4431
11 сентября 2024
Ирина Гумыркина, Дулат Есназардың фотосуреттері

Ядросыз аймақ

Билік бұрын Семей ядролық полигоны болған жердің бір бөлігін өмір сүруге және шаруашылыққа қауіпсіз деп мойындамақшы

Ядросыз аймақ

2023 жылы Қазақстан радиоактив ластанудың таралуын шектеу, бұрынғы ядролық полигон жерін оңалту, ауаның, жерасты және жерүсті суларының, топырақ пен өсімдіктердің радиоктив заттармен ластану деңгейіне тұрақты түрде мониториң жүргізу үшін және ластанбаған жерлерді шаруашылыққа пайдалануға біртіндеп беру үшін Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құруды көздейтін заң қабылдады.

«Власть» бұны жүзеге асыру қалай жоспарланып отырғанын және заң іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айтып береді.

Шекарасы жоқ аймақ

Ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы 2023 жылы — бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағына кешенді экологиялық тексеру жүргізу негізінде анықталуға тиіс еді. 2024-2025 жылдары жарамды аумақтар шаруашылық айналымға берілетін болып жоспарланды. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының (СЯҚА) көлемі 9,2 мың шаршы шақырым болады десті. Алайда заң 2024 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енсе де, аймақтың шекарасы мен көлемі әлі күнге дейін анықталған жоқ.

Бұрынғы полигонның аумағына кешенді экологиялық тексеру 2008 жылдан бастап қоршаған ортаның радиациялық ахуалы туралы мәлімет алу мақсатымен жүргізілді, ал 2021 жылы Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) тексеру аяқталғанын хабарлады. 18,3 мың шаршы шақырым аумақ тексерілді. Бұл тексеруге: топырақта негізгі техногендік радионуклидтің мөлшерін анықтау; жер үстіндегі және жер астындағы судың радиациялық жай-күйін бағалау; атмосфераның ластануын зерттеу; өсімдіктер жамылғысының радиациялық жай-күйін және ауылшаруашылық егін өнімдерінде радионуклидтердің ықтимал шоғырлануын бағалау; аң мен мал ағзасында радионуклидтердің мөлшерін бағалау; тексерілетін аумақта өмір сүрген және қызмет атқарған жағдайда халыққа доза жүктемесін бағалау кірді.

«Бүкіл Семей сынақ полигоны аумағының 80 пайыздан астамын алып жатқан алаңда халық үшін тиімді дозаның орташа жылдық мәні жылына 0,3 миллизиверттен аспайтыны анықталды. Мысалы, Қазақстан Республикасында халық үшін тиімді дозаның орташа жылдық мәні жылына 1 миллизиверттен аспауға тиіс», — делінген Ұлттық ядролық орталықтың 2021 жылғы хабарында.

ҰЯО полигонның көп бөлігінде «халыққа әсер ететін сәуленің күтілген дозасы нормадағы мәннен әлдеқайда төмен» деп хабарлады.

2008–2021 жылдар аралығындағы тексеру 8,9 мың шаршы шақырым көлемдегі жер пайдалануға жарамды екенін, ал нормадан көп ластану 9,4 мың шаршы шақырым аумақтан анықталғанын көрсетті. ҰЯО «Власть» редакциясына мәні жағынан радиоактив қалдықтар деңгейіне жететін нормадан көп радиоактивпен ластанған учаскелерге Атом көлі, 4, 4А, «Сарыөзен», «Балапан», «Телкем», «Дегелең» және «Сынау алқабы» сынақ алаңдары жатады деп хабарлады.

«Радиоактивтің түсу ізі — полигон аумағының ішінде», — деді ҰЯО өкілдері.

Сонымен қатар полигонның солтүстік бөлігінде «Тәжірибе алқабы» сынақ алаңы бағытында, Курчатовтан 15 шақырым шамасында М қорымы жатыр. ҰЯО мәліметі бойынша бұл учаске — «ядролық сынақтар жасалған кезеңдегі радиоактив қалдықтардың тайыз көмілген орны».

Сондай-ақ Семей полигонында кеңес заманында соғысқа қолданатын радиоактив заттарға сынақ жасалды. Негізінен стронций-90-нан тұратын радиоактив қалдықтар полигонға әкелініп, түрлі әдіспен 4 және 4а алаңдарының аумағына шашылған. ҰЯО осындай сынақтардың нәтижесінде осы алаңдардың аумағында отыздан астам учаскенің жері ластанды деп хабарлады.

«Кейбір учаскелердегі радиоактивпен ластану деңгейі орта белсенді радиоактив қалдықтармен шамалас», — деп хабарлады орталық және радионуклидтердің топырақта болуы, олардың миграциялық қабілеті мен жоғары деңгейдегі радиоактивпен ластануы бұл учаскелерді ерекше қауіпті ететінін айтты.

Энергетика министрлігі радиоактивпен ластану белгілі бір жерлерде ғана бар екенін, полигонның аумағына түгелдей шоғырланбағанын айтып отыр. Ведомствоның айтуынша, «радиоактивпен ластанған жерлердің негізгі бөлігі сынақ алаңдарының аумағында орналасқан».

Ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы мен аумағы қашан анықталатыны белгісіз. Ұлттық ядролық орталық энергетика министрлігіне тиісті ұсыныс және кешенді экологиялық тексеру материалдарын жібергенін хабарлады. ҰЯО ұсынысы бойынша ядролық қауіпсіздік аймағының жалпы ауданы шамамен 8,4 мың шаршы шақырым болады. Оның ішінде 5,1 мың шаршы шақырым Абай облысына, 2,9 мың шаршы шақырым Павлодар облысына және шамамен 0,4 мың шаршы шақырым Қарағанды облысына кіреді.

«Дәл шекарасы мен аумағы кешенді экологиялық тексеру материалдарын мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптау нәтижесінде және жергілікті атқарушы органдармен келісіп анықталады», — деді орталық өкілдері. Ал мемлекеттік экологиялық сараптама 2022 жылы өтеді деп жоспарланған еді.

Энергетика министрлігі ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы мен жер уческелерінің аумағын бекітуге негіз болатын кешенді экологиялық тексеру материалдары оларға биыл 14 маусымда келгенін хабарлады. Министрлік оларды мақұлдаған, енді санитарлық-эпидемиологиялық және мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп жатыр. Жер комиссиясының тұжырымын алғаннан кейін Ұлттық ядролық орталық жерге орналастыру жобасын әзірлеп, жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы өтінішпен оны Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарының әкімдіктеріне бекітуге жібереді. Сосын энергетика министрлігіне осы запастағы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне өзгерту туралы ұсыныс жіберіп, негіздеме, экологиялық тексеру нәтижесі мен сараптама тұжырымдарын береді. Осы құжаттардың негізінде үкімет соңғы шешім қабылдайды.

Энергетика министрлігі мен Ұлттық ядролық орталықтың хабарлауынша, қазір полигонға іргелес аумаққа кешенді экологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Соның ішінде төтенше радиациялық қатер аймағына жататын Абай облысындағы Саржал ауылдық округі, Шаған өзенінің учаскесі мен оның жағалау аумағы, сондай-ақ Саржал, Сарапан және Иса елді мекендері бар. Тексерілген аумақтың жалпы көлемі 2 702 шаршы шақырым болады. Жұмыстар биыл желтоқсанда аяқталуға тиіс.

Ал келесі жылы Абай облысы Бесқарағай ауданындағы Дөлен ауылдық округіне кешенді экологиялық тексеру басталады деп жоспарланған — бұл аумақ та төтенше радиациялық қатер аймағына кіреді және полигон шекарасына іргелес, сондай-ақ тексеру ең жоғары радиациялық қатер аймағына жататын Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы аумақтың бір бөлігіне жасалады.

Күмәнді оңалту

Заңда полигондағы радиоактив топырақ арнайы орынға әкетіліп, көміледі деп қарастырылған. 2021 жылы ҰЯО Павлодар облысының Май ауданында полигон аумағында арнайы сақтау орны салынатынын хабарлады. Ол Курчатовтан 75 шақырым, Семейден 130 шақырым және Павлодардан 250 шақырым қашықта болады.

Құрылыс 2021 жылы басталуға тиіс еді. Бірақ бұл болған жоқ. «Власть» сауалына Ұлттық ядролық орталықтың берген жауабынан белгілі болғаны — орталық энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментімен бірлесіп радиоактив қалдықтарды сақтайтын бекет құру бойынша инвестициялық ұсынысқа арналған құжаттар пакетін және полигонның жекелеген аумақтарын оңалтуға арналған бюджет өтінімін енді дайындаған. Ал энергетика министрлігі қазір радиоактив қалдықтарды сақтайтын бекеттің орнын таңдауға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын хабарлады.

«Сақтау орнын пайдалануға беру арқылы аталған алаңдардың (Атом көлі, 4, 4А, «Сарыөзен», «Балапан», «Телкем», «Дегелең» және «Тәжірибе алқабы» сынақ алаңдары) аумағын радиоактивпен ластанған топырақтан тазартуға, қоршаған ортаны қайтара ластау көзі болып саналатын радиоактив қалдықтарды ұзақ сақтауға жіберуге болады», — деді ведомство өкілдері.

Ұлттық ядролық орталық алдағы жылдары 4 және 4а алаңдарында қалыпқа келтіру жұмыстарын көбірек жүргізуді, сақтау орнына бұрынғы полигоннан шамамен 100 мың текше метр радиоактив қалдық орналастыруды жоспарлап отыр. Дегенмен биыл көктемде болған қоғамдық тыңдауда сақтау орнына арналған алаң «Байкал-1» зерттеу реакторлары кешенінің техникалық аймағында белгіленетіні хабарланды. Бұл орынға ең жақын елді мекен 80 шақырым жердегі Үлкен Ақжар ауылы.

