4220
13 февраля 2024
Ақбота Узбекбай, Власть

«Біз тегіміздің тарихын тек ерлер жағынан білеміз»

Тарихқа жаңа көзқарас туралы

«Біз тегіміздің тарихын тек ерлер жағынан білеміз»

«Ата-әжемнің әңгімесі – менің тарихым». Қазақстан тарихын халық аузынан жиналған әңгімелер арқылы жазуға ниеттенген Terek Story бастамашылар командасының ұстанымы осындай. Власть жоба командасымен өткен шаққа жаңа көзқарас, отбасы этнографиясы, отбасы естеліктерінің географиялық цифрлық картасын құруға деген ұмтылыс туралы әңгіме өрбітті.

Читайте этот материал на русском.

Lest diesen Text auf Deutsch (Novastan.org).

Terek Story былтыр мамырда іске қосылды, оның серіктестері – Aul Inspired және Саяси шешімдер орталығы. Үш айға созылған жобаның пилоттық кезеңінде Қазақстанның әр түкпірінен 26 әңгіме жиналды.

Қазір командада 11 адам бар. Пилот кезінде уоркшоптар өткізіп, отбасы этнографиясы туралы бірнеше эпизодтық подкаст та шығарған.

«Мен бала кезімнен тарихқа қызықтым. Университетте осы мамандық бойынша оқыдым. Көп адам тарихты бізге мүлдем қатысы жоқ, бірсарынды және іш пыстырар даталар деп ойлайды. Шын мәнінде тарих – сенің өткенің, отбасыңның өткені», – дейді жоба жетекшісі Гүлназ Төленова.

Terek Story әңгімелерді екі тәсілмен жинайды: Instagram желісінде парақша бар, кез келген адам жоба командасымен байланысып, отбасының тарихын баяндай алады. Болмаса, әлеуметтік желіде постты өзің жазып, арнайы хэштег қосуға болады. Жобаның парақшасында бағыттаушы сұрақтар бар: «Сізге мектепке барған ұнайтын ба еді?», «Ата-анаңыздан жасырған құпияңыз болды ма?», «Балалық шағыңыздың дәмі қандай?», «Алғашқы махаббатыңызды қашан және қайдан кездестірдіңіз?», т.б. Әңгімелерді жинаудың екінші тәсілі – бетпе-бет сұхбат.

Төленова туыстарының арасында жасы үлкен адамдар қалмағандықтан, нағашы әжесінің әңгімесін жазып алуға тырысып жүргенін айтты. Оның айтуынша, бұл тарихқа жаңаша қарауға көмектеседі.

«Мысалы, менің әжем Ашаршылық кезінде екі баласымен қалған, қиындыққа қарамастан төркініне оралған. Ашаршылық менің отбасыма тікелей әсер етті. Жақында арғы атам Аңырақай шайқасы кезінде Таразға қоныс аударғанын білдік. Енді Аңырақай шайқасы мен үшін алыстағы оқиға емес, менің отбасыма қатысы бар тарих, соның салдарынан біз қазіргі мекенде өмір сүріп жатырмыз», – дейді ол.

Төленованың айтуынша, Қазақстан тарихы қатты бұрмаланған, онда олқылық көп. Ол Terek Story адамдар тарихтың өз нұсқасын бөлісе алатын алаң болғанын қалайды.

«Қазір біз тарихтың айтылмай қалған, жетпей қалған тұстары көп екенін түсінеміз. Әр рудың, сол рудың әр мүшесінің айтпағы, пікірі мен баяны бар ғой», – дейді ол.

Төленова ата-әжеңнің тарихын білу өзіңнің түп-тамырыңа қатысты көп сұраққа жауап бере алады деп есептейді: «Аға буынның кейбір отбасы мүшелері ауылда, ал олардың балалары мен немерелері қалада тұрады. Сосын олар «мен кіммін?» деген сұрақ қоя бастайды. Жауапты рефлексия барысында, дәлірек айтсақ, жеті атаңды білу арқылы табуға болады. Біз сұрақ қойған кезде біраз нәрсе анық бола түседі».

