Өткен аптада сәрсенбі күні мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қараусыз жүрген жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакциналау, еркіндікке жіберу (АЗВЕЖ) олардың адамға шабу «мәселесін шешпей отырғанын» тағы айтты. Ал оның эвтаназияға қатысты бастамасына қарсы шыққандар жай ғана шетелден келген қаржыны «жұмсап жатыр» екен. Депутат жануарларды қорғайтын ұйымдардың қаражатты қайдан алып жатқанын тексеруді ұсынды.
Жануарларды қорғаушылар Еділ Жаңбыршиннің қаржыландыру туралы мәлімдемесін «ашықтан-ашық мазақ ету» деп айыптады. «Власть» тілшісіне сұхбат бергенде олар эвтаназияның мәселені шешпейтінін тағы да айтты.
Былтыр осы түзетуді қолдаған сарапшылар АЗВЕЖ бағдарламасы қаңғыбас жануарлардың санын реттеуге келгенде тиімсіз екенін мәлімдеген еді. Ал жануарларды қорғаушылар жануарларды көшеге қаңғытып жіберген қожайындарға қатысты жауапкершілікті арттыру амалдарын қолға алу керек дейді.
AMANAT республикалық партиясы экологиялық кеңесінің мүшесі Сергей Снегирев эвтаназия ұзақ әрі көп шығынды қажет ететін процесс екенін айтады. Оған сәйкес, жануарды аулап алып, оны уақытша 15–60 күн бойы ұстайтын мамандандырылған орынға жеткізу керек. Тек содан кейін эвтаназия мен өлтіру кезеңі болады.
Сергей Снегиревтің айтуынша, бұл циклді АЗВЕЖ бағдарламасының арқасында біршама қысқартуға болады. Ол зарарсыздандыру/кастрация, вакциналау, 5-6 күндік бейімделу кезеңі және жануардың денсаулығы қалыпты болса, табиғи ортаға шығарылуын қамтиды.
Снегирев ұсталған жануарлармен профилактикалық жұмыс жүргізілмейтін болса, олардың орнына бәрібір басқа жануарлар пайда болатындықтан, эвтаназияны тиімсіз деп есептейді: «Көшедегі иттерді ұстап алып, бәрін өлтіріп тастаса, ертең-ақ басқа иттер пайда болады. Бұл тізбек үнемі қайталана береді. Бірақ біз қараусыз жануарлар санын шынымен де қысқартуды қаласақ, онда оларды өз бетінше көбеймейтін табиғи ортада қалдыруымыз керек».
Снегирев бұл тұста ветеринарлық қызмет жағынан жемқорлық болуы мүмкін екенін де ескеру керек екенін айтады. Ол мысал ретінде Ақтөбеде құлағындағы сырғасында АЗВЕЖ белгілері бар иттің күшіктегенін мысалға келтірді. «Мемлекет ветеринарлық бөлімге итті ұстап, зарарсыздандырып, чип тағып, вакцина салып, еркін жіберуі үшін ақша берді, бірақ оны ұстай салып, құлағына бирка тағып, жібере салған», – дейді ол.
Сергей Снегирев ветеринарлық қызмет көрсететін барлық мекемеге қатысты міндетті бақылау талаптары енгізілуі керек деп есептейді.
Тұрған жерінде атып алу
INUCOBO жануарларды қорғау жөніндегі заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, KazBar PUK Жануарлар құқығы комитетінің мүшесі Лилия Сәрсенова да эвтаназия қымбат екенін айтады: «Біріншіден, дәрігерге, наркозға, тағы басқасына шығындалу керек. Зарарсыздандыру мен еркіндікке жіберуді алып қарасақ, бұл әдіске бес жыл бойы ақша құю керек, одан кейін жануар саны қысқара бастайды, ал шығын бірнеше есеге азаяды. Ал эвтаназияға келгенде шығын азаймайды, себебі жануарлар қоныс аударуға бейім».
Жануарларды қорғайтын қауымдастық осы түзетулерге қарсы шығып жүр, себебі іс жүзінде бұл «жануарды жүрген жерінен қарумен атып тастау» әрекеті болады.
«Кейбір өңірлерде жануарларды уақытша ұстау орындары жоқ. Бұл көп өңірде бәрі қарапайым алгоритм бойынша жасалады деген сөз, яғни жануарды ұстап, оны апаратын жер таппай, ешқандай уақыт шектеуін ескермей-ақ бірден өлтіретін болады», – деп түсіндірді Сергей Снегирев.