ҰЯО бәрі қауіпсіз болады деп сендірді. Бірақ 2021 жылы-ақ қоғам белсенділері бұған күмән келтірген еді. Әсіресе олар «біздің балаларымыз бұрынғы проблемаға қайта ұрынады, тек осы жолы проблема бір жерге шоғырланады» деп баса айтты. Сонымен қатар олар билік зиян топырақты тасымалдау үшін бөлек жол салуды ескермегенін айтты — оны қолданыстағы жолдар арқылы тасымалдамақшы. Сондай-ақ топырақ қайта ластанады деген қауіп бар, өйткені радионуклидтер белгісіз қашықтыққа таралуы мүмкін.

Бұл бастамаға экологтардың да күмәні бар. «GLocal — Қазақстанда тұрақты даму мақсатын локализациялауды ілгерілету» азаматтық қоғамды дамыту ассоциациясы жобасының директоры, биолог, эколог және генетика зерттеу маманы Қайша Атаханова полигон жерлеріне мүлдем тиіспеген дұрыс деп санайды.

«Олар немен әкетпекші? Қайда жинамақшы? Бұның бәрін олар қандай арнайы контейнерлерде тасиды? Ол жерде істейтін адамдар қалай қорғалады?» — дейді ол.

Атаханова әлдебір химиялық затты қандай да бір тәсілмен «зарарсыздыруға» болғанымен, «радиациямен олай істеуге болмайды», себебі плутоний-239-дың жартылай ыдырау кезеңі, мысалы, 24,4 мың жылға дейін барады дейді (Плутоний бөлетін сәуленің альфа бөлшектері ағзаға түскен жағдайда жасушаларды жоя алады, бұл өкпе дертінің, соның ішінде обырдың дамуына әкеледі. Плутоний ағза арқылы өткен кезде ол сүйекте, бауыр мен көкбауырда қалып қояды).

«Демек, биосфера радиоактив изотоптардан химиялық, шапшаң әдіспен зарарсыздана алмайды. Бұл тек жартылай ыдырау. Егер бұның бәрін алып, басқа жаққа көшірсе, қайтара ластану болмау үшін бұны заманауи әдістермен жасау керек», — дейді ол.

Радиоактив қалдықтар сақтайтын орыннан бөлек, ядролық қауіпсіздік аймағында қауіпті қалдықтар сақтайтын орын да болады. Бірақ бұның қалай іске асатыны белгісіз. Эколог Дмитрий Калмыковтың пікірінше, «Семей ядролық полигоны — кез келген қалдықты және кез келген көлемде бүкіл әлемнен жинап әкелсең де сақтауға таптырмас орын», алайда іс жүзінде Қазақстанның өзінде бұны істеу кез келген кәсіпорынның қолынан келмейді.

Мысалы, 2020 жылы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Үлбі металлургия зауытының қатты радиоактив қалдықтарын полигонға көмуді көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум жасады. Алайда, Үлбі металлугия зауытының «Власть» сауалына берген жауабында зауыт ол жаққа қалдықтарды әлі де апармағанын жеткізді. 2024 жылғы 11 шілдедегі ахуал бойынша, зауыттың қалдық қоймасының учаскесінде 4 230,4 тонна осындай қалдық сақтаулы тұр, соның ішінде жұмысы тоқтаған құрылыстар бар, екі жылға жетпейтін уақытта — 2026 жылы ақпанда «құрылыстың ішін толтырудың есептік мерзімі» аяқталады.

2022 жылғы қыркүйекте Өскеменде қоғамдық тыңдау кезінде «ҮМЗ» АҚ өндіріс қауіпсіздігі бойынша директоры Евгений Чумин сол кезде талқыланып жатқан «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заңға байланысты ҮМЗ қажеті үшін полигон аумағынан жер учаскесін беру процесі доғарылғанын айтты. Заңға сәйкес полигондағы инфрақұрылым нысандары мемлекет меншігі болады деп түсіндірді, бұл зауытты бұрынғы полигон аумағынан радиоактив қалдықтарды көмуге жер учаскесіне құқық алу және арнайы сақтау орнына мүлік құқығын рәсімдеу мүмкіндігінен айырады.

Дегенмен, Ұлттық ядролық орталық ҮМЗ бұл мәселе бойынша жүгінбегенін мәлімдеді: «Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмысын қамтамасыз ететін уәкілетті ұйымның қызметіне СЯҚА аумағында қажеттілік туған кезде радиоактив қалдықтарды сақтау және көму бекеттерін ашу кіреді. ҚР ҰЯО республикалық мемлекеттік кәсіпорнына «ҮМЗ» акционерлік қоғамынан бұндай бекет ашуға қатысты ұсыныс түскен жоқ».

ҰЯО радиоактив қалдықтарды сақтау/көму бекеттерін ашу «бұрынғы Семей сынақ полигонының және жоспардағы СЯҚА аумағымен шектелмеген», жалпы бұндай бекеттер ашу туралы шешім үкіметтің қаулысы арқылы қабылданады деді.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң қабылданғаннан кейін осындай қаулы арқылы «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2039 жылға дейін көлемі 119,03 га жер учаскесі жалға беру құқығымен берілді, учаске Абай облысындағы бұрынғы полигон аумағындағы запастағы жер санатынан ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және ауылшаруашылық мақсатқа жатпайтын басқа қажеттілік үшін өнеркәсіп, көлік, байланыс жері санатына ауыстырылды.

