2025 жылдың басты оқиғалары Қазақстанда АЭС-ті кім салатыны туралы шешім мен уақыт белдеуін ауыстырудың халыққа әсерін зерттеу нәтижесі болмақ. Сондай-ақ, жаңа жылда Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылданады және бизнеске салық мөлшерлемесі артады. Денсаулық сақтау саласында да өзгерістер болмақ: медициналық сақтандыруы жоқ қазақстандықтарға көмек алу қиынға соғуы мүмкін.
Әлеуметтік блок
2025 жылы айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болмақ. Ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 85 мың теңге болып қалады.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 32 360 теңге, ал зейнетақының ең төменгі мөлшері — 62 771 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрі инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға артады.
Жыл басынан нақты деректерді ескере отырып, әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «әлеуметтік әмиян» жобасы да енгізілуге тиіс. «Әлеуметтік әмиян» азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларын алуын жеңілдетуі керек, өйткені барлық құралы eGov қосымшасында болады, ал ваучерлер жекелендірілген түрде жазылады, бұл кез келген заңсыз тіркеу мүмкіндігін шектейді.
Денсаулық сақтау саласы
2025 жылғы қаңтарда уақыт белдеуінің ауысуы қазақстандықтарға қалай әсер ететінін зерттеу басталады. Бастапқы жоспар бойынша, зерттеу үш жыл бойы жасалмақ болған, алайда билеуші Amanat партиясы бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды қолдап, зерттеуді үш айда аяқтауды талап етті. Олар 2025 жылы наурызда зерттеу нәтижесін, ұсыныстар мен нақты шешу жолдарын ұсынуды сұрады.
Сонымен қатар, қаңтардан бастап мемлекеттік қаржыландыру бар медицина ұйымында пациенттерді Face ID арқылы жеке басының сәйкестігін анықтау жүйесін енгізбек. Бұл денсаулық сақтау министрлігінің ойлап тапқаны, осылайша жалған тіркеулер мен вакцинаның алдын алмақшы. Науқастың шынымен сол адам екенін екі жолмен анықтайды: Face ID арқылы және eGov порталындағы цифрлық құжаттар арқылы, яғни алты цифрдан тұратын код немесе QR.
2025 жылы денсаулық сақтау министрлігі қаржы министрлігімен ақпараттық жүйелерді біріктіргеннен кейін импортталған дәрілердің бағасын көріп, ел ішінде реттей алады. Ал жыл соңына дейін үкімет денсаулық сақтау саласына ұлттық бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізуге уәде берді.
Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап онкологиялық аурулар бойынша скринингтен медициналық сақтандыру статусына қарамастан барлық адам өте алады және бұл қызмет ККТМК қатарында болады.
Жыл ортасына қарай қатерлі ісікке қарсы қазақстандық препараттың клиникалық сынақтары аяқталады деп отыр. Одан кейін препарат тіркеуге жіберіледі және оны онкоорталықтарда қолдана бастайды.
Бұдан бөлек, 2025 жылы негізгі мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қарастыратын медициналық сақтандыру туралы заң жобасын әзірлеу жоспарда бар. Бұл түзетулер алғашқы көмекті негізгі пакеттен алып тастауды қарастырады, бұл медициналық сақтандырылмаған қазақстандықтардың көмек алуын қиындата түсуі мүмкін.
Білім және ғылым
2025 жыл Қазақстанда жұмысшылар мамандығы жылы деп жарияланды. Оның аясында оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда техникалық және кәсіби білімді реформалау бойынша кешенді жоспар әзірлейді. Жоспарда колледждерді техникалық қамтамасыз ету, педагог кадрлар мен оқыту бағдарламасына қойылатын талаптар, колледждердің сапасын бағалау және оларды қаржыландыру шаралары қамтылуға тиіс.
