Бірінші жартыжылдықта Қазақстан экономикасы 6,2 пайызға өсіп, кейінгі 14 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Үкімет инфрақұрылымға және басқа да инвестициялық жобаларға қаржы құюды жалғастыра отырып, жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімін 6% деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отыр.
Бірақ әлемдік саудадағы шиеленіс, мұнай бағасының құбылуы және ірі елдердің орталық банктерінің қатаң монетарлық саясаты сияқты сыртқы саяси қатерден бөлек, экономиканың тұрақты өсуін ішкі факторлар да шектеуі мүмкін, атап айтқанда: кейбір саланың баяу дамуы, инфляцияның жоғарылығы және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі.
Экономика көтеріліп жатқанымен, азаматтардың шынайы табысы төмендеп жатыр, оған теңгенің құнсыздануы мен импорт тауарлардың қымбаттауы қосымша ауыртпалық қосып тұр. «Власть» сөйлескен сарапшылар инфляциямен күрес және экономика өсімінің келешегіне әртүрлі баға берді.
Экономика өсімі тұрақсыз ба?
Өткен алты ай ішінде Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісі 2024 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға өсті. Өсімге тау-кен өндіру секторы (+8,4%) мен өңдеу өнеркәсібі (+5,5%) ең көп әсер етті, олардың жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 45,6% және 47,3% болып отыр.
Дегенмен Halyk Finance электр энергиясымен, газбен және сумен қамту өсімі әлсіз екенін жазды. Елдегі экономикалық белсенділіктің маңызды индикаторы бола тұра, аталған салалар ЖІӨ өсіп жатқан кезде кері динамика немесе ең аз өсім көрсетіп отыр. Аналитиктердің ойынша, бұл экономиканың көтерілуі тұрақсыз екенін білдіреді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр брифинг кезінде «Власть» сұрағына жауап беріп, жылумен, электр энергиясымен және сумен қамтамасыз етуді ЖІӨ өсімімен тікелей байланыстырудың қажеті жоқ деді.
«Заманауи кәсіпорындар ресурс үнемдеуді көбірек пайдалана бастады. Сондықтан ең заманауи технология пайдаланатын сала — өңдеу өнеркәсібінде тікелей тәуелділік бар екенін көріп тұрған жоқпыз», — деді ол.
Тау-кен өндіру саласының өсіміне әсер еткен негізгі фактор — мұнай болды: Теңіз өндірісінің артуы іргелес салаларға еселенген әсер берді. Бірақ «Теңізшевройлдың» келешек кеңею жобасының аяқталуы екінші жартыжылдықта мұнай секторында өнім шығару қарқынының, жалпы өнеркәсіптің бәсеңдеуіне әкеледі.
Өңдеу өнеркәсібінің өсіміне негізгі үлесті тамақ өнеркәсібі (+10%) мен машина жасау өнеркәсібі (+11,1%) қосты. Өңдеу секторындағы барлық өндірістің 40% үлесін алып отырған металлургия қара металлургияда өнім шығарудың қысқаруына байланысты 0,1% мөлшерінде ғана өсім көрсетті.
Қазақстан кәсіпорындарының негізгі капиталына салынған инвестиция 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта 19,3 пайызға өсіп, 8,1 трлн теңгеге жетті. Halyk Finance жариялаған макроэкономика шолуына сенсек, бұған 2024 жылы инвестиция баяулағанына байланысты төмен база, мемлекет жасаған инфрақұрылым жобалары мен инвестиция әсер етті. Бюджет қаражатын және жеке құрылыс салушыларды есепке алмағанда, инвестиция көлемі 8,4 пайызға өсті.
Теңіз кен орнындағы жоба аяқталғаннан кейін тау-кен өндіру секторына инвестиция салу азайып бара жатыр (-17,9%). Алайда химия (+79,4%) және тамақ (+48%) өнеркәсібіне, сондай-ақ көлік саласына инвестиция артты. Өңдеу секторындағы барлық инвестицияның ширек үлесін алып отырған металлургияға инвестиция көлемі 4 пайызға өсті, ал энергетика және сумен қамту саласында екі есеге жуық артты, бұған былтырғы төменгі база ішінара әсер етті.
Жеке сектор тарапынан салынған инвестиция көлемі төмендеп, ал мемлекет тарапынан өсіп жатыр. Кәсіпорындардың меншік қаражатының үлесі 64,6 пайызға дейін құлдырап, бюджет қаражаты 7,3 пайызға өсіп, 21,9 пайызға жетті. Қаржы негізінен құрылысқа жұмсалып, жабдық пен технологияға ақша құю бәсеңдеп жатыр. Экономикадағы банк кредиті да азайып жатыр.
Halyk Finance аналитиктерінің түсіндіруінше, жеке инвестицияның өсімі макроқатерлер — жоғары инфляция, қатал ақша саясаты, валюта тұрақсыздығы есебінен ұстамды қалпын сақтап отыр.
