4689
23 апреля 2025
Назерке Құрманғазинова, Данияр Мүсіровтың фотосуреттері

Алматыда сирек кітаптар мен қолжазбалар
қалай қалпына келтіріліп жатыр?

Қазақстанда кітап реставраторы мамандығы мен
мұндай мамандарды дайындайтын оқу орны жоқ

Алматыда сирек кітаптар мен қолжазбалар қалай қалпына келтіріліп жатыр?

2023 жылы Алматыда Ғылым ордасына қарасты сирек кітаптар мен қолжазбаларды реставрациялау және консервациялау орталығы ашылды.

«Власть» журналистері орталықтың зертханасында болып, сирек кездесетін кітаптарды қалпына келтіру процесі, Қазақстандағы осындай алғашқы зертхананы құру кезінде мамандар бетпе-бет келген қиындық туралы әңгімелейді.

Жоқ жерден зертхана ашу

Баспалдақпен Ғылым ордасының жертөлесіне түстік. Бұл ғимаратта 2023 жылдан бері реконструкция жүріп жатыр, жақында аяқталуға тиіс.

«Біздің құрылғылардың дауысы қатты шығады, сондықтан жертөледе болғаны дұрыс», — дейді Орталықтың бас ғылыми қызметкері Дінмұхамед Әбдіраханов.

Шағын зертхана оқыту, ғылыми-зерттеу, парақ реставрациялау аймағы, химия-биология, түптеу және фототіркеу секілді бірнеше аймаққа бөлінген. Әрқайсына кітаппен жұмыс істеуге қажет арнайы жабдық қойылған: іскенже, вакуум үстел, жарық планшеттері мен үстелдер, сығымдағыштар мен басқа да аппараттар. Жұмыс орындарында ескі, уақыт өте сарғайған, бөлшектелген кітаптар жайылып жатыр.

Қызметкерлер қазір Орталық ғылыми кітапхана, Сирек кездесетін кітаптар музейі, сондай-ақ Қазақстан табиғатының, археологиясы мен тарихының музейі қорындағы кітаптарды реставрациялап жатыр.

Әбдірахановтың айтуынша, Орталық ғылыми кітапханада 5-6 миллиондай кітап бар. Ол ірі қордың бірі болғандықтан, ондағы басылымдардың біразы өңдеуді және реставрацияны қажет етеді.

Оның үстіне адамдар елдің түкпір-түкпірінен сирек кездесетін кітаптар музейіне жеке коллекциясында болған әдебиетті әкеліп тұрады.

Орталық жұмысын бастаған уақыттан бері сирек кездесетін 130 басылымды қайта жөндеді.

«Бастапқы кезеңде істі жолға қоюмен айналыстық. Биылдан бастап қана жұмыс жүйелі жүре бастады. Жаңадан құрылған кез келген зертхана жаңа сынаққа дайын болуы керек. Бастапқыда бізде өшіргіш, қарындаш секілді қарапайым кеңсе тауарларының өзі тапшы болды», — деп еске алды Әбдіраханов.

Бастапқыда ғылым және жоғары білім министрлігі 500 млн теңге бөлді. Әбдірахановтың айтуынша, бұл ақша жабдық сатып алуға, материалдардың аз бөлігін жабуға жұмсалды. Қазір Орталық оларды Ғылым ордасының бюджеті есебінен сатып алады. Бюджет көп емес, сондықтан Орталық жаңа инвестиция іздеуін тоқтатпайды.

«Біз негізінен ең қажет деген жабдық пен материал сатып алуға көңіл бөлдік. Кейін түйткілдер белгілі болды, мысалы, вакуум үстел пайдаланғымыз келген, ал холитекс алу естен шығып кетіпті (кірді сіңіретін және пайдаланғаннан кейін оңай тазаланатын шаюға арналған, флистен жасалған полиэфир материал). Қазір бәрін алып болып қалдық, жұмыс жүріп жатыр», — деді орталықтың бас ғылыми қызметкері.

Жұмыс кезеңдері

Әр кітаптың реставрациясы бірнеше кезеңнен тұрады. Кітаптың жағдайын бағалауға көмектесетін арнайы чек-лист әзірленген. Осыған қарай кітаптар реставрацияның үш санатына жіктеледі: жеңіл, орташа және күрделі. Қалпына келтіру мерзімі бүліну дәрежесіне байланысты — кейбір басылымды бір аптада қалпына келтіруге болады, ал кейбіріне бір жылға дейін уақыт кетеді.

