3762
21 июня 2024
Ирина Гумыркина, Власть, суреттер Данияр Мүсіровтікі

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мәди Қапанов: «Тіл үйрену үшін шынайы мотивация болуы керек»

Қазақ тілі онлайн мектебі, мотивация мен оқыту әдістері жайлы

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мәди Қапанов: «Тіл үйрену үшін шынайы мотивация болуы керек»

Мәди Қапанов – қазақ тілі пәнінің мұғалімі және салыстырмалы түрде жас саналатын «Әңгімелес» онлайн мектебінің негізін қалаушы. Мектеп екі жылдан бері мемлекеттің және демеушілердің қолдауынсыз, тек жетекшінің құлшынысымен-ақ жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде мектепте жүзге тарта оқушы оқыды.

«Власть» Мәди Қапановпен оның мемдер арқылы оқыту әдісі туралы және Қазақстан азаматтарын мемлекеттік тіл үйренуге итермелейтін себептер туралы сөйлесті.

– Мәди, негізгі мамандығыңыз – қазақ тілі пәнінің мұғалімі, бірақ ол бағытта жұмыс істемепсіз. Неліктен сабақ беремін деп шештіңіз және онлайн мектеп ашу идеясы қалай пайда болды?

– Оқып жүргенде қосымша жұмыс істедім. Сондықтан басқа бағытқа кетіп, IT саласында он жыл жұмыс істедім. Нағашыларым білімді адамдар, бәрі мұғалім, мектепте оқу ісінің меңгерушісі, директор болған. Ұстаздықты таңдауыма бұл да себеп болған шығар. Осы кәсіби ортада жүріп білім беру саласына деген адалдықты көрдім және бұл орта маған осы жолды таңдауға шабыт сыйлады. Кейін өмір мүлдем басқа бағыттағы жұмысқа жетеледі. Бірақ, түбінде бәрібір өз ісіме оралдым.

Достарым қазақ тілі мұғалімі екенімді білетін, сондықтан олар жеке сабақ беруімді сұрай бастады. Алғашында біреуімен жай отырып сөйлессек, тағы біріне үй тапсырмасын орындауға көмектесіп жүрдім. Мектеп ашамын деген ниет болған жоқ. Бұл өз алдына осындай қажеттіліктердің (сырттан – В.) пайда болуымен бірге келді. Сонымен қатар онлайн мектеп бірте-бірте құрылды, нақты ашылған күні де жоқ. Украина мен Ресей арасында соғыс басталғанда бізге қоныс аударғандар көп болды. Сол кездері кезекте тұрғанда, барда, фестивальдерде жүргенде орыстардың «осы жақта қалсам, қазақша үйренемін» дегенін жиі еститінмін. Сол кезде курс жазып, сабақ беруді бастайтын уақыт келген шығар деп ойладым. Өзім әлі IT саласында істейтінмін. Сондықтан кешкі уақытта сабақ беремін деп шештім. Тез-тез курс жазып, Instagram парақшамда жазба жарияладым. Қуанышыма орай, достарым мен таныстарым бірден іліп әкетіп, бір күнде жазбаны 100 адам репост жасады. Сөйтіп бір күнде үш топ жинап алдым. Екі-үш адам ғана болар деп ойлап едім, бірден бес адамнан үш топ құрылды. Бұлай болады деп ойлаған жоқпын.

– Демек, мектептің ашылғанына екі жыл болды.

– Иә. Бірақ осы уақыт аралығында жақсы нәтижеге қол жеткіздік, оқушымыз көп. Курсты тәмамдап, әрі қарай өз бетінше үйренуге көшкендер бар, бізде қалып, оқуын жалғастырып жатқандар бар. Екі жылда 100-ге тарта адамды оқыттым.

– Топта көбіне жастар ма, әлде белгілі бір себептерге байланысты кеңес өкіметі заманында қазақша сөйлемеген ересек адамдар да бар ма?

– Аралас: қазақ, орыс, буряттар да, Саха Республикасының азаматтары да бар. Көпшілігі 20–45 жас аралығындағылар.

– Кімдер көбірек?

– Қазақтар көбірек.

– Шамамен қанша?

