3711
14 декабря 2023
Вячеслав Абрамов, фото primeminister.kz

Министр Жамаубаевтан айла-шарғы сабағы

Қаржы министрі шенеуніктердің салық декларациясы неге жария болуы керек екенін түсінбейді

Министр Жамаубаевтан айла-шарғы сабағы

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа тағы да шенеуніктердің (оның ішінде өзінің де) кірісі туралы декларация қашан жария болатыны туралы сұрақ қойылды. Министр бұған дейінгі әдетіне басып, тағы да тура жауаптан тайқып кетті.

“Декларацияны жариялауға қатысты норма барлығына, яғни мемлекеттік қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, ірі бизнесмендер мен студенттерге де ортақ болуы керек деп есептеймін”, – деді қаржы министрлігінің басшысы.

Министр Жамаубаев қулыққа салып тұр. Ол қарапайым азаматтар мен жоғары лауазымды тұлғалардың табысы туралы декларация арасындағы айтарлықтай айырмашылықты түсінбеуі мүмкін емес.

Барлық азамат декларациясын жариялауы – міндетті норма емес. Олар билікке барған жағдайда ғана декларациясы жария етілуге тиіс. Атқарушы билікке бара ма, заң шығарушы органға бара ма, бәрібір.

Мысалы, сайлау комиссиялары депутаттыққа үміткерлердің декларациясы туралы ақпаратты жинап, мұқият тексереді, бірақ оны жария етпейді – мұның еш қисыны жоқ, себебі сайлау комиссиясы болашақ депутаттардың иелігінде не бар екенін біледі, ал халық бұдан хабарсыз қалады.

Лауазымды тұлғалардың және олардың туыстарының декларациясы не үшін жариялануы керек екені түсінікті: министр немесе депутаттардың жылына қанша табыс тапқанын азаматтар білуге құқылы. Табыс дегенде жалақы, сыйақы, депозиттегі пайыз табысы, пәтер, көлік немесе Дубайдағы вилла сияқты оның иелігіндегі барлық зат есепке алынуы керек. Шенеунік осы вилла үшін өмір бойы ақша жинаған болса немесе билікке келмей тұрып сатып алған болса, онда мұнда ешқандай қылмыстық әрекет жоқ.

Егер шенеуніктердің жұбайының Дубайда он вилласы және бірнеше миллиард табыс табатын бизнесі болса, ол туралы прокуратурамен бірдей деңгейде халық та білуге және ол қаражат қайдан шыққанын сұрауға құқылы.

Қазақстанның жаңа тарихында ондаған министр, әкім және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар жемқорлық үшін сотталды. Олар пара алды, шетелге ақша шығарды, активтерге ие болды – мұның бәрі зерттеу нәтижесінде ғана анықталды.

Шенеуніктердің кірісі мен шығысы туралы декларация жемқорлықты тоқтата қоюы екіталай (ешкім аңғал емес), бірақ бұл күресте маңызды қадам бола алады. Дегенмен алдымен декларацияны енгізу үшін, енді шенеуніктердің декларациясын жария ету үшін ұзақ созылған күрес үнемі сәтсіз аяқталып келеді.

Шенеуніктердің ашық болуы – олар мемлекеттік, қоғам алдындағы қызметке кіру кезінде дайын болуы керек қажетті шара. Бұл мемлекеттік қызмет мектептерінде өтуі керек қарапайым сабақ, оның орнына қаржы министрінің елге айла-шарғы бойынша шеберлік сабағын өткізуіне куә болып отырмыз.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.