6432
11 марта 2024

Он бір журналист темір тордың ар жағында: Қырғызстан қудалаудың жаңа дәуіріне аяқ басты

Бір кездері аймақтағы ең еркін деп саналатын елді үрей биледі

Он бір журналист темір тордың ар жағында: Қырғызстан қудалаудың жаңа дәуіріне аяқ басты

Илья Лозовский, коллаж авторы Джеймс О'Брайен

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English (OCCRP).

16 қаңтар күні жас қырғыз журналисі Айке Бейшекеева торт алып, жиырма үш жасқа толған күнін әріптестерімен бірге атап өтпек болады.

Бірақ туған күн тойлауды жазбапты. Сол күні таңертең Бейшекееваны «жаппай тәртіпсіздікке шақырды» деген күдікпен үйінен ұстап әкеткен. Бірнеше аптадан бері ол Бішкек орталығындағы шағын сұрқай ғимараттардан тұратын лабиринт — №1 тергеу изоляторында сотын күтіп отыр.

Айкенің анасы Назгүл Матанаева сот отырысында қызының өзін батыл ұстағанын, бірақ шаршаңқы болғанын еске алды. «Қанша қайсарлық танытса да, көзінен бәрін көріп тұрмын, — дейді ол. — Анасымын ғой, бәрібір сеземін… Ұйқысы да қанбай жүр”.

Матанаева есі шыққаннан не істеп, не қойғанын білмей қалды. «Бірден жүдеп кеттім, екі аптадай түнімен ұйықтай алмадым. Бір нәрсеге көңіл бөлмесем, жаман ой иектей бастайды, — дейді Назгүл Матанаева. — Жиырма үш-ақ жаста, мен үшін әлі сәби. Ана үшін бала әрдайым кішкентай».

Жасына қарамастан, Бейшекеева маңызды жұмыс атқарды. Оның еңбек жолы бірнеше ай бұрын ғана басталды: ол Temirov Live жобасына жұмысқа қабылданды. Бұл – видео түрінде зерттеу жариялайтын журналистер командасы, кейде зерттеулерін дәстүрлі қырғыз жыры түрінде де беріп жүр. Команда талай мәрте елдегі жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы жемқорлық туралы хабарлаған.

Айке Бейшекеева қамауға алу бойынша аппеляциялық шағым кезінде. Фото ПолитКлиника

«Мен оған бұл қауіпті жұмыс екенін айтып жүрдім, бірақ ондайда қызым мені жұбата сөйлейтін, — дейді Матанаева. — “Анашым, қорықпаңыз, мұндай журналистер әлемнің барлық елінде бар” дейтін».

Алайда енді Қырғызстанда ондай журналистер қалмайтын шығар. Қаңтарда Айкемен бірге Temirov Live жобасының қазіргі және бұрынғы тағы он қызметкері тұтқындалды. Оларды да диссиденттермен күресте қолданылатын “жаппай тәртіпсіздікке шақыру” бабы бойынша айыптап отыр. Кінәлі екені дәлелденсе, көп жылға түрмеге қамалады.

Он бір журналистің ешқайсы айыппен келіспейді. «Қараңыздаршы, ол әлі бала ғой, – деді Матанаева қызын алып кетуге келген құқық қорғау органы қызметкерлеріне. — Ол қалай адамдарды көтеріліске шығара алады? Әлде біреуді сатып алатындай бай ма?».

Қамауға алынған уақытта журналистердің бірнешеуі OCCRP-ге арналған материал бойынша зерттеу жасап жүрген. Осы мақаланы жариялаған біз және басқа да ондаған медиа серіктес «Қырғызстан: «Цензурасыз» жобасы» аясында олардың тоқтап қалған зерттеуін жалғастырамыз.

Журналистер тобына қарсы науқан Қырғызстандағы демократия дағдарысының тағы бір белгісі.

Бір кездері Қырғызстан Орталық Азиядағы бұрынғы кеңестік республикалардың ішіндегі ең еркін ел еді. 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап есептегенде, елде үш төңкеріс болды. Сонымен бірге Қырғызстанда әділ сайлау да, белді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де, азаматтық қоғам да болды. Олардың арасында феминистер де, мүмкіндігі шектеулі адамдар құқығы үшін күресушілер де бар еді.