Жиналған әңгімелер

«Мен әжемнің қолында өсіп, тәрбиесін көрдім». – Жандос Ақтаевтың Ырысалды әжесі туралы әңгімесі осылай басталады. Оның есімі қазақ тілінде бақыттың, жақсылықтың жаршысы деген мағына береді. Ол 1926 жылы Қостанай облысының Шиелі ауылында дүниеге келген. Ашаршылықты да, соғысты да, Кеңес Одағы кезін де бастан өткерді, ел тәуелсіздік алған уақыттың да куәсі болды.

«Әжем әкесінен ерте айырылып, жастайынан еңбекке араласуға мәжбүр болған. Ол уақыт кім-кімге болсын қиын соқты», – дейді немересі.

Соғыс басталғанда ол небәрі 15 жаста еді, ағалары майданға аттанып, өзі тылда еңбек етті. Немересі Жандостың айтуынша, Ырысалды бұл кезді әрқашан мақтанышпен еске алып, қиындыққа қарамастан, майдандағы ағаларына көмектесудің бірден-бір жолы осы болғанын айтады екен.

Соғыстан кейін ол ауыл шаруашылығында еңбек етуді жалғастырады. Сосын түрлі этникалық топтарды Қазақстанға көшіру басталады.

Әжесі қазақтың ұлттық тағамдарын ғана емес, Кавказ (шешен) үзбесін, дірілдек, басқа да тағамдар пісіргенін баяндай отырып: «Оның өскен ортасы бойында өзгелерге деген толеранттық сезімін оятқаны сөзсіз. Ол кезде барлық этнос өкілдері аштықты бірге өткеріп, бір-біріне қолдау көрсете білді, біріге білді», – деп еске алады.

Соғыстың кесірінен Ырысалды білім ала алмаған, бірақ балалары мен немере-шөберелерінің білімге ұмтылысын үнемі қолдаған. «Білім – кедей мен байды теңестіреді» деген сөзді қайталап отырады екен.

«Әжем адал еңбек пен отбасылық құндылықтар ғана бізді мықты әрі бақытты ете алады дейтін үнемі. Әжем 2023 жылдың ақпан айында 97 жасында дүниеден өтті. Қазір арамызда болмаса да, даналығы жүрегімде мәңгі сақтаулы. Ол ұрпағының есінде қазақ мәдениеті мен дәстүрінің ең жақсы үлгісін көрсете білген қайратты да мейірімді әйел ретінде мәңгі қалады», – деп қорытады Жандос Ақтаев әжесі туралы әңгімесін.

Terek Story командасы жинаған тағы бір әңгімеде 1942 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дүниеге келген Рыскелді Жақашұлы өзінің жастық шағын, екі қыз бен төрт ұл өсірген ата-анасын еске алады. Олар Талдыда өскен, қазір бұл жер – Алматы облысы Кеген ауданына қарайтын Бөлексаз ауылының жайлауы. Жақаш майданға кеткенде Әбзел жүкті болған. Сондықтан оған «ырыс келді» деп ырымдап «Рыскелді» деп ат қойыпты. Алайда, әкесі соғыстан ақыры оралмаған.

Анасы Әбзел совхозда сауыншы болып істейді. Айтуынша, үнемі басынан кимешегін тастамайтын, кірпияз, өте ұқыпты, үстіне шаң жуытпай таза жүретін адам болған.

Рыскелді Жақашұлы бала кезден ағаш жонып, түрлі бұйым жасау өнеріне де қызыққан. Ең алғаш қораның тақтайын қырып-жонып бір зат жасап, өскен соң тұрмысқа қажетті көптеген дүние жасайды.

«Ерте жастан шаруаға араластық, кейде ойынға да уақыт табатынбыз» деп еске алады. Сиырдың түлеген өлі жүнінің ортасына тас салып илеп, одан доп жасайтын болған.

«Сосын ауылда қандай да бір қуаныш, той-жиын болса, айтыссыз өтпеуші еді. Киіз үйдің киізі түріліп, сахнаға айналатын. Сыртына жайғасқан жұрт екіге бөлініп, айтыскерлердің өнерін тамашалайтын. Сондай-ақ ол кезде жастар ақсүйек ойнайтын», – деп еске алады ақсақал.

