3437
4 апреля 2024
Әсел Мұсабекова, биолог, арнайы Власть үшін, фотосуреттерді Тамара Вааль Көкшетауда түсірген

Су тасығанда неліктен инфекция қаупі артады?

Аурудың алдын алу жолы қайсы?

Су тасығанда неліктен инфекция қаупі артады?

Көктемгі тасқын — жыл сайын қайталанатын проблема. Тасқынға тосыннан келетін апат деп қарау жүйелі дайындық жасамауға, оның алдын алуға дайын болмауға әкеп соқтырады. Бұл материалда биолог Әсел Мұсабекова су тасқыны жолындағының бәрін қиратып қана қоймай, жұқпалы аурулардың қаупін де біршама арттыратынын айтады. Сонымен бірге, зардап шеккен аймақтардың түрлі патоген жұғу қаупіне қарсы қалай әрекет етуі керегін ұсынады.

Читайте этот материал на русском.

Өткенде әлеуметтік желіде су тасқыны болған аймақтарда инфекция таралуы мүмкін екенін ескерген жөн болар еді деп ой тастадым. Қазір А гепатитіне қатысты ахуал мәз емес, вакцинамен қамту деңгейі де төмен екенін ескерсек, бұл аса маңызды. Бірақ оқырмандарымның көбі бұдан байланыс көрмейтінін айтыпты. Алайда, су тасқыны қауіпті инфекцияны да тарататынын ұмытпаған жөн. Мемлекеттік органдардан ресми ақпарат іздестіріп, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан су тасқыны туралы материалдарды ақтарып шықтым. Олардың ешқайсынан осындай жағдайлардағы инфекция қатері туралы материал таба алмадым. Бұл қатерді мемлекеттік органдар да, зардап шегушілердің өзі де білмеуі мүмкін. Сондықтан осы мақалада мәселенің мәніне үңіліп, ықтимал әрекет алгоритмін ұсынсам деймін.

Мұны білудің маңызы зор

Бірінші әрі ең маңыздысы — инфекция қатері бар екенін мойындау. Демек, залалды бағалауға апат болған кезде ауру-сырқаудың көбейгені және инфекциялық аурулардың салдары туралы мәліметтер де кіруі керек.

Екінші — эпидемиологиялық ахуал мен аймақ ерекшелігіне қарай қатер көзін анықтау.

Үшінші — ұсыныс-кеңестер әзірлеу және соның негізінде зардап шеккендер мен құтқарушыларға арналған ақпараттық материалдар дайындау.

Төртінші — осы ұсыныс-кеңестерді жауапты тұлғаларды белгілей отырып орталық, аймақтық және жергілікті деңгейде мейлінше кең көлемде тарату. Осы деңгейдің әрқайсында тиімді ведомстволар арасында өзара әрекет болуы қажет (ТЖМ, ДСМ, егер мектепті қоссақ, Оқу-ағарту министрлігі, т.б.), сосын мүмкіндігінше эпидемиологиялық мәліметтерді уақытында жинау.

Бесінші — қатемен жұмыс және ахуалға талдау жасау, бұған да апат кезіндегі және содан кейінгі айлардағы мәліметтер қажет.

Енді осы тармақтың әрқайсына толығырақ тоқталсақ.

Су тасығанда неліктен инфекция қатері артады?

Бірінші себебі — адамдардың бір жерден екінші жерге көшуі, жалпы кез келген апат инфекцияның таралуына әкеледі. Мұндай жағдай су тасығанда ғана емес, жер сілкінгенде, әскери қақтығыс кезінде де болады. Өйткені адамдарды көшіргенде жеке гигиенаның нашарлауы және жұқтыру қатерінің артуы қоса жүреді: қол жуа алмайды, таза ауыз су мен тамаққа қол жеткізу қиындайды, адамдар ыңғайсыз жерде әрі бір-біріне тым жақын ұйықтауы мүмкін.

Ал су тасқыны кезінде сол тасыған судың өзі мұндай қатерді ушықтыра түседі. Судың өзі қауіп көзіне айналады, өйткені түрлі заттар, химикаттар мен қалдықтар қалқып шығады, соның ішінде инфекция да бар. Су аққанда су қоймалары мен жерасты суы, соның ішінде ауыз су көзі қалдық, мал мен аңның нәжісі, түрлі инфекция таситын кеміргіштердің қалдығымен ластануы мүмкін. Сонымен қатар су үйге кіреді, азық-түлік пен тұрмыста пайдаланатын заттарды бүлдіреді.

