2021
29 июля 2025
Дмитрий Мазоренко, Власть, Алмас Кайсардың фотосуреті

Кәсіподақтар Қазақстанның батысында жұмыссыздық пен әлеуметтік шиеленіс артады деп отыр

ТШО-ның «Келешек кеңею жобасы» аяқталғаннан кейінгі мұнайшылар жағдайы қалай?

Кәсіподақтар Қазақстанның батысында жұмыссыздық пен әлеуметтік шиеленіс артады деп отыр

«Теңізшевройл» компаниясының «Келешек кеңею жобасының» аяқталуы Қазақстан батысындағы әлеуметтік тұрақтылыққа елеулі әсер етуі мүмкін. Осы жобаны жүзеге асыруға кеткен он жылдан астам уақыт ішінде кәсіпорын құрылыс жұмысына 90 мыңнан астам адамды тартты, ал соларды жұмысқа қабылдаған мұнай сервис фирмалары қызметкерлерді жаппай қысқарта бастады. Мұнай саласында жаңа ірі инвестиция жобаларының болмауы белгісіз мерзімге жұмыссыз қалу қатері төнген мыңдаған адамның жағдайын қиындатады.

«Теңізшевройл» компаниясының «Келешек кеңею жобасы» (ККЖ) — құны 45,2 млрд доллар болған, Қазақстан тарихындағы ең ірі индустриялық бастаманың бірі. Техникалық себептерге байланысты қосымша 2 жылға созылған, жобалау кезеңін қоса алғанда 13 жыл уақытты алған жоба жүзеге асқаннан кейін Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлемі кем дегенде ширек мөлшерге артып, жылына 40 млн тоннаға дейін жетуге тиіс.

Құрылыс қызып тұрған шақта нысанда 90 мыңнан астам жұмыс орны болды, олардың басым бөлігі — уақытша. Компания мәліметі бойынша, пайдалану басталғаннан кейін жаңа тұрақты жұмыс орындар саны — 1000 шақты ғана.

«Қазіргі кезде жоба аяқталды. Сондықтан ТШО адамдарды жоспарлы түрде босатуды бастады — 72 мыңдай адам таратылды. Мердігер ұйымдар толықтай босатылды», — деп мәлімдеді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Власть» басылымына берген пікірінде.

Бұдан бірнеше маңызды сұрақ туады: қызметкерлер жаппай қысқартылады және мұнай сервис компаниялары жабылады деп күту керек пе? Осының нәтижесінде Атырау облысында және жалпы Қазақстан батысында жұмыссыздық қаншалықты өсуі мүмкін? Бұл мұнайшылар арасындағы бұрыннан бар наразылық райын күшейте ме?

«Власть» сауалына берген жауабында ТШО баспасөз қызметі компания «кадр мәселесінің және өндірістік қызметтің мән-жайына пікір бермейді» деп хабарлады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Власть» басылымына қазір мұнай сервис кәсіпорындарының қызметкерлері жаппай қысқартылып жатқан жоқ деді: «2025 жылы 4 600 адам [қысқартылады] деп жоспарланған. Олардың қайсы қайда жұмыс істеуге баратынын, қайсы төлем алатынын біз біліп отырмыз. Шиеленіс болмайды».

Бірақ Атырау облысы кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбайдың сөзі бұған қайшы келіп отыр — қызметкерлер жаппай жұмыстан шығарылып жатыр. Себебі қызметкерлердің басым бөлігіне Теңіз кен орнында сәйкес келетін жұмыс орны жоқ.

Ақ жайық басылымының фотосуреті

«Біздегі мәлімет бойынша, нысанда 10-20 мыңдай адам қалады. Ал Қазақстанның мұнай өнеркәсібінде босап қалған жұмысшылар сіңісіп кететіндей шынымен басқа ірі инвестиция жобалары жоқ. Басқа жобаларда, соның ішінде Қарашығанақта, NCOC мен Өзенмұнайгазда еңбек нарығы онсыз да толып қалған. Ал жергілікті билік жұмысқа алған кезде жергілікті кадрларға басымдық беруді талап етеді», — деп түсіндірді ол.