Оқу-ағарту министрлігі жаңа жылда колледждерді төрт лигаға бөлуді жоспарлап отыр. Бұл тиімді көшбасшылық моделін құру, цифрландыру, мамандарды даярлау деңгейін көтеру және білім беру ұйымдары арасындағы өзара әрекеттесуді күшейту үшін жасалмақ. Осылайша, басқару мен оқытуда жоғары стандарт көрсеткен, инновациялық инфрақұрылымы бар колледждер «көшбасшы» болмақ. Олар «тірек колледждерге» үлгі болуы керек, бұл өз кезегінде озық технологиялар мен білім беру стандарттарын енгізу алаңы болып, әлеуметтік және мақсатты ұйымдардың дайындық деңгейін және инфрақұрылымын арттыруға жағдай жасауға көмектеседі. Сондай-ақ, модернизация мен өсу сатысында жүрген, жаңа технологияларды белсенді енгізіп, мекемелердің қолдауымен деңгейін көтеруге ұмтылатын «әлеуметтік колледждер» болады. Төртіншісі — «мақсатты колледждер», сапалы білім беру стандартын ұсынатын, бірақ дамымай, бір орында тұрған, инфрақұрылымы ескірген, бәсекеге қабілеті әлсіз колледждер. Мұндай колледждер реформа мен қолдауды қажет етеді.
Сонымен қатар, ведомство биыл Қазақстанда үш ауысыммен оқитын бірде-бір мектеп, оқушыларға мектепте орын жетіспеу деген болмайды деп отыр.
Жаңа жылдан бастап мектеп асханаларында тамақтандырудың жаңа стандарты енгізіледі, онда перспективті мәзір енгізілмек.
2025 жылдан бастап балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл мектепке дейінгі мекемелерге кезекте тұрғандарды азайтады және бюджеттің ақшасын үнемдейді. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі бойынша барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымына белгіленген талаптарға сай болған жағдайда ғана бюджеттен қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Ал ата-аналар балабақшаны өзі таңдай алады. Сонымен қатар, бюджеттен ақшаны есептеу және аудару ата-аналар сабаққа қатысу парағындағы ақпаратты растағаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Арнайы білім алу қажеттігі бар балалар санының артуымен биыл колледждерде педагог-көмекшілерді дайындау басталады. Қазір 3,5 мың маман жетіспейді.
Ғылым мекемелері қызметкерлерінің жалақысы биыл 17%-ға өспек.
Экономика және қаржы
Ұлттық банк 2025 жылы инфляция 6,5–8,5% деңгейінде, ал экономиканың өсімі 4,5–5,5% болады деп болжап отыр.
2025 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде болады деп болжанып отыр, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылатын трансферт — 2 трлн теңге.
Сондай-ақ, 2025 жылы банктер туралы жаңа заң және оған ілеспе түзетулер әзірленеді. Негізгі және әмбебап банк лицензиясын енгізу жоспарланып отыр. Базалық лицензиясы бар банктерге капиталды азайту талаптары қойылады және кейбір жоғары тәуекелді операцияларға шектеу енгізіледі, атап айтқанда, шетелде еншілес ұйымдарды ашуға тыйым салынуы мүмкін. Бұдан бөлек шетелдік банктердің филиалдары үшін қызмет түрін кеңейту жоспарда бар. Сонымен қатар, банктерге «ислам терезелерін» ашуға рұқсат етіледі және банктердің тұтынушылармен өзара әрекеттесуін, оның ішінде жеке деректерді қорғауға қатысты қадағалау тетіктерін әзірлейді.
Төлемге қабілетсіз банктерді реттеуге қатысты олардың қаржылық жағдайын қалпына келтіру бойынша бірыңғай талаптарды енгізу, мемлекеттің қатысуына және банктің акционерлері мен басқару қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау бойынша міндеттемелер толық өтелгенге дейін дивидендтер төлеуге тыйым салынбақ.
2025 жылы Қазақстанда банктер арасындағы QR төлемдер іске қосылады. Жаңа төлем жүйесі қандай банк терминалы не қосымшасы болсын QR-код арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл цифрлық теңге толықтай жұмыс істей бастайды: электронды ұлттық валютамен төлеуге және оның барлық функциясына қол жеткізуге болады.
2025 жылғы қаңтардан бастап микроқарызды онлайн алғанда биометрикалық сәйкестендіру және электронды қол қою сұралады.
Энергетика
2025 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумды құру және оған қатысушылар туралы шешім қабылданады. Нақты қашан қабылданатынын үкімет айтқан жоқ, тек сол сәтке құжаттама әзірленіп, мердігер мен жобалаушы туралы шешім қабылданатынын атап өтті. Консорциумда бес мемлекеттен артық болмайды, яғни құрылысқа түрлі қосалқы мердігер компаниялар қатысады.