Келешекте инвестицияның азаюы, егер мемлекет оны өзі күшейтпесе немесе жеке инвесторларды ынталандырмаса — ЖІӨ өсу қарқынын шектейді.
Скляр жеке инвестицияның төмендеу тенденциясы мен мемлекеттік инвестицияның өсуі туралы сұраққа жауап берген кезде негізгі капиталға салынатын инвестиция төмендеп бара жатқанын айтты. Бұл жағдай Қазақстанда негізінен мемлекет қаржыландыратын инженерлік және көлік инфрақұрылымының ірі жобалары жүзеге асып жатуымен байланысты.
«Біз мемлекет инвестициясын арттырып жатырмыз. Өңдеу секторына инвестиция салуға көбірек назар аударып отырмыз. Тау-кен және металлургия саласының да біз үшін орны бөлек. <...> Біз кеннің немесе әлдебір концентраттың сыртқа әкетілгеніне мүдделі емеспіз, біз осы шикізаттың өзімізде тереңдетіліп қайта өңделгеніне мүдделіміз. Бұл қатты пайдалы қазбаға ғана емес, мұнай-газ химиясына да қатысты», — деді премьердің бірінші орынбасары.
Өткен жарты жыл ішінде мемлекеттік бюджеттің табысы да артты — 17,6 пайызға өсіп, 14,5 трлн теңгеге жетті. Нәтижесінде салық түсімі бойынша жоспар 98,1 пайызға орындалды. Ұлттық қордан трансферт үлесі 3,1 трлн теңге болды. Жыл қорытындысы бойынша оның барлық бюджет түсіміндегі үлесі 21,5% болуға тиіс.
Биылғы алғашқы жарты жылдағы салық және салыққа жатпайтын түсімдер бойынша жоспар сәйкесінше 4,9 пайызға және 42,4 пайызға артығымен орындалған. Салыққа жатпайтын түсімдердің артуына айыппұлдың едәуір жиналуы (жоспардың 221% пайызы) әсер етті, салыққа жатпайтын барлық түсімнің ішіндегі үлесі — 25%.
Осындай мәліметтерге қарамастан экономист Қасымхан Қаппаров жиналатын салық келешекте азаяды деген болжам айтты. Бұған әсер ететін басты фактор — ірі бизнестің «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құзыретіне қайта тіркелуі, бұл жерде компаниялар заңды түрде өте аз салық төлеуге мүмкіндік алады.
«Бұл процесс бюджет үшін маңызды, өйткені жиналатын корпоративтік табыс салығының өзі бұрынғыдай жоғары болмауы мүмкін. Салық базасының төмендеуіне ҚҚС көтерілуіне байланысты ұсақ бизнестің тасаға кетуі де себеп болады. Мұнай бағасының құбылмалы болуы да жағдайды қиындата түседі. Биыл жиналған салық едәуір төмендейді, соған байланысты бюджет дефициті үлкен болады деп ойлаймын», — деп санайды экономист.
Әйтсе де мемлекетте бюджет дефицитін қысқартудың бұрынғы тәсілдері қала береді: сыртқы нарық қарызы (кредит рейтингі жоғары болғанының арқасында); ұлттық компаниялардың акциялар пакетін Ұлттық қор қаражатына сату; теңге бағамын уақытша төмендету. Бірақ, экономистің ойынша, бұл күрделі проблемаларды шеше алмайтын, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерді орындау мүмкіндігіне әрдайым қатер төндіретін уақытша шаралар ғана.
Инфляция табысқа соққы болып тиеді
Halyk Finance аналитиктері 2025 жылдың басынан бері тауарлар мен қызметтер бағасының қарқыны біраз көтерілгенін айтты. Шілденің басына қарай жылдық инфляция 11,8% болды. Негізінен инфляцияның көтерілуіне азық-түлікке жатпайтын тауарлар (шілдеге қарай + 9,4%) және ақылы қызметтер сегменті (шілдеге қарай +16,1%), соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерінің индексациясына байланысты әсер етті.
Жаз айларында Қазақстанда азық-түлік инфляциясы жеміс-көкініс өнімдерінің арзандауына орай төмендеуге тиіс. Бірақ 2025 жылы бұл тенденция тоқтап қалды.
Макроэкономист және зерттеуші Аякөз Ханет алдағы жарты жылда инфляцияның баяулау негізі сақталады, бірақ белгісіздік күйі елеулі болады деп топшылайды. Оның айтуынша, Қазақстанда экономиканы несиелеуді бөгейтін жоғары базалық мөлшерлеме бекітіліп қойды, келешекте бұл шараға мемлекеттің бұрынғыдан да ұстамды бюджет саясаты қосылады.
«Фискалдық және монетарлық биліктің ұйымдасқан әрекетімен ғана инфляцияның шынайы төмендеуіне қол жеткізуге болады. Тағы бір компонент — билік әрекетіне сенімнің болуы және халық пен бизнестің инфляция төмендейді дегенге сенімді болуы. Онсыз инфляция шиыршығы эффектісі басталады: адамдар мен компаниялар бағаны алдын ала көтере бастайды, затты артығымен сатып ала бастайды, бұл инфляцияны одан әрмен жеделдетеді», — дейді ол.
