1741
7 октября 2025
Алмас Қайсар, Власть

Газадағы соғысқа — екі жыл

ХАМАС тұтқындардың бәрін босатуға келісті, алайда Палестинаның мемлекет құру құқығы әлі де бұлыңғыр болып тұр

Газадағы соғысқа — екі жыл

Тамыз айында Израиль әскері Газа секторында әскери іс-қимылдың жаңа сатысын бастап, аймақтағы ең ірі қалаға тереңдеп енуге кірісті. Бұл жүз мыңдаған палестиналықтың оңтүстіктегі босқындар лагеріне қарай қашуына себеп болды, ол жердегілер аштық пен антисанитарияға ұрынып, медициналық көмекке зәру болып отыр.

Жаңа шабуыл бастағаны үшін Израиль халықаралық дәрежеде оқшауланды, артынан Франция, Ұлыбритания және Канада секілді бірқатар батыс елі Палестина мемлекеттігін мойындады. Израиль басшылығы бұған жауап ретінде Газадағы қаскөйлердің көзін жойғаннан кейін билікті «балама араб күштеріне» беретінін, бірақ әлдеқашан бар екеніне қарамастан Палестина мемлекетін құруға жол бермейтінін мәлімдеді.

Қарулы қақтығыстар мен Трамптың Израильге «қажетіне қарай тиісті әрекетті жасауға» рұқсат беретінін мәлімдегеннен кейін ХАМАС тұтқындарды босатуға келісті.

«Власть» аймақта не болып жатқанын әңгімелейді.

Басқыншылық

Жыл басында аймақ үшін бейбіт келісімге мүмкіндік пайда болып, ХАМАС жасағы мен Израиль басшылығы атысты тоқтату туралы келісімге келді және соғыстың өршуін тоқтату бойынша алда жасалатын әрекеттерді жоспарлады. Бірақ келісім жасалғаннан кейін бір ай өткен соң тараптар келіссөзді бұзғанда бұл үміт те үзілді.

Екі тарап өзара тұтқындар мен кепілге алынған адамдар алмасқаннан кейін келіссөздің келесі кезеңінде ортақ мәмілеге келе алмады: Израиль ХАМАС Газа секторын бақылауда ұстаудан бас тартсын, әскери жасағын таратсын деп талап қойды, ал ХАМАС соғыс аяқталатынына кепілдік сұрады.

Келіссөз бұзылғаннан кейін Израиль бірден Газаға әуеден соққы жасауды қайта бастады. Сонымен қатар ол қарсыластың тобын және оның сырттан көрсетілетін қолдауын біраз әлсіретті: шабуыл нәтижесінде ХАМАС-тың саяси және әскери көшбасшыларының біразының көзі жойылды, ал солардың басты одақтасы — Иран маусым айында екі ел арасындағы әскери іс-қимыл нәтижесінде біраз зардап шекті.

Кепілге алынғандарды қайтара алмай, 8 тамыз күні Израиль қауіпсіздік кабинеті Газаны басып алу туралы шешім шығарды. Бұған дейін ЦАХАЛ (Израиль армиясы) іс жүзінде анклавтың 75% аумағын бақылауда ұстап келген еді, бірақ Газа қаласының кейбір аумағына тиіскен жоқ.

Сондықтан премьер-министр Биньямин Нетаньяху басқаратын қауіпсіздік кабинеті қаланың миллион тұрғынын басқа жерге көшіріп, оны толықтай бақылауға алу қажет деп шешті. Осыдан кейін Израиль армиясы кепілге алынған адамдар бар деген босқындар лагері мен аудандарды басып алуды жоспарлап отыр.

Израиль осы жоспардың аясында ХАМАС-ты толықтай қарусыздандыруға, кепілге алынған барлық адамды қайтаруға (аймақта кепілге алынған 50 адам бар, Израиль шенеуніктерінің айтуынша, оның ішінде 20 адам әлі тірі), Газаны қару-жарақтан тазартуға және билікті «ХАМАСҚА да, Палестина әкімшілігіне де (Иордан өзенінің батыс жағасындағы Палестина үкіметі — В.) бағынбайтын балама азаматтық әкімшілікке» беру үшін анклавқа бақылау орнатуға ниетті болды.

