2238
15 октября 2025
Виктория Натачиева, Дмитрий Мазоренко, Власть

Қазақстан билігі патриархалдықтан арыла ала ма?

Патриархал риторика — авторитар режимнің ажырамас бөлігі, бұл ахуалды демократия ғана өзгерте алады

Қазақстан билігі патриархалдықтан арыла ала ма?

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Халыққа жолдауы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің қоғамдағы тәртібіне шүйлігіп: «Өкінішке қарай, айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс» деген еді.

Тоқаевтың сөзі әлеуметтік желілерде сынға ұшырады, бұл президенттің айтқан сөзіне бола Ақорданың ақталуына тура келген сирек жағдайдың бірі болды. Қоғам айтылған сөздің өзін ғана емес, мемлекеттің жоғары шенді тұлғалары неліктен осындай сарындағы сөздерді қолданатынын да талқылады.

Қазақстанның саяси мінберінен әйелдер туралы менсінбей сөйлеудің тыйылмай отырғаны — бір жолдаудың аясынан да кең мәселе. «Власть» патриархал логика неліктен билік етудің авторитар үлгісінің ажырамас бөлігі екенін, әйелдерді саясатқа кеңінен араластырмайынша, одан арылуға болмайтынын баяндайды.

Әйелдерге қарсы риторика

Әйелдер мәселесі Қазақстанның саяси дискурсында маргинал күй кешіп келеді. Ел тізгінін ұстағандар әйелдер мәселесін көбінесе 8 наурыз бен Аналар күніне тілек айтқанда, сондай-ақ бала туу мен демография проблемасын талқылағанда қозғайды.

Әдетте әйелдер ресми риторикада енжар, әлсіз топ ретінде аталады. Мұның жарқын мысалы — Тоқаев халықаралық әйелдер күніне орай тілек айтқанда, әйелдерді «сұлулықтың көрінісі» деп атады, «жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді, аналар — шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы, салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі — аналардың арқасы» деді.

Президенттің түсінігінде әйелдер құқығын қорғаумен олардың саясатқа араласуын кеңейту және мемлекет билігі жүйесіне көбірек қатыстыру арқылы әйелдердің өзі емес, мемлекет айналысуы керек.

«Мемлекет әйелдер құқығын қорғауға және барша азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасауға әрдайым баса назар аударады. Жанашырлық, жауапкершілік, жасампаздық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген әйелдер қауымы еліміздегі ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға зор үлес қоса береді деп сенемін», — деді Тоқаев биыл наурызда.

Қазіргі президент алдыңғы басшының менсінбеу риторикасының біразын мұра етіп алды. Нұрсұлтан Назарбаев әйелдерге қатысты таптаурын түсініктерді қолданды, тіпті мынадай орынсыз әзіл айтуға дейін барды: «Ежелгі Грекия мифтері» кітабын оқып отырған оқушы әкесінен неліктен ежелгі гректер жеңісті әйелдер кейпінде бейнелегенін сұрапты. Әкесі: «Әйел алғанда түсінесің» деп жауап беріпті».

Назарбаевтың әйелдер туралы таптаурын түсінігі саяси мәдениеттің бөлшегіне айналды: бұрынғы президенттің аузынан шыққан сөздерді қоғам қалыпты нәрсе деп қабылдады. Сондықтан оған ақталудың, айтқан сөзінің түбіне үңіліп, өзгерудің қажеті болған жоқ.

Тоқаев президент болған уақытта қоғамның бір бөлігінің көңіл-күйі біраз өзгерді. Бұған дәлел ретінде қыркүйекте халыққа жолдауы кезінде президенттің патриархал бағыттағы сөзіне қатысты реакцияны айтуға болады. Нәтижесінде президент әкімшілігі «айқай-шу шығаратын әйелдер» туралы мемлекет басшысының ескертпесін түсіндіруге мәжбүр болды, бірақ оған одан бетер патриархал реңк бере түсті.

«Мемлекет басшысы «өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар» деген болатын. Кейбір адам мұны жазғыру деп қабылдады. Бірақ айтпағы басқа еді. Ежелден сұлулықтың, нәзіктік пен үйлесімнің белгісіндей болып келген әйелдердің өзі айқай-шуға араласа бастаса, демек, тәртіп мәдениетіндегі дағдарыс шынымен мүшкіл болғаны», — деп түсіндірді Ақорда.

«Айқай-шу шығаратын әйелдер» деген сөз президент қазақша сөйлеген кезінде айтылды. Кейін ресми стенограммада аударма түзетілді.