Ресейлік компания жазда Көкшетауда көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО құрылысының «белсенді кезеңін» бастайды. Артынша Семей мен Өскеменде тағы екі ЖЭО құрылысының басталу мерзімі де жариялануға тиіс.
Сонымен қатар, 2025 жылы балама энергия көздері саласын дамыту бойынша заң жобасы әзірленеді.
2025 жылға арналған жоспарда халықты газбен қамту деңгейін 62,1%-ға дейін жеткізу немесе 55 мыңнан астам адам тұратын 21 елді мекенді газбен қамту көзделген.
Биыл Қызылордада қуаттылығы 240 МВт электр және 277 Гкал/сағ жылу беретін жаңа ЖЭО пайдалануға беріледі деп уәде етілді. Десе де, 2024 жылғы маусымда «жерді дайындау жұмыстары аяқталып, жабдықты орнатуға іргетас қаланып жатыр» деп хабарланған еді. Қазір облыс тұрғындарын жылумен 75 пайызға тозған ЖЭО қамтамасыз етіп отыр. Ол 1964 жылы пайдалануға берілген.
Экология
Павлодар облысында 2025 жылғы сәуірде желім, металл, қағаз және шыны өндіретін қалдықтарды сұрыптау кешенінің құрылысы басталады. Кәсіпорынды жыл соңына дейін іске қоспақ. Бұл 2024 жылы ақпанда «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Сәрсенбай Ержан айтқан қоқысты сұрыптайтын сегіз кешеннің бірі болмақ.
Сондай-ақ көктемде ғылыми зерттеулер мен жануарларды чиптеу үшін Каспий итбалықтарын аулау жоспарланып отыр.
Бизнес және салық
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң күшіне енді. Жедел сатып алуды қамтамасыз ету үшін шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайды. Сатып алу нәтижесіне шағымдану веб-портал арқылы және жеңімпазды конкурстық комиссия анықтаған сатып алулар бойынша ғана жүреді.
Бұрын мемсатыпалу бір ғана өнім беруші қатысқан кезде жарамсыз деп танылуы мүмкін болса, енді ол біліктілік талаптарына сәйкес деп танылған жағдайда бір ғана компания қатысса да, онымен шарт жасасуға жол беріледі.
Тұтынушылардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жедел сатып алуы үшін 100 АЕК-ке дейін, жұмыстар мен қызметтерді 500 АЕК-ке дейін бір көзден алу тәсілімен сатып алу құқығы қарастырылған, бұл шек ауыл әкімдіктеріне 3000-нан 4000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қажет болған жағдайда тауар, жұмыс және қызметтерді бір көзден сатып алуға болады.
Сатып алынатын тауар, жұмыс және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін оң беделі барлар арасында сатып алуға мүмкіндік беретін әлеуетті өнім берушілердің реестрі енгізіледі. Жеткізуші туралы ақпарат мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің деректерін (жұмыс тәжірибесі, қаржылық тұрақтылық, салық берешегінің жоқтығы, қаржылық есептің ашық болуы және т.б.) пайдалану арқылы қалыптасады.
Бұдан бөлек, енді құрылыс бойынша келісімшартты «кілт өткізгенге дейін» шартымен жасауға болады, яғни бір тауарды ұсынушы компания нысан құрылысының барлық кезеңіне жауапты болады.
Заңға енгізілген түзетулердің тағы бір блогы өнім беруші компания жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Басшысы немесе құрылтайшысы бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты болғандар және жалақы бойынша мерзімі өткен әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Енді субмердігерлерге тек 30% жұмыс пен қызметтерді беруге болады, ал отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қаржы министрлігі арнайы тауарлар мен қызметтердің тізімін бекітеді, олар тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынады.
2025 жылы үкімет «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталын іске қосуды уәде етіп отыр. Бұл портал қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі жеке кабинетіне кіруді біріктіреді. Ол бірнеше сервистің болуы мен деректердің қайталануы мәселесін шешуге, сондай-ақ бизнес жағдайларды басқару процесін және меморгандар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара байланысуды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сәуір айына дейін 2024 жылғы көктемгі су тасқындарынан зардап шеккен шағын және орта бизнеске өтемақы төлеу жалғасады.