Бірақ кейінгі бірнеше жылда популистік риториканы ресейлік бақылау әдістерімен үйлестіре білген президент басқарып, жағдай өзгерді. Тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көбейіп, кей басылымдар жабылып та қалды. «Шекарасыз репортерлер» ұйымы жариялайтын бүкіләлемдік Баспасөз еркіндігі индексінде Қырғызстан бір-ақ жылдың ішінде 50 пунктке төмендеп, Жапония деңгейінен Оңтүстік Судан деңгейіне түскен.

Бақылаушылар Temirov Live қызметкерлерін тұтқындау — осы ақпарат құралының негізін қалаған, үкіметті белсенді түрде сынаушылардың бірі Болот Теміровке қарсы науқанның бір бөлігі деп есептейді.

«Билік жер өртеу тактикасын ұстанады: олар Теміровтің төңірегіндегілердің бәрін өртеп, оның командасыз қалғанын қалайды, — дейді отанынан кетуге мәжбүр болып, қазір Венадан жұмыс істейтін қырғыз құқық қорғаушысы Лейла Назгүл Сейітбек.

«Билік бәрі аузын жауып, ештеңе істемей отырғанын көксейді, — дейді Сейітбек. — Ал халық оған көне ме, мәселе сонда».

Теміров үнсіз қалғысы жоқ. 44 жастағы журналистке қай зерттеуі де қымбатқа түсті. Кейінгі бірнеше жыл ішінде оған шабуыл жасалды, ұрып кетті, арнайы қызмет өкілдері телефонын тыңдады, ал былтыр оны азаматтығынан айырып, Ресейге жер аударды. Қаңтарда қамауға алынған журналистер қатарында Теміровтің әйелі де бар, ол Temirov Live директоры болып қызмет атқарған.

Қазір Теміров Еуропада жұмыс істейді. Ол видео түсіруді жалғастырып, биліктің бетімен кеткенін сынға алады. Әріптестерін босатуды талап етіп, әлеуметтік желіде материалдар жариялап жүр.

Теміровті қолға түсіру үшін бұрын да оның қызметкерлеріне қысым көрсетілген. OCCRP 2022 жылғы зерттеуінде Теміровтің қарамағында жұмыс істеген жас келіншекке ҰҚМК қызметкерлері қоқан-лоқы көрсетіп, Теміров пен оның жұмысы туралы ақпарат бермесе, абыройын төгетін видео жариялаймыз деп қорқытқанын баяндайды.

Қазір де қамауда отырған әр журналисті тергегенде оның қайда екенін сұраған. Ал Теміровтің әйеліне тергеумен мәмілеге келмесе, 11 жастағы ұлын балалар үйіне жібереміз деген ескерткен.

16 қаңтар Бішкекте Махабат Тәжібектің ұсталуы, фото Kloop

Қырғызстан президенті әкімшілігі, ІІМ, прокуратура және ҰҚМК OCCRP-дің осы іс бойынша пікір білдіруді сұраған өтінішіне жауап берген жоқ. Бірақ журналистер қамалғаннан екі ай өткенде арасындағы біреуі көпшілік алдында есте қалар сөз айтты.

Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсалов «Азаттық радиосы» эфирінде [бұл жағдайды] тәрбие мен тәртіп мәселесі деп атады.

«Олар жастар ғой, әлбетте, олар жау емес. Әрине, жаңылыс басқан… Президент болсын, органдар болсын, сот болсын, оларды түрмеде шірітейін деген ойы жоқ», — деді Байсалов.

«Бұл тәрбие мәселесі. Тәрбие деген – әкенің, бауырдың парызы, — деп жалғастырды. — Кей жағдайда отағасы, қожайын өзінен кішілерді тәртіпке шақырмаса болмайды».

Мұнымен не айтпағын сұрағанда Байсалов «билік бұл балаларды халық жауы санамайды» дегенді тағы бір қайталады.

Ол қырғыз қоғамы өзгеріп жатқанын жазды. Экономикалық өсіммен қатар, бұрынғы ой-пайымды қайта қарауға дайын дегенге келтірді. «Мен тәрбие туралы айтып отырмын, себебі біз жастарды қайта бағыттауымыз керек, мемлекет құрып, халықты өсіруіміз керек, оларды бос әрекеттен алшақтатуымыз керек, мұның сәннен қалғанын, абырой әпермейтінін айтуымыз керек», — деп жазды ол.

Президент Жапаров «Вечерний Бишкек» газетіне берген сұхбатында көзқарасын айқын білдірді. Ол қауіпсіздік мақсатында сөз еркіндігін шектеу керек деді.

