515
18 июня 2025
Алмас Қайсар, Власть, фото Associated Press

Таяу Шығыстағы үстемдік үшін шайқас

Израиль Иранның ядролық бағдарламасын жоюға тырысып,
ал Иран баллистикалық зымыранмен жауап қатып отыр

Таяу Шығыстағы үстемдік үшін шайқас

Өткен аптада Израиль Иранға осы күнге дейінгі ең ірі шабуылын жасады. Елдегі көптеген нысанға, соның ішінде ядролық нысандарға, жоғары әскери қолбасшылар мен ядролық саладағы ғалымдардың үйі мен кеңсесіне зақым келді. Иран Израильге зымыранмен соққы жасап жауап берді.

Екі ел арасындағы ондаған жылға созылған қақтығыстың ең қарқындысы осы болды. Власть Израильдің Иранға шабуыл жасау себебіне үңіліп, бұл қақтығыстың аймақтық соғысқа ұласу ықтималдығы мен қалай өрбуі мүмкін екенін түсіндіреді.

Екіжақты шабуыл

Израильдің алғашқы соққыларынан Иранның ядролық және зымыран инфрақұрылымына зақым келді, сонымен қатар Израиль негізгі әскери жетекшілер мен ядролық саладағы ғалымдарды нысанаға алған. Шабуылдан 15 қала мен елді мекен зардап шекті.

Иран қарулы күштері бас штабының басшысы, генерал-майор Мұхаммад Багери мен елдің әскери және саяси элитасы Ислам революциясы Сақшылар корпусының бас қолбасшысы, генерал Хосейн Салами қаза тапты. Одан басқа тағы бірнеше әскери жетекші, сонымен қатар АҚШ-пен ядролық келіссөзге жетекшілік еткен Иранның ықпалды саясаткерлерінің бірі Әли Шамхани көз жұмды. Қаза тапқан ғалымдар арасында Иран Атом қуаты ұйымының бұрынғы басшысы, Азад Мехди Тегерандағы Ислам университетінің президенті Ферейдун Аббаси де бар.

«Бұл әскери операция Израильдің аман қалуына Иран тарапынан төнген қауіпті жоюға бағытталған, — деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. — Ондаған жыл бойы Иран Израильді жоюға шақырып, ядролық қару әзірледі. Кейінгі жылдары олар тоғыз ядролық бомба жасауға жеткілікті байытылған уран өндірді және бұлай жалғаса берсе, бірнеше айда ядролық қару жасай алады».

Кейінірек Израиль елдегі әскери, энергетикалық және азаматтық нысандарға соққы жасауын жалғастырды. Зымырандар мемлекеттік телеарна кешеніне, Тегеранның негізгі газ қоймасына, орталық мұнай өңдеу зауытына және Иранның екі ядролық байыту нысандарының бірі Натанзға тиді.

Иранның мәлімдеуінше, жалғасып жатқан шабуыл салдарынан кемі 224 адам қаза тауып, 1200-дей адам жараланған. Билік таратқан хабарға сәйкес, кезекті бір шабуылдан Тегеранда 14 қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі құлап, 60 адам, оның ішінде 20 бала қаза тапты.

Иран бұған жауап ретінде қақтығыс басталғаннан бері кем дегенде 24 израильдіктің өмірін қиған зымырандар мен дрон ұшырды. Бір соққы Бат-Ямдағы тұрғын үйге соғылып, жеті адам, оның ішінде екі бала қаза тапты, қаза болғандардың біразы — Украина азаматы.

Иран Израильдегі әуежайлар мен қару-жарақ зауыттарына, әскери нысандар мен азаматтық инфрақұрылымға да шабуыл жасады. Зымырандар мен дрондардың көпшілігін «Темір күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі қабылдайды.

«Олар шабуыл жасап алып, іс осымен бітеді деп ойламасын. Соғысты солар бастады. Біз олардың бұл қылмыстан есен-сау құтылып кетуіне жол бермейміз», — деді Иранның жоғарғы аятолласы және іс жүзіндегі көшбасшысы Әли Хаменеи.

Тегеран, фото Associated Press

Қандай ядролық қауіп туралы айтып отырмыз?

Шабуыл «ядролық келісімге» қатысты Оманның араға түсуімен жүзеге асқалы отырған Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздің алтыншы раунды қарсаңында жасалды. Келіссөз сонау 2015 жылы президент Барак Обаманың әкімшілігі кезінде, Еуропа елдері мен Ресейдің қатысуымен жасалған болатын. Оған сәйкес, Иран санкцияларды алып тастау үшін ядролық нысандарына халықаралық инспекторларды жіберіп, байытылған уранды Ресейге экспорттауы қажет болған.