Осы уақытта Алматыда 2025 жылдың екінші тоқсанында ресейлік Wildberries компаниясының тауарларды тарату орталығының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл орталық кәсіпкерлердің логистика шығындарын азайтуға, ассортиментті кеңейтуге және сатуды арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы салық заңнамасында өзгерістер күшіне енді. Әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесі 3,5%-дан 5%-ға дейін ұлғайса, әлеуметтік салық мөлшерлемесі 9,5%-дан 11%-ға дейін артады. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары 1,5%-дан 2,5%-ға дейін көбейеді, ал жұмысшылардың міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі бірыңғай төлемнің 10,5%-ына тең болады, әлеуметтік төлемдер — 18,9%. Бірыңғай төлемнің жалпы мөлшерлемесі 23,8% болады.
2025 жылғы шілдеге дейін жаңа Салық кодексі қабылданады, ол 2026 жылғы 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа кодекс 1,3 трлн теңгеден астам соманы құрайтын 110 салық жеңілдігін жоюды және 400 млрд теңге сомасында 29 салық жеңілдігінің қолданылу мерзімін шектеуді қарастырады.
Сонымен қатар, корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін саралау ұсынылады. Негізгі мөлшерлеме 20% деңгейінде сақталады, ал жоғарылаған 25% мөлшерлеме банк саласы мен ойын бизнесіне белгіленеді. Жоғары өңделген өнімдерді шығару, қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін мөлшерлеме 10% болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін 3% мөлшерлеме сақталады. Сонымен қатар, бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына қарай ауыстырмақ, ал жеңілдетілген салық тек ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сақталады. Сондай-ақ, сыртқы жарнама орналастыру үшін ақы алу және кейбір қызмет түрлерімен айналысуға лицензиялар алу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылды.
Жаңа Салық кодексі БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босатуды қарастырады. Сондай-ақ, 10 жылдан аса қызмет көрсеткен автокөліктер үшін салық мөлшерін 30%-ға, 20 жылдан асқан көліктер үшін 50%-ға төмендету ұсынылады.
Одан бөлек, «сән-салтанатқа салық» енгізіледі — 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысанына мүлік салығының жоғарыланған мөлшерлемесі, сондай-ақ 75 млн теңгеден асатын кедендік құны бар жеңіл автокөліктерге, қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне және ұшу құрылғыларына қосымша акциздер салынады.
Төртінші кезеңдегі жалпы декларациялауды тапсыруға тиіс болған қазақстандықтар осы міндеттен босатылды. Алайда олар табысын ерікті түрде декларациялауға мүмкіндік алады. Бірақ келесі тұлғалар үшін декларациялау міндетті болып қалады: мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері, шетелде активі бар адамдар, сайлауға түсетін үміткерлер, мемлекеттік қызметке және оған теңестірілген қызметке келетін тұлғалар, сондай-ақ ірі банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының қатысушылары болуды қалайтындар, кәсіпкерлер, басшылар, квазимемлекеттік және жеке компаниялардың құрылтайшылары (оның ішінде 25%-дан астам акцияға ие тұлғалардың), жұбайлары, бір жыл ішінде 20 000 АЕК-тен жоғары қымбат сатып алу жасаған адамдар.
Қоғам
Биыл үкімет ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға ықпалының әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа да факторларын анықтау бойынша зерттеу жүргізуге уәде беріп отыр. 2024 жылы мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қарау үшін жұмыс тобы құрылды. Петиция авторы — Қазақстандық ата-аналар одағының төрайымы Бағила Балтабаева. Бұған дейін одақ отбасындағы зорлық-зомбылық туралы заң жобасына қарсылық білдірген еді. Нәтижесінде мәдениет министрлігі балалар мен жасөспірімдерді үгіт-насихаттан қорғау тұрғысынан ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы петицияны ішінара қолдау туралы шешім қабылдады.
Биылдан бастап облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін тікелей сайлау басталады. Былтыр мұндай сайлау елдегі кейбір аудандарда эксперимент ретінде өткен еді.
