4334
12 апреля 2024
Бейiмбет Молдағали, Власть, суреттерді Жанара Кәрімова түсірген

«Бұл кітапты үш жыл іздедім»

Орталық Азияға қатысты сирек кітаптар жинайтын коллекционер туралы

«Бұл кітапты үш жыл іздедім»

Астана тұрғыны Ринат Райымхан он жылдан бері Орталық Азия мен түркілерге қатысты сирек кітаптарды жинайды. Топтамасындағы ең көне кітап 1677 жылы жарық көрген. Мұндай сирек хоббидің басты мақсаты – тарихқа қызығушылықты арттырып, кітапқа деген махаббатты дәріптеу. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін былтыр TikTok және Instagram желісінде Antiqbooks.kz деген атаумен аккаунт ашқан.

Власть коллекционермен сөйлесіп, хоббиі өмірін қалай өзгерткенін, кітап жинауды қалай бастағанын, қай кітаптарын ешқашан сатпайтынын сұрады.

Читайте этот материал на русском.

«Кез келген жаңа кітапты ашқанда кітапсүйер қауымға жақсы таныс “беймәлім дүниеге құштарлық” деп аталатын сезім оянады, – дейді пәтеріндегі көп сөренің бірін көрсеткен Ринат Райымхан. – Үңгірден тақтайша немесе руна тауып алғанмен бірдей сезім».

Сөрелердің бірінде үш жүз, төрт жүз жыл бұрын шыққан кітаптар тұр. Одан төменгі сөреге коллекционер жақын уақыттан беру жинай бастаған ескі карталар да бар.

35 жастағы кәсіпкер кітап жинауды 2014 жылы бастағанын айтады. Сол кезде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда оқып жүрген екен. Ринат білім алған East Angliа университетінің филиалы Лондонның орталығында орналасқан. Айналасы тола кітап дүкені. Сол дүкендерге жиі барып жүріп, тапқан олжасы да аз емес.

«Арасында Қазақстанға қатысты кітап бар ма екен деп ойландым. Содан бастап сондай кітаптарды іздейтін болдым. Зерттеген сайын көп нәрсе таптым. Анам – тарих ғылымдарының докторы, тарихқа қызығу сол кісіден берілген болар», – дейді Ринат.

Магистратурада оқығанына берілетін шәкіртақыдан үнемдеп, аса қымбат емес кітаптарды ала бастаған. Алғаш алған кітабының Орталық Азияға қатысы жоқ. Ең бірінші алғаны ағылшын тілінде шығатын сатиралық журналда жарық көрген карикатуралар жинағы екен.

Табысы артқан сайын кітаптар қатары толыға берген. Қазір оншақты кітап бар. Біреуін өзіне қалдырып, екінші данасын өңдеп, сатып, ақысына басқа ерекше кітап сатып алу үшін кейбір кітапты екеуден алған.

«Канада мен Англияда көмектесіп тұратын серіктерім бар. Қазір кітапты онлайн алуға немесе аукциондарға қатысуға болады. Кітап іздейтін жер көп, бастысы тақырып таңдау керек. Кейбір басылымдар екі-ақ дана болып шығады. Жолың болса, Шотландияның бір түкпіріндегі дүкен сөресінен қызық дүние табуың мүмкін», – дейді Ринат Райымхан.

Кітаптар ағылшын, француз және неміс тілінде жазылған. Ринат ағылшын тілін меңгерген, былтырдан бері қызық үшін француз тілін үйреніп жатыр. Оның айтуынша, Франция «ғылым орталығы» саналды және французша жазылған кітап көп болды, шамамен сол кезеңдерде ориентализм пайда болған.

Ринат ешқашан сатпайтын кітабын көрсетті. 1895 жылы Лондонда басылып шыққан Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабы. Бұл – қазақ тарихындағы ең маңызды еңбектің бірі. Қолжазба Қазақ хандығының құрылуы, Керей мен Жәнібек ханның бөлініп шығуы туралы жазылған ғылыми айналымдағы жалғыз дереккөз болып саналады.

«Тарих-и Рашиди» – біз үшін нөмірі бірінші кітап, біз ол туралы мектептен білеміз. Бұл еңбек болмаса, қазақтар 1465 жылы мемлекет құрғанын дәлелдей алмас еді. Осы кітапты үш жыл іздедім», – дейді Ринат Райымхан.

XVI ғасырдың орта тұсында парсы тілінде жазылған бұл кітапта, сондай-ақ, Моғолстандағы тарихи оқиғалар мен еліміздің көрші халықтармен байланысы туралы баяндалады. Бұған қоса қазіргі Орталық Азия, Пәкістан, Үндістан, Тибет пен Ауғанстан және басқа да елдер аумағындағы халықтың тарихы мен мәдениеті туралы тарихи деректер бар.

