4476
1 августа 2024

«120 теңгеге көтереді, бірақ ештеңе өзгермейді»

Сарапшылар Алматыдағы қоғамдық көлікте жүру бағасының өсуіне қатысты не дейді

«120 теңгеге көтереді, бірақ ештеңе өзгермейді»

Светлана Ромашкина, Власть, суреттер автордыкі

Тамыздан бастап Алматыда қоғамдық көлікте жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттап, енді жолақысы 120 теңге болады. Бұған дейін жолақысы соңғы рет бір жыл бұрын тамызда қымбаттаған еді. 11 жыл бойы 80 теңге болып келген жолақысына ол кезде де 20 теңге қосылған.

Бұған қоса жақын арада әкімдік жол жүру билеті 7200 теңгеден 9900 теңгеге көтерілгенін ресми хабарламақ. Сонымен қатар енді қолма-қол төлеуге болмайды.

Осылайша жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарады деп уәде беріп отыр, бірақ шынымен бәрі жақсара ма?

«Власть» автопарк өкілдері мен көлік саласы мамандарымен сөйлесіп, олардан тарифті көтеру үшін жолаушыларға қандай жағдай жасалу қажет екенін сұрады. Жолақыны 20 теңгеге қымбаттату арқылы мәселелерді шешуге бола ма?

Тариф көтерілсе, 7 млрд теңге үнемделеді

Мәслихат депутаттарына тарифті көтеру идеясын ұсынған қалалық мобильдік басқармасының жетекшісі Сағындық Телібаевтың сөзінше, 2023 жылы тамызда тариф 20 теңгеге көтерілгеніне қарамастан, күн сайын жолақысынан түскен ақша тасымалдаушылардың автобус жөндеу, оның қосымша бөліктері мен шығын материалдарын алуға кететін шығынды жаппайды.

«Тасымалдаушылардың шынайы шығыны 310 теңгеден асып кетеді [бір сапарға], кейбір бағыт бойынша 400 теңгеге жетеді. Осыған байланысты әкімдік әлеуметтік маңызы бар бағыттарға субсидия бөліп келеді. Осылайша 2017-2023 жылдар аралығында тасымалдаушыларға 217,6 млрд теңге субсидия бөлінді. 2024 жылы 97,3 млрд теңге субсидия беріледі деп болжап отырмыз. Қабылданған шаралар биылғы субсидия сомасын 7 млрд теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», — деді Телібаев.

Ол депутаттарға тариф көтерілуі «қоғамдық көліктегі қызмет сапасының өсуіне, оның қауіпсіз әрі жайлы болуына оң әсер етеді» деп уәде берді.

Қазақстан Республикасы автотранспортшылар одағының бас директоры Сәбит Аманбаев автобус парктерінің кірісі екі бөліктен тұратынын түсіндірді: билеттерден түсетін күнделікті кіріс пен ай сайынғы әкімдіктің субсидиясы. Сондықтан күнделікті кірістің 20 теңгеге өсуі автобус парктеріне айтарлықтай көмек болып, айналымдағы қаражат жетіспеушілігін қысқартып, жанармай алуға жағдай жасайды.

«Бірақ жолақысын 20 теңгеге көтергеннен тасымалдау сапасы өзгереді деп айтуға болмайды, ол өзгермейді. Тасымалдаушылардың шығынына уақытылы субсидия бөлініп отыруы керек. Ал бізде бұл үнемі кеш жасалады, болмаса, субсидия көлемі себепсіз қысқарып қалып жатады. Бұл да тасымалдауға әсер етеді. Сондықтан қызмет көрсету сапасы әкімдіктің процесті ұйымдастыруына байланысты, ал ол әуелі қаржыландырудан басталады », — дейді Сәбит Аманбаев.

Қалалық автопарктердің бірінің жетекшісі аноним негізде оған ақшаны кімнен алса да, әкімдік не жолаушы болсын, айырмашылық жоқ екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, тасымалдаушылар төрт жыл бұрын әкімдіктен жолақы тарифін 300 теңгеге көтеруді, не болмаса жылына бес теңгеден қосып, біртіндеп көтеруді сұраған. Ол мысал ретінде жолақысы бірте-бірте көтеріліп, былтыр 100 теңгеге дейін, ал қолма-қол төлем жасағанда 170 теңгеге көтерілген Қостанай қаласын келтірді.

«Бірақ әкімдік келіспеді. Тепе-теңдікті ұстағысы келген болса керек, бюджет жетеді деп ойлаған шығар, бірақ қазір жеткіліксіз», — дейді ол. Оның сөзінше, әкімдіктен қанша ақша бөлінетінен бұрын, оның уақытылы түсуі маңыздырақ. Себебі бұл ақша жұмысшыларға жалақы төлеуге, салыққа, жөндеу жұмыстарына кетеді, ал күнделікті түсетін ақша жанармай шығынына жұмсалады.

Тамыздан бастап Алматыдағы қоғамдық көлікте жолақысын қолма-қол ақшамен төлеуге тыйым салынады. Парк жетекшісі жолаушы ретінде бұған қарсы екенін, алайда тасымалдаушы ретінде мұны қолдайтынын айтады. Себебі оған қолма-қол ақшасыз төлем тәсілі тиімдірек: қолма-қол төлем үшін Көлік холдингі 28% комиссия ұстайды, ал карта арқылы немесе онлайн төлесе, комиссия — 10% құрайды.