2025 жылы жылжымалы хайуанаттар бағын, контакт зообақтарын және жылжымалы жануарлар көрмесін құру мен жүргізуге тыйым салынады.
2025 жылдан бастап Қазақстанда кәсіби асырап алушы отбасылар пайда болады. Олар арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж, не жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан төрт балаға дейін тәрбиелеуге ала алады. Кәсіби асырап алушы отбасымен жарты жылға шарт жасалады, онда балаларды ұстау, тәрбиелеу және білім беру шарттары көрсетіледі. Шарт бір рет тағы алты айға ұзартылуы мүмкін. Кәсіби асырап алушы тәрбиешілер 30 жастан асқан, бірақ 63 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары бола алады. Сонымен қатар, тұрғын үйде әр адамға кемінде 15 шаршы метрден келуге тиіс.
Тұрғын үй
2025 жылдың екінші жартысында «Ұмай» ипотекасы іске қосылады. «Отбасы банк» бұл бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесін барынша төмендетуді мақсат етіп отыр, бастапқы жарна 20%-ға дейін сақталады, сондай-ақ бастапқы және екінші нарықтан тұрғын үй алу мүмкіндігі сақталады. Жұмыс істейтін әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы 2021–2023 жылдар аралығында істеп тұрды. Пайыздық мөлшерлемесі — 14,4%, бастапқы жарна 15%-дан 20%-ға дейінгі аралықта болды, ал несие көлемі ең көп дегенде 30 млн теңге, 25 жылға дейінгі мерзімге берілді. Оны Азия даму банкі қаржыландырды.
Сонымен қатар, «Отау» ипотека бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Бұл бағдарлама бойынша кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың пайыздық мөлшерлемесі 9%-дан 7%-ға дейін төмендетіледі. Депозит ашуды өтініш беруден бұрын жүзеге асыруға болады. Несие сомасы Астана мен Алматы үшін 36 млн теңгеге, ал басқа өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. Алматы мен Астана қалаларында пәтер сатып алу кезінде енді тұрғылықты жерге тіркеу қажет болмайды. Бағдарламаның негізгі шарты — кейінгі бес жылда жеке меншіктегі тұрғын үйініің болмауы, бастапқы жарна — 20%-дан бастап, депозитте кемінде 1 млн теңге болуы керек, ал тұрғын үйді бастапқы және екінші нарықтан сатып алуға болады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарыз алушы мен оның жұбайының соңғы 18 айда жеке меншігінде тұрғын үй болмауы туралы талаптар енгізіледі. Бірақ бұл талапқа әр отбасы мүшесіне 15 шаршы метрден аз пайдалы алаңы бар жатақханалардағы бөлмелер және апатты тұрғын үйлер жатпайды.
Ауыл шаруашылығы
2025 жылдан бастап аграрлық сала өкілдері қаржылық институттардан тікелей төмендетілген несие ала алады. Субсидиялау мәселесі толығымен ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеледі. Президенттің уәдесіне сәйкес, агроөнеркәсіп кешеніне несие бөлу көлемі 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады. Десе де, үкімет заманауи технологияларды қолданбайтын фермерлер мемлекетке қажет емес деп санайды, сондықтан субсидиялар тек тиімді жұмыс істейтін кәсіпорындарға берілмек.
Биыл ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды толық аяқтауға уәде берді.
2025 жылғы мамырда Қазақстан аусыл ауруынан еркін ел мәртебесін алуды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл тапсырманы 2023 жылдың соңына дейін орындау тапсырылған еді.
Биыл Қазақстандағы ауыл шаруашылығында ауқымды санақ жүргізіледі, бұл жер және егістік алаңдары, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы мен инфрақұрылымы туралы мәліметтерді жаңартуға көмектеседі.
Көлік
2025 жылдың соңына дейін құрылысы сегіз жылға тоқтап тұрған Астанадағы ЛРТ-ның техникалық іске қосылуы болады деп жоспарланды. Жеңіл рельсті көлік желісі бойынша машинисі жоқ пойыздар іске қосылады. Барлығы 18 станция салынып, 19 қозғалмалы құрам сатып алынады, олар 4-5 минут сайын жүреді. Қала басшылығы ЛРТ жүйесін күн сайын 92 мың адам пайдаланады деп болжап отыр. Жол ақысын көлік картасымен немесе QR-код арқылы төлеуге болады.