Талдыда төрт жылдық мектепте оқып, кейін Кегендегі пансионда жатып білім алады. 8-сыныптан соң Жалаңашта шопырлықты оқиды. Сосын Владивостоктағы теңіз флотында әскери қызмет етіп, сол жақта машинист-турбинистің оқуын оқиды.

«Тынық мұхитта неше түрлі тапсырмамен ұзақ мерзімдік экипаж сапарында болдым. Экватордан асып, Индонезияда болдық. Ол жақтағы халықтың ас-суы құнарсыз екен, әскердің паегімен тамақтандық», – дейді Рыскелді Жақашұлы.

Әскерден қайтқан соң, Тұйық ауылындағы кеніште шахтер болып жұмыс істейді. Ол жерден мырыш, қорғасын өндіріп, оларды өңдеу үшін Текелі қорғасын-мырыш комбинатына жіберетін. Кейін Кегенде кран жүргізушісі болып қызмет етеді, отау құрып, бала-шағалы болады.

«Ауызша тарих архиві – ғылым үшін де пайдалы»

Жоба жетекшісі ата-баба буындарының генеологиялық кестесі болып келе жатқан шежіре еркектер туралы сол жыныс өкілдерінің призмасынан ғана жазылып жүр деп санайды. Оған әйелдердің кірмей қалуымен келіспейді. «Біз әйелдердің орнын елеусіз қалдырмауымыз керек», – деп санайды Төленова.

Жазушы, «Отбасы этнографиясы немесе өз хатыңды қалай отарсыздандыру керек?» онлайн курсының авторы, жобаның бастамашыл тобына консультация беріп жүрген Эльмира Какабаева да осындай пікірде. Оның айтуынша, әйел көзқарасы арқылы тарихтың әйел жағын көбірек білуге болады.

«Маған үнемі өз тегімнің жеті атасын білуім керек деп айтатын. Сосын онда тек еркектердің аты ғана бар екенін түсіндім, яғни біз тегіміздің тек еркек жағын ғана біледі екенбіз. Бірақ әйелдер де сол өмірді бірге сүреді ғой, олардың өмірі күрделірек дер едім», – дейді жазушы.

Оның ойынша, кейбір мәдениетте әйелдер әлемі жабық болып қалады. Мысалы, әйел антропологтар зерттеу жасағанда оларға әйелдер әлемі еркектерге қарағанда көбірек ашылады. Сондықтан Какабаеваның курсы тек әйелдерге арналған, онда әркім өз әжесі туралы айтып, ой толғата алады.

Төленова әйелдер тарихты жеткізуші деп есептейді – олар балалары мен немерелеріне ертегі айтады, оларға өсе келе тұқымында болып жатқан жаңалықтарды айтып отырады. Сондықтан тарихтың әйел жағын көрсету маңызды деп санайды.

«Әйелдер тарихты бір ұрпақтан келесі ұрпаққа беріп отырады. Біздің жобада әңгімелердің көбі солардан алынды. Бұл қалыпты нәрсеге айналуға тиіс. Қазір Terek айналысып жатқан нәрсе де осы», – дейді ол.

Какабаева отбасы тарихы туралы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ойлана бастапты. Сол кезде ол өзінің ата-әжесімен байланысы туралы толғанып, мәтін жазуды қайта қолға алған. Осылай жазушылық курсын бастаған.

«Мен осы жайында ой толғатып, олар (ата-әжесі – В.) қым-қуыт өмір кешкенін түсіндім. Бұл ХХ ғасырдың басына тұспа-тұс келді, үлкен өзгерістер заманы еді. Мен кенет олардың өмірі – менің тарих оқулығым екенін түсіндім. Мектепте оқығанның бәрі ұмыт болады. Біз емтиханға ғана қажет кейбір даталарды білеміз. Уақыт өте келе оларды да ұмытамыз. Сосын өз туыстарыңның, аталарың мен әжелеріңнің өміріне зер саласың, олар да сондай өмір сүрген, кенет осының бәрін жан-тәніңмен түйсініп, сол тарихи процестің өнімі екеніңді түсінесің», – дейді ол.

Какабаева отбасы тарихын қазбаласа, қалай да жаңа бірнәрсе табуға болады деп санайды. Бұның бәрі отарсыздану түсінігіне әкеледі.

