4392
26 августа 2024
Паоло Сорбелло, фото: kazakhstan.un.org

Қазақстан орта держава ма?

Мемлекет Қазақстанды «орта держава» деп атайды, алайда бұл бар болғаны ұлттық брендинг қана

Қазақстан орта держава ма?

Қазақстан өзін «орта держава» деп атап, халықаралық қатынаста маңызды орны бар екенін баса айтуды трендке айналдырды. Мұны шетелдегі елшіліктердің қызметі немесе осындай пікірді тарататын үкіметке жақын ақпарат құралдары арқылы жасап жүр.

1 тамызда Қазақстанға сапары кезінде Еуропалық комиссияның арнайы өкілі Жозеп Боррель «орта держава» дегенді қайталады, оның: «Бұрын Қазақстан периферияның ортасында [тұр] деп саналатын. Қазір ол бәрінің ортасында тұр», — деген сөзі жарияланды.

23 қаңтарда Неміс халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты (SWP) «орта державалар» туралы баяндама жариялағанда, үкіметтік The Astana Times осы тақырыпты іліп әкетіп, «Қазақстан алғаш рет әлемдік орта державалар қатарына қосылды» деген қуанышты мақала жариялады.

Мамыр айының соңында Euronews басылымында жарияланған мақалада (редакцияланбағаны анық) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «орта державалар мультилатерализмді құтқаруға қауқарлы» деді.

Тоқаев мақаласында «дәстүрлі державалар бірге жұмыс істеуге қауқарсыз болып бара жатқандықтан», қазіргі жаһандық дағдарыстар «көпқырлы шешімдерді» талап етеді деп атап өтті.

Тоқаевтың пікірінше, орта державалардың рөлі «экономикалық қуатының, әскери әлеуетінің және, соның ішінде, саяси жігері мен дипломатиялық қабілетінің» арқасында «өз аймақтарында және одан тысқары жерде үлкен тұрақтылықты, бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз етуге» бағытталған.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ақпанда Euractiv басылымына «бізге мығымдау мультилатерализм керек, бұл жауапкершілік халықаралық ойыншыларды кеңірек қамтиды» деді.

Маусым айында Қазақстанның Сербиядағы елшісі Мәди Атамқұлов Белградта «Қазақстан орта держава ретінде» деген дәріс өткізді. Қазақстанның Канададағы елшілігі мамырда «Қазақстан орта держава ретінде» деген тақырыппен жалпы статистикалық көрсеткіштер (ел көлемі, халқы, ЖІӨ) жазылған уеб-парақша жариялады, әйтсе де, елшілік бұл санатты басшылықтың нұсқауын орындау үшін орынсыз пайдаланып отыр.

Modern Diplomacy журналына арналған «Орта держава ретіндегі Қазақстан болмысы» деп аталатын мақалада Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет жанындағы аналитика орталығының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Мирас Жиенбаев бірнеше жетістікті атап өтіп, нақты Тоқаевтың Қазақстан үшін «орта держава» құрудағы рөліне тоқталды.

Бір қызығы, Modern Diplomacy консультативтік кеңесінің құрамына Қазақстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Ержан Қазыханов кіреді, ол 2022 жылғы қаңтардан бастап президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды.

Тоқаев 2024 жылы маусымда ҰҚКҰ отырысында, фото: Akorda.kz

Бұл мысалдар — Қазақстанның сыртқы саясаты үшін жаңа имидж құру бойынша үкіметтің келісілген әрекеттерінің бірі. Алайда бұл бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде басталған елдің әлемдік аренада көзге түсуге деген ұмтылысына үлкен өзгеріс әкеле қоймас.

Гарвард университетінің Дэвис орталығында Орталық Азия бойынша бағдарлама директоры Наргис Қасенова Власть редакциясына берген сұхбатында Назарбаев тұсында атаққұмарлық ерекше рөлге ие болды деді.