Жақыпова ТШО Еңбек министрлігімен және Атырау облысының әкімдігімен «қызметкерлерді қауіпсіз әрі біртіндеп босатуды ұйымдастыру, сондай-ақ жұмысқа орналастырудың тұрақты мүмкіндіктерін қолдау бойынша барлық тарапқа бағыт беретін» жол картасына қол қойылғанын жеткізді.

Жақыпованың айтуынша, Еңбек министрлігі ТШО объектісі үшін Enbek.kz порталында жеке парақша ашты, сол жерде «Келешек кеңею жобасы» аяқталғанға дейін екі ай бұрын босатылған қызметкерлер туралы ақпарат пайда бола бастады.

«ТШО-да Қазақстанның батыс бөлігіндегі тұрғындар ғана емес, елдің барлық өңірінің адамдары да жұмыс істеді. Сондықтан мансап орталықтары тұрғылықты жері бойынша қызметкерлермен байланысады. Босатылған қызметкерлердің білігі өте жақсы, олар жұмыс орнын бірден тауып жатыр. Олардың бір бөлігі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алуға өтініш берді», — дейді министр.

Ұзақбай Атырау облысының тұрғындарына көмек көрсету үшін мемлекет күш салып жатқанын растады. Бірақ қайта оқыту, балама энергетика жобаларына ауыстыру немесе бизнес ашуға грант беру сияқты шаралардың ауқымы босап қалған жұмыс күшін толықтай жұмысқа орналастыру үшін аздық етеді.

«Егер жаңа өндіріс пен инвестиция болмаса, мемлекеттік шаралардың әсері шектеулі болып қалады. Ал жұмыспен қамту орталықтары ақысы аз жұмыс ұсынады, көбінесе қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді, нарық сұранысына ілесе алмайды. Сонымен қатар мемлекеттің бастамалары нашар үйлестірілген, аймақтың ерекшелігін ескермейді», — деді кәсіподақ өкілі.

Энергетика министрлігінің басшысы Ақкенженов сервис компаниялары жаппай жабылады деуге келмейді дейді. Олардың мұнай саласында жаңа ірі жобалардың болмайтынына бейімделуіне сервис кәсіпорындарының түрлі бірлестігі, соның ішінде KazService мұнай сервис компаниялар одағы көмектесе алады.

«KazService бұл жұмысты өте белсенді атқарып жатыр. Тіпті сервис қызметтерін экспорттау жоспарда бар. Жақында Astana International Forum алаңында Оманнан, Алжирден, Нигериядан, басқа да елдерден келген көп компанияның өкілдерімен кездестім, біз өзіміздің сервис кәсіпорындарын насихаттадық», — деді энергетика министрі.

Ақ жайық басылымының фотосуреті

Оның айтуынша, Қазақстанның сервис компанияларының қызмет сапасы батыс елдерден білігі жоғары менторларды шақырмай-ақ шетелдегі ірі жобалармен айналыса алатындай деңгейге жетті.

KazService компаниясының бас директоры Айдос Қолдасов мемлекет пен ірі бизнес жүйелі шара қолданатын болса, жағдайды жаппай жабылуға дейін жеткізбеуге болады дегенмен келіседі. Ол ККЖ бойынша жұмыс басталған кезде ассоциация мен ҚазМұнайГаз Энергетика министрлігінің қолдауымен сарапшы топ құрып, соның көмегімен Қазақстанның сервис компанияларын жобаға көптеп тартуға қол жеткізе алды дейді.

«ККЖ аяқталғанда мұнай-химия жобаларының құрылысы қызды. Біз отандық компаниялардың жаңа жобаларға қатысуы азайып кету қатерін көріп отырмыз. Сондықтан жыл басынан бері мұнай химиясы бойынша сарапшылар тобын құруды бастама қылып көтердік. Өткен аптада сарапшылар тобы болатыны ресми расталды», — деді KazService бас директоры.

Қолдасов Қазақстан компаниялары шынымен Парсы шығанағы, Еуропа, Америка елдерінің нарығына шыққанын айтты. 2030 жылға дейін 300 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отырған мұнай жобалары бар Парсы шығанағы елдері көбірек қызығып отыр. Ол Қазақстан компаниялары соларға қатыса алады және қатысуға тиіс деген сенімде.