«Мұнда, мәселен, Верныйға дейін Алматы (түпнұсқада – Almaty) деген елді мекен болғанына дәлел бар. «Верныйды біз салдық» деген деректі жақсы көретіндер бар ғой. Ал мына кітапта Верный пайда болғанға дейін бұл жерде қалашық болғаны жазылған. Әлемнің көптеген қаласының тарихы осындай», – дейді Ринат Райымхан.

Кітапхана формулярына қарағанда, бұл кітап Манчестер университетінде кемі 2005 жылға дейін қолданылған, кейін жеке адамның қолына өткен. Топтамада дәл осы кітаптың 1898 жылы екінші рет басылып шыққан данасы бар.

«Коллекцияда алғашқы басылымдар өте қымбатқа бағаланады. Мысалы, Хәрри Поттердің алғашқы басылымдары қымбат тұрады, ал кейінгілері ондай қатты қымбат емес. Кітаптың сирек кездесуі де маңызды. Ең құндысы, әрине, қолжазбаның өзі», — дейді Ринат.

Оның жинағындағы ең көне кітап – 1677 жылы француз тілінде басылып шыққан HISTOIRE DU GRAND TAMERLAN («Ұлы Темірдің тарихы»). Төрт кітаптан тұратын тағы екі жинақ та түркі-моңғол билеушісі Темірлан немесе Әмір Темірге арналған. Бірінші жинақ 1722 жылы Парижде, екіншісі 1723 жылы Нидерландыда жарық көрген.

«Франция Темірлан туралы көп кітап шығарды, ол Осман билеушісі Баязит сұлтанды жеңіп, Еуропаны османдардан құтқарып қалды. Сондықтан да оны көп зерттеді. Әмір Темір туралы кітабым көп болған, сатып жібердім. Кітап көп сатылады деп айта алмаймын. Көбінесе кітапты тарихқа қызығатындар, оны жоғары бағалайтындар алады. Сыйлыққа алатындар да болады», – дейді Ринат Райымхан.

Оның айтуынша, қоғамның тарихқа қызығу деңгейі артып келеді, сондықтан қазір жаңа дереккөз іздеудің маңызы зор.

«Ғалымдардың өзі тарихта ақтаңдақтар көп екенін, тіпті Қазақ хандығының құрылуына қатысты да айтылмаған жайттар бар екенін айтады. Біздің оқушы кезімізде Ақ орда мен Көк орда болған деп оқытатын. Қазір ғалымдар мұның қысқы және жазғы орда болғанын айтады. Ғалымдар тарихтың тұтас бір кезеңін өшіріп, мифтерді жоққа шығарып жатыр. Кез келген тезистің дереккөзі болуы керек. Университетте жұмыс істеп жүргенде тарихшылар зерттеу кезінде әртүрлі дереккөздің маңызды екенін айтатын. Себебі әр ел тарихты өз ыңғайына сай етіп жазады», – дейді ол.

Өз кітапханасынан бұл қатарға Арминия Вамберридің Hungary in Ancient, Medieval, and Modern Times («Ерте замандағы, ортағасырлық және заманауи Мажарстан») кітабын жатқызады. Мұнда мажарстандық түркітанушы мажар халқының финн-угорлармен және түркілермен байланысын талдайды.

Ринаттың сөресінде XIX ғасырдың аяғында Қытайда дипломат болған британдық синолог Эдуард Харпердің 1895 жылғы «Тартар тарихынан мың жыл» кітабы да бар. Кітапта түркі халықтарының тарихы туралы ақпарат берілген, ал тартарлар деп еуропалықтар көшпенділерді атады.

Ринат Райымхан австриялық этнограф Фридрих фон Гельвельдтің 1875 жылы немісше жазылған «Орталық Азия. Қашқария, Түркістан, Кашмир мен Тибет халқы және табиғат көріністері» кітабын әзірге толық түсінбеген. Алайда ол бұл кітап қала мен сол заманның адамдарының суреті болғандықтан бағалы деп санайды.

«Кітапта иллюстрация көп, қала көрінісін қайтадан құрастыруға болады. Мұнда қырғыз-қайсақтардың сызбалары, Хиуа қаласының жоспары мен өңірдегі әйелдердің суреттері бар. Бұл суреттер де ғылыми білімге негіз бола алады. Ғалымдар осы этнографиялық суреттерге сүйенуіне болады», – дейді Ринат Райымхан.

Кейбір кітаптарда автордың не айтқысы келгенін және елдердің шамамен қалай орналасқанын анық көруге болатын карталар бөлек берілген. Бұл карталар Ринат TikTok пен Instagram парақшасына салатын видеолардың арқасында жақсы танылды.

Қазір Ринат кітапқа қоса карта да жинап жүр. Жақында ол шамамен 1720 жылдары француздар шығарған Шыңғыс ханның шежіресін көрсететін карта тауып алған. Онда Шыңғыс хан «тартар билеушісі» деп жазылған. Ал 1788 жылы және 1798 жылы шыққан тағы екі карта атлас форматында жасалған. Ринат Райымхан мұны антиквар сататын дүкендер пайда табу үшін атлас кітаптардың бетін қиып, бөлек сатылымға шығарады деп түсіндірді.

