2014
29 ноября 2024
Бейімбет Молдағали, Астана, Власть, фото авторы Жанар Каримова

ЕО арнайы өкілі: «Геосаяси қауіп ЕО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты нығайтты»

Орталық Азия бойынша ЕО арнайы өкілі Терхи Хакаламен эксклюзив сұхбат

ЕО арнайы өкілі: «Геосаяси қауіп ЕО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты нығайтты»

25-26 қарашада Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала мандатының аяқталуына байланысты аймақ елдеріне жасаған қоштасу турының аясында Астанаға соқты.

Власть тілшісіне берген сұхбатында Хакала Қазақстандағы адам құқығы мәселесі, санкцияны айналып өту және Орталық Азиядағы су ресурстары туралы әңгімеледі.

Орталық Азиядағы ЕО арнайы өкілі ретіндегі жұмысыңызға қандай баға бересіз және ЕО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынас таяу уақытта қалай өрбиді деп ойлайсыз?

Мен 2021 жылы шілдеде, Ауғанстанда режим ауысып, биліккке тәлібтер келген сәтте жұмысымды бастадым. 2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болды, артынан Ресей Украинаға басып кірді. Сонымен қатар Қарақалпақстандағы, Таулы Бадахшан автомониялық облысындағы оқиғалар мен қырғыз-тәжік шекарасында жалғасып келе жатқан қақтығыс болды. Геосаяси өзгерістер мен аймақтағы ішкі проблемалар тұрғысында бұл үш жарым жыл өте белсенді өтті.

Бірақ геосаяси ахуалға қатысты өзгерістер ЕО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты тезірек тереңдетуге және нығайтуға мүмкіндік берді деп ойлаймын. ЕО мүше мемлекеттері Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасын жетілдіре түсті, себебі Қазақстан — Еуроодақтың ірі сауда серіктесі.

Сондай-ақ, осы оқиғаларға қарамастан, Орталық Азия елдері аймақтық ынтымақтастығын нығайта алды. Аймақтың ынтымақтастығын қолдау — ЕО стратегиясының негізі. Аймақ жаһандық аренада субъектіге айналуы керек. Орталық Азия бірлігі көп жылдан бері дәл қазіргі сәтте жақсара түсті.

Қазақстан үкіметі қос мақсаттағы тауар саудасының алдын алу үшін жүргізіп жатқан жұмысты қалай бағалар едіңіз? Қазақстан ЕО санкциялар режимін сақтап отыр ма? Сіздің орныңызға келетін адам қай бағытқа көңіл бөлгені дұрыс?

Ресейге қатысты санкцияның жаңа пакеттерін енгізген кезімізде үшінші елдермен ынтымақтаса бастадық. Қазақстан және Орталық Азиядағы көршілес елдер осы диалогтың бір бөлігі. Қазақстан санкцияларға қосылсын деп ешқашан талап қойған емеспіз. Біз енгізген санкциялардан жалтармауды — соғысқа пайдаланылатын қос мақсаттағы тауарлармен көмектеспеуді сұрадық және сұрап келеміз. Бізде АҚШ, Ұлыбритания және Жапония секілді серіктестерімізбен ұқсас тізімдер бар.

Бұл мәселелерді бірлесіп қарастырамыз және соғысқа арналған тауарлар деген не екенін анықтаймыз. Бұл тұрғыда біздің Қазақстанмен ынтымақтастығымыз өте жақсы. Санкция бойынша уәкіліміз Дэвид О'Салливан Қазақстанға бірнеше рет келіп кетті.

Санкциялар арқылы Ресейдің соғысты жалғастыру қабілетіне ықпал етуге тырысып жатырмыз. Санкциялар ауқымы кең: жеке басқа қатысты, экономикалық, фискалдық және қос мақсаттағы тауарларға қатысты.

Қазақстан үкіметінің санкцияны айналып өту әрекеттері кей жағдайда санкцияға іліккен тауарларды импорттаған «бір күндік компаниялар» арқылы жасалды және олар Ресейге экспортталды деп мәлімдеді. ЕО осындай жағдайларға жол бермеу үшін Қазақстанмен істес болып отыр ма? Осыған қатысты қандай да бір шешімдер бар ма?

Түрлі санкциялық режимде мұндай жағдайлар болып тұрады. Шындықты мойындайықшы: Көп ақшаға қатысы бар болғандықтан, осындай жағдайды молынан пайдалануға тырысатын адамдар қашан да табылады. Олар қорғаныс секторында сұранысы көп өнімдерді сатады. Бізде мәлімет көп, тенденцияны көріп отырмыз, бірақ Қазақстан үкіметі бізбен жақсы деңгейде істес болып отыр.