«Өмір неліктен басқаша емес, дәл осылай қалыптасқанын білуге болады. Ең қызығы, біздің ата-әжелеріміз қазіргі жағдайға алып келген қандай өмірлік таңдау жасағанын біле аламыз, – деп ой түйеді ол. – Сонымен қатар өзгеріссіз күйде қалып қойған нәрсені сынай алғанымыз да отарсыздану белгісі, бұндай нәрсені де қозғап, нүкте қою қажет».

Какабаева қазір жоба командасына түрлі мәселе бойынша көмектесіп жүр. Оның айтуынша, жоба бірінші кезекте академиялық зерттеушілерге пайдалы болады.

«Бұл – естелікті сақтау туралы пайдалы жоба. Мысалы, Қырғызстанда “Эсимде” деген жоба бар, соның аясында зерттеушілер командасы ауызша әңгімелерді жинастырады, түрлі тарихи тақырыптарға көңіл бөледі. Ауылдар мен қалаларды аралап, сұхбат алады. Ауызша тарих архивінің болғаны – ғылым үшін де пайдалы», – дейді жазушы.

Жоба жетекшісі Гүлназ Төленова Terek Story да осы бағытпен келе жатқанын айтады. Әңгімелер қажетті мөлшерде жиналған соң, олар жыл мен мазмұны бойынша кластерлерге жіктеледі.

«Сонда біз зерттеушілерді тарта аламыз, болашақта олар тақырыптар бойынша материалдар іздеп тауып, әрі қарай өз зерттеуіне қажет талдау жасай алатын болады», – дейді ол.

Жоба қазақ тілінде жүргізіледі, әңгімелер кейін орыс және ағылшын тілдеріне аударылады.

Терек деген – ағаштың атауы. Жобаның идеясы мен атауын ұсынған – Aul Inspired әлеуметтік жобасының үйлестірушісі Әлия Шайхина. Төленованың айтуынша, ауылда теректі бір қатар бойымен отырғызады, кейде қоршау сияқты етіп өсіреді.

«Менің атам бір күні балаларына көршілес бірнеше үйді сатып алып берді. Олардың үйі терекпен қоршалған еді. Былайғы өмірде аңғара бермейсің, шын мәнінде «Терек» дуал, отбасы ағашы дегенді білдіреді», – деп түсіндірді ол жоба атауын.

Төленованың айтуынша, Terek Story жобасының басты мақсаты – ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасты дамыту, түптеп келгенде бұл айтылмаған оқиғаларды баяндауға көмектесуі керек.

2023 жылғы желтоқсаннан бастап жобаның жаңа кезеңі басталды – енді команда түрлі аймақтардан әңгімелер жинайды. Қазір олар Қазақстанның солтүстігіндегі қалаларға назар аударып отыр, ауылдарды аралап, тарихты сақтап жүрген адамдармен тікелей сөйлеспек. Мамырға дейін 50 шақты әңгіме жинауды жоспарлап отыр.

Terek Story жиналған әңгімелерден географиялық цифрлық карта құруды көздейді. Солтүстік Қазақстаннан кейін елдің оңтүстік аймақтарына бармақшы.

Төленованың айтуынша, жоба тек қазақтарды емес, елде тұрып жатқан басқа да этнос өкілдерін де қамтуға ниетті.

«Пилоттық нұсқада ұйғырдың, немістің, орыс әженің әңгімелері болды. Бүкіл Қазақстанның тарихын баяндағымыз келеді. Еліміз көп этностан құралған ғой», – дейді жоба жетекшісі.

Жобаның пилоттық бөлігінің нәтижесінде жиналған әңгімелер шектеулі таралыммен басылып шықты және соларды айтып берген отбасыларға үлестірілді. Төленованың айтуынша, отбасылар осындай мұраның баспа түрдегі нұсқасын алғанда қатты қуанған. Бұл әңгімелердің бәрі қазір саяси шешімдер орталығының сайтында электронды нұсқада сақтаулы тұр. Болашақта жобаның өз сайты болады, сол жерге барлық әңгіме, сондай-ақ подкасттар мен қазір өтіп жатқан уоркшоптар жинастырылады.