Ал Алматыда сәуір айында Райымбек даңғылында, Пушкин көшесінен Ахрименко көшесіне дейін BRT (жылдам автобустардың арнайы жолақтары) құрылысын бастау жоспарланып отыр. Екінші желі Желтоқсан көшесінен Райымбекке дейін өтеді. Құрылыс жұмысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ, қыркүйек айында Алматыдағы метро желісінің әуежайға дейінгі жаңа бөлігінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталуға тиіс. Осы және бірінші желіні аяқтау үшін (оның құрылысын «Барлық» базарының маңына дейін жалғастырады) Алматы әкімдігі 1 млрд АҚШ доллары көлемінде қарыз алуды жоспарлап отыр. Қарыз алу мәселесі 2025 жылы шешілуі мүмкін.
Жыл басында Алматыдағы метро станцияларында жолаушылар қауіпсіздігі үшін платформада турникеттер орнату басталады. Ал жаңа станцияларды жобалау кезінде бұл талаптар міндетті болады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанға автомобильдерді Қырғызстан арқылы әкелуге тыйым салынады. Бұл шешім Қырғызстанмен ақпараттық өзара әрекет туралы уақытша келісімге қол қойылғанға дейін қолданылады. Бірақ Қырғызстан жүйесімен интеграция 2025 жылғы 1 шілдеден ерте болмауы мүмкін.
Сонымен қатар, биыл 4 сәуірден бастап мопедтерді міндетті тіркеу және «А1» санаты бойынша жүргізуші куәлігін алу талаптары енгізіледі.
Технология және байланыс
2025 жылы Қазақстан жеке өз атынан ғарышқа шығуға мүмкіндік беретін отандық метеорологиялық зымыранды іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 2025 жылы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен «Союз-5» зымыран тасымалдаушысы алғаш рет ұшырылады.
Сондай-ақ, Қазақстан 2025 жылы жаңа KazSat спутнигін жасау және оны 2029 жылға дейін ауыстыру туралы келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл «спутник ғарыштық байланыс желілері мен ТВ-трансляцияның үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етпек».
Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұл орталықта барлық білім беру бастамасы жиналады, ал ірі халықаралық технологиялық компаниялар жасанды интеллект және Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталықтарын, зертханалар ашады деп жоспарланып отыр. Жасанды интеллект экономиканың барлық саласына енгізілмек.
Сондай-ақ, биыл мемлекеттік қызметкерлерге жасанды интеллектіні пайдалану және оқыту курстары басталады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы OneWeb Kazakhstan Limited интернет қызметі Қазақстанда іске қосылады. Атап айтқанда, қаңтарда жолаушылар пойыздарында спутниктік интернеттің пилоттық жобасы іске қосылады.
Президент тапсырмасымен, 5G мобильді байланысын Қазақстанның облыс орталықтарына тарту 2025 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.
Авиация
Көктемде Қазақстан мен Австрия арасында тікелей рейс ашылады. Онда SCAT компаниясы аптасына екі рет ұшып тұрады.
1 маусымнан бастап Air Astana Алматы мен Франкфурт арасындағы тікелей рейстерді іске қосады. Олар аптасына үш рет ұшады.
Үкімет 2025 жылы Будапешт, Мюнхен, Шанхай, Рим, Рига және Марокканың бір қаласына авиарейс ашылуын күтіп отыр.
Сонымен қатар, Алматы әуежайында жаңа жылдан бастап тұрақ ақысы қымбаттайды. Әуежай алдындағы және жабық тұрақ кешеніндегі тұрақ үшін 15-тен 60 минутқа дейін 600 теңге, 1-2 сағатқа дейін 850 теңге, 12–24 сағатқа дейін 4 200 теңге болады. 15 минутқа дейін тұрақ тегін болып қалады. Оңтүстік тұрақ аумағында көлікті қою үшін 15–60 минутқа 350 теңге, 1-2 сағатқа 500 теңге, 12–24 сағатқа 2 400 теңге төлеу керек.
Поддержите журналистику, которой доверяют.