«Қаттамасын бұзуды қажет етпейтін экспонаттар бар. Кішігірім бүлінген жерін желімдеп, суретін айқындап, механикамен тазалап, консервацияға қайтаруға болады. Ал күрделі жөндеуді көбінесе қолжазбалар қажет етеді, оларды көп сатылы шаю процесінен өткізу керек», — деп түсіндірді Әбдіраханов.

Қазір ол сирек кездесетін кітаптар музейіне Алматы тұрғыны әкелген XVIII ғасырдағы Құран қолжазбасын реставрациялаумен айналысып жатыр. Әбдірахановтың айтуынша, күрделі жөндеу қажет болғандықтан осы кітапқа кірісуден қаймыққан, түрлі консультациядан кейін ғана консервациялық жөндеуді бастады:

«Хирург сияқтысың ғой, бүлдіріп алмау керек. Қиын жері — бұл қолжазба және сиясы ерігіш болады. Реставрацияның дұрыс тәсілін қолданбасақ, мәтінді құртып алуымыз мүмкін».

Реставрация алдында кітаптың барлығы дайындықтың бірнеше кезеңінен өтеді, атап айтқанда: сырттай тексеру — бүлінген жері мен жалпы жағдайы анықталады, кітаптың реставрацияға дейінгі фотосы жасалады. Реставрация паспорты — кітап туралы мәліметтері және реставраторлардың алдында тұрған міндеттер жазылған құжат рәсімделеді.

Міндеттер айқындалғаннан кейін қалпына келтіру жұмысы басталады. Бірінші кезекте басылым шаңнан тазартылады — кітап арнайы жабдықталған аймақта, түрлі өлшемдегі қылқалам көмегімен шаң мен кірден құрақ тәсілмен тазартылады. Зеңнен тазарту үшін сүзгісі бар арнайы шаңсорғыш қолданылады.

Орталық маманы Ақерке Өмірбек жұмыс барысын көрсетті.

«Алдымен кітапты вакуумге саламыз. Кітаптың сыртын қолмен тазалауды бастаймыз. Қазір вакуум қосылмаған, оның дыбысы қатты шығады. Сосын кітаптың ішкі бөлігіне кірісеміз. Қиын жерлеріне жіңішке қылқалам пайдаланамыз. Әр парағын тазалаймыз», — деп түсіндірді ол.

Дінмұхаммед Әбдіраханов бұдан бөлек вакуум пакеттер бар деп әріптесінің сөзін толықтырды — оған биологиялық зақымы бар кітаптар салынады. Оттегісіз ортада кітап екі апта жатады, осы уақыт ішінде зең мен басқа да зиянкестер өледі.

Содан кейін, қажет болып жатса, кітапты бұзу кезеңі басталады. Реставраторлар кітаптың ішкі қаттамасын түбінен ажыратады. Сосын қаттама алдымен дәптерлерге, қажет болса — жеке парақтарға бұзылады. Сонымен қатар ескі желім қабаты да кетіріледі.

Қажетіне қарай қағаз арнайы ваннада шайылады, бұл кірді кетіруге, қышқылдығын азайтуға және материалдың шіруін тоқтатуға көмектеседі.

«Кітаптың қалыңдығына қарай ыстық су құямыз. Ыстық суда 1-1,5 сағат ұстаймыз. Егер кітап бұрын реставрацияланған болса, бұрын желімделген қағаз бөлшектерді алып тастаймыз, олар кейде өздігінен түсіп қалады», — деп түсіндірді процесті Ақерке Өмірбек.

Желімнің екі түрі бар: қайтымды және қайтымсыз. Реставрация кезінде тек қайтымды желім пайдаланған дұрыс, болашақта қайталап реставрация жасау қажет болып жатса, мұндай желім шайған кезде оңай ашылады, кітапты қайтадан қалпына келтіруге болады.

«Бізде қайтымсыз желім жағылған кітаптар болды, олар қатты, кетіру қиын. Сондай жағдайда метиллцеллюлоза және басқа да химиялық заттар қолдануға тура келеді, мұндайды қолданбаған жөн, әрі процесті қиындатады», — деді Әбдіраханов.

Кітап шайылғаннан кейін кептіруге қойылады. Бір жақсысы, кептіргіш қағаздарды қайта қолдануға болады. Олар бүкіл кірді сіңіріп алады, көп рет қолданылғаннан кейін басқасына ауыстырылады.

«Кептірілген қағаз жабысып қалмас үшін оны тордың үстіне жаямыз. Бір күндей сол жерде жатады. Келесі күні оны сығымдағышқа саламыз, өйткені кептіргіш үстінде жатып аздап бүгілуі мүмкін», — дейді Өмірбек.