Фото Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінен

«Қазіргідей тыныштық қашып тұрған аласапыран заманда сөз бостандығы жауапкершілікпен тығыз байланысты, — деді ол. — Бүгінгі күні демократиялық тұрғыдан дамыған деп санауға болатын елдердің өзі сөз бостандығын саяси мақсаттарына жету үшін және қоғамның тұрақтылығын шайқау үшін пайдаланатындарға шектеу қойып жатыр. Бұл тұрғыда біз алдын алу шараларын қолға алуға мәжбүрміз».

«Қырғыз Республикасының Әділет министрлігіне қарасты Сот-сараптама қызметінің қорытындысына сәйкес, дәл осы жағдай бойынша, Тәжібекқызы Махаббаттың (Теміровтің әйелі) видео үндеулерінде жаппай тәртіпсіздікке шақыру белгілері бар екені анықталды», — дейді президент Temirov Live қызметкерлерінің тұтқындалуы туралы.

Президент айтып отырған видео YouTube желісінде 2023 жылы желтоқсанда жарияланған. Видеода Тәжібекқызы жемқорлықты және «30 жыл бойы креслодан түспеген» билікті сынайды.

«Ол бұл видеода болған төңкерістер мен революциялардың пайдасы жоқ, өйткені бір кланды екінші клан алмастырады деген ойды айтады, — дейді Теміров. — Мұны тәртіпсіздікке шақыру деп айтуға келмейді».

Теміров дәл осы айып бүкіл істің ақылға қонбайтынын көрсетеді деп санайды.

Бұл істен хабардар адамдардың айтуынша, Махаббат түскен видео 11 журналистің бәрін тұтқындауға негіз ретінде шенеуніктер пайдаланып отырған жалғыз айғақ, ал олардың алтауы Temirov Live командасында қазір жұмыс істемейді. Кейбірінің кетіп қалғанына бірнеше жыл болған.

«Бұл видеоға басқалардың қатысы жоқ, — дейді Теміров. — Тіпті оператордың да қатысы жоқ».

2022 жылғы қаңтарда редакцияда тінту жүргеннен кейінгі Болот Теміров

Қамалғандардың қатарында рэпер мен ақын да бар

Видео жарияланған YouTube арна «Айт Айт Десе» деп аталады, бұл — Болот Теміровтің ерекше жобаларының бірі. Temirov Live негізгі аккаунтынтының қосымша каналында тек қырғыз тіліндегі видеолар жарияланады. Бұл, Теміровтің айтуынша, мейілінше ауқымды аудиторияны қамту тәсілі: «Біздің мақсатымыз халыққа жақын болу, халықтың үні болу және халықпен бір тілде сөйлесу еді».

Дәстүрлі журналистік репортаждарға қосымша «Айт Айт Десе» жобасында әлеуметтік проблемаларды шешуге шақыратын, жемқорлыққа қарсылық білдіретін немесе Temirov Live зерттеулерінің нәтижесі туралы баяндайтын жыр түріндегі ақындардың өнері де шығып тұрады.

Каналдағы видеолардың бірінде ақын Болот Назаров Қырғызстан премьер-министрінің Мальтадағы офшор фирмалары туралы зерттеуді жырлайды. Тағы бір видеода ол президент Садыр Жапаров пен ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиевтің ауыз жаласқан билігін сынға алады.

«Бұл ұтымды тәсіл, — деп есептейді құқық қорғаушы Сейітбек. — Ақындар дәстүрлі түрде қырғыз халқының қайғысын жоқтайтын үні болып келді. Ал билеушілер әдетте ақындарды бұл үшін қудалаған жоқ. Елдің мұң-мұқтажы туралы айту, саясаткерлерді мысқылдау — олардың жұмысы».

«Қырғыз дәстүріне қатысты болмаса, көпшілік YouTube желісінде видео қарай бермейді, — дейді ол. — Бірақ адамдар ақындарды тыңдау үшін концертке барады, өйткені олардың айтқаны халықтың ойымен дөп түсіп жатады. Мұндай формат халыққа түсінікті, олар осындай жырмен өсті».

Қаңтардағы тұтқындаудың кесірінен «Айт Айт Десе» арнасының жұмысы тоқтап қалды. Ұсталғандар ішінде негізгі орындаушының бірі — рэпер әрі ақын Азамат Ишенбеков те бар.