«Қазақстан халықаралық қатынаста өзін серіктестік пен прогресшіл халықаралық күн тәртібін ұстанатын «жақсы азамат» деп санайды. Назарбаев заманында бұдан атаққұмарлық элементі байқалғаны сөзсіз, Қазақстанның әлемдегі маңызын, өзектілігі мен көзге түсуін арттыру бойынша талпыныстар оның көңіліне жағу үшін жасалды», — дейді Қасенова.

Қасенова бұл имидж жасауға ресурсты шектен тыс шығындауға алып келді деп санайды: «Ресурсты қоғамның басқа мақсаттарына пайдалануға болар еді».

Аз да болса жылжу бар

Тоқаевтың реформаларын мадақтайтын мақалада Джеймстаун қорының өкілі Януш Бугайски «Орталық Азия бұрын батыс дипломатиясында басым бағыттардың соңында тұрушы еді» деп жазды. Ал Asia Society өкілі Женевьева Доннеллон-Мэй ақпанда 30 жылдай бұрын тәуелсіздік алғаннан кейін «[Қазақстанның] халықаралық қатынастардағы рөлі үлкен ойнады» деп жазды.

Екі мақалада да Қазақстанды орта держава қылып көрсететін Тоқаев саясаты табысты деп мойындалған. Басқа ғалымдар бұнымен келіспей, орта державалардың шын ықпалына, 2019 жылы билік ауысқан сәттен бері Қазақстанның сыртқы саясаттағы ілгерілеу ауқымына күмән келтіреді.

Сент-Эндрюс университеті халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Филиппо Коста Буранелли Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясатына жоғары дәрежеде дербес рең берді дейді.

«Назарбаев космополитизмге көңіл бөліп, БҰҰ-ның сенімді ойыншысы әрі заңды мүшесі ретінде мойындалғанын қалады. Өзінің тұлғасын маңызды етіп көрсеткен осындай әрекет ел ішінде де билігін нығайтуға көмектесті», — дейді Коста Буранелли Власть редакциясына берген сұхбатында.

2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне уақытша орынға Қазақстан өтінімін қабылдағаннан кейінгі Назарбаевтың құттықтау сөзі, дереккөз: Akorda.kz

Глазго университетінің еуразиялық зерттеулер профессоры Лука Анчески Қазақстанның сыртқы саясатында өзгерістен гөрі мұрагерлік басым дейді.

«Билік ауысқаннан кейін Қазақстанның сыртқы саясатынан елеулі өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Назарбаевтың сыртқы саясаты Қазақстанның халықаралық рөлін күшейтуге ұмтылды, алайда сөз деңгейінде қалды. Тоқаев сол кезде Назарбаевтың сыртқы саясат бағдарын орындаушы болды», — дейді Анчески.

Назарбаев билік құрған отыз жыл бойы Тоқаев премьер-министр, сыртқы істер министрі (екі рет) және Сенат спикері (екі рет) лауазымдарын атқарды. Сонымен қатар БҰҰ бас хатшысының орынбасары болды (2011-2013).

Астаналық Paperlab аналитика орталығының сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша сарапшысы Анастасия Решетняк Тоқаев Назарбаев тұсында «жүйенің адамы» болды дейді. Сондықтан ол сыртқы саясатқа үкіметтің жалпы нұсқауының аясында ғана ықпал етті.

«2010 жылдардың басында, мысалы, біз Қазақстан дипломатиясын Тоқаевтың кітаптары арқылы зерделедік», — деді Решетняк.

Сол кездегі президент Назарбаевтың сол кезде БҰҰ бас хатшысының орынбасары болған Тоқаевпен кездесуі, 2012 жылғы қараша, фото: Akorda.kz

Ескі де жаңа саясат

Решетняктың пікірінше, Қазақстан сыртқы саясаттағы елеулі жетістігіне Назарбаев билігінің соңына қарай қол жеткізді.

«Қазақстанның имидждік талабының шыңы ретінде 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүше болуын атауға болады. Сол кезде Қазақстан жаһандық бейбітшілік құру бойынша бастамалар көтеріп, сол арқылы Орталық Азиядағы аймақтық проблемаларға әлемдік қауымдастықтың назарын бұруға тырысты», — дейді Решетняк.