«Біз оны өзімізге алып қалғымыз келмейді. Қауіпсіздік периметрі болғанын қалаймыз. Оны бізге қауіп төндірмей, Газа тұрғындарының өмірін жақсы ете отырып басқаратын араб күштеріне бергіміз келеді. ХАМАС бұған жарамайды». — Америкалық FOX телеарнасының «Израиль осыдан 20 жыл бұрын, 1967 жылдан 2005 жылға дейін болғандай секторды түгелдей бақылауына ала ма?» деген сұрағына Нетаньяху осылай жауап берді.

Газада жүрген Израиль әскері, фото Reuters

Ұрыс

18 тамызда ЦАХАЛ шабуылының бірінші кезеңі басталғаннан кейін Қатар мен Мысыр келіссөзшілері ХАМАС ұрысты 60 күнге тоқтата тұруға, кепілге алынған 10 тірі адамды және қаза тапқан 15 адамның мәйітін мыңнан астам Палестина тұтқынына айырбастауға дайын деп хабарлады.

Израиль қауіпсіздік кабинеті бұл ұсынысты қабылдаған жоқ және «ішінара мәмілеге» бармаймыз деп мәлімдеді.

«Міндетті орындамайынша біз тықсыруды әлсіретпейміз де, шегінбейміз де», — деп мәлімдеді Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац, ол осыған дейін Газа қаласын жермен-жексен етеміз, «Егер Израильдің шарттарына көнбесе, Газадағы ХАМАС-тың жендеттері мен зорлықшыларының басына тозақ төндіреміз» деді.

Жерүсті операциясының алғашқы кезеңінде ЦАХАЛ негізінен биік ғимараттарды көздеп, әуеден соққы жасады. Сондай соққының бірі Газаның оңтүстігіндегі Насер ауруханасына тиді, нәтижесінде кем дегенде 20 адам қаза тапты, олардың арасында медицина қызметкерлері, құтқарушылар мен халықаралық БАҚ-та жұмыс істеген бес журналист бар.

Қарқынды түрде атқылағаннан кейін, қыркүйекте ЦАХАЛ үш дивизияның сарбаздары қалада кең көлемді операция бастағанын хабарлады. ВВС орыс қызметінің ақпараты бойынша, Израиль танкілері Газаның орталық аудандарына — ауруханалар мен тұрғын үйлер тұрған жерлерге кіріп, соның салдарынан жергілікті тұрғындар құрсауда қалды.

Бригада генералы Эффи Дефрин кепілге алынған адамдарды босату және ХАМАС-ты талқандау үшін операция қанша уақыт қажет болса, сонша уақытқа жалғасады деп мәлімдеп, «бірнеше айға» созылады деп болжады.

ХАМАС өкілі жасақ «қалаға мыңдаған жауынгер жөнелтуге» дайын деп мәлімдеді. Жасақ командирі Изеддин әл-Хаддад Газа секторындағы барлық жауынгерге қалаға жиналуға және «ақырғы шешуші шайқасқа» дайындалуға бұйрық берді.

Алдын ала берілген баға бойынша, жасақ саны үш мың мен бес мың адам аралығында. «Әл-Ақса» жасағы телеарнасының бұрынғы атқарушы директоры Весам Афифа NYT басылымына «қазіргі кезде жасақтан партизан күресін жүргізіп жатқан кішігірім ұтқыр қарсылық ошақтары ғана қалды» деп хабарлады.

Газа, фото Anadolu

Кезекті апат

Осы уақытта ЦАХАЛ тұрғындарға жағалауда орналасқан әл-Маваси бәдеуилер қаласындағы «гуманитарлық аймаққа» эвакуация жасауды бұйырды — қазір бұл жерді жарты миллионға жуық палестиндік паналап жатыр. Газа қаласының өзінде миллиондай адам — аймақ халқының шамамен жартысы тұрды. Израиль эвакуация туралы бұйрық берілгеннен кейін қаланы 640 мың адам тастап шықты деп хабарлайды.

Әл-Маваси «жағалауды бойлай 9 шақырымға созылып жатыр және ол жерде гуманитарлық апат болып жатыр, өйткені қала ауыл шаруашылығымен айналысты және оның жүз мыңдаған адамға арналған ірі орталық орналасатындай инфрақұрылымы мүлдем болған жоқ», — деп хабарлады қатарлық «әл-Араби әл-Джадид» ақпарат құралына Газадағы муниципалитет өкілі Саибль Лакан.

Оның айтуынша, Израиль жариялаған гуманитарлық аймақтар майдан шебіне жақын орналасқан және үнемі атыс өтінде тұр.