Екі жақпен де жұмыс істеуіміз керек, бұны ЕО елдерінде атқарып жатырмыз. Біздің компаниялар санкциядан жалтаратын болса, қылмыстық жазаға тартылу қаупі бар. Осындай бірнеше жағдайды анықтадық, бұның арты бүкіл ЕО көлемінде бірнеше тергеуге апарып соқты. Ол тауарлар түрлі жолмен тасымалданады. Бұл тұрақты процесс, өйткені санкцияны әдейі айналып өтуге тырысатындар іс-әрекетін үнемі өзгертіп отырады. Олар түрлі айла қолданады, сол себепті біз өте тығыз жұмыс істеуіміз керек.

Маусым айында, ЕО парламентін сайлау алдында, Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік бойынша ресми өкілі Петер Стано ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық Орталық Азияның «ниетімен», сондай-ақ ЕО принциптерімен және құндылықтарымен шектеледі деп мәлімдеді. ЕО үшін Қазақстанмен қарым-қатынас жасағанда қандай құндылықтар маңызды?

Біз әрдайым еуропалық құндылықтарға сүйенеміз: барлық келісім, барлық стратегиямыз заң үстемдігі, халықаралық міндеттерге құрмет құндылықтарын ұстанады. БҰҰ Жарғысының құндылықтарын, мультилатерализм құндылықтарын қолдаймыз. Қазақстанмен жасаған келісімдерге де осы құндылықтар кіреді. Қазір сіздердің президент жасап жатқан саяси реформалардан бастап, экономикалық реформаларға дейін Қазақстандағы өзгерістерді көріп отырмыз.

Бұны қатты қолдаймыз, өйткені мұның бәрі екіжақты келісімде айтылған принциптер. Бастысы, іске асыру, осыған қатысты істерді атқару маңызды. Қазіргі жағдайда стратегиялық серіктес болып қалған Қазақстанмен қарым-қатынас өте жақсы жүріп жатыр.

Серіктестікке шектеу болатын құндылықтарда айырмашылық бар ма?

Біз [ынтымақтастыққа] саяси ниеттіміз. Әрине, әрдайым талқыланып тұратын белгілі бір мәселелер бар, бірақ бұл кез келген ынтымақтастық үшін қалыпты нәрсе. Жоғары деңгейде диалог жүргізуге және ынтымақтастықты арттыруға ешқандай шектеу немесе кедергі көріп тұрған жоқпын. Керісінше, ынтымақтастығымызды белсенді түрде дамытып жатырмыз деп айта аламын.

Сіз биыл Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаевпен кездестіңіз, әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі туралы жаңа заңды талқылапсыздар. Қазақстан адам құқығына қатысты қандай мәселені әлі де шеше алмай отыр?

Ластаевпен екіжақты келісім аясында адам құқығын талқыладық. Біз түрлі мәселені қарастырып тұрамыз, өйткені кез келген елде адам құқығы саласында проблема бар деп санаймын. Бәріміз көбірек іс атқаруымыз керек. Сіз айтып отырған Ластаевпен соңғы кездесуімізде ой білдіру еркіндігі мен жиналу еркіндігі мәселесін талқыладық.

1 тамызда ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы уәкілі Жозеп Боррель Астанаға келген кезінде жұмыс тобы «ЛГБТ насихатына» қарсы онлайн петицияны талқылап жатты. Құқық қорғаушылар петиция «кемсітуге және стигма жасауға әкеледі», ал егер іске асып жатса, «елдегі адамдардың құқығын бұзады» деп мәлімдеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі «петицияны ішінара қолдады» және мәселені әрі қарай зерделеуге шақырды. Егер осы «ішінара қолдау» заңнамалық күшке ие болып жатса, ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қалай өзгереді?

Біз қоғамдағы кемсітудің барлық түріне қарсы екенімізді айтқым келеді. Бұл ЕО құндылығының бірі. Бұл жерде барлық азаматтың, барлық адамның тең құқығы сөз болып отыр, ол діни немесе жыныстық азшылыққа жата ма, басқа ма, маңызды емес. Біз бәрінің тең құқығы үшін күресеміз, барлығының бастауы осы. Бұндай кемсітудің мақұлдануы өкінішті жағдай, әрине, бірақ бүкіл диалог кемсіту саясатын жалпылай қамтиды. Бастығым Боррель де осылай жауап беретініне сенімдімін.