Фото авторы Виктория Натачиева

Әлеуметтанушы Камила Ковязина әйелдерді менсінбей сөйлеу Қазақстанда қалыпты деп саналатыны сонша, ауыр және қате сөз деп қабылданбайды дейді.

«Сондықтан бұлай сөйлеуге болмайды деп, әсіресе, президентке ешкім айтпайды. Айтылған сөз үшін қандай да бір санкция қолданылмайтын болса, тіпті, айтқан сөзіңіз әлдекімді ренжітуі мүмкін екен-ау деп ойланбай жүре бересіз», — дейді зерттеуші.

Саясаттанушы әрі құқық қорғаушы Қасиет Темірзахқызы мемлекет басшыларының патриархал риторикаға әуестігі «мықты қол» идеясының танымал болуымен, яғни «ержүрек көшбасшы» қоғамның барлық өкілі үшін қарымды шешім қабылдай алуымен байланысты дейді.

«Тоқаевтың заң мен тәртіп риторикасы да күшті көшбасшы идеясының төңірегіне құрылған, осы идея аясында әйелдер мен басқа әлсіз топтар шешім қабылдау процесінен тыс қалады. Биліктегі аздаған әйелдің өзі патриархал жүйеге қарсы ештеңе айтпайды, керісінше, солардың тәсілдерін қолданып жүйемен біте қайнасады», — дейді сарапшы.

Данияр Мүсіровтың фотосуреті

Заңмен ақталу

Тоқаевтың сөзін түсіндіре отырып, президент әкімшілігі оның заңнамаға қатысты бастамаларын еске салды, осылайша әйелдерге шын қамқор екенін, оларға көңіл бөлетінін сөзбен емес, іспен көрсетіп жүргенін жеткізді.

Атап айтқанда: партия тізіміндегі және депутат мандаттарын бөлу кезіндегі әйелдер квотасы; әйелдерді еңбек тұрғысынан кемсітуге тыйым салу; бала бағу жәрдемақысын төлеу мерзімін жыл жарым уақытқа созу; тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң; сталкинг және некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу; сондай-ақ тергеуші әйелдер институтын құру және барлық өңірде отбасына қолдау көрсететін орталықтар ашу.

«Власть» сөйлескен сарапшылар мемлекет заң дайындауда үнемі кешігіп жүреді, оларды көбінесе үлкен резонанс тудырған жағдайлардан кейін қабылдайды дейді. Билік проблеманың түпкілікті шешімі деп ұсынғанымен, іс жүзінде олардың әсері шектеулі болып қала береді.

Бұған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргеннен кейін қабылданған тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң мысал бола алады. Оның пайда болуына бұрынғы шенеунік сотының халықаралық дәрежеде назарға іліккені әсер етті.

Тағы бір мысал — биыл қыркүйек айынан бастап күшіне енген некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік. Бұл шара 2023 жылы тамызда талқылана бастаған еді, депутаттар қыз ұрлауға қатысты көп факті келтіріп, бұл практика телевидение арқылы насихатталып жатыр деп кейісе де, оны іске асыру созылып кетті.

Қасиет Темірзахқызы әйелдерді қорғауға арналған заңдар екіұшты дейді. Бір жағынан, олар Қазақстанның халықаралық имиджіне оң әсер береді және бұрыннан енгізілуін талап етіп келген қоғамның сұранысын қанағаттандырады; екінші жағынан, бұл құжаттардың астарына сонда да «дәстүрлі құндылықтар» сіңірілген.

«Озық бастамалардың өзі дәстүрлі отбасы институтын бағдарға алуды жалғастырып, мемлекет бір уақытта қоғамға да жаққысы келетінін, өзінің патриархал нарративін де сақтап қалғысы келетінін көрсетіп отыр», — дейді Темірзахқызы.

Құқық қорғаушы Айгерім Құсайынқызының айтуынша, саяси режим ел ішінде және одан тысқары жерде қазіргі заманға сай көрінуі үшін әйелдердің жекелеген құқығын кеңейтуі мүмкін. Алайда мұндай қадамдар билік негізіне өзгеріс әкелмейді.

«Бұл классикалық автократиялық genderwashing: жүйе әйелдерге көңіл бөлген болып шектеулі бонус ұсынады, бұл жүйеге бұрынғыдай қала беруіне мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ол.

