5336
16 февраля 2024
Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, Власть, коллаж Данияр Мүсіровтікі

«Марш болсын». Қазақстанның феминист қозғалысы не үшін күресіп жүр?

Әйелдер шеруі, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы және саяси репрезентациясы

«Марш болсын». Қазақстанның феминист қозғалысы не үшін күресіп жүр?

Былтыр көктемнен бері фембелсенділер 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге он рет ескерту хат тапсырған, бірақ ешқайсына рұқсат берілмеген. Олар биылғы шеруде «Қазақстан әйелдерінің еркіндігі мен қауіпсіздігі» мәселесін көтермек болған. Алайда олар ұсынған тақырыппен өтетін бейбіт жиын «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді» деген жауап алған.

Қаңтарда фембелсенділер Халықаралық әйелдер күнінде митинг пен шеру өткізуге қол жеткізу кампаниясын бастады. Олар пресс-конференциялар мен жалғыз адамдық пикет өткізіп, «митинг үшін митинг» ұйымдастыруға өтініштер беріп келеді.

Власть фембелсенділер мен құқық қорғаушылардың 8 наурызда әйелдер шеруі мен митингін өткізу үшін қалай күресіп жүргенін баяндайды.

Читайте этот материал на русском.

Lest diesen Text auf Deutsch (Novastan.org).

«Полициясы күндіз қала орталығында қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтын қалада тұрудан қорықпайсыз ба?»

«Пикет – белсенділерге Қазақстанның әр өңірінде өткізуге рұқсат беріп жатқан, ойыңды білдіретін жалғыз құрал секілді», – дейді Kazfem феминистік тобының лидері Вероника Фонова. Ол қолына «Сенің маршқа баруың үшін мен осында тұрмын» деген жазуы бар плакат ұстап, Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры алдында өтетін пикетіне аттанды.

Бұл – бір апта ішіндегі екінші пикеті. Алдыңғы акцияда маска таққан Никита Бура есімді азамат пен оның жақтасы пикетке кедергі жасамақ болды. Ол бәрін видеоға түсіріп, «қоғамдық тәртіпті бұзып жатыр» деген желеумен полицияға шағымданған.

«Бұл бір ғана жағдай, адамдардың Конституцияда көрсетілген құқығын қолдануға қорқып, мұны қауіпті деп ойлағанын қаламас едім. Келіспейтіндер әрдайым табылады», – деп түсіндірді белсенді.

Фонованың айтуынша, бұл Никита Бураның фембелсенділерге жасаған алғашқы шабуылы емес, бұған дейін жыныстық зорлық мәселесін көтерген тағы бір белсендінің пикетінде дәл осындай жағдай болған.

«Никита Бура досымен бірге белсендіге шабуыл жасағанда полиция ешқандай шара қолданған жоқ», – деді ол.

Фонова пикет болатын орынға жеткенде оны қолдауға келгендер күтіп алды. Олардың қатарында 2024 жылғы Әйелдер шеруін ұйымдастыру тобының мүшелері, басқа да фембелсенділер бар. Олар бір-бірімен амандасып болған соң, Фонова акцияны екі сұрақтан бастады: «Маған келісілген пикетте шабуыл жасаған адам жазалана ма?»; «Әйелдер құқығы, бостандығы және олардың өміріне қол сұқпау үшін 8 наурызда өтетін митингіге рұқсат беріле ме?».

«Көптеген мәселе бар екеніне куәміз. Заң жобасының оқылымында сталкинг, харассмент мәселесі талқыланды, бірақ аса назар аударған ешкім болмады. Неге мұндай жағдайлар болып жатыр? Әйелдер тұрмыстағы зорлық-зомбылық кесірінен өмірімен қош айтысып жатыр, ал мемлекет бізбен ешқандай диалогқа түскісі келмейді. Меніңше, бұл талқылауды қажет ететін маңызды мәселе», – деп мәлімдеді фембелсенді.