Теміровтің айтуынша, Ишанбеков мектепті тастап, Ресейге еңбек мигранты болып барған, сол уақытта TikTok желісіне контент жариялап, оқырман жинай бастаған. Теміровтің әріптестерінің бірі Ишенбековтің танымал екенін байқап, осыдан кейін рэперге әріптес болуға ұсыныс білдірген.

«Мәскеуде адам таси жүріп көбірек ақша тапқанына қарамастан, ол саналы түрде біздің команданың мүшесі болды». — Ишенбековті босатуға шақырған Теміров Facebook желісінде осылай деп жазды.

Рэпер әрі ақын Азамат Ишенбеков қамауда. Фото ПолитКлиника

Қамауға алынған 11 адамның өткені әртүрлі. Көпті көрген Ишенбеков хип-хоп клиптерден көрініп, поп-композициялар орындады. Ақтілек Қапаров кезінде Теміровтің фактчекинг бойынша тренингтеріне қатысып, кейін сол жерде жұмыс істеді, ақыры жеке басылымын ашты. Сайпидин Сұлтаналиев педагог болды, кейін журналистикаға келді, Теміров оны «туа біткен сұхбат алушы» деп атайды.

Қызметкерлер арасындағы ең жасы – Айке Бейшекеева, оны тура туған күнінде ата-анасының пәтерінен ұстап әкетті. Айке 23-ақ жаста.

Анасы Назгүл Матанаеваның айтуынша, Айке бала кезінен ынталы болған, достарымен ойнаудан гөрі кітап оқып, интернеттен шет тілдерін үйренуді құп көрген екен.

«Тіл үйрететін курсқа жібергім келген, бірақ ол бізді аяды. “Курсқа шығындалып қайтесіздер, өзім үйден үйрене берейін” деген еді», — деп еске алады Матанаева.

Ой-өрісін дамытуды көздеген Бейшекеева Жапонияда тағылымдамадан өткен. Анасының айтуынша, бойжеткен жапон мәдениетіне ерекше құмартқан. Журналистиканы Польшаның университетінде оқыған.

Дегенмен, Матанаева қызы Temirov Live командасына қосылып, шын журналист болған кезде уайымдағанын айтады. Айкенің әкесі кәсіби музыкант, ол үзілді-кесілді қарсы болып, мұндай жұмысты қауіпті деп санаған. Осы үшін қызымен де, Айкені қолдаған әйелімен де сөзге келіп қалған екен. Көп ұзамай, олардың есігін полиция қағып тұрды.

Қызы қамауға алынғаннан кейін Матанаеваны үрей биледі. Мінезі тұйықталды. «Біреу бірнәрсе айтса жылай бастаймын, сондықтан қазір мен ешкіммен сөйлеспеуге тырысамын», — деп түсіндірді ол.

Үрей ахуалы

Қырғызстанда біреу қайғыдан үнсіз қалса, енді біреу қорыққанынан үндемейді. Елде жұмыс істейтін сарапшы жеке қауіпсіздігіне алаңдап, бізге сұхбат беруден бас тартты. Белсенділер Қырғызстанның азаматтық қоғамын бір сұмдық тұншықтырып жатқанын айтады. Ол қазір алыстан-ақ сезіле бастаған.

«Жұрт қатты қорқып қалған, — дейді Венада тұратын құқық қорғаушы Сейітбек. — Тіпті әріптестеріміз сондай күйде, бұрын ондайды көрмеппін. Шетелден келгенде кітап алып келуден қорыққан жағдайлар болды. Дәл мұндай жағдай бұрын болған емес».

Кез келген адам келесі құрбанға айналуы мүмкін екенін Қырғызстанда жақында болған ақылға сыймайтын қысым көрсету оқиғалары айғақтай түседі.

Ақпанда сот шешімімен OCCRP-дің қырғызстандық серіктес орталығы, марапаттары бар «Клооп» жабылды. Прокуратура канал негатив ақпарат тарататындықтан ел азаматтарының психикалық саулығына зиян тигізетінін дәлелдеу үшін психиатрлар түсініктемесін пайдаланды.

Сондай-ақ диссиденттер тобы туралы елдегі ең әйгілі іс неліктен құпия түрде қаралғаны туралы президент Садыр Жапаровтың түсіндірмесін атап өту қажет. Ұлттық құрылтайда президентке көрші Өзбекстанмен жер алмасуға қарсы шығып, түрмеге түскендер туралы сұрақ қойылды. Президент оларды басқа елдің елшісі қаржыландырды деп жауап берді.