Бұрынғы Семей полигонындағы қалдықтарды көму орны. Фото fergana.plus сайтынан алынды

Пайдасы жоқ заң

2021 жылы, әлі заң жобасы талқыланып жатқан кезде, кешенді зерттеу негізінде «таза» жерлер әкімдіктерге шаруашылық қажетке беріледі деп жоспарланды, бұл — шамамен 1 млн га, ал бұрынғыдай ластанған жерлер тұрақты бақылауда ұсталуға тиіс еді. Бұл жерлер мемлекет меншігінде қала береді және басқа иелікке берілмейді.

Бұрынғы полигонның жерін елде жетіспей отырған жайылымға беру туралы пікірталас он жылдан астам уақыттан бері жүріп жатыр. ҰЯО полигонның сынақ жүргізілген жерінен басқа жерлер қауіпті емес дейді. 2017 жылы ҰЯО басшысы Ерлан Батырбеков «Семей полигонының проблемасын толық шешу» 2023 жылға жоспарланғанын айтты.

«Біз Семей полигонындағы бүкіл жердің 85 пайызын ауылшаруашылық айналымына қайтарамыз, жер запасында 10–15% жер қалады», — деді ол.

Экологтар бұған қарсы болып отыр, өйткені бұрынғы полигонның ең қауіпті аймақтарында фон әлі күнге дейін сағатына 10–20 миллирентгенге дейін жетеді, жалпы алғанда Семей полигоны әлі де ұзақ уақыт қауіпті болып қала бермек, өйткені америций-241-дің ыдырауына 430 жыл, ал плутоний-239-дың ыдырауына, жоғарыда айтылғандай, 24,4 мың жыл керек.

«Ядролық қару сыналған жер — ондаған шаршы шақырым аумақ, олар әлі миллиондаған жыл бойы радиоактив әрі жарамсыз болады», — деді Дмитрий Калмыков.

Ол полигонның бүкіл аумағы халыққа жабық болуы керек деп санайды, өйткені жердің ластануы біркелкі емес, «таза» жерден 100 метр қашықта радиоактив жер табылуы мүмкін. Осыған қарамастан, полигонның өзінде де, іргелес аумақтарда да бұрынғыдай адамдар өмір сүріп, мал жайып жүр.

«Шын мәнінде шөп өскен жердің бәрі бұрыннан пайдаланылып жүр. Бүкіл полигон заңсыз пайдаланылып жатыр, мемлекет бұны тоқтату үшін түк әрекет жасаған жоқ. Ол жақта қыстаулар, шабындық, жайылым, сиыр мен жылқы бар. Сондықтан жер беру, жайылым жетіспейді дегеннің бәрі таза екіжүзділік, бір әрекет қылу керек», — дейді ол.

Ол халықтың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, пайдалануға жарамсыз жерлерді қоршап тастау керек деген пікірде.

«Барлық ядролық полигондағы секілді, жылқы өте алмайтындай қоршау, ор болуы керек, патруль, күзет қойылуы керек. Ол жақта кейбір жердің таза екені рас — біраз уақыт өтті, радиоактив заттар ыдырап жатыр, бірақ кейбір жер лас, яғни 100 метр былай жүрсе, жерде радиоактив қалдықтар болады», — дейді Калмыков.

Қайша Атаханова да бұның бәрі «шартты түрде таза учаскелер» болғанымен, шын мәнінде толық сеніммен айта алмаймыз дейді. Ол Беларусьті мысалға келтірді, 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан кейін америций-241-мен ластанған топырақ белсенділігінің өсуі 2060 жылға дейін жалғасады. Ал апаттан кейін 100 жыл өткен соң ластанған аумақтағы топырақтың жалпы белсенділігі 1986 жылмен салыстырғанда 2,4 есе болады. Топырақтың америцийден альфа белсенділігінің төмендеуін 2400 жылдан кейін ғана күтуге болады. (Америций-241 ағзаға түскенде негізінен сүйекке, бауыр мен бұлшықетке шоғырланады, ағзада ондаған жыл бойы қалып қою мүмкін, қоршаған ұлпаға сәуле таратып, обырдың өсу қатерін арттырады).

Сонымен қатар ол 1957 жылы Челябі-40 жабық қаласында «Маяк» химкомбинатындағы Кыштым апатынан кейінгі Шығыс Оралдағы радиоактив ізін мысалға келтірді: орман топырағының, қара топырақтың беткі жағы әлі күнге дейін цезиймен және стронциймен ластанған (Цезий-137 жұмсақ ұлпаға, әсіресе бұлшықетке жиналып, обыр қатерін арттырады, ал стронций-90 сүйек ұлпасына жиналып, онкология дертін, соның ішінде сүйек майының обырын тудыруы мүмкін).

«Сонда қалай, қазір полигон таза дегіміз келе ме? Радиоактивпен ластануды және ондағы қазіргі жағдай туралы осындай қарапайым салыстыруды алсақ та, біздегі аумақ (бұрынғы Семей полигонының — В.) таза деп айтпас едім», — деді ол.