Ал Ұзақбай Қазақстан мамандарының шетелге жұмысқа кетуі мейлінше қиын, бұған екі себеп бар дейді. Бірінші — Парсы шығанағы елдері мен Ресейдің де мұнай жобаларының ауқымы кішірейіп бара жатыр, ал сол жұмыс орындарына бәсеке өсіп жатыр. Екінші себеп — жұмысшылар өзге елде тіл білмесе жұмысқа тұра алмайды және халықаралық сертификаттаудан өте алмайды.

«Ал тіл үйрену және сертификат алу үлкен қаржы шығынын қажет етеді. Қазіргі инфляция жағдайында ондай шығынды көтеру біраз қиын. Сондықтан кейбір жұмысшылар кредит алып, қосымша ауыртпалық көтереді. Осындай жағдайда жұмысшыларды қайта даярлау өте қиын», — дейді кәсіподақ өкілі.

Осыған байланысты «Келешек кеңею жобасында» жұмысын аяқтаған жұмысшылардың біразы белгісіз уақытқа жұмыссыз қалу қаупі бар дейді Ұзақбай. Жергілікті кәсіподақтың болжамы бойынша, Атырау және Маңғыстау облыстарының кейбір аудандарындағы нақты жұмыссыздық деңгейі 15-20 пайызға жетуі мүмкін.

Жұмысшылардың жағдайын қиындатып отырған тағы бір нәрсе — олар ТШО қосалқы/мердігерлеріне немесе ТШО-ның өзіне қарасты тұрақты қызметкерлер емес.

Жұмысшылар қысқа мерзімді еңбек келісімшарттарын жасауға мәжбүр болғандықтан, жалпы алғанда кез келген уақытта жұмыстан шығып қалуы мүмкін болғандықтан, оларға кәсіподаққа бірігу және жұмыс берушімен ұжымдық келіссөз жүргізу қиын дейді Орталық Азиядағы еңбек құқығы бойынша мониторинг миссиясының үйлестірушісі Мархаба Халмурзаева.

Ақ жайық басылымының фотосуреті

«Төменгі деңгейдегі жұмысшыларға келгенде ірі корпорациялар үнемі жауапкершілік таныта бермейді. Өз сайттарында олар табыс сандары мен өсім көрсеткіштерін көрсетеді, бірақ соған еңбек сіңірген жұмысшыларды мойындамайды. Еңбекті қорғауға да аса қатты бас қатыра қоймайды, әйтсе де олар әлеуметтік жауапты серіктестер ретінде жүлде алған болуы мүмкін», — дейді ол.

Ұзақбай да мұнымен келіседі, мемлекет үшін негізгі басымдық — жұмыспен қамту мен әлеуметтік тұрақтылық емес, бизнес пен инвестицияны қолдау дейді. Сондықтан ол Қазақстанның батыс бөлігінде наразылық белсенділігі артуы ықтимал деп санайды.

«Қазақстанның батысындағы жұмыссыздық деңгейі өсіп жатыр, бірақ мәліметтерде бұл көрсетілмейді, өйткені адамдар ресми тіркелмейді. Біртіндеп митингтер де болып жатыр. Бұл жақтағы адамдар Астанаға да, ескі үлгідегі кәсіподақтарға да сенбейді. Оның үстіне пандемиядан кейін қордаланған қажу, ұзаққа созылған жоғары инфляция мен биліктің немқұрайлығы бар», — дейді ол.

Кәсіподақ өкілі 2023-2024 жылдары да өңірде, әсіресе Құлсары мен Атырауда митинг, ереуіл және ұжымдық үндеу болды дейді.

Халмурзаева да наразылық белсенділігі өсе түседі деген ойда. Сарапшы Қазақстан батысындағы жұмысшыларға ұзақ уақыт бойы өз мүддесін білдіруге саяси әдістер арқылы тосқауыл қойып келгенін еске салды. Олар осындай әрекеті үшін қылмыстық қудалауға көп ұшырады немесе үлкен айыппұл арқалады. Сол себепті көп адам бар күшін еңбек құқығы үшін күресуге емес, басқа жұмыс іздеуге жұмсауға бейім.

«Бірақ әлеуметтік проблема шешілмесе, жұмысшылардың оны келіссөз арқылы шешуге деген талпынысына тосқауыл қойылса, наразылық қордалана береді және қалай да көрініс табады», — деп қорытты ол.

Читайте этот материал на русском.

Read this story in English