Фонова «сталкинг», «харассмент» ұғымы және басқа мәселелердің назарға ілікпеуін «алаңдатар жағдай» деп есептейді. Бірақ бірнеше күннен кейін, 13 ақпанда ІІМ аталған мәселелер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен «үкімет бас тартпағанын» және бұл мәселелерді «қарап жатқанын» хабарлады.

«Маған шабуылдаған адамға ешқандай шара қолданбайтыны айдан анық. Дәл сол сияқты бұрынғы жүрген қыздарына жазып, ізіне түсіп, аңдитын мыңдаған еркек те жазаланбайды. Ары қарай да қорқытып, қоқан-лоқы көрсетуге көшеді. “Өлтіргенде хабарласаңыз” дегенге саяды. Ештеңе өзгерген жоқ, сол үшін де алаңдауымыз күшейіп келеді», – деп сөзін жалғастырды Фонова.

Фембелсендіні парк не алаңда үш сағатқа ғана жиналатын Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қала полициясының қамтамасыз ете алмайтыны қынжылтады.

«Олар мұндай шаралар қоғамға қауіп төндіреді дейді. Бұл негізгі себеп емес шығар, бәлкім. Бірақ мұны алаңдатар жағдай деп есептеймін. Күндіз қала орталығында полициясы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтын қалада тұрудан қорықпайсыз ба?»

«Біздің акцияларымыз бірігуге, әпкелік танытып, жылап, құшақтасуға мүмкіндік береді»

Фонованың жалғыз адамдық пикеті аяқталғаннан кейін оны қолдауға келгендер жақын маңдағы дәмханаға аттанды. Олар сөз арасында алда өтетін пикеттерді талқылады. Арасындағы фембелсенді Камила Еңсеген де жалғыз адамдық пикет өткізуге Алматы мен Ақтау қаласы әкімдеріне ескерту жіберген.

«Біздің күрес еркектерге, не қандай бір адамдарға таралған күрес емес, біз елімізде заңдардың дұрыс қабылдануын және құқық қорғау органдары дұрыс жұмыс істеуін ғана талап етеміз», – дейді Камила Еңсеген.

Ол мәжілісте талқыланған заң жобасын еске алып, ол жерде отбасындағы жанжал «әйелдің тілі ұзындығынан болады» деген депутат Анас Баққожаевтың пікіріне наразылық білдірді.

«Дені сау қай елдің депутаты мұндай әңгіме айтады?! Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін ең болмаса кешегі заң оқылымында харассмент туралы бір-екі сөз қозғай ма деп ойлағанмын. Бірақ, өкінішке қарай, ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Өзгеріп жатқан тек қыздар», – деді ол.

«Біздің митингілер мен шерулерімізге жыл сайын мың адамдай келеді. Біз көппіз және құқығымыз жайлы айтқымыз келеді. Біз жылына тек бір күн ғана сұрап тұрмыз. Бұл біз үшін – әйелдер өз мәселелері туралы сөз қозғай алатын орын, алаң және орта», – дейді ұйымдастыру комитетінің мүшесі Любовь Воронцова.

Ұйымдастыру тобының тағы бір мүшесі, фембелсенді Мөлдір Албан оларды қолдайтындар артқан сайын кедергі келтіретіндер де көбейіп жатқанын айтады.

«Қозғалыстың өсуіне орай мемлекет пен консерватив көзқарастағы адамдар тарапынан қарсылық туындап жатыр. 8 наурыз жақындаған сайын олар да белсенді бола түседі. Акцияға дайындалудың орнына, күш-қуатымызды екіжақты күреске жұмсауға мәжбүрміз, – дейді ол.

Воронцова жыл сайын әйелдер акциясының тақырыбы да өзгеріп тұратынын айтады. Биылғы митинг қазақстандық әйелдердің қауіпсіздігі тақырыбына арналмақшы.

«Бұл тек заң төңірегіндегі мәселе емес, сондай-ақ, оның іс жүзінде іске асуы жайлы болмақ. Мен үшін жұмыс орнындағы, білім алу саласындағы, мемлекеттік органдардағы алалау – қауіпті орта. Сонымен қатар, бейбіт митинг пен шеруде де өзімді қауіпсіз сезінуім маңызды», – деп есептейді Воронцова.

