы барлық оқу-жаттығуларды тапсырмаған. Бірақ бұл оның мәселесі емес — аттестациялауды ұйымдастыру жауапкершілігі жұмыс берушіге жүктелген.

Сотқа апелляциялық шағым жазып, дәлелдемелердің барлығын жинадық, оған барлық қызметкер қол қойды. Бірақ сотта материалдарымыздың іске қатысы жоқтығын айтты. Сол сәтте біздің құтқарушылар бүкілін жұмыстан шығару керек екенін, өйткені олардың әрбірі осындай жағдайда аттестациялаудан өткенін алға тартты. Жұмыс беруші мен соттың қисынына салсақ, «Казахстанская» және «Костенко» шахталарындағы апаттардың салдарын жоюға құтқарушылардың ешбірінің құқығы жоқ болып шықты. Өйткені бұл қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу болып саналады.

Дегенмен бұл түптеп келгенде кәсіподақ төрағасына ықпал етудің тұтқасына айналды. Енді жұмысшыларға былай дейді: егер жұмыс берушінің кәсіподақ ұйымына кірсеңіз, сіздің аттестацияңыз есептеледі. Сонымен қатар, жұмыс берушінің кәсіподағына кірмей, қызметте көтеріле алмайсыз.

Бұл көптеген мысалдың біреуі ғана, олардың бәрін ұзақ тізбектеп шығуға болады.