Бірақ Дональд Трамп 2018 жылы келісімнен шығып, оны «шіріген құрылым» деп атап, қатаң санкцияларды қайтадан іске қосты. Содан бері Иран уранды байытуды 60%-ға арттырды (ядролық қару жасау үшін қажетті шек – 90%), бірақ БҰҰ бақылаушылары мен АҚШ барлау қызметінің мәліметі бойынша, елдің ядролық бомба жасағысы келетініне ешқандай дәлел жоқ.

Ал ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қоймаған Израиль Иранның «жақын арада ядролық бомба жасауы мүмкін» екенін айтып, бұл оның ұлттық қауіпсіздігіне «экзистенциалдық тұрғыда» қатер төндіретіні туралы мәлімдеме жасауды тоқтатпады. Нетаньяху 1990 жылдардан бері осы идеяның негізгі таратушысы болып келе жатыр.

Трамп екінші рет АҚШ президенті қызметіне кіріскелі Иранға «ядролық бағдарламаға» қатысты қысымның жаңа кезеңі басталды. Наурызда Трамп «жаппай бомбалау болады» деп қорқыта отырып, Тегеранға жаңа келісім жасау үшін екі ай уақыт берді. Бұл мәселеде Израильдің жетекші рөл атқаратынын да ескертті.

Екі ел келіссөз кезеңіне көшті. Соңғы раундқа АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Виткофф қатысуы керек еді. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, келіссөз барысында Нетаньяху мен Израиль саяси элитасы Иранның «бүкіл ядролық инфрақұрылымын» бұзатын жалғыз «жақсы мәміле» болатынын айтып, келіссөзді бұзуға тырысқан.

Иран билігі әскери іс-қимыл жағдайында мұндай келіссөз өткізудің «мәні жоқ» деп, әрі қарай келіссөзге қатыспайтынын мәлімдеді. Алайда елдің сыртқы істер министрі Аббас Арахчи Иранның «ядролық құқығынан айырылмауы» шартымен Иранның ядролық қаруға иелік етпейтініне кепілдік беретін келісім жасауға дайын екенін айтты.

«Біз өзімізді қорғап жатырмыз және мұндай амал толығымен заң аясында жасалып отыр. Бұл қорғаныс — біздің агрессияға берген жауабымыз. Олар мұны тоқтатса, әрине, біз де қоямыз», — деді ол кейінірек жасаған мәлімдемесінде.

Израиль, фото The New York Times

Иранның осалдығы

Бұл қақтығыстың маңызды жаңалығы Израильдің бұрын аймақтағы маңызды әскери күш саналатын Ираннан әуедегі басымдыққа қаншалық тез қол жеткізгені болды. Израиль Иранның радарлары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің көпшілігін өшіре алды. Бұған барлау қызметінің жасырын операциясы да әсер етті. Операция кезінде қызметкерлер зымыран мен дрондардың бір бөлігін елге заңсыз кіргізіп үлгерген.

Ресми тұлғалар The New York Times газетіне Иранның жоғарғы басшылығы тек ядролық келіссөз сәтсіз болған жағдайда ғана шабуыл болады деп күткенін және оның ауқымы мен барлау қауымдастығының ел әскеріне енуі Иранның саяси элитасын дүр сілкіндіргенін айтты.

«Израильдің шабуылы, әсіресе жетекші әскери қайраткерлер мен ядро ісі бойынша ғалымдардың қазасы басшылықты әбігерге салды. Бұл сонымен қатар бізде әуе қорғанысының жоқ екенін және олардың [Израильдің — автор ескертпесі] біздің маңызды қондырғыларымыз бен әскери базаларымызды қарсылықсыз бомбалай алатынын көрсетті», — деді Иран сауда палатасы энергетика комитетінің мүшесі Хамид Хоссейни.

Бұған қоса Иран қазір аймақтағы қатты әлсіреген елге айналды. Оның «қарсыласу осі» — Таяу Шығыстағы Тегеран қолдайтын саяси және әскери ұйымдар жауынгерлік қабілетін жоғалтты, Йемендегі хуситтерге АҚШ ауыр шабуыл жасады, Ливандағы Хезболла және Палестинадағы Хамас Израильмен болған соғыста үлкен шығынға ұшырады, ал Сирияда Иранмен одақтас болған Башар Асад режимі құлады.

Иранның жоғарғы аятолласы Әли Хаменеи, Тегеран, фото AP Photo

Аймақтық соғыс па?

Нетаньяху Иранның ядролық мүмкіндігін жоюға бағытталған әскери операция «қанша күнді қажет етсе, сонша күнге созылады» деді. Ол Иран халқына үндеу жасап, Израильдің операциясы ел билігін әлсіреткенін айтты.

«Жарық жанды, енді бостандыққа қарай ұмтылу керек. Еркіндікпен қауышатын уақыт келді, дәл қазір сол сәт», — деді ол.