Парақтар кепкеннен кейін ұсақ реставрация басталады. Бүлінуіне қарай екі әдіс қолданылады: жеңіл бүлінуге арналған — құрғақ, мұнда парақтар үтікпен және желіммен жөнделеді, күрделі бүлінуге — ылғал әдісі қолданылады, мұнда жыртылған жерлері жарық үстелінде жалғанады, кетік жері қалпына келтіріледі, қағаз нығайтылады.

Біз Орталыққа барған күні француз жазушысы Вольтердің шығармалар жинағы жарық үстелінде болды, парақтары нығайтылып жатты.

«Бұл кітап жақсы сақталған. Жарықсыз ұсақ тесіктерді кейде байқамай қаласың, оларды тек жарық түсіріп көруге болады, — деп ғылыми қызметкер, химик-микробиолог Аяз Елемесов аппараттың артықшылығын айтты. — Реставрация кезінде артқы жағындағы мәтінді бүлдіріп алу қатері бар немесе артқы жағындағы мәтін шет жағындағы мәтіннен үлкенірек болып, оны қиып тастау қатері бар. Ал мұнда осы ұсақ-түйектің бәрі көрінеді».

Осы кезде Ақерке Өмірбек бүлінген парақтарды қолмен нығайтумен айналысып жатты — ол үшін жұқа шай қағазы, жапон немесе реставрация қағазы қолданылады. Бұл құрғақ техника әдісі деп аталады.

Оның айтуынша, әдетте сыртқы парақтарды өңдеу оңай. Олар қатты жабыстырылмайды, тек жиектері шай қағазымен нығайтылады. Ал қатты бүлінген парақтар ерекше тәсілді қажет етеді — оларға түпнұсқаның түсі мен қалыңдығына сай таңдалып алынатын арнайы реставрация қағазы қолданылады. Бірақ кітапты құрастырған кезде екі жағы да бірдей болғаны маңызды. Реставрация қағазын тым көп пайдаланса, ол жиегінен шығып кетуі мүмкін.

«Бәрін қолмен ұстап сезу керек: қағаз тым қалың және түсі өзгеше болмауы керек», — дейді ол.

Дінмұхаммед Әбдірахановтың айтуынша, Қазақстанда кітап реставрациялаудағы басты проблеманың бірі — реставрацияға арналған материалдар шығарылмауы. Мысалы, реставрация қағазы Ресейден келеді.

Реставрацияланған парақтар сығылуға жіберіледі. Біз түрлі жабдық қойылған басқа бөлмеге өттік. Ақерке Өмірбек бізге солардың біреуін көрсетті:

«Бұл ұстап тұратын іскенже. Кітаптың түбін теңестіргенде, сондай-ақ тіккенде және жиегін теңестірген кезде қолданылады. Кітаптың парақтары жұқа болғандықтан, жұмыс барысында олар ығысып кетуі мүмкін. Осындай іскенженің көмегімен бәрін бірдей, тиянақты ұстап тұруға болады», — деп түсіндірді.

Сығымдалғаннан кейін кітап қаттамалары бүктеледі және тігуге дайындалады. Ғылыми қызметкер және реставратор Иван Костин осы сәтте «Карта заселяемых районов за Уралом» деген кітапты тігіп жатты.

«Бұл жерде 12 үлкен карта бар, бәрі де жыртылған, біз оларды реставрацияладық, енді кітапқа айналдырып жатырмыз. Қазір тігіп жатырмын, сосын оған жаңадан қатты мұқаба жасаймыз, бұған дейін оның сырты қағаздан болды, ал қатты мұқаба болса ұзақ сақталады», — деді Костин.

Егер кітаптың тарихи мұқабасы сақталса, ол міндетті түрде қалдырылады. Егер кітап мұқабасыз болса немесе кітапханашылардың өзі жасаған болса, оның тарихи құндылығы болмаған жағдайда, жаңасына ауыстырылады.

Осы процестің барлығы аяқталған соң реставраторлар жұмыстың нәтижесін фотоға түсіреді, кітапты реставрация паспортымен және фотосуретімен бірге қорға кері қайтарады.

«Біз түрлі жабдықты пайдаланамыз. Шебердің жұмыссыз отыратын кезі болмайды, мамандар дайындық деңгейі әртүрлі бірнеше кітапты қатар жөндейді. Қазір мен бір кітапты тігіп жатырмын, екіншісі сығымдағышта тұр», — дейді Костин.

