4200
7 июня 2024
Светлана Ромашкина, Власть, фото авторы Төрехан Нұрлығайынов

Канал қазу Жайық өзенінің тайыздануына әкелуі мүмкін

Су тасқынымен күрес кезінде қандай қателік кетті?

Канал қазу Жайық өзенінің тайыздануына әкелуі мүмкін

Атырау облысында су тасқыны кезінде тез арада ескі, кеңестік кезеңнен келе жатқан Соколок каналының бойынан жаңа канал салынды.

Мамандар бұлай істеуге болмайтынын, бұл процесс ғылыми тұрғыдан да, құжат жағынан да дайындықты қажет ететінін бірнеше рет ескертті.

Ресейде су жинағыштар мен жағалауды бекітуді жобалауға және салуға атсалысқан инженер-гидротехник Қарлығаш Жасталапова жаңа канал салғанның орнына ескі Соколок каналын дер кезінде тазартудың тиімді екенін және мұндай ойланбай жасалған құрылыс несімен қауіпті екенін түсіндірді.

Бейберекет канал қазудың соңы неге әкелуі мүмкін?

Жайық өзенінің бойына канал салу туралы айтар болсақ, Жайықтың ағыны біркелкі емес екенін түсіну керек. 1957 жылы Жайық 24 текше шақырым су берсе, 1967 жылы бұл көрсеткіш 2,5 текше шақырым болған, бұл рекорд көрсеткіш. Бұл жағдай 2019 жылы да қайталанды, жалпы алғанда Жайықтың орташа көпжылдық шығыны 10 текше шақырым, кейде 33 текше шақырымға жетеді.

Жайықтың суы аз болатын жылдар үнемі қайталанып отырады және кейінгі 15 жылда өзен суы қатты таязданғанын байқадық. Су деңгейі «қалыпты» белгіге де жетпейтін болған.

Жайықтың бүкіл экожүйесі көктемгі судың есебінен тіршілік етеді. Канал салу тиімсіз, өзеннен каналға кететін судың қайтпайтынын ескерсек, су аз болатын жылдары өзен бұдан да қатты таяздануы мүмкін.

Сонымен қатар канал дұрыс салынбаса, мұның соңы экологиялық апатқа әкеледі. Әсіресе су тасқыны болғанда аумақты су басып, батпақтану болуы, жақын маңдағы ғимараттар мен құрылыстар шөгіндіге айналуы немесе толық бұзылуы мүмкін.

Канал салғанда қандай ерекшеліктерді ескеру қажет?

Магистральдық канал – гидротехникалық құрылыс, оны салудың өзіндік ерекшелігі бар. Есебі мен гидрометеорологиялық ерекшеліктерін есепке алмағанда, фильтрация шығыны – каналдарды салу және жобалау кезінде ескерілетін негізгі фактор.

Бұл каналдың табаны мен беткейі арқылы жерге түсетін су шығыны. Әдетте, фильтрация шығыны арнаның көлденең қимасы арқылы өтетін жалпы су ағынының 40-60%-ына тең. Фильтрация процесі бір сызықтың бойымен жүрмейді, су каналдарға ағып келе бастағаннан кейін бірінші тәулікте беткейлерде және канал түбінде топырақты ылғалдандыру процесі жүреді, содан кейін суға қаныққан аймақты қалыптастырып, сүзу ағыны топырақтағы бос орынды толтыра бастайды, ол бірнеше күн немесе апта ішінде (топырақтың ерекшеліктеріне байланысты) жерасты суына жетеді.

Тұндырғыш сызығы жерасты суының деңгейіне жеткенде, сүзгілеудің екінші және ең қауіпті кезеңі жүзеге асады, соның нәтижесінде арналардағы судың 50%-ы жерасты суына қосылып кетеді. Бұл жерасты суы деңгейінің көтерілуіне, артынша аумақты су басуға және батпақтануға әкеледі, әсіресе су тасқыны жағдайында қауіпті немесе жақын маңдағы ғимараттар мен құрылыстың шөгуіне және толық бұзылуына әкеледі.