Алматыда 2021 жылы өткен әйелдер маршы. Данияр Мүсіровтың фотосуреті

Құқық қорғаушы заңнамаға қатысты бастамаларды қоғам көп жағдайда проблеманың толыққанды шешімі деп қабылдайды дейді. Бірақ бұл бастамалар патриархал шектеуден тұратын заң жүйесін сырттай әспеттеп қана қояды.

«Ақпарат желісінде әйелдерді қорғайтын заң пайда болса, әсіресе оны саясаткер әйелдер көтерсе, қоғам бір жеңілдеп қалады. Бірақ құқық — сиқыр емес, инфрақұрылым. Ол норма процедураға, процедура бюджетке, ал бюджет есеп беру жауапкершілігіне айналған кезде ғана жүзеге асады. Қалғанының барлығы — витрина, тіпті кейде қызғылт түсті», — дейді Құсайынқызы.

Әйелдердің саясатқа араласуына келсек, 2020 жылы мамырда енгізілген саяси партиялардың сайлау тізіміне әйелдерге арналған міндетті квота ахуалды жақсартуға тиіс еді. Бірақ оларға 30 пайыздық квотаға алдымен жастармен, 2023 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдармен ортақтасуға тура келді. Нәтижесінде мәжілістегі әйел депутаттардың үлесі 2021 жылы 27 пайыздан 2024 жылға қарай 10 пайыздық тармаққа жуық қысқарды.

Ұқсас тенденция президент әкімшілігінде де байқалады. Биыл қыркүйек айының соңында Тоқаев көмекшісін және бірнеше кеңесшісін қызметтен босатты, олар: Тамара Дүйсенова (көмекші), Күнсұлу Закарья (ғылым және инновация мәселелері жөніндегі кеңесші), Зүлфия Сүлейменова (кеңесші, халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкіл). Мекеме басшылары арасында тек бір әйел — кеңесші Әсел Жанасова ғана істейді.

Мемлекеттік қызмет атқаратын барлығы 47 158 әйел бар (55,8%), бірақ түрлі құрылымдағы әйел басшылар саны 9 363 (39,1%). Мәслихаттарда әйелдер үлесі 22,7% (3415 ішінде 774), ал үкімет құрамында 15,4% (25 министрдің төртеуі).

Квота қабылданғанына қарамастан, іс жүзінде мұның бәрі прогреске әкелген жоқ деген қорытындыға келді Темірзахқызы. Оның айтуынша, Қазақстан бұл квотаны көбінесе халықаралық есепте оң баға алу үшін енгізеді, алайда әйелдердің саясатқа араласу деңгейі шын мәнінде қысқарып бара жатыр.

«Бізде әлі күнге дейін облысты және ірі қаланы басқаратын әйел әкім жоқ (Қазақстан тарихында тек бір әйел облыс әкімі қызметін атқарды — В.). Жақында президент әкімшілігінде кеңесші болған үш әйел қатарынан қызметтен босатылды. Иә, бір әйел министр қосылды, бірақ барлық министр санымен салыстырсақ бұл тым аз», — дейді саясаттанушы.

Данияр Мүсіровтың фотосуреті

Қазақстан саясатындағы патриархалдықтан арылуға бола ма?

Құсайынқызы биліктің патриархал сипаты мен әйелдерге қатысты риторика ел билігінде еркектердің басым болуымен тікелей байланысты дейді. Бұл Қазақстандағы шешімдер мен саяси сөз қоғам сұранысына аса сезімтал емес «еркектер оптикасы» арқылы жасалуына алып келеді.

Құқық қорғаушының ойынша, патриархал логикаға Қазақстан қоғамы бір мезетте теңдіктің маңызды екенін де мойындайтыны, «әйелдің орны — ошақ басы» деген түсінікті де берік ұстанатыны әсер етеді.

«Сондықтан саясаткерлерге рейтингін қатерге тіккеннен гөрі консерватив кодқа сүйенген тиімді, «біздің әйелдер осындай болуы керек» немесе «олар тіліне ие болмайды» дегендей риторика осыдан туады», — деді Құсайынқызы.

Патриархал риторикаға тағы бір себеп — қиын әлеуметтік-экономикалық жағдай кезінде мемлекет әлсіз топтар арасынан құрбан қылып жіберуге болатындарды іздейді, олардың қатарында әйелдерден бөлек ЛГБТ мен мигранттар бар дейді Ковязина.

«Билік кейбір қоғамдық қозғалыстарды гендерлік тұрғыда әсіре сипаттап, оған күйе жағу үшін әлсіз долы әйел бейнесін пайдалануы мүмкін. Бірақ Қазақстанның жағдайында бұл екінші кезекте қолданылатын тәсіл деп ойлаймын. Патриархал риторикаға ықылассыздық және әлеуметтік контексті ескіше қабылдау көбірек әсер етсе керек», — деп топшылады әлеуметтанушы.