– 60–70%-ы – қазақтар. Бір қуанатыным, ересектер де келеді. Олар саналы түрде үйренгісі келеді. Басына таяқ тимейінше, бұл туралы ойламаған. Оларға не түрткі болуы мүмкін? Балалары әртүрлі салт-дәстүр жайлы сұрауы мүмкін, үйленеді, күйеуге шығады, құдалары қазақша сөйлейтін адамдар болады, ал өздері тіл білмеген соң, қысылып, содан келіп қазақша үйренгісі келетінін айтады. Шетелде, соның ішінде Германияда, АҚШ-та, Лондонда тұратын оқушыларым бар. Олар Қазақстаннан кетіп қалса да, тілін ұмытып қалғысы келмейді. Сондықтан аптасына екі-үш рет хабарласып, жай отырып қазақша сөйлесеміз.

– Соғысқа дейін де түрлі курс болды: ақылы курстар, мемлекет тегін түрін де ұсынды. Соғыстан кейін қазақ тілін үйренуге қызығу арта түсті, әрине. Бірақ неге біз әлі күнге дейін қазақша еркін сөйлей алмаймыз?

– Себебі үйрену керек дегендердің бәрі тек әңгіме деңгейінде қалып қояды. Неге менің 100-ге тарта оқушым болды? Аз уақыт жұмыс істеп келе жатқан мектеп үшін бұл, әрине, көп. Себебі бірінші курстан соң адамдар кетеді, екі-үш сабақтан соң кетеді, олардың оқысам деген шынайы мотивациясы жоқ. Себебі бұл олардың жанын «ауыртпайды». Олар «ауруды» тек кей сәтте сезінеді: такси жүргізушісі қазақша сөйлейтін болған соң, Kaspi нөмірін сұрай алмағанда; көшеде біреу дүкен қайда екенін қазақша сұрағанда жауап бере алмай қалғанда ғана сезінеді. Ал бұл мәселелер күнде бола бермейді. Жауап бере алмай қалсаң да, өз бетіңмен кете бересің. Ал соңына дейін қалатындарға пайда жағы мотивация береді. Олар бизнес үшін немесе балалары қазақша сөйлегенін қалағаннан тіл үйренеді. «Әуелі өзіңнен бастау қажет. Мен сізге келіп қазақша сөйлеуді үйренсем, кейін балаларым қазақша сөйлейді», – дейді. Ал қалғаны барда отырып, тіл үйрену керек еді деп, кейін бір-екі сабаққа қатысып, сонымен қойып кетеді. Бұл кейде қазақтардың біреуді қазақша сөйлей алмайсың деп сөгетінінен де болады. Сондықтан олар үшін қазақша сөйлеу – жатқан бір күйзеліс. Мектепте қатал бір апай үнемі ұрса беретіні үшін сабаққа барғымыз келмейтіні сияқты дүние ғой. Үлкен өмірде де солай, ішімізде отырған кішкентай бала көшедегі адамдар күле ме деп, сабаққа баруға, қазақша сөйлеуге қорқады. Сондықтан кейбір оқушыларым үшін психолог болып, оларды қуаттап отыруым керек.

– Нақты оқыту әдістемеңіз, әр сабағыңыздың жоспары бар ма, әлде жағдайға сәйкес, «білгенімді айтамын» қағидасымен сабақ өткізесіз бе?

– Әрбір студентке жеке тәсіл қарастырамын немесе топта олардың осал тұстарын қарап, сонымен жұмыс істейміз. Жиынтықталып жасалған әдістемем бар, әркімнен қарап, керегін алғанмын. YouTube желісінен басқалардың сабақ бергенін көріп алдым. Өзім ғана құрастырған авторлық әдістемем жоқ. Instagram-да қазақ тілі туралы жиіп айтып отыратынмын, үнемі осы нәрсеге мән беремін. Бірақ өзімді тіл саласындағы белсенді азамат етіп көрсетпеймін, себебі «белсенділіктің артында агрессия бар» деген түсінік бар. Тіл саласындағы белсенділік пен ұлтшылдықтың арасы бір-ақ әрекет: бір жерде бірдеңені дұрыс айтпай қалсаң, ұлтшыл болып шыға келесің. Ал мен ұлтшыл емеспін, мен тек қазақ тілі күштеп үйрететін тіл емес, басқа тілдермен тең дәрежеде болғанын қалаймын. Сондықтан қазақ тілін үйрену процесін барынша қызық етуге тырысып жүрмін. Оқушыларым әңгімелесіп, уақытын пайдалы өткізу үшін келеді. Қазақша білетін, бірақ оны дамытуды қажет ететіндер үшін қолданатын бөлек әдісім бар. Отырып әңгімелесеміз. Әңгіме барысында олар жаңа сөз үйреніп, сөздік қорын толықтырады. Мені де тыңдайды, олар қате жіберсе, түзеп отырамын, қателерді де есте сақтап отырады. Осылайша, үйрену процесі тезірек жүреді.