Атаханова шаруашылыққа пайдалануға жер жырту жұмыстары, жер игеру, түрлі ауылшаруашылық дақылдарын өсіру, пайдалы қазба байлықтарын өндіру жатады, ертең ол жерде жұмыстар басталған кезде, «қайтара ластану болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды» дейді. Себебі стронций мен цезий 25-30 см тереңге шөгеді, ал плутоний беткі жаққа, топырақтың бес сантиметрлік қабатында жатады.

Оның айтуынша, аумақ шаруашылыққа пайдалануға ресми ашылған сәтте қазір бар тыйымдар да алынып тасталады, демек, радиациялық қауіпсіздік жайына қалады.

«Ол жақта кен де өндіріледі, мал да жайылады — бәрі бар, ол ешқашан бітпейді. Бұл тек болып жатқан нәрсені заңдастыру <…> Егер бұның бәрі таза жер деп саналса, ешкімге ешқандай тыйым салынбайды. Ешкім сосын ештеңені зерттеп, қарамайды», — дейді ол.

Атаханованың сөзінше, полигон көлемі — 18 мың шаршы шақырым, оған Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық жауапты болды, ал сынақ нәтижесінде 360 мың шаршы шақырым ластанды. Жерді шаруашылыққа пайдалануға бергеннен кейін жерге және адамдардың қауіпсіздігіне жергілікті әкімдер жауапты болады, бірақ олар оны жасамайды, өйткені жер таза деп саналатын болады дейді.

Семейлік қоғам қайраткері Майра Әбенова 30 жылдан астам уақыттан бері Қазақстан билігі халықаралық көмекті пайдаланып, «әр сантиметрді» тексеру үшін бәрін жасап, қай жер қауіпсіз екенін, қай жерге тұруға болатынын және мал жаюға болатынын айтуға тиіс еді деген пікірде. Әбенова да полигонға жақын маңда бұрынғыдай адамдар тұратынын, олардың негізгі табыс көзі мал шаруашылығы екенін айтып отыр. Осы өнімнің бәрі Семейдің базарына шығып қоймай, «Астанаға да, Алматыға да кетеді».

«Қауіпті емес екеніне кепілдік қайда? Ол жақта көмір өндіріледі («Қаражыра», бұрынғы «Балапан» алаңында — В.). Осы көмірді бүкіл облыс халқы жағады. Мен сату кезінде радиация дозасын көрсетуді ұсынғанмын», — дейді қоғам белсендісі.

Оның айтуынша, полигондағы қоршау қауіпсіздікке кепіл бола алмайды, өйткені бұрын қоршалған аумақтың өзіне ақысына мал жаюға кіргізетін болған.

Былтыр ҰЯО ауаның, жерасты және жерүсті суларының, топырақ пен өсімдіктің радиоактивпен ластану деңгейінің мониториңіне талдау жүргізді, нәтижесі «техногендік радионуклидтердің СЯҚА пен Семей сынақ полигонының (ССП) болжамды шекарасынан тыс көшуі Шаған өзенінің учаскесінен басқа жерде тіркелмегені, оның суынан бұрынғы ССП шекарасынан тыс тритий бойынша араласу деңгейінің артқаны (7600 Бк/кг) анықталғанын» көрсетті. Қай учаске екенін ҰЯО нақтылаған жоқ. Шаған өзені бұрынғы полигонның шығыс шекарасы бойымен ағады, «Балапан» сынақ алаңын кесіп өтеді және ол Ертіс өзенінің сол жағалауындағы саласы. Шаған өзенінің суын жақын маңда тұратын халық шаруашылыққа пайдаланады. Ал тритий ағзаға су арқылы, сондай-ақ ауамен енеді немесе теріге сіңеді, денеге тез тарап, денсаулыққа үлкен қатер төндіреді, соның ішінде жасушалардың генетикалық аппаратын зақымдауы мүмкін.

2020 жылы ғалымдар 4 сынақ алаңын тексеру нәтижесін жариялады, олар «құрамында техногенді радионуклидтері көп нысандардың» тағы тоғызын анықтаған. Нысандар қатарына 0,001 мен 0,1 шаршы шақырым аралығындағы көлемі шағын учаскелер кірген.

«Жалпы алғанда соғыс радиоактив заттарын сынау радиоактивпен ластануға алып келді, ол әлі күнге дейін жақын маңда тұратын және ауылшаруашылық қызметпен айналысатын жергілікті халыққа сәулелену қатерін тудырып отыр», — делінген ҰЯО жаршысында 2020 жылы наурызда жарияланған мақалада.

Мақалада, сондай-ақ, сынақ себеп болған және көшу процестерінің нәтижесінде қалыптасқан радиоактивпен ластануы алаң аумағында да, ірлегес аумақта да қоршаған ортаның радиоактивпен қайтара ластануына себеп болуы мүмкін екені айтылады.

Қайша Атаханованың айтуынша, бес жыл бұрын жасалған сол жерлердің картасы қазір өзекті емес — егер радиациялық фонды тағы тексеріп көрсе, нәтижесі мүлдем басқа болып шығады.