«Біз оны ашық айтқанда, ол мемлекетті бәріңіз жек көре бастайсыздар, — деді ол. — Содан ортамызда келіспеу турып, мәмілеміз бұзылуы мүмкін. Сол үшін жабық өткізіп жатырмыз».

Фото Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінен

«Институттар жоқ»

Қырғызстан мұндай деңгейге қалай түсті? Бұрын бұл елді Орталық Азиядағы «демократия аралы» деуші еді ғой, ал бақылаушылар көңілден шықпаған режимдерге қарсы бағытталған жергілікті революцияларға жиі назар аударатын.

Бішкектегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы академиясының саясаттанушысы Әсел Доолоткелдиева Қырғызстан қоғамы демократиядан дәмелі деген пікірмен келіседі. Бірақ ол Talk Eastern Europe подкастының жақында шыққан шығарылымында айтқанындай, халықтың қызығуы жеткіліксіз.

«Қоғам тек азаматтардың белсенді болуының арқасында ғана үлкен өзгерістерге ұшырайды деп ойлауға болмайды, — деді ол. — Демократиялануды жүргізетін институттар жоқ… Саяси партиялар, идеология, солшылдар мен оңшылдар керек, идеологияларды қалыптастыру үшін нағыз саяси шиеленіс болуы керек. Онсыз тұрақты өзгеріс күтуге болмайды».

Әйтсе де, Қырғызстанның қазіргі лидерлері билікке халық көтерілісінің арқасында келді. 2020 жылы қазанда Қырғызстан азаматтары сайлау қорытындысына және биліктің COVID-19 пандемиясымен күрес бойынша әрекеттеріне келіспей көшеге шықты.

Осы аласапыран кезінде адам ұрлады деген айыппен жазасын өтеп жатқан бұрынғы депутат әрі популист Садыр Жапаровты жақтаған топ болды. Ол билікке қол жеткізді: алдымен Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы болды, ал бірнеше айдан кейін президент сайлауында жеңіске жетті.

Жапаровтың маңызды шешімдерінің бірі – жақтасы Қамшыбек Ташиевті ҰҚМК басшысы қылып тағайындауы болды. Екеуі де ұлтшылдық риторика қолданып, шетелдің құндылықтары мен ықпалын қатты сынға алды және Қырғызстанның қарапайым азаматтарын қолдаймыз деп мәлімдеді. Шын мәнінде арнайы қызметтің ықпалын арттыра отырып, жергілікті сарапшылардың сөзімен айтқанда, елді «тандем» болып басқаруға көшті.

«2020 жылдан бастап арнайы қызметтерді күшейтуге бюджеттен көп ақша бөлінді, — дейді Доолоткелдиева. — Үш жыл ішінде ауылдық жерлерде 50 шақты жаңа ғимарат пайда болды, олар негізінен арнайы қызметке тиесілі. Демек, астананы ғана емес, ауыл-аймақты да бақылауға алу үшін үлкен күш жұмсалып жатыр дегенді білдіреді».

Саяси оппозиция мен шын мәніндегі тәуелсіз сот билігі болмағандықтан, Жапаров үкіметі бақылауды күшейту үшін жалған ақпарат туралы, БАҚ туралы, коммерциялық емес ұйымдар туралы, «шетел агенттері» туралы бірқатар заңды алға тартумен келеді.

Ол заңдар көбіне Ресейде диссиденттерге қарсы қолданылатын заңдарға ұқсас, бақылаушылар бұл кездейсоқ емес деп санайды.

«Ресей арнайы қызметі көп жылдан бері ҰҚМК ғимараттарында отырады. Олар бір-екі адам емес, үлкен топ», — дейді Сейітбек.

«Ресей Қырғызстанға барынша ықпалын жүргізіп отыр, мұны аңғару қиын емес. Биліктің өзі әлсіз, бұған осы себеп. Өз билігінің қауіпсіздігін сақтап, билікте қалуы үшін біреулердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Олар дәстүрлі түрде Путинді қауіпсіздіктің кепілі деп санайды. Путин лорд-протекторыңызға айналған кезде демократияны дамыту үшін ештеңе істей алмайсыз».

Материалды жазуға Эльдияр Арыкбаев (OCCRP) пен Вячеслав Абрамов (OCCRP / Власть) та қатысты.