3894
21 августа 2024
​Мади Мәмбетов, арнайы Власть үшін

«Дала қасқыры»

Әділхан Ержанов жаңа фильмінде алғашқылардың бірі болып Қаңтардан қалған жалпыхалықтық жан жарасын қозғайды

«Дала қасқыры»

Атауы: «Дала қасқыры»

Түсірген ел: Қазақстан

Шыққан жылы: 2024

Ұзақтығы: 102 минут

Режиссер: Әділхан Ержанов

Рөлдерде: Анна Старченко, Берік Айтжанов

Қазақстан, қазіргі заман, ешқандай белгі жоқ айдала, жылдың қай мезгілі екені де белгісіз, полиция учаскесі не әскери бөлім екені белмәлім бір жерде полиция күдіктіні тергеп отыр. Күдіктінің кінәлі емес екені анық, бірақ бұл оған аса көмектеспейді. Жергілікті «авторитет» Таханы жөнге салуға ешкімнің әлі келмейді, сондықтан айтқанға көніп, қол қойып береді. Оның үстіне, камераға орта жастағы, үсті-басы алба-жұлба, көксұр көзді, суық өңді Брайюкті кіргізді. Беті тартылып қалған Брайюк бүкіл тісін көрсетіп, ебедейсіз есінейтін, әрі қол қоюға тиіс адамдарға қол қойдыртады. Айдалада, заң мен тәртіп жоқ жерде қолы жүретін қабілет.

Мұнымен бір мезгілде ауылда қиян-кескі дүниенің шырмауында қалған жас келіншек түсініксіз бірдеңелерді күбірлеп келеді. Үстіне ұзын пальто киген, шашын жайып алған, қолында қою қызыл түсті ұзын шарфы бар. Күбірінен Тимка деген біреуден айырылып қалғанын түсінуге болады, бәлкім, ұлы болар. Жан-жақтан оқ атылып жатса да, келіншекке оқ тимейді. Көшеде көлденең кездескен көлікті аударып, от қойып жіберетін адамдар толып жүр. Дәл сол әскери бөлімге басып кіріп, бәрін атып тастайды, бір ғана азаптаушы аман қалады. Сосын күбірлеп жүрген қыз. Екеуі бірге не гүлі, не шөбі жоқ, үмітсіз, маң далада кетіп барады. Екеуінің іздегені де екі бөлек, бала ма, кек пе, өлім бе, белгісіз.

Әділхан Ержановтың жаңа фильмі таңғажайып көрінісімен ерекше – оның бұрынғы туындылары әдетте түйіршікті әрі бұлыңғыр болса, «Дала қасқыры» түннің қараңғылығы мен бұрқыраған шаңда да ерекше HD кескінін сақтай алған. Кейбір кадрлар тіпті сурет түрінде жақтауға салып, галереяға іліп қоюға сұранып-ақ тұрғандай. Бұл бұрынғы туындылардан ерекшелеп тұрған жалғыз айырмашылық деуге де болады. Әйтпесе, Ержанов өзінің мүмкіндігін біледі және тек қолынан келетін кино жасап шығарады. Режиссер өте өнімді жұмыс істейді, жылына екі фильм түсіреді. Бірақ, таңғаларлығы, сан сапаға мүлдем әсер етпейді, ал «Дала қасқыры» оның бүгінгі таңдағы ең сәтті шыққан жұмысы десек те болады.

Ержанов әрі қарапайым, әрі сюжеті анық фильм түсіреді, бірақ туындыға шамалы абсурд, гротеск, «қара» комедия, жануарлар хорроры мен сюрреализм қосудан қорықпай, әр қаралымды уайымға толы әрі есте қаларлық ете алады. Көптеген қазақстандық арт-хаус режиссер қарапайым драманы абстрактілі философиялық тұжырым деңгейіне көтеру үмітімен фильмдерін символизммен, тұспалмен, визуал және сценарийдегі трюктармен толықтырғанды жақсы көреді. Ержанов бұл әдістерді жоққа шығармайды, бірақ ол мұны орынды және мұқият жасайтыны сонша, оның фильмдері астарлы әңгіме ретінде емес, табиғи мифология ретінде қабылданады. «Дала қасқырында» да ол бір кездері жақсылық жасап, сол үшін өмірінің соңына дейін өкінетін, бір қарағанда мейірімсіз болып көрінетін адамды көрсетеді.

Бас кейіпкер тісін ақситып, ыржиып, бастан атады, балға мен қанжарды шебер ұстайды, әйелдерді мен балаларды да аямайды және, әлбетте, содан ләззат алады.

Оның серігі әрі антитезасы – адам болмысының түп-төркінін көріп, соның кесірінен есінен танып қалғандай әйел. Ол кім? Әлбетте, бұл қатардағы режиссер ойлап табатын образға сай жақсылықтың жаршысы не періштедей жаратылыс емес. Бірақ ол бәрібір қасқырдың күлкісіне жауап ретінде ақымақ күлімсіреуімен қарсы тұрады. Қыз фильм бойы міңгірлеп, сүрініп-қабынып жүреді, бірақ бір сәтте орамал оның қолынан басына қарай жылжып, жаюлы шашын жабады, көрерменнің көз алдына кеңестік кезеңдегі танымал плакаттағы Отан-ана немесе христиан дініндегі құдай ана келеді.

Ержанов актерлердің бар мүмкіндігін көрсетеді, бұл да оның асқан шеберлікпен жасайтын ісі. «Дала қасқырында» басты рөлдерді сомдаған Айтжанов пен Старченко ғана емес, сонымен қатар әр эпизодты ойнаған актер ерекше шеберлік көрсетеді. Олардың әр қарағаны, аузынан шыққан әр сөзі мағынаға толы.

«Дала қасқыры» — зорлық-зомбылық пен бейберекеттік жайлаған ауыр көрініс. Бұл – біреуге ұсыну қиын, бірақ көруге кеңес бермеске болмайтын фильм.

Жақсылық пен жамандық, кек пен кешірім, байлық пен биліктің құлы болу, баланың көз жасы деген мәңгілік сауалдар мазалай отырып, фильм тек айтар ойымен емес, жүрекке жеткізе білуімен де көрерменіне қатты әсер етеді. Фильмде гендерлік көзқарас та бар. Әбден тойынған, жемқор полицей болса да, ебедейсіз келте тон киген жеңгетай болса да, қоғамда мықты әрі құрметке лайық саналатын қасқырлар қоғамында әйелдер мен балаларға деген көзқарасты көрсетеді. Бірақ бұл қасқыр да жақынын лайықты жоқтай алмайтын, кеудесіне өксік толы, дені дұрыс жылай да алмайтын бір бейшара хайуан. Сұмдық әрі аянышты.

Айтпақшы, «Дала қасқыры» тұтасқан тұман арасында атыс пен жарылыс дыбысы естілетін, көшеде көліктер жанып, бейкүнә адамдар оққа ұшып жатқан Қанды Қаңтарда болып жатады. Осы бейберекет жағдайда өркениеттің қалдығы адамды тастап шығып, кенеттен Алматы облысының таныс даласы не Жабайы Батысқа, не қаһарлы жолға айналады.

«Дала қасқыры» – 2022 жылғы қаңтарда басымыздан өткен жалпыұлттық жан жарасын алғашқылардың бірі болып қозғап, осы терең жараның аузын тырнап қанатады. Мұнысы сәтті шыққан. Осы тарихи іріңді тазартып, жараны жуып, тігу – киноның, өнердің ең әуелгі міндеті.