Әр адам жасына, мамандығына қарамастан, қазақша сенімді әрі еркін сөйлей алатындай жағдай жасағым келеді. Жоба басталғалы бері жақсы нәтижеге жеттім. Қазақ тілін үйренуге қызығатындар көбейді. Бірақ міндетімді орындауды енді бастап жатырмын және қазақ тілі әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінің бір бөлігі болуы үшін атсалысамын.

Angilemes instagram парақшасынан

– Жұмыс барысында қандай қиындықтар болады?

– Адамдардың ынтасына қатысты қиындық болады. Кейде мұғалім мен оқушының арасында байланыс болмайды. Бұл – қалыпты нәрсе. Бірінші курстан кейін олар кетіп қалады, мен кінәламаймын, ренжімеймін, себебі олар қалағандай болмауы мүмкін, менің түсіндіргенімді ұнатпаған болуы мүмкін. Ондай-ондай болып тұрады. Сондықтан қазір ақырындап бағытты өзгертіп жатырмын, оқушылар өз бетінше оқи алуы үшін материал әзірлеп, оқуға үнемі уақыт бөле алмайтындарға мұғаліммен өтетін уақытты қысқарту үшін онлайн сабақтар, вебинарлар жазып жатырмын. Елдің бәрі бірдей аптасына екі немесе үш рет кешкі 7-де кездесе алмайды, себебі бәрі ересек адамдар, бәрі жұмыс істейді, отбасы, балалары бар.

– Ал қаржылық жағы қалай? Жобаға қолдау табу да бір мәселе ғой.

– Иә, бұл менің ең үлкен проблемам. Әзірге жобаны ешкім қаржыландырып жатқан жоқ, тек ынтамен жүріп тұр. Көмек, әрине, бар. Кейде отбасым көмектесіп жібереді, бірақ бұл бәрібір жобаға жетпейді. Жобаны істеуге жұмыла кірісетін мүдделес адамдар жоқ. Басқа салалардан, оның ішінде дизайнер, маркетолог таныстарымыздың арасында мүдделес адамдар бар. Олардан кеңес сұраймын. Ал жалпы мұнымен айналысып жатқан бір команда жоқ. Дизайнер, бухгалтер, бәрі – өзім.

– Демек, басқа да мұғалімдер жұмыс істейтін толыққанды онлайн мектеп ету жоспарыңызда бар ғой?

– Қазір мұғалімдерім бар, бірақ онлайн мектеп олардың негізгі жұмысы емес, қосымша табыс көзі. Оқушылар болса, оларға кешкі уақытқа беріп қоямын. Олар не мектепте, не білім беру орталықтарында жұмыс істейді. Әзірге осылай жұмыс істеп жүрміз. Бірақ мұғалімдер мені түсінеді. Мен оларға шығармашылық еркіндік беремін, сабақты қалай дұрыс деп ойласа, солай жүргізуіне рұқсат беремін, тек алдын ала менімен келісіп алуын сұраймын. Олар да менімен бірге тәжірибе жинай бастайды. Мектептен бөлек Instagram парақшаны дамытып, қызық, мем түріндегі, әзіл аралас әрі өзекті тақырыпты қамтитын бірлескен жазбалар әзірлеу жоспарда бар.

– Неліктен мемдерді таңдадыңыз?