Алматыда 2019 жылы өткен әйелдер құқығына арналған митинг. Данияр Мүсіровтың фотосуреті.

Құсайынқызының айтуынша, бұл тенденцияны Human Rights Watch, IWPR және UN Women зерттеулері растай түседі. Саяси немесе экономикалық тұрақсыздық болған кезеңдерде билік әйел тәнін және қоғамдағы әйел рөлі проблемасын жұмылдыру құралы ретінде пайдаланады: бағаның өсуін немесе жемқорлықты талқылағаннан гөрі олардан «көп бала табуды» немесе «дәстүрді бұзбауды» талап еткен оңай.

Алайда, осылайша жұмылдырудың биліктің өзіне қарсы ұзаққа созылатын әсері бар дейді құқық қорғаушы. Әлеуметтің теңдікке сұранысы артып келе жатыр, ал жаңа ұрпақ назар бұруға арналған айлаға сене бермейді. «Төзімділіктің әлеуметтік шегі төмендеді: сексизм енді әзіл немесе дәстүрлі даналық деп емес, құқық бұзу және абыройға нұқсан келтіру деп қабылданады», — деген ой түйді Құсайынқызы.

Қоғамның кейісін әйелдерге бұрудың кері әсеріне Темірзахқызы да тоқталды: «[Салтанат Нүкенова өлімінен кейін] көп әйел зорлық-зомбылық проблемасы — жеке шаруа емес, мемлекет деңгейінде шешілуге тиіс жүйелі проблема деп айта бастады».

Ковязина патриархалдықты кез келген қоғамның құрылымдық проблемасы деп санайды. Әйелдердің саясатқа араласуы әлі күнге дейін бүкіл әлемде, соның ішінде дамыған елдерде де шектеліп келеді. Бұл ең алдымен билік етуші режимдер әйелдерге ұрпақ өрбітуге қажет ресурс деп қарауынан болып жатыр.

«Біздің саяси режим патриархаттан өздігінен бас тартпайды. [Азаматтық қоғам ретінде біз] мемлекетке оның кемшіліктерін үнемі еске салып отыруымыз керек. Мәдени тұрғыдан бұл өте көп уақыт бойы өзгереді. Батыс әлемінде әйелдер қаржы және сайлауға қатысу құқығына 1960 жылдары ғана қол жеткізді. Олар әлі күнге дейін көп проблемасын шеше алған жоқ», — дейді әлеуметтанушы.

Әйтсе де, ол мемлекетті монолит құрылым ретінде қабылдауға болмайды дейді. Оның ішінде де жағдайға бей-жай қарамайтын адамдар жетерлік, олардың әрекеті азаматтық қоғамның қысымымен үндесіп, оң нәтиже әкелуі мүмкін.

Құсайынқызы авторитарлық биліктің өзі теңдік идеясына қайшы келеді деген сенімде, себебі ол моральды тәртіпке салуға, сондай-ақ тәнді және отбасы институтын бақылауда ұстауға сүйенеді. Ал гендер теңдігі автономияны, биліктің есеп беруін талап етеді.

Оның айтуынша, патриархалдықтан авторитарлық режимдер де бас тарта алады, мысалы, мұндай жағдай Мексикада және Руандада болды. Ол жақта әйелдер билікке кеңінен араласа алады, алайда бұл оларға күн тәртібіне өз мәселесін шығаруға өкілеттік пен мүмкіндікті көп бермейді.

«Мемлекеттік феминизмнің шегі бар. <...> Ал шын реформалардың көрсеткіші — күшті әрі тәуелсіз әйелдер ұйымының болуы. Егер оған жол ашылмаса, теңдік тек мәлімдеме деңгейінде қалып қояды», — дейді құқық қорғаушы.

Темірзахқызының ойынша, Қазақстанның саяси режимі институттар демократияланған және шын реформалар іске асқан жағдайда ғана патриархалдықтан арылады. Қазақстандағы феминистер қауымдастығы да бейбіт жиналыс өткізуге еркіндік беруден бастап, биліктегі әйелдер санын көбейтуге дейін өзгерістер болғанын талап етіп отыр.

«Тіпті 8 наурыздағы бейбіт маршқа тыйым салатын авторитарлық принциптер сақталған жағдайда жүйенің патриархалдығы кемімейді», — деп қорытты сөзін саясаттанушы.