«Егер тағы да қазуды, егуді, кен мен басқа да пайдалы қазба байлықтарын өндіруді бастаса, ол жерде радиациялық ахуал қалай өзгеретінін сезіп отырған шығарсыз?» — дейді ол.

Парламент ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң қабылдаған кезде ол «ядролық сынақтар жүргізуден туындаған экологиялық проблемаларды түбегейлі шешуге септігін тигізеді» деген болжам болған еді. Бірақ Дмитрий Калмыков бұл заңның халыққа пайдасы жоқ деп есептейді. Ол мемлекеттің қолында барлық тетік бар дейді — заңнамалық, атқарушы, енді қазір реттеуші ретінде де құрал бар.

«Мемлекетке керек жағын алып қарасақ, онда бәрі керемет реттелген. Мысалы, пайдалы қазбалар өндіру саласын алайық, онда көп жылдан бері ондаған кәсіпорын жұмыс істейді, ол жақта заңның, ереженің, персонал қауіпсіздігінің, лицензияның, аттестацияның, аккредитацияның болуы, бақылаудың сақталуы мінсіз деуге болады», — деп мысал келтірді ол.

Калмыков бұны «ақша айналған жерде бәрі керемет сақталады, ал ауыл шаруашылығы мен ешкімге керегі жоқ, кедей халық бар жерде ештеңе сақталмайтынына» дәлел деп санайды.

Ол заңның пайдасы жоқ деген пікірде, өйткені онда халықтың ластанған жерді заңсыз пайдалануын доғару керегі туралы, болашақта бұның қалай алдын алуға болатыны туралы ештеңе айтылмаған. Заң жобасы әзірленіп жатқан кезде эколог жұмыс тобына кірген, бірақ ол кезде-ақ бұл ұсыныстарға ешкім құлақ аспаған.

«Онда (заңда — В.) халық туралы ештеңе айтылмаған». Халық полигонның ішінде өмір сүріп жатыр, қыстақтар бар, мен ол жақта жыл сайын боламын, сынақ алаңдарына барамын; сиыр, жылқы ядролық кратерден су ішеді. Бұл халықты қайда жібереміз? Оны көшіру керек. Біз бұны қайталаудан шаршадық, бұл аксиома — халық ядролық полигонның ішінде өмір сүрмеуі керек. Заңда ең басты нәрсе осы болуы керек еді», — дейді Калмыков.

Кешенді экологиялық тексерудің нәтижесі ашық жарияланған да жоқ. Калмыков осы жылдар аралығында «миллион» түрлі зерттеу болды, оларға көп ақша жұмсалды дейді, бірақ оның «нәтижесі еш пайдаға аспайды», ал оларды ашық ақпарат көздерінен табу мүмкін емес.

Қазақстан билігі ешқандай жаңа заң бойынша да, аймақтағы жалпы экологиялық және радиациялық ахуал бойынша да ешқандай ақпараттық кампания жүргізбейтінін Майра Әбенова да айтып отыр. Ал заңда ҰЯО заңды жүзеге асыру қызметі туралы жариялап, халыққа радиациялық ахуал мен оны жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беруі керек делінген.

«Заңды қабылдағаны, әрине, жақсы. Бірақ ақпарат жоқ. <...> Мемлекет бізге не үшін керек? Өмір сүруге қауіпсіз жағдай жасау үшін керек. Сондықтан осы жайттарды олар жасырмай, кейбір нәрселерді ашық айтуы керек, ақпарат ашық болуы керек», — деді ол.

Әбенованың айтуынша, полигон тақырыбы бұрын да жабық болды, сол жерге жақын тұратын адамдардың өзі «ол жақта болған нәрселердің қаншалықты сұмдық екенін білген жоқ». Қазірдің өзінде көп адам «бейхабар күн кешіп жатыр».

«Мен барлық жерде айтып жүремін, 40 жылдық сынақ — қырық жыл бойы атом соғысын бейхабар күйде бастан кешкенмен бірдей. Біз кіммен соғысқанымызды білмей, өлумен болдық. Жақыны ауырмаған, оның салдарынан зардап көрмеген бірде-бір отбасы жоқ», — дейді ол.

Оның айтуынша, онкологиялық ауру болмаса да, әр отбасында, әр адамда туысқандарының немесе таныстарының арасында «полигонға байланысты ауру салдарынан о дүниелік болған адамдар» бар.

«Әйтсе де, бұны байланыстыру оңай емес, біз қанша бэр сіңіргенімізді, басқа да жағын дәлелдеуіміз керек. Бұл да парадокс», — дейді ол.

Қайша Атаханова өңірдегі адамдар әлі күнге дейін ауырады, ішінде кішкентай балалар да бар дейді.