Егер осындай әрекеттер қабылданып жатса, не болатынын болжай алмаймын. Мүше мемлекеттер шешеді. Олар қуанбайтыны анық, өйткені Еуропада біз бәрінің тең құқығы үшін күресеміз: адамдар, әйелдер мен балалар, бәрі тең.

«Жалпылай» деген кезде нені меңзедіңіз?

Адам құқығы кең ауқымды мәселені қамтиды дегенім. Мысалы, су да адам құқығына кіреді. Біз кейде жекелеген тақырыпқа тым қатты ден қоямыз, бірақ контексті кеңірек ескеруіміз керек — қоғам қалай дамып жатыр, азаматтық қоғамның ішінде қандай құқық бар, Қазақстан өзінің халықаралық міндеттерін қалай орындап жатыр дегендей. Бұл міндеттер БҰҰ, ЕҚЫҰ немесе бізбен екіжақты келісім аясында берілді. Бұлар жаһандық құндылықтар, өйткені адам құқығы әмбебап және жіктелмейді. Бұл жекелеген сектордың мәселесі ғана емес.

ЕО мен Орталық Азия осы аймақ азаматтарының Шенген аймағына кіруін жеңілдету туралы келіссөзді көп уақыттан бері жүргізіп келе жатыр. Осы бағыттағы прогресті қалай бағалайсыз? Виза режимін жеңілдету үшін қандай шарттар қажет?

Мен виза режимін жеңілдету процесін жақтаушылардың бірімін. Бұл Еурокомиссияның және ЕО мүше мемлекеттерінің қолында тұр, процесс басталып кетті.

Қазан айында, Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық кеңесінің отырысы кезінде реадмиссия және виза режимін жеңілдету процесі туралы келісімдер мәселесін талқыладық. Қазір әзірленіп жатыр.

Арамызды жақындатқымыз келетіні анық және жаңа байланыс дәлізін — Транскаспий көлік дәлізін құрып жатырмыз. Бұл ЕО мен Орталық Азия арасында адамдар еркін қатынауы үшін жағдай жасағымыз келетінін білдіреді.

Реадмиссия туралы келісім — маңызды қадам, себебі Еуроодақтағы заңсыз миграцияның алдын алуға ұмтылып жатырмыз. Осы келісімдердің бәрі бір-бірімен байланысты. Бұл жерде мүше мемлекеттер негізгі рөл атқаратындықтан, келіссөздер Еурокомиссия мен мүше мемлекеттер арасында «ары-бері» форматында өтіп жатыр.

Мақсаты — виза режимін жеңілдету: құжаттарды азайту және Еуродаққа визаға өтініш бергенде азаматтар үшін ыңғайлы тәсіл қолдану.

ЕО Орталық Азия елдеріне және Қазақстанға су ресурстарын пайдалану мәселесіне қалай көмектеспекші?

Климат өзгерісі су ресурстарына қазірден-ақ көп әсерін тигізе бастады. Су мәселесі климаттың өзгеруімен, су ресурстарының азаюымен, мұздықтардың еруімен, сондай-ақ өзендердің бастауы мен сағасы арасындағы әрекетке байланысты. Бізде Team Europe деп аталатын, суға, климатқа және энергетикаға арналған ірі бағдарламалар аясында бірнеше жоба бар.

Өзендердің төменгі жағында орналасқан ел болғандықтан, Қазақстан көршілеріне қатты тәуелді. Сондықтан да біз әрдайым аймақтың ынтымақтастығын қолдаймыз, өйткені су — трансшекаралық проблема.

Қазақстанның өзінде инфрақұрылымды біраз модернизациядан өткізу керек.

Соңғы жылдары Орталық Азияның көшбасшылары су мәселесіне айрықша көңіл бөле бастағанын байқап жүрміз. Мұны аймақта осы проблемаларды шешудің маңызын түсіне бастағанының белгісі деп білемін. Аралды құтқаруға арналған халықаралық қордан бөлек гидроэнергетика сияқты мәселелерді қамтитын басқа да екіжақты платформалар бар. Бұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігімен және ауыл шаруашылығымен байланысты. Бұл қазірден бастап жіті назарда ұстауды қажет ететін проблема. Ертерек қолға алу керек еді, өйткені қауіп қазірдің өзінде төніп тұр.