Зиянкес канал құрылысының ең жарқын мысалы ретінде Ертіс–Қарағанды ​​каналын айтуға болады. Ешқандай сызбасыз тура мағынасында еңіс аймақты қазып канал салған соң, жерасты суының деңгейі көтеріліп, арты көшкінге ұласқан.

Құзырлы органдар жобасыз, есеп-қисапсыз қазған канал суды Каспий теңізіне бұрып жібереді деп отырғанда, судың басым бөлігі жерасты суымен араласып кететінін еске салғым келеді.

Бұл фильтрациялық шығындарды азайту үшін кеңестік дәуірде аралық дренаж қабаты бар саз торы (бір қабатты немесе екі қабатты) немесе беткейлер мен канал түбін цементтеу, содан кейін тығыздау қолданылды.

Ал қазір олар гидрооқшаулағышы бар арнайы фильтрацияға қарсы төсемдерді пайдаланады, бұл сүзу шығынын азайтуға, сонымен қатар канал қабырғасын эрозиядан қорғауға көмектеседі.

Фильтрацияға қарсы төсем. Автор Дінмұхаммет Оразалы

Биыл көктемде қандай каналдар қазылғаны туралы нақты мәлімет бар ма?

Атырау облысындағы қазіргі Соколок каналының бойынан 13 шақырымдық канал қазғаны белгілі.

9 мамырда спутниктен түсірілген суреттерден осы жаңа арна бойындағы су басқан аймақтарды көрдік.

17 мамырда су басу аймағы артты. Бұл жаңа каналдың өткізу қабілеті аз екенін, оның ескі Соколок каналын ауыстыруға қабілетсіз екенін көрсетеді, сонымен қатар ескі Соколок каналы жақта да су тасып жатқаны байқалды, яғни бұл аймақта ол тазартылмаған, орнына жаңа канал қазамыз деп шешкен.

Естеріңізге сала кетейін, Соколок облыстағы өткізу мүмкіндігі ең жоғары канал, тазартылған жағдайда бір Соколоктың өзі-ақ тәулігіне 2,7 миллион текше метрден астам суды Каспий теңізіне жеткізе алады.

Артық өсiмдiктер мен су түбіндегі лай шөгiндiсiнен тазартылмаса, су түбiн тереңдету және жағалауды қорғау жұмысы жүрмесе, каналдың өткiзу қабілеті төмендейді.

Канал да кез келген басқа гидротехникалық құрылыс сияқты тұрақты жөндеуді қажет етеді. Оларды 30 жылда бір рет емес, жүйелі түрде тазалап отыру керек. 1994 жылы Соколок каналы бүкіл негізгі ағынды қабылдау арқылы Атырауды су тасқынынан қорғап қалғанын да естен шығармаған жөн.

06.06.2024 ж. Спутниктен түсірілген суреттер. Дереккөз: eos.com

Жел де ықпал етті. Гидродинамикада судың ағысында жер бедерімен қатар жел де маңызды рөл атқарады. Каспийдің желі бүкіл ағынды Соколок каналына бағыттап, қала үшін қорғаныс тосқауылын жасады.

Әрі Соколок кеңестік дәуірде судың жоғары деңгейін есепке ала отырып салынған. Жайықтың суы шекті деңгейге жеткенде, көктемгі су мол кезде өзендегі су арна арқылы Каспий теңізіне ағызылды, ал су аз кезеңде канал пайдаланылған жоқ.

Дронмен түсірілген суреттерден су басқан аумақты көруге болады. Жаңа каналдың оң жағынан (дрон фотосында) бөгеттер салынған. Негізгі ағын әлі келмеген жағдайдағы су тасқынының ауқымы.

Дронмен түсірілген сурет. Қарабатан ауданындағы су тасқыны. Соколок каналының оң жағы.

Сонымен қатар 2024 жылғы сәуір айына дейін Соколок және Черная речка каналының бастауында Жайықтан су жинайтын су құбырлары бар қалқымалы сорғы станциялары жұмыс істеді. Бұл сорғы станциялары мен құбырдың тағдыры бізге әлі беймәлім.

Соколок каналының бастауындағы су құбырлары бар қалқымалы сорғы станциясы. Google картадан алынған сурет

Тағы да қайталап айтамын, магистральдық канал экологиялық және мемлекеттік жалпы құрылыс сараптамасынан өткен жоба негізінде салынады. Су ресурсы Атырау облысының әкіміне емес, Қазақстан халқына тиесілі. Ал билік заңға бағынуы керек.