– Үнемі барлық нәрсеге әзілмен қарайтынмын және, меніңше, тіл үйренгенде мем қолдану бірнеше себепке орай қызық бола алады. Әдетте мемдердің контенті әзілге жақын немесе жеңіл жатталады. Түпнұсқаға ұқсайтын тіл, мемдер көп жағдайда өмірде қажет болуы мүмкін тілдегі тенденцияларды, жаргон сөздерді қолдана отырып жасалады. Мәдени мазмұн тұрғысынан мемдер мәдени оқиғаларды суреттей отырып, тіл мен мәдениетті жақсырақ түсінуге көмектеседі. Осылайша, тіл үйренгенде мемдерді қолдану тиімді болып қана қоймай, тілдік ортаға сіңісіп кету үшін де қызықты әдіс бола алады.

– Қазір, меніңше, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне бет бұру тұрғысында тілді зерттеу өте маңызды сияқты.

– Иә, бұл күндері ұмытылып бара жатқан қызықты сәттер, салт-дәстүрлер аз емес, тіпті өзіміз де білгенде таңғаламыз. Сосын қайдан шыққанын зерттеп отырасың, кейбір өңірлер тек осы дәстүрлерді ғана сақтайтын болып шығады. Сондықтан Қазақстанның барлық аймағына – қалаларға емес, шеткі аймақтарға, ауылдарға барып, сөйлеуді, диалектілерді тыңдауды, күнделікті кейбір сәттерді білуді армандаймын. Бір-екі апта бір өңірде болып қайтқан қызық. Бірақ оған уақыт пен ақша қажет.

– Қалалық әкімдіктен немесе министрліктен қолдау сұрап көрмедіңіз бе?

– Тікелей өтініш берген жоқпын, бірақ бергендерді білемін, олар көп қолдау көрген жоқ. Осыған ұқсас жобаларды жасап жатқан әріптестерімнің, соның ішінде soyle.kz, Qazaq Grammar жобаларының білім немесе қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырдық деп айтқаны есімде жоқ. Сондықтан бұл жігіттер барлығын өзі жасап жүргенін көріп жүрміз. Қазақ тілінің дамуына қолдау көрсететін кейбір ірі брендтерден демеушілік ретінде қаржы алып жатқан достарым бар.

– Осы орайда қазақ тілінің дамуы түптеп келгенде әуесқойлардың мойнына жүктелмей ме, әлде мемлекет оларға әлі де көңіл бөліп, осы іске белсене араласып, әйтеуір қолдау көрсете ме? Мұндай жағдайда қазақ тілінің даму болашағы қандай?

– Бұған мемлекет қазірдің өзінде көңіл бөліп отыр, бірақ бұл мен үшін түсініксіздеу, әйтеуір басқаша жұмыс істейді. Олар халықты тыңдамайды, бұған қатысты өз көзқарасы бар, қазақ тілінде біртүрлі телебағдарламалар ұйымдастыруға тырысады. Бәрі басқаша болуы керек. Олар шет елдерден үлгі алмайды, мысалы, мемлекеттік тілді қолдау мақсатында қызықты жобаларды жүзеге асырып жатқан елдер бар. Ал бізде «қазақша шоу жасадық» деу үшін жасайды тек және бұл шоудың не әкелетіні олар үшін маңызды емес.

– Еркін сөйлеп кету үшін қазақ тілін үйренуге қанша уақыт кетеді?

– Әрқалай. Қазақ тілін үйренуге бейім оқушылар бар, олар тезірек үйренеді. Бір студентім бар, итальян, бірақ түркітанушы, түркі халықтарының мәдениетін зерттейді, сондықтан ол түркі тілдерін үйрене бастады. Бір, бір жарым жыл бойы тығыз жұмыс істедік, қазақша сөйлейтін болды. Ал қазір Алматыға келгенде үш-төрт сағат қазақша ғана сөйлейміз. Ұзақ оқитын студенттер бар, практика аз болғандықтан, тіл үйрену де ұзағырақ уақыт алады. Қазақ тілін бес жыл бойы үйреніп жатқанына уайымдап жүргендер болса, бұл қалыпты нәрсе дегім келеді.

– Аптасына қанша сабақ алған дұрыс?