Ринат былтыр кітаптарын көрсетіп отыру үшін әлеуметтік желіден парақша ашты. Қазір оның Instagram парақшасына 8 мың адам, TikTok-қа 50 мың адам жазылған. TikTok желісінде оқырман саны жылдам көбейіп жатқанын айтады. Әлеуметтік желі оның аккаунтын бірден байқап, TikTok-тың көбірек қаралым жинау мүмкіндігін сыйлайтын таланттарды дамыту бағдарламасына қосылуды ұсыныпты.

«Таңғалдыратын дүниелер бар, бірақ жаңалық аштым дей алмаймын. Мен ғалым емеспін, тарих ғылымдарының докторы емеспін. Халыққа ештеңе айтпаймын да, жай ғана өзімнің көргенімді көрсетемін. Мысалы, менде «Ресейдегі Түркістан мен Орталық Азия хандықтарының тарихы» деген кітап болды. Ағылшын тілінде жазылған кітапта ғұндардан бастап, Ресей шапқыншылығына дейінгі кезең туралы қысқа бөлімдер берілген. Сол жерден “қазақтар” (kazak) деген сөз “жауынгер” (warrior) деп аударылғанын білдім», – дейді Ринат Райымхан.

Коллекционер әлеуметтік желі хоббиіне мейлінше жауапкершілікпен қарауға итермелегенін айтады. Желі кітаптарды таныстырып қана қоймай, хоббиін дәріптеуге де көмектеседі. Оған зерттеушілер сирек хабарласады, себебі олар бұл кітаптарды онсыз да біледі, қажет десе онлайн тауып алады. Дегенмен, Ринат кітаптарды мұражай экспонаттарымен салыстырады: «Мектепте оқығанда, мұның бәрі абстрактілі дүние болды, оны визуал тұрғыдан бекіту керек. Біз мұражайға да сол үшін барамыз ғой».

Кітап жинау Ринатты кітап ісіне де қызығуға мәжбүрлеген. Бұл кітаптарды күтіп ұстау қиын емес: оларды бөлме температурасында сақтау керек, ылғал деңгейі 30–40%-дан аспауы керек.

Ол бізге қарпі мен мазмұны бірдей, бірақ бірі қалың, бірі жұқалау екі кітапты көрсетті. Ринат Райымхан мұның жауабын кітап басу туралы кітаптан тапқан:

бастыратын құралдың астындағы қағаз біркелкі емес болғандықтан, оны балғамен соққан. Қағаздың біреуі бұл процедурадан өткенмен, екіншісі сол күйі қалған. Кітаптардың қалыңдығы да әртүрлі болады және олар әртүрлі қағаздан жасалады: бірі мақтадан, екіншісі зығырдан.

Ринат Райымхан, өкінішке қарай, Астанада кітап жинайтындар қауымдастығы туралы естімеген, әзірге өзге жекелеген кітап жинайтын азаматтарды да кездестірмепті. Жақында құрылған Қазақ тарих қауымдастығымен жұмыс істеп көргісі келеді. Ол әлем үшін көшпенділердің бай әрі маңызды мәдениеті бола тұра, тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақытта алғаш рет осындай қауымдастық ашылғанын естіп, таңғалғанын айтты.

«Алтын Ордадағы тұрақтылық пен саудасының арқасында Ресей жерінде жүздеген қала пайда болды, күшті орталықтандырылған үкіметтің арқасында керуендер Қытайдан Византияға еркін қатынады. Қазақ мемлекеті үнемі болды, атауы әртүрлі болса да, мемлекет бір болды. Бұл, әсіресе қазіргідей геосаяси қауіп бар кезде маңызды. Бірақ мұнымен енді ғалымдар айналысуы керек», — дейді Ринат Райымхан.

Ол мұнымен тоқтап қалғысы келмейді және болашақта адамдардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту үшін «Лондондағы сияқты» сирек кітаптар дүкенін ашқысы келеді. Қазір ол саяхат кезінде сирек кездесетін кітап дүкендерін іздеуді әдетке айналдырған.

«Келіншегіме мұным ұнамайды, – дейді Ринат күліп. – Ал маған атмосфера мен жалпы көрініс ұнайды. Бұрын бұл арман еді, қазір жоспарға айналды. Жалғастыра берсем, болашағы бар екенін білемін. Қызық іздеп, құлшынысым артуы хоббиімнің арқасы. Маркетолог болмағанда, бизнес бойынша білім алмағанда, археология саласына кетер едім. Мен мектеп бітірген 90-жылдары ғылымға қаржы бөлмейтін, сондықтан да анам бірден “тарих дегенді атама” деді».