«Ауыз суға қатысты қиындыққа кезіктім, су мардымсыз. Галлон су алу үшін ертерек шығып, ұзын-сонар кезекке тұрамын. Тамақты да алу қиын, күріштен, жасымықтан немесе макароннан жасалған тамақ қана бар. Кейде тіпті бір мезгіл тамақты да жей алмай қаламыз. Күркелер тым жақын қойылғандықтан, ыңғайсыздыққа ұрынамыз. Ортақ әжетхананы пайдаланған кездегі ыңғайсыздықты айтудың өзі артық. Бұл ауданда қоршаған орта өмір сүруге жарамайды, ауру өршіп тұр, әсіресе тері аурулары, соның ішінде балалар арасында көп», — дейді басылымға сектор тұрғыны Ахмед Рувайшед.

Палестиналықтардың соғыс құрсауында қалған сектордың ішін кезуге мәжбүр болғаны алғаш рет емес. БҰҰ мәліметі бойынша, Газаның шамамен 90% тұрғыны бұған дейін күштеп қоныс аударды.

Газадағы аштықты көптеген гуманитарлық ұйым растады, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, аймақта жер бетімен жасалған шабуыл онсыз да толы ауруханаларды «күйреу шегіне» жеткізді.

БҰҰ адам құқығы бойынша басқармасы Израильдің әскери стратегиясы этносты қырып-жоюмен пара-пар, бұл орны толмас демографиялық өзгеріс тудыруға бағытталғандай көрінеді деп мәлімдеді.

«Сұмдық жағдайды бастан кешіп жатырмыз, — деді Газа қаласының батыс бөлігіндегі пәтерді паналаған бұрынғы мектеп мұғалімі Монтасер Бахджа The New York Times басылымына. — Қазіргі күнімізден өлім әлдеқайда рақымды көрінер еді».

«Барар жерім қалмады» деді ол.

«Үй де, күрке де, көлік те жоқ. Олар ХАМАС-пен шайқасып жатқан жоқ. Олар бізбен, бейбіт тұрғындармен шайқасып жатыр», — деп санайды ол.

Соғыс басталғаннан бері, ХАМАС денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 65 мың палестиналық қаза болды — бұл сан күн санап өсіп жатыр.

Газада босқындарға арналған лагерде орналасқан палестиналықтар, фото NYT

Араздық

Газаға басып кірудің әрі қарай жалғасуы қоғам арасында да, Израиль басшылығы арасында да пікір араздығын тудырды. Әсіресе кепілге алынған адамдардың отбасын бұл жағдай қатты уайымдатты — олар Нетаньяху үйінің жанында жерүсті операциясына қарсы наразылық шарасына шықты. Олардың пікірінше, әскери іс-қимыл кепілге алынған адамдардың өміріне қатер төндіреді, өйткені былтыр ХАМАС жерүсті әскері кіргізілгеннен кейін кепілге алынған алты адамды өлтірді.

«Мен саясаткер емеспін. Мен үш ұлының екеуі кепілге алынған анамын. Әскери қысымның нәтижесінде кепілге алынған адамдар құрбан болғанын көрдік. Бұл көмектескен жоқ. Менің үкіметім осы жағдайды ескеріп, кейде қажет нәрсеге қол жеткізу үшін, яғни кепілге алынған барлық адамды қайтару үшін кейбір ойдан бас тарту қажет деген шешімге келеді деп ойлап едім», — деді Рут Штром.

Сауалнама азаматтардың көбі кепілге алынған адамдардың қалғанын палестиналық тұтқындарға айырбастау және соғысты тоқтату үшін келісімге келуді қалайтынын көрсетті.

Әлемнің бірқатар ақпарат құралының дерегі бойынша, осындай операция өткізуге Израиль армиясының жоғары басшылығы да күмәнданып қалған. Қарсылық танытқандардың бірі — армия штабының бастығы, генерал-лейтенант Эяль Замир. Ол екі жылға жалғасқан соғыстан кейін резервистердің титықтағанына сенеді, сондай-ақ басып алынған аумақтарды басқару жауапкершілігі әскерилерге артылады деп уайымдайды.

Тамызда, Газаны басып алу туралы шешім қабылданғанға дейін, Израильдің зейнеттегі 600 шақты жоғары лауазымды шенеунігі АҚШ президенті Дональд Трампқа Нетаньяхуды соғысты тоқтатуға көндіру үшін қысым жасауға шақырып, ашық хат жазды.