Оның айтуынша, АЗВЕЖ бағдарламасын сауатты жүзеге асыруға әкімдіктердің бұл бағдарламаны жүзеге асыруға ынтасы мен құзыреті болмауы кедергі келтіріп отыр: «Бұл мәселе бойынша бірде-бір қорытынды құжат көрмедім. Бағдарлама жүзеге асқаннан кейін қай облысқа қанша қаржы жұмсалды, қанша жануар игерілді, жалпы облыста жағдай қалай өзгеріп жатқанын білмейміз. Алматыда құлағына таңба тағып жүрген иттерді көретініміз – осы бағдарламаның жүзеге асып жатқанының белгісі. Ал бағдарлама жануарлардың белгілі бір пайызын қамтуы керек, осылайша біз бұл мәселеде өзгерістің оң не теріс екенін көре аламыз».
Сергей Снегирев әкімдіктер бағдарлама жұмысы туралы бірде-бір ресми дерек бермегенін айтады. Оны ешбір жерде толық қолданбағандықтан, тиімділігі жайлы айту қиын. Снегирев депутат Жаңбыршин өз мәлімдемелерінде қандай деректер мен аймақтарға сүйенетінін білгісі келеді. Бәлкім ол тек субъективті пікірін айтып жүрген болар. Ол депутаттың мұндай мәлімдемелерін дұрыс емес деп есептейді.
Снегиревтің айтуынша, эвтаназияны жақтайтын депутаттар мәселенің себептерімен емес, салдарымен жұмыс істеуді ұсынып отыр.
«Бізге есеп керек. Соның арқасында жануарларды босатып жіберетіндерді жауапқа тартуға болады. Өз бетімен жүрген жануарлар қаңғыбас жануарлардың көбеюіне әсер етеді. Бұны тоқтату керек. Бұған, әрине, кешенді шара керек. Осы себептен де қазіргі заңда онсыз да бар кешенді шаралар бұл мәселені шеше алады деп отырмыз».
Лилия Сәрсенова эвтаназия қараусыз жануарлардың санын азайту мәселесін шешпейді деген пікірмен келіседі. Оның айтуынша, көп жылдан бері қолданыста жүрген иттер мен мысықтарды жою тәжірибесі олардың санын азайтқан жоқ. Ол жыл сайын жануарларды бақылау қызметтері бюджеттен көбірек ақша сұрап, көбірек жануарды жойып жатқанын көрсететін кесте жасау үшін пайдаланылған ветеринария бөлімдерінің деректеріне сүйеніп отыр.
Оның айтуынша, бұл кесте 2021 жылғы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның қабылдануын қолдау үшін жасалған. Алайда, Сәрсенова атап өткендей, көптеген өңірде бұл заңның орындалуына саботаж жасалды. Соның салдарынан иесіз жануарларды жою жұмыстары жалғаса берді.
Оның айтуынша, жануарларға арналған баспаналар коммерциялық емес ұйымдардың жарғысында қарастырылған мүдделі азаматтардың жарнасымен жұмыс істеп отыр.
Ол көптеген мекеменің азық алуға ақшасы да жетпейтінін, хат жазып, мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр екенін баса айтты. Дегенмен, жануарлар құқығын қорғаушылар нақты қолдаудың орнына, айыптау мен ашық мазаққа тап болады.
Сәрсенова жануарларды қорғаушыларды шын мәнінде шетелдік компания қаржыландырған күннің өзінде, бұл бірлестіктің жарғысына да, Қазақстанның заңнамасына да қайшы емес екенін баса айтты.
KARE жануарларды қорғау қоры тек бір рет – 2023 жылы шетелден қаржыландыру болғанын, бұл ANIMA INTERNATIONAL (Копенгаген, Дания) халықаралық жануарларды қорғау ұйымының бір реттік гранты екенін айтты. Грант ақшасы @omirfest жануарларды қорғау фестивалін ұйымдастыруға бағытталған.
«Келісімшартқа сәйкес, барлық қаражат тек қана фестивальге жұмсалды және грантты берген ұйым сияқты USAID-қа мүлдем қатысы жоқ. Парақшаларымызда жоба жайлы ашық айттық. Халықаралық ұйымдармен серіктестік ұйымымыздың жарғысына және ҚР заңнамасына қайшы емес», – делінген қордың Жаңбыршиннің мәлімдемесіне берген жауабында.
Сонымен қатар қор бірнеше өңірді айтпағанда, жалпы Қазақстанда әлі күнге иттерді дұрыс ауламайтынын айтты.
Олардың дерегінше, елде тек бес өңір АЗВЕЖ бағдарламасын енгізген, оның өзінде бұл жануарларды қорғаушылар көмегімен және бюджеттің ақшасымен жүзеге асқан. Алайда бұл бағдарламаның мерзімі шектеулі болған.
«Бұл мемлекет қараусыз жүрген жануарларға қатысты басқа ештеңе істемегендіктен, жануарларды заң деңгейінде өлтіруге оралу мәселені шешпейтінін дәлелдейді», – деп түйіндеді қор мамандары.
Поддержите журналистику, которой доверяют.