2017 жылы Қазақстан Астанада арнаулы EXPO көрмесін өткізді. Назарбаевтың атаққұмарлығын пайдаланып, 2017 жылы Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізуге талпынды, мұнысы сәтсіз болды. Қазақстан дипломаттарының және энергетикадағы элитаның өкінішіне қарай конгресс Стамбұлда өтетін болды.

Алайда мұнай шебіндегі сәтсіздік Назарбаевтың өз есімін әлемдік саясатта бекітуге тырысып, сол 2017 жылы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынуға талпынысының қасында түк емес. Бұған дейін осындай әрекетті 2006 жылы Қазақстан Халқы ассамблеясы, 2008 жылы АҚШ-тың екі конгрессмені және 2010 жылы Дүниежүзілік түркі халықтары ассамблеясы жасап көрген еді.

2019 жылы билікке келген сәттен бастап Тоқаев бұрынғы режимнің сыртқы саясатының тізімін қолына алды.

«Билік ауысқаннан кейін біз Назарбаевтың әлеуетін пайдаланудың сәтсіз талпыныстарын, соның ішінде оның 2018 жылы Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында бітімші болуға деген талпынысын байқадық. [Тоқаев билік еткен кезеңде] осындай бастамаларға, мысалы, Ауғанстандағы ахуалды 2021 жылы тәліптер билікті тартып алғаннан кейін тұрақтандыруға Қазақстан қауқарлы деген мәлімдемені жатқызуға болады», — дейді Решетняк.

Коста Буранелли орта держава деген жаңа парадигмада нәтижеден гөрі, прогрестің өзі маңызды дейді.

«Қазақстанның талпынысы шұғыл нәтижелерге жетуге емес, негізінен диалогқа арналған алаң құруға бағыттылған, — деп түсіндірді Коста Буранелли. — Бұл мейлінше қисынды тәсіл, өйткені аз қатерді, бірақ мол нәтижені көздейді: факті тұрғысынан Қазақстан нәтиже жауапкершілігін мойнына алатын бітімші рөліне таласпайды, келіссөз сәтті болған жағдайда ғана пайда көреді. Егер сәтсіз болса, Қазақстан сенімді тұғырнама ғана берген болып шығады».

Қасенова бұнымен келіседі: «Бастысы, «орта держава» деген айдарға бір міндеттер қоса таңылмаса болғаны».

Назарбаев Астанада ЭКСПО-2017 кезінде өзге президенттердің ортасында, фото: Akorda.kz

Анческидің пікірінше, жауапкершілігі жоқ сыртқы саясаттың жалғасуы Қазақстанды елеулі халықаралық ойыншылар қатарына қосу үшін кесімді қадам жасауға деген ниет жоқ екенінің айғағы.

«Қазір Қазақстанның ауқымды дипломатиялық дәстүрі бар. Ол дипломат кадрларды дайындауға біраз ақша жұмсайды және қоғаммен жұмысқа көп күш салып жатыр. Дипломатия тұрғысынан Қазақстанға «жасөспірім шақтан» ересек өмірге өтетін уақыт келді», — дейді Анчески.

«Қазақстанның сыртқы саясаттағы құралдары аймақтағы елдердің бәрінен көп болса да, ол декларациядан әрекетке, ойдан іске өткен жоқ», — дейді Анчески.

«Қазақстан өзін дипломатиялық тұғырнама ретінде бекітуге тырысып жатырмыз дейді, бірақ сөз бен істің арасында айқын алшақтық бар».

Ескірген тұжырымдама

Ғылым әлемінде «орта держава» тұжырымдамасын одан да күрделі теориялар басып озса керек. Ол әлем Ірі державалар және басқалар болып бөлінген деген идеяға реакция ретінде пайда болды.

Нәтижесінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Аустралия мен Канада теория жүзінде «орта держава» деп атала бастады. Осы екі елдің үкіметі «өзгелерден» ерекшелеп тұратын, «жаңа әлемдік тәртіпте олардың елінің ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге» көмектесе алатын осы тұжырымдаманы пайдаланды.