Қазіргі кезде өңірде тұратын халықтың денсаулық жағдайы туралы, тіпті зардап шеккен деп мойындалған қазақстандықтар төртінші ұрпаққа жалғасса да, олардың дәл саны туралы нақты мәлімет жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік ғылыми автоматтандырылған медициналық тіркелімде ядролық сынақтан зардап шеккен 373 мың адамның, соның ішінде: тірі, өлді, кетіп қалды дегендей өмірлік статусы әртүрлі олардың ұрпақтары бойынша мәлімет бар екенін хабарлады. Қазіргі кезде бір реттік ақшалай өтемақыны 1,1 миллионнан астам адам алған. Ядролық жарылыс пен сынақ өткізу кезіндегі радиациялық әсердің салдарынан мүгедек болуға байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 4,3 мыңнан астам адам алады, «олардың арасында зардап шеккен азаматтардың төртінші ұрпағына жататын тұлғалар болуы мүмкін».

«Ядролық сынақ салдарынан зардап шеккендердің төртінші ұрпағы туралы нақты мәліметтер бізде жоқ. Осы мәселе бойынша денсаулық сақтау министрлігіне жүгінуді ұсынамыз», — делінген ведомство жауабында.

Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі де бұндай мәлімет жоқ деп жауап берді және «ол үшін иондағыш сәуле әсерінен болатын аурудың себеп-салдарымен байланысын анықтау үшін хромосома және генетика мутациясын міндетті түрде зерттей отырып, ауқымды ғылыми зерттеу жүргізу қажет» дейді. Осылайша ведомство бұрынғы полигонға іргелес жатқан аудандардың тұрғындарына кешенді тексеру жүргізбейтінін ұқтырды.

Денсаулық сақтау министрлігі биылғы 31 шілдеге дейінгі мәлімет бойынша, сәулеленуге ұрынған 373 749 адамнан және олардың ұрпақтарынан 242 327 адам тірі деп хабарлады. Ал радиациялық факторлар әсерінің ауыруға, мүгедек болуға және өлімге байланысын бағалау бойынша өңірлік сарапшылық кеңес 1995 жылдан бері 45 795 іс қараған. 25 770 істің ішіндегі 19 138 іс иондағыш сәуленің әсерімен байланысы бар. Өлімге қатысты 19 953 іс қаралған, оның ішінде иондағыш сәуленің әсерімен байланысты 15 559 іс бар. 72 адам толық тексеруге жіберілген, бірақ нәтижесі туралы айтылған жоқ. Министрлік көбіне жаңадан пайда болған қатерлі ісік пен қан айналымы жүйесінің ауруы тиісті орындарға жүгінуге себеп болатынын айтты.

Қорғаудың әлсіздігі

1992 жылы полигон жабылғаннан кейін Қазақстанда ядролық сынақтан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заң қабылданды. Осы жылдар аралығында оған бірнеше рет түзету енгізілді, бірақ әлі де жетілмеген. Депутаттар мен белсенділер зардап шеккен халыққа берілетін жеңілдіктерді қайта қарау туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Алайда, үкімет әлі де бұны жасауды қажет деп санамайды.

Соның ішінде зардап шегуші статусы бар халыққа арналған әлеуметтік қолдау жұмыс беруші есебінен беріледі: бұған еңбек ақысына қосымша төлем де, қосымша ақылы еңбек демалысы да кіреді, мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне ғана бюджет қаражатынан бөлінеді. Ал басқа өңірлерге көшіп кеткен зардап шегушілер жеңілдіктен қағылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл нормаларды қайта қарамауымыз зардап шегушілердің қамы үшін дейді, өйткені «жұмысқа қабылданған кезде үміткердің ядролық сынақтан зардап шегуші статусы болған кезде жұмыс беруші қосымша шығын арқалағысы келмей, оны жұмысқа қабылдаудан бас тартуы мүмкін».

«Осындай себеппен бұл норма зардап шегуші статусы бар жұмыс істеп жатқан (еңбек қатынасында тұрған) қызметкерді де жұмыстан босату жағдайына әкелуі мүмкін», — деп мәлімдеді ведомство.

Майра Әбенова мемлекет зардап шеккендерді әлеуметтік қорғауды дәл сондай зардап шегуші саналатын кәсіпкерлердің мойнына артып қойғанын айтып отыр: «Сол экологиялық үстеме төлемдерді кәсіпкерлерге артып қойды. Әлгі кәсіпкердің өзі зардап шегуші, неліктен ол төлеуі керек?»

Оның ойынша, зардап көрген өңірлердегі бизнестің, басқа өңірлермен салыстырғанда, «салмағы ауыр», өйткені өзгелермен бірдей салық төлейді, оның үстіне «қосымша төлемдері бар», сондықтан да ол «бәсекеге қабілетсіз». Бұл түпкі тұтынушыларға да әсер етеді, себебі кәсіпкер «осы төлемдерді өзінің тауарлары мен қызметтеріне тиындап қосады».

Әбенова белсенділер заңнаманың кемшіліктерін үкімет пен парламентте талай көтергенін айтты, бірақ оларға ешкім құлақ аспаған. Соның ішінде олар зардап шегушілерді әлеуметтік қорғау туралы жаңа заң қабылдауды ұсынды, себебі бұл өңірдің проблемасы, сосын өңірді тұрақты дамыту бағдарламасын әзірлеуді де ұсынған.