«Әскери тұрғыдан ХАМАС толық құрыды. Басқа жағынан, идеология ретінде оның салмағы Палестина халқы арасында, «араб көшесінде», ислам әлемінде артып бара жатыр. ХАМАС идеологиясын жеңудің жалғыз тәсілі — жақсы болашақ ұсыну», — деп мәлімдеді BBC басылымына бұрынғы ішкі барлау басшысы Ами Аялон.

Тель-Авивте өткен наразылық шарасы. Олар Газадағы тұтқындарды тезірек босатуды талап етті, фото AFP

Палестина мемлекетінің пайда болу нышандары

БҰҰ комиссиясы Израиль палестиналықтарға қарсы геноцид жасап жатыр деп мәлімдеген кезде жерүсті операциясы жарияланды. Дәлел ретінде комиссия құрбандармен, куәгерлермен, дәрігерлермен болған сұхбаттарды, ашық дереккөздерден алынған сенімді құжаттарды және соғыс басталғаннан бері жиналған жерсерік түсірілімдерінің анализін келтірді.

«2023 жылғы 7 қазанда премьер-министр жақсылап кек аламыз деп уәде берген еді. Сол сөйлеген кезінде «зұлым қала» деп айтуы бүкіл Газа қаласын жауапты, кек қайтаруға арналған нысана деп санайтынын білдірді. Ол палестиналықтарды кетуге шақырды, жаппай күш қолданатындарын айтты», — деп хабарлады Палестинаның басып алынған аумақтарындағы жағдайды зерттеу комиссиясының басшысы Нави Пиллай.

Осы жайт Израильдің халықаралық дәрежеде одан бетер оқшаулануына, сондай-ақ батыс елдерінің Палестина мемлекеттігін мойындауына алып келді, олардың ішінде Франция, Ұлыбритания және Канада бар.

«Бұл мойындау израильдіктердің де, палестиналықтардың да игілігіне жол ашады», — деп мәлімдеді Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ мінберінен.

Ол БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған «Нью-Йорк декларациясын» тағы бір еске салды және тараптарға соны қабылдауды ұсынды. Құжатқа сәйкес, Газа аумағында түгелдей әскери іс-қимыл тоқтатылады, кепілге алынған адамдар лезде босатылады. Осыдан кейін билік уақытша үкіметке беріледі, оның құрамына Батыс жағалаудағы Палестина билігінің өкілдері кіреді және халықаралық қоғамның қолдауымен Газадағы ахуалды тұрақтандырумен және қалпына келтірумен айналысады.

Мінберден сөйлеген кезінде Макрон Палестина президенті Махмұд Аббасты атап өтті, ол Макронға және Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бин Салманға «халқымның демократиялық еркі болуына сенімді іргетас қалаймын» деп уәде бергенін айтты.

«Ол қастық тудыратын пікірлермен күресуге ниетті екенін айтты және Палестинаны басқаруға түбегейлі реформа жүргізуге уәде берді», — деп хабарлады Макрон.

Ал саммитке барғысы келген Аббастың өзін және оның делегациясын АҚШ аумағына елдің шекара қызметі кіргізген жоқ. Бұл Трамп әкімшілігі Нетаньяхудың саяси бағдарын әлі де белсенді қолдайтынын білдіреді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында кеңестің 15 мүшесінің арасынан АҚШ «Израиль әскери кампаниясын кеңейткенді лезде доғарсын» дегенге қарсы дауыс берген жалғыз ел болды.

Сол кезде америкалық шенеуніктер бұл резолюция «ХАМАС-қа болашақта 7 қазандағыдай шабуыл жасауға мүмкіндік береді» деді.

АҚШ әлі де Палестинаның мемлекеттігін мойындамайды.

Бұлыңғыр болашақ

«Менің 7 қазандағы қырғыннан кейін Палестина мемлекетін мойындап отырған көшбасшыларға нақты жолдауым бар: сіздер террорға үлкен марапат беріп отырсыздар. Сіздерге арналған тағы бір хабарым бар: сіздер айтқан нәрсе болмайды. Палестина мемлекеті Иордан өзенінің батыс жағалауында құрылмайды», — деп кейінірек жауап берді Нетаньяху.

Оның үстіне ұлттық қауіпсіздік министрі, әсіре оңшыл саясаткер Итамар Бен-Гвир мұндай мәлімдемелерге тез арада қарсы шара қолдану қажет, соның ішінде Батыс жағалауды аннексиялау керек деді. Ол, сонымен қатар, Палестина әкімшілігін толық жойып жібереміз деп қоқан-лоққы көрсетті.

