5315
30 октября 2024
Әмина Кемелбай, Шакира Ахметова, Власть, суретті Светлана Ромашкина түсірген

«Мектептегі білім сапамен пара-пар болуы керек»

Жекеменшік курстар оқушылар арасындағы білім теңсіздігіне қалай әсер етеді?

«Мектептегі білім сапамен пара-пар болуы керек»

Мерей Құшан қазір Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында оқиды. Ол мемлекеттік грантқа ілігу үшін жалпы орта мектептегі сабаққа қанағаттанбай, ҰБТ-ға дайындайтын қосымша ақылы курстарға қатысқан.

Мерей сияқты мыңдаған оқушы ҰБТ-ны сәтті тапсырып, Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу үшін мектеп пәндерін оқытатын ақылы жекеменшік курстарға жүгінеді. Алайда экономикалық, аймақтық және басқа да себепке байланысты бәрінің бірдей бұған мүмкіндігі бола бермейді. Бұл өз кезегінде сапалы білімге қол жеткізу тұрғысынан теңсіздікке әкеледі.

Қосымша сабаққа сұраныстың арту себебі

«11-сыныпқа көшкенде бүкіл сынып жаратылыстану бағытында оқитын болдық. Біздің қалауымызды ешкім сұраған жоқ. Соған орай қазақ тілі мен әдебиеті пәні аптасына бір-ақ рет өтетін еді. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі (ҰБТ) таңдау пәнім қазақ тілі мен әдебиет болғандықтан, маған бұлай оқу жеткіліксіз еді», – дейді Арыс қаласында туып-өскен Мерей.

Сондықтан ол қосымша ақылы курсқа жүгінген. ҰБТ-ға екі пән бойынша дайындайтын қосымша курс бағасын бірден төлеу отбасына ауырлық қылған соң, бірнеше айға бөліп төлеу арқылы ақшасын жауып отырады.

Мерейдің анасы Әлия Ташаева таңнан кешке дейін базарда саудада жүретіндіктен, үйдегі балалардың біліміне көңіл бөлу қиын екенін айтады. Сондықтан ол қалған үш баласын да қосымша сабақтарға беруді ойлап жүр.

«Төртінші, алтыншы сыныпта оқитын ұлдарымның сабақ үлгерімі нашарлап кетті. Үйге барғанда кішкентайларымның сабағына мән бере алмай қаламын. Сол себепті мектептегі мұғалімнен екі кіші баламды сабақтан бөлек уақытта оқытуын сұрамақпын», – дейді ол.

Қазақстанда оқушылардың мектептегі пәндер бойынша қосымша ақылы репетитор қызметіне жүгінуіне түрткі болатын негізгі себептер қатарында мектеп бағдарламасына үлгермеу, белгілі бір олимпиадаға не ҰБТ-ға, Назарбаев зияткерлік мектебі сынды мектептерге түсуге дайындалу бар.

Қазақстанда ҰБТ жоғары оқу орнына қабылдау емтиханы есебінде болғандықтан әрі жоғары балл алған жағдайда мемлекеттік грантқа ілігу мүмкіндігі артатындықтан, тестілеуге дайындық курстары үнемі сұраныста.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, суретті Жанар Каримова түсірген

2017 жылы күшіне енген жаңа талап бойынша оқушылар мектепті аяқтау үшін тапсыратын емтиханмен қоса ЖОО-ға түсу үшін тағы бір емтихан ретінде ұлттық біріңғай тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, ҰБТ форматының өзгеруі жаңа формат бойынша дайындайтын ақылы курстар санын арттыра түсті.

Social movement, яғни білім теңсіздігі тақырыбын зерттеуші, Teach for Qazaqstan жобасының академиялық директоры Құралай Жарқымбаеваның айтуынша, бұл өзгеріске дейін ҰБТ нәтижесі мектеп рейтиңіне қатты әсер етіп, мектеп директоры мен мұғалімдерге жауапкершілік түсетін.

«Өзім жұмыс істеген мектептерде мұғалімдер балаға ҰБТ-ға дайындалуға көмектесетін. Бірақ көп ата-ана бұрынға қарағанда мектеп тарапынан ықылас азайғанын айтады. Мектеп ҰБТ-ға жауапты болмаған соң, ата-ана баласына жауапкершілік алып, қосымша курстарға беріп жатады», – дейді Жарқымбаева.

Қаскелеңде орналасқан ҰБТ-ға дайындайтын KursAnt жекеменшік орталығының директоры Бексейіт Қадірбайдың пікірінше, жекеменшік курстарға сұраныс қажеттіліктен туындап отыр, себебі мемлекеттік мектеп бағдарламасы ҰБТ-ға дайындауға бағытталмаған.