Экономист қазір инфляцияның жоғары болуы инвестициялық климаттың нашарлауына; ірі өндірушілер үшін маржаның төмендеуіне және шағын кәсіпорындар үшін тапсырыс санының азаюына себеп болып жатқан шығындардың өсуіне; сонымен қатар халықтың, әсіресе табысының 60-70 пайызын азық-түлік пен негізгі қызметтерге жұмсайтын адамдардың сатып алу қабілетінің әлсіреуіне әсер етіп жатыр дейді.
«Әсер етіп жатқан тағы бір нәрсе — ұлттық валютаға да, жалпы экономикалық саясатқа да сенімнің әлсіреуі. Инфляция «ауыздықталмайды» деп қабылданатын елде бұл доллар алуға, теңге жинақтарының азаюына және ақша-кредит саясатына түсетін салмақтың одан бетер артуына әкеледі», — дейді Ханет.
Жоғары инфляция сатып алу қабілетіне қысымды бірнеше айдан бері жасап келе жатыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша номинал табыс 11 пайызға жуық өсім көрсетіп, 423 теңгеге жетті, ал шын мәнінде ол наурыз айынан бері түсіп бара жатыр дейді Halyk Finance.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Demoscope жүргізген қоғамдық пікірді анықтайтын сауалнамаларда азаматтар инфляция жоғары, табыс төмен деген проблеманы ерекше атады дейді. Кейінгі бес жылда халық коррупцияны да жиі атап жүр.
«Демек, коррупцияны адамдар ел басқарумен, саяси жүйемен байланыстырып отыр. Соның ішінде, жағымсыз пікірдің біраз көбейгенін байқадық. Табыс өсіп жатқан бағаға ілесе алмай жатыр. Соңғы жылдары болған әлеуметтік төлемдер мен жалақының өсуі өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етіп жатқан жоқ. Ахуал жақсарады, үкімет еңбекпен қамту проблемасын шешеді, жалақы мен зейнетақыны өсіреді дегенге елдің сенімі төмендеп барады», — дейді ол.
Қасымхан Қаппаров халықтың табысы шын мәнінде біраз уақыттан бері өсіп жатпағанын айтты. Табыстың өсуін жеке тұлғаларға кредит беруді кеңейту алмастырды, тұтынудың артуына да осының әсері бар.
«Табыстың өсуіне әкелетін факторлардың болмауы, тұтыну кредиттерінің көбеюі жалғаса береді. Бірақ адамдар жаңа кредит алуға қауқарлы бола ма, жоқ па, үлкен мәселе, өйткені қазір кредитке батып отырғандар — халықтың қажетін кредит есебінен қаржыландырып отырған бөлігі», — дейді ол.
Бейсембаевтың сауалнамалар мен фокус-топтар нәтижесіне сүйеніп айтуынша, азаматтардың кредитке батуы шегіне жеткен. Адамдар қарыздың тым көп екеніне шағымданып жүр. Өз жағдайын сәл де болса жақсарту үшін олар қосымша жұмыс немесе тіпті бірнеше қосалқы табыс көзін іздеуге мәжбүр.
Қаппаров Қазақстанда қиын жағдайға тап болған борышкердің банкротқа ұшыруына қатысты нақты жазылған механизмдері бар мемлекеттік бағдарлама құратын кез келді дейді. Сонымен қатар банк лоббиі қазір белсенді түрде қарсылық танытып жатқан тұтыну кредитін реттеуді қатаңдату қажет деп санайды.
Эконономистің болжауы бойынша, жоғары инфляцияның әсерін қазақстандықтар жылдың екінші жартысында сезеді. ҚҚС-тың көтерілуі 2026 жылдан бастап күшіне енгенімен, тауар мен қызмет бағасы қазірден өсіп жатыр. Бұған теңге бағамының 6 пайызға жуық деңгейге түсуін де қосу керек, бұл импорт өнімдердің қысқа мерзімге қымбаттауына әкеледі.
«Мемлекеттің әзірге аз табыс проблемасына да, бағаның өсуіне де қарсы жауабы жоқ. Тарифтерді көтеру қарқынын бәсеңдету бұған аса көмектеспейді. Ал жоғары инфляцияның сақталуы тұтыну сапасының нашарлауына әрі қарай да әсер ете бермек», — деп сөзін қорытты Қаппаров.
Бейсембаев осыған байланысты әлеуметтік шиеленіс өсуі мүмкін дейді. Алайда билік шешім іздеудің орнына экономика ауыртпалығын ҚҚС көтеру арқылы адамдардың мойнына артып, кері бағытпен жүруді таңдады.
«Адамдардың жағдайы нашарлаған сайын талабы да көбейеді. Бұл наразылықтың артуына, сондай-ақ үкімет пен президент атқарып жатқан шаруаға сынмен қарауға ұрындыруы мүмкін», — деді ол.
Поддержите журналистику, которой доверяют.