Бұл Атырау облысында су ресурстарын пайдалану барысында жол берілген заң бұзудың басы да, аяғы да емес. Облыста «Квадрат» және «Тухлая балканың» булану мәселесі де көптен бері көтеріліп келеді.

Бұл – тазартылмаған өндірістік және тұрмыстық ағын суды биологиялық тазарту үшін пайдаланылатын булану алаңдары. Қарапайым тілмен айтқанда, кәдімгі кәріз көлдері.

30 жыл бойы ағын суды тазартуда мұндай булану орындарының тиімсіз екені дәлелденді және оларды мейлінше герметикалық етіп жасайды, яғни егістік беткейлері мен түбі гидрооқшаулағыш қабатпен қапталады. Бірақ бұлар – жай ғана кәріз көлі. Қалдықтың бәрі буланып, ауаға және топыраққа өтеді, ал адамдар сол ауамен тыныс алады.

Тухлая балканы құрғату мәселесі әлі де шешіліп жатыр, «Tazalyq» деп аталатын қалпына келтіру жобасына 12 жыл және 18 миллирд теңге кетті, ал Квадраттың мәселесі әлі шешілмей келеді.

Тухлая балка. Фото авторы: Төрехан Нұрлығайынов

Бұған қоса, 2024 жылғы 17 мамырдағы спутниктен түсірілген суреттерден Квадраттан бір шақырым жерде орналасқан Черная речка каналының бойындағы төгінділерді байқадық.

17.05.2024 ж. Спутниктен түсірілген суреттер. Дереккөз: sentinel-hub.com

Демек, Квадрат су басуы ықтимал аумақта тұр. Оның айналасына қазір салынған бөгеттер тасқынға төтеп береді деп үміттенеміз. Әйтпесе қаланы үлкен экологиялық апат күтіп тұр.

Ресейде тазартылмаған ағын суға булану алаңын салу заңсыз болып саналады, мұндай әрекетке заң алдында жауап береді. Бірақ Қазақстанның су кодексінде мұндай құрылыс үшін жаза қарастырылмаған.

Су тасқынынан кейін жаңа каналдарды не істеу керек? Қайта көміп тастау қажет пе?

Мемлекеттік деңгейде инженерлік-техникалық сараптама жүргізу қажет. Каналды сол күйі қалдыру қажет пе, әлде көмген дұрыс па, ол соның нәтижесінде белгілі болады.

Қазір бұл каналдарды кім бақылауы керек?

Су шаруашылығы және ирригация министрлігі мен Индустрия және құрылыс министрлігі. Бұл екі құрылым Каспий теңізіне су бұру жоспарын әзірлеу үшін тиісті мамандардан алқа құруы керек еді. Бірақ оның орнына билік даланы су астында қалдырды.

Атырауда жекеменшік үй иелері септик қолданады, жаңбыр суы ағатын жер жоқ. Жерасты сулары септиктерге дейін көтерілуі мүмкін, мұның қаупі қандай?

Қала тұрғындарының басым көпшілігі – күні бүгінге дейін орталық кәріз жүйесіне қосылмаған жер үйде тұрады. Сондықтан облыстағы екінші үлкен қауіп – жерасты сулары, жерасты суының деңгейі көтеріліп, септиктер мен жертөлелерді су басу қаупі бар.

Сондықтан біз Қазақстан сәулетшілері мен инженерлері қауымдастығы аясында септиктер туралы нұсқаулық әзірледік, онда септиктің әр түріне тоқталып, оларды не істеу керегін қарастырдық.

Жақында Атырау облысы Индер ауданындағы жекеменшік үйлердің орталық кәріз жүйесіне қосылғанын білдім. Өркениет Атыраудан бұрын Индерге жеткені таңғаларлық жағдай.

Шынында да, Атырауда жаңбыр суы ағатын кәріз жоқ, есесіне қалада су ақпайтын, қоқыспен және ағынмен толып қалатын, ойластырмай салынған бетон арықтар бар. Атыраудың ыстығында оның бәрі жағымсыз иіс шығаратыны айтпаса да түсінікті.