Ғалымдар арасында да, практиктер арасында да анықтамаға қатысты ортақ келісім болмауына қарамастан, «орта державаға» халықаралық істе белгілі бір салаға және аймаққа ықпал ете алатын елдерді жатқызуға болады. Сондай-ақ, халықаралық иерархияда өз мүмкіндігіне сай орта дәрежесі бар мемлекеттер де кіреді.

Бұл анықтаманы маусым айында Алматыда орта держава ретіндегі Қазақстанның мемлекеттік саясаты туралы алдын ала зерттеуін таныстырған француз профессоры Оливье Арифон қолданды. Ол: «Егер сіз Қазақстан бірнеше жаһандық рейтингте қай жерде тұрғанына қарасаңыз, ол көбінесе ортаңғы орындарда екенін байқайсыз!» — деп мәлімдеді.

Алайда, мұндай шала анализ орта держава тұжырымдамасы — ұлттық брендинг құралынан да жоғары нәрсе екенін аса дәлелдей алмайды.

2023 жылы беделді International Theory журналында жарияланған орта держава тұжырымдамасының ғылыми анализінде Джеффри Робертсон мен Эндрю Карр «орта держава теориясы бізге сол мемлекеттерді ажыратуға немесе түсіндіруге енді көмектеспейді» дейді. Канада, Аустралия, Оңтүстік Корея, Индонезия, Түркия және Мексиканы зерттеп, Робертсон мен Карр тұжырымдама «шын өмірде жарамды болмай қалды» деген түйін шығарды.

Былтыр ғалымдар Стивен Наги мен Джонатан Пинг «орта державалардың нормативтік дипломатиясының өркендеуі өмірді жасанды қолдау деңгейінде тұр немесе аяқталды деуге болады» деп жазды.

Көршілермен санасу

Қазақстан орта держава деген жаңа құралды өзінің халықаралық имиджін арттыру үшін пайдалануға тырысты. Бұл белгілі бір дәрежеде іске асқан секілді.

«Орта держава имиджінде артық элементтер бар болса да, өзін жарнамалау стратегиясы жұмыс істейтін секілді. Ол Шығыс пен Батыстың ірі державаларына — Қазақстан ресурс тасымалдау және көзі ретінде ғана қызмет етіп қоймай, жаһандық істерде дербестік көрсете алады деп отыр. Бұл «Үлкен ойын» нарративін анық жоққа шығарады», — дейді Коста Буранелли.

Решетняк бұнымен келіседі: «Ұлы державалардың ойынында «жандайшап» болып көрінбеу үшін, Қазақстан салыстырмалы түрде тәуелсіз делдал рөлін таңдады».

Қазақстанның Ресейден алшақтау талпынысын атай отырып, Робертсон былтыр былай деген еді: «Ірі державаға ықпал ету үшін күші орта мемлекетке қарсы тараптың жағына шығудың керегі жоқ. Ол ірі державаға енді қолдау көрсетпейтінін білдіртсе жеткілікті».

Ресей Украинаға 2022 жылғы ақпанда жаппай басып кіргеннен кейін үкіметтің дипломатиялық шешімдерінің ықпалын Ресей сезе алды, әрі қарай да солай жалғасуы мүмкін дейді Робертсон.

«Қазақстанның маңызы [орта держава деген] академиялық санатқа қаншалықты сай келетінінде емес. Бұл рөлді іс жүзінде қалай атқарып жатқанында», — деп жазды Робертсон аустралиялық The Lowy Institute аналитика орталығына арналған мақаласында.

Путин мен Тоқаев Еуразия экономикалық комиссиясының отырысында, фото: Росконгресс

Властьпен әңгімелескен кезде Қасенова Қазақстан өзіне дәл осы бағытты таңдай алатынын айтты.