Басты қауіп — ішек инфекциясы

Басты қатер көзі – «кір қол ауруы» деп аталатын ротавирустар, энтеровирустар, А және Е гепатиті секілді ішек инфекциялары, сондай-ақ іш сүзегі, паратиф, дизентерия секілді бактериялық агенттер. Екінші топ — зоонозды инфекциялар, оның ішінде сальмонеллез секілді ішек патогендері де бар. Сонымен қатар кеміргіштерден лептоспироз бен туляремия секілді қауіпті ауру тарау ықтималдығы жоғары, ал малдан бруцеллез бен басқа да аурулар жұғуы мүмкін. Үшінші топ — вакцина көмегімен басқаруға болатын аурулар (А гепатиті бұл санатқа да кіреді). Терең жарақаттану, топырақ пен лас су тигізу қаупі жоғары әрі жарақатты уақытында емдеуге мүмкіндік бола бермейтіндіктен, сіреспе де айрықша қауіп төндіреді. Көшіру кезінде жарақаттанып, оны ушықтырып алу — бөлек мәселе.

Дәрігерге уақытында жүгіну үшін осы аурулардың белгілерін анықтай білу керек.

Ұсыныс-кеңестер

Сақтанудың дұрыс жолы — тасқын суынан аулақ болу. Бірақ мұндай мүмкіндік үнемі бола бермейді, сондықтан:

- қолыңызды мүмкіндігінше мұқият жуып немесе антисептик пайдаланып жүріңіз;

- тасқын суды ішуге және тамақ пісіруге пайдаланбаңыз (құтыдағы таза су жеткізілуі керек);

- жеміс-жидек пен көкөністі құтыдағы сумен мұқият жуыңыз;

- тасқын немесе кәріз суы тиген киімді екінші қайтара киер алдында ыстық суға салып, арнайы заттармен жуып алыңыз;

- тасқын судың ортасында қалған жағдайда резеңке етік, резеңке қолғап пен қорғаныш көзәйнегі сияқты арнайы киім-кешек пен заттар керек;

- балаларды су басқан аймақта ойнатпаңыз және ойыншықтарға дезинфекция жасаңыз;

- жануарларға (және олардың өлексесіне) қол тигізбеңіз;

- мүмкіндігінше жарақат алудан сақтаныңыз, жарақатқа уақытында ем-дом жасаңыз;

- терең жарақат болған жағдайда, кейінгі 10 жыл ішінде АДС-М вакцинасын қайта салдырмаған болсаңыз, дереу сіреспеге қарсы профилактикадан өтіңіз;

- А гепатитіне қарсы да екпе алуға болады (екпелер күнтізбесіне кіреді), сондай-ақ науқаспен байланыс болған жағдайда,14 күн ішінде байланыс болғаннан кейінгі алдын алу екпесінің де оң әсері бар.

Осы ұсыныс-кеңестер зардап шеккендерге жетуі үшін не істеу керек?

Мемлекет басшысынан бастап, апат орнындағы құтқарушыға дейінгі барлық деңгейде тиімді байланыс орнату қажет. Жоғарыда аталған кез келген қатерге жауабы бар нақты жаднамалар зардап шеккендерге барлық жолмен жетуі керек: қағаз түрінде, ресми сайттар мен әлеуметтік желі арқылы, белсенділер мен апат орнындағы құтқарушылар арқылы. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда қатерлерді, соның ішінде инфекция қатерін азайтуға арналған нақты нұсқаулық болуы керек. Әлбетте, мұндай жағдайда мекемелер арасында өзара әрекеттесу болуы керек. Алматыда кейінгі уақытта болған жер сілкінісінен түйгеніміз, ақпарат екі тілде бірдей жеткілікті дәрежеде таратылып жүрген жоқ. Мұндай жағдайда қазақша сөйлейтін халық тіл жағынан қағажу көреді, сапалы әрі өмірлік маңызы бар ақпарат пен коммуникацияға зәру болады.

Әрекет ету жүйесінің ең осал тұсы — осындай төтенше жағдайлардың зардабы туралы мәлімет. Көшірілгендер саны, бүлінген үй саны бір бөлек те, зардап шеккендердің өмірі мен денсаулығына келген залал — мүлдем бөлек мәселе. Тез арада жерлестеріміз осындай апаттардың салдарын дұрыс саралауға қол жеткізеді деп үміттенемін. Сонда келесі көктемге дұрыстап дайындалуға да мүмкіндік болар.