Иранның әскери элитасы шығынға ұшырағанына қарамастан, елде әлі де баллистикалық зымырандардың үлкен арсеналы бар, олар оны әлі де Израильге соққы беру үшін пайдалана алады.

Дегенмен АҚШ-тың қақтығысқа қатысу ықтималдығы әлі басы ашық күйінде қалып тұр.

Шабуыл алдында Трамп Иран мен АҚШ «мәмілеге жасауға жақын тұр» деп «жанжалдан аулақ болғысы келетінін» айтты. Израиль операциясынан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио: «Иранға соққы жасау ісіне қатысымыз жоқ», — деді.

«Бұл шынымен көмектесуі мүмкін, — деді Трамптың өзі кейінірек. — Менің ойымша, дұрыс болды. Біз [ирандықтарға] мүмкіндік бердік, бірақ олар оны пайдаланбады. Олар қатты, өте ауыр соққы алды... және мұнымен бітпейді».

Дональд Трамп, фото Wikimedia Commons

Кейінірек Трамп өзі делдал болса, жақында Үндістан мен Пәкістан арасындағы жанжалдың шешілгені сияқты, Израиль мен Иран да «татуласатынын» айтты.

«Меніңше, мәмілеге келетін уақыт жетті, енді не боларын көреміз. Кейде алдымен күресу керек, бірақ не боларын көреміз, — деп жазды ол кейінірек әлеуметтік желідегі парақшасында. – Жалпақ тілмен айтқанда, ИРАНДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БОЛМАЙДЫ!».

АҚШ Ирандағы тағы бір ядролық нысанға, Фордоға соққы беруді шешсе, қақтығысқа араласуы мүмкін. Бұл — тереңде орналасқан, уран байытылатын нысан. Мұндай қорғаныстан тек арнайы бункер-бомба ғана өте алады. Оны тек АҚШ-тың В-2 стратегиялық бомбалаушы ұшағы ғана жеткізе алады. Израильде мұндай бомбалар да, оларды қолданатын ұшақтар да жоқ.

Аятолла Хаменеи бірнеше рет мәлімдегендей, АҚШ көмектессе, Иран АҚШ-тың аймақтағы нысандарына соққы беру арқылы жауап беруі мүмкін.

«Израиль мен Иран арасындағы АҚШ-қа, Иранның одақтастарына және аймақтағы елдерге әсер етуі мүмкін өзара шабуылдар циклі екі жақтың бейбіт тұрғындарына ауыр зиян келтіріп, жаһандық нарықтарда үлкен тұрақсыздық тудырады. Тағы бір апатты сценарий — Тегерандағы режим күйреп, содан кейін ұзақ билік үшін күрес, хаос немесе ядролық қарудың қайта көтерілуі болады», — дейді халықаралық дағдарыс тобының Иран жобасы директоры Әли Ваез.

Иран әлемдік қауымдастыққа басқа жолдар арқылы да қысым жасай алады. Ол Иран мен Оман арасындағы Ормуз бұғазын жауып тастай алады. Сонда тәулігіне миллиондаған баррель мұнай транзиті бірден тоқтайды. Израиль шабуылынан кейін бірден мұнай бағасы барреліне 78 долларға дейін көтерілді, бұл — соңғы айлардағы ең жоғары көрсеткіш.

Иран бұған дейін де АҚШ пен Израиль әскери соққы жасаса, «Иран атом бомбасын жасауға мәжбүр болады» деп мәлімдеген. Иран парламенті Тегеранды Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығуға итермелейтін заң жобасын дайындап жатыр.

Бұрын Иранмен жанжалдасқан араб елдерінің көпшілігі, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Кувейт және Оман Израильдің шабуылын айыптап, бұл халықаралық құқықты бұзу деп бағалады.

G7 елдері, яғни АҚШ, Канада, Франция, Жапония, Германия, Италия және Ұлыбритания бірлескен мәлімдемеде жасап, «Израильдің қауіпсіздігі мен оның қауіпсіздік құқығын қолдайтынын» қуаттап, Иранды айыптап, оны «тұрақсыздық пен террордың аймақтық көзі» деп атады.

***

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Иранда 132, Израильде 219 Қазақстан азаматы бар және дипломаттар олармен «тұрақты байланыс жасап отыр». Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Иран мен Израильдегі Қазақстан азаматтарына аса қажет болмаса тұрғылықты жерінен шықпауды, күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауды, қырағы және сақ болуды, жаңалықтарды қадағалап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауды, сонымен қатар сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан елшіліктерімен тығыз байланыста болуды сұрады.

Бір күн бұрын Айбек Смадияров 68 Қазақстан азаматы, оның ішінде дипломаттардың отбасы мүшелері Түркіменстан арқылы Ираннан, тағы алты қазақстандық Әзербайжан арқылы шығарылғанын хабарлады.