Құқық қорғаушы, ұйымдастыру комитетінің мүшесі Татьяна Чернобильдің айтуынша, бейбіт митингті ұйымдастыруға дейін олар «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін» фембелсенділердің әрекеті емес, керісінше, оларға қауіп төніп тұрғанын дәлелдеу үшін күш жұмсауы керек.

Соңғы мысалдың бірі – 13 ақпанда «ЛГБТ өкілдері Қазақстанның болашағына қауіп төндіреді» деп, 8 наурызда шерулер мен митингілерге тыйым салуды талап еткен консерватив көзқарастағы желтоқсаншылардың наразылығы. Олардың бұл әрекетіне жақында Желтоқсан ескерткіші маңында 8 наурыз күні марш өткізуді талап етіп шыққан фембелсенді Ақторғын Ақкенжебаласының пикеті «түрткі» болған көрінеді.

«Қаншама хейтке төзуге мәжбүрміз. Сөйте тұра мемлекеттен ешқандай қорғаныш көріп жатқан жоқпыз. Біз өткізген акциялардың бірде-бірінде қоғамдық тәртіпті бұзатын жағдайды байқамадық», – дейді Чернобиль.

Фембелсенді Қырмызы Рүстембекқызы мұндай пикет, митинг, шерулер әйелдерге бірігуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біз осындамыз, біз бармыз және бізге қолдауларыңыз керек деп айтқымыз келеді. Осылайша қоғам күнделікті сексизмге, қорлауға, зорлық-зомбылыққа, қорқытуға және гомофобияға тап болған әйелдерге жанашырлық таныта алады», – деп түсіндірді фембелсенді.

Чернобиль мемлекеттік органдар мен оларға қарсы тұратындар «мәселелерің болса, айтыңдар, шешіп береміз» деп айтатынын еске алды.

«Алайда мұндай акциялар біз үшін бірге жиналып, әпкелік танытып, құшақтасып, жылап алуға мүмкіндік беретін жер. Осы үшін де әр митинг, шеруден кейін бізге рахмет айтып жатады», – деп түсіндірді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы өздерінің қандай да бір «қолшатыр ұйым емес» (институттар бірлестігі) екенін, бар болғаны үлгі болуға тырысатын адамдар тобы екенін атап өтті.

«Біз Қазақстандағы бүкіл әйелдің сөзін жеткізе алмаймыз. Бір мәселені көтергіңіз келсе, көтеріңіз, біз сізді қолдаймыз», – дейді Чернобиль.

Сөз соңында Мөлдір Албан қаншама қарсылыққа қарамастан, аймақтарда да халықтың феминизм жайлы хабары артып жатқанын атап өтті.

«Қазақстанда феминизм дами береді, әр қыз өзінің құқықтары бар екеніне, тұрмысқа шығудан басқа да мақсаты болатынына сене бастады. Әлемді шарлау, қызметте өсу, оқу сияқты басқа да мақсаттар қойып жатыр», – деп қорытындылады Мөлдір Албан.

«Феминистер үлкен саяси күшке айналып барады»

Feminita қозғалысының негізін салушылардың бірі, Әйелдер шеруін ұйымдастыру комитетінің мүшесі Жанар Секербаева да 14 ақпан – «Ғашықтар күнінде» Алматыда жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол бір жақ бетінде «Досаев, менің жүрегімді жараладың», ал екінші жағында «Арманымдағы Шеруге сезімімді жеткізгім келеді» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Ол жылдан-жылға 8 наурызда акцияны өткізу үшін күрес қиындап бара жатқанын жеткізді.

«Бұл күресті 2017 жылдан бері жүргізіп келеміз. Әкімдікпен жүргізіп келе жатқан көзге көрінбес күресімізді көбі білмейді. Бізге күн сайын бас тартады, күнделікті күрес жалғасып келеді. 2021 жылы әкімдік бізге рұқсат беруі үшін біз 2017 жылдан бері көп еңбектендік. Ал 2022 жылы олар шеру өткізбей, тек митинг өткізіңдер деді. Одан кейін барып, 2023 жылы митингке қол жеткізу үшін “митинг үшін митинг”, баспасөз конференциясын өткіздік. Ал биыл олар тіпті келісім де бермей отыр, үш рет бас тартты», – дейді ол.