«Қазақстанда көп нәрсе атқаруға ресурс пен әлеует бар. Ол жаңа коалиция мен серіктестіктер құруға тырысуы мүмкін. Жоғарғы жақта алауыздық өсіп жатқан кезде, орта державалар арасында ниеттестік желісін құру арқылы бұның орнын толтыруға болады», — деп санайды Қасенова.

Дипломатиялық сын

Бірақ айтуға тұрарлық нәтиженің болмауынан Қазақстанның сенімді дипломатиялық делдал имиджін құруға деген әрекетіне күмән келтіретіндер бар.

Решетняктың айтуынша, Қазақстанға «жауапкершілікті мойынға алуға дайын болуы» аздық етеді, бұл орта держава болуға деген өзінің амбициясы үшін маңызды нәрсе.

Анчески осы жағынан проактив ұстаным жоқ екенін айтып отыр, Сирия бойынша Астана келіссөзін немесе Армения мен Әзербайжан өкілдері арасындағы биылғы Алматы кездесуін ұйымдастыруды бұған жатқызуға болмайды.

«Біреу өзін «орта держава» деп атаса, бұл белсенді әрекетті білдіреді. Қазақстан әлемдегі көп қақтығыстың нақты қайсын шешуге көмектесті? Елді сенімді дипломатиялық тұғырнамаға айналдыру үшін, риториканы өзгерту аздық етеді», — дейді Анчески.

Қасенова қазіргі билік өкілдерінің Назарбаевтың ірі державалар арасында мойындалу амбициясынан бас тартуға деген ниетін атап өтті. Мысалы, ол 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге талпынды. Ал қазір дипломатиялық жоспарда демократиялық прогреске қатысты уәде айтылмайды.

«ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету — атаққұмарлықтан шыққан жобаның жарқын мысалы, сол үшін Қазақстан өзіне міндет алып, сосын оны орындаған жоқ. Қазір ондайға бара қоймас, өйткені [Қазақстанның сыртқы саясатында] демократияны, заң үстемдігін және адам құқықтарын дамыту бойынша міндеттер азайды», — дейді ол.

Назарбаев Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті кезінде, 2010 жыл, фото: ЕҚЫҰ

Қазақстанның беделін сенімді сауда серіктесі ретінде нығайту ел басшылығының басты мақсаттарының бірі болып қалатын секілді.

«Қазақстанға өзгелер оны тең дәрежеде қабылдағаны, көбірек көңіл бөліп, инвестиция бергені маңызды», — дейді Қасенова.

Қазақстанның амбициясына Орталық Азия дипломатиясында жазылмаған ережені сақтау кедергі болуы мүмкін, яғни көршілердің ешқайсы бас кейіпкер рөлін ойнамауы керек деп санайды Коста Буранелли.

«Тәуелсіздік алған кезден бері аймақтағы қарым-қатынаста мынадай принцип қалыптасты: көршілердің ешқайсы өзгелердің алдында «аға» рөліне ұмтылмауы керек. Алайда соңғы кезде аймақта Қазақстан шоуды құртып, бас кейіпкерге айналуға тырысып жатыр деген қауіп пайда болды», — дейді Коста Буранелли.

Аймақтың дипломатиялық амбициясы бар тағы бір державасы — Өзбекстанмен қарым-қатынас біртіндеп жақсара бастағанда, Қазақстан Қытайдың дипломатиялық конвенциясынан сабақ алған тәрізді. Әңгіме аймақтағы серіктестерінің халықаралық алаңдарға қатысу тәжірибесі шектеулі болғанына қарамастан, оларға құрметпен қарау туралы деп санайды Қасенова.

«Қытай басшылығы кіші державалар әлемдік аренада өзін маңызды ойыншы сезінуіне өте тиімді көмектесіп жатыр. Қазақстан дипломатиялық мәдениеттің белгілі бір аспектілерін Қытайдан [ережелер жинағын] үйреніп жатыр. Бұның Ресей үстемдік еткен кеңестік мұрадан өте нәзік айырмашылығы бар, алайда баяндаудан, риторикасы мен рәсімдерінен біраз айырмасы бар екені байқалады».