«Премьер басшылық ететін үкіметтік комиссия құру керек. Бұл комиссияға сыртқы істер министрлігінен бастап кем дегенде 10 министрлік кіруі керек, себебі өңірге халықаралық деңгейде көңіл бөлу қажет. Осы комиссияға жергілікті билік органдарының өкілдері кірсін, бұнда кең ойлайтын тәуелсіз адамдар болуы керек, жаңа буынның бизнесмендері, бәріміз бірге сондай бағдарламаны жасай аламыз. Мейлі, ол 5 жылға, 10 жылға болсын, бірақ бұл мақсатты өзімін қоямыз — ол адамдардың өмір сапасын жақсарту», — дейді қоғам белсендісі.

Оның айтуынша, вице-премьер Тамара Дүйсенова бір жыл бұрын жұмыс тобын құруды тапсырды, бірақ оның құрамына «шешім қабылдамайтын адамдар» кірген. Сондықтан Әбенова бұл жұмыс тобын жұмысқа қабілеті жоқ, оның жұмысы тек «қағаз жүзінде» ғана бар, демек, Дүйсенованың тапсырмасы әлі күнге дейін орындалған жоқ деп санайды. Қоғам белсенділері 13 ұсыныс беріп, өңірді дамыту бойынша бағдарламаға қатысты ойын презентацияға түсірген еді.

«Егер бұл өңір ядролық қауіп тұрғысынан экологиялық зардап шегуші болса, бұл бағдарлама осы өңірден жасыл экономика аймағын жасау мақсатын көздеуге тиіс», — деді ол.

Бірақ, оның айтуынша, Қазақстанда барлық бағдарлама мен заң «аспаннан алғандай» қабылдана салады немесе «ресейлік заңдардан көшіріледі», оларды жазуға қоғам қатыспайды.

«Заңдардың біздің қатысуымызсыз қабылданатынын пайдаланып, бұл заңды (зардап шегушілерді әлеуметтік қорғау туралы — В.) «жұлмалап» тастағаны сонша, одан түк қалған жоқ десе болады, ал қалғанына қатысты сұрақ көп. Біз үкіметке зардап шегушілердің проблемаларын шешудің жаңа тәсілдерін ұсынамыз. Бірақ оны естір құлақ жоқ», — дейді Әбенова.

Қайша Атаханова да ядролық қауіпсіздік аймағы туралы жаңа заң халықтың пікірін ғана емес, халықаралық тәжірибені де ескеріп қабылдануы керек еді дейді. Ол заңды әзірлеу қолға алынғанға дейін халықаралық дөңгелек үстел өткізіп, оған радиоактивпен ластануға ұрынған елдердің сарапшыларын қатысуға шақыруды ұсынды, бірақ ұсыныс қолдау тапқан жоқ.

Атаханова «Невада — Семей» қозғалысының басында тұрған Гүлсім Кәкімжановамен бірге қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жерді пайдалануға беру туралы мәселені талқылауға халықты шақыруды ұсынған, себебі олар қатерді түсінуге тиіс. Оның айтуынша, Кәкімжанова екеуі полигонға іргелес өңірлердің тұрғындарымен кездесу өткізіп, бұрынғы полигонның жері пайдалануға берілгеніне дайынсыз ба деп сұраған. Адамдар радиация жоқ екеніне сенімді болуымыз керек, тиісті карта ашық түрде жариялануы керек деп жауап берген.

Фото: Устинка LIVE

***

29 тамызда Қазақстан Семей полигоны жабылғанына 33 жыл болды. Осы жылдар аралығында сынақ салдарына тікелей қатысы бар маңызды екі заң ғана қабылданды. Алайда Қазақстанда әлі де адамдарға қатысты салдары туралы толық мәлімет жоқ: тиісті зерттеулер кеңес заманында болатын, ал тәуелсіз республика болғалы ондай зерттеуді жүргізген емес. Кешенді экологиялық тексерудің нәтижесі ашық жарияланған жоқ, сондықтан биліктің полигон жерінің бір бөлігі халыққа қауіп тудырмайды деген тұжырымымен келісу мүмкін емес.

Ақпараттық вакуум, үнсіз қалу және қоғам сұранысына құлақ аспау жағдайлары таралғанын ескерсек, осылай сендіруі қоғам жадына манипуляция секілді көрінеді. Осындай манипуляция жасауды Чернобыльге қатысты саясатында Беларусь президенті Александр Лукашенко да пайдаланып, ол да адамдардың үніне құлақ аспайды, ал ЧАЭС апатының ауыр салдары туралы зерттеу жариялаған ғалымдарды жылдар өтсе де қудалайды.

Экологтар Семей өңіріне бұрынғы полигон жерін оңалту ғана емес, толыққанды даму бағдарламасы керек деп санайды. Трагедияға бөтен деп қарауды доғаруға, адамдардың денсаулығын жақсартуға көмектесетін, өмір сүруге жағдай жасайтын, сондай-ақ жақсы экономикалық аймақ құруға және барлық мәселені кешенді түрде шешуге мүмкіндік беретін бағдарлама болуға тиіс.