Ол жекеменшік білім беретін орталықтар көп ашылған сайын, бәсеке де артады, сәйкесінше білім сапасы да көтеріледі деп санайды.

«Білімді бизнеске айналдырып отырған адамдар клиенттерінен айырылып қалмас үшін және бәсекелестері көбейіп жатқандықтан нәтижеге жұмыс істеуге тырысады. Түрлі креатив қосып, еңбектенеді», – дейді Қадірбай.

Суретті Жанар Каримова түсірген

Жарқымбаева Қазақстанда мектептегі пәндер бойынша оқытатын ақылы курстарға сұраныстың артуына қатысты қандай да бір зерттеу болмағанын айтады.

«Власть» сөйлескен кейіпкерлердің бірі, алматылық көпбалалы ана Айгүлдің (есімін өзгертуді сұрады) тұңғышы биыл мектеп бітірді. Қаңтар айындағы алғашқы ҰБТ-дан нашар нәтиже көрсеткен соң, бірден ақылы қосымша курсқа беремін деп шешкен. Ол мұндай қадамға мектептегі білімге көңілі толмаған соң барғанын айтады.

«Әр баланың заң бойынша тегін, сапалы білім алуға құқы бар емес пе? Дайындық былай тұрсын, балаларыма қарасам, қарапайым ережелер мен формулаларды білмей тұрады. Үлкен қаладағы гимназия, лицей деңгейіндегі мектептердің жағдайы да тура сол. Амал нешік, балаларымды осылай ақылы курстарға беруге тура келеді. Кез келген ата-ана баласының жақсы өмір сүріп, сапалы білім алғанын қалайды», – дейді ол.

Жеке білім беру мекемелерінің қауымдастығы 2020 жылы жүргізген жедел сауалнамасында 375 респонденттің 63%-ы балаларының қосымша біліміне ақша төлеуіне мектептегі сапасыз білім түрткі болды деп жауап берген.

Айгүл келесі жылы мектеп бітіретін қызын да қосымша сабаққа бермек. Ал кіші балаларын жоғары сыныпқа жеткенде дайындап жүгірмей, қазірден бастап НЗМ, БИЛ, РФММ сияқты мектептерге түсуге дайындайтын қосымша курсқа жүгінбек.

Құралай Жарқымбаева мұндай курстарға сұраныстың көбеюіне ата-аналардың мектептегі білім сапасына көңілі толмауынан бөлек, өзара байланысты басқа себептер болуы мүмкін дейді.

Оның ішінде мектепте өзгеріп жатқан бағдарламаның ата-анаға таңсық болуы, мысалы, критериал бағалау жүйесі, бала біліміне инвестиция жасағысы келетін ата-ана мәдениетінің өзгеруі, жекеменшік білім беретін орталықтардың әлеуметтік желіде оңай таныла алу мүмкіндігі, қашықтан оқыту форматының дамуы және тағы басқа себептер бар.

Білім теңсіздігі

Жоғарыда аталған сауалнамада респонденттердің 94%-ы баласының қосымша біліміне ай сайын отбасылық бюджеттен ақша бөліп отыратынын айтқан.

Жеке қаржы бойынша кеңесші, сарапшы Әсел Әуелбекованың айтуынша, балалары жоғары сыныпта оқитын отбасыларда қосымша курстарға кейде табыстың үштен бірі кететін кездер болады.

«Мұны бір қисынсыз нәрсе емес, қаржылық сауат дер едім. Ата-анаға төрт жыл қатарынан оқу ақысын төлегеннен гөрі, қосымша курстарға ақы төлеген тиімді. Ата-аналар осылайша жоғары оқу орнына кететін шығынды үнемдеуді ойлайды», – деп түсіндірді Әуелбекова.

Суретті Ольга Логинова түсірген

Дегенмен қаржы маманы бүкіл баласына бірдей қосымша репетитор жалдауды қалтасы көтермейтін отбасылар баласының грантқа түсуі үшін мектеп бағдарламасына үміт артудан басқа амалы қалмайды дейді.

Бұл еліміздегі білім теңсіздігін ушықтыратын себептердің бірі деп есептейді Құралай Жарқымбаева, себебі жекеменшік курстарды қаржылық жағдайы орта және жоғары отбасылар ғана көтере алады.

«Мысалы, қосымша курс алуға ақшасы бар отбасының баласы ҰБТ-дан жоғары балл алып, грантқа түсуі мүмкін, ал қаржылық жағдайы оған жетпеген отбасындағы баланың грантқа түсу ықтималдығы төмен. Әлбетте, баланың жеке талпынысын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ осының өзінде балаға қосымша қаржылай көмек жасау – үлкен қолдау», – дейді ол.

Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы білім теңсіздігін анықтайтын фактордың бірі. Жарқымбаева кей мемлекеттерде осындай жекеменшік курстардың теңсіздік тудыру әсерін жұмсақтатуға арналған арнайы бағдарламалар бар екеніне назар аударады.

«Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мұндай курстар қолжетімді болу үшін оларға субсидия жасап, толыққанды ақысыз немесе жеңілдіктер жасалуына жағдай жасайды. Немесе жекеменшік мектептерінің білім беру әдістерін мемлекеттік мектеп бағдарламасына енгізуге тырысып жатады. Солай жекеменшік саланың теңсіздікке деген әсерін төмендетуге тырысады», – дейді Жарқымбаева.

Алайда Әуелбекова жекеменшік курстар көбіне қолжетімді болуы үшін не істеуіміз керек деудің орнына, көптеген ата-ана дайындық курстарына жүгінбеуі үшін мемлекеттік мектептегі білім жүйесін қалай дамытамыз деген сұрақты қойғанымыз жөн дейді.

«Егер әр орта мектепте түлегі бәсекеге қабілетті болатындай деңгейде сапалы білім берілсе, ата-аналар репетиторларға ақша құртып әуреленбес еді»

«Конституциядағы 30-бапқа сәйкес елдегі әр азамат тегін білім алуға құқылы. Мұның қатарына мемлекеттік мекемелердегі тегін орта білім де кіреді. Тегін білім тиісті сапада болуы керек. Қосымша курстар мәселенің себебі емес, салдары. Ал мемлекет мәселенің себебімен күресуі керек», – дейді қаржы маманы.

Жекеменшік оқу орталықтары реттелуі керек пе?

Қазақстанның білім беру саласындағы заңына сәйкес, жоғары оқу орындарына түсу үшін түлектерді даярлау орталықтары білім беру ұйымдары болып саналмайды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің «Власть» сауалына берген жауабында да айтылады.

Құралай Жарқымбаева мемлекеттің қосымша білім беру курстарын тіркеп, реттеп отыруының оң және теріс жағы бар деп санайды. Ол мемлекет жекеменшік курстарды толыққанды білім саласының бір секторы ретінде ескеріп, зерттеулер жасалуы керек деген ойда.

Ғылым және жоғары білім министрлігі, суретті Жанар Каримова түсірген

«Бір жағынан жекеменшік дайындық курсының контентін дезинформациядан сақтап, білім сапасының жоғарылауына сеп болар еді. Бірақ біздің елдегі жағдайды ескерсек, мемлекеттің курстарды реттеп отыруы жемқорлық тудыруы мүмкін. Одан бөлек, мемлекет өзіне тиімді ұйымдарға ғана лицензия бере ме деп алаңдаймын», – дейді Жарқымбаева.

Ал Әсел Әуелбекова бәсекеге қабілетті болуды құптағандықтан, билік ресурстарын жекеменшік дайындық курстарын және оның бағасын реттеуге емес, орта білім сапасын жақсартуға жұмсағаны абзал деп санайды. .

«Мемлекеттік мектептегі білім сапа сөзімен тең болуына билік көбірек күш жұмсасын. Үй маңындағы әр мектепті бала еріксіз баратын емес, шынайы ықыласпен оқи алатындай деңгейге жеткізуіміз керек», – дейді Әуелбекова.

Парламент сенаты аппаратының ақпараттық-талдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аида Ахметжанова ҰБТ-ға дайындық курстарына сұраныстың артуы мектептегі білім деңгейімен байланысты дегенге келіспейді. Ол екі ведомство арасында, яғни оқу-ағарту министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы әрекеттер жеткілікті деңгейде үйлеспейді деп санайды.

«Жалпы орта мектептердегі оқу бағдарламасы балалардың сыни ойлауын және функционалдық сауатын дамытуға басымдық береді. Ал ғылым және жоғары білім министрлігі жетекшілік ететін ҰБТ-ның басым бөлігінде фактілер мен жаттанды ақпарат беріледі. Нәтижесінде екі ведомствоның мақсаты арасында осындай алшақтық пайда болады», – деп түйіндеді Ахметжанова.

Дегенмен, сарапшылар баланың оқудағы жетістігіне әсер ететін көптеген факторға бұл екі министрлік жауап бере алмайтын жағдайлар бар екенін ескеріп, халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бастап, цифрлық даму министрлігін қамтитындай тиімді ведомствоаралық жұмыс қажет деп есептейді.