Нөсер суы ағып кетпегеннен кейін жаяу жүргіншілер жолы мен жолдың беткі қабаты тез тозады. Жаңбыр суы ағып кететін кәріз қарастырылмағандықтан, жолды жөндеудің де, жаңадан салудың да мәні жоқ. Қаланы халық үшін емес, көзбояушылық үшін салып жатқандай әсер қалдырады. Ал мұның бәрі салық төлеушілердің, яғни халықтың ақшасына жасалады. Қала әкімдігі мұндай жұмыстарды қалай қабылдап алатыны, неге құрылысты қадағаламайтыны, жаңбыр суы ағатын кәрізді неге жасамайтыны, жер үйлерді орталық кәріз жүйесіне қосуға неге асықпайтыны түсініксіз.

Жаңбырдан кейін қала су тасқыны болғандай күйге түседі. Орталық көшелерде суды арнайы машина сорады. ХХІ ғасырда, цифрлық Қазақстанның мұнайлы астанасында орталық көшелердің суын машинамен сорып алады. Ал шет жақтарда көлшіктер мен батпақ кепкенге дейін тұра береді.

Қазір бізде су көп, бірақ жазда әдеттегідей құрғақшылық болып, суаруға су жетпейді. Қазір мемлекет 20 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Бұл тиімді деп ойлайсыз ба? Оларды жобалау кезінде нені ескеру керек?

Өзендер үшін су қоймасы деген ұйыған қан тәрізді, жобалаушылар оларды солай атайды. Олар өзеннің табиғи жағдайына тікелей әсер етеді, жайылманы, арнаны, тіпті өзен сағасын өзгертеді.

Екі жыл бұрын Шіркей су қоймасындағы жерасты су жинағышы мен ұзындығы 78 шақырым болатын су құбырын жобалауға қатыстым. Осы жоба аясында біз осы елді мекендердің барлығын аралап, себебін анықтадық. Шіркей су қоймасы салынып, оны толтыруға он жыл уақыт кеткен соң су қоймасының төменгі ағысында ағып жатқан өзендер тайызданып, тартыла бастады. Бір кездері тау өзені ағып жатқан жердің құрғап қалғанын, бұрын сарқырамалар ағып жатқан тау беткейлерін және бір кездері тіршілік қайнаған, бірақ қазір қаңырап бос қалған ауылдарды көру қорқынышты. Дағыстанда 50 жыл бұрын қарқынды түрде су қоймалары салынды, ал қазір бұл аймақ ауыз су мен жарықтың тапшылығын көріп отыр.

Бізде де сондай жағдай қайталанбай ма? Адам баласының өзеннің өмірін басқаруға құқы бар ма?

Климатты өзгерте алмаймыз. Бірақ қазір, ақпараттық модельдеу қарқынды дамып келе жатқан ғасырда, инженерлер су ресурстарын тиімді құру және пайдалану үшін барлық құралға қол жеткізе алады, біздің министрлер әңгіме етуді ұнататын, бірақ ештеңе істемейтін water management деген осы.

Жерүсті ағынының жоғарғы көлемін (жаңбыр мен қар ерігеннен кейін) жинайтын тиімді дренаж жасай алсақ, ағын суларды тазартып, сол суды қайта пайдалана алсақ, мұны неге істемейміз?

Квадраттағы судың өзі оңтүстік облыстардағы барлық егіс алқабын бірнеше жыл бойы суаруға жетеді.

Су тапшылығын су қоймаларын салу арқылы емес, «Осы су ресурстарын толтыру үшін не істеп жатырмыз?» деген сұрақ қою арқылы шешу керек. Бұл сұрақтың жауабы қай бағытта әрекет ету керегін түсінуге мүмкіндік береді.

Мен Атырауда краннан ағатын суды пайдаланатын бірде-бір отбасын білмеймін, ол су ішуге немесе тамақ жасауға жарамайтын болған соң, 19 литрлік бөтелкелерді сатып алуға мәжбүрміз.

Атырау жыл сайын мемлекеттің қазынасына миллиардтаған қаржы құяды. Ал осы қалада ауыз су болуы үшін мемлекет 30 жылда не істеді?