Секербаева билік фемқозғалыстар көбейіп, үлкен саяси күшке айналып бара жатқанынан қорқады дейді.

«Оларға тақырып ұнамайды деп ойламаңыздар. Тақырыптың несі ұнамайды? Қазақстан әйелдерінің еркіндігі мен қауіпсіздігі ұнамай ма? Оларға тағы қандай тақырып керек? “Біз сені жақсы көреміз, Досаев” деп жазып берейік пе?» – дейді фембелсенді.

Оның ойынша, биліктегілерге мұндай акцияларға лесбияндардан бастап транс-әйелдерге дейін әртүрлі әйелдер қатысатыны ұнамауы мүмкін.

«Олар да әйел. Біз оларға “сендер басқа әйелсіңдер” деп айта алмаймыз ғой, дәл сол сияқты мүгедектер арбасындағы әйелдерге келуге шектеу қоя алмаймыз. Халықаралық әйелдер күнінде бәрін қатысуға шақырамыз. Инклюзия, интерсекционалдық туралы айту өте маңызды», – деп түсіндірді Секербаева.

Ол басқа да фембелсенділер секілді төрт жыл күресте кемсітуге қарсы заңнаманың шықпағанына наразы. Сол себепті Секербаева үкімет сияқты парламент те отставкаға кетуге «лайық» деп есептейді.

Секербаева зорлық-зомбылықты тек мәдени өзгерістер арқылы ғана жою мүмкін емес дейді:

«Біз тренингтер өткіземіз, сананы дамыту жолында жұмыс істейміз. Бірақ оған ер адамдар өте аз келеді. Ол зорлық жасамауға тиіс екенін қалай түсіндіреміз? Патриархал көзқарастағы ер адамға тек қылмыстық жауапкершілік қана әсер етеді. Мұндай абьюзерлерді не тоқтатады? Сөз әсер етпейді, митингілер әсер етпейді. Бұл жолда әрекет етіп жүрген адамдардың еңбегін зая кетті демеймін, бірақ ол да абьюзерлерді тоқтатып жатқан жоқ», – дейді ол.

«Күніне ауылда қаза тауып жатқан әйелдердің есімін білесіз бе? Ешкім де білмейді. Олар БАҚ назарына ілікпейтін шығар бәлкім, бірақ олар қаза тауып жатыр. Фемицид 1990 жылдардан бері болып жатыр. Назарбаев билікте болған кезде де заң жобасы болған жоқ, қазір де жоқ. “Жаңа Қазақстанның” құны қанша? Әйелдер өлімі бар “Жаңа Қазақстан” ба? Мен бұған қарсымын», – деп қорытындылады Секербаева.

«Әйел құқығы “Алаш” қозғалыс өкілдерінің күн тәртібінде де болған»

Құқық қорғаушы, фембелсенді Әйгерім Құсайынқызы әкімдіктің 8 наурыз күні бейбіт шеруге рұқсат бермеуі, жалпы «митинг өткізуге рұқсат сұраудың» өзі – бірінші кезекте адам құқығына қайшы келеді дейді.

«Рұқсат керек» деген сөздің өзі абсурд естіледі. Сен мемлекетке наразы болсаң, наразы екеніңді көрсету үшін, сол наразы органнан рұқсат аласың», – дейді ол.

Алайда құқық қорғаушының сөзіне қарағанда, бұған дейін мемлекет 8 наурыздағы митингіге рұқсат бергісі келмесе де, мұны халықаралық ұйымдарға есеп бергенде өте тиімді пайдаланады.

«Бірақ биыл рұқсат бермесе, Қазақстанның шетелдегі ғана емес, ішкі жағдайына негатив әсер етеді деп ойлаймын», – деді құқық қорғаушы.