Орталықтың ағаш құрылғыларының бірі, көп функциялы әмбебап сығымдағышты Костин шеберханада өз қолымен жасапты.

«Біздің мақсатымыз — бірігу және Қазақстанның реставрация одағын құру»

Иван Костин Ресейде реставратор мамандығын бес жыл оқыды, осы салада жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асты. Ол Қазақстанға Кітап раставрациялау орталығының қызметкерлерін оқытуға келіп, осында қалып қойды. Айтуынша, орталықтың жаңадан құрылғаны, алдында көптеген қызық міндет пайда болғаны қызықтырған.

Бастапқы кезде Орталықта өзі және бас ғылыми қызметкер Дінмұхамед Әбдіраханов істеген, кейін оларға тағы үш маман қосылды. Қазір Орталықта Әбдіраханов пен Костинді қоса алғанда, 5 қызметкер жұмыс істейді.

«Қазақстанда кітап реставрациялайтын маман жоқ. Бізде «реставратор» деген мамандыққа оқытпайды, тіпті жіктеме де, осындай мамандықты дайындайтын оқу орны да жоқ. Қазір ірі мекемелерде, Ұлттық кітапханада, бізде де реставратор жетіспейді», — деді Әбдіраханов.

Оның есебі бойынша, қазіргі құраммен жұмыс істейтін болса, Ғылым Ордасы қорындағы кітаптарды толық реставрациялауға кем дегенде 50 жыл уақыт кетеді.

Әбдіраханов өзінің де реставрациялық білімі жоқ екенін айтады, бірақ бұрын сирек кездесетін кітаптар музейін басқарып, кодикологиямен айналысқандықтан, реставрациядан хабары бар және қолжазба орталығынан үйренгені бар.

Орталық кадр жетіспеушілігін реставрацияға қызығатын басқа бөлімдердің қызметкерлерін шақыру жолымен шешкісі келеді: «Біз оқытамыз, қабілеті мен ниеті бар болса, реставрациямен айналысуды жалғастырып, осы салада жұмыс атқарады». Үш ай бұрын Ақерке Өмірбек автоматтандыру және цифрландыру бөлімінен осындай жолмен келді.

Мамандарды көбірек дайындау үшін Орталық түрлі ұйымдармен 10 меморандум жасады. Сондай меморандумның бірі Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлерін реставрация машығына үйретуді көздейді. Алайда, Коскиннің айтуынша, үйрету ғана жеткіліксіз — тұрақты практика қажет, сондықтан орталық өз базасында тағылымдама мен практика ұйымдастыруға дайын.

«Біз екі міндетті шешеміз — сирек кездесетін кітаптар қорын сақтау және қызметкерлерді басынан бастап оқыту мүмкіндігі, — дейді Коскин. — Бірақ бір апта немесе бір айда ешкімді үйрете алмаймыз. Тұрақты түрде практика болуы керек».

Әбдіраханов колледж базасында мамандар дайындауды қолға алуды, кейін университет деңгейіне шығуды ұсынып отыр. Оның айтуынша, елде кітап реставрациялаудың үлгі қылып алатындай бірде-бір стандарты жоқ және келесі жылы реставрация саласындағы білімді жүйелейтін ғылыми-зерттеу жобасын бастауды жоспарлап отыр.

Жоба мақсаты — алынған ғылыми нәтиже негізінде үкіметке ұсынуға болатын реставрация стандарттары мен әдістемесін әзірлеу.

«Қазақстанда түрлі әдіс қолданылады: ресейлік мектеп бар, кейбір жерде ирандық реставрация мектебі қолданылады. Ресейде еуропалық стандарттар болса, бізде дәстүрлі қытай, жапон, корей стильдерінде жасалған кітаптар бар. Ирандық қолжазба дәстүрін сақтай отырып Қоқанда жазылған парсы тіліндегі қолжазбалар бар. Біздегі кітаптар — шығыс, батыс, оңтүстіктің қоспасы, барлығынан ең қажет машықты алуымыз керек», — деп санайды ол.

Әбдіраханов тағы бір маңызды мақсатты айтты, ол — Қазақстанда бірыңғай реставрация одағын құру. Айтуынша, бұл түрлі ұйымдардың мамандары бір-бірімен байланыста болуы, туындаған проблемаларды талқылауы және шешімдерді бірлесіп табуы үшін қажет.

«Әркім жеке-дара болса, барлық кітапты реставрациялау проблемасын шеше алмаймыз», — деп ой түйді ол.