Палестина ұлттық әкімшілігі — іс жүзінде Иордан өзенінің батыс жағалауындағы аумақта орналасқан өзін-өзі басқару органы. 1993 жылы тараптар Израиль Газа секторын және Батыс жағалауды бақылауында ұстауды жалғастырады, ал Палестина анклавтары түрлі дәрежедегі азаматтық автономиялар алады деген келісім жасаған еді.

Бұл болашақта мемлекет болады деген уәде арқылы жасалған келісім еді, мәселе 5 жылдан кейінгі түбегейлі келісімде қаралуы керек болды.

30 жыл өтсе де, тараптар келісімге келген жоқ — оның орнына наразылық пен қарулы қақтығыс жалғасты.

Оның үстіне, Израиль 500 мыңнан астам азаматын Батыс жағалауға қоныстандырды, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының баяндамасына сәйкес, оларға палестиналықтармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары дәреже берілген.

Газадағы соғыс кезінде Израиль қоныстандыру процесін күшейтті.

«Барлық жаңа қоныс — ұзақ мерзімді стратегиялық концепцияның бір бөлігі, мақсаты — аумаққа Израиль ықпалын күшейту, Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермеу және жақын онжылдықтар ішінде қоныстарды болашақта дамытудың негізін қалау», — деді Кац.

БҰҰ-да сөз сөйлеген Нетаньяху, Фото АР

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «палестиналықтар үшін мемлекеттік деген марапат емес — құқық» деп Нетаньяхудың сөзін қайырып тастады.

Ал Махмұд Аббас Палестина әкімшілігі мемлекетті Батыс жағалау мен Газа секторы аумағында құруға ниетті екенін жеткізді. Нью-Йорктегі саммитке онлайн байланыс арқылы қатысқан ол ХАМАС-пен ешқандай келісім болмайтынын айтты.

«Біз тағы да мәлімдейміз — біз қарулы мемлекет құрғымыз келмейді», — деді ол.

Ол 2026 жылы сайлау өткізуге және Палестина автономиясына реформа жасауға уәде берді.

Аббастың сөйлеген сөзінен соң оның соғыстан кейін Газа үкіметінде жасақтың ешқандай рөлі болмайды деп айтқанын ХАМАС жоққа шығарды және мұны «Палестина халқының өзін-өзі билеу құқығына және оларды кім басқаратынын таңдауға нұқсан келтіру» деп атады. Мәлімдемеде ХАМАС басқыншылық жүріп жатқан кезде қаруды тастамайды деп айтылған.

Трамптың жоспары

Кейін, 29 қыркүйекте Ақ үй бейбіт процесс туралы жоспарын таныстырды, оны Нетаньяху қолдады. Онда атысты шұғыл түрде тоқтатуды, содан кейін ХАМАС-қа Израильдің кепілге алынған адамдарын түгелдей қайтаруға 72 сағат беруді көздейді, ал Израиль өлім жазасына кесілген 250 тұтқынды және 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылдан кейін қамалған Газаның 1700 тұрғынын босатуға тиіс.

ХАМАС Газаға билік етуден толықтай шеттетіледі, қаруын тастағандарға амнистия, ал басқасына қабылдаушы елдерге көшуге мүмкіндік беріледі. Израиль секторды аннексияға алмайды, армиясы аумақтан біртіндеп шығарылады.

Секторды «Бейбітшілік кеңесінің» қадағалауымен технократ үкімет басқарады. Оған Трамп төраға болады. Олар секторды жаңғыртумен айналысады.

Трамп пен Нетаньяху Нью-Йоркте, фото NYT

«Газаны қайта құру процесі алға жылжығанына және Палестина әкімшілігін реформалау бағдарламасы адал іске асырылғанына қарай Палестинада өзін-өзі билеуге және мемлекеттікке жол ашатын жағдай қалыптасуы мүмкін, мұны Палестина халқының ұмтылысы деп білеміз», — деп жазылған жоспарда.

Трамп жоспар туралы айтқан кезде ХАМАС ұсынысты қабылдаудан бас тартса, АҚШ Израильге «қажетіне қарай тиісті әрекетті жасауға» рұқсат беретінін мәлімдеді.

«Израиль ХАМАС төндірген қатерді жою жұмысын аяқтауға менің толық қолдауымды алады», — деді Трамп.

4 қазан күні ХАМАС жоспардың кем дегенде бір бөлігін орындауға және барлық тұтқынды босатуға дайын екенін мәлімдеді. Алдыңғы күні олар Мысырдың араағайын болуымен бейбіт келіссөздерді бастады.