Әйгерім Құсайынқызы

«8 наурыз – тек қана аналар балаларынан, жақындарынан гүл алатын күн ғана емес, ол жалпы Қазақстандағы әйелдердің қандай мәселесі бар екенін айтатын күн. Әйелдерге білім алуға, жұмысқа шалбар киіп баруға құқық алуға күрес болған күн. Мейрамның тарихи мәнін еске салатын күніміз», – дейді Құсайынқызы.

Құқық қорғаушы феминистерге қарсы «феминизм батыстан келген ұғым», «қазаққа феминизм жат ұғым» деген пікірлер айтылатынын, бірақ бұл күрес «Алаш» қозғалыс өкілдерінің де күн тәртібінде болғанын атап өтті.

«Қазақстандық әйелдер жүз жыл бұрын да күрескен. Нәзипа Құлжанованың мысалы бар. 1907 жылы Семейде қазақ әйелдерінің съезі өткен, сол кезде қазақ әйелдері мен еркектері бірге мәселе көтерген», – деді Құсайынқызы.

Ол қаншама жыл гендерлік үшін күрес жалғасып келсе де, әлі де шешілмеген проблемалар бар екеніне назар аударады. Соның бірі – биліктегі әйелдер үлесінің аздығы.

«Жақында құрылған үкіметте 26 адамның төртеуі ғана әйел. Министрлердің 88 орынбасарының 10-ы ғана әйел. Саясаттағы әйелдердің үлесі бізде 20%-дан төмен. Қазақ халқының 52%-ы әйел, соның назын, шағымын билікке кім жеткізіп жатыр? Бізде демократиялық үкімет болып, парламенттегі, үкіметтегілердің жартысы әйел болғанда, әйелдердің мәселесі қазіргідей емес болмас па еді, бәлкім?» – дейді құқық қорғаушы.

Фембелсенді заңдағы бір бап көп нәрсені бірден шешпейтінін, сонымен қатар мәдениет те, әйелге деген көзқарас та өзгеруі керек деп есептейді. Ол қоғамда әйелдің тұлға ретінде қарастырылмай, әлеуметтік рөлі бірінші орынға шығатынына қынжылады.

«Әйелдерге тек ана деп қарайтын көзқарастан арылуымыз керек. Әйел деген – президент, әйел – ғалым, саясаткер. Тек ана деп қарайтын көзқарастан арылған кезде ғана бізде әйелдерге деген көзқарас өзгереді. Ана болмасаң, әйел ретінде құрметті болуға лайық емессің деген сияқты көзқарас бар», – дейді фембелсенді.

Әйелдің әлеуметтік рөлін бірінші орынға қою, өкінішке қарай, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы шығып жүргендер тарапынан да байқалады дейді Құсайынқызы.

«Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы шыққанда “қыздарды ұрмаңдар, себебі ол сенің анаң, қарындасың, сіңлің” дейді. Неге сен мені тек қарындасың, сіңлің ретінде көруің керек? Адам ретінде көре алмайсың ба? Бұл – ғасырлар бойы қалыптасып келген патриархал призма. Сонда қарындасың болмасам, мені ұруға бола ма?! Әйелдің әлеуметтік рөлін бірінші көру – оның адами құқықтарын құнсыздандыру, ғасырлар бойы күресіп келе жатқан феминистер еңбегін жоққа шығару», – деп есептейді құқық қорғаушы.

Құсайынқызы Әйел құқығы үшін күрес кешенді жүру керек деп есептейді, ол мәжілісте тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң жобасын талқылауда жұмыс тобында жан-жақты адамдардың болуынан бастап, қоғамда әйел мәселесін құнсыздандырып жатқан сериал, фильмдердің өзгерісіне дейін болу керек.

«Мәдениетіміз басқа бағытта, саясатымыз басқа бағытта келе жатыр. Бұл күрес әлеуметтік әділет үшін, адам құқығы үшін, ертеңіміз жарқын болуы үшін күрес керек. Ол тек микродеңгейдегі белгілі бір әйелдердің ғана мәселесі емес. Біз бір революция жасап, әйелдерді өзгерткіміз келіп жатқан жоқ. Біздің тілегіміз – қазақстандық әйелдердің өмір сүру сапасын жақсарту», – деп қорытындылады Әйгерім Құсайынқызы.