Сәбит Аманбаев қолма-қол төлем тәсілін алып тастау қауіпсіздік ниетінен туындаған амал екенін атап өтті, «бірақ шын мәнінде Оңай картасы жоқ адамдар, қала тұрғындары болатынын ескерсек, қолма-қол төлем әдісі керек. Бұған қоса банк картасы арқылы, банктердің QR коды арқылы төлеуге мүмкіндік жоқ. Ең негізгі мәселе – бәсекелестікті қорғау агенттігініңкөңіл толмайтын жұмысы мен оны жауып келе жатқан әкімдік есебінен бізде электронды билет нарығында бәсекелестік жоқ. Көлік холдингінен бөлек басқа да операторлар болуы керек».

Сәбит Аманбаев парктердің табысты болуына жолдағы бақылау да әсер ететінін атап өтті. Кейбір парктер Алматыда қоғамдық көлікте жолаушылардың 35%-ы жолақысын төлемейтінін айтады: «Автобус парктері бұрыннан бері ревизиялық бақылау басқармасын құруды ұсынып жүр, бірақ бұл мәселе әлі шешілмей келеді. Әкімдік бақылауындағы ревизиялық бақылау басқармасы көп қаражатты көлеңкеден шығаруға көмектесер еді».

Ұялы байланыс операторларынан үлгі алу

Urban Forum Kazakhstan ұйымының сарапшысы Диас Маратұлы жолақыны көтеруге емес, жолаушының қоғамдық көлік қызметіне айына қанша теңге жұмсайтынына мән беру керек дейді.

«Бізде көбіне бір реттік жолақы туралы айтылады, бұл - төлем тарифінің ең қарапайым түрі. Субсидияға өте көп қаражат бөлінеді, бірақ әкімдіктің бір реттік жолақы орнына адамдардың айына қоғамдық көлікке қанша ақша жұмсайтынын назарға алғаны дұрыс болар еді. Қазіргі жүйе бойынша барлық жолаушының жол жүруіне субсидия бөлініп жатыр - бұл тым артық. Себебі, мысалы тек анда-санда қоғамдық көлік қолданатын және бірреттік жолақы аса қажет емес адамдар мен туристерді субсидиялағаннан бізге не пайда?» — дейді Диас Маратұлы.

Фото авторы: Жанар Кәрімова

Ол қоғамдық көлікке арналған билеттің түр-түрін ұсынатын өзге елдердегі қалаларды мысалға келтірді.

Диас Маратұлы ұялы телефон операторларынан үлгі алуға кеңес берді.

«Естеріңізде болса, бұрын әр қоңырауға минутына төлейтінбіз, яғни қоңыраудың әр минуты қанша тұратынын білетінбіз. Ал қазір ұялы байланыс операторлары ай сайынғы немесе басқа пакеттерді сатып алатын етіп қойды. Қоғамдық көлік бойынша да осылай жасау керек. Бір жағынан осылайша қоғамдық көлік бірінші қажеттілік болып саналатын, оны күн сайын қолданатын адамдарды субсидиялау мүмкін болады. Ал екінші жағынан бұл жалпы қоғамдық көлік қолданатын адам санын көбейтуге мүмкіндік береді. Себебі адам жол жүру билетін сатып алып қойса, қоғамдық көлікпен барайын ба, әлде самокат, болмаса таксиге мінейін бе деп ойланбайды».

Жол жүру билеті неліктен маңызды

Дегенмен Диас Маратұлы әкімдік қазір жолақысын бірреттік төлем орнына абонемент арқылы төлейтін жолаушы санын арттыруға мүдделі емес деп есептейді.

Негізі адам қоғамдық көлікке апта бойы күніне екі рет мінетін болса, жол жүру билетін алуға болады. Алматыда жол жүру билеті тек оны күн сайын, тіпті демалыс күндері де қолданатын болса ақталатын дүние.

«Адамдарды жол жүру билеттерін қолдануға қызықтыра алса, олар бірнеше рет ауысып отыратын сапарларды таңдай алар еді. Сонымен қатар, бұл қаладағы көлік қозғалысына әсер етіп, бағыттар жүйесін құруға, яғни магистрал бағыттар жасауға мүмкіндік берер еді. Сонда адамдар да бір қоғамдық көліктен екіншісіне мінуге, негізгі аялдамаға дейін біреуімен барып, екінші қоғамдық көлікке ауысып отырып жұмысқа жетіп алуға қиналмас еді».

Жол жүру билеттері жайлы айтатын тағы бар нәрсе бар: ол тек күнтізбелік айға жарамды. Демек, билетті бүгін сатып алсаңыз, оны тек осы айдың 30-31-не дейін қолдана аласыз.

Бірақ билеттерді тек бір айлық және қымбат қылып емес, бір апталық немесе бірнеше тәулікке жарамды етіп, болмаса, бірнеше сапарға қолдануға болатын етіп те жасауға болады.

«Билет бойынша ұсыныстың өте аз болуы – үлкен мәселе. Бір реттік жолақы бағасы көтерілгенде бұл жақсы балама ұсыныс бола алар еді», — дейді Диас Маратұлы.

Дегенмен жолақысы көтерілсе де, ауысып отыру ақылы болып қала береді. НҚА сайтынан тарифті көтеру жайлы пікірлерді шолып, қала тұрғындарының қоғамдық көлік сапасына көңілі толмайтынын, бірақ пікір жазғандардың көбі баға көтерілгені ең әуелі инфляцияға байланысты екенін түсінетінін көруге болады.

«120 теңгеге көтереді, бірақ бұл мәселені шешпейді. Біраз уақыт өткен соң қайта көтереді, бірақ бәрібір қомақты субсидиялар бөліне береді, қоғамдық көліктер де қазіргі деңгейде қала береді», — дейді Диас Маратұлы. Ол бүкіл әлемде қоғамдық көлікке субсидия бөлінетінін және мұның қалыпты екенін, мәселе тек Алматыда мұның қазір мүлде тиімсіз түрде жүзеге асып жатқанын айтады.