– Көп дегенде үш рет болғаны дұрыс. Одан көп болса, көп болып, жарты жылдан кейін-ақ, тіпті одан да бұрын қазақ тілі сабақтары адамды күйзеліске түсіруі мүмкін.

– Әсіресе, қазақ тілінде етістіктің қанша шағы бар екенін ескерсек. Тіл үйренудегі осы қиындықтарды қалай жеңуге болады? Жалғауларды тез есте сақтауға қатысты лайфхактар ​​бар ма?

– Әңгімені қазақша көбірек тыңдаңыз. Біз ағылшын тілін осылай үйренеміз, көбірек тыңдап, сөздер мен тіркестерді есте сақтаймыз. Мысалы, мен оларды мүлде жаттаған жоқпын, интуиция деңгейінде қолдандым. Жарайды, бәрі солай айтады ғой, мен де айтамын дейтінмін. Дәл осындай принципті қазақ тілінде де қолдануға болады. Сөз тіркестерін интуиция деңгейінде көбірек меңгеріп, тыңдап, айту керек. Ең бастысы, ұялмау керек. Күмән көп болған сайын, тежейтін ​​факторлар да көбейеді. Дұрыс немесе бұрыс екеніне мән бермей, сөйлей берсеңіз, адамдар қатеңізді түзейді. Өйткені ең үлкен кедергі – ұят. Алматыда демалыс күндері өтетін көптеген тегін сөйлесу клубы бар. Астана жобасы демалыс күндері Zoom-да тегін кездесулер өткізеді. Мұны істеу үшін сізге жеті мың сөзден тұратын сөздік қор жасақталғанын күтудің қажеті жоқ. Оқып жүріп, адамдармен араласып, олардың қалай сөйлейтініне де қарау керек, сонда бәрі бірден есте қалады.

– Қазақ тілін енді үйрене бастағандарға қандай кеңес бересіз?

– Ең маңызды кеңесім – фильмдерді қазақ тілінде көбірек көру, тыңдау, қазақша сөйлейтіндермен араласуға тырысу, оларды сізбен тек қазақша сөйлесуге мәжбүрлеу керек. Менің қазақша білетін, бірақ сөйлемейтін досым бар. Онымен тек қазақша сөйлесемін. Қазір досымның жақсы нәтижеге жеткенін байқап жүрмін. Айна алдында тұрып, өзіңізді мәжбүрлеуіңіз керек, үнемі осы туралы ойланыңыз, тілді үйренуге мотивация бар екенін есте сақтаңыз. Студенттер маған бизнес үшін келеді, олар үшін тіл үйренуде шынымен пайдасы бар. Олар қазақ тілін білмесе, байланыс болмағандықтан тұтынушыларының 30–40%-ын жоғалтады немесе туыстарының алдында тост айтқанда ұятқа қалмауды ойлайтындар бар. Туыстар мен аға буын арасында қандай да бір беделге ие болу да – жақсы мотивация. Тек «патриоттық мотив» емес, шынайы мотивация болуы керек. Патриоттық серпін бірінші жылдың деңгейінде қалады, оның өзінде адам тек аяғына дейін жеткізер болса.

– Сіздің ойыңызша, адам тілді «патриоттық себеппен» үйренбеуі керегін қашан түсінеді?

– Кейінгі екі-үш жылда халқымыз қазақ тілін үйренудің маңызын түсінді. Мен мұны өз айналамнан-ақ байқап жүрмін. Бұрын төл тарихы мен мәдениетіне қызықпайтындар да қазір тіл үйреніп, салт-дәстүрге бет бұру керегін түсіне бастады. Бұл біздің мұрамызбен байланысымызды нығайтып, алға жылжып келе жатқанымыздың белгісі. Мұның бәрі тек арман, «мүмкін», «керек» дейтін дастархан басындағы әңгіме деңгейінде қалып қоймай, іс-әрекетке айналып кетсе, 5–10 жылдың ішінде қазақша сөйлейтін халықтың үлесі өседі деп ойлаймын. Бұл – талпынысымыз бен ұмтылысымыз нәтижеге әкеліп, тіліміздің бұдан да кең таралып, сұранысқа ие болатын кезі болмақ.